Қазақтың қайсар ұлы - Жұмабек Тәшенев
20.03.2020 3534
Бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке 105 жыл толды.

Айтулы қайраткер тұлға туралы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен және Қанат Еңсенов 2012 жылы тұлғаның 100 жылдық мерейтойына қарсаңында «Жұмабек Тәшенев» атты көлемді ғылыми басылым еңбегін «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жарыққа шығарған еді. Болашақта 110 жылдығына жаңа еңбек шығару жоспары бар. Ол үшін жаңадан тың деректер мен материалдар керек. Оларды іздестіру және қорытуда оңай жұмыс емес. Сондықтан, әзірге тұлғаның қоғамдық-саяси қызметі туралы осы мақаланы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Кешегі тоталитарлық жүйенің тар қыспағында ел мүддесі еншісінен айырылып, туған жерің телімденіп, тартысқа түскен сондай бір қиын шақта  өктем елдің өзімшіл саясатына қаймықпай қарсы тұрып, айбаттанып ажалына қарсы шапқан текті елдің ұрпағы екенін танытып, шыбын жанын шүберекке түйіп, ел мен жер үшін күрескен сондай тұлғалардың бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев еді.

          ХХ ғасырдың 30-жылдарының ортасынан 80-жылдардың ортасына дейін Қазақстанда қызмет атқарған Жұмабек Ахметұлының заманы Қазақ елінің тарихында аумалы-төкпелі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Бұл уақытта саяси-қуғын сүргін, соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың игеру сияқты науқандар қауырт жүргізіліп жатты. Жұмабек Ахметұлы осы науқандардың бәріне де белсене араласты, қазақ халқының жері мен елі үшін еңбек етіп, күресе білді. Жастайынан еңбекке араласып, елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Қазақ халқының басына сын түскен сағатта қасқайып тұрып, елге қорған болды, күресті. Қарсыластары қатардағы қара жаяу емес, қызыл империяның азулы басшылары болатын. Қайраткерлік танытып, саяси өктемдіктің қыспағына төзімділік танытты.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев Ақмола-Қараөткел өңірінің тумасы. Тарихи деректерде XIV- XV ғасырлардан бастап Есіл-Нұра өңірін Арғын руы жайлағаны айтылады. Ж. Тәшеневтің жерлес інісі, әрі құдасы, 88 жастағы Тоқабаев Қаматай ақсақалдың және Ж. Тәшеневтің өзінің балаларының айтуынша, Тәшеневтер әулеті Арғынның ішіндегі Қуандық руының Алтай тармағынан тарайды. Тарихи еңбектерде қуандықтардың Есіл өзенінің орта тұсынан Нұраның төменгі ағысын бойлай отырып, айналасындағы көлдерді түгел қамтып, одан әрі Құланөтпес аңғарын, Қосағаш, Наршөккен, Семізқыз, Бұғылы, Сарытау, Нілді, Жамантағалы, Ортау тауларын мекен еткені көрсетілген.

Шежіреге сүйенсек Алтайдан жеті ұл тарайды. Олар: Мойын, Алсай, Нұрбай, Әлке, Байдалы, Сайдалы, Кенжеқара. Жұмабек Ахметұлының ата-тегі осының Мойыннан тарайды. Мойыннан – Сарша, Саршадан - Қареке. Қарекеден - Ақбура, Тоқбура, Наурызбек, Олжакелді, Олжабай, Байболды, Есен, Итболды [1].

Өлкетанушы Садуақас Тортай Қазиұлы Ж. Тәшеневтің ата-тегін Ақбура-Меңдіқұл-Торпақ-Бәймен-Әлжан-Жақсыбай-Тәшен-Ахмет-Жұмабек- деп таратады.

Сол өңірде бұрын Қойгелді, Танакөл, Жалтыркөл, Күйгенжар сияқты бірнеше ғана қазақ ауылдары болған еді. Қазақ ауылдары осы орыс селоларының араларында шашырап орналасты. Шағын ауылдарда негізінен туған-туысқандардан құралды, ауылдағы үйлердің саны 10-15-тен аспайтын. Тұрмыстары өте жұпыны, әр отбасының меншігінде бір-екі сиыр, жылқы, бес-алты қой-ешкіден ғана болды. Оның өзі 30-жылдардағы аштық кезінде жұмсалып кетті.

Осы ауданның тумасы, Жұмабектің әкесі Тәшен (азан шақырып қойған аты Тәшмұхамбет) қарапайым шаруа адамы болса да, ауылдастарына сөзі өтімді, беделді адам болыпты. Ағайын-туыстары тұрған мекенін «Тәшен ауылы» деп атаған.

Жақсыбаев Тәшен мен Гүлсімнен Қасым, Қасен, Манап, Жұмабек, Бидан (Бибінұр), Сақыш (Сақыпжамал) деген балалар дүниеге келген. Саян және Қанат Тәшеневтердің айтуынша, Тәшен ақсақалдың тұңғышы Қасым жастай шетінеп кеткен көрінеді.

Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы 20 наурызда Ақмола уезінің № 7 ауылында (Танакөл) дүниеге келген. Саян Жұмабекұлы Тәшеневтің, Қанат Манапұлы Тәшеневтің және Жұмабек Ахметұлының жеңгесі Дәметкеннің айтуынша, Тәшен ақсақал көзінің тірісінде Жұмабекті және Манапты қазақтың туысқандық дәстүрі бойынша баласы болмағандықтан, інісі Ахметтің қолына берген көрінеді, сондықтан олардың құжаттарында бұл екеуі «Ахметұлы» болып жазылады [2].

Өткен ғасырдың 20-жылдарының аяғы мен 30-шы жылдардың басында оның туып өскен аймағында славян ұлты өкілдері қоныстарының  басымдылығы мен ірі қазақ байларының болмауы себептерінен «тап жауларымен қызу күрес науқаны» байқалмады. Оның үстіне, мектепте және қалада техникумдағы оқуы жас Жұмабекті бұл саяси күреске араластырмады.  

