Мұрат Қалменов: Оралдың іргесін казактар емес, қазақтар салған
16.05.2017 3331
Батыс өңіріне белгілі археолог, Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің оқытушысы Мұрат Қалменовпен археология саласындағы жетістіктері мен табысты жаңалықтары жайында сұхбат құрдық

– Мұрат аға, Батыс өңіріне белгілі археологтардың бірісіз. Алғаш еңбек жолыңызды Маңғыстаудағы археологиялық қазба жұмыстарынан бастап, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы археологиялық қазба жұмыстарының басы-қасында болдыңыз. Батыс өңірінде адамзаттың тіршілік орындары қай дәуірден бастап қалыптасқан?  

– Ұлан-байтақ қазақ даласы ерте заманнан сақ, ғұн, көне түркі тайпаларының қасиетті атамекені болды. Қазақстанның әрбір өңірі мыңжылдықтар тарихымен ұштасып жатты. Өзіміздің батыс өңірі, оның ішінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Ақ Жайық өлкесі саналған Батыс Қазақстан облысының дархан даласы талай сырлы тарихты таңбалап жатыр. Батыс өңірінің археологиясы да осы шежірелі тарихпен біте қайнасып келеді. Адамзат дамуының ерте кезеңінен бастап, тас өңдеу дәуірінің аяқ басқан шағына дейін, бүгінгі жаңа ғасырдың іргесі бекігенге дейін бұл өңірлер адамзат үшін қолайлы аймақ болды. Ерте тас заманынан бастап осы батыс өңірде адамзаттың тіршілік орындары қалыптасқан. Оған мына советтік кезеңдегі сонымен қатар тәуелсіздік алған кезеңдегі археологиялық зерттеу жұмыстары дәлелдеп отыр. Мысалы Орал өңірін алатын болсақ, Тасқала кентіне жақын жерде Ешкітау деген жер бар. Сол жерде 90-жылдардың аяқ кезінде мезолит дәуіріне тиісті ескерткіштер табылды.

Мұрат Қалменов алғаш археологиялық жұмыстар жүргізген Шақпақтысай кешені

Сонымен қатар Атырау облысының айналасын айтар болсақ, тас заманына неолит дәуіріне тиісті ескерткіштер көп. Олардың қатарында Шатпакөл, Құлсары, Сарықамыс, Қыземшек, Шаян тұрақтары бар. Маңғытау облыстарында да Совет үкіметінің 60-жылдарынан бастап археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, Шақпақтысай, Өгеже, Үштаған, Ақтау маңындағы Қосқұдық тұрақтары табылды. Әсіресе Маңғыстау облысынан табылған Шақпақ ата ескерткіштері өзіндік тарихымен ерекшеленген ғасыр ғаламаттары. Маңғыстаудағы Шебір ескерткішін алсақ болады. Ал Қосқұдық ескерткіштері жаңа неолит дәуіріне тиісті ескерткіштер болып табылады. Оның ең бір қызығы, тек адамдардың мекендеген тұрғын кешендері ғана емес, сондай-ақ жерлеу ғұрыптары кешендері де табылды. Ол зерттеулерде адамдардың қалай жерленгені, таным-түйсігі, діни салт-жоралғылары да айқындалған. Денесінің қалай болғаны, қаңқасының қалай жатқаны тұрғысынан антропологиялық қайта жаңғырту, қайта реконструциялық жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстар негізінде тас заманындағы адамдардың кескін-келбеті қандай болғаны дәлелденді. Жоғарыда айтқандай Батыс Қазақстан облысында да тас заманына тиесілі ескерткіштер де көптеп табылды. Оралдың Жаңаағзам деген жерінен тас құралдары да археологиялық қазба байлық болып саналады. Тас құралдары табылған жерден міндетті түрде тас орындары да табылатыны анық. Кейінгі барлау немесе археологиялық жұмыстар барысында ондай қоныстар табылып қалар деген ойдамыз. Сонымен қатар біздің сақ-массагет конфедерециясы ерте темір ғасыры сол кезеңге тиесілі ескерткіштер өте көп.

