Тарихшының бір күні. Тұрсынхан Зәкенұлы
03.05.2017 2274
NDH интернет жобасы «Тарихшының бір күні» айдарының бүгінгі кейіпкері – Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің профессоры, ғалым-жазушы Қайыркен Тұрсынхан Зәкенұлы

Тұрсынхан Зәкенұлы – тарихшы, жазушы және аудармашы. 1962 жылы ҚХР СУАР Алтай аймағында дүниеге келген. 1986 жылы Шыңжаң университетінің тарих факультетін, 1989 жылы Пекин ұлттар институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Қытай, ұйғыр, өзбек, түрік, парсы тілдерін игерген. Түркология саласы бойынша 150-ден астам мақаланың, «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары», «Ойратнама: Жоңғария мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, жойылуы», «Қытай әдебиеті» монографиялары мен оқу құралдарының авторы. «Балқан тауға барғандар», «Көкбөрілердің көз жасы», «Мәңгітас» повест-романдарын жазып шыққан. Қытай тарихшысы Су Бихайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты кітабын қазақ тіліне аударған.

Ерте тұру – бала кезімнен қалған әдет

Сағат 7.30. Отан-Ана монументі.

Профессор Тұрсынхан Зәкенұлымен алдын ала телефон арқылы байланысқанымызда ерте тұратынын, өзен жағалап серуендеп қайтатынын біліп алдық. Таңсәріде сағат 6-6.30-да оянатын ғалымның серуендейтін уақыты 7.30-8.30-да екен. Үйінен бірер шақырымдай қашықтықта, Тәуелсіздік көшесінің бойында орналасқан Отан-Ана монументінің басында кездестік. Амандық-саулық сұрасқан соң, таңғы серуендеуінің сырына үңілдік.

«Ерте тұрған бала кезден қалған әдет. Үйде жатқызбайтын бала кезде. Таңмен таласа тұрып, малдың бір жағына шығысуымыз керек. Шаруа баласымыз, сырттай бір қарағанда тұйық, ауыл тірлігі сияқты көрінгенімен, жұмыстар көп еді, мал шаруасына қоса үй, қораның жұмыстары шаш-етектен. Көшпенділіктің ғажайып суреттерін көріп қалған басымыз таң бозында тыныш жата алмайды екенбіз. Бозарып атып келе жатқан таңмен бірген сәулелі күнді көріп, мың сан бояулы табиғатты тамашалап, ондағы тіршілік иелерінің ояну сәтіне куә болу адамға сондай бір жылы әсер береді. Әрбір таң – құдайдың саған сыйлаған ырыздық-несібесі. Әсіресе шұғыла шашқан күн сәулесімен бірге бүршік атқан көктем мезігілде, әсіресе, үйде жату мүмкін емес. Тау арасында өскендіктен бе, тал-теректердің, ақ қайыңдар мен қарағай самырсындардың көктемгі иісі, көктің шығу кезіндегі жұпары, тазалығы – сезе білген жанға рухани медеу әкелетін құбылыстар. Өмірге деген құштарлықты сезіндіретін жайттар», – дейді ғалым Т. Зәкенұлы.

Серуендеу барысында не ойлап, нені толғанатыны жайлы да сұрақ сұралмай қалмады. «Ойлы адамға серуен деген – таптырмас орын», – дейді белгілі түрколог. Бұдан біраз уақыт бұрын жүгіріп бой жазатын оқымысты ғалым ендігі сәтте денсаулығына байланысты жүгіруді қойып, бірыңғай салт жүруге көшкен.

«Осындай тамылжып тұрған табиғат аясында жазып жүрген зерттеу жұмыстарымды ойлаймын, кейді тіпті ештеңе ойламауға да тырысамын. Әр кезде әрқалай болады. Адамдарды, қозғалысты көресің, үйде жатқан мен сыртта жүргеннің айырмашылығын аңғарасыз. Ең дұрысы, денсаулыққа өте пайдалы. Ертеректе жүгіру әдетімде бар болатын, қазір жас келді және ота жасағаннан бері жүгіру түгілі, оқыс қимылдауға, қатты әрекет етуге келмей қалды. Медицина ғылымы адам күніне 3 шақырым жаяу жүргенді құптайды, әсіресе біздің жасымыздағы адамдарға. Үйден шыққаннан бастап осы Есілге барып құятын бір сала Ақбұлақтың бойын жағалай жүріп, Отан-Ана ескерткішіне аяңдап  жетемін. Бір сағаттай уақыт. Сонда жарты сағаттай аялдаған соң, кері қайтамын. Бұл күнде қайталанады, кешке тағы бір ауық серуендеп бой жазамын».

