Оралмандардың тарихи ортаға бейімделуі
11.06.2014 4169
Отандастарымыздың тарихи отанына оралуы, яғни репатриация процесі еліміздің тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы кезінен бастау алды.

Отандастарымыздың тарихи отанына оралуы, яғни репатриация процесі еліміздің тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы кезінен бастау алды. Тарихтағы қазақ халқының этно-территориясы таяу заманға келгенде төңіректегі алып елдер тарапынан бөліске түскендіктен, қазақ халқының біраз бөліктері өздері отырған жерлерімен басқа елдің құрамына өткен. Сондай-ақ тарихи-саяси себептердің салдарынан алыс-жақын шетелдерге босып кеткен қазақ өкілдері, қазір көптеген мемлекеттерде өмір сүруде.

Қазақстаннан тыс 6 млн. этникалық қазақтар 40-тан астам елде тұрып жатыр. Шамамен 1,5 млн. — Өзбекстанда, 1,5 млн. — Қытайда, 1 млн. — Ресейде, 100000 — Түркменстанда, 80000 — Монғолияда және 45000 — Қырғызстанда. Қазақ диаспорасының басым бөлігі Турцияда, Ауғанстанда, Иранда тұрады. Қазақтар сондай-ақ, Батыс Европада, Азияда, Солтүстік және Оңтүстік Африкада өмір сүреді [1].

Шет елдегі этникалық қазақтардық басым бөлігі — 20-шы және 30-шы жылдары, саяси қуғыншылықтан, репрессиядан, аштық пен коллективизациялаудан қашып, Кеңес Одағын тастап кеткен азаматтардың тұқымдары. 200000 қазақтар сол кезде Қытай, Монғолия, Индия, Ауғанстан, Иран, Турцияға көшіп кетті, сондай-ақ көрші республикаларда 1926 жылдар мен 1930 жылдар арасында қазақтар 2,5 есе көбейіп, 794000 адам болды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан соң, Қазақстан этникалық орыстар мен немістердің эмиграциясының өсуіне байланысты халық санын азайтып алды. 1991 жылмен 2004 жылдар аралығында 3158400 адам елден кетті. Эмиграция, ағымының өсуімен бірге адам тууы азайды, иммиграция төмендеді. Есептеулерге қарағанда 1989 жылмен 1999 жылдар аралығында республика халқы 16,5 млн адамнан 15 млн адамға азайды.

1991 жылы 18 қарашада Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін Үкіметтің «Ауылдыұ жерде жұмыс істеуге талпынысы бар басқа республикада, шет елдерде тұратын қазақтарды Қазақ ССР-на көшіру тәртібі мен шарттары туралы» қаулысы қабылданды, бұл қаулы қазақтардың иммиграциясын реттеп қана қоймай, сол кезде дағдарысқа ұшыраған қазақ ауылы мен ауыл шаруашылық кешендерін дамытуға септігін тигізді. Осының нәтижесінде 1991–1992 жылдары Қазақстанға 61609 этникалық қазақтар көшіп келді.

1992 жылы мамыр айында «Көші-қон туралы» Заң қабылданды. Осы заңның 1 бабына сәйкес, этникалық қазақтарға тарихи Отанына көшіп келуге құқық берілді. Заң жүзінде оралмандарға иммиграциялық квота бекітіліп, этникалық иммиграция бойынша жұмыс істейтін арнайы орган құрылды.

Экономикалық және тархи тұрғыдан этникалық қазақтардың тарихи Отанына көшіп келуі мемлекеттің ұлттық ерекшелігін сақтап қалуға және ішкі тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізеді. Кеңес үкіметі кезінде көптеген қазақтардың әдет-ғұрыптары жоғалды, қазақ тілін қолдану тек қана ресми-деңгейде ғана емес, бейресми-деңгейде-де төмендеп кетті. Осыған байланысты қазақ тілі-де, қазақ мәдениетінің көптеген элементтері-де жоғалуға жақын болды. Осы бағытта оралмандардың көшіп келуі, қазақ мәдениетін сақтап қалуда мемлекеттің иммиграциялық саясатының негізгі бөлігі болды.

