Мемлекеттік сыйлық иегерлері анықталды
07.12.2018 2459
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы қаулысы жарияланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның ұсынымдарын қарап, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы:

1) ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке – «Алқоңыр дүние» өлеңдер мен балладалар  жинағы үшін;


2) авторлар ұжымына: Төлеубек Нығметұлы Әлпиевке, Алан Асқарұлы Бөрібаевқа, Сүндет Әбдірахманұлы Байғожинге, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының шығармашылық ұжымына қатысушыларға – «Абай» операсы (Л. Хамиди, А. Жұбанов) үшін;


3) авторлар ұжымына: Ақан Қарғамбайұлы Сатаевқа, Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваға, Тимур Қазбекұлы Жақсылықовқа, Алтынай Бауыржанқызы Нөгербекке, Әділ Ералыұлы Ахметовке – «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін;


4) ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы Бақтыгерееваға – «Ана сыры» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін;


5) ақын Өтеген Оралбайұлы Оралбаевқа – «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін берілсін.

2. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2018 жылғы 28 қараша

№ 794

Сыйлық иегерлері туралы анықтама: 

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – 1953 жылы 20 шілдеде бұрынғы Семей облысы, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы құрамындағы Абай ауданы жерінде, Шыбынды өзенінің бойында дүниеге келген. 1993 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1993-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы Семей облыстық бөлімшесінде жауапты хатшы. «Ақшам хаттары» («Жалын», 1993, Алматы), «Ырауан» («Атамұра», 2000, Алматы), «Алқоңыр дүние» («Фолиант», 2014, Астана), «Бесінші маусым жұпары» («Атамұра», 2017, Алматы) атты жыр жинақтарының авторы. 1990 жылы жазба ақындардың тұңғыш республикалық мүшайрасының бас жүлдегері. Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, 2001 жылғы Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының лауреаты болды. 2007 жылғы республикалық «Абай әлемі» байқауының «Поэзия номинациясы» бойынша лауреаты. 2010 жылы өткен Халықаралық «Шығыс шынары» атты мүшайрада 1-орынды иеленген. Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшайрасының Грант При иегері.

Ақұштап Бақтыгереева – ақын. 1944 жылы 23-тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайықта туған. Қазақтың жайықтың ақ шағаласы атанған ақын қызы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2012), "Алаш" Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы (2017), Құрмет орденінің иегері (2005).

Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген (1966). Облыстық “Орал өңірі”, республикалық “Қазақ әдебиеті”, “Жұлдыз” басылымдарында, “Жазушы” баспасында қызмет істеген. Тұңғыш кітабы “Өрімтал” (1967), кейіннен “Наз” (1969), “Қуанышым, іңкәрім” (1971), “ Сені ойлаймын” (1973), “Аққанат” (1975), “Бақыт әні” (1978), “Жайық қызы” (таңдамалысы 1980), “Белокрылая” (1981), “Ақжелең” (1985), “Сүмбіле” (1990) кітаптары шықты. Оның азаматтық үні “Трибун-ақын”, “Ақ Жайықтың көз жасы”, “Елдің елдігі — бірлігі”, “Оралдағы ойран” сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры, т.б. мәселелер ақын поэзиясының арқауы. Бақтыгерееваның шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді. Оның өлеңдеріне Ө. Бәйділдаев, Қалдаяқов, Т. Бақтыгереев, т.б. ән жазған.

Өтеген Оралбайұлы – ақын, публицист, Мәдениет және қоғам қайраткері. 1952 жылғы 1-ші қыркүйекте Атырау облысының Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылына қарайтын Ақмешіт деген жерде туған. 1974 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетін бітірген. 1974-1976 жылдары Маңғыстау облыстық Телерадиостудиясында және облыстық газетінде редактор, тілші болып жұмыс жасаған.

1978 жылдан КСРО журналистер одағының, 1986 жылдан КСРО жазушылар одағының мүшесі. 1978 жылғы республикалық «Жігер», 1980 жылғы Бүкілодақтық поэзия фестивалінің лауреаты, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері. 1976-1994 жылдары «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Дала дидары» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан журналистика Академиясының академигі (2010 ж.). Қажы (2011 ж.). 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Комитеттің жауапты хатшысы болып қызмет атқарған.

