Тарих пәні бойынша нәтижеге бағдарланған білім беру
01.08.2014 4877
Қазіргі заманда Қазақстан мектептерінде тарих пәні қалай оқытылуда? Бұл мәселе қатардағы қарапайым адамнан бастап, Елбасыға дейінгі бүкіл еліміздің азаматтарын мазалайды.

Мәңгілік заңдылық: үлгі алу,
жөн сілтеу және іс жүзінде
қолдану арқылы үйрету абзал.
Ян Амос Коменский

Қазіргі заманда Қазақстан мектептерінде тарих пәні қалай оқытылуда? Бұл мәселе қатардағы қарапайым адамнан бастап, Елбасыға дейінгі бүкіл еліміздің азаматтарын мазалайды. Өйткені ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда, отаншылдық сияқты қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіруде, тарих пәні шешуші рөл атқарады. Соңғы кезеңде елімізде ұлттық тарих мәселелері жоғарғы мемлекеттік биліктің назарында. Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің баяндамасы Отан тарихын зерттеуге жаңа серпіліс әкелді. Талай игі істер атқарыла басталды. Солардың бірегейі үш тілде ақпарат беретін e-history.kz «Қазақстан тарихы» халықаралық ғылыми-көпшілік электронды журналының ашылуы.

Дегенмен әлі де Отан тарихын оқытудың түйткілді мәселелері жетерлік. Сондықтан әлемдік озық тәжірибеден үлгі етер істер көп. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында осы мектептердің стратегиялық мақсаты: «Үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибе мен практиканы ықпалдастыратын инновациялық білім беру моделін құру және енгізу» деп белгіленген [1].

Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр... Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», — деп атап өтті [2].

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тарих пәнін оқытудың қандай ерекшеліктері бар?

Қазақстан және Дүниежүзі тарихы пәндерінің бағдарламаларын құрастыру ең алдымен әрбір сыныпта қамтылатын білім мазмұны материалдарына сәйкес мақсаттарды нақтылаудан басталады. Оқу мақсаттары стратегиялық мақсаттар мен құндылықтарға негізделеді. Бағдарламаға білім ғана емес оқушылардың құзыреттіліктерін (дағдыларын) қалыптастыру мақсаттары енгізілген. Осы пәндерді оқу барысында оқушыларда тарихи деректерді интерпретациялау, уақыт пен кеңістікте бағдарлану, түсіндіру және талдау сияқты дағдылар қалыптасады.

Тарихи материал әр сыныпта кезеңдер бойынша ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін хронологиялық ретте берілген, ал спиральдық принцип тарихи ойлау дағдыларын дамытуда айқындалған. Мұғалімдер сабақ тапсырмалары мен оқушылардың зерттеу іс-әрекетін жоспарлаған кезде тарихи ойлау дағдыларының бірте-бірте дамуына жәрдемдесулері керек. Оқыту келесі түсініктердің аясында құрылады: өзгеріс (мысалы, белгілі тарихи кезеңде қоғам қаншалықты өзгеріске ұшырады), себеп (мысалы, белгілі тарихи кезеңде қандай маңызды факторлар саяси үдерістерге әсер етті), дәйек (белгілі тарихи кезеңнің өнері бізге құндылықтар, наным-сенімдер мен технологиялар туралы қандай мәлімет бере алады). [3. 40-б.].

Сондай-ақ оқыту әдістемесі де жаңаша зерделенеді. Сабақ мақсаттары айқындалған соң соған сай технологиялар, әдіс-тәсілдер таңдалады. Білім мен дағдыны қатар игерту, қалыптастырушы бағалаудың түрлері және бағалау мен оқу мақсаттарының түйіскен жерлері, ерекшеліктерін көрсетуге көңіл бөлінеді.

Мұғалімнің сабаққа арнайы дайындайтын тапсырмалары келесі критерийлерге сай болуы тиіс:
• тапсырманың, оның мақсаты мен орындалуының қолжетімділігі;
• дифференциацияны ( әркімнің сұранысы, қабілетіне қарай) көздеу;
• сын тұрғысынан ойлауды дамытуға мүмкіндік туғызу;
• проблемалық оқытуға негізделуі;
• бағалау мүмкіндіктерінің бар болуы. [4. 40-б.].

Оқу бағдарламаларын Кембридж университетінің Халықаралық Емтихан Кеңесінің мамандары, Білім беру Бағдарламалығы Орталығы және тәжірибелі мектеп мұғалімдер тобы бірігіп дайындайды. Әрі мектептегі апробациядан кейін, мұғалімдердің ой пікірлері ескеріліп, келесі оқу жылында бағдарламаға өзгерістер енгізіліп отырады.

Тағы бір ерекшелігі сабақ тақырыптары ұзақ мерзімді жоспарда сұрақ түрінде құрастырылады. Тақырыптың өзі оқушыларды ойландырып, бар зейінін жаңа білімге аударуды мақсат тұтады. Бұл сұрақтар оқушыларды болжам жасауға, сұрақтар қоюға, тақырып бойынша мақсаттарды өздері құрастыруға, сыни тұрғыдан талдау жасауға жетелейді.

