13 маусымда Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейінің залдарында театрландырылған экскурсия өтті
Шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Өңіраралық музей фестивалінің аясында өтті. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актерлері тарихқа жан бітірді.
Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Кенжебай Мукушев экскурсия кезінде домбыра тартып, шеберлік танытты.
Театрландырылған экскурсия Абылай ханнан басталды. Өйткені Көкшетау тарихы бұл белгілі тұлғаның есімімен тығыз байланысты. Көп жылдар бойы осы өңірде ұлы ханның ордасы орналасқан.
Көрермендер үшін Абылай ханның өз ұлдарымен қоштасу сәтінен көрініс қойылды. Абылай хан татулықты сақтау үшін өз ұлдарын Ресей мен Қытай елдеріне аманатқа беріп қойған. «Егер қажет болса, қазақ жеріндегі бейбітшілікті сақтау үшін 30 ұлымды да түрлі елдерге аманатқа беремін», – деді Абылай хан. Абылай ханның даналығын растайтын деректер қазіргі патриотизмнің символына айналуда.
Келесі сахналанған көрініс Кенесары Қасымұлының Ресей өкіметіне жазған хатына арналды. Кенесары қазақ жеріндегі патша бекіністерін жоюды, бұрын қазақтардың иелігінде болған жайлаулар қайтаруды талап еткен. Талаптары орындалмаған жағдайда соғыс басталатынын ескерткен.
Айта кететін жайт, Кенесары – Абылай ханның немересі. Кенесары Қасымұлы өз атасының ісін абыроймен жалғастырып, қазақ мемлекеттілігінің дамуына зор үлес қосқан.
Бұдан соң қонақтар үшін орта ғасырлардың кезеңі сахналанды. Музейге келушілер бүркітшілерді көріп, қобыздың әуенін тыңдады. Сонымен бірге, бұл залда тың игеру кезеңіндегі бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданының Бірлестік ауылында табылған қазақтың қару-жарақтың үлгілері көрсетілді. Аталмыш қару-жарақ XVIII ғасырға жатады. Қойылған экспонаттардың арасында батырдың сауыты (сауыттың салмағы – 38 кг) бар. Сауытты көшпенді түркілер ойлап тапқан. Дулығысында – арабтың өрме жазуы.
Келесі зал қазақ халқының этномәдениетімен, тұрмысымен таныстырды.
Сонымен қатар, Көкшетау – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ секілді атақты тұлғалардың мекені... Келесі залда музейге келушілер үшін ақындардың шығармалары орындалды.
Одан кейін қонақтар «XX ғасырдың тарихы» деп аталатын залға өтті. Аталмыш экспозицияның бір бөлігі «Алаш» партиясының құрылуына арналған. Партияның алғаш көшбасшыларының бірі – Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Көкшетау облысының тумасы), сондықтан да көрермендер үшін жазушы өмірінен бір көрініс сахналанды.
Экскурсия «Қазіргі заман» деп аталатын залда аяқталды. Мұндағы жәдігерлер жаңа егемен елдің қалыптасуы мен қазақ халқының этникалық алуан түрлілігі туралы сыр шертеді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі – Көкшетау облысының ең көне мәдени-ағартушылық ғимараттарының бірі. Мұражай ғимараты 1904 жылы салынған, ал музейдің өзі 1920 жылы ашылды.
Көкшетау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты — тарих пен сәулет өнерінің ескерткіші.
Барлық фотосуреттер мұнда