Әбікеннің «Қоңыр» күйі
12.12.2019 2851
Әбікеннің «Қоңыр» күйін зұлмат заманды, қанды жүйені, қатыгез қоғамды музыка тілі арқылы әшкерелеген айыптау актісі дегеніміз дұрыс шығар?

1953 жылдың наурызында Сталин өлгеннен кейін совет халқының тарихында жаңа жылымық басталды.  Елдің қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде оң жаңалықтар орын ала бастады.  1937-1938 жылдары «халық жауы» ретінде атылып кеткен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және тағы да басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері қайыра ақталды. Ал олармен бірге 30-шы жылдары «сотталған» халық әндері мен күйлері де қайтадан  халқымен қауышты. Сондай шығармалардың бірі Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйі. «Qazaqstan Tarihy» порталы әнші, әрі  өнертанушы Ерлан Төлеутайдың әйгілі  күйші Әбікен Хасенов хақында жазылған мына бір  дүниесін оқырман қауымға арнайы  ұсынып отыр.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында күйші Әбікен Хасенов бірталай қиыншылықты басынан кешірді. Солардың біразы актриса Хабиба Елебекованың мемуарында баяндалған. Х. Елебекованың еңбектерінде Ә.Хасенов туралы алғашқы естелік 1941 жылы  жазылған, сол кезде күйші екі жасар баласы Еркіннен айырылған Хабибаға көңіл айта келген екен. Бірінен кейін бірі екі баласынан айырылған ана үшін бұл ауыр қасірет. Әбікен оны барынша жұбатып, сабырға шақырған. Көңіл айтып, шерлі ананың қаяулы көңілін демегендей болған Әбікен қандай зор қайғының да, көл-көсір қуаныштың да өткіншілігін айтып, оны өз басынан өткен оқиғалармен байланыстыра дәлелдей әңгімелеп, қаралы ананы сабырға шақырады. Әбікен өз басынан өткізген нәубетті оқиғаларды Хабиба әжемізге жалпылама ғана айтқан. Әбікен өз өмірбаянының көп тұстарын бүгіп қалып, ашаршылықта өзінің бес баласынан айырылғанын, одан жазықсыз түрмеге түскенін, абақтыдан түрме бастығының келіншегінің көмегімен босап шыққанын, сөйтіп, әупірімдеп Балқашқа жеткенін, Шу арқылы әрең дегенде Алматыға, Сәкенге жетіп жығылғанын, Сәкеннің көмегімен драмтеатрға әртістік қызметке ілігіп, Шәкен деген әйелге үйленіп, одан бірнеше бала сүйіп, сөйтіп, ел қатарына қосылып кеткенін әңгімелеп берген. Әбікен Хасенов 1892 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы Жалпақтау деп аталатын таудың етегін бойлай ағатын Қаратал өзенінің бойында көктем шыға дүниеге келеді. Патша заманында бұл өлке Семей губерниясы Қарқаралы уезіне қарап, Мойынты болысы деп аталған. Әбікен дүниеге келген Қаратал өзенінің Бетпақ дала жағында атақты Ағыбай батырдың кесенесі тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Әбікеннің ата-тегіне қысқаша тоқталар болсақ, ол – Қаракесектің Кәрсөн бұтағын жиырма жылдай билеген Көпбай болыстың немересі. Шөже ақынның Арқадағы шертпе күй өнерінің көрнекті өкілі Сайдалы Сары Тоқаға арналып айтылған әйгілі жырындағы: Каракесек Кәрсөннен шықты Көпбай,  Шықты да сөне қалды жанған оттай, – дейтін Көпбай осы Әбікеннің атасы болып келеді. Көпбай өз заманының ықпалды ерлерінің бірі болыпты. Соның бір белгісі – оның Құнанбаймен аға сұлтандыққа таласуға тәуекел еткені. Алайда, Қаз дауысты Қазыбек бидің шөбересі Алшынбай бидің: «Көпбай, сен өкпелеме, мен жейтін боғымды жеп қойдым. Менің Құнанбаймен құда екенімді білесің ғой. Құнанбайдың аты озып кетті. Енді буынсыз жерге пышақ ұрма», – деген сөзі Көпбайға тоқтау болып: «Осы сөзіңіз ғой бізді тоқтататын, осы сөзіңіз», – деп ренжіп үйден шығып кетіпті. Көпбайдан Рақыш, Мұқыш, Сәдуақас, Хасен деген төрт ұл туыпты. Осы ұлдарының ішінен Көпбайдың ізін басып, сөзін ұстағаны Хасен болса керек. Әбікеннің Хабибаға айтқан естелігінде: «Әкеміз әлді шаруа еді. Мені жасымнан ел билігіне араласуға баулыды. Бірақ мен өнер жолын таңдадым» – деуінде осы сыр жатыр. Жазушы, зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің дерегіне сүйенсек, Хасен баласы Әбікенге Алтайдың Кареке руынан шыққан Нұрлан байдың Күлше деген қызын қалыңсыз алып береді. Оның әкесі мен атасы көп жылдар бойы Шерубай-Нұра болысын басқарған. Ә.Хасеновтың алғашқы ұстазы өзінің немере ағасы Сәдуақастың Мақашы болады. Мақаш арқылы қырық тармақты «Балбырауынды» бабымен балбырататын Баубекке ұшырасып, одан осы күйдің бір нұсқасын алып қалады. Бұдан соң талапты жас күй бұлағы – қыпшақ Итаяқ күйшіні іздеп барып, одан Дайрабай күйлерінің қыр-сырына қанығады. Енді оның бар арманы Арқа күйшілік мектебінің Тәттімбет пен Сайдалы Сары Тоқадан кейінгі ең ірі өкілі Қыздарбектің алдын көріп, батасын алу еді. Ол заманда Қыздарбектің маңайына өңкей дәулескер күйшілер бас қосысатын. Қыздарбектің айналасына жиналған Әбди, Сембек, Ақмолда, Кәрібек, секілді дәулескер күйшілер бірінен-бірі өнер асырып, берекелі елдің мерекесін шырайлы күймен кіргізіп жатқан шақ еді бұл. Қыздарбектің күмбезді күй ордасының ең кенже өнерпазының бірі ретінде Әбікен аталған күйшілердің барлығынан үлгі алады. Сөйтіп, шығармашылық ізденіс пен ерен еңбектің арқасында Әбікен шеберлігін шыңдап, шертпе күйдің нағыз саңлағына айналады. Сұлу жары Күлшеден Жаһанша, Дәлелхан атты екі ұл, Шапи, Баяу есімді қос қыз сүйеді; басындағы бағы – өнері, атадан қалған мол дәулет бар, бір уақыт Әбікенннің даңқ пен дақпырттан, баршылық пен бақыттан басы айналғандай болады; өзін төңірегіндегі төрт құбыласы тең жанның екеу болса бірі, бір болса, бірегейіндей сезініп, аяғы жер баспай, айналасына бір сәттері астамси қараған күндерді де басынан кешеді. Бірақ «баста дәурен тұрмайды...» дегендей, уайымсыз, қамсыз серінің сауықсайранға толы ертегідей өмірінің астан-кестенін шығарып, асты-үстіне келтіретін, жалғыз Әбікен ғана емес, мұқым алты алашқа алапат ойрандар салынатын зұлматты күндер де таяп келе жатты. Келгелі қазаққа іші бір жылымаған Кеңес өкіметі отызыншы жылдарға қарай өзінің шын бейнесін көрсете бастады.

1928- жылғы «ұлы кәмпеске» қазаққа бұл дүниенің теріс айналғанының белгісіндей болды. Байлардың бар малын тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алып, өздерін жан-жаққа жер аударып тоз-тоз ғып жібергені аздай, зорлықшыл үкіметтің шолақ белсенділері енді халық өнеріне ауыз салып, оның ел ішіндегі өкілдері – әнші-күйшілерді қырып-жоюға кірісті. Мәселен, сол 1928 жылдан бастап, айналдырған үш-төрт жылдың ішінде Қыздарбек шәкірттерінің түгелге жуық көзі жойылады. Сондағы оларға тағылған айыптың басы: «ескілікті көксейді, феодалдық заманды дәріптейтін зарлы күйлер тартады, жаңа заманды жатсынады» болып келетін. Алдымен 1928 жылы Сармантайдың Ахметжаны атылды. 1930 жылы шолақ белсенділердің қастығымен Кәрібек күйшіге у беріліп өлтірілді. 