Ғалым «ота жасағаннан бері» дегенді айтып қалды. Расында да Т. Зәкенұлын бұрыннан білетін біз дөп-дөңгелек жүзі, толымды жақ, сүйкімі бар бет-әлпетінің қазіргі қалпына сене алмай отырдық. Жақ еті суалып, көзі үңірейіңкіреп жүдеу тартқан ғалымның қазіргі жағдайының мәнісі – денсаулығы сыр беріп, асқазанына операция жасап шыққан беті екен. Біздің жыл басынан бері қоңырау шалып, осы арнайы жобаға шақырғанымызды аяқасты етпей келіскен профессорға айтар алғысымыз шексіз болды. Әңгімемізді ары жалғайық.

«Бала шағыңызда ұйқыдан ерте тұрғынған әке қаталдығы ма, әлде өзіңіздің бойыңызда сондай сергектік болды ма?» деген сауалымызға: «Әкем тым қатал болған жоқ, біз ағайынды төрт ұл өздігімізден ертерек қимылдауға, шаруа жайын таң атқаннан бастап қозғап әрекет етуге дағдыландық. Қыстың күні Ертістен мұз ойып тасып, үйге әкеп ерітіп, суын ішетін едік бала кезде. Ол кезде табиғат бүгінгідей бұзылмаған, таза, пәк күйінде болатын. Тау бөктерінде самсап өскен орманнан отын әкелеміз. Ақтүтек боран болған сәттерде қораның алдын қасат қар басады. Сол адам бойынан биік оппа қарды аршимыз. Іште қалған ұсақ малмен қатар ірі қараны, жылқы мен ойсылқара түлігін шығарып, ашық қораға қамап, тау-тау болып үйілген маядан шөп суырып, малға шашатынбыз. Алтайдағы қыс табиғаттың ең кереметі еді. Ақтүтек боран басылмай, екі-үш күн қатарынан соғатын жарықтық. Қарлы Алтай, сулы Ертістің бойында өскен баламын ғой, қазір осыны ойласам, дәл сондай табиғат жоқ екен-ау деп жабығып қалам», – деп Тұрсынхан Зәкенұлы балалық шағын еске алды.

Ауылым менің Шеміршек алқабында

Сағат 8.00. Бұл кезде күн көзі найза бойы көтеріліп қалған. Отан-Ана монументінің екі жағын көркемдеп бейнелеген ескерткіштер кешенін айнала шолып шықтық. Артқы фонында ежелгі қазақ батырлары мен совет-герман соғыстарының батырлары бейнеленген кешенге көз салған ғалым қазақтың ұлттық батырларының бейнесін жанына жақын тұтатынын айтты. Сонымен қатар әңгімеміздің желісін үзбей, балалық шаққа саяхатымызды жалғастыра бердік.

«Жасымыз мектепке жетті, ол болса тиіп тұрған жақын жер емес, он-он бес шақырымға дейін жерде. Күнде солай қатынап жүріп білім алдық. Әр кезде әрқалай, кейде көрші балалардың көлігіне мінгесіп-ұшқасып барсақ, кейде өзіміздің таймен, өгізбен баратынбыз. Мектеп ғимаратының дәл алдында өгіз қоятын орындар, сонда әркімнің өгізіне тиесілі жер бөлінген. Қыстың күні қысқа, қайтарда әлгі өгіздер барған кезден гөрі жылдамырақ жүреді. Жарысатынбыз бәріміз. Үйде келгенде қат-қабат шаруа күтіп тұрады: отын жару, су тасу, малды жайғастыру. Бәрін тындырып болғанда кеш те қарайып, түн түседі. Ел де орынға отырғаннан кейін барып, шаммен сабағымызды қарауға кірісеміз. Таң қараңғылығында, қай уақыт екенін білмейміз, сағат жоқ, әйтеуір тұрып аламыз да сабаққа жиналамыз.

Жаздың күнінде де тыным жоқ, еңбекке жарап қалған шағымызда бәрімізді қуып өндірістік жұмысқа жегеді. Шөп шабамыз, тоған қазамыз, қырманға бидай жинауға қатысамыз – соның бәрінде еңбек еттік», – деді Т. Қайыркен.

Балдәурен балалық шақтың ұмытылмас қызықты сәттерін осылайша тебірене еске алған түрколог ғалым тарихқа деген қызығушылығын қашан және қалай оянғанын да әңгімелеп берді. Қарлы Алтай, қарт Алтайдың Қазақстан бетіндегі көркем табиғатты көріп өскен Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан секілді жазушылардың суреткер болмауы мүмкін еместігі секілді туған ауылы тұнған тарихи орын болғандықтан, онда туған адамның тарихшы болмауы мүмкін еместегін сездірді.  

