Қазақ тіліндегі «аңшылыққа» қатысты терминдер
06.11.2016 3661
Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары лингвомәдениеттану мен ұлттық тілдік бейнеміз зерттеле бастады.

Бірақ осы уақытқа дейін қазақ тілі лексикасында аңшылыққа қатысты атаулар мен терминдерге арнайы талдаулар жүргізілмеген. Бүгінгі мақаламызда біз осы тақырып шеңберінде аз-кем шолу жасамақпыз.

Аңшылыққа қатысты атаулар өзге тілдік бірліктер секілді ғасырлар бойы қолданылып келеді. Тілімізде аңшылыққа қатысты халықтық, әдеби нормаларының өзіне тән жасалу заңдылықтары қалыптасқан атауларға тілдік талдау жасау олардың тарихи шығу кезеңдеріне, даму жолдарына, өзара байланыстарына жан-жақты зерттеу ісін жүргізуді талап етеді. Олай болса, алдымен аңшылықтың қазақ халқының өміріндегі маңызын және қазақ ауыз әдебиетіндегі рөлін анықтап алғанымыз жөн.

Қазақстанда аңшылық көне заманнан белгілі және көшпенділер өмірінде оның алатын орны зор. Ұлттық аңшылығымыздың: ит жүгірту, құс салу және шиті мылтықпен ірі аңдарды атып алу секілді бірнеше түрі болған. Аңшылық – күн көріс қана емес, мерекелік дем алу және ер-азаматтардың ептілік қасиетін шыңдап отыратын шеберлік сағаты болып саналған. Аңшылық өнері көне замандардан бастау алғандықтан, қазіргі қазақ тілінің ауызекі, жазба әдебиетінде кездесетін жүздеген тұрақты тіркестер мен атаулар тіліміздегі сөздік қордың ең байырғы әрі құнарлы құрамы болып табылады. Осы орайда, Профессор Г.Смағұлованың пікірін келтірсек: «Тіл өзінің даму сатысында белгілі бір тарихи әлеуметтік жағдайға байланысты, қоршаған орта, адамдар арасындағы түрлі жағдайлардан оқшау өмір сүрмейді». Сонымен қатар, академик Ә.Хайдар: «Халық пен тілді біртұтас құбылыс деп қарасақ, тіл – халық өмірінің материалдық және рухани байлықтарын бойына жинаған, оның наным-сенімдерін, дәстүрін көрсететін, ұрпақтан ұрпаққа беріп отыратын, баға жетпес байлық», - деп жазған.

Ұлттық сөздік қорымыздың кең қабатын құрайтын фразалық тіркестер құсбегілік, аңшылық кәсіпке байланысты тілімізде көп кездеседі. Мәселен, Көлденең келген көк атты термині көлденең келген көк аттыға байлау тұрақты тіркесінен шыққан. Бұл «кез-келген»,«кім көрінген» мағынасында қолданылады. Аталған фразеологизмнің түп төркіні аңшылыққа қатысты. Бұл жерге негіз болып тұрған сөз –байлау. Қазақ дәстүрінде қанжығадағы олжаны сұрамайды, ал, алғысы келген адам жоралғысын жасап тек үйінде сұрау ғана рұсат етілген. Қанжығаға байланып үлгермеген олжаны, сұраушы адам «байлансын» десе, аңшы алған аң-құсын сол жерде беретін болған. Сондай-ақ, тілімізде қанжығасында кетті«ықпалында кетті; шылауында кетті» деген мағынасында қолданылады. Үйірімен үш тоғыз «олжа көбейсін» деген тілекпен аңшыларға айтылатын тілек. Бұл қазақтың көшпелі мал шаруашылығында да айтыла беретін тіркес.

Саятшылық дәстүрге сай жиі айтылып жүрген сөздердің бірі сал бурын. Бұл саятшылар көп болып жиналып, аңшылыққа шығу деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Бұл өңірдің аңшылары күздің осы шағында, сондай аңшылық жолына, сал бурынға аттанушы еді» деп жазған екен.

Қазақтың атақты құсбегі аңшылары бүркіттің тегі, қырандық белгі, жасын айыруға шебер-ақ. Қазақ: Талдан таяқ жас бала таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды,- дегенде бүркіт ішіндегі өжеті де, батылы да бала бүркіт екенін айтып отыр.Бала бүркіт – жас қыран, балапан бүркіт. Сипаттама атаудың тұрақты компоненті болып жұмсалатын бала атауының «балапан» мағынасында жұмсалғанын ортағасырлық ескерткіштердің тілінен де кездестіруге болады: бала – «птенец». Бала сөзінің «балапан» мағынасында жұмсалғандығын, сондай-ақ қолбала(қол+бала)бүркіт атауынан да байқауға болады. Әдетте саятшылар бүркітті үйретуіне қарай, екі топқа бөледі: түз бүркіт және қолбала бүркіт. Қолбала бүркіт – құсбегілердің бүркітті ұядағы балапан кезінде қолға түсіріп, кішкене кезінен баулыған бүркіті.

Томағаң сенің күмістен, Аяқ бауың жібектен, Екіде бірдей баршын құс.Томаға. Бүркіттің екі көзін саңылаусыз жауып тұратын бас киімді құсбегілер томаға деп атаған. Бүркіт сән үшін томағаланбайды, дұрыс үйретіп, баптап-баулау үшін оның бала-шаға, итке, құсқа, қызылға ұмтыла бермеуі үшін және жақындағанды шап беріп бүру қаупінен сақтану үшін томағалайды. Томаға сонымен қатар ителгі мен лашын сынды қырандарға тек мазасызданған шақтарында кигізіледі. Томағаны бүркіттің басынан тек аңға жібергенде (ұшырғанда) және жемдеген кезде алады (шешеді).

Тілімізде құрылысы жағынан әртүрлі, мағынасы жағынан бір-біріне жақын мынадай туынды сөздердің бар екені белгілі: томаға, тымақ, тұмылдырық, топы (диалект, тақия мағынасында). Бәрі де адамның, құстың басына, иттің тұмсығына кигізілетін затты білдіреді. Аталған сөздердің түбірлері (том, тұм, тым, топ) тілімізде қосымшаларсыз қолданылмайды. Алайда, академик Ә.Т.Қайдар том, тұм, тым, төм сияқты түбір сөздердің беретін мағынасы – бір жағы дөңгелекше, сопақшалау болып, екінші жағы (жоғары жағы) тұйықталып, төменгі жағымен салыстырғанда жіңішкелеу келетін затты, ұғымды білдіреді» дегенді айтады.

Сонымен, аңшылық пен саятшылық лексикасы біздің ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас ұлттық белгісі, салт-дәстүрі, наным-сенімінен, саятшылық өнерінің құрып кеткен небір түрлерінен, аңшылық пен саятшылық өнерінде ерекше орын алатын құнды да, мәнді деректерден хабар береді.«Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген бір қызық ісім екен бұл жалғанда», - деп Абай ақын айтқандай, аңшылық, әсіресе құс салу қазақтың бір сүйікті кәсібі болған.Бұл салада Ж.Бабалықұлы, А.Тұрдыбаевтың «Саят», «Қырандар» еңбектері,  Е.Қосбасаровтың бүркітшілік терминдері жайлы, Н.Уәлиұлының қазақ тіліндегі зоонимдер жайлы мақалалары өте құнды.Тілдің ішкі заңдылығына сай, тіркестің негізгі мағынасы көмескіленіп, ауыспалы мағына бергендігі айқындалды.Халықпен бірге жасасып келе жатқан фразеологизмдер уақыт өте келе ішкі мазмұны да, сыртқы құрылысы да өзгеріске ұшырап отырады. Сол себепті аңшылыққа қатысты тілімізде туған атаулар мен  тілдік бірліктерді жинап, зерделеу жұмыстары қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі.

 

Зәмзәгүл ҚОЖАМҰРАТОВА

Орынкүл ҚОЖАМҰРАТОВА

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

жоғары санатты мұғалімдері