Батырлар дүрілдеп өткен жер
28.10.2015 2650
Жаңақорған атырабын мекендеген қазақ тайпалары өзге тайпаларымен бірге осы тарихи оқиғаларға тікелей араласты

ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың бас кезі Қазақ хандығының тарихында еліміздің іргесін бекіткен, ұлтымызды ұйытқан тарихи оқиғалар кезеңі болды. Жаңақорған атырабын мекендеген қазақ тайпалары өзге тайпаларымен бірге осы тарихи оқиғаларға тікелей араласты. 

Сол кезеңде Тәуекел мен Есім хандар әртүрлі уақытта, әртүрлі мақсатпен Ташкентке бірнеше рет жорық жасаған. Соның бірі Сыр бойы мен Ташкентті басып алып, ол жерлерден қазақтарды ығыстырған Орта Азия хандықтарына қарсы жорық. Әз-Жәнібек ханның немересі, Әбілқайыр ханның шөбересі Абдоллах (1538-1598) 1561 жылы әкесі Ескендірді өзбектердің жоғарғы ханы деп жариялап, 1583 ж. әкесі өлгеннен соң ресми түрде хан тағына өзі отырған еді. Оның билігі бүкіл Орта Азия, Хорасанға, Хорезмге тарады. 

Шығай хан мен оның ұлы Тәуекел сұлтан бастаған қазақ тайпаларының бір бөлігі Абдоллах хан әскерінің құрамында Түркістанның билеушісі Баба сұлтанға қарсы жорыққа қатысқан. Бұл жағдай Шығай мен Тәуекелдің құдіретті ІІ Абдоллах ханмен одақтастық, кейде тіпті тәуелділік жағдайда болғанын аңғартады. 

Тәуекел ханның 1598 жылы Орта Азияға жасаған жорығына «Қазақ хандығының шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік-саяси томаға-тұйықтығын» жойып, жаңа мемлекеттің негізін салу мақсатында ұзақ дайындалған. Жорыққа Тәуекел хан мен Есім сұлтандар жүз мыңдай әскер шығарған. Тәуекел осы жорықта Ақси, Әндіжан, Ташкент пен Самарқанды басып алып, інісі Есімді жиырма мың адамымен Самарқанд қаласына қалдырып, өзі жетпіс-сексен мың адаммен Бұқараға шабуыл жасағандығы айтылады. Осы жорықта Тәуекел хан жарақаттанып, табысқа жете алмай Ташкентке шегінеді. Онда оның ауруы меңдеп, қайтыс болады. 

Қазақ хандығының нығаюына елеулі бетбұрыс жасаған осы жорықта Тәуекел өз мақсатына толық жете алмағанымен Ташкент, Ферғана аймағы белгілі бір уақытқа Қазақ хандығының құрамына енді. 

Тәуекел қайтыс болған соң 1598 жылы хан тағына отырған Есім ханның билігі бүкіл Қазақ хандығына тарай қойған жоқ. Өз билігін нығайтуды көздеген Есім Орта Азия мен Қазақ хандығындағы саяси билікті қолына алған жекелеген хан-сұлтандармен көпвекторлы байланыс жасады, олармен бірде одақтас, бірде қарсылас болып мемлекет мүддесін халықаралық жағдайға бейімдеген саясат жүргізуге мәжбүр болған. Абдоллах хан өлген соң Түркістандағы қарақалпақ халқы Әбд әл-Ғаффарды билеуші тағына отырғызғандығы, ол бүкіл Түркістан уалаяты мен Сайрамды, Ташкентті, Ақсукент пен Әндіжанды өзіне қаратып, Ташкентті астана еткендігі айтылады. Баһадүр хан мен Есім хан әскерінің қарақалпақ ханы Әбд әл-Ғаффарға қарсы 13 күнге созылған шайқасы сәтсіз аяқталады. Дегенмен, 1604 жылы олар қайтадан қол жинап, Әбд әл-Ғаффарды талқандады. 

Имамқули жеңіліп, қазақтармен қайтадан татуласуға мәжбүр болғаннан кейінгі кезеңде Есім хан мен Тұрсын ханның арасындағы билік үшін күрес аяусыз сипат алады. «Қазақ сұлтандарының өзара тартысқан қырқыстары барған сайын асқына түсті, билеушілер Есім мен Тұрсұн-Мұхаммед арасында араздық туды. 1627 жылы Есім хан алаштан әскер жинап қалмақтарға қарсы аттанғанда, Ташкентті билеген Тұрсын сұлтан оның Түркістандағы ордасын басып алады. Жорықтан қайтқан Есім хан ағыны қатты Сайрамсу өзенінің бойында (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қарасора (Кеңесарық) ауылы) жаңа Ордасының туын тігеді. Негізінен жауынгер Қатаған руы қолдаған Тұрсын сұлтан мен қалың қазаққа арқа сүйеген Есім хан екеуі көп ұзамай осы Сайрамсу қамалының түбінде соғысқан (датасы белгісіз). Тұрсын сұлтанға қарсы шыққан қазақтардың қолын бастаған батыр Алатау болатын. Бұл жөнінде «Еңсегей бойлы ер Есім» тарихи жырында «Сол күнде үш жүздің баласында төрт атақты батыр болар еді. Ұлы жүзде бөгежейлі елінен Шабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алатау деген батыр еді. Кіші жүз алшын жаппаста Бөртоғашұлы Жиенбек деген еді. Үйсіннен Сүлеймен батыр» деп айтылған. Тұрсын сұлтан сол соғыста қаза тапқан соң, екі жүз мыңдай саны бар Қатаған руы Есім ханның қатал үкімімен түгелдей өлім жазасына кесіліп, бұл рудың аты біржолата өшеді. Осы уақытқа дейін ортақ жауға бірлесіп шапқан қазақтар, осы соғыстан соң «Тұрсын ханды қолдаған қазақтар» және «Есім ханды қолдаған қазақтар» болып екіге бөлінеді. 

