Шартарапқа жол тартты қазақ әні
03.02.2020 2274
Димаш Құдайбергеннің «Мен әншімін» жобасында бағы жанған Қытай мемлекетінің Чанша қаласы дәл осы Саймақ өзенінің бойында орналасқан еді.

 

                     «Саймақтың Сары өзені»

                           I

Л.Гумилев  өз еңбектерінің бірінде ғұндар мен қытай  арасындағы жер үшін айқастың сан ғасырларға созылғандығын, сол үшін қаншама қыруар қан төгілгендігін жазады. Жылнамада жазылғандай қытай халқы  ұзақ жылдар бойы  Ғұн империясының қол астында болды ғой.  Ғұндардың сол  кездегі ордасы қазіргі қытай территориясына тиесілі Хуанхэ өзенінің бойында орналасқан еді. Хуанхэ ғұн тілінде Саймақ. Қазақтың көне күй тарихында «Саймақтың сары өзені» деген күй де бар.  Бұл күйге қатысты белгілі дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев «Томирис заманынан ешқандай сарын сақталмағанымен, Александр Македонский жорығынан қалған «Қос мүйізді Ескендір» күйі домбыра тарихының тым тереңде жатқанын көрсетеді. Бұл жерде айтайын деген ойымыз күй шежіресі, күй аңызы, күй аты қатарлы факторлар күйдің хронологиясын анықтауда ескерілу керек. Мысалы, «Сары өзен» күйі қай дәуірде туғанына кесім айту қиын, бірақ, қытайдың батысындағы Сары өзенге (Хуаңқы) арналғаны белгілі. Ал, түркілердің Сары өзеннен (қытай қолтығынан) айырылған  кезі біздің заманымыздың ІІІ ғасыры шамасында еді. Бұл күй әр дәуірде әртүрлі шертілген, өзгерген, жаңғырған болуы да мүмкін» дейді. Енді  осы арада көне күйдің аңызына  тоқтала кетсек. Жыр мен аңыздағы мотивтер  көшпелі болады ғой.  Аңыздар арасында ауысып жүре беретін бұл оқиға  бірде қазақ пен шүршітке телінсе, бірде қалмақ пен қазақ арасында өрбіген екен.

Екеуіне де ортақ бір дүние Саймақ атты күйшінің болғандығы ғана. Бірінші нұсқа да «Саймақтың асыл тегі қазақ емес – қалмақ делінеді. Қазақтың жасаған жойқын бір жорығының кезінде, қалмақ ордасынан алынған тұтқындардың ішінде бір жүкті әйел келген екен. Қазақ жеріне келгеннен кейін босанып, ұл туады. Атын Саймақ қояды. Уақыт өтеді. Тұтқындар қолдарынан кісендері алынып азат етіледі, байырғыланып қазаққа сіңіп кетеді. Саймақ алдымен қойшы бала болады. Есейе келе қолына құрық ұстап, жылқы бағады. Кейіннен әскер қатарына алынып, көптеген жорықтарға қатысады. Соғыс үстінде үлкен ерлігімен көзге түсіп, ақыры жылжи-жылжи үлкен әскербасы дәрежесіне жетеді. Күндердің күнінде қазақ пен шүршіттің арасында жойқын соғыс басталады. Осы соғыста  қазақ жеңіледі. Тіршіліктің көзі - ұлы Сары өзенді, оның бойындағы шұрайлы қоныстарын тастап шығады. Осы кезде елмен бірге жеңілістің күйігін тартқан Саймақ, қолына қобызын алып осы «Сары өзен» күйін шығарған екен» дейді. Ал, екінші нұсқада ерте заманда, қалмақтың бір шапқыншылығы кезінде, топ ішінде Саймақ есімді жылқышы тұтқынға түседі. Қалмақ еліндегі бір той кезінде Орда сыртынан Саймақтың сыбызғысының үнін естіген хан елең етіп: "Ол кім? Менің алдыма келтіріңдер" - дейді. Ханның алдына келген Саймақ өзінің биік өнерімен жұртты таңқылдырады. Риза болған хан Саймақтың басына бостандық беріп еліне қайтарады. Ел шетіне жетіп, Сары өзеннің жағасына келгенде, Саймақтың астындағы аты оқыранады. Сонда аңсап жеткен елін көріп Саймақ осы күйді шығарған екен» делінеді.