«Біздің ауыл – тарихы бай, тамыры терең ауыл болды. Алтайдың Шеміршек деген алқабы. Ғылымда «Шеміршек алқабы» деген атау бар. Бұл – көне түріктердің, ғұндар мен сақтардың ежелгі атамекені болған жер. Тылсым сырға толы көне обалар көп біздің ауылда. Ол обалардың қай заманға тән екені бертінге дейін белгісіз болып келді. Десе де түріктердікі  екеніне күмән жоқ. Өйткені оның көбісінің жанында балбал тастар бар. Ол балбал тастар үлкен әрі әбден тоналып болған қабір кешендерінің қасына орналастырылған. Осындай тарихи ғажайыптарды көре жүріп балбал тастардың тарихына, сырына үңілуді қызық көретінбіз. Жергілікті халық «Мықтың үйі» деп атаған көне құрылыстардың тарихын білуге деген құштарлық бала кезімізден оянып, ғалым болуды жүрек сол кезде қалаған секілді. Сол 1960-ыншы жылдардың аяғында қытайдың археологтары келіп, аталған обаларды қазып жүретін. «Ертеде Мық деген қауым осы жерде өмір сүріпті, солардың үйі екен» деп білген халық жалпылама айтқанымен, нақты тарихи дерегін білген, айтатын адам болған жоқ сонда», – деді Тұрсынхан Зәкенұлы.  

Мамандығымды адаспай таптым

1981 жылдан бастап қытай қоғамында қазақ тарихына деген ұмтылыс пайда болады. Қазақ қана емес, аз ұлттар деп аталған өзге де этностардың, кезінде дәуірлеп ұлыстар құраған халықтардың өткеніне деген қызығушылық жақсы өрістейді. Нығмет Мыңжан, Жақып Мырзахан секілді тарихты кәсіп еткен оқымысты ғалымдардың мақалалары шығып жатты. Осындай кезеңде тарих мамандығын оқуға әбден бекінген Т. Зәкенұлы Шыңжаң университетінің тарих факультетіне құжаттарын тапсырады.

«Құдай айдап, сол кезде мен оқуға түстім. Оқу барысында есімдері аталған тарихшы ағаларымыздың мақалаларын оқып, оны сабаққа пайдаланып, тарих ғылымына деген бала кездегі қызығушылығым біліммен, ғылыммен, ғылыми зерттеулермен ұштасты. Мұғалімдердің бөлмесінде сабақ беретін оқытушылардың, ғалымдардың тарихқа қатысты сөздерін тыңдап, талай пікірталастарының куәсі болып кіріп жүрдім. Негізі студенттер кіре қоймайтын мұндай жиындарға мен мұғалімдердің билетін тауып алып не қолға түсіріп, қалайда кіруге талпынып, ақырында сол кабинеттегі қытайша жазылған кітаптарды, көне шағатай тілдеріндегі қолжазбаларды танып, оқып-біліп, ғылыми ізденістерге жол аштым. 3-курста оқып жүргенде дипломдық жұмысымның тақырыбын «Ғұндар мен қазақтардың тарихи сабақтастығы» деп атап, сол бағытта ғылыми зерттеуге ұмтыла бастадым. Екі бөлек дәуір, өзгерген этностар мен уақыт және оқиға – осылардың басын қалай біріктіріп, қалай жазуы керек деген мәселеде мен алдымен жоспар құрып, онда «ғұн және үйсін сабақтастығы», «ғұн және сянби сабақтастығы», «ғұн және түрік сабақтастығы» деген тараулар арқылы жіктеп көрдім. Осы ғылыми дипломдық жұмысым үздік деп танылды. Сабақ берген ұстаздарым түркологиядан, Шыңжаң тарихынан, ұйғыр, моңғол, қазақ халықтарының тарихынан, Орта Азия елдерінің тарихынан, араб елдері мен Қытайдың көне тарихынан, сондай-ақ Дүние жүзінің тарихынан жан-жақты жалпылама оқытқан мықты мамандар болды. Соның ішінде айрықша атап өтетінім, бізде Ажиаков деген кісі Қытайдың 24 тарихын ұйғыр тіліне аударды. Саха Барак деген – жалындап тұрған жас жігіт, бес-алты тіл білетін ол көне ұйғыр тіліндегі «Сянь Заңның батысқа сапары» деген шығармалардың тілін және тарихилығын зерттеді. Осы жігіт көне ұйғыр және көне түрік тілін жақсы білетіндіктен, бізге «Көне түркі тарихы» деген сабақтан берді. Қазір атақты Гарвард университетінде қызмет етіп жүр. Әблемит деген мұғалім Орта ғасыр тарихынан сабақ оқытты. Бұл кісі де ұйғырдың мықты зиялысы. Шыңжаң ұлт істері комитетінің құрамында жаңадан ашылған «Аз ұлттардың байырғы шығармаларын жинау, реттеу және баспадан шығару кеңсесі» деген мекеменің қазақ бөліміне редактор болып еңбек ете бастадым. Алғашқы жұмысым Алтай қаласында жергілікті әдеби журналда басталғанымен, онда көп істеген емеспін, үш айдан соң, Үрімжіге қайта келдім.

