National Digital History интернет порталы Қазақстан ескерткіштерінің архитектуралық ерекшеліктеріне қатысты арнайы зерттеуді бастайды
Бұл жобаға кеңесші – Қазақстанның еңбегі сіңген архитекторы, еліміздегі көптеген тарихи құнды дүниелердің авторы Ордабаев Алмас Баймұқанұлы.
- Көшпелілер сәулет құрылысы несімен ерекшеленеді?
- Қазақстанның батысында – Маңғыстау мен Үстіртте – көшпелі өмір салты кең таралған аймақтарда – ежелгі дәстүрлер негізінде ХVIII-XIX ғасырларда өзіндік сәулет мектебі дамыды. Қазақ көшпелілері, жұмсақ тасқа қатысты сарқылмас қорларды және түркімен шеберлерінің тәжірбилерін пайдалана отырып, үздік қасиетті тас сәулетінің бірегей феноменін дүниеге алып келді. Бұл аймақтың ескерткіштері қазақ халқының мәдениетінің жарқын және үздік көрінісі болып табылады. Көшпелілер өз-өзін танудың ең биік дәрежесіне жеткен табиғи ортамен байланысқан Маңғыстау мен Үстірт ескерткіштері мінсіз үйлесімдегі табиғи және қолмен жасалған ғаламат үлкен қорық саналады. Өздеріне тән еркіндікпен халық шеберлері көне формалар модернистік сәулет үрдісіне ұқсас пластикалық ұмтылыстардан туындаған формаларымен өзгеше үйлесетін ансамбльдер құрды. Маңғышлақ сәулет өнерінің қайнар бастауында қола дәуірінің жаңғырықтарымен қатар (алпауыт тас тақталары мен блоктардан салынған құрылыстар), түріктердің ерте орта ғасырлардағы құрылыс әдістері (шошақ төбелі кесенелер) айқын көрініс табады. Қабір басындағы ескерткіштердің ең көп таралған түрі – құлпытастың көп нұсқаларында ежелгі праформалардың – вертикальдің барлық мүмкін түрлері – қадатастардан бастап әлемнің күрделі үшбөлікті үлгісіне дейін көрініс тапты. Бұл қазақтардың исламды қабылдауымен келген бірегей мифологема мінәжаттық сәулет үшін өзінің құрастыру рөлінен айырылған емес. Ол кеңістіктік дамыған мемориал ескерткіштері – күмбезді кесенелерде айқын көрінді.
- Көшпенділер мәдениетінің еліміздің Батысындағы құндылықтары туралы сөз қозғасақ.
- Үстірт пен Маңғыстаудағы Сам құмдарының аймағында тас сәулет ескерткіштеріні көптеп кездеседі, олардың көпшілігі бейіттерден құралады. Сисем-ата, Шопан-ата, Қараман-ата, Қасымбай, Қарағаш, Бейсембай, Сағындық, Сенек және т.б. қорымдар белгілі. Бейіттер әдетте ежелгі мінәжат нысандары, әсіреге қорғандар жанына салынған. Олардың кеңістік құрылымы қоғамның діни көзқарастары мен әлеуметтік-рулық ұйымдасуына негізделген. Шеберлер айналаны әркез ескеріп отырған және жаңадан салынатын құрылыстарды қалыптасып отырған ансамбльге сәйкестендірген. Бұл көпшілігі кәсіби сәулетшілер болып табылатын шеберлердің композициялық тұрғыдан аса сезімтал болғандығын айғақтайды. Әлеуметтік тұрғыдан да (өйткені өзінің кәсібінің арқасында күн көрген), ең биік шеберлік тұрғысынан да кәсіби маман болған. Өздеріне қолжетімді құралдармен өздерінде қалыптасқан кеңістік формалары туралы түсініктерін көрсететін жасампаздыққа деген ұмтылыстарын көрсете білген.
- Сіздегі суреттердің сырына тоқталсақ, құрылыстардың бүгінгі күйі қалай?
- Маңғыстау өңірін зерттеумен айналысқанмын, бұл суреттерда Үстірт пен Маңғыстаудағы ең үлкен және ең танымал Сисем-ата қорымы көрініс тапқан. Аталған суреттер 1969 жыл мен 1994 жылдар аралығында жасалған. Ол кезде бұл бейіт өзінің тарихи тұтастығын сақтап отырған болатын. Қазір ол сәулеттік сапасы төмен жаңа құрылыстар жанынан көрінбей қалды. Сондықтан бұл тарихи суреттер біз үшін құнды дүние. Құндылығы сол, уақыт өткен сайын маңызы арта түседі.
Әңгімеңізге рақмет!
Сисем ата қорымы, Маңғыстау облысы, Үстірт қыраты, 1969-1974 жылдары түсірілген фотосуреттер
Сисем-ата қорымы батырлар пантеоны болып табылады. Ескерткіш территориясында түрлі кездерде Маңғыстаудың ақсүйек адамдары жерленген.
Сисем Ата қорымы қазақ халқының бар болған түрлі сәулет қабір ескерткіштерін көрсетеді.
Осы қорымда дулыға түрінде салынған көптеген жерлеу орындары кездейсоқ шоғырланған емес.
Сисем Ата қорымы мемориалдық-діни сәулеті мен тасқа ойып қашау өнері ескерткіштерінің сирек кешені болып табылады.
Ескерткіштер өлкенің сәулет дәстүрлері, өнер, діни көріністерінің даму үдерістерін көрсетеді.
Сисем Ата қорымы 1982 жылы мемлекеттік қорғауға республикалық маңызындағы ескерткіш ретінде алынған.
Негізгі кешен ислам дінін уағыздаушыларының бірі Сисем Ата қабірінің айналасында қалыптасқан.
Қорым территориясында 1328 сан алуан ескерткіш орналасқан, олардың 22 күмбездік кесене, 155 сағанатам, 382 құлпытас пен қойтас, 129 саркофаг бар, басқа объектілер – тас дуалдар мен стелалар орналасқан.
Қорымдағы кесенелер құрылыстық ерекшеліктері бойынша үш түрге бөлінеді.
Сисем-ата Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне қосылуға лайық.
Әңгімелескен: Дәулет ІЗТІЛЕУ
Суреттер Алмас ОРДАБАЕВтың жеке архивінен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)