Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Орынбасар Асанов

2295
Бір суреттің тарихы. Орынбасар Асанов - e-history.kz

dc40579a95aa319b637fc931ddd2d353.jpg

20.04.15

Отбасылық альбом... Сарғайған парақтар... Отбасы тарихы... 


Менің алдымда жатқан осы бір альбомның алғашқы бетіндегі еңсегей бойлы, көзі мейірімге толы, жүрегінің шуағы мол, кеудесінде ерлікті паш ететіндей ордендері мен медальдары бар атамның бейнесі көңілімде сағыныш пен мақтаныш сезімін оятады . 

Биыл 70 жылдығы тойланғалы отырған осы Жеңіс тарихын бір сәт парақтасақ... 

Ұлы Отан соғысы... 

Адам баласы үшін соғыстан асқан кесапат жоқ. Соғыс! Жалғыз ауыз сөз. Бірақ қандай қорқынышты?! Соғыс дегеніміз — қайғы-қасірет, қантөгіс, өлім-жітім. Соғыс дегеніміз — күн сайын туған-туыстан, жақын-жорадан, қарулас досыңнан айырылу. 

Тарихта небір алапат соғыс болғанымен, солардың бірде-бірі екінші дүниежүзілік соғыспен теңесе алмайды. Өйткені бұл соғыста бүкіл дүние жүзі халқының тағдырын талқыға салып, бүкіл әлемге билік жүргізіп, бұғауда ұстағысы келген Гитлерге тойтарыс беріп қана қоймай, өз елімізбен қоса Еуропаны да фашистік тепкіден азат етті. 

Соғыстың әуелі Финляндиямен шекарада басталғаны белгілі. Фин соғысына он бір ойылдық қатысты. Сол он бірдің бірі — менің атам, Асанов Орынбасар. Отан алдындағы әскери борышын өтеген 1939-1946 жылдар арасында небір қиыншылықты басынан кешіріп, елге 30 жасында оралады. 

ffa2dc8d5f7748b4105a84f03a60406b.jpg

 — Ол кісінің қолынан тастамайтын шағын қобдишасы болатын. Оның ішінде соғыс кезінде жазған, оқ пен оттың, өлім мен өмір жолында жүріп, еліне, туған-туыс, бауырларына деген сағынышын, өзінің басынан кешкен қиыншылық кезеңдерді өлеңмен өрнектеген шағын қолжазбасы бар екен. Беттері сарғайған осы парақтар өмір бойы төл құжатындай сақталып келіпті. Атамыз бұл қолжазба туралы: «Кейінгі буынға сол сұрапыл соғысты баян ете отыра, жүректен шыққан шумақтарымды ұсындым. Бұл — мен үшін сол кездің шежіресі. Әр адамның өз тарихы бар ғой. Менің тарихымның естен кетпес тұстары — Отан қорғау жылдарым еді,» — дегені әлі есімде — дейді анам. Осы бір ескірген, сыртқы беті тозған, беттері сарайған қолжазбаны оқығанда, соғыс туралы кинодан өз атамның батыр тұлғасын көргендей сезіндім... Атамның бұл жазбалары сиямен емес, қанмен, көз жасымен жазылған деп ойладым... 

Атамның қиыншылықта өткен балалық шағына, соғыста өткен арманға толы жастық шағына, өмір жолына көз жүгіртсек:

 — Ол 1916 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Сол кездегі барлық шаруа балалары сияқты балалық шағы ауыр кезеңмен тұспа — тұс келді. Үш жасында ата-анасынан айырылды. 1929 жылға дейін жалшылық өмір кешіп, 1930 жылдан 1932 жылға дейін қазіргі лицейдің ізіндегі «Рабфакта» оқиды. Кейіннен мектеп Темірге көшірілген соң, 1932-1935 жылдарда Ақшатау мектебінде («ШКМ» шаруа жастар мектебі) оқып, жоғары класты Ойыл қазақ орта мектебінде жалғастырады. 1939 жылы 13 қыркүйекте 10-класс оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. Ойыл селосынан аттанған бір топ жігітті Ақтөбе қаласында бір күн аялдағаннан кейін, келесі күні Москва облысының Високовск қаласында 2-3 ай әскери дайындықтан өткізіп, Филяндия соғысына аттандырады. Ол ұрысқа Карелия майданының Кандалакша бағытындағы Алакурты, Куалаярби селосының төңірегінде 122 атқыштар дивизиясының атқыштар полкінің сапында байланыс бөлімінің командирі болып қатысады және сол дивизияның кіші командирлер даярлайтын алты айлық курсын бітіріп, сержант шенін алады.