1931 жылы ГПУ-дің жендеттері Әбди Рысбекұлы мен Сембек Айдосұлы секілді қос күйшіні бірін түрмеде, екіншісін айдалада атып тастады. Жан алғыштар қолға түскен Әбдиді атайын деп жатқан кезде ол: «көкірегімде сыртқа шықпаған бір сарын бар еді, сол ішімде кетпесін, Әбікенді шақырыңдаршы, соған бір тартып берейін, сонан соң атыңдаршы», – деп жалыныпты дейді. Белсенділердің ішінде де естілеу біреу болса керек – Әбдидің өлер алдындағы тілегін орындатып, тұтқын қамалған үйге домбырасымен Әбікенді алдыртады. Әбікен алып келген домбыраны қолына алған Әбди құлақ күйін келтіріп бір уақ шерткен соң, тосын бір шерлі күйді сарната тарта жөнеледі. Үнсіз зейін қойып, бар ынта-ықыласымен тыңдап отырған Әбікен күй біткен кезде: «Ақке-ай, тағы бір тартыңызшы», – депті. Әбди қайта тартқан екен, Әбікен көкірегіне дұғадай жаттап, ұғып алыпты. Міне, осы күйді Әбікен өзі дүниеден өтердің аз-ақ алдында «Әбдидің «Қосбасары» деп күй табаққа жаздырып кетіпті. Замана сұрқынан шошынған Сембек күйші болса, өміріне төнген бір-екі қауіптен кейін Шуға қарай жылыстаған екен. Алайда ізін кескен ГПУ-дің жендеттері оны Жамбыл облысының Хан тауының маңайында қолға түсіріпті. Бірде Қарағанды облысының Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Зәрубай Сүйіндіков атты күйші ағамыз «Сезбес» деген өзгеше бір күй тартты. Сөйтсек, Сембектің «Сезбесі» деген осы күй екен. Зәрубай күйшінің айтуынша: «Жендеттер Сембекке: «Әй, сезбес, атылар алдында күй тартып өл» деп келеке қылған көрінеді. Сонда Сембек: «Мынау менің бұл жалғандағы соңғы күйім, аты «Сезбес» болсын», – деп осы күйді тартыпты. Белсенділер ішінде құйма құлақ домбырашы біреу болса керек, сол ұғып қалып, елге тартып келіпті», – дейді. Алдыңғы толқын күйшілер тегіс атылып өлтірілген соң, ендігі кезек бөрінің бөлтірігіндей жалғыз қалған Әбікенге келеді. Баяғы бақ дарып, қыдыр қонған, мол дәулеттің ұясы, көшелі өнердің ордасы болған Көпбай ауылы енді ГПУ жендеттерінің жын-ойнағына айналады. Бағы тайып, сағы сынған ауылдың төбесіне әңгіртаяқ ойнатып, ойран салғаны аздай, олар жантүршігерлік айуандық қылмыстар жасап, құлақ естіп, көз көрмеген жауыздықтарға барады. Кәмел ағамыздың айтуынша, сондай күндердің бірінде Көпбай ауылынан 18 адам жазықсыз, сотсыз атылған. Төтен келген ажалдан Әбікенді сол күні ауылда болмай қалуы құтқарыпты. После гибели ряда казахских кюйши очередь дошла и до Абикена. Некогда богатый аул Копбая, считавшийся центром кочевого искусства, превратился в личную собственность сотрудников местного ГПУ. Они не давали жизни аулу, чинили беззаконие, занимались разбоем и убийствами. По словам писателя и исследователя Камеля Жуниса, в один из дней без суда и следствия было расстреляно 18 невинных человек. Исследователь считает, что Абикен вполне мог оказаться в числе расстрелянных, но его спасло то, что он вовремя успел покинуть аул. Кәмел Жүнісовтің деректерінде Әбікеннің сол бетте ауылға жоламай, жылыстап кеткені айтылады. Сонан үш жылдай ел кезген ол, әрең дегенде Алматыға жетіп, Сәкен Сейфуллиннің жанынан бір-ақ шығады. Ал этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың жазып қалдырған деректерінде бұл жайттар сәл басқаша баяндалады. Ахаңның деректері бойынша, аңдыған жау алмай қойсын ба, көп ұзамай 1931 жылдың күзінде Әбікен қолға түсіп, Ақмола түрмесіне қамалады. Содан 1932 жылдың көктемінде күйшіні түрмеден босатып жібереді. Түрмеден жадап-жүдеп шыққан