Оқушыға дайын білім берілмейді. Әртүрлі әдіс-тәсіл, технологиялар арқылы ол өзі тақырыпты зерттеу, мәтіндерді талдау арқылы бір қорытынды байламға келеді. Мұғалім оқушыны өздігімен оқу, ізденуге бағыттап, қажет болған жағдайларда ғана көмектеседі. Білім алудың тиімді жолдарын, әдістерін үйретеді.

Мәселен, құжатпен жұмыстың түрлі әдіс-тәсілдері қолданылады. Тарихи дерек көздерімен тарих сабақтарында қалай жұмыс істеуге болады? Тарихи дерек көздерінің түріне қарай ұсынылған сұрақ түрлерін ұсынамыз [5. 40-б.].

Құжат түрі

Тақырыпқа сұрақтар мен тапсырмалар түрлері

1.Мемлекеттік ресми сипатты құжаттар: грамоталар, жарлықтар, үкімдер, заңдар, мемлекеттік қайраткерлердің сөздері, мемлекеттік іс-шаралар хаттамалары

1. Бұл құжат қашан, қайда пайда болды?

(оның пайда болуының тарихи шарттарын сипаттап жазыңыз)

2. Құжаттың авторы кім?

Ол адам туралы, оның өмірі мен қызметі туралы сіз не білесіз?

3. Мәтінде кездесетін жаңа ұғымдарды түсіндіріңіз.

4. Бұл құжаттың өзі немесе бөлімдері қандай қоғамдық әлеуметтік топтардың, таптардың мүддесін қорғайды?

5. Бұл құжаттың немесе оның жекелеген бөлімдерінің осы тәрізді басқа құжаттардан, басқа елдердегі құжаттардан айырмашылығы неде?

6. Бұл құжатты енгізу мемлекет пен қоғамға қандай өзгерістер әкеледі немесе енгізуі мүмкін?

7. Осы құжаттың әрекетін танытатын бір оқиға ойлап табыңыз: сот ісі, оппозицияның сөз сөйлеуі және т.б.

2. Халықаралық сипатты құжаттар: келісімдер, бітімшарттар, хаттамалар, іскерлік жазбалар, хаттар және т.б.

1.Бұл құжатты құрастырған мемлекеттерді картадан көрсетіңіз.

2. Оның пайда болуының тарихи шарттарын сипаттаңыз.

3. Құжаттың негізгі бөлімдерін атаңыз.

Құжаттың екі тарап жағына, жалпы халықаралық жағдайға пайдалылығын және кемшін жақтарын бағалаңыз.

4. Бұл құжаттың неліктен осы шарттармен жасалғанын (бір мемлекет тарапына тиімді және басқа мемлекеттерге теңсіздік жақты жасалуын) түсіндіріңіз.

5. Бұл құжат бойынша саяси, экономикалық, аумақтық жағынан қандай қандай өзгерістер енгізіледі немесе не енгізуі мүмкін?

6. Бұл құжат қандай сипатта: ашық па әлде құпия ма? Неліктен?

7. Осы құжатты жалпылама бағалайтын сипаттама беріңіз.

8. Ойланыңыз, қандай жағдайларда осындай құжат басым күштердің тарапынан жасалуы мүмкін?

3.Саяси күреспен байланысты құжаттар: бағдарламалар, үндеулер, саяси қайраткерлердің сөздері, прокламациялар, декларациялар және т.б.

1.Құжат авторы кім? оның саяси көзқарасы қандай?

2. Оның пайда болуының тарихи шарттарын қандай? Қашан және қайда пайда болды?

3. Автор неге шақырады және нені айыптайды?

4. Ол қандай әлеуметтік топтың мүддесін қорғайды?

5. Автордың саяси үндеулері оның әлеуметтік жағдайымен және ішкі шынайы мүдделерімен қалай үйлеседі?

6. Салдарлары қандай: бұл құжаттың идеяларының шынайы және болжанған жүзеге асуы?

7. Құжатқа тарихи баға беріңіз

4. Тарихи сипатты құжаттар:

хроникалар, анналдар, жылнамалар, тарихи шығармалар

1. Құжатта қандай тарихи деректер баяндалады?

2. Құжатта сипатталған оқиғаның қай жерде өткенін картадан көрсетіңіз.

3. Сипатталған оқиғалардың уақыты құжатта көрсетілмеген болса, немесе басқаша жыл санаумен берілген болса, уақытын анықтаңыз.

4. Автор тарихи оқиғалардың себептерін қалай түсіндіреді, барысын баяндайды, тарихи маңызын нақтылайды?

5. Құжат бойынша автордың осында баяндалған фактілерге қатынасын анықтаңыз?

Автордың позициясы бұл құжаттың пайда болуымен, құжаттың сипатымен қандай байланыста?

6. Автордың позициясы осы оқиғаларға қазіргі заманғы көзқараспен қай жағынан сәйкес келеді/ сәйкес келмейді? Бұл сәйкестікті/ сәйкессіздікті немен түсіндіруге болады?

