Бітіг тастың білгірі 70 жаста
19.05.2017 2126
Қаржаубай Сартқожаұлының есімі әлемдік түркология ғылымының тарихында ойып тұрып орын алды. Өзінің барлық снаалы ғұмырын көне түрік жазуын зерттеуге жұмсаған қадірлі ғалым биыл 70 жасқа толды

Қазақ халқы өзінің тәуелсіздік жолында өткен тарихын ұмытпай, алға ұмтылуды көксеп келеді. Дүние жүзінің өркениеттер көшінде ерекше із қалдырған Көшпелілер өркениетінің бүгінгі қарашаңырағы қазақ халқы мен оның даласы кешегі түркілер дәуірінен қалған белгісіндей. Көне Күлтегін ескерткішінің Астанадағы басты оқу ордасы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төрінен орын алуы тегін дүние емес, әлемдегі түркілердің орталығы Қазақ елі екендігін мойындату. Бұл дәуірге дейін салтанат құрған Көне Түріктер өркениетінің шынайы мәнінде өз орнын алуы – сол түркілік рухтың оянуына ықпал етеді.

Бала жасынан түріктердің рухани һәм материалдық құндылықтары сақталған Моңғолия жерінде өсіп, түлеген Қаржаубай Сартқожаұлының әлемдік өркениеттер көшіне түріктер жасаған құбылыстар мен құндылықтарды енгізудегі еңбегі ересен. Туғанында кіндігін таспен кесіп, сол даладағы көне замандар дыбысы мен лебін сезінген, көзімен көріп, жүрегімен өткізген саналы ғұмыры оны түркология соқпағының қайта жаңғыруына арнайы әкелгендей әсер береді. Анасының аманатын адал орындау миссиясын естен шығармаған бозбала қарттық жасына дейін сүрген өмірінде тек әулеті, ауылы мен ауданы үшін ғана емес, жалпы Қазақстанды қойып, күллі әлемге түркітанудың жаңа белестерін ашып көрсетіп, ерекше еңбек ете білді. Сөйткен тағдыры таспен өрілген Қаржаубай Сартқожаның 70 жас мерейтойы өзі қызмет ететін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төрінде халықаралық сипатта кеңінен атап өтілді.

Қонақтардың алды сағат 09.15-те бас ғимараттың бас атриумында – «Жазу тарихы» музейінің алдындағы алаңда жинала басталды. Бұл алаңда 2001 жылы Президент Н. Назарбаевтың қатысуымен атақты Күлтегін ескерткішінің көшірмесі орнатылып, ашылу салтанаты өткен болатын. Калыс-жақыннан келген қонақтарды тіркеу, қажетті жабдықтарды тарату, Ғ. Айдаров, О. Смағұл, З. Самашев, т.б. ғалымдардың құрметіне орай жасақталған кітап көрмесін тамашалау, көптен көрмеген түркітанушы ғалымдардың емен-жарқын қауышуы,  мерейтой иесін құттықтау және естелік үшін суретке түсу секілді шаралар өтті. Біз Түркия елінен арнайы келген профессор А. Ташағыл мырзамен және өзіміздің атақты антрополог ғалым ағамыз Оразақ Смағұлды сұхбатқа шақырып, аз-кем пікірін жазып алдық.

Бұдан кейін барлығы жиналып болды-ау деген шамада Н. Назарбаев атындағы аудиторияға ағылды. Мұнда түрколог, профессор Қ. Сартқожаұлының 70 жылдығына арналған «Байырғы түрік құндылықтары-2017» атты ғылыми теориялық конференциясы басталды. Сахна төріндегі лед-экраннан «Күлтегін» деректі фильмі көрсетілген соң, президиум төріне құрметті қонақтар жайғасты, ғылыми жиынның жүргізушісі профессор, университеттің проректоры Д. Қамзабекұлы болды.

Пленарлық баяндамаларға кезек берілді. Ешқайсысы қағазға қарамай сөйлеген ерекше жиынның сөйлеушілері қатарында отандық және шетелдік ғалымдар, мерейтой иесінің  әріптестері мен туыстары барынша жақсы сөйледі. О. Смағұл, А. Ташағыл, Баян Өлгий аймағының мәжіліс төрағасы  Б. Дәлелұлы, Моңғолия Ғылым академиясының арнайы өкілі, Моңғолия ҒА Қазақ-түрік ҒЗ филиалының директоры З. Гагаагийн, медицина ғылымдарының доктры С. Байқошқарова, ҚР Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары Т. Мамашев,  т.б.  Қарждаубай Сартқожаұлының ғылымдағы еңбек жолы мен азаматтық-адамгершілік қырлары жайлы естеліктер айтты. Әсіресе жазушы, ҚР Парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Алдан Смайыл мырза өзінің зерттеу еңбектерін жазып қана қоймай, оны ұлттық идеяға айналдыратын қаламгерлердің сапында Қаржаубай Сартқожа есімі барын мақтанышпен айтып жеткізді. Ал профессор Тұрсын Жұртбай мырза бірнеше экспедиция барысында түркітанушы ғалыммен жұмыс кезіндегі қызықтарын тілге тиек ете келіп, оның бас-аяғы 42-дей көне түрік ескерткішін тапқанын, 2-3-інің ашылуына куә болғанын айтты.

Шара барысында Қаржаубай Сартқожаұлының Берден Байқошқаровпен бірге жазған «Үйсін хандығы», «Қазақ түркологиясының жазбалары» кітаптарының және оған арналған «Таста қалған тағылым» естеліктер жинағының тұсаукесер рәсімі орындалды. Пленарлық мәжіліс аяқталған соң, түс қайта «Ғ. Айдаров мінбері», «З. Самашев мінбері», «О. Смағұлов мінбері», «Б. Көмеков мінбері» атты секциялық жұмыстар атқарылып, оқылған баяндамалар конференцияның арнайы жинағына еніп, басылып шығатын болды.