Аңызға айналған ақиқат
26.10.2015 2148
Қожагелді батыр мен Уаң төре арасында туындаған қарама-қайшылықтар жайында мұрағаттық дәйектемелер

Ел аузында тараған аңыз-әңгімеде қарадан шыққан батыр мен ақсүйек төре арасындабітіспеген келіспеушілік болғандығы жайында, соңғысының өсиеті бойынша мазарларының да есігі қарама-қарсы қаратылғандығы айтылады.

Қазір де есімдерімен екі елді мекен аталатын, өткеннің тарихи куәсіне айналған Қожагелді батыр мен Уаң төре мазарлары өлке жерінде әлі тұр. Ауыз екі әңгіме арқылы тарихи оқиғаның төркіні белгілі болғанмен, жұмбақ боп қалған қырлары да бар. Бұл адамдар халық арасында қашан болды, неліктен осы Ақсуат өңірінің айтулы тұлғасына айналды деген көкейкесті сауалмен Омбы қаласына іс-сапарға белгіленді. Осындағы мемлекеттік мұрағаттағы зерттеулер нәтижесіз болған жоқ, біршама айғақтардың басы ашылды. Қожагелді батырдың қазасы 1826 жылы болғандығы анықталды. Оны мұрағат қорынан алған мынандай құжат дәлелдейді. «В декабре 1828 г. к. Генерал-губернатору поступило прошение от ездивших в С. Петербург депутатов (старшина Айдарбек Кутебаев и старшина Садибек Кутебаеви 3 биев ) о взыскание С Ханхожиных куна за убитых в 1826 г. трех мурунцев и об удалений Ханхожиных из Мурунской волости... » Демек, осы оқиғабарысында тағы екі мұрын азаматының қаза болғандығын білеміз. Жақша ішіне алынып жазылған Айдарбек Көтебайұлы Тоқабай руының басшысы болған екен. 

Бұған дәлел 1830 жылы Орыс патшалығына бодан болуға ант берген қаракерей – мұрын сұлтан-билерінің тізімінде Айдарбек Көтебайұлының Тоқабай руының биі екендігі және бодандыққа өту жөніндегі бейімділігі үшін обер офицер шеніне ұсынылатындығы айтылады. 

Ал, кейінгі мерзімдегі құжаттарды зерттей келе бидің бодандыққа бойұсынуы саяси көзқарасына байланысты түпкілікті болмағанына көз жеткіздік. Отаршылдық мақсатын көздеген орыс мемлекетінің бодандыққа алу саясаты Кіші жүз арқылы жүз жыл бұрын басталса, қаракерей – мұрын рулары 1830 жылдарға дейін ішінара болмаса бодандыққа жаппай кірмеген. Осы кезден бастап Батыс Сібір генерал-губернаторының ерекше тапсырмасымен подполковник шеніндегі Костюрин деген шенеунік үлкен жасақпен қаракерей – мұрын жерін аралап, ру басыларынан ант қабылдап, ел ішіндегі мал-жанға санақ жүргіздірткен. Мұрағат құжаттарын зерттей келе Уаң төренің азан шақырып қойылған атын анықтаудың да сәті түсті. «Уаң» деген сөз қытай мемлекетінің лауазымды атағы болып шықты. 

Кейіннен халық айтулы ыңғайына қарай қазақи тілмен Уаң деп атап кеткен. Негізігі есімі осы кезге дейін белгісіз болып келген Уаң төре сұлтан Жанбөбек Ханқожаұлы екен. Ол – Орта жүзге әйгілі Ханқожа сұлтанның үлкен ұлы. Інісі Сыбанқұл сұлтан Найманға әйгілі тарихи тұлға болған. Бұлардың ағайындығы жөнінде Орта жүз хан тұқымдарының шежіресінде нақты айтылады. 

