Сұлтанбек Қожанов – ерекше тағдырлы адам. Неге? Ол біріншіден, Алашшыл ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласты, сөйте тұра советтік билікте де қызмет атқарды
Ақиқат, шындық дейтін бар, бірақ ол үнемі кешігіп жүреді», – дейді қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы. Біздің ақиқат ұлт тарихында көрініс тауып, шыңдығы уақыт көшінен кешікпегені жөн. Ұлт тарихының, жиырмасыншы ғасырдағы халқымыздың басынан өткерген зұлмат кезеңінің ақиқат шыңдығынан кешіктірмеген қаламгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы порталымызға сұқбат берді. Орайы келген сұқбатта Жолтай ағамыз тарих және әдебиет мәселелері төңірегінде ой бөлісті.
– Жолтай аға, кешегі советтік цензураның тұсында атақты жазушы Ілияс Есенберлин тарихи тақырыптағы шығармаларды асқан шеберлікпен жазды. Тарихи туындыларды жазу – бүгінгі тәуелсіз қазақ елі үшін керек дүние. Десек те тарихи тақырыптарда роман, повестер жазу қаламгер үшін қиынның қиыны. Тарихи фактілер, деректер, архивтік құжаттар барлығын көркем шығармаға сыйғызудың өзі бір бөлек әңгіме. Соңғы уақытта қолға алған тарихи шығармаларыңыз бар ма?
– Әрине, оңай жұмыс емес бұл! Қолына қалам ұстаған қаламгер алдымен тарихи дәлдікті мейлінше қатаң ұстануы шарт. Бұл – бір. Екіншіден, жазылмақшы туындының көркемдік жағы да басты назарда болуы керек, әйтпесе ол шалажансар дүние болып шығады. Үшіншіден, алып отырған кезеңнің шындығы сөзден де, сөйлемнен де, кейіпкердің жүріс-тұрысынан да байқалып тұруы аса қажет. Осындай қадау-қадау қиыншылықтарды бастан өткердік қой тарихи роман жазу үстінде. Әлі де Алла қуат берсе, тарихи тақырыпта ой қозғап, оқырманға ой салар көркем шығармалар жазсам ба деп армандаймын. Өйткені, бұдан екі нәрсе ұтамыз. Біріншіден, ұлтымыздың өткен тарихын көркем тілмен болса да келер ұрпаққа жазып қалдырамыз. Екіншіден, тарихи тұлғаларды сомдау үстінде оңды-солды толғанып, барынша кең көсілуге мүмкіндік бар. Шынымды айтсам, қазіргі кезде де іштегі көл-көсір нөсерлі сезімдерді толық шығарып болмағандай күйде жүремін. Бұл – шын сөзім!
– Көркем әдебиетте жарқ етіп шығатын көркем бейнелер мен тарихи тұлғалар қатарына кімдерді жатқызар едіңіз? Осы уақытқа дейін сомдалған тарихи тұлғалар жайлы шығармалардың желісі тұтасымен ұлт тарихымен байланысып тұр. Бәлкім, ұлт тарихынан орын алған тұлғалардан кімдер роман, повестерге сұранып тұр?
– О-о, олар жетерлік-ақ! Қайсыбірін айтып тауысармын. Мысалы, біз «Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби туралы шын мәніндегі ғажайып көркем туынды тудыра алдық па? Әй, қайдам! Рас, жазылған! Бар. Бірақ, солардың қай-қайсысы да өз биігіне толық көтерілді, ойшыл бабамыздың шынайы бейнесі толық ашылды деп айта алмасақ керек! Немесе, сопылық ілімнің қазақ топырағында негізін қалаған, тек дін саласының ғана емес, ақындық пен философияның да биік шыңына көтеріле алған бабамыз – Қожа Ахмет Иассауи туралы нендей туынды жаза алдық? Бүгінгі қолда бар азды-көпті туындылар көңіл көншіте ме? Біздіңше, жоқ! Тіпті әріге бармай-ақ, күні кешегі Алаш арыстары ше? Солардың қайсысын көркем дүниеге кейіпкер ете отырып, өлмес бейнесін жасаппыз? Міне, алдағы жас ұрпақ осы бағытта мықтап армандап, ойлана жүрсе, еш артықтық етпес еді!