Аталған кеңседе қызмет істеп жүргенімізде Шыңжаң өлкесінің жер-жеріндегі көне жазбаларды, көне ұйғыр тіліндегі, анықтап айтқанда көне шағатай тіліндегі ескі кітаптар мен қолжазбаларды жинастырдық. Тарихи, әдеби, саясат істері мен соғыс өнері туралы әр түрлі тақырыптарды қамтыған 6000-нан астам көне қолжазба қорға алынды. Бұл мұраларды негізінен ата мұрасы ретінде ұрпақтары ұзақ жылдар бойы сақтап келген, олармен келіссөздер жасау арқылы түгелге жуығын сатып алып отырдық. Қашқар, Қотан жақ дейді, алты шаһар өлкесінің мұраларын Қадыр Болат есімді адам көмектесіп отырды. Ол кісіге біздің мекеме ақша береді, оны қалай жұмсаудың, қалайда әлгі көне мұраларды қолға түсірудің тілін табатын. Ал қазақтардың қолжазбаларын өзіміз жинастырдық. Біздің басшымыз Құрбан Әли деген тарихшы ғалым кісі еді, кейін АҚШ-қа қоныс аударды. Осы уақыттарда менің ғылыми дипломдық жұмысымның негізінде жазылған алғашқы зерттеу мақалам мекеменің журналында және басқа да басылым беттерінде жарық көрген соң, мені тарихшы ретінде біле бастады. 1986 жылы еді бұл», – дейді Т. Қайыркен.

Сағат тілі 10.00-да біз Ақбұлақтың жағасынан қала көрінісін тамашалап тұрдық. Ертістің бойында өсіп, Хуанхэдей ұлы өзеннің тарихын жатқа білетін ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы тағдырының басқа арнада өрбіп, ерке Есілдің жағасында жаңа қалаға көз салады деп ойлады ма? Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы екені айтпаса да түсінікті.

Сол 1986 жылдан бастап Қытайда оқыған қазақ жастары атамекен Қазақстанға кетуді ойластыра бастайды. қайта құру жылдарындағы кейінгі күрт өзгерген тарихи жағдайлардың соңы Тәуелсіздік алуға ұштасатынын іштей болса да сездік дейді ғалым.

«Қазақстан тәуелсіздік алардың қарсаңында Үрімжідегі бір топ қазақ жастары Тәуелсіздікті толғатып жүрдік. Айы-күні жақындап қалғанын сезетін едік, бірақ туар түрі көрінбейді. Қатты тағатсыздана күткен замандастарым бұл оқиғаны жақсы түсінеді. «Шіркін, осы азаттығымыз қашан болар екен», «қашан жариялар екен» деп күтумен күн өткіздік. Өйткені біз Қазақстан мен одақтас мемлекттердің сол кезеңдегі жағдайын ақпарат құралдары арқылы, халықаралық «Азаттық» радиосынан, Қытайдың радиосынан, Америка дауысынан күнбе-күн естіп отырдық. Әлі есімде, дәл тәуелсіздік күнін жариялайды-ау деген үмітпен желтоқсан айының ортасында Үрімжідегі менің үйіме жиналдық. Қымыз әкеліп қойып, азаттығымызды ақпен қарсы алайық дедік. Жариялаған қуанышты хабарды естіген кезде денеміз шымырлап мұздап кетті. Қарасам, кей жігіттердің көздері боталап, жастары сорғалап жылап отыр екен. Соны көріп бәріміз жылап алдық. Көзімізге жас келді. Қуаныштан болды. Сонда Олжас Сүлейменов алаңда «Қазақстан бүгіннен бастап тәуелсіздігін жариялады. Қазір Қазақстан – тәуелсіз ел. Жасасын, Қазақстан!» деп ұран шақырды. Ар жағынан шулаған, қиқулаған, қуаныштан айқайлаған адамдардың дауысы естіледі. Сол кезде радиодан «Қазір бізді Түркия мемлекеті ел ретінде таныды» деп айқай салды. Бұл өзі менің өмірімдегі өте тебіреніске толы сәттер болатын. Сол күннен бастап біз жер-көкке сыймай жүрдік, ендігі мақсат – қалайда жолын тауып Қазақстанға қарай қоныс аудару мәселесі.

