Түрік жұртынан шыққан әйел билеушілер: Тұмар патшайым
08.03.2020 4438
Түбі бір түрік жұртынан шыққан жаужүрек қыздар туралы әңгіме қозғасақ бірден есімізге сақ тайпасының даңқты патшайымы Томириc (Тұмар) оралады.

Тек қазақ халқы ғана емес күллі түркі жұрты өздерінің арғы тегі деп санайтын сақ тайпаларының ең даңқты билеушісі атанған Тұмар сұлудың есімі  Айша ханым, Клеопатра, Жанна д’Арк, Индира Ганди, Маргарет Тэтчер сынды әлем мойындаған 10 әйелдің бірі ретінде аталады. Сонау орта ғасырлардың өзінде-ақ еуропада ол туралы романдар жазылып, көптеген картиналар салынған.

Тарихи деректерде Сақ патшайымы Тұмардың  б. з. б. VI ғасырларда яғни 570-520 жылдары аралығында өмір сүргені айтылады. Сондай-ақ ол скиф тайпалырының бірінің көсемі Ишпақайдың тұқымынан тараған делінеді.  Спаргапис патшаның қызы. Анасы ерте қайтыс болғандықтан, Томирис әкесі Спаргапистің қамқорлығында болады. Анасы туралы басқа дерек жоқ.

Таққа әкесі Спаргапис өмірден өткен соң (б. з. д. 534 жылы) отырады.  Ғасырлардан ғасырларға жеткен аңыз әңгімелер мен жыр-дастандарға қарағанда ежелгі сақ, ғұн, түрік дәуірінде әйел затынан жеті бірдей патша шыққан. Сол замандардағы патшалық құрған жеті қыз туралы деректерді ХVІІ ғасырда өмір сүрген атақшы тарихшысы әрі Хуа ханы болған Әбілғазы Баһадүр Ханның «Түрік шежіресі» еңбегінен де кездестіруге болады.

Тұмар қыз сақ дәстүрі бойынша жастайынан садақ ату, қылыштасу, найза лақтыру тәрізді әскери дағдыларды меңгеріп өседі. Он үш жасында әскери іс-қимылдарға ұрыстарға араласып өседі. Осылайша майданда жауына тастай қатал, ал былай өмірде жібектей жұмсақ бола білген Тұмар көп ұзамай-ақ қатарластарынан ерекшеленіп шыға келеді. Оның үстіне сақтар мұндай батыр жауынгер әйелдерді ардактап, айрықша құрмет тұтқан. Бой жеткен соң сақтардың тиграхауд тайпасының билеушісі Рустамға тұрмысқа шығады. Үйлену тойынан кейін көп ұзамай Томиристің әкесі дүниеден озды. Осыдан соң ел билігі Томиристің қолына өтеді.

Ел билеу ісі Томириске оңай тимейді. Алдымен ел арасындағы бақталастықтың құрбаны бола жаздайды. Тайпа көсемдері де заңды түрде ел тізгігін қолға алған патшайымды о баста мойындамай түрлі қитұрқы істер ойластырады. Алайда Томирис асқан зеректігі мен ақылдылығының арқасында кез келген жерден жол тауып шығып отырған. Әскер және қорғаныс саласына үлкен өзгеріс әкеледі. Жауынгерлердің басынан аяғына дейін  сауыт-саймандар кигізіп, жылқыларына дейін құрышпен қаптап шығады. Томирис сонымен қатар алғаш рет ысқырықты жебені пайдаланған адам делінеді. Тек қана қыздардан құралған жасақ құрған.

Осындай жұмыстардың арқасында көп ұзамай таспалардың арасындағы алауыздықты жойып көрші елдермен болған ірі-ірі шайқастарда үлкен-үлкен жеңістерге жетеді. Өзінің шынында да ел бастауға лайық екендігін дәлелдеп береді. Осыдан кейін сақ тайпалары бірауыздан Томиристің билігін мойындап, артынан ерген.

Томиристің нағыз күрескерлік бейнесі скиф-парсы соғысы кезінде айшықтала түсті. Б.з.д. 530-529 жылдары Мидия елінің патшасы Кир көптеген елдерді өзіне бағындырып, «Азия әміршісі» атағына ие болған соң Сақтар еліне қарай ауыз сала бастайды. Парсы билеушісі Кир соғыс ашпастан бұрын Томириске өзіне әйел болу жайында ұсыныс айтып елші жібереді. Кирдің өзіне емес, халқы мен жеріне көз тігіп отырғанын жақсы түсінген Томирис жауап ретінде Кирге: «Кеш болмай тұрғанда осы жерден тоқта. Патшалардың патшасы, «Азия әміршісі» болсаң да бас ие алмаймын. Беретін жерім жоқ. Егер келісімге келмесең, онда мен сізге тойғанша қан ішкізетін боламын. Бұған соғыс рухының қылышымен ант етемін», – деп айтып сәлем айтып жібереді. Жауап ретінде Кир сақ даласына қарсы соғыс ашады.  

