Жастар жылы жайлы жиын
29.01.2019 2589
2019 жылды Еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев жастар жылы деп жариялағаны бәрімізге мәлім. Кез келген елдің, ұлттың болашағы, қозғаушы күші білімді жастар екені даусыз

Жастар жылын жариялаудағы мақсат – жалпы халық санының 23 %-ын құрайтын жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, білімін жетілдіру, бос уақыттарын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, рухани құндылықтарға тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстануға баулу, біліктілігін арттыру және бәсекеге қабілетті болуға дайындау. Бұл жолы да қазақ жастарының ғылыммен айналысу, шетелдерде білім алу ісі басты жолға қойылған.

Биылғы жылдың 24 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде директордың міндетін атқарушы А. Нұразхан басшылығымен жастар жылына арналған жоспарлармен және ұсыныстармен бөлісу мақсатында музейдің жас қызметкерлерімен кездесу өткізілді. Алмас Шайкенұлы өткен тарихи оқиғаларға көз жүгірте отырып, ең алғашқы жасалған 1996 жылғы жолдаудан бастап сөз қозғады. Біздің еліміздің жас әрі дамыған және білімді де дені сау ұрпақтарымен әрі қарай дами түсетіндігіне сенім білдірді. Жастар жылында қазақ жастарына Елбасының сенім артып отырғанын, көп үміт күтетінін және де жастар болып сол сенімді ақтап, жауапкершілікті сезіну керектігімізді айтты.

Сонымен қатар, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейіне 5 жыл толуына орай біршама шаралардың жоспарда бар екендігін және оларды жүзеге асыруда жастардың ат салысып қызмет етуі керектігін, жастарға сенім білдіретінін атап көрсетті. Жалпы Қазақстан жастарының тұрмыс-салты мен білім алуында кездесетін негізгі мәселелердің түйіндеріне тоқталып өтті. Жиынға қатысқан жас қызметкерлер де өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Олардың бірқатары: жаңа технологиялар қажеттілігі, музей мәселелерін шешу жолында Қазақстан жас музейшілер форумын ұйымдастыру, «Жайдарман» көңілді-тапқырлар клубына ойындарына Ұлттық музей атынан құрама топ дайындау, Музейдің жастар ғылыми қоғамын ашу, сонымен бірге музей қызметін ілгерілету үшін жастар болып бір-бірін ауызбіршілікпен болашақта бөтетін іс-шараларға ат алысуға шықырды. Қазақстан Республикасы Ұлттық музей жастары атынан Ел президентіне, сенім артып жарияланған жастар жылын қуанышпен қарсы алып,  қолдау білдіріп, жауапкершілік пен  белсенділік танытатынымызды айта отырып хат жазылып, қол қойылды.

Әйгерім ОРАЗБАЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі

Жазба ескерткіштерді зерттеу секторының сарапшысы