Жыр жинақтары: («Тұңғыш» 1978 ж., «Мәңгілік қозғалыс», 1980 ж., «Жұлдызды шақ», 1982 ж., «Көгілдір көкжиек», ұжымдық, 1984 ж., «Ақ пен қара», 1988 ж., «Аспаны биік атажұрт», 1997 ж., «Екімыңжылдық дала жырлары», антология, 2008 ж., «Өлеңбаян» 2 томдық, 2008 ж., «Сүмбіле саздары», 2010 ж., «Қағбаның қарлығаштары», 2012 ж., «Айсұлудың алақаны» 2016 ж., «Шуақты шақ» 2016 ж.

Әлпиев Төлеубек Нығметұлы – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры директорының бірінші орынбасары. 1948 жылы дүниеге келді. Мәскеу консерваториясы жанындағы П.Чайковский атындағы музыкалық училищесі (1964) мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын скрипка сыныбы бойынша үздік бітірген (1977).

Еңбек жолын 1970 жылы Фрунзе қаласында Қырғыз КСР Телевидение және Радиосы симфониялық оркестрінің әртісі болып бастады. 2016 жылғы 28 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін – «Астана Опера» МОБТ директорының бірінші орынбасары.

Алан Бөрібаев — әйгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көптеген еуропалық конкурстардың жеңімпазы. 1979 жылы Алматы қаласында туған. Күләш Бәйсейітова атындағы Республикалық музыкалық колледжді скрипка класы бойынша бітіргеннен кейін, опералық - симфониялық дирижерлік (профессор Т.Әбдірашевтің класы) және скрипка (профессор А. Мұсақожаеваның класы) мамандығына Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. Оқуын Қарағанды филармониялық оркестрінің екінші дирижері мен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық академиялық оркестрінің шақырылған дирижері қызметтерімен ұштастырады.

Халықаралық байқаулар мен фестивальдар дипломанты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестріне, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының оркестріне, "Солистер Академиясы" Мемлекеттік камералық оркестріне дирижерлік етті. Бүгінгі таңда Ирландия елінің Ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі қазірде Еуропалық оркестрлермен жұмыс атқарады. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нидерланд елінің Брабанд оркестрінің бас дирижері.

Сүндет Әбдірахманұлы Байғожин (1984 жылы 13 наурызда Қостанай облысы Арқалық қаласында туған) — әлемге танымал қазақстандық опера әншісі (баритон). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011). Астана Опера театрының жетекші әншісі.

Сүндет Байғожинның репертуарында көптеген опералар бар: Марсель («Богема» Дж. Пуччини), Онегин («Евгений Онегин» П. Чайковского), Малатеста («Дон Паскуале» Г. Доницетти), Леско («Манон Леско» Дж. Пуччини), Шарплес («Мадам Баттерфляй» Дж. Пуччини), Алеко («Алеко» С. Рахманинова), Анет баба («Калкаман-Мамыр» Б. Кыдырбек), Оспан («Камар сулу» Е. Рахмадиева), Кокбай («Абай» А. Жубанова, Л. Хамиди), Ризничий («Тоска» Дж. Пуччини), Кожагул, Жиенкул («Біржан-Сара» М. Тулебаева), Креспель, Лютер («Сказки Гофмана» Ж. Оффенбаха), Доктор Гренвиль, Барон («Травиата» Дж. Верди), Граф Чепрано («Риголетто» Дж. Верди) және т.б көптеген шығармалар бар.

Ақан Сатаев (23 желтоқсан 1971 жыл, Қарағанды, ҚазКСР, КСРО) —Қазақстан кинорежиссёрі, актёр, продюсер.

1994 жылы Алматы қаласында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін бітірді. Оқуды бітірген соң екі көркем фильмге түсті. Сол кездері режиссёр, продюсер ретінде жарнамалар түсірумен айналысып үлкен табысқа жетіп, 300 жарнамалық роликтер шығарумен қатар бірнеше "Алтын Жұлдыз" сыйлықтарын иеленді. 2003 жылы «Sataifilm» студиясының негізін қалады.