Скифтер мен парсылар арасындағы қанды шайқаста біршама уақытқа созылады. Қос тараптан да көп адам қаза табады. Сондай шайқастардың бірінде Томиристің күйеуі Рустам қаза табады. Ұзамай жалғыз ұлы парсылардың қолына түсіп қаза табады.

Шешуші шайқаста сақтар жеңіске жетеді. Кирдің басын алған Томирис оны қанға толтырылған ыдысқа салып тұрып: «Іздегенін қан еді... Ал ендеше тойғанша іш!» - дейді. 

Бұл шайқасқа әйелдер де қатысқан. Грек тарихшысы Геродот бұй майданды  «ең кескілескен және ұлы шайқас болды. Оған әйелдер де қатысты», -  деп суреттеген. «Бұл шайқасты мен барлық ұрыстардың ішіндегі ең сұрапылы деп білем. Варварлар шайқасы туралы мен мынаны білдім. Дұшпандар алдымен бір-біріне қарсы лек құрып, садақпен атысқан. Садақ оқтары таусылған соң, олар қанжар, найзамен қоян-қолтық ұрысқа кіріскен. Екі жақ та шегінбеді. Соңында массагеттер басым түсіп, жеңіске жетті. Парсы әскерлері түгелімен дерлік соғыс алаңында қаза тапты. Кирдің өзі де осы ұрыста қаза болды. Ол 29 жыл ел басқарған патша болған», деп жазады Геродот.

Герадоттың жазуынша, Томирис жауынгер-әйелдерден құралған жеті түмен әскерін соғыс алаңына алып шығып жеңіске жетеді. Халық арасында Томиристің әйелдерден құралған сарбаздарына қатысты мынадай әңгіме айтылады:  Сақ әйелдерінің жауынгерлерінің рухы биік болғаны соншалық, олар өз тайпаларын қорғау үшін бәріне де дайын болған. Найза сілтеп, садақпен атуға кедергі келтірмес жауынгер әйелдер оң жақ омырауын кестіріп алдырып тастайтын болған.

Сақ әйелдерінің садақ ату, қылыштасу, найза лақтыру тәрізді әскери дағдыларды мықты меңгергені туралы деректерді көне жазбалардан да көруге болады. Грек тарихшысы Ктесийдің, Геродоттың жазбаларында сақ тайпалары қыздарының батыл, өжет келетіндігі жазылған. Соғыс кезінде әйелдер бүкіл отбасын ғана емес майдан даласында жүрген жауынгерлерді де аң аулап асырайтын болған.

Белгілі зерттеуші Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, мұралайды көзге мұндай қыздар арнайы жасаққа  12-13 жасынан бастап алынған. «Көшпелі, жауынгер халықтың тіршілік дәстүріне байланысты, он үшке толған қыздар «арулар жасағының» қатарына алынып, садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтанатын. Олар жеке шеп құрып, жауға қарсы соғысуға қатысатын. Қашан ұрыс майданында ерлік көрсеткенше тұрмысқа шықпайтын» дейді ол. Яғни олар әскерге алыну үшін алдымен садақ атуды, найза мен қылыш сілтеуді үйренген. Әбден шыныққан соң оларды нағыз батырларша шайқасу үшін әскер қатарына қосып майданға жіберіп отырған.

Бір айта кетерлігі, Ктессийдің пікірінше, Кир сақтар емес дербиктер деп аталатын үндістермен одақтас бір елмен болған соғыста уыр жарақаттанып қайтыс болған болған. «Дербиктер пілдерді торуылда ұстап, Кирдің атты әскерін тым-тырақай етіп қуып жіберді. Кирдің өзі аттан құлап, бір үндіс оның жамбас буынына найза шаншып алады. Ақыры содан өлді», - деп жазады Ктейси.

Сол секілді Кирдің ажалы жетіп, өз өлімімен өлді дейтін жорамалдар да бар. Ол өзі құрған империяның астанасы Пасаргадахта жерленген. Қабірі біздің заманымызға дейін сақталған.

