Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Анна Назарова

1827
Бір суреттің тарихы. Анна Назарова - e-history.kz

e91b04aa5f2478b0dad7abd159f09609.JPG

                                                                                                                                                            22.04.15

Ұлы Отан соғысы туралы сөз болғанда, көз алдымызға фашисттерге қарсы шайқасқан сарбаздар келеді. Алайда, тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі туралы көп ойлана бермейміз. Әйелдер, егде жастағы адамдар, балалар зауыттарда, далаларда, шахталарда тыным тапай еңбек етті. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұран олардың өмірлік ұстанымы болды. Тыл еңбеккерінің әрбір жұмыс сағаты — фашисттерді жеңу жолындағы алға басқан қадам. Еңбекшілер сұм соғыстың аяқталуын асыға аңсаушы еді. Олар аянбай еңбек етіп, Жеңіске сенімді болды. Менің отбасылық альбомның кейіпкері — үлкен әжем— Анна Михайловна Назарова (Белякина). Ол тыл еңбеккері. Әжемның тағдыры арқылы Ұлы Отан соғысының тарихы мен нәзік әйелдердің басынан кешкен қиындықтарын баяндағым келеді... 


Анна Назарова 1927 жылдың 20 сәуірінде Бурас (Павлодар облысы) ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық орта білімі бар. Соғыс басталғанда, өз еркімен Қарағанды қаласындағы шахталарға жұмысқа аттанады. Мұнда ол Отанның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, жауды жеңу үшін бар ынтасымен еңбек етуге дайын болды. Мыңдаған кенші ер азаматтар фашисттерге тойтарыс беруге майданға кеткен. Қарағанды халқының алдында еңселі міндет тұрды: Оралдағы метталл өндіру пештерін және Поволжье жеріндегі зауыттарды көмірмен қамтамасыз ету. Шахталар "жер асты майданына" айналды. Ер адамдар соғысқа кеткендіктен, әйелдер шахтадағы қызу жұмыстарға кірісті. Бұл еңбек төзімділікті, күш-қуат пен қайрат-жігерді талап етеді. Сүйікті күйеулері мен әкелерінен, ұлдары мен достарынан айырылған нәзік жандар мұны түсіне отырып, шахталардағы жұмыстарға барынша атсалысты. Осылай, күн сайын шахтада еңбек етуге дайын жұмысшылардың саны өсті. Сондай әйелдердің бірі — менің үлкен әжем Анна Назарова. 

cb3b84531f0007609eccd6cfb5b34520.JPG

Олардың көбі забойға (кеніш - шахтадағы кені бар жер) жұмысқа тұрып, комсомол жастар бригадаларын ұйымдастырды. Олар тас көмір не кен қопарып, көмір таситын. Әйелдердің кейбіреулері одан да күрделі жұмыстарға бел байлады. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін де темір жол вагондарына көмір тиеп жатты. 1941 жылдың аяғында Қарағанды шахталарында 2 мыңңан астам әйел еңбек етті. 

Қанды соғыс жалғасып жатты. Қарағанды қаласына майданда жарақаттанған адам көп түсті. Мейірімді жандар жарақат алған сарбаздардың тезірек сауығып кетуіне жәрдем берді. Қыздар өз еркімен жұмыстан кейін госпитальге келіп, ауыр жарақат алған адамдардың денсаулығын қалпына келтіру үшін аянбай еңбек етті. Шахталардың жанынан құрылған әйелдер кеңестері қаза тапқан майдангерлердің отбасына жәрдемдесті: жылы киім, азық-түлік, балалар үйлерінің және майдан қажеттіліктеріне қаражат жинады. 

1946 жылы соғыс біткеннен кейін әжем Бурас ауылына қайтып келеді. 1947 жылдың 1 сәуірінде Назаров Сергей Васильевич атама тұрмысқа шығады. Ол соғыс қиыншылықтарына төзе білді. Жұбайымен бірге ауылда тұрды. «Балапан» колхозында егінмен айналысып, комбайн айдады. Олардың колхоздары «Урожай» («Астық») деп аталған. 

1948 жылдың 19 қаңтарында — апам Валентина Назарова, 1951 жылы — Владимир Назаров, ал 1955 жылы Нина Назарова дүниеге келді. 1977 жылы үлкен әжем отбасымен бірге Курчатов қаласына көшті. Мұнда сыпырушы, аурухана санитары, еден жуушы болып жұмыс істеп көрген. 1987-1988 жылдары денсаулығы нашарлағандықтан, жұмыстан кетті. 2008 жылдың 6 маусымында 81-жасар әжем дүниеден өтті. Ол Курчатов қаласындағы зиратта жерленген. 

ccae5d8c6e260e18393275fbe6652497.JPG

Баға жетпес ерлігі үшін үлкен әжем көптеген медальдардың және алғыс хаттардың иегері атанды. Ол дүниеден өткенде медальдарымен бірге жерленгендіктен, апам бір ғана медаль және Жеңіс күнімен бір-ақ құттықтау хатын тауып алды. Қуанышқа орай, көзі тірісінде үлкен әжеммен жүздестім. Үлкен әжем және үлкен атамның үйіне қонаққа барған сәттерім әлі күнге дейін есімде. Олар келгеніме қуанып, менің хал-жағдайымды сұрап, шай ішуге шақыратын. Үстелдегі самауыр, әжем құйған шайдың дәмі есімнен кетпес. 

Әжеммен бірге өткізген сәттерім — өмірімдегі ең бақытты уақыт. Оның дүниеден өткеніне бес жыл болды, бірақ қазіргі кезге дейін де ол тұрған үй маған сондай ыстық болып көрінеді... Менің ойымша, үлкен әжем — Ұлы Отан соғысының батыры. Ол басына түскен барлық қиындықтарға шыдап, 3 баласын тәрбиелеп жеткізді. 

Соғыс күтпеген қонақ секілді баса көктеп кіріп, көптеген адамдардың тағдырын талқыға салды. Ол отбасылардағы берекені қашырып, бүкіл әлемді орны толмас шығынға ұшыратты. Көптеген әкелер, аналар, ұлдар соғысқа барып, майдан даласынан оралмады. Ал қаншама адам тылдағы жұмыста қаза тапты. Соғыс — кез-келген адамның өміріндегі қорқынышты оқиға.

Бондаренко Елена Анатольевна,

Шығыс Қазақстан облысы, 

Курчатов қаласындағы № 3 орта мектебінің 

11-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?