Әбікен арып-ашып ауылына жеткенде, әйелі, екі ұл, екі қызының тегіс аштан өліп қалғанын көреді. Алапат аштықтан тек жалғыз қарындасы ғана тірі қалыпты. Оның өзін аштан бұралып, елсіз ауылдың жұртында өлім аузында жатқан жерінен тауып алады. Осы сұмдықтың бәрін өз көзімен көрген әнші Гүлбаршын Ақпанованың шешесі Кіпия деген кісі куә болған жайттардың барлығын қаз-қалпында Ақселеу ағамызға айтып берген көрінеді. Кіпия шешей бір күні тезек теріп жүрсе, ши арасынан қараңдаған үкілі тақияның төбесін көріп қалады. Жақындап барып қараса аштықтан әл-дәрмендері құрып жүре алмай отырған Әбікен мен қарындасы болып шығады. Сол екі арада екі жақ жылап табысады. Кіпия әжей Әбікен мен қарындасын үйіне жеткізіп, естерін жидыртып, қолындағы барымен екеуін күтіп бағады. Бір жылдай Кіпияның үйінде болып, ашаршылық тырнағынан құтылған Әбікен 1934 жылдың көктемінде Алматыға қарай аттанады. Осылайша Әбікен Сәкенге жетеді. Бұдан арғы әңгімені Әбікен Хасеновтің шәкірті қарт күйші Секен Әбішовтің естелігі бойынша тарқатамыз. Секен күйші өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғына таман Қарағанды қаласында тоқсанға таяп қайтыс болды. Секен қария бұл әңгімелерді Әбікеннің өз аузынан естідім деп осы жолдардың авторы Ерлан Төлеутайға 1994 жылы айтып берген еді. «Сұрай-сұрай Меккеге жетесің» дегендей, Алматы көшелерінде кездескен қайырымды жандардың жөн сілтеуімен Әбікен Сәкеннің үйін тауып, қақпасын қағады. Тарсылды естіп далаға шыққан Сәкен Әбікенді ә дегенде тани қоймайды. Сақал-шашы өскен, көзі үңірейіп ішіне кіріп кеткен, үсті-басы алба-жұлба, кір-қожалақ адамды танымағандай кейіппен, бұрылып үйіне кіруге айналғанда, Әбікен жан ұшыра «Сәкен, бұл мен ғой, Әбікен» деп айғайлайды. Сәкен сонда да ләм-мим деместен, үйіне кіріп кетеді. Сәлден соң үйден Гүлбаһрам жеңгей шығады. Ол Әбікенге жылы амандасып, қарсы алып, моншаға бастайды, Қолына Сәкеннің бір киер киімдерін ұстатады. Моншаға түсіп, тазаланып, сақал-мұртын алып, үстіне таза киімдер киіп, кісі бейнесіне келген Әбікенді Гүлбаһрам үйге алып келеді. Сәкен Әбікенмен құшақтасып амандасады. Содан соң ғана Әбікеннің жүрегі орнына түсіп, өзін бой тасалау бейнетінен біржола құтылғандай сезініпті. Сәкеннің жанында біраз болып, өз-өзіне келген Әбікен қоңыр домбырасын қайтадан қолына алады. Жүсіпбек Елебековтің айтуынша, сол кезде Сәкеннің шаңырағы қазақ зиялыларының бас қосысып, мәслихат құратын жері болыпты. Келімді-кетімді кісінің көптігі сонша – Сәкен ағамыз есебі апта сайын көк базардан бір байтал алып сойдырады екен. Сондай күндердің бірінде Сәкен ағамыз Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков және т.б. зиялыларды үйіне шақырып қонақ етіп, оларға Әбікенді таныстырып, күйін тыңдатқызады. Әңгіменің осы тұсына келгенде Секен Әбішов ағамыз: «Әбікен күй тартып отырғанда Сәбит пен біреу күбірлесіп сөйлесе беріпті. Сонда Сәкен оларға қатты кейіп, жекіп ұрсып тастапты», – деген еді. Арада біраз уақыт өткенде Әбікен Сәкеннің ықпалымен Қазақ драма театрына жұмысқа орналасады. Театрдың директоры Әбікеннің жерлесі Орынбек Беков еді. Бірақ жазушы Кәмел Жүнісовтің келтірген деректеріне ден қойсақ, құйрығында шаласы бар ауылдасын танымағандай кейіп көрсеткен О.Беков басында Ә.