7. Бұл құжаттың құндылығын сол кезеңнің басқа тарихи шығармаларымен немесе сол оқиғаға арналған басқа шығармалармен салыстырып бағалаңыз.

5. Тұлғалық сипатты құжаттар: мемуарлар, күнделіктер, хаттар, көз көргендердің естелігі

1. Құжат авторы кім? оның әлеуметтік жағдайы қандай? Қызметі? лауазымы қандай? Сипатталған оқиғаларға қатысы қандай?

2. Құжат авторы нені көрді? Сипатталған оқиғаларға қалай қарайды? Өз ойыңызды дерек материалдарын қолданып растаңыз.

3. Автордың оқиғаларға, оқиғаға қатысушыларға осындай қатынасын немен түсіндіресіз?

4. Автордың позициясы осы оқиғаларға көзқарасы басқа тарихи деректермен қай жағынан сәйкес келеді/ сәйкес келмейді?

5. Осы автордың куәліктеріне сенім артасыз ба? Неліктен?

6. Сіз дерек авторының тұжырымдары, бағалары, қорытынды ойларымен келісесіз бе?

6. Әдеби сипатты құжаттар: өз кезеңінің тарихи жәдігерлері: проза, поэзия, драма, эпос, миф аңыздар, әндер, сатира, қанатты сөздер т.б.

1. Осы әдеби дерек көзінің оқиға желісі өтіп жатқан аймақты картадан көрсетіңіз.

2. Киім үлгісінің, тұрмыстық заттардың ерекшеліктері, адамдардың мінез құлықтарынан бұл шығарманың шамамен жазылған уақытын анықтаңыз./ шығарманың осы кезеңде жазылғанын дәлелдейтін

белгілерін табыңыз...

3. Автор тарихи кейіпкерлердің, оқиғалардың образын жасайды? Осы портретте сіздің ойыңызша, не өзгертіліп бұрмаланған? Қалай ойлайсыз, автор мұны қандай мақсатпен жасады?

4. Әдеби шығарманың авторы кейіпкерлерінің істерін қалай түсіндіреді? Оның бағасымен және аргументтерімен келісесіз бе?

5. Автор қандай қоғамдық жікке, әлеуметтік топқа жатады? Автор оқиғаны баяндауда қаншалықты объективті немесе қалыс қалған?

6. Қандай әдеби шығармаларда осыған ұқсас сюжеттерді кездестірдіңіз? Оның кең таралғанын немен байланысты түсіндіре аласыз?

Үштұғырлы тіл ұстанымына сәйкес орыс тілді сыныптарда да Қазақстан тарихы пәні қазақ тілінде, Дүниежүзі тарихы орыс тілінде оқытылады. Ғылыми академиялық тілді екінші тілде (ана тілінен басқа тілде) оқитын оқушылар қарапайымнан күрделіге ұстанымымен оқытылып, қазақ тілін ана тілімен бірдей деңгейге жеткізе меңгереді деп күтіледі. Пән мұғалімдерінің халықаралық тренерлер семинарларында кіріктірілген пәндік тілдік оқытудың (КПТО) ерекшеліктері туралы білімі мен тәжірибесін жетілдіруі арқылы біліктілігін арттыруы нәтижеге жетуге ықпал етеді.

Оқушылар әрбір сабақтың күтілетін нәтижесімен таныстырылып, сабақ соңында формативті (оқу үшін) бағалау өзін өзі бағалау, өзара бағалау, мұғалімнің бағалауы түрлерінде мақсатқа жеткен жетпегені нақтыланады. Оқушы өзінің білім деңгейін күнделікті біліп отырады.

Ұстаздар қауымы мен басқа да педагог қызметкерлерді кәсіби дамытуды қолдау Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тәжірибе алмасуға қолайлы жағдайдың бірнеше түрлері арқылы мәселен, онлайн сабақтар, семинарлар, форумдағы пікір алмасу т.б. жүзеге асырылады. Шеберлік сыныптары жүйелі түрде өткізіледі. Кіріктірілген Білім беру бағдарламалары бойынша әлемдік және отандық тәжірибенің тиімді әдіс-тәсілдері, технологиялары, негізгі ойларын іс-жүзінде қалай кіріктіріп пайдалануға болатындығын көрсету көзделеді.

Қорыта айтқанда, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушының саналы білім алуы, әрі білімін қолдана алу дағдысы негізге алынған, нәтижеге бағдарланған білім берудің жаңа моделі қалыптасуда.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы. 2013
2. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты халыққа Жолдауы. 2013
3. 2013-2014 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша нұсқаулық әдістемелік хат.40 б.
4. 2013-2014 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша нұсқаулық әдістемелік хат.40 б.
5. Методические рекомендации по выполнению практических заданий на уроках истории«. Центра образовательных программ АОО «Назарбаев Интеллектуальные школы». Астана, 2013. (орыс тілінен аударған Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Юсупова Т.Қ).

Юсупова Т. Қ., тарих пәні мұғалімі, Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Қарағанды қ. yusupova.tamara@mail.ru