Заманбол Талапқызы: «Құс салуға бүркітші атам баулыды»
14.01.2019 3025
Есімді білгеннен бері көргенім бүркіт болған соң бүркітшілікке қызығам. Бала кезімнен бергі бүркіт менің жан жолдасым әрі сырласым болып кетті

Әлем қазақ бүркітші қыздарының өнеріне тамсанып жатыр. Америка құрлығына ұлттық өнерді паш еткен Айшолпан айды аспанға шығарса, тағы бір қызымыз Заманбол Талапқызы жайлы The New York Times газеті жазып, таңдай қағып отыр. «Қазақстан тарихы» порталы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы бүркітші қазақ қызымен құрылған эксклюзивті сұхбатты ұсынады.

– Заманбол, бүркітшілікке қай кезден бері әуестеніп жүрсің?

– Есімді білгеннен бері көргенім бүркіт болған соң бүркітшілікке қызығам. Бала кезімнен бергі бүркіт менің жан жолдасым әрі сырласым болып кетті десем артық айтқаным емес.

– Бүркіт ұстау – өте күрделі әрі қиын өнер. Қыз бала үшін ауырлығы екі есе.

– Қиынсынсам, әрине, жоламас едім. Бірақ есімді білгеннен бері ермегім бүркіт болған соң. Мен үшін еш қиындығы жоқ, қайта көрмесем әр кез сағынып отырам.

– Бүркіт ұстауға ата-анаң қарсы болған жоқ па?

– Атам мықты бүркітші болды. Ол кісі өмірден өтерде немерелерінің ішінен қыз болсам да менің икеміме қарап, «бүркіттің қыр-сырын үйретіңдер» деп балаларына тапсырып кетті. Содан маған бүркітті ұстап, саят құруға еркін жол ашылды.

– Сені бүркітшіліктің әліппесімен алғаш кім үйретті?

– Әу баста атам Мәтей деген кісі баулыды. Зер салсам, бүркіт баптау деген өте күрделі іс екен, ол кісі жастай үнемі айтып санама құйып отырды. Қолыма бүркітті сол Атам алғаш қондыртып, шақыруға үйретіп, қайырудың қыр-сырына білдіртті. Өзі саятқа шықса, ерте жүріп, ал ағаларым шығып жатса, ілестіріп жіберіп баулыды. Кешке саяттан оралғанымызда сыртта тосып тұрып, «қанжығаң майлы ма?» деп сұрайтын. Ағам сол күні алған түлкіні менің қанжығама немесе ердің артқы қасына іліп қоятын. Атама «бүгінгі олжамды сізге байладым» деп түлкіні қанжығадан алып бергенімде көзіне жас алып, «қанжығаң майлана берсін, өркенің өссін» деп көзіне жас ала қуанғанын әсе ұмытпаспын.

The New York Times газетінен алынды

Содан бүркітшілікке бірталай тәжірибе жиған соң атам өлкеміздегі белгілі Бүркіт тойына мені ертіп барам деп дайындалып жүрдік, бірақ атамның дегені болмады. Атам күздегі бүркіт тойына жетпей, өмірден озды. Қатты сырқаттанып жатса да, балаларына мені тапсырып, бүркіт тойына апарыңдар деп айтып кетті.

Әкемнің інісі Базарбай ата өтінішін орындап, алғаш 2014 жылы бүркіт тойына бардық. Тойға баруын барсақ та, ағам Базарбай іштей өксіп жылаумен болды. Бүркіт тойынан гөрі атамның қазасы қатты батса керек.  Сол жолы сіздің бізді танып, жеке шығарып, суретке түсіріп, «атаңды ойлай берме, алланың ісіне қолдан келері жоқ, қайта мықты болсаң, ата аманатын орында» деп қайрап айтқан сөзіңіз есімде. Содан кейін-ақ Базарбай ағам мені жүйелі түрде бүркітшіліке одан бетер баули бастады. Ат үстінде жүріп бүркіт көтеру, ат үстінен бүркітті шақыруға келтіру, әйтеу бүркітшіге не білу керек, соның бәрін үйретті. Әлі де үйреніп жатырмын. Атпен тау-жоталарды кезіп, саятқа шығып, бүркітпен аң аулауды жаным қалайды Ағам да мен оқудан келетін кезде мінер атымды дайындап, бүркітімді баптап қояды, олармен бірге саятқа шығу – дүниенің ең қызығы дер едім.  