– Кең-байтақ қазақ даласы туралы шетел тарихшылар мен саяхатшылары еңбектерінде жазып келеді. Патшалық үкіметтің отарлау саясаты да біздің біраз тарихымызды түгендеп, жиыстырды. Қазақ даласындағы тарихи ескерткіштерді де алғаш есепке алып түгендеген орыс ғалымдары болатын. Соның ішінде археологиялық зерттеулерге қандай мүмкіндіктер қарастырды. Алғашқы археологиялық экспедициялар қашан жүргізілді?

– Батыс өңірлердегі ең алғашқы зерттеу жұмыстары XIX ғасырларда басталды. 1826 жылдары Ресейдің патшалық үкіметі 1-2 академиялық экспедициялар ұйымдастырды. Одан кейін патша үкіметі ауқымды әскери экспедициялар жүргізді. Екінші экспедицияда қазір біз отандық ғылым тарихында пайдаланып жүрген Фальктің, Левшиннің еңбектері жазылды. Міне осы кісілер академиялық экспедицияның құрамында болған. Олардың басты мақсаты Орта Азияны және Қазақтың жерлерін қол астына иелену жолдары болған. Сонымен қатар әскери топографиялық мақсаттары да болды. Осы экспедециялар негізінде қазақ жерлеріндегі тарихи ескерткіштердің барлығы жазылып, картаға түскен. Сондай-ақ әскери, академиялық экспедициялар шеңберінде шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстік қазақтарының этнографиясы да жинақталды. Бесіктен басталған қазақтың өмірін арулап жерлеуіне дейін орыс ғалымдары зерттеп жинақтаған. Қандай киімдер кигенін, қандай салт-дәстүр, ғұрып-әдеттері болғанын жазып алған. Қазақ халқының ұлттық мерекелері, тұрмыстық заттары, қолөнер мен ұсталық өнерлері туралы да жинастыруды ұмытпаған. Бұл жерді мекен еткен халықтың жерлеу рәсімдері қандай болған? Қандай діни жоралғылары болған? Кісі қайтыс болғанда өтетін апталығы, жүздігі, жылдығы – бәрін алғаш жазып кеткен орыс экспедиция мүшелері болатын. Бұлардың тағы да қайталап айтам, бұлар қазақ халқының этнографиясын жинақтап, болмаса тарихын түгендеу мақсатында емес, әскери мақсатты көздеп, халықтың барлық ғұрпын меңгеру алу идеологиясы нжүргізген. Бірақ солардың арқасында қазақ жеріндегі археология, этнография, тарихына қатысты деректер жазылып жинақталды.

Археолог ғалымның шәкірттері дәріс барысында

1917 жылы Февраль революциясынан кейін тарихи археологиялық ескерткіштерге қоғамның көзқарасы өзгерді. 1896 жылы Түркістан өңірінде Бартольдтың жетекшілігімен экпседициясы ұйымдастырылды. Орыс саяхатшысы В. Бартольд Қазақстандағы археологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның ғылыми еңбектері әлі күнге дейін маңызы жоғалтқан жоқ. 1895 жылы академик В. Бартольд Ташкент қаласында алғашқы археологтар үйірмесін ашты. 1920 жылы Түркістан мәдени ескерткіштерді қорғау және мұражайлар комитеті ашылды. Комитеттің негізгі міндеті тарих ғылымының үлкен бір саласы – археологияны дамытуды қолға алу болды. Бартольд экспедиция 1917 жылға дейін Оңтүстік өңірдегі тарихи ескерткіштердің тізімін алып жинақтаған. Одан кейін толықтай археологиялық зерттеу жүргізіп, тізім алу науқаны 1960 жылдары жүргізілді. Ал үшінші тізім алу кезең тәуелсіздік алған уақытта толықтай жинақталды. Қазір әрбір облыс мемлекеттік қорғауға алынған екскерткіштер тізімін толықтай жиыстырды. Олардың ішінде археологиялық, архитектуралық, тарихи кесенелер, табиғи және тарихи ескерткіштердің барлығы кірді. Осы мақсатта батыс өңірде үлкенді-кішілі жұмыстар атқарып келеді.  1991 жылы Қазақ ССР Ұлттық академиясының ішінде, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және археология институтының дербес мекеме болып археология институты шықты. Оған қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұланның аты берілді. Осы институттың арқасында түгел облыстың археологиялық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– 2002 жылдары Батыс Қазақстан Тарих және археология орталығы құрылды. Өзіңіз осы орталықтың ғылыми қызметкері болдыңыз. Орталықтың Батыс Қазақстан облысындағы археология саласына сіңіріп отырған еңбегі қандай? 15 жылдың ішінде қаншаға тарта археологиялық ескерткіштер саны табылды?

