Автономия ақиқатының астары
07.11.2018 2137
«Алаш туы астында» деректі фильмінің Астанада алғашқы таныстырылымы өтті

«Алаш туы астында» деректі фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлесе «Ел» продюсерлік орталығы түсірген. Министр А. Мұхамедиұлы фильмнің Алаш автономиясының мен ұлттық үкіметінің 100 жылдығына арнайы дайындалғанын, бүгінгі көрсетілімнің айтулы оқиға екенін айтты.

Фильмнің жұмыс тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург пен Мәскеудің Кремлінде, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.

Фильмді көруге келген жұрттың қарасы мол. Деректі туындының сценариін жазған және жүргізушісі Болат Мүрсәлім фильмді жазуға шақырған «Ел» продюсерлік орталығының директоры Ғалым Доскенге алғысын айта келе,  тамашалауға келген Астана тұрғындарына айрықша ризашылығын білдірді.

Деректі туынды «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» секілді үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде 1890-1916 жылдардағы тарихи оқиғалар қамтылған және алғашқы еуропалық білім алған қазақ оқығандарының қызметі жайында кеңірек баяндайды. Бұл шақтағы қазақ оқығандары қара таяқтар деп аталып, ел өмірі мен қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүргенін тарихи деректермен дәлелдейді. Ғаспыралы арқылы қазақ даласына енген жәдиттік ағым, дін және демократия, мемлекет ісіне қазақ жастарының тартыла бастауы секілді құбылыстардың аражігі ашылып көрсетілді.

«Жарияланбаған автономия» туралы екінші бөлімнің негізінде сценарий авторы Болат Мүрсәлімнің «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған мақаласы даулы пікірталасқа себеп болды. Бұл тұжырымды бұрыннан айтып қалыптастырып жүрген көрнекті тарихшы Мәмбет Қойгелдиев жарияланбауының себептерін тар заман мен қанша тырысқанымен берілмеген мүмкіндікпен түсіндіреді. «Яғни Алаш автономиясын жариялауға шешім шығара салу оңай болғанымен, Әлихан Бөкейхан бастаған ел көсемдері әскер құрмайынша мұның зардабы жойдасыз зор болатынын түсінді. Территориялық тұтастық пен қауіпсіздік мәселесінде қазақтарды құртып жіберуге қазақ даласын торлап алған казактардың өздері жетіп жатыр» дейді ғалым. Деректі фильмде «1917 жылдың 13 желтоқсанында құрылған Алаш Орда ұлттық үкіметі 1920 жылдың көктемінде таратылды» делінген. Көптеген алаштанушылардың ойы жариялау туралы бір жапырақ қағаз болмаса да (архивтен табылуы мүмкіндігі жоғары), автономиялық шарттардың түгелі орындалып қызмет еткен заңды, легитимді автономия болғанын алға тартады. Үкіметі құрылып, жүйелі жұмыс істеп, әскер жасақтау үшін аянбаған, мемлекеттік рәміздері орындалып, кіндік қаласы айқындалған және, ең бастысы, өзімен теңдес автономиялық үкіметтермен тізе қосып қатар жұмыс атқарған тарихи құбылыс екенін ешкім жоққа шығармас. 1918 жылдың  8-23 қыркүйегі аралығында Уфа қаласында мемлекеттік мәжілісте Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті.

«Қатерлі өткел» бөлімінде Алаш қайраткерлерінің басына төнген зауал, идеяның жалғастығы, түрме азаптары мен қуғындау, репрессия кезеңімен сабақтастырыла баяндалды. Алаштың кейінгі толқыны ретінде тарих сахнасына көтерілген С. Сәдуақасов пен С. Қожановтардың ерлігі алдыңғы аға буынның ізін жалғағанын көрсетті.

Фильмнің шынайылығы, жұмыс тобының тарихи орындарға барып, айтулы оқиғалар өткен жерді негізге ала отырып баяндауында. Сол заман сипатын көрсету үшін бұл жақсы эффекті беретіні айқын. Сонымен қоса әр бөлімде жүргізушінің тарихи тұлғалар тұтынған заттарды ұстап, киімін киіп шығуы да тартымды ете түседі. Құлаған шаңырақты жұрттан тауып алатын атты қазақ азаматының оны кадрлар бойы ұстап жүріп, ақырғы сәтте бақан алып көкке көтеретін тұсы да әсерлі шыққан. Ең тартымдысы, әр қилы көзқарастағы алаштанушы  ғалымдардың (М. Қойгелдиев, Т. Жұртбай, Д. Қамзабекұлы, С. Жүсіп) сан алуан пікірін  бере отырып, олар айтқан шындықтардың арасынан әркім өзі ақиқатты тауып алсын дегендей ой тастауы. Фильмде шашыраңқылық жоқ, жүйелі, жинақы әрі әсерлі. Музыкалық қабысу, сюжеттер үйлесімі, кейіпкерлер бейнесі, сөйлеушілер пікірі орынды беріліп, дұрыс ескерілген. 

Фильмнің соңында Алаш идеясына қатысты тұжырымдарын айтқан академик  М. Қойгелдиев пен профессор Т. Жұртбай «Алаш идеясы – тәуелсіздік мыңжылдықтар бойы жасай беретін болса, онда ең соңғы қазақ өлгенше бірге болатын мәңгілік идея» деп аяқтайды.