Жұмабекпен еріп кеткен балалар техникумнан соң жоғары оқу орындарында оқуларын жалғастырып, кейбіреулері ғылым жолына түсті. Ал мен болсам әке ықпалынан шыға алмай үй көжегі болып, несібемді ауылдан теріп жедім. Әкем кейін жіберген қателігін түсініп, өкініп жүрді. Бірақ ол өкініштен не пайда? [3]. Бұдан Ж.А. Тәшенев қоғамның бет алысын ерте түсініп, парасаты-пайымымен өзгелерді де айналасына жинап, таланттыларын өрге сүйреп, жас кезінен-ақ, зиялылық танытқандығы байқалады.

Ж. Тәшеневпен 30 жылдан астам дос болған профессор Сағындық Кенжебаев былай деп еске алады: «Жұмабек Ахметұлы қазақ және орыс тілдерін жетік білетін. Табиғатында өте ширақ, батыл, сырт көрінісі көркем келбетті, екі көзі ботаның көзіндей, тостағандай қап қара еді. Ерекше батыл, ешкімнен тайсалмайтын. Еңбек жолын Ақмола облысында қарапайымнан бастап, кейін Солтүстік Қазақстанның аудандарында жер бөлімінің бастығы қызметін атқарып, еңбек жолымен өсіп, облыстық атқару комитетінде хатшының орынбасары, одан облыста хатшы болды. Сол жақта жүргенде Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан болатын. Сонда ерекше басқаруға қабілетті адамдарды басқарушы кадрлар етіп тағайындап, соғыстан қалдырған. Солтүстік Қазақстанда өте жақсы қызмет атқарды. Облыс соғысқа астық, қару-жарақ және адамдарды берді. Петропавл арқылы Шығыстан майданға әскерлердің көпшілігі эшалонмен жеткізілетін. Ол жерде әскерлерді қамтамасыз ететін азық-түліктің үлкен орталығы болатын. Соның барлығына басшылық жасады. Ол кісі өзін мықты ұстады. Өмірдің қиын кездерінде өзін көрсете біліп, жас кезінен талантты ұйымдастырушы болды» [4].

Ж. Тәшеневті жақын таныған азаматтар оның мынадай қасиеттерін ерекше айтады: бірінші, отансүйгіштік; екінші, ұлтқа деген терең сезім; үшінші, қағидатшылдығын (принцип); төртінші, тарихты меңгеру мен білуге деген шынайы ықыласын; бесінші, өнер мен мәдениет қайраткерлерін сыйлауы; алтыншы, табиғи гуманизмін; жетінші, парасаттылығы мен біліктілігін [5]. Осыдан-ақ, Ж.А. Тәшенев болмысын, қайраткерлігін аңғаруға болады.

Жұмабек Ахметұлы өзінің өмірбаянында 1928-1940 жылдары арасында комсомол мүшесі болғанын көрсетеді. Кеңестік заманда комсомол ұйымы партияның қолқанаты саналатын.  Комсомол мүшесі партия қандай жұмысқа жіберсе сонда баруға міндетті болды. Жас Жұмабек Ақмоладағы жастар ұйымының жұмысына қатысып, қала жастары арасындағы қоғамдық-саяси жұмыстарды жүргізуде ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді.

Талапты жасты партия басшылығы техникумдағы оқуын аяқтатпай 1934-1938 жылдарды Красноармейский, Ақмола, Вишнев, Нұра аудандарына  жауапты қызметтерге жібереді. Арнаулы орта білімі бар, екі тілде оқып, жаза білетін, іскерлік қабілеті бар қазақ жастары ол кезде кеңес-партия жұмысына ауадай қажет болатын.                   

Жұмабек Ахметұлы техникумдағы оқуын үзіп, 1934 жылы Ақмола аудандық атқару комитетінде 4 ай қызмет атқарып, сол жылдың қазан айында Көкшетау облысының (ол кезде Қарағанды облысы - авт.) жаңадан шаңырақ көтерген Красноармейский аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады [6].

1938 жылы жазда Ж. Тәшеневті партия органдары Қарағандыдан Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық тамақтандыру бөлімінің бастығы етіп жібереді. Сөйтіп 23 жастағы өткір де, іскер жігіт облыстағы бір саланың басқару тұтқасына ие болады. Осыдан бастап Ж. Тәшеневтің солтүстік өңірдегі 14 жылға созылған еңбек жолы басталады.

Жұмабек Ахметұлы 1938-1952 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық, кеңес, партия органдарында қызмет етті. 1938 жылы 31 шілдеде облыстық партия комитетінің шешімімен облыстық сауда басқармасына қарасты қоғамдық тамақтандыру бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Осы жұмыста жүргенде Петропавл қаласында ауданаралық көтерме сауда жәрмеңкесін ұйымдастыруға басшылық жасайды. Бірақ жас Жұмабектің Петропавл қаласындағы қызметі тағы да ұзаққа бармайды. Партия басшылығы оны қайтадан өзіне үйреншікті ауылшаруашылық саласына жібереді.

1939 жылы 27 тамызда Бейнетқор (қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы -авт.) ауданына жер бөлімінің бастығы етіп тағайындалады. Бұл қызметті ол 1942 жылдың тамызына дейін атқарады. Осында ол орта мектеп көлемінде білімі болу қажеттігін түсініп, негізгі жұмысын атқара жүріп, өздігінен дайындалып, оқуын жалғастыру үшін осы аудандағы орыс мектебін сырттай оқып бітіреді. Өстіп жүріп осы ауданда қызмет істеп жүрген өзі сияқты жас маман Бәтес атты бойжеткенмен танысып, отбасын құрады.   

