Ән атасы – Әміре
04.11.2015 2845
Әміре ХІХ ғасырдан ХХ ғасырға аман-сау жеткен шын мәніндегі асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы еді

Қазақтың әншілік өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубайұлы жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Әнші шығармашылығы жайлы мақалалар мен кітаптар жетерлік. Алайда, талант иесінің ашылмаған ақтаңдақтарына байланысты тұсқа келгенде әркімдер әртүрлі әңгімелейді. Әсіресе, біреу айтыпты мыс, солай болған екен, деген тәрізді құлақтан құлаққа тарайтын сөздер көбірек айтылады. Жаңсақ пікірлер мен жалған сөздер де жоқ емес. Сондықтан да не жазылса да нақтылы деректерге сүйенген орынды болады деп ойлаймыз. 

Мәселен, Әміренің жансыз денесі 1934 жылғы қарашаның 5-нен 6-сына қараған түнде Алматы көшелерінің бірінде табылғанымен, бұл өлімге қатысы бар адамдар әлі күнге белгісіз. Сондай ақ Әміре Париж бен Майндағы Франкфурттен басқа Страсбург қаласында, Ресейдің Иркутск, Әзербайжанның Баку қаласында сапарда болып, ән айтты деген құжаттар табылып отыр. Осы аталғандар шындыққа жанасса, баба шығармашылығының жаңа қырлары ашылары сөзсіз. 

Жалпы, Әміре жайлы жазылған мақалаларды екі тұрғыда айшықтауға болады. Әуелгісі әншінің көзі тірісінде жазылғандар. Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның Әміре туралы жариялағандары, Ромен Ролланның, Анри Барбюстің айтқан пікірлері, Александр Затаевичтің жазғандары және «Еңбекші қазақ» газетінде шыққан Мұхтар Әуезовтің әнші шығармашылығына арналған мақалалары Әміренің көзі тірісінде берілген шынайы баға әрі оған деген құрмет еді. Әміре жайлы жазылған мақалалардың екінші бір шоғыры ол қайтыс болғаннан кейінгі жылдары жазыла бастады. Ол кезең қырқыншы-елуінші жылдары еді. Бұған басты себеп, Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшыларының Әміре 1925 жылы Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен жолыққаны себеп болып, екеуінің бір-бірімен байланысы бар адамдар деп, тізімге іліктіріп жөнсіз көп мазалай бастағаны. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Әмірхан Бәкірұлы мұрағаттан тапқан Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы 6 маусым күні басқармаға шақыртылып, тергеушілер алдында берген жауабын келтіре кетейік. «...1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дория» отеліне орналастым. Екінші күні қонақ үйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ, олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр» дедім... 

Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ, актерлер әр түрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптыаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минөттей бірге болып тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді. Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түзсіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым. Бұл хатпен бұрын Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Ахмет Елшібаев пен оның екі жолдасы танысқан. Соңғы екеуінің аты-жөндерін білмеймін...» 

Осылайша Әміреден сан рет қолхат алынады. Сан рет үйін тінтіпті. Сан рет соққыға жығыпты. Сан рет қорқытып үрейлендіріпті. Сол тұста Әміре жайлы жазуға да шектеу қойылыпты. Солай бола тұра там-тұмдап болса да «Қазақ әдебиеті» газеті беттерінде сағыныштың сазын жеткізгендей Жұмат Шаниннің «Әнші Әміре», Қалыбек Қуанышбаевтың «Әміренің қасиеттері» және «Казахстанская правда» газетіндегі Сәкен Сейфуллиннің «Әмірені жоқтау» тәрізді бірді-екілі мақалалар 1934-1935 жылдарда жарық көрді. Әміре жайлы мақалалар негізінен алдында айтқанымыздай кешеуілдеп барып 40-50-ші жылдардан бастап молынан жариялана бастады. Мұхтар Әуезов, Николай Анов, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Ахмет Жұбанов, Қайым Мұхаметханов, Рымғали Нұрғалиев, Хажым Хабиев әнші шығармашылығын ұрпаққа жеткізу бағытында көз көргендері мен естеліктерін баспасөз беттерінде ортаға салды. Алайда, совет билігі әншінің көзі тірісінде Париж сапарынан соң мысқалдай да болса жанашырлық жасады деп айту қиын. Осының бір мысалы: Әміре қайтыс болған сәтте республикалық газеттер жарыса жоқтау жазып жатқанда, Қазақстан Халық ағарту комиссарының 1934 жылдың 19 қараша күні берілген № 540 бұйрығы шыққаны белгілі. Онда, Әміренің есімін мәңгі есте қалдыру үшін оған Қазақ драма театры ауласынан ескерткіш мүсін орнату керектігі жазылған. Амал не, бұйрықтың осы аталған пункті орындалмай қалды. Бұдан да сорақысы Алматыдағы Орталық зираттағы Әміре жерленген жердің қараусыз қалғаны болды. Қараусыз қалғаны былай тұрсын, қай жерге жерленгені, мүрдесі, зираты жоғалып кеткен. 

