Желтоқсан – Тәуелсіздіктің рухы
13.12.2018 2253
Бүгін мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында, Желтоқсаншылардың қатысуымен іс шара өтті.

Іс-шараны «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені» МКҚК және Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «ҚаҺармандар» және «Тәуелсіздік таңы – желтоқсан» Республикалық Қоғамдық қорлары бірлесіп, Ақмола ауылы, «Саяси  қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР»  мемориалды-мұражай кешені» ұйымдастырып отыр.

Шараны өткізудегі мақсаты: Өскелең ұрпақты ұлттық сана-сезімге және патриотизмге тәрбиелеу. Азаматтық позицияны қалыптастыру, өз Отанына және оның халқына деген мақтанышты сезіну.

Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте қалдыру жөніндегі «Каһармандар» және «Тәуелсіздік таңы - желтоқсан» Республикалық қоғамдық қорларының мүшелері: Құрманғазы Айтмырзаев, Нұрлан Есқалиев, Гүлжамал Байменова, Асқар Сағнаев, Гүлден Сәдуақасова және т.б. сол уақыттағы оқиғалар естеліктерімен бөліседі және іс-шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.

Іс-шара аясында ұзақтығы 40 минут «Желтоқсанның асықпаған ақиқаты немесе бес комиссия мүддесі» деректі фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылады.

Фильмнен соң Ақмол аулынының №5 орта мектептің оқушылары өздерінің өнерлерін ер жүректі хаҺарман аға-әпкелеріне паш етті.

Шара соңында Желтоқсан батыры Айтмұрза Құрманғазы «NDH» порталына тәуелсіздікке бастаған ұлы толқуға қатысты естеліктерімен бөлісті:

– Желтоқсан оқиғасына қандай жағдайда қатынасқанымды айта кетейін. Ол кезде Алматы қаласында «театр және көркем сурет» институтында «актер» мамандығы бойынша сабақ алып жүрген болатынмын.  16 жыл театрда қызмет істедім. Мен тек желтоқсан көтерілісіне қатысып қана қойған жоқпын, сол көтерілісті ұйымдастырғандардың бірімін.

Қазақстан бойынша, ресми құжаттармен бекітілген 4 адам бар екен, олар:Иманғожаев Бақтыбек, Сейтімбетов Үсіпхан, Кәнетов Аманбай және мен. Осы төрт жігіт түнімен Алматы қаласын аралап, барлық жоғарғы оқу орындарына барып, «Киров заводының» жатақанасындағы ұл-қыздарды көтердік. Жатақханаға келіп, ұрандар жаздық.

Таңертең жатақхана алдында студенттерді қаз-қатар тізіп қойып, алаңға барғанда қандай талаптар қоятынымызды айтып, еліміздің болашағы үшін барлығымыз алаңға шығу керек екендігін айтып, үгіт-насихат жүргіздік. Одан кейін жағдай барлығымызға белгілі. Алапат арпалыс басталды. Тергеу. Қудалау. Ең алғашқылардың бірі болып ұсталдым. Жеті айдай тергеу жүргізілді. Мордовиядағы абақтыда үш жылдай уақыт отырдым. Кейіннен 1989 жылы қылмыс құрамы белгілерінің болмауымен Жоғарғы соттың шешімімен еркіндікке шықтым.

Елге оралғансоң, Павлодар облысында Ж.Аймауытоватындағы Қазақ драма театрының іргетасын қаладық. Қазіргі таңда Астана қаласындамын.