Ашаршылық ақиқатына жаңа көзқарас
20.08.2013 1948
Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде кеңестiк билiктiң алғашқы 1920- 1930-жылдарында қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 

Ашаршылық ақиқатына жаңа көзқарас

Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде кеңестiк билiктiң алғашқы 1920- 1930-жылдарында қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде, «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.

 Қазақ тарихында «ұлы жұт» (ағылш. «Great Famine») атауымен қалған 1920-30 ж.ж. ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейді. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған. Бұл жылдары дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады, бірден-бір тіршілік көзінен айрылған қазақтарға  біржолата жойылу қаупі төнді.

КСРО-да жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны Қазақ елін айналып өтпегені белгілі. Жаппай тәркілеу құрығына шаруалармен қатар, дәулетті қазақ байлары мен кезінде билік тізгінін ұстаған хандардың ұрпақтары ілікті.

 «ЖҰТ – ЖЕТІ АҒАЙЫНДЫ»

Ауа райының аса қолайсыз құбылыстары, атап айтқанда, қуаңшылық, жерді көк мұз басуы т.б. салдарынан болатын экономикалық күйзе­ліс­ті ежелгі қазақтар жұт деп үрейленген. Қазақ тың «жұт – жеті ағайынды содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он» деген сөздер де ертеден келе жатыр. 19 ғасырда қазақ даласында 20 ірі жұт тіркелген.

Міне, осындай дүркін-дүркін Жұттан аман қалған қазақ, большевиктер билікке келгеннен кейінгі жағдайда оған төтеп бере алмады. Оның басты себебі, жұмысшы мен шаруаның одағына негізделген пролетариат диктатура­сы­ның орнауы еді. Бұл төңкеріс бастапқыда «әлемдік социализм» теориясына сәйкес Ресей империясына «экс­перимент» ретінде енгізілген-ді. 1917 жыл­ғы үздіксіз революциялар, соның ішіндегі «со­циа­лис­тік революция», «кеңестер» туралы В.И.Ленин: «Уақытша үкіметпен, буржуазия үкіметімен қатар әлі әлсіз, жаңа ұрық салып келе жатқан… екінші үкімет – жұмысшы және солдат депутаттарының Советтері құрылды. Бұл үкіметтің саяси сипаты қандай? Бұл – револю­ция­лық диктатура, яғни ор­талықтандырылған мемлекеттік өкіметтің шы­ғар­ған заңына емес, … бұқара халықтың тө­мен­нен болатын тікелей бастамасына сүйенетін өкімет» деп жазған еді. Алайда, бұл өкімет орталықтан шет жатқан Түркістан сияқты аймақтарда Мұс­тафа Шо­қай­дың сөзімен айтқанда, «… өліктер­дің үстін­де … әйелдер мен балалардың өліктерін құр­бан­­дыққа шалып орнады». Билік үшін күресте большевиктердің толық жеңісі немесе «социа­листік революцияның салтанат құруы» – азамат соғысынан кейін ғана мүмкін болды. Кеңес өкіметінің 1920 жылдан басталатын дербес билігі 1930 жылдары тоталитаризм (лат. totalis – тұтастай, түгелдей) жүйесін туғызды. «То­талитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірі­нің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен конституциялық құқық­тары жойылады, оппозиция мен өзге саяси ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшы­райды. Оның тарихи үлгілері КСРО-да Сталин, Қытай­да Мао Цзэдун, Солтүстік Кореяда Ким Ир Сен режімі кезінде, сондай-ақ фашистік Италияда Б.Муссолини және Германияда А. Гитлер тұсында орнады» /«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 2006. – 704 б.-Т.8.- Б.458/.

Тоталитаризм орнаған КСРО-да 1920-30 ж.ж. байлар мен кулактарды тап ретінде жою шаралары ме­н ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдас­тыру саясаты жүзеге асырылды. Нә­ти­жесінде қазақ халқы алапат ашаршы­лыққа ұшырап, жаппай босқыншылықты бастан өткерді. Кеңестік тоталитаризм зиялы қауым өкілдерін ұлттық саяси ұстанымдарына орай «тап жаулары», «жат пікірдегілер» және «әлеу­меттік қауіпті элементтер» ретінде қудалады. А.Байтұрсынов, Ә.Бө­кей­ханов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ә.Бай­діл­дин, Д.Әбілов, М.Тынышбаев, Т.Рыс­құлов т.б. Алаш арыстары тоталитаризмнің құрбаны болды.

Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин (1925-1933) елдi индустрияландыру және ұжым­­дастыру саясатын тездетті. Оған И.Ста­линнің 1928 жылы 15 қаңтар – 6 ақпан ара­лы­ғындағы Сібірге сапарында (Новосибирск, Барнаул, Бийск, Рубцовка, Красноярск, Омбы), Крас­ноярскіде өт­кізген «Шығыс кеңесі» түрткі болды. КСРО-ның Бірінші адамы елдегі астық дағдарысына тоқта­лып, «егер 1927 жылғы қаң­тарда 428 млн. пұт дәнді астық дайындап үл­гір­ген болсақ, ал 1928 жылғы қаңтарда дайын­далған астық 300 млн. пұтқа әрең жеткенін, осы жетіспеушіліктің 128 млн. пұт болғанын» /Омарбеков.Т. 20-30 жыл­дар­дағы Қазақстан қасіреті: Алматы: Санат, 1997. – 320 б. – Б. 41/ тілге тиек етті. Осы сөздерді құ­лағы шалған жергілікті «шабармандар» астық дайындауда «асыра сілтеулерге» жол берді. Соның салдарынан қазақтардың дәстүрлi мал шаруашы­лығы күйзелдi, қазақ зиялыларының мәлімет­тері бойынша, сол кезде 40,5 млн.-дай мал басы 4,5 млн-ға қысқарғаны белгілі. Оның үстіне ауа райының қолайсыздығы мен аштық­тан босқан халықтың 24 пайызы, яғни әрбiр төртiншi адам қазаға ұшырап отырған.

Осылайша, большевиктер жоспарға негiз­дел­ген экономиканың негiздерін қалады, өнер­кә­сiп пен ауыл шаруашылығын дамытуда сан қуып кетті. Ал, Қазақ даласында «папка ұста­ған шолақ белсендiлер» көбейіп, көк аспанда «асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұран­дары самғады. Патшалық биліктен мұраға қал­ған кеңестiк билiктiң өзге ұлттарды отарлау саясаты, қаншама халықтың көз жасын көл­детіп, «жасанды» қасiретке душар еттi. Әбден, ашық­қан қазақтар шекаралас Қытай, Ресей; Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Түркіменстан арқылы Моңғо­лия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге асып кетіп жатты. Сол жылдары осы елдерге табан тіремеген қазақ отбасы кемде-кем.

  1928-1932 ж.ж. бірінші бесжылдық тұсын­да қазақ байларын тәркілеу саясаты күшіне еніп, кеңестік билікке қарсы «әлеуметтiк қауiптi элементтердi» iздестiруге, оларды күш­теп жер аударуға ұласты. Әсіресе, қазақ байлары, қазіргі тілмен айтқанда қазақ меценаттары қудаланды.

Мысалы, Жетісуға әйгілі ірі ауқатты әулет Маман отбасынан 1720 ірі қара, 13 ақ үй, 13 ағаш үй тәркіленген. Бұл әулеттің мүшелері қазаққа пайдалы істер жасаумен танылған еді, айталық ғылым-білімнің қадірін ұққан Есенқұл Маманов жақсы роман жазған адамға бәйге жариялаған болатын; Семей округінен Құнанбай – Абай ұрпағынан Шәкәрім, Тұрағұл қудаланғаны белгілі. Сол кезде Тұрағұлдан небәрі 36 мал басы тәркі­ленген екен. Семей қаласындағы ет және тері өнер­кә­сі­бінің негізін қалаған, 1918 жылы М.Әуезовтің өтінішімен «Абай» журналын шығаруға қар­жы­лай демеушілік танытқан, ірі қазақ байларының бірі Қаражан Үкібаевтың мүлкі кәмпескеленеді.

Батыс өңіріндегі ауқатты адамдардың бірі, Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров­тың мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Жетісуға жер аударылады. Ол кезінде Жаһанша Досмұха­медов­тың Санкт-Петербургке оқуға түсуіне қаржылай көмек көрсетіп, Алаш әскеріне 200 жылқысын берген адам. Сол сияқты Тұрағұл Ибрагимов алашордашы ретінде Халел Ғаб­басов, Мұсатай Молдабаевпен бірге Сібірге жер аударылған.

Өйткені, 1932 жылы Ораз Исаевтың Сталинге жолданған хатында жазылғандай: «…Бай­лар­дың көптеген аудандарда белгілі бір табысқа жеткенін мойындау керек. Бұл 1930-1931 жылдары байлардың Алтайдан Маңғыс­тауға дейін едәуір ірі-ірі контрреволюциялық бас көтерулер ұйымдастыра алғанынан ерекше айқын көрінді» /Қазақ қалай аштыққа ұшы­рады?. Алматы, 1991. – 206 б. – 26 б./.

Ұлттық зиялы қауым өкілдері, мате­риал­дық жағынан шіріген бай болмаса да, рухани жағынан өте бай адамдар ретінде қоғамға аса қауіпті саналды, олар ұжым­дас­тыру нау­қанында тәркілеудің екінші тобына енгізіл­ді. Осылайша, 1930 жылдары бастал­ған байларды тап ретiнде жою науқаны, 1918-20 жылдардан бастау алатын саяси қуғын-сүргiнді одан әрі өршітті. Тәркі­леуге тартылған адамдар 3 кате­горияға бөлінген еді: Біріншісі концентра­ция­лық лагерлерге жабылды; екіншісі шалғай жерлерге жер аударылды; үшіншісі колхоздардан тыс жерлерге қоныс аударылды. Жаппай тәркілеудің азабын өзге ұлт өкiлдерi де тартты.

Қазақ даласында «оттай лаулаған» ашар­шы­­лық туралы көрнектi қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұр­мақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов және т.б. Мәс­кеуге ресми хаттар дайындады. БК (б) П ОК-нiң Бас хатшысы И.В.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.И. Голо­ще­кинге жолданған Т.Рыс­құловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулет­қалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бе­сеу­дiң хаты» және т.б. хаттарда қазақтың «қара шыбындай» қырылуы мен үдере шетел асуының негізгі себеп­терi, экономикалық және демогра­фия­лық шы­ғынды айғақтайтын нақты мәлiмет­тер берілдi. Сол кездегі ресми мәлі­мет­терде 1933 жылы Қазақ­стан­ның 104 ауданын­дағы 206 мың адам азық-түлік көмегіне зәру болған. Алайда, орталық ашаршы­лық­қа ұшыра­ған аудандарға көмек беру жұмыс­тарын жүйелі ұйымдастыра алмаған, еш­қандай жанашырлық танытпаған.

Дәл осындай ресми хаттар 1918-1922 жж. үз­дік­сіз жүрген ашаршылық кезінде де жазыл­ған. «Обращение киргиз к Ленину» /Қазақ­тардың В.И.Ленинге хаты/ деп аталатын хатты, қазақ делегациясы орталыққа қабылдата алмай, Кавказда жүрген Мұстафа Шоқайға жет­кіз­ген, көп кешікпей, бұл хаттың мәтіні «Бо­рьба» газетінде /Тбилиси, 1921/ түсіндірме­лермен жарық көр­ген. Құжатта адамдардың «иттің етін жеуге» дейін жеткендігі, оларға ешбір медициналық көмектің көрсетілмеуі жалпы қазақ қоғамына теріс көзқарастан туындап отырғаны, Орта­лық­тың өкілдері мен жер­гі­лікті халықтың арасында өзара түсініс­тіктің жоқтығы, партия, ке­ңес қызметкер­лерінің көпшілігінің отарлық рухпен улан­ғандығы жөнінде сөз қозғалады. /К.Есма­ғамб­етов. М.Шоқай қазақтардың ашар­шы­лық­қа ұшырауы туралы» ҚазҰПУ, №2 (29), 2011. 107-114 бб./. Ал, 1932-1933 ж.ж. ашаршылықтың зар­даптары бұдан да зор болған еді. Бұл кезде ит емес, адамның етін жеу фактілері жиі орын алған. Осы тұста Тілеу Көлбаевтың «Ұлт зиялылары ашар­шылық тұсында» мақаласында жарияланған Ілияс Жан­сүгіровтің «Жұт – жетi ағайынды» өлеңiн келтіруді жөн көрдік:

Болғанда ақтабанды шұбырынды,Қазаққа кесе келiп кiм ұрынды?

Орта жолдан мен келiп килiгiп ем,Тұмсығы қазағыңның тұжырылды.

Айтпайық, Орал менен Iшкi Ордасын,

Семейдi, Ақмоладай жолдасымен.

Елiн ойран, жерiн шаң топырақ қып,Қайыршы қылып қойды қатырып, басы, миын».

Алайда, қазақ оқығандарының әр­түрлі жанрдағы жанайқайын еститін құлақ бол­мады, тыңдаусыз қалды. Оның ақы­ры немен аяқталғаны, баршамызға мәлім.

Бүгінге дейін Қазақстандағы ұжым­­дастыру науқаны мен ашаршылыққа қарсы бой көтерулер туралы аз жа­зыл­ған жоқ. Қазақ жерінде 1929-1931 жыл­дардағы 80 мың адамды қамтыған 372 шаруалар көтерiлiсі талқандалды. ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Бас­қар­ма) мәліметтері бойынша, 1930 жылы қаңтар-сәуір айларында КСРО-да 1,8 млн. адамды қамтыған 6 мыңдай шаруалар көтерілісі болған. Соның ішін­де Қазақ даласындағы ірі көтері­ліс­тер: Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Қара­қал­пақ (басма­шы­­лық көтеріліс – Тақ­та­көпір), Адай, Абыралы, Шың­ғыстау, Батпақ­қара (Тор­ғай – Әбді­ғап­пар хан), Балқаш, Жетісу, Сарқанд, Қордай.

Гувер мұрағатынан табылған 6-6,5 беттік «Осман батыр көтерілісі» (бүркеншік есім болуы мүмкін – Б.А.) туралы құжатта белгісіз автор, Қордай таулы асуынан шыққан Осман батырдың шын есімі Бадри Минафарар Карим. Ол 1914 жылы Стамбул институтын бітірген. 1917 жылы Мухтариаттың мүшесі, 1922 жылы Түркисламхукумат құрамына кіргенін» жазады./ Буркитбай Аяған. Красные и черные (материалы Гуверского архива). – Алматы, 2005. – 240 с. – С.82-89/. Қалай болғанда да, мұндай фактілер шаруалар көтерілісін беделді адам­дардың басқарғанын айғақтайды.