Осылайша жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді, Әміре жерленген соң арада 30 жыл өткенде 1974 жылы Әміренің өзі орындаған әндері жазылған үнтаспа табылмағанда. Әміре үнтаспасы табылып Мәскеуден әкелгеніміз сол екен, жұртшылық оның мүрдесі қойылған жерді, зиратын іздей бастады. Сол кездегі ақсақалдардың айтуынша Әміре атамыз 1934 жылдың 8 қарашасы күні Алматы қаласындағы Ташкент деп аталатын көшедегі орталық зиратта жерленгені белгілі болды. Көрейік деп іздеп барғанымызда ондағы зиратқа жауапты кезекшілер Әміре мүрдесінің қай жерде жерленгенін білмейтін болып шықты. Тіпті зират кеңсесіндегі 1934 жылы жерленгендер тізімі жазылған журналда Әміре есімі жоқ. Енді Алматыдағы орталық зираттағы Әміре жерленген жерді іздеу міндеті басталды. Шындығын айту керек, жалпы осы жұмыстарға қозғау салған Мәскеуде сақталған әнші дауысының табылуы. Олай болса осы орайда әншінің фонографқа жазылып алынған дауысының табылғаны жайлы қысқаша да болса айта кетейін. 

Мен Әміре атамыздың фонографқа жазып қалдырған «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағашаяқ», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Бесқарагер» әндерінің үнтаспасын 1974 жылдың 21 ақпаны күні Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық мұрағаттың Қырғыз бөлімінен таптым. Жайлауы қоныстас, ауылы іргелес, малы қоралас қырғыз елінің Мәскеудегі мұрағаттағы бөлімінен алғаш көрген қазақ мен болдым. Әміренің әндері үнтаспасын тапқан адам Жарқын Шәкерім делінетіні сондықтан. Оның үстіне бұл керемет олжа жөнінде Мәскеуде жүріп Алматыға алғаш хабарлаған адамым «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Сапар Байжанов еді. Қуанышымды бөлісуге телефон соқтым. Сапар Байжанов қазақ журналистикасының ірі өкілі ғана емес, өнерге де құлағы түрік жүретін, реті келгенде небір әндерді тамылжыта шырқай алатын қазақ өнерінің жанашыры еді. Жаңалыққа хабардар болып, қабылдап алған соң Сапекең кідіртпестен «Әміре Қашаубаевтың дауысы» деген атпен мақаланы газеттің кезекті 12 наурыздағы санына салып-ақ жіберген екен. Сөйтіп, бұл жаңалық менің авторлығыммен елімізге жетті. Оның үстіне Мәскеу қаласында шығатын «Неделя» деген апталық газетте «Жаркын Шакаримов находит клад» деген мақала жарық көріп, жаңалық бүкіл Совет Одағына да тарап үлгерді. Көп кешікпей Әміренің фонографқа жазылған үнтаспасын күйтабаққа аударттық. Осылайша Әміре орындаған ән халқымыздың игілігіне айналды. Сол кездегі Қазақстан КП Орталық комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі М. Есенәлиев, Қазақ ССР Мәдениет министрі М. Базарбаев, министрдің орынбасары У. Садықова, Алматы граммофонға жазу студиясының директоры С. Құсайынов Әміре күйтабағын жарыққа шығаруда айтарлықтай қолғабыс жасағанын айту парыз. Көп кешіктірмей әйгілі ғалым Рахманқұл Бердібаевтың жетекшілігіндегі қалалық Қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің кезекті сабағында Қазақстанның халық әртістері Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, жазушы Сапарғали Бегалиннің және осы мақала авторының қатысуымен Әміреге арналып кеш өткізілді. Онда Әміре әндері тыңдатылды. Ал Әміре дауысын алғаш рет Қазақ теледидарынан халық назарына ұсынып тыңдатуға қолғабыс жасаған белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Оразалинов болғанын осы орайда айтуды парыз санаймын. 