Осы тұста әңгімеге Заманболдың ағасы Базарбай араласты.

– Базарбай, әкеңіз Мәтей не себепті Заманболды бүркітшіліке баулыңдар деп сіздерге аманаттап кетті. Бір ерекше себебі бар ма?

– Әкем бүркітші әрі айтулы ат бапкері болған. Бірде қыс мезгілінде аң аулап жүріп аяғы сынған бүркітті көріп, тор құрып жүріп ұстап алып, үйге әкеп, жемдеп асырай бастайды. Күн жылынғанша асырап мүмкін болса аяғын таңып жетілдіріп, сосын ұшырып жібереміз деді. Ол бүркіт те әкемнің жылы пейілін түсінді ме, босағада жатып жемін жеп, тып-тыныш жата берді. Біз ежелден мал шаруашылығымен шұғылданатын болғандықтан, сыртта әйелдер мал саууға кетсе, ерлер малды қоралап жөндеп ораламыз ғой. Осы кезде үйде қалған үш жастағы Заманбол аяғы сынған бүркітпен ойнап, екеуі бір-біріне үйірлесіп кетеді. Заманбол атасынан көргенін істеп, бүркітті барып сипап құшақтайды, бүркіттің қанатының астына барып кірсе, бүркіт те мейірленіп қанатын ашады. Заманбол шұқыса, үркіп, қайта келіп, кәдімгідей баламен ойнап кетеді. Өзі бір балажан бүркіт екен.

Осы іс әкем Мәтейді қатты тебірентсе керек. Осы немеремді бүркітші қып тәрбиелеймін деп айтып жүрді. Заманбол да өсе келе бүркітке қатты әуес болып шықты. Біз атамыздан жасқанып қыз бала ғой деп жақамасақ та, оған ештеңе дей алмадық. Ол атасына арқаланып, бүркіттің жанынан шықпайтын болып алды. Атасы және немересі бүркіт жақтан іздесең ғана табылып жүрді.

Заманбол жаңа өзі айтқандай, атасы бүркіт тойына апарам деп дайындалып жүрген жылы өмірден өтті. Ауырып жатқанда әкем маған «Заманболды бүркітшілікке баулыңдар, бетін қақпаңдар» деп аманаттады. Әке аманатын орындап, әкем мені қалай бүркітке баулыды, мен де әкемнің қыз  немересін солай баулып шықтым. Қазір жасы 15-ке толған Заманбол қазақтың бүркітшілік өнерін меңгеріп жатыр.

– Әкеңіз Мәтей жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Қанша баласы бар дегендей.

– Әкем Мәтей 31 жыл құс көтеріп, 2014 жылы 63 жасында өмірден өтті.

Бүркітшіден бөлек ол кісі мықты атбегі еді. Ел тәуелсіздік алған жылы бір рет болатын аламан бәйгеде баптаған аты екі мәрте суырылып алдымен келген.  

Ол кісі тоғызы ұл төртеуі қыз – 12 бала тәрбиеліп өсірді. Осылардан 30-дан астам немере-шөбересін көрді.

– Әкеңіздің 9 ұлынан қанша баласы бүркіт көтеріп жүр?

– Үш ұлы Қазақстанға көшіп, сонда мекендеп жүр. Қалған алты ұлдың төртеуі бүркітшілікпен айналысадв. Мен және бүркітші қыз Заманболдың әкесі Талап және бауырларым Айтқабыл, Кәртеңбай деген жігіттер бүркітке құмармыз.