Ол кезде екі ел арасындағы қарым-қатынас, әсіресе жекелеген адамдардың барыс-келісі әлі бір жүйеге түспеген кезі еді, көшіп кету мәселесі реттелмеген. Біз туысшылап келу визасымен Қазақстанға жетуге тиіс болдық. Онда да туысымыз жоқ, жоқ емес-ау, бар, бірақ олар республиканың бір қиырында, сонау Марқакөлде жатыр. Шеткері жатқандықтан, мынау абыр-сабыр әлемнен оқшау, не істеу, қалай жүргізуден хабар жоқ болатын. Оларды қалай әурелейміз?! Жанымдағы жігіттердің де бірен-саран аталас туыстары болса алыстағы ауылдарда, қарым-қатынас, алыс-беріс пен барыс-келіс болмағандықтан және олар да заманның қиын кезінде тап келген-ді. Екінші жағынан, Сыртқы істер ведомостволары Мәскеуден бөлініп, ірге ажыратпаған кезі, кейбір мәселелер әлі де Қызыл Кремльден шешілетін-ді, сондықтан арамыздан Шыңжаң пединститутының қазақ әдебиеті бөлімінің профессоры Армиябек Сағындық деген жігітті Қазақстанға жібердік. Ол Несіпбек Айтұлы, Қалдарбек Найманбаев сияқты ел ағаларымен кездесіп, бес отбасына Сыртқы Істер министрлігінің мөрі бастырылған шақырту қағазын алады. Содан кейін мен бес отбасының құжаттарын көтеріп, орталық Пекин қаласына жол жүріп, сондағы енді құрылғалы жатқан Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне кіріп, реттеуге кірістім. Сонда қызмет атқаратын Биғали есімді жігіттің қуанғаны, елшілікке келген ең алғашқы қазақ болыппын. «Және ол қазақ жай жеке бастың жұмысы емес, елдің қамы, көшем деп келген екен» деп еске алады кейін сол Биғали. Құжаттар бір аптадан соң, реттелді, Үрімжінің вокзалына барғанымызда, құдай-ау, ғимаратқа халық сыймай қалды. Олардың көзінен «шіркін, біз де кетсек екен» деген көзқарасты оқыдық. Бір нәрсе деп айтып жататын емес, тек қана қос жұдырығымды түйіп, жоғары көтердім. Мұның мәнісі – біз бір болуымыз керек, барлық қазақ жиналуымыз керек деген ишара болатын. Оларға қоштасу рәсімін осылай көрсеттім».

Босқындар мәселесі – аса қауіпті құбылыс

Әңгіменің әсерінен біз сағаттың 10.00. болғанын аңғармай қалыппыз. Өз өмірін осылайша көз  алдымыздан тізбектетіп өткізген тарихшы алдағы күндердегі қорқынышын, бойын билеген үрейінің неден боларын да жасырып қала алмады. Босқындар мәселесі іргеге келген, тәуелсіздікке төнген аса қатерлі қауіп екенін жеткізді.