Хасеновті театрға алғысы келмеген көрінеді. Алайда, Әбікеннің жүріс-тұрысынан, сөз саптасынан кісілік қасиеттер аңғарған адам танығыш Мұхтар Әуезов: «Осы жігіт бізді жаңылдырмас. Кейпінде келістілік бар екен. Актерлеріміздің қайсысы оқып келіп жатыр. Бұлардың мектебі даланың өзі ғой» – деп, Әбікеннің мәселесін қолма-қол шешіп жіберіпті. Әбікен Әкемтеатрда өмірінің соңына дейін қызмет етті. Актер ретінде ол М.Әуезовтің «Абайында» – Құнанбай,  Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қодар, «Ақан сері Ақтоқтысында» – Балта, М.Ақынжановтың «Исатай мен Махамбетінде» – Балқы, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Мұса, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» – Тайман бейнелерін нанымды сомдап, кесек бейнелер жасайды. Нанымды сомдады дегеннен шығады, бірде театрда «Исатай мен Махамбет» қойылымы жүріп жатады. Балқы рөлінде – Әбікен Хасенов. Балқы – Жәңгір ханның жансызы. Махамбеттің сеніміне кіріп алған ол ақынды қызғыштай қорығансиды. Бірақ көздеп жүргені ебін тауып Махамбетті Жәңгірханның жасауылдарына ұстап беру. Әбден қалжыраған Махамбет Балқыға: «Мен кішкене көз шырымын алып алайын, сен күзетке сақ бол!» деп ұйқыға кетеді. Сол сәтте Балқы жасауылдарға хабар бермекке тұра жүгіреді. Сәлден соң Махамбеттің қолға түсері анық. Осы кезде көрермендер арасынан бір жігіт лып етіп сахнаға ырғып шығып, ұйықтап жатқан Махамбеттің қасына барып қалтасынан тапаншасын суырып алып келе жатқан жасауылдарға кезенгенде, абыржып қалған олар тұрып қалады. Түрі: егер «жасауылдар» тоқтамай «Махамбетке» беттер болса, тапаншадан оқ жаудыруға анық бекінген адамның кейпі. Қойылымның аяқ астынан мұндай сипат аларын күтпеген көрермен дүрлігісіп, әп-сәтте шымылдық жабылады. Тапаншалы кісі залалсыздандырылады. Сөйтсе ол Хасан көлінде соғыста болған әскери адам екен. Кейін әлгі адамнан неге өйттіңіз деп жауап алғанда: «Балқы бейнесіндегі актердің жауыздығына сенгенім сонша – қайтып сахнаға шықса атып тастауым мүмкін еді», – депті. Ешқандай оқу орнын бітірмей, театр саласы бойынша арнаулы білім алмай-ақ сомдаған образын осыншама деңгейде нанымды шығара білген Әбікеннің мұнысы шын мәніндегі шеберлік қой, расында! Хабиба әжеміз де Әбікеннің актерлік шеберлігі туралы жоғары пікірде. Осы естеліктерді айта отырып, ол кісі Әбікен сомдаған Құнанбай бейнесінің ерекше сәтті шыққанын айтады: «Құнанбайды Қаллеки (Қалибек Қуанышбаев) де ойнады ғой, бірақ Қаллекидің Құнанбайы жұмсақтау шықты. Әбікеннің Құнанбайы нағыз ызбарлы, қатал дала билеушісінің бейнесі болып шығып еді» – деп еске алады сол күндерді Хабиба әжей. Әбікен «отыз жетінің» сойқанынан ғайыптан тайып, аман қалды. Кешегі өзінің сырлас серігі, жалынды жастықтың жарқын тұстарын бірге өткізген жолдасы Сәкен Сейфуллин; жерлесі, кезіндегі алашордашы, кейінгі коммунист Орынбек Беков сияқты т.б. елдің арқа сүйер азаматтарының көбі атылды, «ит жеккенге» айдалды. Кеңес өкіметі орнағалы кешкен қуғын-сүргін, отбасының, ағайын-туысының тегіс қырғын табуы, шолақ белсенділерден көрген қорлық – осының барлығы Әбікеннің жүрегіне сары жалқын шер болып байланып, көкірегіне дерт болып жабысты. Мұның бәрі кейін күйшінің налалы жүрегінен, қаяулы көңілінен «Қоңыр» күйі болып ақтарылып түсті. Осы күндері бұл күйді біреулер ашаршылықта туыпты десе, енді бір зерттеушілер Сәкен Сейфуллинге бағышталған екен немесе 37-де қырғын тапқан азаматтарға арналыпты деген жорамалдар айтылып