Жұмабек Ахметұлының зайыбы Бәтес Ыдырысқызы Тәшенева (1922-2005 жж.) (тұрмысқа дейінгі фамилиясы Әлімбаева) Ақмола облысының Ақкөл ауданының тумасы еді. Жұмабек Ахметұлымен танысып 1941 жылы екеуі отбасын  құрады. Осы ауданда тұңғыш баласы Саян 1942 жылы өмірге келеді [7].

Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің 10 жылдан астам Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтарындағы партия-кеңес органдарындағы адал және табысты еңбегі республика басшылығы тарапынан лайықты бағаланып, Ақтөбе облысына атқару комитетінің төрағалығына қызметке жіберіледі.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түрлі шаруашылық, кеңес және партия қызметтеріндегі еңбектерінің нәтижесінде тәжірибе жинақтап, ысылған азаматқа республика басшылығы 1952 жылы Ақтөбе облысын басқаруды сеніп тапсырады. Жұмабек Ахметұлы Ақтөбе облысының 12-ші бірінші басшысы ретінде тағайындалды  [8]. Металлургия мен мұнай-химия өндірісі дамыған, жер аумағы үлкен, бірақ ауылдық жерде халқы сирек қоныстанған, жол қатынасы қиын осы облысты басқаруды 37 жасында қолына алады.

Ақтөбедегі қызметінен кейін 1955-1960 жылдары Жұмабек Ахметұлы 5 жыл республика парламентін басқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, қазіргі саяси тілмен айтқанда, сол кездегі республиканың саяси және көпұлттық құрамына сай құрылған бір палаталы парламенті болды. Оның құрамына конституциялық сайлау нормасы бойынша 27 мың адамнан бір депутат 4 жылдық мерзімге жалпыға бірдей, төте және тең сайлау құқы бойынша жасырын дауыс беру жолымен сайланды. Сол кездегі тәртіп бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының тең жартысына жуығы - жұмысшылар мен шаруалар, ал қалған жартысы ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің, халық ағарту, денсаулық сақтау және партия, кеңес қызметкерлерінің өкілдері болатын [9].

1955 жылы Ж. Тәшенев Қытайдан Алматы қаласына келіп қоныстанған 100 отбасының үйсіз және жұмыссыз жүргенін көрсетіп, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, Орталық Комитет пен Үкімет тарапынан арнайы комиссия құрып, оралмандардың мәселесін шешуді сұраған екен [10]. Демек, жоғары қызметте жүріп, сонау алыстан келген ағайындарды да қиын жағдайға қалдырмауға тырысқандығын байқаймыз.

1953 жылы И. Сталин қайтыс болған кезде саяси тұтқындарды босату туралы түрлі заңдар шығуынан басталады. 27 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Амнистия туралы» қаулысы жарық көрді. Қаулы бойынша бес жылға дейінгі мерзімге саяси себеп бойынша айыпталғандар алдын ала босатылған. Осы жылы 1 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «КСРО ІІМ жанындағы Ерекше Кеңесті жою» [11] туралы қаулы шықты. Бірақ бұл Лагерьлер бас басқармасының ыдырауы емес еді. И. Сталин қайтыс болғаннан кейін де еңбекпен түзеу лагерьлерінің қалыпты жұмыс істеп жатқанын көптеген мұрағаттық құжаттар айғақтайды.

Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып жүрген уақытта Оңтүстік Қазақстан аудандары үшін күрес болған. Мәселен, Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Л.И. Брежневке жіберіледі. Абырой болғанда Л.И. Брежнев Ж.А.Тәшенев төрағалық еткен комиссияның қорытындысына қарсы келмейді. Қайта қолдау білдіріп, «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдады.

Бостандық ауданы жерінің мәнін жоғары бағалай келіп, Орталық Комитеттің бюросы Ж. Тәшенев басқарған арнайы комиссияның қорытындысымен келісті. Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөнінде қаулы қабылдады. Десек те, республика басшыларының қарсылығына және аудан халқының 80 пайызы қазақтар екендігіне қарамастан, Н.С. Хрущев Бостандық ауданын Өзбекстанға зорлықпен бергізген. Бұл мәселеге қатысты  Қазақстанның орталық мұрағатында сақталған құжаттар жеткілікті [12].

1956 жылдың 21 қаңтарында болды. Онда «Қазақ-өзбек шекарасының ішінара өзгерістері туралы» деген қаулымен «Бостандық ауданы және Шөл даланың бірқатар жерлері Өзбек КСР-нің құрамына берілгендігі» жөнінде баяндалады.

Кеңес Одағы кезінде кеңес азаматтарын сталиндік террордан толық құтқарған 1956 жылы 14-25 ақпанда болған КОКП ХХ съезі болып табылады. Онда 25 ақпанда КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С. Хрущевтің «Жеке басқа табынушылық және оның зардаптары» деген тақырыпта баяндамасы тыңдалды. Бұл баяндама – тұтас халықтар өкілдерінің, жеке тұлғалардың тағдырын анықтаған еді. Сондықтан да бұл баяндаманы тарихи дерек ретінде зерттеу саяси репрессиялар тарихын ашуға көмектеседі. ХХ съездің материалдары – кеңес тоталитаризмінің тарихи дерегі, адам құқығын төмендетуді ашып беретін құжат. ХХ съезден кейін саяси репрессия құрбандарын ақтау және құқықтарын қалпына келтіру туралы мемлекет тарапынан шаралар қабылдана бастады [13]. 