Осылайша Әміре атамыздың әні жазылған үнтаспа табылды, күйтабағы жарық көрді. Әміре жерленген жерді, зиратын да таптық, әрине. Баба денесін, мүрдесін ақымдап жерлеген Әбілмәжін Сапақов деген ақсақал әлдеқандай бір алапаттың болатынын сезіп, жерлеген күні зират жанындағы терек ағашына бәкімен «Бұл жерге Әміре Қашаубайұлы жерленген» деп жазып кеткен екен. Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Сапарғали Бегалин және мен төртеуіміз орталық зираттан төрт күн іздеп таппағанымызды бесінші күн дегенде ортамызға Әбілмәжін Сапақов араласып, әнші жерленген жерді бір сәтте-ақ тауып берді. Әрине, Әміре зиратының орны тұрмақ тұқылы да жоқ. Жермен жексен тақыр жер. Тап осы жерде сүйегі жатқанға балап, осыған да қуанысып құран бағыштадық. 

Жастық жалынымен жарқылдайтын қызба көңіл кезіміз ғой. Сол сәттерде Әміре жайлы зерттеу құштарлығыма екі жағдай себеп болды. Әуелгісі: «Әміре әндерінің үнтаспасын тапқан жігіт» деп Әлкей Марғұлан бастаған үлкендердің маңдайымнан сипай отырып бата бергендері болды. Екіншісі, дәл сол кезде Қостанайда тұратын Әміренің қызы Күләш Әміреқызы Қашаубаеваның маған деген ерекше ыстық ықыласы еді. «Сен енді менің балам болдың, мен үшін өте ыстықсың, Жарқын» деуші еді Күләш апай әрдайым. Күләш Әміреқызының маған рахмет айтқан мақаласы газет бетінде де жарық көрді («Қазақ әдебиеті» газеті, 30 қаңтар, 1976 ж.) 

Сонымен, зыр жүгіріп жүріп Күләш Әміреқызының кеңесімен әншінің туысқандары атынан 1974 жылдың 25 қарашасы күні Дінмұхамед Қонаев ағамыздың атына Әміре қабірінің қырық жылдан бері қараусыз жатқанын жеткізіп, құлпытас орнату жөнінде үшбу хат дайындадым. Хатқа қазақ өнерінің қарлығаштары: Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Әбілмәжін Сапақов, жазушы Сапарғали Бегалин, қоғам қайраткерлері Сара Есова, Әшімбек Бектасов қол қойды. Көп кешікпей бұл жұмыстар Қазақ ССР Министрлер Советіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде Әміреге орнатылатын ескерткіш мүсінінің эскизі мен жобасы бекітілді. Ескерткіш мүсіннің авторы болып мүсінші Татьяна Викторовна Андрющенко тағайындалды. 

Т.В. Андрющенко өз шеберханасында жыл бойына еңбек етті. Нәтижесінде алты метрлік Әміре тұлғасы дайын болды. Ескерткіш 1978 жылы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйылып орнатылады деп жоспарланған болатын. Енді мына қызықты қараңыз. «Алматыдағы сол қойылмақ ескерткіш қайда? Т.В. Андрющенконың ескерткіш тұрған шеберханасы қайда? Қойылмақ Әміре мүсінінің зым-зия жоғалып кетуіне не себеп болды?» деген заңды сұрақтар күні бүгінге дейін мазалайды. Тіпті «Әміреге ескерткіш неге тұрғызылмай қалды?» деп тебіреніп мақала да жазған кезім болды. Бәлкім, басында атап өткеніміздей отызыншы жылдардың ызғары әлі кете қоймағаны ма деген де ой келді. 1934 жылы әншіге ескерткіш орнату жөнінде бұйрық шыға тұра орнатылмай қалғаны тәрізді, 1974 жылы да оған ескерткіш мүсін орнату жөнінде бұйрық шыға тұра бұл жолы да орындалмады. 