Мұны айтып отырғанымыз  қазақтан шыққан ғажайып әнші Димаш Құдайбергеннің  «Мен әншімін» жобасында  бағы жанған Қытай мелекетінің Чанша қаласы   дәл  осы Саймақ өзенінің  бойында орналасқан еді. Бұл ілкідегі қазақ тарихына қатысты болғандықтан осы бөлімді мақалаға  кіріспе ретінде арнайы жазып отырмыз.

 

                                     Димаш феномені

                                   II

Біздің бүгін  тақырыбымыз есімі тек қазаққа ғана емес, айдай әлемге мәлім Димаш Құдайберген. Бұл жерде Димаштың өмірбаянын айтып  алтын уақыттарыңызға қиянат қалмай-ақ қояйын.  Дәл бүгінге дейін Димаш жайында елімізде екі кітап жарыққа шыққан екен. Оның алғашқысы ақын Оңайгүл Тұржанның кітабы болса, екіншісі эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұраттың еңбегі. 

Димаш феномені, ол дөңгелек дүниені нендей ерекшеліктерімен мойындатып отыр мінекей, негізгі сөз жүлгесі де осы жайында өрбімек.  Осы орайда бұдан ілгерідегі жылдарға сәл  шегініс жасап  көрсек.

Димаш Қытай елініндегі Singer жобасынан кейін төрткүл дүниеге бірден мәлім болып шыға келді. Бұған дейін бұл есім неге беймәлім болып, қағаберісте қалып келді. Тек дүние Димаш деп шулап кеткеннен кейін ғана оған бірден назар аудара бастадық. Қайыра айтайық, бұл феноменді біз неге білмей келдік. Бұған беретін  жауабымыз дайын. Біз бұған Қазақстанда кәсіби сын жоқ деген пікірді алдыға тартқан болар едік. Егер кәсіби сын болса, ол өнердегі  тенденциялар мен құбылыстарды жіті бақылап отырған болса, «қазақ сахнасына  Димаш деген феномен келді» деп сүйінші сұрап, жер-жаһанға жар салып, жарыса жазған болар едік. Бұл белгілі актриса Самал қарындасымызға да қатысты. Жетпіс бірінші халықаралық Канн кинобайқауында  «Үздік әйел  рөлі» номинациясында  жүлдегер атанған кейін ғана «Ой біздің сары алтындай Самал ғой» деп жаппай шулай бастадық.  Оған дейін «Тюльпан» секілді   фильмдердің бас рөлін сомдаған Самалдың шеберлігі хақында еш жұмған ауызымызды ашпадық.  Сонда мынадай гамлетті сұрақ туады. Қазақ өз таланттарының қадіріне жетіп бағасын білу  үшін,  оны ең әуелі өзіміз емес, өзгелер бірінші болып мойындауы керек пе деген. 