Міне, дәл осы кезде 1957 жылы Қазақстанда 30-50-жылдардағы зұлмат құрбандарын ақтау үшін құрылған комиссияны Ж. Тәшенев басқарды. Бюрократтыққа, кертартпалыққа жол бермейтін қайраткер комиссияның тез әрі әділ шешім шығаруын қамтамасыз етті. Соның арқасында тірі қалған тұтқындар, қазақтың белгілі ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері абақтыдан тез босатылды. Олардың ішінде атақты тарихшы Ермұқан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Есмағанбет Ысмайылов, Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Мұқаметжан Қаратаев, Сейділ Талжанов, т.б. болды.

Бұл уақытта қазақ халқына, әсіресе Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров секілді қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларымен қайта қауышу өте маңызды болды. Қазақ оқырмандары олардың  «Шұғаның белгісі», «Көкшетау», «Құлагер», «Күй», «Күйші» сынды туындыларын оқып, рақаттана сусындады.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері, полковник Уәлихан Мұханов естелігінде Ж. Тәшенев үкімет басқарып тұрғанда ешкімнен қорықпай, қаймықпай, «халық жауы» жаласынан арылмаған Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылихаға Алматыдан салынған үйден баспана берген ерлігін сүйсіне жазды. Қай уақытта да, қай қызметте отырса да, қаулы қабылдағанда Ж. Тәшенев ұлт мүддесін үнемі бірінші кезекке қойған [14].

Осы арада Жұмабек Ахметұлымен қызметтес болған Сағындық Кенжебаевтың естелігіне назар аударсақ.

Қ.А. Еңсенов: Сіз Жұмабек Ахметұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып жүргенде, «Хрущевтік жылымық» кезеңі келіп, қазақ халқының қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы азаматтарын ақтау процесі басталды. Қайраткер тікелей сол мәселелерге араласқан екен. Сол жағдай туралы айта кетсеңіз?

С.Ж. Кенжебаев: Жұмабек Ахметұлы Алаш арыстарын ақтауға белсенді түрде қатысты. Маған кезінде айтқаны есіме түсіп отыр. Бір кезде қызметте жүргенде, осы мәселе жөнінде сөйлескенбіз. Сонда қайраткер қолдан келетін ақтау шараларын жасауымыз керек деді. Өйткені, бұлар жазықсыз сорлап кеткен адамдар. Маған қарсы «ұлтшыл» деп айып тағуға ұмтылғандарға түкірдім деп қолын бірақ сілтеді. Осы мәселеге қатысты іссапарлар ұйымдастырылған. Мен де өз тарапымнан Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің атынан қаражатты аяған жоқпын. Ақтау шараларына көмектесіп, қолдау көрсетіп жүрдім. Бұл жөнінде менің «Жауынгерлік жастық» деп аталатын еңбегімде жазылған. Алып қарасаңыздар болады. Дәл сол уақытта Жұмабек Ахметұлының ақтау шараларымен айналысқандығы Мәскеу басшыларына, әсіресе КГБ-ға ұнамады. Сол себепті, оның ақтау шараларына қатысқандығы жөнінде мәліметтер аз кездеседі. Сондықтан, бұл кісінің осы жайлы мәселесін ешкім біле бермейді. Ал, шындығына келгенде, барлық күш-жігерін аямай, ақтау шараларының дау-жанжалдарының арасына жасырын кірісіп отырды. Мәселен, Сәкен Сейфуллинді ақтауда  жанжал болды. Ол мәселе жөнінде аз айтылады. Білетін адамдар қазір өмірде жоқ. Кезінде Өтеген Сейітов деген прокурор сол шараларға қатысқан. Бірақ, көп айтылмаған талас-тартыстар Жұмабек Ахметұлының ішінде кетті» [15].

Қайраткер басшылық қызметте жүргенде, қазақтың қос батыры Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевты қадірлеп қолынан келген көмегін жасауға ұмтылған. Оны Б. Момышұлының мына естелігінен айқын көруге болады. Бауыржан Момышұлы Жұмабек Тәшеневтің қабылдауында болғанын былай деп еске алады.

«- Сіз менің атыма арыз, өмірбаяныңызды толық етіп жазыңыз. Барлық көрсеткен ерліктеріңізді жазыңыз. Мен ол мәселені К. Ворошиловтың алдында көтеремін.

- Жоқ. Мен еш нәрсе жазбаймын. Мен туралы жазылғандар аз емес.

- Онда оларды қарастыралық. Оларды қайдан табуға болады?

- Мен ол жағын білмеймін.

Тағы біраз сөйлестік...» [16].

Бауыржан Момышұлының естелігінен қазақтың екі тұлғасының адамгершілік сипаттарын, бір-біріне деген сыйластығын және мінездерін айқын байқаймыз. Ж. Тәшенев қазақтың әйгілі батырын құрметтеп, Қазақ елінің жастарын тәрбиелеуде тамаша үлгі болатын тұлға екенін түсініп, оның денсаулығына алаңдап қамқорлық жасауы сондай жарасымды көрінеді. Сонымен қатар екі тұлғаның мінездеріндегі ерекшеліктер де көрініс тапқан. Қайраткер өзінің қызмет дәрежесін сезініп, «үлкен орынның иесі» деңгейінде сөйлескені, ал Бауыржан Момышұлының өзінен үлкен қандай ұлық болса да, онымен өзін тең ұстайтын тәкапарлығы да анық байқалып тұр.

Енді қазақтың батыр және қайраткер ұлдары туралы естелік айтқан қоғам қайраткері С.Ж. Кенжебаевпен сұхбаттан үзінді келтіре кетсек.

Жұмабек Ахметұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып жүрген уақытында 1959 жылы 20 қаңтарда Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлерін арнайы марапаттауға қаулы шығарған. Оның мазмұнына назар аударсақ, қазақ өнері мен әдебиетінің мәскеудегі онкүндігімен байланысты Қазақстанның өнерін өркендетуге еңбек сіңірген Қазақ КСР-нің халық әртістері: Шабал Бейсекова, Шолпан Жандарбекова, Ростислав Захаров, Кәукен Кенжетаев, Сәбира Майқанова, Бибігүл Төлегеноваларға Қазақ КСР-інің құрметті атағы берілсін деп қол қойған. 