– 1927 жылдан бастап іргеміздегі Ресейдің Саратов қаласындағы Педагогика институты жанынан археологиялық зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Кейіннен тәуелсіздік алған тұста М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Орал педагогикалық институты жанынан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу экспедициялары жұмыс атқарды. Әлі де атқарып келеді. 2002 жылы профессор Мұрат Сыдықов жетекшілігімен және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қатысуымен Батыс Қазақстан Тарих және археология орталығы құрылды. Орталық жұмысы құрыла салысымен, арнайы жасалған мемлекеттік және аймақтық бағдарламалары арқылы жұмыс істей бастады. Бұл жылдары орталық мың жарымдай археологиялық ескерткіштерді анықтады. Жайық қаласында, Лебедевка, Қырық оба, Бұлдырты, Солянка, Илешкер, Үлгілі, Ақсай, т.б. қазбалар жүргізілді. Осы мекеме батыс өңіріндегі археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын әлі күнге дейін жүргізіп келеді.  Орталық жұмысының басты міндетіне археологиялық ескерткіштерді анықтап, есепке алып мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіштер тізіміне қосу, нақты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу міндеттелген. Археологиялық орталықтың жұмыс нәтижесінде 6000-нан астам археологиялық ескерткіш анықталды. Әсіресе орталықтың археологтары ашқан Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын археологиялық зерттеу нәтижелері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр. Жайық – осы бүгінгі Орал қаласының іргетасы.

Қазба жұмыстары жүргізілген ортағасырлық Жайық қалашығы

– Қазақ жерінен осы уақытқа дейін 4 алтын адам табылды. Батыс Қазақстан облысынан табылған алтын адамның денесі әйел затына тиесілі болды. Тақсай кешенінен табылған алтын адам – қай кезеңнің ханшайымы? Бір ерекшелігі, алтын ханшайымның киімі Еуразия даласын мекендеген бабаларымыздың «аң стилімен» жасалған. Аң стилінің ерекшелігі қандай?    