Рас, Димаш маңдайы жарқырырап айлар бойы қытай сахнасының шаңын қақты.  Ең қызығы байқау мәреге жетпей жатып-ақ оны кей адамдар қытайдың нағыз саяси жобасы деп байбаламға басты. Әлеуметтік желі де түрлі пікірлер тоғысында дәл осылай теңіздей шайқалып тұрды.  Бүгін сол еш негізсіз кіналаған бейбақтардың  аты-жөндерін жіпке тізіп, кемшіліктерін бетіне баспай-ақ қояйық. Біз бір ғана пікірді қуаттаймыз. Еш талас жоқ, рас, Димаштың бағын ашқан қытай сахнасы. Оны мынадай төмендегі төрт фактормен ғана дәлелдеп беруге болады.  Біріншіден, қытайда елінде кез-келген әншінің фонограмамен  ән айтуына заң жүзінде қатаң тиым салынған. Екіншіден, олардың әншіні сүйемелдейтін оркестірлері партитуралық принцптерді  дәл сақтай отырып оркестірде кәсіби ойнайтынын айтпасқа болмайды (Қазақстан да бұл керісінше, әнші дауысы көп аспаптың  ішінде көміліп қалатындықтан, жеке орындаушы кейде оркестірден үнімді асырып айтамын деп айғайлап кетіп жатады).  Үшіншіден, сахнаның декорациясы, сосын әншімен бірге тебіреніп, кейде былаудай болып еңіреп жылап отыратын көрерменнің шын эмоциясын қосыңыз (Жасыратын несі бар. Бізде керісінше залды толтыру үшін күштеп апарған студенттердің көңіл күйі  әншінің ұнжарғысын  тым түсіріп жібереді). Төртіншіден, әншінің жеке сәнденуі стилі  мен  киіну мәдениеті. Осы жобаның сахналық бейнесін жасау ісіне атақты Америка эстрада жұлдыздарын сәндеп жүрген Зильди секілді белгілі мамандардың тартылғандығын  қосыңыз.  Осыдан болса керек Димаштың  бүгін сахнаға киіп шыққан киімі ертеңінде  қытайдың ірі сауда үйлерінде сатылымда тұрды. Бұған байқау басталмай-ақ тұрып Димашпен келісім шарт жасасқан алпауыт BG Talent Қытай продюсерлік компаниясы мен әлемнің ең бай адамдарының бірі Джеки Маның Alibaba Group онлайн ретейлерінің қамқорлығын қоссақ, Қытайдың Димашқа қаншалықты қолайлы болғандығын аңғару еш қиын емес секілді.

Ендігі сөзімізді Димаштың дауыс ерекшелігіне қарай бұрсақ. Бұған дейін біраз мамандар Димаштың дауысын контертенор ұғымына балап келген болатын.  Бұл пікірдің еш қисынсыз екендігін Димаштың алғашқы вокал ұстазы Марат Әйтімовта, сондай-ақ батыстың кәсіби вокал музыка мамандары да айтқан болатын. Естеріңізде болса кезекті бір сұхбатында Димаштың өзі «мен лерикалық тенормын» деп бұл сұраққа нақты жауап берген еді.

Контертонор ұғымынан шығады ғой. Қазақта осы дауыстағы алғашқы опера әншісі Ерік Құрманғалиев еді. Әрине, ол кездегі түсінік те танымда басқа болатын.  Әйел дауысты әнші деп жұрт жақатпаған осы азаматтың  тағдыры  жат жерде трагедиямен аяқталды.  Бүгінде контертенор әншілерге батыстың кіл мықтыларын қоспағанда  өзбекстандық Сардор Миллано мен әзербайжандық Илхам Назаровты айтуға болады. Осы орайда мына мәселені де айырықша атай кетсек дейміз.

Ортағасырда шіркеуге реформа жасаған дін басылары, әйел мен еркектің шіркеуде бірігіп ән айтуын азғындық деп санап, мұны жедел арада оңтайлы шешуді бұйырады ғой. Сол күннен бастап әйелдің, дауыс әлеуеті жететін жерге еректің де үні жетуі  керек сұрақ қабырғадан қойылады. Бұған басы қатқан музыка мамандары көп іздене келе,  бұл сауалдың  да жауабын табады. Сөйтіп, өтпелі жігіт  шаққа жетпеген  ұл баланың  жыныс безін тежеп  тастау арқылы, бұл дауысқа  қол жеткізуге болатындығын мәлімдейді.  Өстіп «табиғи емес» жасанды  контертенор  ұғымы  дүниеге келеді. Мұны ғылымда «кастрат» десе қазақтың қара тілінде  «азбан» дейді. Кейбір жандар мұны пәтшағар деп айтып мүлде қателесіп жүр. Бұл жердегі пәтшағар сөзінің қолданысы тіптен қате. Пәтшағар парсы сөзі.  «Бачи-бази» немесе «баччагар» деп аталады. Ол парсы тілінде «көрікті ұл баланы сатып алып «әурелейтін» ауқатты адамдар, яғни, еркекке құмар еркек деген» мағына береді екен.  Пәтшағар сөзі қазақ арасында да келеңсіз сөз есебінде.

Осы Патша+ Қар аты екі сөз компонентінен тұратын бұл сөзді жекелей талдасақ патшаның ойнасы деген мағына шығады.  Әрине, бұл контертенордың бәрі  азбан немесе ақталған деген сөз емес. Тек тарихта бұл  дауысты алу үшін осындай амалдарға да  барғандығы жайында  арнайы  айтып отырмыз. Хош...