«Менің қорқатыным: біз қызғыштап қорып жүрген Қазақстанды келешекте босқындар басып кете ме деген үрей. Қазіргі кезде босқындар мәселесі – әлемдік проблемаға айналды. Оның үстіне жаһандық қауымдастықтар осы босқындарға жәрдем көрсету, мәселесін шешу мақсатында жері кең, табиғи ресурсы мол, бірақ халық саны аз мемлекеттерге орналастыру үшін міндеттеуі мүмкін. Ондай бола қалған жағдайда біз бұдан шет қала алмаймыз. Қазақстан – босқындар ісі жөніндегі конвенцияға қол қойған мемлекет. 2009 жылы «Халықаралық босқындар туралы заңға» қосылыппыз. БҰҰ-дің босқындар туралы басқармасы бізде жұмыс істейді. Сондықтан осындай жағдайларға байланысты ойласақ, Қазақ елі келешекте араб әлемі елдеріндегі бүліктерден қашқан халықты, әсіресе, Сириядан қашқан-пысқандарды қабылдауы әбден мүмкін. Қазіргі кезде көзіміз жетіп отыр, Еуропаға ауған босқындар тартынуды, қымсынуды, бөтен ел-ау, басқа жер-ау дегенді білмейді. Оралман сүйтті, бүйтеді деп айтып-жазып жатады ғой, оның қасында ана босқындардың тірлігі сұмдық дегізерліктей. Барған жерін талқандап жүретін бүлікшіл олар не істемеді?! Франция, Германия секілді елдердің қарапайым тұрғындары босқындардан көп жәбір-жапа көріп отыр. Сондықтан біз Қазақстанға қоныс аударғысы келетін шетелдік қандастарымызды қарсы алуымыз керек, оларға тар пиғыл, жат ниет көрсетпеуге тиістіміз. Тарыдай шашылған, атасы бір қазақтың барлығын отанымызға түгел шақырып, жинауымыз керек. Уақыт бізден озып кетті, темірді қызған кезінде соғуды кешеуілдеттік. Қазақ ағайынға ақшамыз, басқа да материалдық мүмкіндіктеріміз болмай жатса, ең құрығанда құжаттандыру ісі өте жедел жүруі қажет деп есептеймін. Сірескен номенклатураның ескі жүйесінен шыққан, қазақ тілін мүлде білмейтін, пиғылы бұзық адамдарды мұндай шетін мәселемен айналысатын орындарға жібермеу керек. Осындай адамдардан зардап шекті көп қазақ. Құжаттар айналымының процестерінде әкіреңдік танытпай, әуре-сарсаңға салып қинамай, шып-шырғасын шығармай жұмылдыру жұмыстары едел-жедел жүргізілсе, босқындарды қабылдау қаупін азайтар едік. Бұл үшін алдымен сананы түпкілікті өзгерту қажеттігі туындайды. Қазақтың ұлттық саясатының мәселесінде сана ашықтығы, білімділік жоғары деңгейде көрінуі тиіс», – деп есептейді.

Әлемдік тарих Көшпелілер өркениетін мойындай бастады

Сағат 11.00. Ақбұлақ өзенінің бойымен жағалап отырып, үйге қарай аяңдай бастадық. Осы орайдағы әңгіменің өзегі тарихтың көне кезеңдерінде өзі бір өркениет құрған Көшпелілер өркениетінің қазіргі тарих ғылымдағы зерттелу жайы болды. Ғылымға белгілі үш компонентті бірдей сақтап жазудың пайдасынан әлемдік тарихқа Көшпелілер өркениеті енді, жазылып зерттелуде деген түрколог ғалымның пікіріне ішіміз жылып қалды.

«Біздің Қазақстан тарихнамасында дүниежүзілік тарих, аймақтық тарих және ұлттық тарих – осы үш компоненттің дисбалансы сақталмай отыр деп айтуымызға болады. Президенттің бір айтқан сөзі бар еді: «Біз Қазақстан тарихын, отандық тарихты  – әлемдік тарихтың аясында қарастыруымыз керек» деп. Яғни Қазақстан тарихын әлемдік тарихтан бөліп қарауға болмайды. Сол тұрғыдан қарастырыңыздар, сол тұрғыдан зерттеңіздер, сол тұрғыдан түсіндіріңіздер деген. Президенттің айтқанындай жүріп жатыр ма?

Елбасымыз осы жерде үлкен көрегендікпен сөз қозғап отыр. Қазақстан тарихын неге әлемдік тарих процесімен бірге байланыстыра қарастыруымыз керек? Себебі, Қазақстан басқа елдерге ұқсамайды, бұл әлемнің тұйық түкпірі емес. Әлемнің транзиттік жолындағы Қазақ даласы мәдени, саяси және экономикалық тораптардың қайнаған ортасында тұрған өткел дер едік. Тарихта солай болған, қазіргі кезде де солай. Ерте замандарда Қазақстан шығыс пен батысты жалғастыратын Жібек жолының басып өтетін дәлізі болды. Біреулер «Қытай мәдениеті Жібек жолы арқылы батысқа жетті» немесе «Батыстың мәдениеті, араб әлемі осы жол арқылы қытайға жетті» дейді. Енді қараңыз: бұл жерде тасымалдаушы фактор деген бар. Ол мәдениеттер байланысы өзінен-өзі жетпейді ғой, ортадағы мемлекеттердің дәнекерлігі арқылы, бір-бірімен байланыстырушы ролі арқылы іске асады. Венециядан шыққан саудагер Сиянға не Чананға бірден ұшып бармайды, қазіргідей ұшақ тасымалы жоқ, ол діттеген жерге жете алмауы мүмкін ғой. Жол ортада Қазақстан мен Орта Азияға жетеді, содан кейін шығысқа бет алады. Шығыстан шыққан мәдениет пен сауда, экономикалық мүдделер кіндік орта Қазақ даласы мен Орта Азиядан кейін батысқа жол тартқан.