– Алаш арыстары деп қалдыңыз, Сұлтанбек Қожанов өміріне қатысты көркем туынды жазғаныңыздан оқырмандар хабардар. Қожанов есімі сіздің қаламыңызға қалай ілікті? Жазудағы мақсұтыңыз не? Сұлтанбек Қожановтың жұрт білмейтін қызметі қандай? Белгісіз қыры мен сыры туралы айтсаңыз.
– Сұлтанбек Қожанов – ерекше тағдырлы адам. Неге? Ол біріншіден, Алашшыл ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласты, сөйте тұра советтік билікте де қызмет атқарды, сосын да ол туралы екіұдай пікір осы күнге дейін сақталып келген. Екіншіден, ол – өте мінезді қазақ! Өз заманынында Сталиннің қабылдауында әлденеше рет болып, тіпті онымен «сөз сайысына» түскен. «Орта азияның Шыңғысханы» деген кекесінділеу атты өзге емес, сол Сталиннің өзі айтқан Қожановқа! Бұл жайындағы дереккөз – алдымен Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында айтылады. Қожанов, мұнымен қабат, өткен ғасырдың ХХ жылдарында астананы Ақмешітке (Қызылордаға) ауыстыруға тікелей араласқан қазақ! Қожанов сол тұста азуы алты қарыс Голощекинмен қатар қызмет етіп, ұлт мәселесі жайынан онымен қаттырақ сөзге келіп, тайталасуға мәжбүр болған. Қожанов – журналист, публицист, педагог, ағартушылық қызметтерді де қатар алып жүре алған бесаспап адам. Айта берсек, ерекше қырлары өте көп. Өкінішке қарай, біз Сұлтанбекті де толық танып-білуге аса құштарлық байқата алмай келеміз! Міне, осындай ерекше тағдырлы адам болған соң да қалам тарттық білем! Әуелі деректі повесть, сосын пьеса...
– Жолтай аға, тарихи тақырыптарда жазылған «Күлкі мен көз жасы» романыңыз жиырмасыншы ғасырдағы халқымыздың басынан өткерген зұлмат кезеңін бейнеледі. Бір ғана романда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1928-1932 жылдардағы кәмпеске мен ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін кезеңі жан-жақты суреттелді. Бірнеше романға сиятын зұлмат кезеңін бір романға сыйдыру қиынға соқпады ма?
– Әрине, оңайға түскен жоқ! Бірақ, әу баста осылай кең алып жоспарланған шаруа еді, қайтсем де сол бір ұлт басына түскен өте ауыр кезеңді көркем тілмен кестелеп беремін деген жазушылық арман алға қарай еріксіз жетеледі. Өзің бөліп-бөліп көрсеткен тарихи кезеңдер расымен де қазақ үшін аса ауыр, тайғақты жылдар болды ғой. Осы сойқаннан басазат болып, аман қалған отбасы, әй жоқ-ақ болар! Біреулері кәмпескенің ылаңына ілікті, енді бірі ашаршылыққа шырмалды, ал одан аман-сау өткендері ақыр соңында Кеңестік солақай саясаттың салдарынан запа шегіп, өзі туған елден амалсыз бас сауғалады, жер ауды, жат өлкеге жол салды. Шығармада адамдар басындағы ауыр трагедия мен туған жерге деген махаббат сезімі таразының екі басына салынып, таразыланады. Бұл ұлы трагедияны біз әлі айтып та, жазып та болған жоқпыз, талай заманға азық болар тақырып! Романдағы негізгі түйін – Нарша деген ақсақалдың аузымен айтылады: «Абақтыдан, тағы басқа жерлерден қашуға болар, бірақ туған жерден қашпайды ғой!" деп баласына толғана-толқи сөз арнайтын тұсы бар, міне, шығарма өзегі де осында! Қандай қиыншылық пен қырғын болса да, бұл қазақ өз жерін, өз елін қастерлей алған, қадірлей білген. Сол соқталы ой – романның негізі!