Дәл осындай марапаттаулар, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы Жумин Райхан, Қапыланбеков Әбдұлхамит Қапыланбекұлы, Сулимов Мар Владимирович, Тілендиев Нұрғиса Атабайұлына берілген. Сондай-ақ, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі атағы Анисимов Георгий Павлович, Аранышев Михаил Федорович, Аркадьева–Малых Ирина Аркадьевна, Байқадамова Айсұлу, Жантөрин Нұрмұқан, Қарабалинова Қамыш, Кононов Петр Емельянович, Лисица Василий Калистратович, Ноғайбаев Ыдырыс, Померанцев Юрий Борисович, Римова Бикен, Шәріпова Зәмзәгүл секілді өнер майталмандарына марапаттаулар жасалып, қолдау көрсетілген [17].

Қазақ халқының ішіндегі аса дарынды өнер адамдарының қатарында Кенен Әзірбаев 1959 жылы 16 шілдеде Қазақ КСР-іне Еңбек сіңірген өнер қайраткері, туғанына жетпіс бес жыл толуына байланысты және қазақтың әдебиеті мен музыкасын дамыту саласында сіңірген еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталсын деп [18] қолын қойған екен.

Жұмабек Ахметұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметін атқарып жүргенде, 1959 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасының 10 жылдық мерекесіне орай КСРО басшысы Н.С. Хрущев бастаған делегация құрамында болады. Делегацияны ҚХР басшысы Мао Цзэдун өзі қарсы алады. Әңгіме үстінде Мао Цзэдун: «Кеңес Одағы сөз жоқ, ұлы ел, ал біз Ұлы Қытаймыз», - депті. Н.С. Хрущев: «Солайы солай ғой, бірақ КОКП – дүниежүзілік коммунистік қозғалыстың авангардында келеді», - дейді. Мао Цзэдун: «Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп қой» - дегенде, Н.С. Хрущев сөзден тосылып қалады. Сонда Ж. Тәшенев «Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Олар кейін қытай коммунистеріне көмектесті ғой», - деп, тығырықтан жол табады. Бұл уәжге қытай жағы жауап бере алмай қалады [19]. Бұл, Н.С. Хрущевпен бірге жүрген кезіндегі Ж.А. Тәшеневтің тауып айтар тапқырлығының дәлелі.

Жұмабек Ахметұлы 1960 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметіне тағайындалады. Ол кезде үкіметтің ресми атауы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі деп аталатын. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі – кеңестік замандағы республика мемлекеттік өкіметінің жоғары атқарушы және басқарушы органы болды [20].

Ж. Тәшенев 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне ауысқанда, қазіргі Алматы қаласындағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 212 пәтерлік үлкен, жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Сол үйді жұрт бүгінге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенев үйі» деп атайды.

Бұл үйге қоныстанған танымал қайраткерлердің ішінде Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтар, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалымдар Әбді Тұрсынбаев, академик     Б. Ермеков және т.б. болды.

Алматының қақ ортасындағы батыстан шығысқа дейін шамамен 12 шақырымға созылатын кең даңғылға Абай есімін бергізіп, Абайдың қазіргі Республика сарайының алдында тұрған үлкен ескерткішінің лентасын қиған да Ж. Тәшенев болатын. Ол бұл істі жүзеге асыру үшін кезінде мынадай уәж айтқан: «Қазақстан астанасының ортасында Жамбыл мен Амангелдінің атынан өзге қазақтың аты қойылған көше жоқ. Сондықтан осы әділетсіздікті жою үшін қаланың ортасындағы даңғылға Абайдың атын беруіміз керек және оның төрінен Абайға үлкен ескерткіш орнатуымыз керек. Біз кімнен кембіз. Бізде қатардан қалмауымыз керек. Қараңыздаршы, Тбилисидің ұзына бойын алып жатқан мақтаулы көшесі бар. Шота Руставели атында. Мұндай даңғыл Ташкентте де бой көтеріп жатыр. Ол - Әлішер Науаи даңғылы. Түптеп келгенде, Әлішер Науаи Ташкент тұрмақ, жалпы Өзбекстанда болмаған адам. Ол бар өмірін Ауғанстанның Герат қаласында өткізген. Мәскеудің ең басты көшесінің бірі Максим Горький атымен аталады» [20, 17-18]. Сөзбен істің алшақтығына жол бермейтін Ж. Тәшенев Абай ескерткішінің жасалуын өзі қадағалап отырған екен. Осы Абайға арналған ескерткішті атақты мүсінші Хәкімжан Наурызбаев жасаған.

   Мұрағат құжаттары мен ғұмырнамалық естеліктерден 1960 жылдардың бас кезінде КОКП басшылығында болған Н.С. Хрущевтың Орталық Азия республикалары арасындағы шекараны жоюға, шекаралық жерлерді бір республикадан алып, екіншісіне беріп, шекара сызығын мүлде жоюға тырысқан құйтырқы саясатын көреміз. Н.С. Хрущевтың тапсырмасымен республика аймағында орталығы Целиноград қаласында орналасқан егін шаруашылығымен айналысатын облыстардың Қазақстан КП ОК бюросы құрылды. Біраз уақыттан кейін бұл егінді облыстар Бюросын таратып, оның орнына құрамына Қазақстанның бес облысы кіретін, Мәскеуге тікелей бағынатын «Тың өлкесі» («Целинный край») құрылды.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей дәйектесек, Ж. Тәшеновтің КСРО басшылығымен тайталаса жүріп, қазақ жері мен халқы үшін жасаған еңбегіне қазақ халқы оған мәңгілік қарыздар. Басқа ерліктерін былай қойғанда, егер сол кезде 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде, Қазақстан кемінде өз жерінің 1/5 айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Әдетте, жоғары лауазымды қызметке келген кейбiр шенеунiктер ондай қызметте тыныш отырып, орында неғұрлым ұзақ отыруға тырысады. Мұндай Ж. Тәшенв мұндай пиғылдан аулақ, олай ойлау оның бүкiл болмысына жат едi.