Әмірені көзі көрген досы Серке Қожамқұлов Т.В. Андрющенко шеберханасына барып, көріп жүріп, шеберхана ішінде бой көтерген әнші ескерткішінің фотосуретін түсірткізіп алған екен. Сол сурет төсқалтасында жүруші еді. Бір қажеті болар деп маған берген болатын. Бой көтермек Әміре ескерткішінің кескіні әлі күнге менде сақтаулы. Енді міне соған да шүкіршілік айтамын. Одан әрі не болды дейсіздер ғой. Алдыңғы 40 жылға тағы 18 жылды қосыңыз. Сонда Әміре атамыздың зираты 58 жыл бойына қараусыз жатқанын түсінеміз. 1992 жылдың 5 қарашасы күні ғана Әміре қабірінің басына құлпытас орнатылды. Құлпытасты Қазақ ССР еңбек сіңірген әртістері, әнші Кенжегүл Сыздықова мен оның зайыбы Дмитрий Гусинцов 60 мың рубль шығарып жеке қаржатымен тұрғызды. Осы орайда мына бір жайды еске сала кетейін. 

Зираттың ашылу рәсіміне санаулы күндер қалғанда бәзбіреулер қабірді қиратып кетіпті. Бұл жөнінде «Вечерняя Алма-Ата» газетінің 1992 жылдың 29 қазан күнгі санында «Кощунство на кладбище» деген мақала жарияланды. Онда: «Ұлы әнші Әміре жерленген зираттағы қабірдің құлпытасын жермен-жексен, күл талқан етіп талқандады», – деп Алматы халқын тағы бір дүрліктірді. Сонда қазақтың Кенжегүлдей қайсар қызы намыс-қайратына мініп, қалалық әкімшілікке барып жүріп бір апта ішінде зиратты қайтадан қалпына келтірді. 

Шындығына келгенде, осы әңгімелердің түбі 1925 жылы Әміренің Париж сапарында оның Мұстафамен кездескенінен басталды десек қателеспеспіз. Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары Әмірені үзбей қадағалауға алыпты (тіпті білдіртпей артынан күзет те қойған кездері болған), әнші өміріне үзбей қауіп төндіріп, басты трагедиясына айналдырған. Неге десеңіз, Әміре жайлы әңгімелердің қай қыры да ОГПУ деген үрейлі мекеменің суық хабарына тіреледі. 

Советтік жүйе орнап, қазақ сахнасына опера, симфония, ұлттық оркестр тәрізді ұжым бой көрсетіп музыка өнерінің құлпыра бастаған шағында Әміре Қашаубайұлы осы жаңалықтардың бәрінен де шеттетілді. Атап айтқанда премьерасы 1934 жылдың 7 қарашасында, яғни Әміре дүниеден өткен күні өткен Евгений Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш «Қыз Жібек» операсында рөл орындау мүмкіндігінен аластатылады (Бұл опера бір жылға жуық дайындалған ғой). 1933 жылы Мәскеуден арнайы келген мамандарға берілген күйтабаққа жазылатындар тізімінен Әміре есімі алынып тасталған. Отбасын асырайтын қаражаттан айырған. Жұмыстан шығарылған. Қазақ халқының әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан Әміре енді киер киімге, ішер асқа жарымайтын күйге түскен. Осылайша ол аянышты күн кешіп жатқан. Евгений Брусиловскийдің «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, дауысы барлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады... Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айырылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол» деп жазғаны сол тұс болатын (Е. Брусиловский. Дүйім дүлдүлдер. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 78-б. Қазақ тіліне аударған Сапар Байжанов) Е. Брусиловскийдің ащы шындықты жазғаны рас. Әрине, бұған Әміре кінәлі емес еді. Қайткен күнде де Әміреден құтылудың қамын ойлап, адамды жоспарлы түрде жәбірлеп, мезілік күйге жеткізгендер кінәлі. 

1933 жылы Алматыда жаңадан ашылған Ғылыми-зерттеу кабинетінің директоры Ахмет Жұбановқа барып Әміре: «Әлдеқандай жағдай бола қалса үйдегі қаршадай екі қызыма көз қырыңды сала жүргейсің» деп айтқаны да оның қиналып жүргендегі бір сәтін дәлелдей түседі. (Ол кезде Ахмет Жұбанов 27 жасар жас жігіт болатын). 

Жалғыздықтың күйін кешіп барып қиналумен, құсалықпен күй кешкен қайран Әміре осылайша басы тасқа тиген қалпы өз-өзіне қайырылмай кетті. Шамасы ОГПУ тыңшыларынан сескенген болуы керек, қиын-қыстау кезеңдерде достары да әнші айналасына жуый қоймаған. 1925 жылы Парижден келген соң тоғыз жыл өмір сүріп, 1934 жылы дүниеден өтті. Оның адам қолынан өлгені және шындық. «Қолда бардың қадірі жоқ» дегендей ол кеткен соң артындағы ел күңіреніп сала берді. Әмірені көзі көрген жазушы Николай Анов «Выдающийся певец» деген мақаласында: «Враги народа, травившие Амре, хотели похоронить славу народного певца в одной могиле с покойником» («Казахстанская правда» газеті, 25 қараша, 1945 жыл) деп жазғаны бар. Олай болса Әміреге у беріп өлтіріп, түн жамылғысында денесін Алматы көшелерінің біріне, далаға тастап кеткен болып шығады. 

Алайда, Әміре атамыздың есімі оның денесімен бірге көрге кетпегені белгілі. Әлем жұртшылығын әнімен тамсандырған Әміре ән әлемінің жарық жұлдызы болып қала бермек. Р. Ролланның, А. Барбюстың, А.В. Луначарскийдің, А.В. Затаевичтің, Е.Г. Брусиловскийдің, С. Сейфуллиннің, М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, А. Жұбановтың, С. Бегалиннің, М. Әлімбаевтың әнші жайлы жазғандары оның рухын асқақтатты. Қайнекей Жармағамбетов «Әнші азамат» повесін жазды. Мұқатай Тоқжігітов «Ән атасы – Әміре» естелік кітабын, фашистік концлагерьде күн кешкен ақын Хамза Абдуллин орыс тілінде Әміре жайлы «Казахская песня в Париже» поэмасын, Оразақын Асқар «Әміренің әні» дастанын, осы мақаланың авторының әр жылдарда орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Әміре», «Ән атасы», «Әміре Қашаубаев» прозалық кітаптары және «Ән атасы – Әміре» телепьесасы, «Әміре әндерінің күйтабағы», Қайырбек Шағырдың «Ұлы тенор» поэмасы баба шығармашылығын танытатын құнды еңбектер болып табылады. 

Якуда Амандықовтың құрастыруымен 2012 жылы жарық көрген «Әнші Әміре» естеліктер кітабы әншінің 125 жылдығына тарту болды. Оның үстіне өз кезінде халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ ССР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков Әміре Қашаубаев атындағы республикалық халық әндерін орындаушылардың конкурсын ұйымдастыруға атсалысып, Әміре мұрасын сақтауда өлшеусіз үлес қосты. 2008 жылы Әміре Қашаубайұлының туғанына 120 жыл толуына орай Семей қаласындағы қалалық мәдениет сарайының жанында әнші мүсіні бой көтерді. Бұл да болса тұлға есімін мәңгілік сақтаудағы үлкен жұмыстың бірі болды. Бүгінгі ұрпақтың ұлы әншіге деген құрметі осылайша жалғасуда. 

Әміре Қашаубайұлы – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әуелеген әнімен адамзат баласын таңдандырған, қайталанбас ұлы тенор әнші. Қазақ музыкасындағы Әміренің алатын орны – Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жарылғапберді, Мәди сынды замана тұлғаларының әншілік дәстүрін советтік кезеңге жалғастырып, жеткізіп беруінде болып табылады. Қатарлас әріптесі Елубай Өмірзақов Әмірені «самородный сары алтын» дегені бар. Әміре ХІХ ғасырдан ХХ ғасырға аман-сау жеткен шын мәніндегі асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы еді. 

Жарқын Шәкәрім, ҚР еңбек сіңірген қайраткері