– Тағы да сол романыңыз жайлы сауал. «Күлкі мен көз жасы» романы XX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ өмірінің көркем картинасы десе де болғандай, ал қазіргі қазақ өмірінің картинкасын көрсетер қай шығарманы атар едіңіз?
– Менің сіз атап отырған романым ХХ ғасырдың алғашқы жартысының көркем картинасы іспетті деп сыншы-зерттеуші ағайындар жазып жатыр, оны мен өз аузыммен айтқам жоқ! Біреулер келісер, біреулер келіспес – бірақ, «Күлкі мен көз жасы» романында кісі санасына соны ойлар мен сергек сезімдер қонақтатар біраз жағдаяттар тілге тиек болғаны рас! Бүгінгі заманның көркем картинасын көрсетер романдар да жазылып жатыр ғой, оларды мен емес, сыншылар, зерттеушілер талдап-салмақтап айтып жатса, нұр үстіне нұр!
– «Күлкі мен көз жасы» романыңыздың басты кейіпкерлерінің тарихи прототипі кімдер? Нарша бай өмірде болған адам ба?
– Бұл енді ұзақ әңгіменің желісі! Неге дейсіз бе? Өйткені, мен осы романға бар күш-жігерімді жұмсап, бар мүмкіндігімді сарқа пайдаландым десем де болады. Ұзақ жыл бойы жатпай-тұрмай даярландым. Көптеген тарихи деректер жинақтадым. Көбісін менің Жұмат (романда Жасыбай) атам, сосын туған-туыстарым айтып берген. Нарша – өмірде болған адам. Тек... есімі аздап өзгертілген. Ол кісі өз заманында би болған, болыстыққа да қол жеткізген, Кеңес өкіметі орнаған тұста оны қабылдай алмай, ішқұсалықпен өмірден озған аяулы жан! Романда мен барша пәлсапалық ойлар мен парасатты ой-тұжырымдарды сол кісінің аузымен айтып отырдым, өйткені ол кісі соған барынша ылайық-ты! Әрине, көркем дүниенің өз заңдылықтары да бар, шығармадағының бәрі өмірде тап сол қалпында болған деп тура қабылдауға болмайды. Жазушылық ой-қиял еркіндігі де кеңінен орын алғанын да ескеру ләзім!
– National Digital History порталы – ұлт тарихына арналған жоба. Осы орайда роман желісіне арқау болған, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты әлі де болса шикі дүниелер бар, яғни тарихи тұрғыдан өз бағасын алмай келеді. Бұған не айтасыз?
– Әрине, 1916 жыл оқиғасы егжей-тегжейлі зерттелеп те, зерделеніп те болған жоқ. Өйткені, ол туралы тарихи құжаттар жүйеленбеген, әр тарихшы өзінше жазып, өзінше болжам айтады, бұл өткенге шынайы баға беруге әжептәуір қиындықтар туғызуда. Ұлт-азаттық көтерілісінің ең негізгі себебі неде, ол қалай басталды, тұтанып кетуіне қандай тарихи жағдай ықпал етті – міне, осы тұрғыда ой толғасақ, сөз жоқ, кібіртіктер жетерлік! Мен тарихшы емеспін, жазушылық көзбен өз шығармамда азды-көпті саралап-салмақтап көруге тырысқаным болмаса, тым тереңге үңгіген жоқпын. Мұны оқырмандарым түсінер деп ойлаймын.
– Қазір мемлекеттік қызметтесіз, маңызы бар сұрақтардың төңірегіндесіз. Осы орайда, жұмысыңыздың шығармашылыққа әсері тимей ме? Шығармашылық шыңдалуыңыз жөнінде бірер сөз айта кетсеңіз.