– Батыс Қазақстан облысында Тақсай деген жер бар. Бөрлінің жолында. Орал қаласынан 80 шақырым жерде. Сол жердегі қазба жұмыстары кезінде үлкен ханшайымның жерленген орыны табылды. Ол толығымен алтынмен көмкерілген. Ол – төменгі сарматтар дәуіріне келетін ескерткіш. Әшекейлері мен қолындағы түрлі бұйымдар аңдық стильмен жасалған. Бұл ханшайым болған. Белгілі реставратор Қырымбек Алтынбек қайта жаңғыртпасын жасағаннан кейін Батыс Қазақстан облыстық музейіне қойылған. Енді осы алтын адамның киімінде аңдық стиль неге әшекейленген дегенге келер болсақ, сақтардың түсінігі бойынша, құдай әртүрлі жануарлар бейнесінде өмір сүрді. Ол қанатты ат немесе ит тәрізді, аттар сияқты фантастикалық аң, құс, жануарлар бейнесінде болды. Мифология мен фольклорда бұл бейнелердің кең таралуы Еуразия даласындағы өнерде өзіндік «аң стильді» тудырды. Сармат тайпалары Еуразияның саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған тайпалар мен одақтар құрамына кірді. Археологиялық тұрғыдан маңызды және бай сарматтардың жерлеу орындары Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданындағы Лебедевка ауылының маңынан табылып, зерттелді. Бұл қорым диаметрі – 10-20, биіктіктері 0,5-2 м болып тігінен бір-біріне жақын орналастырылған бөренелермен бекітілсе, төбесі де бөренелермен ылдилана жабылған. Қабірдің қалың тақтай төселген еденінде басы солтүстікке қаратылған әйел адамның қаңқасы жатыр. Табылған заттардың ішінде­гі ең маңыздысы – гректер жасаған қола құмыра. Оның тұтқасы ернеуіне бекітілген жерінде атылғалы тұрған әбжыланының басымен аяқталған, ал бүйіріне бекітілген жері гректердің шарап құдайы Дионистің бейнесінде берілген. Бұл бай қорғандар сарматтардың Қара теңіз жағалауындағы гректің қала мемлекеттерімен тығыз байланысты болғандығын, сондай-ақ грек мәдениетінің сарматтар қоғамының дамуына әсер еткендігін дәлелдейді.

Археология экспедиция барысында

Батыс өңірінде темір дәуіріне қатысты ескерткіштер өте көп. 1984 жылы Володарка деген деген жерден жерлеу орны қазылып, соның ішінен фалар табылды. Фалар дегеніміз – аттың әбзелі. Бір сөзбен айтқанда, жаугершілік заманды суреттейтін киноларда аттың үстіне жабылатын жабылғы. Бізде мұны кежім десе, еуропалықтарда катафракт. Яғни ата-бабаларымыз алғаш болып катафракті ойлап тапқан. Кейіннен қытайлар мен еуропалықтар бұл әбзелді біз ойлап таптық деп сүйіншілеп жүр ғой. Бұл – біздің бабаларымыздан қалған құнды жәдігерлердің бірі. Кеше ғана Қазақ Хандығының 550 жылдығына арнайы түсірілген Рүстем Әбдірәштің «Алмас қылыш» кинодастанында осы әбзелді аттың үстіне жабулаған екен. Осылайша өзіміздің мұраларымызды киноларда, музей кешендерінде ұсына беретін болсақ, бабалар мұрасына жасалған қамқорлықтың бірі болары сөзсіз.

– Мұрат аға, батыс өңірі мен оның археологиясына байланысты құнды жәдігерлеріңізді көрсеттіңіз. Біраз зерттеу мақалаларыңызды да оқып шықтық. Әйгілі «Жайық» қалашығы экспедициясында біршама қызметтер атқардыңыз. Осынау ғасыр ғаламат ескерткіштері қашан табылды? Бұл жұмыстың басы-қасында қандай археолог ғалымдар болды?

– 2001 жылы «Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау» құбыр жолы бойын тексеру жұмыстары кезінде Орал қаласының жанынан ортағасырлық көне шаһар орны табылған болатын. Кейін сол жерден 2002 жылы Карл Байпаковтың жетекшілігемен қазба жұмыстары басталды. Ең қызығы, аумақ 10 га жерді алып жатыр. 2005 жылы ескерткішке «Жайық қалашығы» атауы берілді. Көне шаһар орнында 2002-2005 жылдары Алматыдағы Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері мен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының мамандары бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2012 жылдан бастап облыстық орталық мамандары зерттеу жұмыстарын қайта жалғастыра бастады.

