М.Қозыбаев: «Дауылды, Дабылды 1916 Ж. Әбдіғаппар хан хақында» (Қазақ баспасөзінің бетінде жарық көрген мағлұматтар бойынша)
11.03.2014 3063
Адам баласының тағдыры табиғат сияқты құбылмалы.Осылай болуы заңдылықты.

 «...Даналық иесі халықтың мұң-мұқтажын терең түсінген Әбдіғапар тақ үшін,бақ үшін күреспеді,таласпады,халық өзі қалап,хан көтерді.Бұл хандық ел аласапыран болып,ер басына күн туған кезде берілді. Халықтың ол билікті бүгін біруге,ертең екіншісіне берер уақыты жоқты.ендеше халық ол билікті тек ең жан күйер, табанды күрескер,ақылөй данасына аманат етті.Әбдіғапар халық шешімін солай ұғынды...»

/Академик Манаш Қозыбаев/

Адам баласының  тағдыры табиғат сияқты құбылмалы.Осылай болуы заңдылықты.Өйткені адамның өзі табиғаттың бір бөлегі емес пе?Кезінде ел ағасы атанған ,ХХ ғ.ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің бірі Әмір Әбдіғапардың бағы  егемен ел болған кезде ғана ашылып отыр,-деп жазады М.Қозыбаев өзінің «Әмір Әбдіғапар» атты еңбегінде.Қарадан шығып,хан атанған,бірақ көзі тірісінде хандықтан Әмір болуды қалаған Әбдіғапардың кешегі тоталитарлық заманда есімі құбыжық етілді,тарихтан аластатылды.

Ертеде Ертіс бойындағы екі елдің арасын дау аралап,берекесі кетіпті.Ақыры екі ел бір-біріне елшілік жіберіп,келіссөз жүргізбек болыпты.Екі елдің билері орта жолда кездесіп,айтыса кетеді.Бірінші би салған жерден ірілік танытып,тілінің уытын сұға сөйлейді.Екіншісі сөзге шешендігін көрсетеді.

Сол кезде алпамса би өзінің қара дүрсін екенін,қарсыласының дүлдүл екенін түсініп,билікке тоқтап,жолын берген екен.

Міне осы бұлбұл болған торғай қазақ сахарасының бір пұшпағына өз атын беріпті.Сол Торғай ,ежелгі Торғай Туран ойпатының қақпасы болып,Арқаның жанынан Мұғаджар тауларын бойлай,Атырауға ылдилай құлаштаған сайын даланың басы-қасында тұр.Ия,Торғай ғажайып өлке.Бір өзіне бірнеше мемлекет сиярлық Торғай өңірі тарихтың тұңғиық сырын жыр шежіресіне хаттаған,ата жадына аңыз қылып сақтаған,ерлік пен өрліктің қасиетті дәстүрлі жолына ұрпақтарды бастаған абыз бен жыраулардың,қас батырлар мен дауылпаз ақындардың Отаны.Қазақ халық болып қалыптасып,92 баулы қыпшақ болып басы біріккен сәтте Торғай сахарасы қыпшақ даласының кіндігі болды.

1916жылы 25 маусымда Николай патша Орта Азия ,Қазақстан және тағы бірқатар аймақтардан 19 бен 43 жас аралығындағы еңбек жасындағыларды «қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін» жасауға қара жұмысқа алу туралы жарлыққа қол қойды.Осы жылдың 28 маусым күні ішк істер министрлігі мен қорғаныс министрінің «бұратана халықтарды» тыл жұмыстарына «реквизициялау»туралы бұйрығы Қазақстанға телеграф арқылы жеткен.