- Бір сұхбатта бұл жайынан айтып өтіп едім, тағы да қайталайын. Кісі бір мезетте егін егіп, оған қоса қой баға ала ма? Әрине, жоқ! Мемқызмет пен шығармашылық жұмыс та екі бөлек іс. Біріне-бірі кереғар болмағанымен, әрқайсысының өз қиыншылығы жетіп-артылады. Бірақ, Алла-тағала берген талант деген болады екен, сол құрғыр ойға дамыл бермесе неғыласың? Амал жоқ, жаныңды қинап, жиі-жиі үстелге отыруға тура келеді. Талант та талғамшыл, кіді, кірпияз! Оны еркелетіп, маңдайынан сипап отырмасаң, сені дереу жол үстінде аударып тастап кетуі әбден мүмкін. Қызметтен қол қалт еткенде сосын да кірпияз өнер – шығармашылық шаруаны күйттейміз, ойдағыны қағаз бетіне түсіруге тырысамыз! Осы күнге дейін жазған романдар мен повестерді, драмалық шығармаларды менің мырза көңіл оқырмандарым қалай қабылдап-бағалайды – бұл енді басқа әңгіме тақырыбы!
– Қателесу. Осы бір ауыз сөзді кез-келген жұмыр басты пенде үнемі іштей қайталап, өз әрекетіне баға беріп отырса, мүлт кету болар ма еді? Сіз қалай ойлайсыз?
– Қателік – жұмыр басты пенделердің бәріне де тән нәрсе! «Мен еш қателеспеймін» деп ешкім де айта алмаса керек! Тіпті ұлы Абайдың өзі «жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» демеуші ме еді! Олай болса, қателесу – адамдардың әр қадам сайын жасап жататын шалыс қадамы десе де болғандай! Ендігі мәселе –кісі қайтсе қателік жасамайды, немесе қайтсе аз жасайды дегенге келіп тірелмек! Ол үлкен философиялық шаруа! Кісі өз қателіктерін іштей қайталап қана отыруы әрине, жеткіліксіз, ең негізгісі - соның себебін іздеп, неге орын алғанын салмақтап, ақыр соңында болдырмаудың жолдарын қарастырып отырса, сірә, аяқты шалыс басу барынша азаятын болар! Қателіктің үлкен-кішісі болмайды, алайда үлкен қателіктерден кейде бүкіл халық,тіпті ұлт зардап шегетіні де рас! Ең қиыны осы!
–- Жолтай аға, бір шығармаңызда «Е-е, жастардың қазіргі тірлігіне таң қалар не бар? Қызды жігіттен, жігітті қыздан айырып болмайды» деп едіңіз. Сонда қазіргі жастарға көңіліңіз толмай ма?
– Жастарды жаппай қаралап, бәріне бірдей күйе жаға салу – әділдік бола қоймас! Бүгінгі заманда өте алғыр, талғампаз, ойлы, білімді, т.б. жастар аз кездеспейді. Мағжан ақынша айтсам, мен де жастарға кәміл сенемін! Барынша сенемін! Алайда, осы күні кейбір бозбала мен бойжеткендер арасында көңілге кермек ой ұялатар кесір көріністер де орын алып жататыны өтірік пе? Айталық, қыздар бұрынғы ибалы мінездерін жоғалтып, бозбалалар жеңіл жүрісті еш ұят санамай бара жатқаны жанға батады. Соның кесірінен некесіз бала туып, бейкүнә сәбилер Балалар үйінен орын ала бастады. Жас жұбайлар отау құра сала көп ұзамай ажырасып кетуді де ар-ұят көрмейді. Осы секілді кейбір келеңсіздіктер жанымды сыздатқан соң қағаз бетіне түсіргенім болар,сірә!
– Сұқбатыңызға рақмет, жазарыңыз көбейе берсін!
Сұқбаттасқан: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)