Музыка мамандары соңғы сәттерде Димаштың дауыс тембріне  қатысты адам  таңданарлық дүниені алға тартып отыр. Әнші кейде бас дауыспен өрлей отырып, екінші сопраноға да  еркін өтіп кететіндігін,  сөйтіп, осы   шырқау ноталар арқылы ысқырауық регистрге жетіп, делфин дыбысын шығаратындығын  айтып отыр. Димаштың осы ысқырауық регистрін тіркеген  мамандар  «бұл сірә,  кісі кейпіндегі періште шығар деп таңырқаса,  Игорь Крутой  «Димаш өз тыңдаушысымен тек ғарыш арқылы тілдеседі» дейді.

Ал,  Мақсат Тәж-Мұрат өз еңбегінде  «Бұл Димаштың аса бай дауысының бір палитрасы ғана. Димаш өзінің орындау стилінде бас, баритон, лирикалық, баритональды және драмалық тенор дауыс түрлерімен қатар сопраноны да бірдей қолдана береді. Бұл жердегі басты мәселе Димаштың дауысы жай тенор емес, оның «ди-градация» яғни  (биязы тенор) түріне жататындығы. Димаш,  дауыстың осы төрт  түріне бірдей еркін бара береді. Мамандардың ортақ пікірінше, вокал тарихында бұрын-соңды мұндай құбылыс болмаған» дейді ағынан жарылып.  Қазіргі қатталған есеп бойынша қазақта он екі мыңнан астам ән мен бес мыңнан астам күй бар екен. Әрине, осы қыруар қазынаға қарап отырып Димаштың  жайдан-жай пайда болмағандығын  аңғаруға болады. Сөз жоқ Димаш  осындай  рухани  құндылықтардың  негізінде  жаратылған дарын.  Әріге бармағанда  оның дауысында 1925 жылы  Парижде  ән оздырған  Әміре Қашаубаевтың жоғары дауысы жатыр.

Сонымен  сөзімізді қорытындылайтын болсақ,  Димаш феномені бізге не сыйлады.  Біріншіден  ол  қазіргі қазақ эстрадасында  жүрген  «жұлдызқұрттардың» дәлірек айтсақ  фанерщиктердің кім екендігін толыққанды көрсетіп берді. Екіншіден, Димаштың күмістей сыңғырлаған есті үні арқылы қазақтың ән талғамы басқалай сапалық қабаттарға өтті. Үшіншіден, дауыстың да тектік әулеті болады десек, бұл жағынан Димаштың дауысы  интеллектуалдық  әрі  аристокроттық дауыс (Ол тек эстада жанрына ғана емес, өзге де өнер атаулыға дәл осындай  өзгеріс пен еркіндік керек екендігін көрсетіп берді). Сөйтіп ол әйгілі әнші Әсет Найманбайұлы бабасы аманат еткен әніндегі мынадай;

Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөселетіп,
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.
Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп,
Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,
Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп» талаптарын толыққанды игеріп барып ғана ән әуелету керек екендігін дәлелдеп отыр. Әсеттің  бір ғана  осы «Інжу-маржан» туындысында қазақ музыкасының 76 төл термині  айтылады.  Мұндағы «жайлантып», «жадыратып», «жүрдектетіп», «жүйткітіп», «жорғалатып», «аз желдетіп» ұғымдары әндегі  қозғалыстар (яғни ритмдер) болса, «қаусырып», «қалтыратып», «кестелентіп», «дөңітіп», «қырық қарпып», «қан қайнатып» ұғымдары әнші дауысымен салынатын әннің кілтең  ішкі ою-өрнектері.

Димаш өзінің аристократтық  азат, әм асқақ дауысымен үш ғасыр бойы боданда  болған  біздерді  бұрнағы бабаларымыз секілді бекзат болуға, өзінің  пәрменді әм еркін дауысымен еркіндіктің мағынасы мен қадірін шын түсінуді меңзейді. Ол маған қазаққа бейне бір осы миссиямен келгендей, көрінеді де тұрады.