Қазіргі заманғы Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың ерекшеліктері
01.07.2014 3100
Семинар ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің бекіткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы шаралары аясында өткізіліп отыр.

Үстіміздегі жылдың 26 маусымында Мемлекет тарихы институтының қабырғасында Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың ерекшеліктері» атты семинар жұмысы өтті. Семинар ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің бекіткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы шаралары аясында өткізіліп отыр.

Семинардың мақсаты Конфессияаралық қарым-қатынастардың негізгі үрдістері мен ахуалын қарастыру және жаңа әлеуметтік кезеңдегі бағыттарын анықтау; Қазіргі заманғы Қазақстандағы діни экстремизмдік мәселелерді талқылау. Күн тәртібіне Қазіргі заманғы Қазақстанның конфессияаралық қатынастар ахуалы және Қазіргі заманғы Қазақстанның діни экстремизмдік жағдаяттары тақырыптары қойылды.

Семинарға Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі, Қазақстан Республикасының жетекші ғалым-тарихшылары, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері қатысты.

Аталмыш тақырып Институттың іргелі және қолданбалы зерттеу объектілерінің бірі болып табылады. Жаһандық заманда дін мәселесі жан-жақты зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Еліміздегі діни ахуалдың даму ерекшеліктеріне және мемлекеттік органдар тарапынан осы салада жүргізіліп отырған шаралары жайлы толық қанды, ақпарат беру үшін Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Исламдық діни бірлестіктер мен байланыстар басқармасының бастығы, теология докторы Балғабек Әбдіқайымұлы МЫРЗАЕВ қонаққа шақырылды.

Балғабек Әбдіқайымұлының айтуы бойынша «қазіргі таңда еліміздегі діни ахуал тұтастай алғанда қалыпты. Халық арасында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, Қазақстан азаматтарының 90 пайызға жуығы елдегі діни ахуалды қалыпты деп бағалап отыр. Бүгінде Қазақстанда 18 конфессияға қатысты 3449 діни бірлестік қызмет етуде. Оның ішінде исламдық діни бірлестіктердің саны 2393 құрап отыр.

Діни ахуалдың дамуы үшін елімізде толыққанды құқықтық база қалыптастырылды. „Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы“ жаңа заң қабылданғаннан кейін оның аясында 15 заңнамалық акті әзірленіп, қабылданды. Нәтижесінде діни саладағы барлық шаралар мен ережелер реттелді. Ғибадат үйлерін салу, діни жораларды өткізуге арналған үй-жайларды орналастыру, діни әдебиеттерді тарату үшін арнайы орындарды белгілеу, миссионерлік қызметті жүзеге асыру және т.б. бағыттарда нақты талаптар мен стандарттар қабылданды.

Эксремисттік әдебиеттердің елімізге енуіне жол бермеу мақсатында үш жыл ішінде Агенттікте 25 мыңға жуық кітап сараптамадан өтіп оның 300-ге жуығына тосқауыл қойылды.

Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, тұрғындардың діни мәселелері туралы сауатын арттыру, діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша қоғам арасында кешенді түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөнінде 2013–2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жасақталып, іске асырылуда.

Ғаламтор кеңістігіндегі жұмыстар ретке келтірілді. Исламның дәстүрлі қағидаларын түсіндіретін және діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған „E-islam“ ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталы құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Діни мазмұндағы 2000-нан астам Интернет ресурстарына сараптама жасалып, 500 сайтты жабу туралы ұсыныстар берілді.

Оқу, ағарту, білім саласы бойынша біздің дінге қайшы келмейтін шетелдің 10 оқу орны бекітілді. Осы оқу орындарында біздің жастар білім ала алады» — деп ойын қорытындылады.

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы ҚАБЫЛДИНОВ «Діни экстремисттік топтарға төтеп беру және толеранттықты қалыптастыру» атты зерттеулеріне сүйене отырып Қазақстандағы діни ахуалды көтеру үшін келесі мәселелерді қолға алу керектігін атап өтті.

Олар: 1) Халыққа әлеуметтік көмекті күшейту. Әсіресе ауылды жерлердің жағдайын көтеру; 2) Қазақстанның Солтүстік өңірлерінде Діни білім ошағын ашу, мешіттер салу; 3) Имамдардың мектеп оқушыларымен, әскери орындарындағы сарбаздармен жұмыс жүргізуі; 4) Колонияда отырған азаматтарды түзу жолға түсіріп, қатаң бақылауға алу; 5) Діни сапалы кітаптарды екі тілде жазу және көбейту.

Ғалымның пайымдауы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерін салыстыра келе, әсіресе Солтүстік өңіріне баса назар аудару керек. Өйткені бұл өңірде басқа дінге өтіп кету қаупі төніп тұр.

Семинар жұмысында Елбасымыздың бастамасымен барша қазақстандықтарды біріктіретін және еліміздің болашақ іргетасын құрайтын басты құндылықтар айтылып өтті. Қоғамдық келісімді сақтап дамыту мемлекеттің, азаматтық қоғамның, діни бірлестіктердің бір жолғы емес, тұрақты түрде күш жұмсауын талап етеді. Жұмысымыздың басты басымдығы рухани құндылықтарымызды ары қарай нығайту болып қала береді.

Семинар соңында қонақтарға әр-түрлі маңызды сұрақтар қойылып, кішігірім пікір-талас болып және ой-қорытынды жасалды.

Мемлекет тарихы институты