Көл астында қалған көне кент
14.01.2020 2413
Ғасырлар бойы Іле кенті саяхатшыларға Іле өзенінен өтетін өткел ретінде таныс болды

ХІХ ғасырда Іле кенті туралы ресейлік географтар Лев Берг, Николай Пржевальский, Петр Семенов-Тянь-Шанский, геологтар Иван Мушкетов пен Владимир Обручев, этнограф Григорий Потанин, биолог Алексей Северцовтар өз күнделіктерде жазып кеткен. Қазіргі уақытта кент қолдан жасалған Қапшағай көлінің астында жатыр. Qazaqstan Tarihy порталы өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қапшағай су қоймасының орында тұрған, біркездері атақты болған Іле кенті туралы әңгімелемек. Мақалада Қапшағай қаласының тарихын зерттеуші, жазушы Владимир Таранның «Солнечный город» кітабынан үзінділер келтіріледі.

Саяхатшы Владимир Обручев ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында Орталық Азияға алғаш рет табан тіреген. Ол зерттеулерінің негізі болған Жетісу өңірі осыдан 2,5 миллион жыл бұрын болған неоген дәуіріне жатады деген қорытынды келтіреді. Орта ғасырда кент ежелгі Теңіз теңізінің (ғасырлар салып оның орнында балқаш пайда болды) жағалауы болған, ал Жетісу кентке қол созым жерде ғана болған деп пікір білдіреді В.Обручев.

Саяхатшының пікірінше, дәл осы орта ғасырларда еуропа халықтары азиат көршілермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуға тырысқан. Сол замандарда көптеген еуропалық, оның ішінде христиандық делегациялар Орталық Азияға келіп, сол жерде тұратын халықтың тұрмысы, тарихы, мәдениеті туралы ақпараттар жинайтын. 1253-1255 жылдары осы өңірде болған францискандық монах Гильом де Рубрук Іле өзенінің мынадай сипаттамасын қалдырған: «...сол жерде үлкен өзенге кезіктік, ол арқылы кемемен өту керек болды...». Бірнеше ғасыр өткен соң Г.де Рубруктың жолын қайталаған қазақтың этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов күнделігіне былай деп жазған:

«...Іле арқылы өтетін өткелді... Албан руының қазақтары ұстап тұр..., жалпақ түпті қайықпен өтеді. Өткізу тәсілі бүкіл Шығыс үшін бірдей: қайық аттың құйрығына байланып, олар сүйреп шығарады.  Қайық өте ескі, қайықшының бірі қайықты басқарып отырса, басқалары киізбен жамалған тесіктерден кірген суды сыртқа төгумен болады»

Іле қонысы туралы алғашқы жазбалар 1853 жылы қағаз бетіне түскен. Сол жылдары Сонин деген топограф бұл жерді Іледен өтетін өткел ретінде таңдап, бекініс сала бастайды. Кейін өткелді күзету үшін бұл жерге хорунжий Лаптев басқарған қырық солдат жіберіледі. 1854 жылдың жазында саманнан жасалған алғашқы үй тұрғызылады. Кейін үйлердің саны артып, қоныс адам бойымен бірдей келетін ормен және бруствермен қоршалады. Көп өтпей қоныста шіркеу салынады. Негізінен, қоныстың негізін қалаушылар ретінде архивтерде хорунжий Лаптев, подпоручик Оленичев және бірнеше инженер көрсетіледі.

Іле өлкесі (карта Әскери энциклопедиядан)

Зерттеушілер Іле өзеніндегі кеме қатынасы революцияға дейін кездейсоқ сипатта болды деседі. Балқаш көлі арқылы Іле өзені бойынша жүк тасымалдаудың алғашқы әрекеті 1854 жылы жасалған. Сол жылы Василий Кузнецов деген көпес жаңадан салынған қоныстар мен станицалардағы әскер, казактар мен қоныс аударушылар үшін Қарқаралыда азық-түлік дайындап, су жолы арқылы Іле бекінісіне сегіз пұт азық-түлік жеткізген. Оның «Св. Николай» аталған кемесі Балқаштың солтүстік жағасынан Іле сағасына дейін 72 күнде 355 шақырым жүзіп өткен. Кейін қарай осы жолды 17 күнде өткен. 1884 жылы инженер Николай Петровтың жобасы бойынша 260 метрлік көпір салынады. Көпірдің ені 10,7 метр, көпірасты габаритінің биіктігі 6,4 метр болды. Бұл көпір 1953 жылға дейін халыққа адал қызмет еткен. ХХ ғасырдың басында Қытаймен арадағы сауда қарым-қатынасы жедел өскен кезде ел үкіметі су жолы логистикасын жылдам дамытуға тырысты. Тіпті Іле өзенінде кеме шаруашылығын ашу туралы әңгімелер де болған, алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткендіктен бұл жоспарлар кейінге шегеріледі.

1918 жылдың 23 мамыры таңертең бұрынғы поручик П.Береснев бастаған қызыл әскер Ілеге басып кіреді. Түсте атаман Бородихиннің қолы қойылған жеделхат Верныйға жөнелтіледі:  

«Совет билігін мойындаймыз, оның өкімдеріне бағынамыз, қару-жарақ пен оқ-дәрі жаңа ауыл қоймасына өткізілді, жаңа ауылдың тәртібі мен көпірді күзету үшін қоғамдық қауіпсіздік комитеті құрылды»