Оның үстіне осыны айтып отырып тағы қателесеміз: екі тарапты байланыстырған Жібек жолы арқылы ғана биік мәдениетке жеткен секілдіміз. Осы ойға да абайлауымызға тиіспіз. Бұл жерде Орта Азияның өзінің ежелден бері адамзат мәдениетінің бесігі болғандығын ұмытып, естен шығарып аламыз. Өндіріс пен шаруашылықты ұйымдастырудың, мәдениеттерді қалыптастырудың өзінің тарихи алғышарттары бұрыннан-ақ пісіп жетілген. Мысалы, Сыр және Әмудария алқабы, Оңтүстік Қазақстан, Қашқария мен Тарым аңғарының бойы ежелден адамзат мәдениетінің бесігі болғанына 5-6 мың жылдар уақыт өтті. Адамдардың осы жерде өмір сүргендері жайлы деректер шығып жатыр. Темір құралдары мен түрлі дәнді дақылдар егіп өсірген тұрмыстық заттары мен мата тоқып, жіп иірудегі жабдықтардың табылуы – соның айғағы. «Жібектің өзі Қытайдан батыстан таралды ма, әлде осы өлкеден батысқа таралды ма?» деген сұрақ тарихтың күн тәртібінде тұр. Жібекке қатысты дүниелердің дені Тарым аңғарынан және Қашқария даласынан көптеп табылып жатыр. Ал Қашқарияның қазіргі өлшеммен қарайтын болсақ, шекаралардың кесірінен сыртта жатыр деген ұғым туады да, бізге бөтен деп өз ойымызды бөгеп тастап отырамыз. Біз қазір бір нәрсені ойлай бастасақ, қазіргі шекаралар, яғни ала бағандардың орналасуы тұрғысынан ойлайтын болғанбыз. Мына тұрған Қашқар мен Құлжаны, Үрімжі мен Тұрфанды айтар болсақ, «ой, ол Қытай ғой» деп сілтейтін халге жеттік. Бұл шекара деген тарих жөнінен алғанда шартты ұғымдар ғана. Ала баған деп отырғанымның мәні сонда. Тарихта ондай шекаралар болмаған, біртұтас этногеографиялық, этномәдени кеңістіктер ғана болған. Оның шекарасын сол тұрғыдан қарастырған. Ұлы Қорғанның оңтүстік беті Қытай болды да, оның солтүстігі, Әмудария мен Сарыарқаның жалпақ жазығы, біртұтас көшпелілер әлемі шекараларға бөлінген жоқ, Қыпшақ даласы деп аталды. Мысалы, Тұран мен Иран. Шекаралар осылай ғана бөлінді. Ал Еуропаның шекаралық жүйесі күні кеше ғана, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты. Мұны айтып отырғандағы себебім, Қашқария – біздің тікелей мәдени қарым-қатынас аймағымыз болған. Біз бір кеңістікте өмір сүргендіктен, алдымен осы Қашқария және Әмудария бойы, Ферғана өлкесімен тікелей байланысқа түстік. Өндірістік құрал-саймандарымыз, түрлі әшекей бұйымдарымыз, ыдыс-аяқтарымыз сол тараптан әкелетін еді. Ал бізден сол жаққа жететін тауарлар түрін мал және аң шаруашылығының өнімдері, бағалы заттар, асыл тастар түрлері қамтыды. Осы байланыс экологиялық байланыс секілді бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі жақындатып тұрды.

