Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа мақаласына орай қоғамда сан алуан пікірталастар өрбіді. Әсіресе латын қарпіне көшу бойынша ғалымдар түрлі көзқарасты ұстанады
Амангелді Айталы, философ:
Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің ахуалы қалай болмақ деген мәселе қоғамда қызу талқылануда. Қазақстан ғалымдары латын әліпбиіне көшкен Түркия, Әзербайжан және Өзбекстанның ащы сабақтарын жасырмай алға тартып жатыр. Оларды жинақтасақ мыналар:
1. Күні бүгінге латын әліпбиіне 1928 жылы көшкенмен, әлі де түрік тілінің дыбыстық қорындағы бірқатар дыбыстарды таңбалайтын әріптер түріктер әліпби жүйесіне енбей қалған. Өзбектерде де ондай мәселе бар.
2. Әзербайжан, өзбектерді айтпағанда, түріктер сан ғасырлық араб графикаларына негізделген рухани мұраларын пайдалана алмай отыр.
3. Балалар әдебиеті тапшы.
4. Ғылыми әдебиет кирилл графикасында жазылған.
5. Мұғалімдер дайындау мәселесі өз алдына үлкен проблема.
6. Жекеменшік мекемелер іс-қағаздарын латын әліпбиіне көшіруге асықпайтын сияқты көрінеді.
7. Орыс мектептерінде, мысалы, Өзбекстанда, кирилл жазуымен білім береді.
8. Өзбекстанда латын әліпбиінде оқитындар азайған соң, ұлттық баспасөзге де сұраныс азайған. Ол әсіресе орта жастағылар мен үлкендер арасында.
Түрік ұлты болса, бодан емес, билеуші, отарлаушы ұлт болған, олардың психологиясы бөлек, ана тілі бәріне ортақ. Азербайжандар мен өзбектер де ана тілдерін толық меңгерген ұлттар.
Қазақстандағы жағдай өзгеше. 2009 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың 98,3% ауызекі тілді түсінеді, 95,4% еркін оқиды, 93,2% еркін жазады деп көрсеткен. Өз басым осы деректерге сенбеймін. Марк Твен айтқандай, өтіріктің үш түрі бар: «жай өтірік, арсыз өтірік және статистика». Бұл жерде этнопсихологиялық факторларды ескеру жөн. Кейбір санақшылар бірқатар қазақтардың қазақ тілін білмесе де, білем деп көрсетуді талап еткенін айтады. Неге олай? - десе, «тіл білмегесін мені орыс деп жазасыңдар, ал мен орыс болғым келмейді» деген. Болмаса «қазақ тілін білмейтіндер көп демесін» деген ой айтқан. «Қазақ тілін білмесем де, оны білмейтінімді мойындауға ұялдым»,- дегендер бар. Сондықтан да қағазда барлығы да аман-сау, теп-тегіс. Тіл саясаты жемісін беріп жатыр деуге де жақсы. Сөз жоқ , тіл саясаты азды-көпті табыстарға қол жеткізді, бірақ әлі де өмірде қазақ тілін меңгермеген қазақтар аз емес, ол тілге сұраныс туғызылып отырған да жоқ. Оны міндеттейтін заң әлі жоқ, болмайтын да сияқты. Бүгін қазақ негізінен екі тілді ұлт болып отыр, ал мемлекетімізде орыс тілі басым.
Әлімхан Жүнісбек, тілші ғалым:
Мен латын графикасын тек осы төл дыбыстар үшін ғана құрастырған едім. Ондағы ойым, алдымен қазақ сөзінің үндесім әуезіне лайық әліпби үлгісін дайындап алу болатын. Ондай әліпби, егер қазақ тілінің қамын шын ойласақ, бөгде тілдің дыбыс-таңбасынан арылған таза, қоспасыз болу керек.
Ал өзге орыс тілінен енген кірме дыбыстар мен таңбалар жайын, басқа амалдың жоқтығынан, өз алдына шешу керек деп, екінші кезектегі мәселе ретінде ескертіп отыратынмын. Және оның үлгісін алыстан іздемей-ақ, орыстардың өздері көрсетіп отырғанын да еске салып қоятынмын.
Сонда бүгінгі қазақ әліпбиі дербес-дербес екі бөліктен тұрады. Төл әліпби өз таңба құрамы және еміле-ережесімен, ал кірме сөздердің жазылуы өз таңба құрамы және еміле-ережесімен тізбектеледі. Өйткені олардың үйлесім тауып, бір шаңырақтың астында басы бірігуі ғылыми тұрғыдан да, қолданба (практикалық) тұрғыдан да мүмкін емес. Кестеде тек ұлттық әліпби тізімі тұрады, кестенің сыртында кірме дыбыстардың жазылым еміле-ережесі мен үлгісі беріледі. Бұл – амал жоқтан болып жатқан іс.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Бұның артында үлкен саясат және үлкен экономика жатыр. Үлкен саясат дейтініміз, Қазақстан ерте ме, кеш пе, детоталитаризация және деколонизация үдерістерін өзінің басынан өткізуі керек. Рухани құлдықтан шығудың, Ресейдің ықпалынан шығудың бірден-бір жолы, жалпы түрік халықтарымен бірге болудың бір үлкен жолы – ортақ әліпбиде жүру.
Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі – алдымен қазақтың шаруасы. Орыс тіліне, орыстың мектебіне, басқасына бұның ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан бұл мәселені тым саясиландырмай, шын өзіміздің ұлттық мүддемізден туындайтын осындай қадамдар жасауымыз керек.
Менің түсінігімде, Өзбекстан тәжірибесі аса мәз емес. Кем дегенде Әзірбайжан сияқты мемлекеттердің осындай үлкен қадам жасағанын ескеру керек. Біз де ХХ ғасырдың өзінде 2-3 рет әліпбиді ауыстырдық. Сол тәжірибенің бәрін зерттейтін үлкен орталық ашып, сонда 2-3 жыл бойы барлығын саралап, бүгінгі заманға лайықты әліпбидің нұсқасын жасап, жүйелі түрде үлкен саяси шешіммен, жігермен іске асыратын болсақ, қазақ ұлты ол тұрғыдан ұтылмайды. Керісінше, ұтады.
Қазақтың латын әрпіне көшуі – кем дегенде бүкіл ұлтты бір күнде партаға отырғыза алатын жағдай. Яғни, бәріміз қайта жаза бастаймыз, қайта үйренеміз. Сол арқылы тілді білмеген азаматтардың өзі де қатарға қосылып, бізбен бірге үлкен жетістікке де жетуге болады. Өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін.
Әзімбай Ғали, демограф:
Латын жазбасына қазақтың тілінің өтуі – қазақты орысшаға өтуді мәжбүрлеу. Үштұғырлы тіл және латыншаға өту – Кремльдің бізге күштеп отырған саясаты, мақсат: қазақты орыстың тіл кеңістігі мен пропагандистік ықпалда қалтыру. Нысаналы және кешенді соққылар түбіне жетеді. Қазақ тілі әрі де жеңіле береді. Кейін тағы алфавит өзгертпек болады. Алфавит өзгерту қазақ тілін жеңудің жеңіл жолы бола қалды. Қоғамдағы маңызды мәселелер талқылаусыз қалады. Қазақ тілін өзін күшейтуге жұмсалатын уақыттан ұтылады. Қанша қаржы далаға кетеді? Бұл – қазақ тіліне қарсы диверсия.
Естеріңізге алсаңыз, біз арабица да болдық 1929 жылға дейін, содан кейін латиницаға ауыстық, кейін кириллицаға ауыстық, қалай ауыстық, солай кезіндегі көп жазбалар оқусыз қалды. Содан арабицадағы мен латиницадағы жазылған әдеби мұра далада қалды. Енді барлық бұрынғы мәдени мұра жоқ болды. Солай біз қазақты адастырдық. Қазақша құжат айналымы азаяды, себебі латинницада жазылған құжатты түсіну қиын болады. Орысшасын оқитын боламыз. Ол қазақ тілін шегіндіреді.
Біздің түпкі мақсатымыз қазақты қазақтандыру еді, кириллицаны бәрі біліп қазақтандыру мүмкіншілігі көбірек еді. Енді орыс тілді қазақты латиницадағы қазақшаға үйрету қиындау тиер. Бізге латиница емес, тиянақты мемлекеттік тілі керек, егер де алфавит айтыстырсақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру мүмкін болмас. Себебі көп қазақ латинницаны игергенше тағы уақыт керек болады.
Сейітқали Дүйсенов, тарихшы:
Мемлекет басшысы қоғамды жаңғыртуда Батыс елдерінің үлгісіне көзсіз еліктемей, халықтың рухани кодын сақтап, дамыта отырып ұлттық санамызды жаңғыруға шақырады.
Менің түсінігімше, ұлттық кодты ұлттық тарихымыз туралы қалыптасқан түсінігіміз, ұлттық мәденеитіміз, салт-дәстүріміз және әдет-ғұрпымыз құрайды.
Елбасымыз: «Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атауы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышартына айналдыра білу қажет» - деген ойды алға тартады.
Қазіргі қоғамда Қазақстанның үшінші жаңғыру идеясына, жаһандық әлем құбылыстарымен мүлде қабыспайтын ұлтымыздың біртұтастығының нығаюына қолбайлау болып отырған рушылдық, жершілдік т.б. кертартпа әдеттер кедергі болуда. Мемлекеттік қызметте әртүрлі деңгейдегі басшылардың ашық болмаса да өз руынан, туған жерінен шыққан жақын-туыстарын, жерлестерін, сенімді таныстарын командасына тарту әрекеттерінің бары ешкімге құпия емес. Бұл заңға да, қарапайым адамгершілік қағидаларына да қайшы әрекеттер.
Менің ойымша Мемлекет басшысының бұл мақаласы, ең алдымен Қазақ елінің иесі, барлық этностарды ұйыстыратын қазақ ұлтына арналған, оның бойындағы қазіргі заман талабына үйлеспейтін зиянды әдет-ғұрыптарға қарсы бүкіл ұлт болып күресуге шақырған, ұлттық санамызды жаңғыртуға шақырған үндеу деп қабылдаған жөн сияқты.