Жұмабек Ахметұлы қандай қызмет атқарса да, қазақ елінің, ұлтының мұң-мұқтажын, абыройын, мүддесін әсте есінен шығармаған. Осы  мақсатта қара басының қамын күйттемей жоғары лауазымын да қияды. Ұлтжанды  азаматтың  ерліктерінің  ішінде  Қазақстанның  солтүстіктегі  облыстарын  аман  алып  қалғаны  ерекше  тоқталуға  тұратын  оқиға.  Кеңес  елінің  басшысы  Н. Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан)  біріктіріп,  «Тың  өлкесі» деген  аймақ  құрып,  оны  Ресейге   қосуды  жоспарлайды.  Өлкенің  басшылығына  Орталықтан Т.И. Соколов деген өз адамын жібереді. Ол Тың өлкесін  Ресейге  өткізуге  бейімдеп,  Қазақстан  басшылығына  бағынудан  бас  тарта  бастайды.  Бұл  әрекетті  білген  Қазақ  КСР  Министрлер  Кеңесінің  төрағасы  Ж. Тәшенов  1960  жылы  күзде  Тың  өлкесінің орталығы болған Целиноградқа  шұғыл  түрде  ұшып  келіп,  республикалық  Жоспарлау  комитетіне  келесі  жылдың  бюджетіне  қажет  мәліметтерді  әдейі  бермей,  бассыздық жасағаны үшін Т. Соколовты қызметінен алып, 24 сағаттың  ішінде  Қазақстаннан  қуып  жіберетінін  және  Тың  өлкесі  ешқашан  Ресейге  берілмейтінін  қадап  тұрып  айтады [21].

Кеңес Одағының басшысы Н.С. Хрущев пен Ж.А. Тәшенев арасындағы айқас 1960 жылдың желтоқсан айында болған. Ол уақытта Д.А. Қонаев пен Ж.А. Тәшеневті Мәскеуге шақырып алып, алдымен түскі ас беріп, түстен кейін ақылдасатын жұмыс бар деп кабинетіне шақырып, алдында жайылған картаны көрсетіп, Қазақстанның тың өлкесіндегі 5 облысын Ресейге қосуға келісемін деп қол қойыңыз деген ғой. Сол уақытта қатты ашуланған Қазақстан Үкіметінің төрағасы Ж.А. Тәшенев қарсы тұрып, олай жасауға болмайды, бұл қазақтың жері деп қатты қарсылық білдіріп, ел мен жерді қорғауға шыққан. Ақыры Кеңестік Қызыл империя басшысы өз райынан қайтып, бірақ іштегі қыжылы мен ызасы басылмай Қазақстанның басшысы Д.А. Қонаевқа астыртын тапсырма және нұсқау берген сияқты. Оның соңы белгілі ғой. Бірақ, жаратылысынан батыр тұлға Жұмабек Тәшенев ел мен жердің тағдырын таққа айырбастаған жоқ. Нағыз азаматтық танытып, жердің тұтастығын қорғап қалды.

Профессор О. Мұқатованың деректеріне қарағанда, Мәскеудің нұсқауымен Ж. Тәшеневтің ісін 1961 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының «жабық мәжілісінде» қарайды. Алдын ала «дайындалған» бюро мүшелері Жұмабек Ахметұлының кемшіліктерін тізіп айтып қаралайды және ол бұл қызметті атқаруға лайық емес деген ұсыныстар жасайды. Сөйтіп, ҚКП Орталық Комитетінің Бюросы Ж. Тәшеневті Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босату туралы шешім қабылдайды [22].

Осы орайда, анық жағдай қалай болғаны жөнінде мұрағат деректеріне назар аударсақ, Жұмабек Тәшеневті 1961 жылы қазақстандық Саяси Бюрода қызметтен алу қалай жүзеге асырылды? Неге екені белгісіз, Жұмабек Ахметұлы өз қолымен толтырған іс қағазында Қазақ КСР Министрлер Кеңесіндегі қызметінің аяқталуын 1961 жылғы сәуір айы деп көрсетеді. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, бұл оқиға осы жылдың басында болған. Оған дәлел, 1961 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «жабық» бюро мәжілісі өтеді. Сөзіміз нақты болуы үшін бюроның мұрағатта сақталған «аса құпия» деген белгісі бар шешімін толық күйінде берейік:  «Бюро мәжілісіне қатысушылар: Қонаев, Слажнев, Юсупов, Соколов, Байғалиев, Мельник, Закарин, Жанділдин, Елагин, Соломенцев, Оңдасынов, Макаров, Невлюдов, Бектұрғанов, Козлов, Новиков, Асқаров, Ниязбеков, Бородин, Ілиясов, Бейсебаев, Журин, Тәшенев.

01. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Ж.А. Тәшенев жолдас туралы.

      Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.А. Тәшенев өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмаған және жұмыс барысында ірі кемшіліктер мен қателіктер жіберген.     Ж. Тәшенев жолдас республика шаруашылығын дамытудың перспективалық мәселелерін көтермеген, ағымдағы істерді баяу шешеді, министрліктердің, ведомстволардың және халық шаруашылығы кеңестерінің жұмысын үйлестіруі қанағаттанғысыз және Министрлер Кеңесі аппаратының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмады.