Оралмандарды құқықтық қолдау 1997 жылы шыққан «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға негізделген, бұл заңда Қазақстанға көшіп келген барлық оралмандарға байланысты интеграциялық шаралар қарастырылған. Жыл сайын оралмандардың интеграциясына қаржы бөлінеді. Бюджеттік қаржылар квотаға енгізілген оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жәрдемақы беруге жұмсалады.

Оралмандар Қазақстанның барлық өңірлерінде тұрады. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады (122131). Бұл шамамен Қазақстанда тұрып жатқан барлық оралмандардың 26 пайызын құрайды. Екінші орында оралмандар саны бойынша Маңғыстау облысын бөліп көрсетуге болады. Бұл жерде 61737 адам тұрады, бұл көрсеткіш барлық оралмандардың 13 пайызын құрайды. Алматы және Жамбыл облыстарында 60770 және 49365 оралман тұрады. Ең аз оралмандар тұратын облыстарға Батыс Қазақстан, Атырау облысы мен Алматы, Астана қалалары жатады [1]. Мұндай қоныстандыру жағдайы әртүрлі факторлармен түсіндіріледі. Біріншіден, квота өңірлік бөлініске бағытталған, сондықтан да квота өмір сүру жерлерін шектейді. Квотаға енгізілмеген оралмандарды қоныстандыруға көшіп келген елдің жақындығы, жұмыспен қамту-деңгейі сияқты факторлар әсер етеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанға көптеген оралмандар Өзбекстаннан, Тәджікстаннан, Түркменстаннан, Ираннан, Ауғанстаннан, Пәкістан мен Түркиядан көшіп келді, олар бұл облысты бұрынғы тұрған жеріне жақын болғандықтан және жылы климатына байланысты таңдайды. Бұл жерде тіл мәселесі-де орын алады, себебі оралмандар көбі орыс тілін білмейді, сондықтан бұл облысты қазақ тілінде сөйлейтіндердің көптігін-де еске алып таңдайды. Облыстарды таңдауда оралмандардың туысқандары болуы және тарихи байланысы қосымша себеп бола алады.

Маңғыстау облысы — оралмандар санына байланысты екінші орында тұр — Түркменстаннан, Өзбекстаннан, әсіресе, Қарақалпақ автономдық республикасынан келген оралмандарға тартымды. Олар осы облыста тұрып жатқан оралмандардың 95 пайызын құрайды. Мұндай қоныстанудың негізгі себебі Түркменстан мен Өзбекстанның тарихи түбірінің жақын болуы. Маңғыстау облысы оралмандарға жоғары жалақы-деңгейімен-де тартымды. 2002 жылы Маңғыстауда бұл көрсеткіш жалпы ұлттық деңгейден 91,1 пайызға көбейді.

Қазақ ұлты халықтарының Қазақстанға көшіп келуінің бірінші себебі қазақ тілін, мәдениетін, тарихи отанының әдет-ғұрпын сақтап қалу, балаларының келешегін қамтамасыз ету. Көшіп келген соң оралмандар қазақ тілі мен қатар орыс тілінің күнделікті қолдану қиыншылықтарымен кездеседі. Орыс тілі қарым-қатынаста негізгі тіл болғандықтан, оралмандардың еңбек рыногына интеграциялануы, Қазақстанның әлеуметтік және мәдени өміріне қатысуына қиындықтар туғызады. Бұл өз кезегінде орыс тілін білмеу салдарынан өмірлерін одан-әрі қиындатады. Оралмандардың қазақ қоғамына интеграциялануына теріс әсерін тигізетін тіл білмеушілікті елемей қалуға болмайды. Бұл жерде айта кететін жайт, қазір үш қазақ алфавиті қолданылады; Қазақстанда, Ресей мен басқа ТМД елдерінде кириллица, Турция мен Батыс Еуропада латиница, Қытайда, Иран мен Пәкістанда — ескі қазақ алфавиті (араб алфавиті негізінде құрылған). Осының нәтижесінде Қытайдан, Ираннан, Пәкістаннан, Ауғансатн мен Турциядан келген оралмандар толық қазақ тілін меңгере алмайды, сондықтан да келе салысымен тіл білмеушілікке байланысты қиыншылықтарға кездеседі [3]. Кейде ең қажетті істерді, мысалы, оралман статусын алуға құжаттарын толтыра алмайды, одан басқа да тілге байланысты көптеген қиыншылықтар болып жатады.