Ерліктің еншісі еш уақытта өшпесе керек. Атамыз Карелия майданында 1944 жылдың қыркүйек айына дейін соғысқа қатынасып, екі рет жеңіл жараланады. Содан Кировск қаласында емделіп, бөлімшесіне қайтып оралады. 1944 жылдың қыркүйегінде Финлияндияны жеңіп, келісім-шарт жасасқаннан кейін, дивизиясын Венгрия-Австрия территориясындағы 3-Украина майданына қосады.  

Ең шешуші шайқас Венгрия жерінде болады. Дунай өзенінің шығыс жағындағы Дунафельдывар қаласының, Балатон көлінің оңтүстік жағында Домборвар, Калашвар, Печ қалалары маңына неміс фашистері ең күшті деген дивизияларын шоғырланды. Көк жүзінде сансыз ұшақтар қаптаса, жерде танк, артиллерия зеңбіректері мен мыңдаған жаяу әскерлеріне тойтарыс берген дивизияның, әсіресе байланысшылардың еңбегі орасан зор. Ал олардың міндеті кескілескен ұрыстарда батальон мен дивизия арасындағы байланысты қамтамасыз етіп қана қоймай, бекініске жақын маңдағы жаудың әскерлерін жайратып отыру еді. Атамыз Печ қаласының маңындағы үлкен ұрыста тағы да жараланып, Югославияның Суботица қаласында емделеді. Жарақаты жазылған соң 115 атқыштар дивизиясының 360 атқыштар полкінің сапында Австрияның астанасы Вена қаласының оңтүстігіндегі соғысқа кіреді. 

1945 жылдың 9 мамыр күні Энс өзенінің жағалауында соғыстың аяқталғаны туралы қуанышты хабар жетеді. 1946 жылдың қаңтарына дейін Австрия жерінде болып, одан соң маусым айында әскерден босағанша Украинаның Ақмешіт (Белоцерковь) қаласында қызметін жалғастырады. Сол соғыстың айғағы ретінде кеудесінде таққан І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, екі «Ерлігі үшін» медалі, «Заполярьені азат еткені үшін», «Австрияны азат еткені үшін» және тағы мерекелік медальдары бар. 

1946 жылы елге оралған соң, аудандық мал шаруашылығы РЖО бөлімінде жұмысқа тұрып, 1950 жылға дейін еңбек етеді. 1953 жылға дейін колхозда жылқы фермасының бастығы, партия комитетінің секретары болды. 1954-60 жылдары сауда орындарында қызмет жасады. 1961 жылдан зейнет жасына шыққанша 15 жыл бойы Ойыл қазақ мектебінде директордың шаруашылық істері жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Атам 2005 жылы 25 қарашада 90 жасқа бірер ай қалғанда дүниеден озды. 

b919b2ca2d064b2768048ba52afc9180.jpg

«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында», — деп батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер — Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. 

9 мамыр Жеңіс күні — әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн, сондықтан осы Ұлы мерекені отбасымызбен ерекше қабылдаймыз. Мен өз атамды әр уақытта мақтан тұтамын. Оның жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймын. 

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қайғылы соғыс болып саналады. Бұл соғыстың тауқыметін тартпаған бірде-бір адам жоқ. Күн сайын, күн сайын емес-ау, сағат, минут сайын ажал оғы жауған 1418 тәулікте әрі ерлік көрсетіп, әрі өмірін сақтап қалу оңай ма?! Майданға, Отанын қорғауға 2600-ден астам ойылдық жауынгердің 974-і елге оралмады... Сұрапыл соғысты бастан өткеріп, бізді Жеңіске жеткізген ата-бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерін жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Жеңімпаз әкелердің, достық пен татулықты қастерлеген аға буынның жалғасы екенімізді ардақ тұтамыз. Бақытты күндер мен шуақты таңдарды сыйлаған барша ардагер аталарымыз бен аналарымыздың алдында бүгінгі ұрпақ атынан басымызды иеміз.

Абай Орынбасаров,

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының

Ойыл ауылындағы Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл Қазақ орта мектебінің

9-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?