Бұрындары жалаң формада қазақтарды көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халық деп таныстырсақ, жаңа көзқарастар көрсеткендей, біздің мәдениетіміз тек қана көшпенді мәдениеттен тұрмайды. Отырықшы мәдениетпен де тығыз қарым-қатынаста болғанымыз жайлы толымды зерттеулер шығып жатыр. Бізді қамтыған, өмір сүрген аймағымыздың негізінен оңтүстігі отырықшы салт-санаға, болмысқа икемді болды дағы, отырықшы мәдениет пен көшпелілер әлемін бір-біріне қарсы қоймақ түгілі, бір-бірінен ажыратып қарауға мүлде келмейді. Мысалы, егінді немен жыртасың, қолмен бе, әлде жылқымен бе, мүмкін өгіз шығар. Сауданы түйемен жасайсың. Ал өмір бойы малмен айналысатын адамға не керек, ұн мен жем қажет. Олар оны қайдан табады? Біз бұл жағдайды механикалық тұрғыдан ғана қарастырып, екі әлемді бір-бірінен бөлеп қарауға үйреніп алғанбыз. Сыр, Әмудария, Қаратау мен Шу – біздің біртұтас этномәдени кеңістігіміз. Неге ғұндар, моңғолдар мен манжурлар Қытаймен дәуірлер бойы соғысып келді? Бұған әлем тарихшылары: «Бұлар солтүстік жабайылары теріскей тұстан келеді де, біздің дайындаған заттарымызды оңай өңгеріп алып кете береді. Бұлар лаңшылар, варварлар, тонаушылар» деп таныстырды. Ал шын мәнінде тарихшылардың үлкен қателігі – көшпелілердің шаруашылық үдерістерін жете білмегенінен, шаруашылық процестермен қоса климаттық өзгерістерден тұратынын білмегеннен. Қытайлар Хуанхэ бойындағы ғұндардың мекендеп келе жатқан қыстау-қоныстарын күшпенен тартып алады. Қонысынан айырылған халық қайда барады? Қытай қорған тұрғызып алды да, есікті тарс жапты. Ғұндар сыртта қалды. Не істеу керек? Олар осы жерде екіге бөлінді: бірі көне қоныстан айырылмауды көздеп, «қытай айтқан талаптарды орындап, өз жерімізде тыныш отырайық» десе, енді біреулері «жоқ, бұл – біздің атажауымыз, бұларменен ешқашан отаса алмаймыз, жаңа қоныстар керек бізге» дейді. Шығыс жақ теңіз, солтүстік қақаған қыс, суық, сондықтан олар Еуропаға жылжыған. Ғұндардың дәуіріндегі соғыстар, моңғолдар салған лаңдар, ойраттар мен манжурлармен болған шайқастардың барлығы да қоныстар үшін болғанын тарих айтады. Қажетті жылы жайлы қоныстарды іздеп табуға, ұзақ мекендеуге тиісті болды.

Қазір әлем тарихында Көшпелі өркениет деген ұғым пайда болды. Бұрын бұл айтылмайтын. Көшпелілер өркениеті – әлемдегі адамзаттың даму тарихында орын алатын өзгеше әлем. Мысалы, төрт түлік шаруашылығы. Оларды бағып-қағу, асырау және пайдалану тәжірибелері. Көшпелілер саналы түрде көшпелілікті таңдап алған. Көне түркілерді айтатын болсақ, оларға отырықша болып қалу түк те емес, бол десе болар ма еді, бірақ көшпелі өмір соларға ұнайтын. Жақсы көретін. Романтик халық табиғатты, таза ауаны және қозғалысты жанының қалауы еткендіктен, олардың поэтикалық ойлау жүйесі күшті дамыған. Ауыз әдебиеті ерекше дамыған. Тас әрі бас кітабымыз «Күлтегін» ескерткіші тұнып тұрған өлең ғой, поэзия! Бірақ барынша тарихи деректі сөйлеткен ұлы ескерткіш».

Тарихи ескерткіштердің кешенін қалыптастыруымыз керек-ақ

Сағат 12.00. Күлтегін ескерткіші орнатылған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас корпусының алдында тұрмыз. Оқу ғимараттарының арасына жол тартқан студенттердің қарасы едәуір екен. Осы орайда «тарихты қалай оқытамыз, қалай оқытуға болады, жазылып, зерттеліп жатқан дүниелерімізді келешек ұрпақ оқи ма?» деген сауалдарға тәжірибелі ғалым жауап берді.

«Тарихты жазып, жай айта бергеннен оның түбіне жетпейміз. Оны бүгінгі күнмен, қоғаммен бірлестіріп, байланыстыра зерттеп, жас ұрпақтың санасына сіңіруді ойластыруымыз керек. Қазір кітап оқитын ұрпақ азайып келеді. Аға буынның көз майын тауысып жазған дүниесін кейінгі ұрпақ оқымаса, онда біз кімге және не үшін жазып жатырмыз деген ойға келсем, сұмдық шошимын. Компьютер заманында өмір сүргеніммен, бетпе-бет келгеніммен, мен кітап оқу мен қағазға жазуды қойған емеспін. Мұның астары мынада, ақ қағаздың магиясы бар. Бұрын үлкендер қағазды құран сөзі жазылатындықтан шынайы құрметтейтін. Тек құран сөзі ғана емес, онда ғылым сөзі қатталатындықтан да, абайлап жазатын дүние деп есептеймін. Киелі сөздер түсетіндіктен ақ қағазды қадірлеймін. Қабдеш аға да «Ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» деп бекер жазған жоқ. Осы сөздің мағынасы терең. Қазір баспасөз беттерінде бірін-бірі сөзбен төмпештеп жатқан, бірінің бірі жебіріне жетіп жатқан, жоқ нәрсені бар етіп айтып жатқан, бірін-бірі күстаналап жатқан адамдар қаншама. Кітап болса бәрін бұлжымас ақиқат ретінде танитын болды бұл қоғам.