Осылайша, Іле қонысында совет заманы басталып кетті. Іле жұртының аты ұсақ-түйек жұмыстарға және киіз үй құрылысында пайдаланылатын ши мен қамыс, отын ретінде қолданылатын кәдімгі тікенді, жіпке, балық аулауда қолданылатын құралдарға қажетті кендірді өндірумен аты шыққан. Дегенмен, ілеліктердің басты кәсібі – балық аулау болды. Бір қызығы, 1905 жылы верныйлық диірменші Ф.Богдановтың Шудан әкелген балықтарын асырап отырған тоғандағы бөгетін су шайып кетіп, бүкіл сазан суағарлармен Ілеге кетіп, осылайша Балқаш жағалауында сазан кездейсоқ пайда болды. Ал бұл күнде жергілікті балық шаруашылығы құрып кетті деуге болады. Сонымен қоса, Іленің жабайы қабан мен балқаш жағалауы жолбарысын аулаумен аты шыққан. Іледегі соңғы жолбарыстың іздерін аңшылар 1948 жылы кездестірген. Адамдардың өңірді қарқынды игерулерінің нәтижесінде жолбарыс 1952 жылы жоғалып кетті деп санайды зерттеушілер.

 Іле. Андрей Михайловтың архивінен алынған сурет

Совет үкіметі кезінде өзенді игеру жұмыстары басталып кетті. 1924 жылдың тамызында ССРО Өзен пароходтығының орталық басқармасы Іле өзеніндегі кеме қатынасын зерттеу үшін экспедиция жасақтаған. Зерттеулер өзеннің мүмкіндіктері дұрыс пайдаланылса, совет-қытай сауда қатынасы үшін кеме қатынасы ыңғайлы әрі арзан жол болатынын көрсетеді. 1926 жылдың мамырында Іле кеме шаруашылығы ұйымдастырылып, келесі жылы Іле өзеніндегі кеме жөндеу зауытында жолаушыларды тасымалдайтын «Коммунар» теплоходы мен «Казахстанец» тауар таситын баркасы пайда болады. Өзен көлігінің саны арта түсті. 

1930 жылға қарай көлік кемелерінен басқа, аз тонналы баржаларға қызмет көрсететін балық аулаушы ұсақ кемелердің тұтас флотилиясы болған. Кейін Іле өзенінде Сорм және Киев кеме жасау зауыттарының пароход пен баржа секция-дайындамаларын жеткізу мен жинау жолға қойылды. Ұлы Отан соғысы кезінде Балқаш-Іле кеме шаруашылығы Балқаш мыс қорыту зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп, Қытаймен сауда жасалған, сонымен қатар, Алматыны сексеуілмен қамтамасыз етіп отырған. Сол жылдары Іле өзенінің төменгі сағасынан әкелінген сексеуіл отынның негізгі түрі болған, өйткені бар көмір өндіріс қажеттіліктеріне кетіп отырған.

Іле. Андрей Михайловтың архивінен алынған сурет

1953 жылы ескі көпірдің орнына автокөлікке арналған жаңа көпір салынды. Ол 1969 жылға дейін қызмет еттті. Қапшағай су тоғаны салынғанға дейін бірнеше жыл бұрын, 1963 жылдың 16 желтоқсаны, «Семиречье» газетінде профессор М. Чебышевтың «Долина изобилия» деген мақаласы шығып, онда ғалым Қапшағай ГЭС-і мен жасанды су қоймасының салынуына экономикалық негіздеме береді. Ғалымның пікірінше, су электр стансасы мен жасанды су қоймасының салынуы суармалы егін шаруашылығын дамытуға, күріш, сүт өнімдерін, көкөніс, жеміс-жидек пен картоп өндіруді арттыруға мүмкіндік береді. Құрылысқа кететін қаражатқа қатысты ғалым былай деген:  

«Суармалы жердің әр гектарын суландыруға қаржы салу бар болғаны 1000 рубль ғана, елдің басқа аудандарында бұл 2500 рубльді құрайды. Толық игерілген қаражат небәрі 5 жылдың ішінде орнына келеді»

Қапшағай ГЭС-ін салуға қатысты сұрақтар туындамады, ал жасанды су қоймасының құрылысы Іле өзенінің пайдаланылған суын реттеу қажеттілігінен туындады. Іле қонысы тұрған орын болашақтағы су қоймасы салынатын орын ретінде таңдап алынды. Сол кезде кентте 5 мыңнан астам адам тұрған, көп ұзамай олар Новоилийск (қазіргі Қапшағай), Жетіген сияқты жаңа кенттерге және балық аулайтын колхозға (қазіргі Арна) көшірілді.

1969 жылдың 29 қыркүйегі сағат 4-тен 15 минөт кеткенде Іле өзенінің арнасы тас бөгетпен жабылды. Осы жылдың 26 желтоқсанында су қоймасын толтырудың алғашқы кезеңі басталды, ал 1970 жылдың көктемінде Іле кенті қолдан жасалған Қапшағай көлінің пайда болуына бастау болған жасанды су қоймасының түбіне кетті. Іле кентінің тұрғындары көшірілген Новоилийск қаласының аты ССРО ыдырағаннан кейін Қапшағай болып өзгертілді. 1995 жылы Қапшағай өзінің 25 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Ауыр кезеңге қарамастан, қала әрі қарай дами берді. Қалада бұған дейін құрылыс және балық өңдеу комбинаттары, нан өнімдері комбинаттары, күріш, фарфор мен тас өңдеу зауыттары, жолаушылар және жүк автокәсіпорындары мен мұнай базасы салынды. Солармен бірге мектептер мен балабақшалар да салынды. Жер – «Мир» орбиталдық стансасы телекөпірі кезінде ғарыштық экипаж командирі Талғат Мұсабаевтың иллюминаторға қарап: «Ал мынау Қапшағай! Қараңыздар, міне ол, Қапшағай»-деп , шаттанғаны есімізде.

Мақалада Қапшағай қаласының тарихын зерттеуші, жазушы Владимир Таранның «Солнечный город» кітабынан үзінділер келтіріледі