Жайық қалашығының аумағын оңтүстік және оңтүстік-шығыстан Жайық өзенінің баурайы шектесе, ал басқа жағын табиғи жыралар қоршап тұр. Аумақтан қандай да бір антропогендік қоршаулардың іздері табылмады. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеше тұрғынжай, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды. Қазір бізге белгілісі:  кірпіш және әктас күйдіретін пештер, қала моншасы, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер.

Жайық қалашығының Желтау деген биік жерінде ескі қаланың мазары орналасқан. Үш үлкен жерлеу кесенелері табылды. Соңғысы 2012 жылы қазылды. Содан 4-5 шақырым жерде төмеңге түскенде қаланың өзі орналасқан. Қала орнынан табылған ескерткіштер қатарында ортағасыр моншасы ерекшелеуге болады. Алтын орда дәуіріне тиесілі. 14 ғасырда бұл жерде Алтын Орда дәуіріне тиесілі қала орнының болғаны дәлелденді.  Қазіргі уақытта бұл жерден 4 цитадельдер табылды. 2 кірпіш күйдіретін пештер табылды. 2002 Карл Байпаков командасы біреуін тапса, мен 2012 жылы қалған біреуін таптым. Соның қасында әктас күйдіретін пеш табылды. 2015 жылы қыш ыдыс күйдіретін пеш таптым. Мазарға келетін болсақ, үлкен-кішілі бейіттер табылды. Үлкен кесенеде 11 кісі жерленген. Оның біреуі төрге қарай жерленген. Екінші ескерткіште бір кісі жерленген. Үшіншісінде 2013 жылы өзім қазба жұмыстарын жүргіздім. Адамның үш бас сүйегі табылды. Бір жарым адамның дене сүйектері шықты. Яғни бұл ескерткіш сол уақыттың өзінде тоналу фактісінің болғанын дәлелдейді. Сүйектерді лақтырып, шашып тастаған.

Жайық қалашығынан табылған қола дәуірінің жерлеу рәсімі

– Жайық қалашығының аспан астындағы ашық мұражай бола алатын мүмкіндігі қарастырылды ма? Бұл ескі қаланың орны қай ғасырдың өркениеті қатарына жатады?  

– Қазақстандағы көзге түсетін бірден-бір қала – Орал. Сол Оралдың қасында Жайық қалашығынын орын тебуі – үлкен тарихтың олжасы іспетті. Бұл жер ортағасырлық қаланың орны ғана емес, сонымен  қатар ерте темір дәуіріне тиісті 4-5 оба бар. 2012 жылы пештің оңтүстік күншығысқа қарай жатқан  жас қыздың кесенесі болған. Оның ғұрпын қарасаңыз, қыздың қолын, аяғын бүктіріп жатқызған. Бұл ескерткіш қола дәуіріне тиісілі. Андронов мәдениетіне кіретін кесене. Қола дәуіріндегі адамдардың түсінігі бойынша «адам о дүниелік болса оның тізесін, шынтағын бәрін бүкітіріп жерлесе, анасының құрсағында болғандай болады» деген түсінік болған. Яғни жайықтың бойынан 2 шақырымдай жердегі жерден төмен қарай су болған. Яғни бұл жерлер ерте қола дәуірінен бастап адамзаттың тіршілік жеріне айналған. Бұл жерде екі мәдениет қалыптасқанын айтсақ болады. Біріншісі – көшпенділер мәдениеті, екіншісі – ортағасырлық қалалық мәдениет. 2012 жылы Батыс Қазақстан Тарих және археология орталығы қызметкерлері аспан астындағы мұражайдың ашу жұмыстарын көтерді. Қазіргі таңда мемлекет қорғауына алынып, жылда кешенді зерттеу жұмыстары жүреді. Бұл қала Сарайшық сияқты маңызы жоғары ортағасырлық өркениетті қалалардың бірі болған.

Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын археологиялық зерттеу нәтижелері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр. Жайық осы бүгінгі Орал қаласының іргетасы. Кейінгі кездері «Орал қаласының негізін 1613 жылы казактар салды» деген көзқарас кең таралуда. Соңғы зерттеу жұмыстары көрсеткендей, казактар келместен бұрын да осы жерде үлкен қала болғаны анық. Ал казактардың бұл жерге қандай себептермен және қандай мақсатта келгенін тарихи  деректерден  жақсы  білеміз.

Жайық казактарының көтерілісі, суретті картина

Археологиялық зерттеулер нәтижесі біздің өңірімізде ХІІІ ғасырда-ақ қалалық мәдениет қалыптасқандығын дәлелдеп отыр. Бұл жаңалық 2012 жылы қыркүйек айында Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығы ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференциясында ғалымдар тарапынан мақұлданды.

Сондықтан да бұл тарих және мәдениет ескерткішін жоғарғы ғылыми тұрғыда терең зерттеп, оның нәтижелерін насихаттау өзекті ғылыми және мәдени маңызға ие. Бұл тарих ғылымында анағұрлым дұрыс зерттелмеген орта ғасырлардағы тарихымыз туралы білімімізді кеңейтуге, қазақ халқы мен Жайық өңірінің басқа да халықтарының этногенездік процестерін тереңірек түсінуге және бұрмаланған тарихи фактілер мен шешімдерден ашық түрде бас тартуға мүмкіндік береді.

– Археологиялық ескерткіштерді қорғау мәселесі көңіл көншітпейді. Осынау байтақ даламызда әлі де қаншама ескерткіштер мемлекет қорғауына өтпеген. Керек десеңіз, Сарайшықтай аспан астындағы мұражайымыз қорғалусыз қалып, тозу мен қираудың аз-ақ алдында. Жайық қалашығын сақтап қалу мәселесі қандай жағдайда? Жалпы тарихи-құндылықтарымызды сақтау мәселесіне көңіліңіз тола ма?

– Жайық өзенінің тасуы бұл қалаға ешқандай зиянын әкеліп тұрған жоқ. Өз басым 5 кезеңнен тұратын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген де бұл қаланың өз дәуірінде су астында қалғандығын байқадым. Қалай десеңіз, 4-5 жебенің оғы шықты. Шайқас, жаугершілік заман болса, жебенің ұштары өте көп кездесуші еді. Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде цитадель бөлмелерінің іші таза болды. Қандай бір жаугершілік заман болса, ішіндегі заттардың бәрі қираған, шашылған болушы еді. Таудың төменінде орналасқан қаланы сол кезде су алған ба деп топшыладым. Су шайған қауіптері болған сияқты. Сол кезді халықтың өзі түсініп, таудан бері қарай өтіп, қазіргі Орал қаласының территориясына қарай өткен сынайлы. 1986-87 жылдары Оралдың шеткі аудандарының бірі Курень деген жерден ортағасырлық қаланың тіктөртбұрышты кірпіштері табылған. Қазіргі уақытта ол жердің бәріне қазба жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Өйткені ол жерлерде тұрғын-үй кешендері орналасқан.  

Соңғы жылдары археологиялық зерттеулерге деген үкіметтің назары ауған сайын еліміздің тарихи мұраларын зерттеуге мол мүмкіндік ашылды. Сарайшық қалашығын сақтап қалу, қайта рестврация жасау жұмыстарына Атырау облысы және мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Бұл да болса осы салаға, тарихи мұраларымыздың сақталуына деген қамқорлықтың бір парасы. Ондаған жыл бойы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында археологиялық ескерткіштерге қамқорлық та күшейді. Әлі де археологиялық қазба жұмыстарын қажет ететін тарихи орындар жетерлік.  Олардың барлығына аспан астындағы мұражай  ашып бермесек те мемлекет қорғауына алсақ та жетеді. Мұражай ашу – кешенді жұмыс. Сонымен бірге оған үнемі мемлекет тарапынан қаражат бөліп отыруды талап етеді. Сондықтан үкіметтің тарихқа және археология саласына көңіл бөлуі қуантарлық.