Айтылған шежіре мұражайымыздың ғылыми қорында бар. Әбілпейіз сұлтан немере ағасы Барақ сұлтан қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Ханқожаны қолында өсіреді. 1783 жылы Әбілпейіз қайтыс болғаннан кейін Найман руларындағы билікті өз ұлы Бопы емес, Ханқожа алады. Ханқожа өмірден өткеннен кейін ағайынды сұлтандар екіге жарылып, бір-біріне жауласқан топқа бөлініп кетеді. Сұлтан Бопы Әбілпейізұлы үстемдік алып, Ханқожа ұлдары Жанқожа, Жанбөбек, Данияр, Шалғынбай сұлтандар Төлеңгіттерімен бірге Мұрын руларының ішкі жеріне дейін кіргізіп, ел басқаруға араласа бастады. Сол кездегі Көтебайұлы, Қырықбай Кегенбайұлы сияқты ел басқарушылар жер есесін жібермесе, сол заманның озық тұлғалары Тілеміс Базарұлы, Боқбасар билер Қарғыба – Базар бойындағы қалың Назарға қорған бола білген. Осы кезеңнің қилы-қилы оқиғалары төңірегінде мұрағат құжаттарынан көптеген мәселелермен таныстық. 

Енді Уаң төренің Жанбөбек сұлтан екендігі жөнінде тағы бір дерек келтірейік. Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант және кавалер Де Сентлоран мырзаға Көкпекті шекара жасағының бастығы жүзбасы Нюхалов жіберген хаттан үзінді: «...сказании бии Бокбасар, старшина Айдарбек Кутебаев во время проезда через их аулы уводомили его, что их число султанов Ханкожиных старшии из них Джанбубек, не принявший при образовании Аягузского Приказа присягу на верность Российскому Императору и имеющий от Китайского Двора чин увана, с согласия султана Чалгынбая, Старшины Тлемиса Базарова и бия Крыкбая Кегенбаева в прошлым марте послал письмом сына своего Бегалы к анбаню (губернатору) Чугукчаковскому». Осы деректің өзінен-ақ Уаң төренің жоғарыда есімдері аталған тұлғалардың замандасы болғандығын көреміз. Келесі бір құжатта «...от покойного Ханкожи достойнств Увана старшему брату Сыбанкула султану Джанбобеку и сей весьма почтен в Орде, как по важности номимого им звания, так и по необыкновенной скромности, вероятно от старости проистекающей... имевшие чины от Китайского Двора всегда передают наследства детям по старшинству своего рода». Демек, үзіндіде айтылғандай Жанбөбек Ханқожаұлы уаң дәрежесін әкесінен ағайындары арасындағы үлкендігімен қабылдаған. Ары қарай «...через семь лет Китайское Правительство просит депутацию, однако через вана которые на токовой вызов султана в точности мало исполняют, а когда вздумают, тогда и отправляется» деген сөйлем лауазым алған сұлтандардың ынталы қызмет істемегенін, ел тыныштығы үшін саяси амал ұстағанын көреміз. 

Енді Қожагелді батыр жөнінде бірер сөз қозғар болсақ, бабамыздың қазасына кінәлі Назар еліне сыйыса алмаған төре тұқымдары болса, оқиғаның ту сыртында орыс отаршылдарының қылмысты әрекеті тұрғандай. Қанды оқиғаның да солардың қолымен жасалғаны сол кезде жұртқа мәлім болған. Орыс ұлықтарымен ертерек араласқан Ханқожа ұлдары Назар руларын бодандыққа кіргізу арқылы өз үстемдіктерін нығайту үшін Батыс Сібір генерал-губернаторына хат жазып әскер шақыртқан. Оны мынадай құжаттар дәлелдейді: «султаны Мурун – Наймановской волости Ханкожины начинают просить о присылке к ним казачих отряду... Султаны на эту присылку обязались уплатить в ползу войска ремонтный сбор лошадьями продовольствования отряду на свой счет. Посланный в 1825 г. отряд возвратился на линию благополучено, командированные же в октябре 1826 г. Везигин при 25 казаках по его словам при сборе лощадей сопротивления со стороны части мурунских киргизов, так что дело в коце концов дошло до вооруженной стычки». 

Демек, өз берекесімен ұйып тұрған қалың назар руларының тыныштығын бұзған орыс отаршылары екені даусыз. Өйткені олар өздерінің өктемдік саясатын үнемі жасырын жүргізуге тырысқан. Еркіндіктегі елін бодандыққа енгізбеуге күш жұмсаған ұлағатты бабаларымыздың тарихи тұлғалары уақыт өткен сайын биіктей бермек. 

Қонысбек Ақжасар, ҚР мәдениет қайраткері 

Мақалада берілген сілтемелердің орысша мәтіндері мұрағат дереккөзінен өзгеріссіз келтірілді.