– Заманбол жайлы біраз мәлімет берсеңіз.

– Қыз бала үшін, әрине, бүркітшілік оңай іс емес. Өзі қоям десе қоя салайық деп саятқа ерте жүріп, білмегенін айтып бердік, ол барған сайын қызыға түсуде. Қоятын түрі жоқ, әке аманатына қиянат етпейік деп біз де Заманболды өз еркімен бүркіт ұстасын деп шештік. Заманбол сегіз жасында қолына құс қондырды, он бірінде атқа мініп, құс сала бастады. Қазірдің өзінде өлкеге танымал бүркітші болып келеді. Оның басқа қыз бүркітшілерден айырмасы,  тау кезіп, түлкі қарап, саят құруды жаны сүйеді.

– Бүркітші қыз Заманболдың біз білмейтін ерекше қабілеттері қандай?

– Ол да атасы сияқты атқұмар. Қандай ат болса да қорықпай мініп, тізгінді қолға  алып жүріп кетеді. Қыз бала болса да осы қайсар мінезді. Алған бетінен таймайтыны көрініп тұр.

– Жуықта Американың New York Times газетінде Заманболдың фотосымен бірге шағын сұхбаты шықты. АҚШ тілшілері қай кезде қалай келіп еді?

– Олар 2018 жылғы қазан айындағы бүркіт тойына келген туристер еді. Аудармашы ертіп үйге келіп Заманболмен бірнеше сағат әңгімелескен болатын. Заманболдың бүркітшілік өнеріге келуінен бастап, басқа да сауалдар қойып, қызықтап кеткен еді.

– Базарбай, сіз бір жылдары «Бүркітші бала» деген фильмге түскен секілді едіңіз. Қай жылдары еді?  

– Осыдан тура 10 жыл бұрын Германияның Хандерсон деген жігіті біздің үйге келіп әкемнің бүркітшілік өнерін көріп, 12 жастағы мені бүркітшілікке баулып жүргенін көріп, «Бүркітші бала» деген кино түсірді. Ол Баян-Өлгийде басталып, 1600 шақырым жердегі Ұлан-батырда аяқталған кино болатын.

– Осы «Бүркітші бала» фильмінің таныстыру рәсімінде кәрі құрлық Еуропаға сіздің барғаныңыз жайлы қазір біреу білер, біреу білмес.

– 2009 жылы киноның таныстырылымына мені Германияға шақырып, кино біткен соң тілшілерге өз көңіл күйімді, алған әсерімді айтып сұхбат бердім. Киноны түсірген Хандерсон мырза мені Еуропаны аралатып қыдыртқан болатын. Бұл фильм 2010 жылы «Кан» кино фестифалінде балалар номинациясы бойынша «Алтын мысық»  номинациясын жеңіп алды. Ол кезде мені тағы Еуропаға шақырып, киноның ашылу салтанатына қатыстырған. Кан фестиваліне алғаш қатысып, жүлделі болған бірінші қазақ шығармын.

– Ой, бәрекелді, Бәке. Енді сұхбатты Заманболдың болашақтағы жоспарларымен танысуға жалғастырсақ.

– Заманбол, болашақта қандай жоспарың бар?

The New York Times газетінен алынды

– Сабағымды жақсы оқып бүркітімді баптап саятымен жүре беремін ғой әзер оқуымды және бүркітімнен басқа ештеңе жоспарламадым.  

– Мектепте қандай сабақты жақсы көресің?

– Ағылшын тілі сабағын жақсы көрем. Себебі өлкемізге келген туристермен аудармашысыз өзім сөйлескім келеді, қазақтың бүркітшілік өнерін оларға өзім айтып бергім келеді. Сондықтан осы бастан ағылшын тілін жетік меңгеруге зер салып жүрмін.

Сұхбаттасқан: Жанарбек Ақыбиұлы

Арнайы «Қазақстан тарихы» порталы үшін