Шын мәнінде қазақ тарихындағы тұңғыш азамат соғысы болған бұл оқиға туралы Мұхтар Мағауин: «Қатаған қырғыны – Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ Ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіз ұлыстың екі бөлшегі түнекке батыпты. Содан былай қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш аталады. Келесі бір сілкіністе қырғыз және қарақалпақ пен құрама іргесін бөледі. Қазақ халқы деген атауды ұстап үш алаш – үш жүз ғана қалады. Екі сан қатаған аман болса, бес алаш – бес жүз болар едіңіз» деп тұжырымдайды. 

Осы шайқастан соң Бұқара ханы Есімге Ташкентті, Түркістанды билеу тізгінін тапсыру туралы грамота берді». Жаңақорған аумағы осы кезеңде тікелей Түркістан қаласының ықпал аймағында болғандықтан да аталған саяси және әскери тартыстарға тартылды. 

Салыстыру мақсатында осы тарихи оқиғалардың шежірелік нұсқасында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Тәуекелден соң Еңсегей бойлы Есім хан болады. Түркістанда тұрып, Ташкентке Тұрсын ханды ие қылып қояды. Сол күнде Иманқұл хан өзбекке хан болып, Бұхараны билеп, Еңсегей бойлы ер Есіммен үш рет соғысып, Түркістан мен Ташкентті ала алмай жеңіліп қала берген. Есім ханнан кейін қазақ жүдеу бас болып Ташкеннен айырылып қалады» деп жазады. 

Түркістан төңірегін мекендеген тайпалар ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қазақ хандығының тірегіне айналған. Осы кезеңде Орта Азиядағы Бұқар, Хиуа хандықтарының құрамында болып келген тайпалар мен жекелеген рулары Қазақ хандығының құрамына қосылып, Оңтүстік Қазақстан аймағы, Сыр бойы мен Қызылқұм Қазақ хандығының құрамына түпкілікті қосылады. 

 Шежірелік аңыздарда Жаңақорған төңірегінен қазақ-бұхар қатынастарында ерлігімен көзге түскен Қожамберді батыр Аманбайұлының (ХVІ ғасырдың ортасы – ХVІІ ғасырдың бас кезі) есімі аталады. Ол Хақназар ханның әскерінің құрамында жүзбасы болып Бұхараға жасалған жорыққа қатысады. Ел аузындағы аңыздарда Қожамбердінің қарсыластары «Жаманбайды аз деп, құйысқансыз аттыны қосқан құдайым-ай» деген екен дейтін аңыз сақталған. Батыр содан кейін Құйысқансыз аталып кетеді. Содан Жаманбай рулар бірлестігіндегі Құйысқансыз руының жинақтаушы тұлғасына айналады. Батырдың бейіті Хорасан ата – Әбжәлел бап кесенесінің жанында. 

Есім ханның жүргізген реформалық өзгерістері қазақтың дәстүрлі билік жүйесіне сай келмеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын заңдар жинағы қазақтың рулық құрылымының өзегіне айналған түркілік-көшпелілік рухтағы Ясауи тариқатынан бас тартып, парсылық-отырықшылық нашбандия ағымына бет бұрудың негізі болды. Есім хан өзінің шексіз билігін қамтамасыз ету мақсатында жасаған реформалық өзгерістеріне қарсы болып, қуғын көргендердің бірі — Жиембет батыр «Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім» онымен ат құйрығын кесіп Қаратау асып кетсе, Иасауидің жолын қуған діндар, тақуа Құрбан Жаманбайұлы да пірі жатқан Түркістаннан баз кешіп, Теріскейдегі Қара бура әулиенің төңірегін сағалайды. 

Қазақтың қазіргі рулық құрылымының соңғы сұлбасы осы Есім ханның реформаларынан кейін қалыптасты. Жүздер мен тайпалардың, рулар мен аталардың топтасуы, көш жолдары мен жаз жайлауы, қыс қыстауы осы кезде белгіленіп, хан жарлығымен бекітілді. ХІХ ғасырдың бас кезінде Бұхар хандығы өз иелігін едәуір кеңейтіп, үлкен мемлекетке айналды. Түркістан қаласының төңірегіндегі аудандардың да осы кезде Бұқар хандығының иелігінде болғандығы жазылған. Бұқар әмірлері көшпелі тайпалардан өздеріне саяси тірек жасау үшін қазақтардың игі жақсыларын билікке тартып, оларды Бұхар генералы «датқа» лауазымымен марапаттап отырған. Осындай жағдайлармен қазақ тайпалары Бұқар хандығының көрші елдермен жүргізген соғыстарына қатысып, ықпалды күшке айналған. 

Мақала «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы аясында жарық көрген «Жаңақорған» ғылыми-көпшілік энциклопедиясынан қысқартылып алынды.