Патша өкіметінен түңілген халық тығырыққа тіреледі.Ел басшылары құрылтай шақырып,13 болстың өкілдері жиналады. Құрылтай июнь жарлығына  қарсы көтерілген халық шешімі бойынша,6 болыс арғын,6 болыс қыпшақ,бір болыс найман елін басқаратын елбасшысы-хан сайлауды  мақұлдады.Ел басына  күн туған кезде  батылдығымен,парасатымен,пайымдылығымен,әділдігімен көзге түскен, Әбдіғапар есімі жеке дара аталады.Абылай дәуірінде қыпшақ тайпасына көсем болып,би аталған Ниязды Абылай хан дәрежесінде ұстаған.Сондықтан қыпшақ өңірі  Ниязды «хан» деп атап кеткен.Әбдіғапар міне осы. Нияз бидің-Нияз ханның ұрпағы.Әкесі Жанбосын елде ерте есейіп,ауылдағы ақсақалдың қара сақалды ағасы аталған жан болатын.Оның үстіне Әбдіғапар қыпшақтардың Тілеулі атасынан өрбіген,өскен тұқым,үш мың түтінді іргелі елдің өкілі. Ата даңқы  бар,баба салты бар,өнегелі дәстүрі бар,өнерлі ісі бар,айбарлы күші бар,46-жастағы Әбдіғапар ағаштан түйін түйген.Ел оны жадына халық шежіресін  хаттаған,байсалды,аз сөйлеп,көп іс тындыратын,еліне елеулі,халқына қалаулы азаматы деп танитын.Торғай көтерілісін оқиғаға қатысқандардың естелігі негізінде зерттеген проф. К.В.Харлампович Әбдіғапар туралы:  «восточная половина уезда,возглавляемая умным,проницательным и авторитетным Абдулгафаром,»-деп көрсетеді.Губернатор М.Эверсман Торғай даласына келгенде  мұндағы оқиғаның қалың ортасында болған Байқадам Қаралдиннің  айтқан әңгімелерінің негізінде жазылған профессор К.Харламповичтің «1916-1917-жылдардағы Торғай қазақ-қырғыздарының көтерілісі» деген мақаласында кездесуге мыңға жуық  адамның жиналғандығы ,халық наразылығын ауыл ақсақалдарының айтып жеткізгендері баяндалады.  «Уроженец Кортогайской волости, мужчина лет 45,Абдулгафар принадлежал к сильному боевому роду,(род Тлевлинцев) и, отстаивая интересы своих сородичей, всю жизнь провел в подвигах и занятиях,которые в старые время доставляли славу отдельным казак-киргизам и уважение».Профессор Харлампович Әбдіғапардың дүниежүзілік соғыс алдында болыс болып сайланғанын атап кетеді. «Он не был враждебен русской власти,которая ему доверяла,и что русская культура ему не была чужда». .(Восстание Тургайских казак-киргиз 1916-1917 гг. по рассказам очевидцев.,с.16-17.) Ендеше Әбдіғапардың есімі аталып,ақ киізге көтеріліп,хан сайланудың осындай негіздері де болды.

Мәселен,құранқари Файзолла ақын өзінің «Әбдіғапар хан» дастанында былай дейді:

  Бір күні болады деп үлкен сиез,

   Торғайдың қаласына шақырды үйез,

  Губернатор сөзіне қарсы шығып,

   Көрсетті Әбдіғапар  бөлек мінез.

  Бермейміз-деді,-әскер бірде-бір жас,

   Іс қылып отыр патша ойға қонбас,

   Қазақтан әскер алмау заң болатын,

   Анттан тайған –деген бар,патша оңбас.

  Алмайсың бізден жігіт!-деді,-өлмей,

   Бұл жарлыққа халық тұр тегіс сенбей!

   ...Губернатор қылса да түлкібұлаң,

   Сөзіне Әбдіғапар қойды көнбей.

   «Есіреді япырым-ай,мынау қайдан,

   Қорықпайтын кім еді Николайдан»

   Деді ішінен сол сәтте губернатор;

   «Орнатармын басыңа бір зор майдан!»

Файзолла ақын «Торғайда қазақтан қара жұмысқа адам бермейміз деп, қарсы шыққан  Әбдіғапар хан»-дейді. 

Қазақ ежелден «хан»деген  атақты халық үшін еңбек етер перзентіне берді.Ендеше «хан»деген атақ тек жоғары дәреже,биік мәртебе емес,асқан жауапкершілікті де артты.

Әбдіғапар «хан»деген атақтың Шыңғыс әулетінен шыққандарға ғана тән дәреже екенін жақсы білетін.Сондықтан да,қарадан шығып,хан атанғанына ризашылығын білдірді де, өзін «әмір» атауды жөн көрді.Сөйтіп халық «хан» деп атаса да, Әбдіғапар әмірлікке қанағат жасады,осылай деп те қағаздарына қол қойды және өзінің мөріне «Торғай өлкесінің әмірі»,-деп жазғызды.Осы бір ғана штрих Әбдіғапардың ақылдылығын,кішіпейілділігін,атаққұмар,шенқұмар емес,пендешіліктен бір саты биік тұрған жан екендігін көрсетсе керек.

Құрылтай Әбдіғапарды хан көтеріп,Торғай қолының халық өкілдері сардарбегі етіп Амангелді Үдербай ұлы Иманды сайлады.Амангелді хан Кененің атақты қолбасшыларының бірі батыр Иманның немересі.Нияз ханнан Әбдіғапарға,Иман батырдан Амангелдіге тартылған дәстүр жолы ұлт-азаттық қозғалысының тарихи жалғастығын тағы бір дәлелдейді.

Көтерілістің алғашқы күндері шыққан көсемдер қаншалықты көп болғанымен,кейін олар өздігінен-ақ іріктеліп қалады.ал,енді ел тағдыры нағыз сынға түскен ең ауыр сәт  туғанда, Торғайдағы арғын-қыпшақ елінің басында негізінен,Әбдіғапар хан болды.Мұндай мағлұматтарды Санкт-Петербургтың мемлекеттік архивынан табылған «Мемлекеттік полиция департаментінің Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс бойынша ісі» деген,том-том,деректі құжаттармен танысуға болады»-деп жазады өзінің еңбегінде М.Сүлейменов.