Қарамағындағы ұйымдар мен мекемелердің жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып және үкімет пен партияның қаулылары мен шешімдерін орындауды бақылаудың орнына Министрлер Кеңесі халық шаруашылығы кеңестері мен облыстық атқару комитеттері басшыларын Алматыға түрлі жиналыстарға жиі шақырып, уақыттарын зая кетіреді. Ж. Тәшенев жолдас кадрлар таңдауда, орналастыру және олармен қарым-қатынаста шынайылық пен принциптілік танытпайды.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Ж. Тәшенев жолдасқа қарамағындағы қызметкерлермен қатынаста менмендік, дөрекілік танытатынын, мақтаншақтық пен өзін басқалардан жоғары ұстау, мемлекет қаржысы есебінен жомарттық таныту сияқты жағымсыз қылықтарын бірнеше рет ескерткен болатын. Бірақ Ж. Тәшенев жолдас бұл жағымсыз қылықтарды түзетудің орнына оларды үдете түсті.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті қаулы етеді:

1. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Ж.А. Тәшенев жұмысын атқара алмағандықтан, міндетінен босатылсын.

2. Қаулы КОКП Орталық Комитетінің бекітуіне ұсынылсын.

Бұдан бюро мүшелерінің жоғарыдан берілген нұсқауды орындауға барынша күш салғаны анық байқалады. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан тарихының 4-томында да мәліметтер келтірілген. Осы академиялық басылымға назар аударсақ, 1961 жылы қаңтарда Компартия ОК-нің Бюросында тамаша ұйымдастырушы және өз ісінің білгірі республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев қызметінен босатылды. Онда да Ж. Тәшеневтің кінәсына, «ол совнархоз және облатком қызметкерлерін әртүрлі мәжілістерге шақырып алаңдатады, партия обкомдарының жұмысына араласады, өзіне ұнаған адамдарды басшы партия және кеңес қызметіне орналастыруға ұмтылды» [23] деген секілді айыптар тағылды деп, бұл секілді жаттанды кінәлау ұнамаған адамнан құтылудың жолы екенін  нақтылай түседі.

Дәл осы мәселеге қатысты Жұмабек Ахметұлының тұңғышы Саянның әкесінен естіген әңгімесі бойынша бюрода Ж. Тәшеневті қолдап, тек Мәсімхан Бейсебаев қана сөйлепті. Қалғандары бюро шешімін қолдап шыққан. Сонда Ж. Тәшенев төрт айдай үйінде жұмыссыз отырған болады. Шамасы бірнеше ай бойы Мәскеу билігі мен республика басшысы Д.А. Қонаев Жұмабек Ахметұлына қандай қызмет ұсынуды ойластырса керек.

Кеңестік тоталитарлық жүйенің әміршіл-әкімшіл басшыларының ыңғайына жығылмаған Жұмабек Ахметұлын 1961 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалық қызметінен босатылып, жарты жылдан соң  Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Қазақстандағы жоғарғы билікте талай жыл қызмет атқарған  ол бұл жерге келгенде де, өзінің әділ жолынан тайған жоқ. Қабылдауына келген халықтың хал-жағдайын біліп, қолынан келгенше көмектесті. Қызметте жүрген жастарға өз ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдыр беріп отырды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінде Жұмабек Ахметұлы қызмет атқарған жылдарында оның атына келген бір де бір өтініш-тілектер ескерусіз қалмаған. Қала тұрғындары да, дала еңбекшілері де оған  өз өтініш, тілектерін айтып жиі келетін. Оған жолыққан адамдар оның мінезінен, жүріс-тұрысынан өткенді көксеп, ұнжырғасы түскенін, сондай-ақ төрелік, паңдық мінездерді еш көрген емес. Үлкенге де, кішіге де тұрақты ізет көрсету оған тән қасиет. Сондықтан да ол ел ағасы болып танылып, халық құрметіне ерекше бөленді.

Шымкент еліне келгенде, Жұмабек Ахметұлы 40-тың ортасында болған. Сол кездерде ол кісі туралы жұрттың «торға түскен айбарлы арыстан ғой, сабаз» деген сөздері жиі естілетін [24].

Жұмабек Ахметұлы ел басқарудағы әкімшілік саламен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысқан. Оның айқын дәлелі - бірқатар ғылыми еңбектерінің жарық көруі мен экономика саласы бойынша кандидаттық (1962) және докторлық диссертацияны (1974) Мәскеуден қорғағандығы [25]. Ғалымның еңбегінде экономика саласы бойынша ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектерінің жарияланып, онда сол сала бойынша даму бағыттарына талдаулар, сараптамалар жасалады.

Қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі 1961-1975 жылдары Қазақстанның Оңтүстік өңірінде жалғасқан. Сол уақытта ауылшаруашылығын дамытып, өркендетуге өзіндік үлес қосып, өндіріс және қоғамдық салаларға жете мән беріп, әрдайым қолдау көрсетті. Нәтижесінде, қазақ халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірі әлеуметтік-экономикалық жағынан өркендей түсті.

Қайраткердің өмірі мен тарихына қатысты естелік әңгімелеген қоғам қайраткері Сағындық Жүнісұлы Кенжебаевпен сұхбаттан үзінді келтіре кетейік.

Қ.А. Еңсенов: Сіз Жұмабек Ахметұлымен үзеңгілес дос, қызметтес болдыңыз. Ол кісі өмірінің соңына қарай Оңтүстік Қазақстан облысына қызметтен төмендетіліп жіберді. Оңтүстік халқы қайраткерді шынайы ықыласымен қарсы алған дейді халық. Сол жөнінде айтып өтсеңіз?

С.Ж. Кенжебаев: Иә, ол қайраткерді Оңтүстік халқы жақсы қарсы алды. Өмірінің соңына дейін қызмет жасады. Қайтыс болғанда С. Ниязбеков екеуіміз Алматыдан барып шығарып салуға қатынастық. Қазақ қайраткер ұлымен қоштасуға көптеген халық жиналды. Тіпті мәйітін қолдарына кезектесе көтере отырып, Шымкенттен Ташкентке шығатын жолдағы сол жақта орналасқан қорымға дейін көтеріп барды ғой [26].    