Тұмардың есімі ежелгі жазбаларда Томирис деп көрсетілген. Сол секілді кейбір қазақ зерттеушілерінің жазбаларында Томиристің есімі Тамаша, Томырыс, Тұмар, Томарыс деп түрліше аталып жүр. Мәселен, 2005 жылы жарық көрген «Жүз тұңғыш» атты жинақта патшайымның шынайы есім-сойы Томирис немесе Тұмарыс болуы мүмкін деген дерек келтірілген: «Қазақ тарихшылары Томиристі Тұмар деп жүр. Қазіргі белгілі деректер бойынша, оның дұрыс - бұрыстығына көз жеткізу мүмкін емес. Алайда сақ жұрты оны дәл гректерше Томирис деп атамағаны айдан анық. Ертедегі эллиндіктер Анарыс (Арыс) бабамызды Анахарсис, Тоқсарыны Токсарид деп, одан арғы бабаларымызды Тарғытай, Ишпақай деп атаған». Бәрінде де сөз соңында – ис, - сис қосымшасы орынсыз қоспаған, тек есімнің соңында «с» дыбысы барларға ғана қосқан. Демек Томиристі Тұмар деп атау бұл тәртіпке үйлеспейді. Ол өзі «марқұм болған патшаның әйелі» ғой. Патша әйелді, сөз жоқ, әйгілі, текті тұқымнан алса керек. Біздің жорамалымызша, оның аты Томирис немесе Тұмарыс болуы және ол Арыс бабамыздың қарындасы болуы, сондықтан атын Тума+Арыс деп қоюы, бәлкім, бұл оның лақап аты да болуы мүмкін»

Керісінше С.Ш. Айтуғанова мен А.А. Дәулетова сынды зерттеушілер патшайымның азан шақырылып қойылған есімі - «Тұмар» деген пікірде. «Тұмар» деген ұғым сөз қолданысымызда киелі мағына түзеді, сол себепті Томиристің шын аты дәл осы Тұмар болуы ғажап емес. Себебі, біздің сан ғасырлық тарихымызда қазақ қыздарының арасында Томирис деген есім аталмаған, есесіне ішінара Тұмар деген есімдер кездесіп отырған. Ал, Геродоттың жазбаларында нақты Томирис деп көрсетілуі ол тарихи фактілер негізінде де өз дәлелін таба алады. Себебі, осы жауынгер халықты гректер «скифтер» десе, иран және парсы деректерінде «сақтар» деп көрсетеді. Бірақ осы екі атау да біздің тіліміздегі «Сақ» ұғымына ортақ атау екеніне дауласпаймыз. Сол себепті, Геродот өз тілінің ыңғайы мен менталитетінің ерекшелігіне қарай Тұмар патшайымның есімін «Томирис» деп беруі мүмкін. («Дала патшайымдары туралы аңыз бен ақиқат» - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы)

Сақтар - біздің даламызды мекен еткен ең іргелі тайпалардың бірі Олар тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігіне қарай үлкен үш топқа бөлінген. Парадария сақтары ( теңіздің арғы бетіндегі сақтар) – еуропалық сақтар-скифтер немесе Арал теңізі, Сырдарияның арғы жағын мекендеген сақтар. Хаомаварга сақтары ( хаома сусынын жасаған сақтар) – Ферғана алқабын мекендейтін сақтар. Тиграхауда сақтары (шошақ бөрікті сақтар) – Сырдарияның төменгі ағысы мен Жетісу алқабын мекендеген.

Геродот өзінің «Тарих» атты еңбегінің төртінші кітабында сақтардың тұрмысы, ерлігі жайлы, соғыс өнері жайлы біршама дерек келтіреді: «Массагеттер егін екпейді, олар тек мал шаруашылығымен айналысып, балық аулаумен күнелтеді. Себебі Аракс өзенінде балық өте көп. Олар малдың сүтімен қоректенеді. Қадір тұтатын бірден бір Құдайлары – Күн. Олар Күнге құрбандыққа жылқы малын шалады. Сақтар жаяу жүріп те, ат үстінде де соғыса алады. Соғыстың екі түрін де жақсы меңгерген. Ұрыста садақ пен найзаны қатар пайдаланады. Тұрмыс заттарының көбін алтын мен күмістен жасайды. Найза, жебе, айбалталарын мыстан жасайды. Аттарын соғыстағы соққыдан сақтау үшін мыстан сауыт жасайды. Алтын мен мыс өте көп. Үзеңгі, таралғы, ер-тоқым, айыл сияқты қосалқы бөлшектерінің барлығын алтыннан әсемдеп жасайды. Темір мен күмісті мүлдем пайдаланбайды»

Сақтар туралы жазбаларды  грек жиһангезі Страбон да қалдырған. Страбон сақтардың негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқанын айтады. Көбіне жылқы, қой, ешкі асыраған.