Тарихи Торғай өңірінде бір болыстан  кейін бір болыста басталған халық наразылығы көп ұзамай үлкен қозғалысқа айналып,ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түсті.Арғындар  патша болысына қарсы шығып,тізімді тартып алып,қыр еліндегі патша шенеуніктерінің ұясы-Торғай қаласына шабуыл жасауды ұйымдастырады.Оған басшылық етуге айрықша беделге ие- Әбдіғапарға  жүктейді.

Әбдіғапар елшілерге қару-жарақсыз Торғай қаласына шабуыл жасаудың-халықты құр қырғынға ұшырату екенін айтып,түсіндіреді. «Торғай қаласын бағындырамыз деп,басымызды оққа байлаудың қажеті жоқ-деді,Әбдіғапар». Елімізде хан болып  сайланған қалпы,әскерге адам бермеудің қамын жасап,отыра берейік.Егерде жастарды күштеп, алып кетуге әскер  шығарса,ақырын жылжып,көше берейік.Сөйтіп,бір жақсылыққа  кездесерміз.Бірақ та,жақсылық біздің күшімізбен болмайды,ол іштегі пашаға қарсы  партиялардың күшімен орнайды.  ...Егер жағдай осылай шиеленісе  беретін болса,Ресейде төңкеріс болып,патшаның түсіп қалуы,мемлекетті басқару жүйесінің басқаша болуы ықтимал.Жалпы,қалай болғанда да, елді кім басқарғанда да,  «Патшаға қарсы болдыңдар»-деп,біздерді жазғырмайды»-  деп келтіреді М.Қозыбаев «Әмір Әбдіғапар» атты еңбегінде.  

«...1916-жылғы көтерілісті зерттеуде әдейі бүркемеленген  оқиғалар көп екені рас.Ол әсіресе,торғайлықтарға аян.Шынына келсек,сол көтерілістің ең пәрменді,әрі берік ұйымдасқан жері- Торғай даласы.Көтерілісті бастап шыққан арғындардан Оспан Шолақұлы,қыпшақтан Әбдіғапар Жанбосынұлы болатын.Көтерісшілер оларды «хан» сайлады.Осы атау кейін аталған екі адамды тарихтан сызып тастауға себепші болды. ...»-деп жазады  жазушы Сейіт  Кенжеахметов өзінің «Оспан ханның ойлануы»атты мақаласында/8/.

Қашанда өз асылын өздері ардақтай алмай келген халықпыз ғой.Әбдіғапардың ұлт-азаттық көтерілісіне жасаған басшылық қызметі жөнінде тіпті Америка,Англия,Турция,Германия елдерінің кітапханаларында материалдар бұрыннан болса,бізде ондай тарихи құжаттар мен шығармалар әліде Ресей мемлекетінің архивінде. «Тарихи мұра» бағдарламасымен болашақта келеді деген үміттеміз.

Кезінде американ  тарихшылары Э.Сокол  «Орыс Орталық Азиясындағы 1916 жылғы көтеріліс»,Ричард Пирс «Орыс Орталық Азиясы», ағылшын Чарльз Хостлер «Туркизм және сарттар» деген кітап жазып,онда бұл көтерілісті «Ең зор көтеріліс» деп,бағалапты.

М.Қозыбаев «Тарих зердесі» атты еңбегінде ұлт-азаттық қозғалысының ішінен хан Кене бастаған көтеріліс пен 1916 жылғы көтерілісті жеке атап өтер едім –деп жазады.

Кеңестік тарихнамада 1916 ж.ұлт-азаттық қозғалысты тек Ресей топырағынан туындататынбыз. Шын мәнінде,ол ғасырлар бойғы ұлт-азаттық  күресінің  жалғасы,әрі оның биік шыңы болатын. Бұл ұлы азаттық  соғысы барысында қалың ел жапа-тармағай атқа қонды,хандық  билік жүйесі қалпына келтірілді.

Ендеше,1916 ж.қазақ сахарасында туындаған империяға қарсы ұлттық-азаттық соғыс деп танылуы абзал.Ол халқымыздың ХХ ғасырдағы қуанышы мен трагедиясының қайнар басы болтын.

Бимақанова З.Ш.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Әдебиеттер:

1.  Иманов А.Мақалалар,документтер,материалдар.Алматы,1975.

2.  Қозыбаев М.Әмір Әбдіғапар.Қазақ әдебиеті,1994,4 наурыз.

3.  Қозыбаев М.Жауды шаптым ту байлап.Алматы,1994.

4.  Қаралдина Д.Атасын айтқан айып па.Торғай таңы,1991,№135.

5.  Қасымбаев Ж.1916 жылғы көтеріліс А.Н.Куропаткиннің күнделіктерінде.Зерде,1995,№2.

6.  Қалиев Қ.Әбдіғапар хан.Халық кеңесі,1995,№39.

7.  Қазақ тарихы.1994,№3.

8.  Сүлейменов  М. Әбдіғапар хан.Алматы: «Ғылым»1995.

9.  Харлампович К.К.Восстание Тургайских казак-киргиз 1916-1917 гг. Кызылорда,1926.