«Тамыры терең туған жер» көрмесі ашылды
01.03.2019 2000
Бүгін Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану муражайы мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы «Тамыры терең туған жер» атты көрмесінің ашылуын өткізді

«Тамыры терең туған жер» экспозициясының басты мақсаты – келушілерді тарихи-мәдени маңызы бар, ғылыми құндылығы бар қолжазбалар және сирек, құнды кітаптармен таныстыру, сондай-ақ Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының кітап мұрасын насихаттау жұмысын қолға алу.

 

 

Тұсаукесердің салтанатты сөзін қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есім бастады:

- Құрметті әріптестер, сіздер елге қызмет етіп жатқан сондай тамаша іздемпаз ғалымсыздар. Павлодар мұражайы өзінің біраз экспонаттарын әкеліп көрсеткен екен. Ол дұрыс, сіздің еңбектеріңізге үлкен рақмет.

Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасқан уақытта идеологиясы мен саясатын жөндеді. Сонда сол мемлекет болуының бір факторы дін болған. Ислам діні екі қызмет атқарды: ағартушылық пен ойшылдық. Исламды насихаттаушылар бұрынғы заманда міндетті түрде бірінші мешіт, қасында халал монша, кейін медресе салады. Адам моншадан тазарады, медреседе тілін сындырады, сосын мешітте ниет етіп намазын оқиды.

Осыған қатысқан адам міндетті түрде тағы да үш кісіні алып келуге тиіс: моншаға алып келіп, мешітке алып келіп, медресеге алып келіп тілін сындыруды. Ол тағы да үш адамды алып келуі міндет. Осылайша бүкіл жұрт оқиды. Ол мәселе барлық жерде болған.

Батылырақ, жігіттер, батылдау кірісу керек. Тарихқа батыл кіру керек. Сонда еліміздің тарихы байып келеді. Шекарамыздан шыққан байлар, билер, тұлғалар, ақсақалдар, молдалар, ишандар – неге оларды жасырамыз? Сондықтан жасап отырған шараларыңыз өте жақсы, көңілімнен шығып отыр. Рақмет.

 

 

Экспозиция үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көрме келушілері мұражай қорынан Павлодар Ертіс өңірінің тарихы туралы деректермен танысады. Бұл жерде «Әбілқайыр ханның канцлер Головинге жазған хаты», «Сібір комитетінің Коряков станицасын штаттан тыс қала дәрежесін беру және Павлодар деп атау туралы жарлығы», «Ямышев бекінісі жоспары» фотокөшірмелерді көруге болады.

XIX ғ. Павлодар-Ертіс өңірінің тарихы мен этнографиясын зерттеуде Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Мұса Шормановтың (1818-1884) еңбектері ерекше маңызға ие. Көрмеде М. Шормановтың жеке заттары, фотосуреттері және мақалаларының көшірмелері ұсынылады.

 

 

«Объективте Павлодар-Ертіс өңірі» бөлімінде Д.П. Багаевтың Мемориалдық үй мұражай қорынан алынған материалдармен танысуға болады. Көрмеде Д.П. Багаевтың қолжазбалары, фотосуреттері ұсынылған. Сонымен қатар, Павлодар өңірінің атақты жерлестер – ғалымдар, жазушылар, мемлекет қайраткерлерінің қолжазбалары, кітаптары және жеке заттары көрмеде өз орындарын тапты.