Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

АНАХАРС айтқан екен...

3007
АНАХАРС айтқан екен... - e-history.kz
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Анахарс бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Әрісі Еуразия көшпелілерінің, берісі сол көшпелелердің ең соңғы тұяғы болып табылатын қазақ халқының байырғы тек-тамырына ден қойғанда, айрықша назар аударатын кезең – скифтер заманы. Бұл заман біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ІІІ ғасыр аралығын қамтиды. Скифтер тарихын тану арқылы исі түркі тілдес халықтар өзінің тек-тамырын тереңірек танитынына күман жоқ. Осы орайда, сол замандағы тарихи тұлғалардың бірі – Анахарс. Грекше – Анахарсис. Ол скиф жұртынан шыққан дана, тапқыр шешен. Анахарстың әкесі көшпелілердің әйгілі ханы Гнур (Күннұр) болса, шешесі Афины ақсүйектерінің қызы. Сондықтан да, ол байырғы грек тілін терең меңгеріп, нағашы жұрты – эллиндар арасында өзін еркін сөзінген.

Анахарс Эллада еліндегі жеті данышпанның бірі Солонмен, скифтен шыққан әйгілі емші Тоқсарымен (грекше – Тоқсарис) жақын дос болған. Эллада жұртының салт-дәстүріне қатты еліктеген Анахарс өз еліне келгенде көзге шыққан сүйелдей болып көрінген. Ақыры өз інісі Сабылдың (грекше – Савлий) қолынан қаза тапқан.

Анахарстың тапқырлық-даналыға туралы Геродот, Платон, Диоген, Лукиан, Секст Эмпирик, Плутарх, Мишель Монтен сияқты әйгілі тұлғалар ой-пікір, естеліктер қалдырған.   

* * *

Анахарсты скиф патшасы эллиндерден білім алып қайтуы үшін Элладаға жібереді. Анахарс білім алып, өз отанына қайтып оралғанда скиф патшасы одан:

− Иә,барып қайтқан еліңнің қалыбы қалай екен? – деп сұрапты.

Сонда Анахарс:

−Лакедемондықтардан басқа эллиндердің бәрі де білмекке құмар, даналыққа ынтық екен. Алайда, тек лакедемондықтар ғана жібі түзу сұхбат құруға жарайды, – деген екен.

* * *

Анахарс Афиныға Евкрат билік құрған кезде  48-олимпиадаға орай келген. Осы сапарында ол  әйгілі данышпан Солонның үйіне келіпті де, сол үйдің күтушісі арқылы: «Анахарс келіп тұр, Солонды көргім келеді және мүмкін болса, достасып, қонақ болып кетпекші едім», – деп сөз салады. Мұны естіген Солон күтушісі арқылы: «Әдетте, досты өз отанынан іздеген абзал», – деп  жауап  қайтарыпты.

Сонда, Анахарс табан астында: «Солон өз отанында ғой, олай болса достан неге қашады?!» – деп  уәж айтқан екен. Мұндай тапқырлықтан тосылған Солон Анахарсты қабылдап, одан әрі ең жақын досы болып кетеді.

* * *

Анахарс бірде: «Қызық екен, Элладада жарысқа өңшең жақсы мен жампоз түседі де, төрелігін қайдағы бір дәрменсіздер береді екен!» – деп таңданыпты.

* * *

Шарапқұмар біреу Анахарстан: «Қалай мас болмауға болады?» – деп сұраса керек. Сонда Анахарс: «Маскүнемнің сықпытын көз алдыңда ұстасаң болғаны», – деп жауап берген екен.

* * *

Бірде Анахарс: «Қызық екен, эллиндер тентекті тыю үшін заң шығарады, сөйте тұрып бірін-бірі төмпештегендерге сый-сияпат береді!» – деген екен.

* * *

Анахарс кеме ағашының қалыңдығы төрт-ақ елі екенін білгенде: «Кемешілер өлімнен төрт-ақ елі қашықтықта жүреді екен ғой!» – деген екен.

* * *

Анахарс: «Дүкендегілердің көзі өтірік айтып тұрғанда, өтірікке тыйым салып болар ма!» – деген екен.

*                          *                          *

«Қызық екен, – деп таңданыпты бірде Анахарс, – эллиндер тойдың басында там-тұмдап ішеді де, қарындары тойған кезде шара аяқпен сіміреді!»  

* * *

«Қандай кеменің қауіп-қатері аз?» деген сұраққа Анахарс: «Жағалауға шығарып тастаған кемеден қауіп-қатер болмайды», – деп жауап берген екен.

* * *

Бірде Анахарсқа «Өлі мен тірінің қайсысы көп?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда Анахарс: «Жүзуші деп кемені айтамыз ба, кемедегі кісіні айтамыз ба?» – деп қарсы сұрақ қойыпты дейді.

* * *

Афиналық  біреу Анахарстың скиф екенін бетіне басып, кемсіте тіл қатса керек. Сонда Анахарс: «Мен үшін елім қайғы, ал сен болсаң еліңе қайғысың!» – деген екен.

* * *

 «Адам бойындағы бақ пен сорға бірдей себепші болатын не?» деген сұраққа Анахарс: «Тіл!», − деп жауап берген екен.

* * *

 «Татымсыз көп достан табанды бір дос артық!» деген сөзді де Анахарс айтса керек.

* * *

 «Базар – адамдардың бірін-бірі алдап, тонауы үшін әдейі ойлап тапқан орын» , – депті Анахарс.

* * *

Шарап ішіп отырып тіл тигізген бір бозбалаға Анахарс: «Егер, сен бала, жас кезіңде шарапты көтере алмасаң, онда қартайған кезіңде су тасуыңа тура келеді!» – деген екен.

* * *

Солон қоғам қайраткері болып жүрген кезінде заң шығарумен айналысады. Мұны байқайтын Анахарс: «Солонның арманы қылмыс пен қиянаттан адамдарды жазулы заң арқылы қорғамақ. Оның бұл тірлігі өрмекшінің торына ұқсас. Себебі, заңға тап болған әлсіздер мен кедейлер тұтылады да, әлділер мен байлар торды үзіп, құтылып кетеді!» – деп күледі екен.

* * *

Анахарстың басына қойылған құлпытасқа: «Тіліңе, құлқыңа, тәніңе ие бол!» – деген сөз жазылыпты. Бұл да Анахарстың өз сөзі болуы керек.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?