Қайраткерге қатысты жазушы М. Мағауин мынадай тұжырым жасаған: «40-50 жылдарда азаттық алған Азия мен Африка елдерінде туған халқының бостандығы үшін ұзақ жылдар бойы күрескен, сол жолға басын тіккен партиялар мен қайраткерлер өкімге жеткені белгілі. Бұл ретте Сукарно мен Неру сияқты ұлы тұлғаларды еске түсірудің өзі бір ғанибет.

Әлбетте, ғасырдың бас кезінде біздерде дәл осыған ұқсас жағдай болған. Алаш қозғалысын, оның Әлихан Бөкейхан бастаған көсемдерін айтып отырмыз. Бұдан соңғы кезеңде қызыл фашизм ешқандай ашық іс-әрекетке жол қалдырмаған. Дүние бір шама кеңіген 60-80-жылдардың өзінде отаршыл империяның ерекше аймағы Қазақстанда басқа тараппен салыстырғанда мүлде өзгеше, айрықша қатаң жағдай қалыптасып еді. Соның өзінде елдік мүдде ұмытылған жоқ. Анығын айтсақ, ең ауыр жылдарда өзінің басын бәйгеге тігіп, туған жұртының тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшенев сияқты біртуар қайраткер Капқаздан, немесе Украина, Балтықтан емес тек қазақ ортасынан ғана шықты» [27].

Ұлтының басына күн туған қиын-қыстау сәттерде ғана тұлға өзінің өзгеден ерек ісімен, пәрменді күшімен, қайраткерлігімен танылады.

Пайдаланған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Тоқабаев Қ. Майдан мен еңбек жолында. - Астана. - ЗТБ «Аманат» 2005. -87 б.  4-б. 

2. Асан Ата К. Шынжырда өткен жолбарыс. Сказ о закованном тигре. –Алматы: «Үш қиян». 2004. 10-11-бб.

3. Тұяқбаев Ж. Парызын өтеген перзент. –Шымкент: «Қасиет» 1996. 49-54 бб.

4. Қоғам қайраткері Сағындық Кенжебаев пен Қанат Еңсеновтің сұхбатынан үзінді. Алматы, 2012 жыл 24 тамыз.

5. Қамзабекұлы  Д. 50-жылдардағы қазақ қайраткерлері еңбегіндегі алаш зиялыларының тағылымы / Ж. Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие. Жинақ. –Астана: «Тархан принт». ЖШС. 2012. -149 бет. 23-28 бб.

 

6. Болатов Т.  Қалқаны болған халқының  // Арқа ажары. 1995 жыл. 14 наурыз.

7. СҚОММ. 13-қ., 1-т., 75-іс, 102-105-пп.

8. Мақсатқызы А. Ақтөбе облысының құрылғанына - 80 жыл. // Қазақстан мұрағаттары. 2012. № 12. 108-бет.

9. ҚР ОММ. 1109-қ, 3-т, 376-іс, 3-7 пп.

10. ҚР ПМ. 708-қ, 28-т., 328-іс, 148-п.

            11. Сборник законодательных и нормативных актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий. – М.: Республика, 1993. – 245 с.

12. Шәріпов Ә. Көргенім, көңіліме тоқығаным  // Жұлдыз. 1994 жыл. 9-шы номері. 15-16 бб.

13. Мұсағалиева А.С. Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттар қорлары құжаттары саяси репрессиялар тарихының дерек көзі (1917-1956 жж.) / Тарих ғылымд. докт. дәрежесін алу үшін дайындалған автореферат. Астана, 2010. - 36-б.

14. Нұрқасым Е. Біртұтас Қазақстан және Тәшенев // http: maidan.kz/index.php.

15. Сағындық Кенжебаев пен Қ.А. Еңсеновтің сұхбаты. Алматы, 2012 жыл, 24 тамыз.

16. Момышұлы Б. Айтылмаған ақиқат. (Көптомдық шығармалар жинағы). 2-кітап. 10-том. –Алматы: Өнер. 2009. -264 бет. -98-101-бб.

17. Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Советінің Ведомостілері. – 1959. № 3. 3-4-бб.

18. Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Советінің Ведомостілері. – 1959. № 19. 5-б.

19. Тұрысов Е. Жұмабек Тәшенев жайлы естеліктер. – Алматы, «Білім» баспасы, 2005. – 116-б.

20. Кәрішал Асан ата. Шынжырда өткен жолбарыс. Сказ о закованном тигре. –Алматы: Үш қиян. 2004. -408 бет. 27-28 бб.

21. Ержанова К. Ташенев ағайдың қызметінен бір көрініс / «Ж. Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие»: Жинақ. – Астана: «Тархан пинт» ЖШС, 2012 ж. – 69-72-бб.

22.  Мұхатова О. Өз заманының ірі тұлғасы // Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал. 2009. - №12. 69-73-бб.

23. ҚР ПМ. 708-қ, 34-т., 45-іс, 1-2-пп.

24. Кенжебаев С.Д. Бәрі құрбан атамекен жолында. Қайраткер Жұмабек Тәшеневтің тағдыры осыны айғақтайды // Азат. 2004. 17 қараша. 6-7-бб.

25. Қоғам қайраткері Сағындық Кенжебаев пен Қанат Еңсеновтің сұхбаты. Алматы, 2012 ж. 24 тамыз.

26. Ташенев Ж.А. Резервы повышения эфективности сельско-хозяйственного производства. Канд. дисс. на соиск экон. наук. Москва, 1962. 35 стр.

27. Мағауин М. Ұлтсыздану ұраны. Алматы: Алаш, 2004. – 12-13-бб.

ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты