Тұңғыш қазақ кеңес генералы
28.02.2020 2465
Екінші дүниежүзілік соғыстың ұлт тарихында алар орны ерекше. Өйткені сұрапыл соғыс даласында талай қазақ баласы ерлік көрсетті.

Соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың майдандағы ерліктері Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Мәншұк Мәметова мен Әлия Молдағұловалардың есімдерімен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі. Сондықтан да Qazaqstan Tarihy порталы техника әскерлерінің тұңғыш қазақ генерал Шәкір Жексенбаев туралы айтпақшы. 

Шәкір Жексенбаев 1901 жылғы 28 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Далбын-Шонай ауылында Айталы Жексенбаев пен оның жары Жәмиләнің отбасында дүниеге келген. Отбасы асқан бай болмаса да, ештеңеден тарыншылық көрмеген. Кейіннен Ш.Жексенбаев өз анкетасында атасы Жексенбайдың орташа малшы-шаруа табынан болғанын көрсетеді. Малшылықтан басқа Шәкірдің әкесі Айталы қамыс орып, Басқұншақ көлінен тұз алумен айналысқан.

1908 жылы Айталы ұлын орта мектепке оқу бересол жерде алған орта біліммен, Шәкір 1912 жылы Хан Ордасындағы жоғары орта училищеге оқуға түседі. Училищені жас Шәкір 1917 жылы бітіріп шығады да, училище жанында педагогика курсына оқуға түседі. Революция мен Азамат соғысының басталып кетуіне байланысты Ш.Жексенбаев оқуын тәмамдап, үйіне оралуға мәжбүр болады, сөйтіп ол отбасына көмектесіп, теміржол стансасына тұз таситын түйелердің табыншысы болып жұмыс істейді. Сол жерде оның саясатқа қызығушылығы оянады.

Ол совет билігін қолдап, митингілер мен жиындарға қатысады. Көп ұзамай тұз кәсіпшілігі мемлекет меншігіне өтеді де, Шәкір Басқұншақ тұз кәсіпшілігінің жұмысшылары одағы құрамына кіреді. Білімді жас жігіт бірден көзге түседі.

1918 жылдың қазанында ол Далбын-Шонай болысының Жұмысшы, шаруа және қызыләскерлер депутаттары атқарушы комитетінің жауапты хатшысы болып сайланады. Сол кезде ол Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының қатарына қабылдануға ниет білдіреді, алайда атқару комитетінің төрағасы болыста да сауатты адамдар қажет деп санап, оның сұранысын қабыл етпейді. Дегенмен де 1919 жылдың 20 маусымында Шәкір Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының қатарына шақырылады. Бірнеше күннен соң ол жергілікті комиссариатқа келіп, Советтік үлгілі қырғыз(қазақ) полкінің полк мектебіне қабылданады. Полк құрамына кіргені сол еді «Курсант жігіт» Орал даласындағы ақ казактармен соғысуға аттанады. Айта кетерлігі, кейін осы полк дивизияға дейін ұлғаяды, ал жеке құрамның бір бөлігі атақты Чапаев дивизиясының қатарын толықтырады.

1919 жылдың қыркүйегінде әскер ісі бойынша комиссариатқа Орынборға көшу туралы бұйрық беріледі, сол үшін 1-ші жеке қазақ салт атты эскадроны құрылады, оның мақсаты – комиссариат көшкен кезде соған ілесіп жүру. Шәкір Жексенбаев осы эскадронның құрамында болады. Орынборда Ш.Жексенбаев Қызыл Армияның командалық құрамының Борисоглебов советтік кавалерия курстарымен танысып, сонда ауысу туралы өтініш береді. Сол жылғы қарашаның аяғында оның баянаты қабылданады. Сол жерде ол болашақ совет ақыны, екі бірдей Сталиндік сыйлықтың лауреаты, өмірлік досына айналған Степан Щипачевпен танысады.

Бірінші қатар, сол жақтан екінші – Қырғыз өңірлік әскери комиссариатының жеке кавалериялық эскадроны командирінің көмекшісі Ш.Жексенбаев, Орынбор, 1919 ж.

1920 жылдың наурызында Ш.Жексенбаев Коммунистік партия мүшелігіне өтеді. Бірнеше айдан соң, 1920 жылдың маусымында, ол емтихандарын сәтті тапсырып, ЖШҚА (РККА) кавалерия командирі атанады. Курсты бітірген соң ол Қырғыз (Қазақ) өлкелік әскери комиссариатына жіберіліп, Бірінші отандық кавалериялық дивизионның взводын басқарады. Бір айдан соң ол эскадрон командирінің көмекшісі лауазымына дейін көтеріледі. Алайда, бұл лауазымды ол аз ғана уақыт атқарады: 1920 жылдың 25 тамызында Шәкір Жексенбаев пен Хабир Бөкейханов Мәскеуге шақыртылады. Жеделхатта былай делінген:

«…Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет Бас штаб Академиясына тыңдаушы ретінде Шәкір Жексенбаев пен Хабир Бөкейханов жолдастарды ұсынады. Аталған жолдастар енді туып келе жатқан, әскери іспен таныс әрі қырғыз(қазақ) тілі мен қырғыз (қазақ) хвлқының тұрмыс-тіршілігін білетін қызыл командирлерге аса зәру жас Қырғыз Қызыл Армиясының өкілдері…»  

Айта кетерлігі, Мәскеуге келген Жексенбаев пен Бөкейхановқа тұрмыстық мәселелерді шешуге РСФСР-дағы ҚырАССР-нің өкілі Құсайын Бекентаев көмектескен. Төрт жыл оқып, барлық емтихандарын сәтті тапсырып, 1924 жылдың тамызында Ш.Жексенбаев Қызыл Армияның ірі қолбасшыларының бірі Михаил Фрунзенің қолынан жоғары әскери білім туралы дипломды алады. Академия кейіннен Фрунзенің атымен аталып, осы оқу орынынан 20-ға жуық ССРО маршалдары шығады. Екі ай кезекті демалыстан соң Ш.Жексенбаев 1924 жылдың 8 қазанында Уфада орналасқан Приволжье әскери округінің 34-ші атқыштар дивизиясының 100-ші атқыштар полкіне жіберіледі. Полкке келісімен 2-ші атқыштар ротасына командир болып тағайындалады. Осы жерде ол православиелік дьяконның қызы Нина Виноградовамен танысып, 1926 жылы шаңырақ көтереді. 1926 жылдың қазанында Ш.Жексенбаев Қызылордадағы Қазақ ССР Әскери комитетінің саптық бөлім бастығы болып тағайындалады. 1926 жылдың күзінде Ш.Жексенбаев Орталық Комитетке мүшелікке кандидат болып сайланады, ал 1927 жылдың көктемінде Советтердің 6-шы Бүкілқазақ съезіне қатысады, соның нәтижесі бойынша ҚазАССР ОАК кандидаттыққа қабылданады.

1930 жылдың тамызында Шәкір Жексенбаев өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болды. Ол кезде Ш.Жексенбаев Беларусия, Ресей мен Украина тоғысында орналасқан Белоруссия әскери округінің 37-ші атқыштар дивизиясының 110-шы атқыштар полкінде штаб бастығы лауазымында болатын. Полк штабына Шәкір Жексенбаевтың жылдам Мәскеуге жетуі туралы ЖШҚА Кадрлар Бас басқармасынан хат келеді. Екі күннен кейін Шәкір Жексенбаев ЖШҚА Жоғары әскери-химия мектебінің әскери химик мамандығы бойынша курсант атанады. Жалпы, ХХ ғасырдағы әскери қақтығыстар тарихы табанда қырып салатын әлеуетіне қарамастан, химиялық қару жеткілікті дәрежеде тиімді бола қоймағандығын көрсетті. Оны қолдану сәттілігі ауа-райына тәуелді болды, желдің бағыты өзгерген жағдайда, улы газды қолданған тарап сол газдан өзі зардап шегуі мүмкін еді. Сондықтан да химиялық қару жаппай қолдануға қолжеткізе алмады. Дегенмен де, барлық елдердің қарулы күштері құрамында әскери химиктер болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың майдан алаңында танктер мен ұшақтардың пайда болуы елдің әскери басшылығын химия ғылымы саласындағы соңғы жетістіктерді пайдалана отырып, Қызыл Армия әскерлерін техникамен қайта жабдықтауды бюастауға мәжбүрледі. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаяу әскер танкілермен өртегіш қоспа құйылған бөтелкелер көмегімен соғысты. Бұл қару көбіне дұрыс қолданылмағандықтан тиімділігі де төмен болды. Дәл осы әскери химиктердің көмегімен өртегіш қоспалар жетілдіріле түсті, кейіннен тек танкілерге ғана қарсы емес, сонымен қатар жау жолына тосқауыл ретінде де, әуебомбалары мен жерүсті отатқыш взводтардың қарулары ретінде де қолданылды.

Шәкір Жексенбаев оқуын 1931 жылдың қыркүйегінде тәмамдап, Әскери-химия басқармасы бастығының көмекшісі лауазымында Мәскеуде қалдырылады. Бір жыл қызмет еткен соң, ол өзі әскерге баруға сұранады, сөйтіп 1932 жылғы қарашаның аяғында оны Киевтегі Украина әскери округінің 4-ші жеке химияға қарсы қорғаныс батальонына әскери комиссар ретінде жолдайды. Осы кезде, 1931 жылдың көктемінде, Жапон империясы мен Қытай арасындағы қақтығыс салдарынан Қиыр Шығыстағы жағдай күрделеніп кетеді. 1932 жылдың көктемінде жапон әскерлері Манчжурияға еніп, Қытай аумағында Маньчжоу-го қуыршақ мемлекетін құрады.

Елдің жоғары билігі Шәкір Жексенбаевтың батальоның Забайкальеге жібереді, ал 1935 жылдың қыркүйегінде ол Жеке Қызыл Тулы Қиыр Шығыс Армиясының Благовещенский Бекініс ауданының химия қызметінің бастығы болып тағайындалады. Осы лауазымды атқарып жүрген кезінде Екінші Дүниежүзілік соғыстың көрнекті қолбасшыларының бірі Константин Рокоссовскиймен танысады. Қиыр Шығыста Шәкір Жексенбаев алты жыл қызмет етеді: 1936 жылдың тамызынан 1937 жылдың шілдесіне дейін Хабаровскіде Жеке Қызыл Тулы Қиыр Шығыс Армиясының химия қызметі бойынша инспектордың көмекшісі, 1937 жылдың шілдесінен 1939 жылдың жазына дейін 2-ші Жеке Қызыл Тулы армия басшылығы құрамында, 1939 жылдың қазанынан 1940 жылдың шілдесіне дейін Солтүстік Әскерлері тобының химия әскерлерін басқарған. Осы кезде Шәкір Жексенбаев полковник шенін алады.

1940 жылдың шілдесінде Шәкір Жексенбаев ЖШҚА Калинин химиялық қорғаныс әскери училищесінің химияға қарсы қорғаныстың курсанттар батальонын басқарады. Ұлы Отан соғысы Жексенбаевтың кезекті демалысы кезінде басталады. 1941 жылдың 22 маусымында ол отбасымен бірге каналмен Калининнен Мәскеуге қарай теплоходпен жүзіп бара жатқан. Мәскеуге жетісімен-ақ ол кейін қарай өз әскери бөліміне қайтып кетеді. Өзіне бағынышты батальондарды жауынгерлік жағдайға келтіріп, шілденің басында отбасын Уфаға эвакуацияға жөнелтеді.

Шәкір Жексенбаевтың соғыстағы ерліктері осы соғысқа қатысушылардың естеліктерінде жақсы сақталған. Мысалы, жазушы Владимир успенский Николай Лукашовтың «Тайный советник вождя» естеліктерін жариялау кезінде, келесіні жазады: «Бірде олардың қолына трофейлік фургон машинасы түседі, Жексенбаев оны бірден стационарлық майдандық сынағыш химия зертханасына айналдырып жіберіп, өзінің бағыныштыларымен бірге ұзақ жанатын фугастық отатқыштарға арналған рецептцралар, сонымен қатар миналар, АЖ-2 ампулаларын, қашықтықтан жанатын ампулалар мен гранаталар, түйіршіктелген фосфорлы әуе бомбаларын, сигналдық және түтіндету құтыларын әзірлеумен айналысты. Кейіннен олар қарсыластың адам күші мен техникасын жоюға өте тиімді қолданылды... » «Тайный советник вождя»  

1942 жылғы шілденің екінші жартысында Курск иініндегі шайқастың шабуылдау операциясы кезінде Шәкір Жексенбаевтың тікелей қатысуымен 3, 38, 48, 50 армиялар өртегіш қоспалы бөтелкелермен қамтамасыз етілген. Өзінің «И горек дым войны» мемуарында Ш. Жексенбаев былай деп еске алады:  «Шайқас кезінде 15-ші әуе армиясы У-2 және Ил-2 ұшақтарынан түйіршіктелген фосформен жабдықталған АЖ-2 ампулаларын лақтыруды кеңінен қолданды. Осылайша, 1942 жылдың 25 тамызында истребительдермен қорғанған олар курскідегі жау аэродромдарын бомбалап тастады. Жерде жаудың 16 ұшағы жанды, бензин қоймасы жарылып, ангарлар күйдірілді, зениттік артиллерияның 9 ошағы жойылып, қарсыластың 10 ұшағы зақымдалды» «И горек дым войны»

Курск иініндегі шайқас бітісімен-ақ ССРО маршалы К. Рокоссовский Шәкір Жексенбаевқа келесідей мінездеме берген: «Ісіне, Отанға берік, шұғыл жағдайда жақсы бейімделеді және арнайы химиялық бөлімшелерді қолдану бойынша дұрыс шешім қабылдайды... Ол өртегіш-отатқыш және түтіндегіш құралдардың қолданылуына және кадрларды дайындауға зор көңіл бөледі (ФОГ және РОКС от ату роталары)» 7 қыркүйек 1942 жыл

Шәкір Жексенбаевтың фашист басқыншыларын жеңуге қосқан үлесі туралы Курск шайқасының тікелей қатысушысы Ғали Сафиуллин былайша әңгімелейді: «… [Шәкір Жексенбаев] Брянск және басқа да майдандарда өзін тамаша көрсетті, ол өзі құрып, өзі басқарған фугастық отатқыш роталар шайқастар кезінде жаудың зәре-құтын кетіретін…» «Огни Алатау», 1965 ж.  

Брянск майданын басқарған басқа генерал-полковник Макс Рейтер Ш.Жексенбаев туралы былай деп жазған: «Ерік-жігерлі, батыл, сауатты, талапкер, химиялық дайындық ісін басқарушы. Ержүрек, ширақ, бастамашыл командир, майдан бөлімдерінің шабуыл іс-қимылдарына көп септеседі...» 10 мамыр 1943 жыл

1943 жылғы 14 қазанда Шәкір Жексенбаевқа генерал-майор шені беріледі. Өзінің естеліктер кітабында ол бұл сәтті егжей-тегжейлі жазады: «Бір сәтте химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы Н.Ф. Успенский динамиктің дауысын күшейтіп қалды, бәріміз Информбюроның кезекті хабарламасын беріп жатқан Юрий Левитанның таныс дауысын есіттік. Бір уақытта жүрегімді ыстық толқын шарпып, ауа жетпей өкпем тоқтап қалғандай болды... Бұл не? Маған техника әскерлерінің генерал-майор шені беріліпті. Қуанышымда шек жоқ. Менің жұмысыма берілген жоғары баға бұдан да артық жауапкершілікті талап етеді»

Бұл кезде Шәкір Жексенбаев генерал погонын таққан алғашқы қазақ және де Ұлы Отан соғысы жылдарында осы шенді алған жалғыз қазақ болатын. Шеру есептоптарының командирлері.

Оң жақтан екінші - Ш. Жексенбаев, Мәскеу, 1945 ж.  

Жеңістен соң генерал-майор Шәкір Жексенбаев аз уақыт Ленинград әскери округінің химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы болады да, кейін оқытушылық лауазымға ауысады. 1945-1958 жылдар аралығында Ш.Жексенбаев К.Ворошилов атындағы Әскери академияның химиялық шабуылдан қорғану кафедрасын басқарады, сонымен қатар «Әскери-химия ісі» пәнінен сабақ береді. 1958 жылғы 26 тамызда әскери қызметтегі шекті жасқа жетуіне байланысты Шәкір Жексенбаев зейнетке шығарылады. Зейнетте болса да, ол оқытушылық қызметтен қол үзбеді.

Совет кезеңіндегі алғашқы қазақ генералы Шәкір Жексенбаев 1988 жылы наурызда қайтыс болды.