жүр. Бұл пікірлердің барлығының жаны бар жорамалдар дер едік. Дегенмен, Әбікеннің «Қоңыр» күйін зұлмат заманды, қанды жүйені, қатыгез қоғамды музыка тілі арқылы әшкерелеген айыптау актісі дегеніміз дұрыс шығар? Бұған күйдің тыңдаған кезде тұтас бір заман күңіреніп тұрғандай әсер беретіні дәлел. Бұл күйді Әбікен Хасенов тек өмірінің соңғы жылдарында ғана именбей тартуға жүрегі дауалапты. Жалғыз «Қоңыр» күйі ғана емес, өзі өмірден өтерден аз-ақ бұрын аяулы ұстаздары Сембектің, Әбдидің де бірнеше сотталған күйлерін күйтабаққа жаздырып, жарыққа шығаруға үлгеріп кеткені мәлім. Сондай-ақ, ол өмірінің соңғы жылдарында композитор Латиф Хамидиге қолқа салып, өзі білетін көптеген күйлерді нотаға түсірткен көрінеді. Кейін бұл туралы Латиф Хамидидің өзі: «Домбырашы Әбікен Хасенов біздің үйге жиі келіп тұратын. Бір күні ол маған былай деді: «Өзің білесің, мен Тәттімбет күйлерін насихаттап жүрмін. Бірақ бұл күйлер нотаға жазылмағандықтан болу керек, домбырашылар дұрыс үйрене алмай жүр. Қазір Тәттімбет күйлерін жазып қалдырмасақ, кейінгілерге бұрмаланып жетуі мүмкін ғой». Басқа жұмыстарымның көптігіне қарамай, Әбікеннің көңілін қимадым, соған енді өкінбеймін. Әбікен домбырасын ала келген екен. Біз нотаға күй түсіруді бірден бастап кеттік. Сол күні біз Тәттімбеттің «Қосбасар» (екінші түрі), «Айдос батыр» күйлерін қағазға түсірдік. Бұдан кейінгі кездесулерде «Алшағыр батыр», «Қосбасар» (үшінші түрі), «Бес төре», «Бозайғыр», «Көкейкесті», «Саржайлау», «Сылқылдақ», күйлерін нотаға түсірдік. Осы жұмыс үстінде Әбікен Хасенұлы шебер домбырашы ғана емес, тума музыкалық қабілеті бар дарынды өнерпаз екенін аңғартқан еді. Мен әлгі күйлерді нотаға жазып алып, артынша пианинода тартып, өзіне тыңдатып отырдым. Сол кезде Әбікен күйлердің нотаға нақтылы түспеген жері немесе кеткен қатесі болса, уақтылы түзетулер беріп, күйдің сауатты әрі қатесіз жазылуына көмектескен еді. Осы тұста Әбікеннің музыкалық шығарманы терең түсінетіндігін, халық музыкасына деген асқан жауапкершілігін байқадым. Әбікен Хасенұлы жібек мінезді, барынша кішіпейіл, адамгершілігі мол жан еді. Күй тартар алдында ең әуелі ол сол күйдің шығу тарихы мен музыкалык мазмұнын баяндап беретін. Ол әр күйді тыңдаушыға жеткізе орындау үшін оның мазмұнын, характерін жетік білу керек екенін мұрат тұтқан саңлақ өнер иесі болатын» Әбікен Хасенов 1958 жылы 66 жасында қайтыс болды. Жерлеу комиссиясын басқарып жүрген Шәкен Айманов ағамыз аяулы күйшіні соңғы сапарға дұрыстап шығарып салу мақсатында қаржы сұрап Мәдениет министрлігіне барыпты. Ондағы басшылардың бірі: «Ол кім дейсіңдер, қандай еңбегі бар?», – деп Әбікенді білмейтінін аңғартыпты. Сонда Шәкен әлгінің бетіне мысқылдай қарап: «Апыр-ай, ә, қандай өкініш... осы уақытқа дейін, «Саржайлау» мен «Сылқылдақты» бір естімеген екенсіз. Оны сізге қалай түсіндіруге болады?», – депті. Сонда әлгі шенеунік: «Жарайды, бес мың сом бөлдіртейін», – дейді өз қалтасынан төлейтіндей үнмен. Шәкен ағамыз: «Ол кісі жұртқа сыйлы, танымал өнерпаз адам, тағы бес мың сом қосыңыз», – депті. Шенеунік, тіпті, бергісі келмеуге айналғанда, Шәкен ағамыз: «Онда сол бес мың сом үшін тағы біреуміз өлейік» деген екен. Сонда ғана уәжді сөз шымбайына батқан лауазымды шенеунік ұялғаннан жерлеу шараларына жеткілікті қаржы бөлген екен.

 

Материалды дайындаған Аян ӘДЕН