Қазақ диаспорасының бір бөлігі ретінде көптеген оралмандар қазақ мәдениетінің әртүрлі аспектілерін, әдет-ғұрпын сақтап қалған. Мұндай жағдай мәдени бейімделуге жақсы жақтарымен қатар, кедергі-де болады. Осыған байланысты екі жағдайды байқауға болады: қай елден көшіп келді және қандай облысқа қоныстандырылды. Бұл жағдайды Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстары бойынша байқауға болады, бұл облыстарда қазақ мәдениеті мен әдет ғұрпы жақсы сақталған. Бұл облыстарда оралмандардың әлеуметтік-мәдени бейімделуі солтүстік пен орталық өңірлерге қарағанда жеңілдірек өтеді.

Оралмандар солтүстік және орталық облыстарда интеграциялау барысында көптеген қиыншылықтармен кездеседі. Кеңес Одағынан бері, қазақ мәдениеті бұл облыстарда басқа мәдени және этникалық топтардың ықпалында қалды. Бұл өңірлерде орыс тілі, орыс мәдениеті басым болғандықтан, ол жерде тұратын оралмандардың жергілікті жағдайға бейімделуі көп уақытты алады. Оралмандардың қазақтармен бір тарихи түбірі болса да, олардың мәдениеті мен тұрмысында ауқымды айырмашылық бар. Мұның себебі, оралмандар қазақ мәдениетінің дәстүрлері мен өмір сүру қағидатын сақтап қалса, Қазақстандағы қазақтар Кеңес заманы кезеңіндегі әртүрлі өзгерістердің, нарықты экономикаға өту кезіндегі өзгерістердің ықпалына бейімделіп қалды. ТМД елдерінен басқа мемлекеттерден көшіп келген қазақтар дінге өте жақын болады.

Оралмандардың мәдени бейімделуіне ықпал ететін тағы бір жағдай, оралмандардың өмір сүру сипаты, дінге деген көзқарасының ерекшелігі. Бұл әсіресе киім киюінде, отбасылық қарым-қатынаста нақты көрініп тұрады. Әйел оралмандар, әсіресе оңтүстік өңірлерде мойынды жауып тұратын көйлек киеді, оның үстіне жакет киіп, бастарына орамал тартады. Түркменстаннан, Ираннан және Ауғанстаннан келген оралман әйелдер жергілікті қазақ әйелдерінің киімін өте ашық, сыпайы емес деп санайды. Оралман ерлердің де көзқарасы осындай. Өзбекстаннан келген оралмандар бастарына тақия киеді, Иран мен Пәкістаннан келгендер (әсіресе жасы келгендер) сәлде киеді. Оралман мен жергілікті халықтың күнделікті өмірінде-де айырмашылық бар.

Қазақтардың этникалық иммиграциясын дамыту ұлттық көзқарасты дамыту үрдісімен, ұлттық ерекшелік пен мәдениетті сақтап қалуда және мемлекеттің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанға қоныс аударушылардың ағымы 2050 жылдарға дейін үздіксіз арта береді. Бірқатар мемлекеттік құжаттарда, репатрианттардың арқасында қазақстандықтардың саны 2015 жылға қарай 20 миллионға жетеді деген болжам жасалған. Таяу болашақта осы межені бағындыру үшін тұтас ел болып тер төгуге тура келеді.

Елбасының өзі «Бұл — ауған ел қайта оралған, айырылған, ағайын қайта табысқан Ұлы көш болып саналады» [3] деп этникалық қазақтарға лайықты бағасын берген болатын.

Әдебиеттер тізімі:
1. Статистика Агенттігінің мәліметтері. 2005 ж.
2. Балғабаев С. Атажұрт деп соққан жүрегі. // Жас алаш. 2002 — № 17
3. Назарбаев Н.Ә. Құшағымыз бауырларға айқара ашық. // Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. А,
1993.

Джамбаулова Г.А., магистрант

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті