Если нация не знает своей истории, если страна теряет свою историю, то после нее они сами могут легко исчезнуть.
Миржакып Дулатов

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан

34564
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан - e-history.kz
1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді.

1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасты. Соғыстың басталуы және оның сипаты туралы тарихи деректерге сүйенетін болсақ:

Шабуыл жасаспау туралы (1939 ж. 23 тамыз) Кеңес Одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.

1940 жылдың орта кезеңінде-ақ (18 желтоқсан) Гитлер КСРО-ға басып кірудің «Барборосса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен болатын. Бұл жоспар бойынша фашистік Германия мен оның қол шоқпарларының құрлықтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болды. Бұл жоспардың басты мақсаты қысқа мерзім ішінде (3-4 ай), «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде (қараша) аяқтау тиіс еді. Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.

Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Маншүк Мәметова: "Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін«,— деп әскери комитетке өтініш берді. Қазақстаннан соғыс майдандарында 100-ге жуық ақындар мен жазушылар шайқасқан. Республика бойынша 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өтті.

Оқи отырыңыз: Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тұтқындар мəселесі

Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 жеке атқыштар бригадасы 30-дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1196164 (1196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.

Соғыстың сипаты — Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды.

Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Қазақстан экономиканы соғысқа бейімдеп қайта құру әскери бағытқа көшірілді. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды. Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады.

Өскемен қорғасын — мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 завод пен фабриканы, кәсіпорындары Қазақстанға көшіру жүргізілді.

Оқи отырыңыз: Ұлы Отан соғысы жəне Қазақстан

Өнеркәсіптерді Қазақстанға көшіру екі рет жүргізілді:

1.1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы;

2.1942 жылдың күзінде өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар, негізінен, Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді.

Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника заводы, Подольск механика заводы, Запорожье ферроқорытпа заводы, Днепропетровск вагон жасау заводы т. б. Украинадан Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.

Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар: Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.

Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Домбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 700-дай болды.

Қазақстан КСРО-ның негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85%-ын, көмірден 18%-ын, молибденнің 60%-ын, октанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді.

1942 жылы 24 тамызда Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің «Қарағанды көмір алабында көмір өндіруді арттыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» қаулысы шықты. Облыстың және ауданның еңбеккерлері Қарағанды шахталарын қамқорлыққа алу жөнінде патриоттық қозғалыс бастады. Шахтерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету, шахталарда тұрақты жұмыс істеу үшін адамдар жіберу, Қарағанды облысындағы 30 желісі 3 есе, оқушылар саны 5 есе көбейді. 1943 жылы забойлар желісі көбейіп, жер астында екінші Қарағанды пайда болды. Мұнайлы аудандарға көмек көрсетілді. Атырау мұнай өңдеу заводын, Каспий -Орск мұнай құбырын салу үшін қуатты құрылыс ұжымы ұйымдастырылды. Соғыс жылдыры салынған құрылыстар:

Мақат — Қосшағыл темір жолы, Петровский машина жасау заводының екінші кезегі, Пешной аралы — Шарин құбыр жолы, Атырауда теңіз порты мен мұнай өңдеу заводы, «Комсомол» кәсіпшілігі т. б.

Соғыс кезеңінде ауыл шаруашылығындағы жағдай төмендеді. Ауылшаруашылық еңбеккерлерінің саны 1939 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 600 мыңға кеміді. Колхоз өндірісінде әйелдер еңбегінің үлесі артып, 1940 жылғы 48%-дың орнына 1942 жылы 75% -ға жетті. 76 мың механизаторлардың 55 мыңнан астамы әйелдер болды. Бүкілодақтық социалистік жарысқа 10 мыңнан астам тракторшы қыз-келіншек қатысты.

1942 жылы егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 842 мың гектарға көбейді. 1943 жылы 775 мың га жаңа жер алқаптары егістікке арналды.

Сөйтіп, республика экономикасын соғыс жағдайына көшіру жүзеге асырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына айналып, майдан мен тылды қару-жарақпен, оқ-дәрімен, азық-түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды.

Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жұмысшылар ерлігі аңызға айналды. Георгий Хайдин мыңдықшылар қозғалысының жетекшілері А. Семиволос мен И. Янкиннің әдісін қолданған республикадағы үздік бұрғылаушы болды. Соғыс жылдарында Ы. Жақаев, Ш. Берсиев, Б. Самжүрекова, Ким Ман Сам, В. П. Кривич, И. Я. Кудлай есімдері бүкіл елге әйгілі болды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың майдандағы ерліктері
 

Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты.

Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар — шығыстың қос шынары: пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының Мергені (снайпер) Әлия Молдағұлова болды.

Кеңес Одағының батыры, Қазақстан республикасының қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдаусов, З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қанқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге рейстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті.

Қазақстандықтар партизандық қозғылысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері: Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров, В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ә.Жангелдин, Ж.Саин, Н.Көшекпаев т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болды.

-1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды.

-1945 жылғы 8 мамыр-фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойылды.

-1945 жылғы 9 мамыр-Қызыл Армия жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғыс аяқталды.

1945 жылғы 9 тамыз — одақтастық міндеттемелерге сәйкес КСРО соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталды. Қиыр шығыста Жапониянға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында қазақстандық құрамалары да болды. Тынық мұхит флоты әскери-әуе күштерінің 12-шабылдаушы авиация дивизиясының звено командирі,көкшетаулық Михаил Янко 1945 жылғы тамыздың 10-ында Гастэллоның ерлігін қайталады.

Жапонияға қарсы шайқастарға Ақтөбеде құрылған 74-жеке теңіз атқыштар бригадасының негізінде ұйымдастырылған 292-атқыштар дивизияның жауынгерлері Кеңес Қарулы Күштері дәстүрінің даңқын шығарды. Забайкалье сонан соң 1-Қиыр Шығыс майдандары әскерлерінің құрамында қазақстандық 129-миномет полкі шайқас жүргізді. Қазақстан минометшілері батылдық және ерлік көрсеткені үшін 2027-жауынгерлік ордендер мен медальдарға, соның ішінде 14 адам «Кореяны азат еткені үшін», 234 адам «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарына ие болды.

Қызыл Армияның Қиыр Шығыстағы соғысы 24 күнге созылды.

1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапония жеңілгендігі туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды.

Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар:

1.Барлығы — 11600 адам;
2.Қазақстандықтар — 497, оның ішінде қазақтар — 97;
3.Қазақ қыздары — 2.

Екі мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский.

Үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алған: И.Н.Кожедуб- Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесінің түлегі.

Солдат ерлігі орденінің толық иегері — 142 қазақстандық. Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар — 96638.

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн астам адамдары соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар.

Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы күштері бұдан 69 жылдан астам бұрын адам баласының қас жауы фашизмді осылай талқандады. КСРО-ның Ұлы Отан соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды, Европа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды.

Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар айтарлықтай болды. Мен енді эссемді қорытындылай келе, Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлең жолдарымен тәмамдағым келеді:

Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?

Толығырақ: Ізтүзсіз жоғалған Қазақстандық жауынгерлердің жаңа тізімі

Опросы
Как вы оцениваете уровень преподавания истории в школах?