ӨЛКЕ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ТҰЛҒА
23.12.2019 3304

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар” атты мақаласындағы “Әрбір өлкенің, халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері  ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ  біліп өсуі тиіс”[1],- деген сөздері дамуымыздың әр кезеңдерінде  халқының игілігі үшін еңбек етіп, атқарған ісі жекелеген  өлкелер  мен аймақтың  тарихына енген тұлғаларды   насихаттауға  міндеттейтіндігі белгілі.

Міне сондықтан да байтақ еліміздің өркендеуіне осындай үлес қосқан адамдардың есімдерін үнемі жариялап, ұрпаққа насихаттау келелілікке айналып отырғандығы түсінікті. 

Аталған талап тұрғысынан алып қарағанда, Тәуелсіздікке дейінгі мерзімдегі “Партия, кеңес орындарында қызмет еткен  еңбек ардагері” деген ұғымға басқаша қарау, тіпті ондай адамдардың сол мерзімдегі атқарған істеріне керіағар пікір қалыптастыру өкінішке орай  бүгінгі күнгі ортамызда аз да болса орын алып келе жатқандығы жасырын емес.

Егер де өткен тарихымыздағы ғасырға жуық уақытты қамтыған кеңестік мерзімдегі жүзеге асырылған істердің барлығына осылай біржақты баға беретін болсақ, аталған кезеңдегі Ел, Халық мүддесі үшін жасалған игілікті шараларға деген қиянатшылық болатындығы түсінікті.

Шындығында да сол дәуірде өмір сүріп, еңбек еткен азаматтардың басым бөлегі өздерінің өңірлеріндегі жасампаздық еңбектің ортасында болып, аталған мерзімдегі Қазақстанның дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына,  білім, тәрбие беру ісіне  қомақты үлес қосқандығы белгілі. Осы арқылы олардың бұл еңбегі  Мәңгілік Ел болуға бағыт ұстаған бүгінгі Қазақстанның қалыптасып, өтпелі кезеңнен өту  тарихынан елеулі орын алатындығы әркімге айдай анық.

Ал қазіргі Егемен Қазақстан тұрғындарының басым бөлегі де кеңестік мерзімде  өмірге келіп, білім алған, еңбек жолын бастаған, қазіргі күні де қатардан қалмай, бүгінгі Мемлекетіміздің нығайып,  одан ары дамуына барлық салаларда ат салысып келе жатқандар. Міне сондықтан да осындай жауапкершілік тұрғысынан шыға білген адамдарды  ұрпағымыз заңды түрде құрметтейтіндігі бұлжымас ақиқат.“... Өз басым Қазан төңкерісінен кейінгі жылдар,-деп көрсетеді Н.Ә.Назарбаев,- біз үшін текке кеткен жоқ  деген байлама жасадым. Материалдық өндіріс жүйесін түбірінен жаңарту, адамдардың білім деңгейінің күрт өсуі, қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының арасындағы қатынастарды жақсарту ... - мұның бәрін өзіміздің тарихи жүгіміздің асылдарына жатқызған жөн”[2]

Міне осылай, екі дәуірдің  де талаптарынан шыға білген, Ел Азаматы Сайлаухан Әбілханұлы Аухадиев жарты ғасырдан астам атқарған еңбегінің  нәтижесімен халқының құрметіне бөленіп,  Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім аудандарының  Құрметті азаматы мәртебелеріне ие болды. Бұл күндері Шығыс Қазақстан облыстық Ардагерлер Кеңесінің,  Қазақстан Халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан  облыстық Қоғамдық Кеңесінің мүшесі,  Өскемен қалалық Ақсақалдар   Алқасының Төрағасы ретінде облыс, Өскемен қаласының еңбек, оқу орындары мен жастар ұйымдары арасындағы насихаттық, тәрбиелік жұмыстарға белсене араласып келеді.

Осылармен қатар ауыл шаруашылығының белгілі ұйымдастырушысы ретінде Шығыс Қазақстан облысы көлеміндегі  шаруашылықты жаңаша ұйымдастыру мақсатындағы  тәжірибелер алмасу шараларына да тұрақты негізде қатысады. Агрономия саласының білгір маманы ретінде  бұл саланы одан ары дамытуға арналған ойларын үнемі ортаға салып, атқарған іс-тәжірибелерімен бөліседі. Осы бағыттағы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан өткізілетін семинарлар мен отырыстарға қатысып, пікірлерін баяндап, ұсыныстарын жариялайды. Өйткені оның өз кезіндегі аудан, облыстық деңгейдегі ауылшаруашылығын ұйымдастыру мен жүргізудегі бағалы бастамалары мен жүзеге асырылған тәжірибелері оңды қорытындыларымен ерекшеленіп, қазіргі күнгі Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өңірлерінде маңызын жоғалтпай  отырғандығы белгілі

Міне осылай бүгінгі уақытқа дейін тұғырынан таймай, белсенділік танытып отырған Сайлаухан Әбілханұлының өмір жолықазіргі жастарға, әрбір азаматқа үлгі боларлық деп айтуға толық негіз бар.  Өйткені барлық қабілеті мен жігерін халқына қажетті, өзі ұнатып, мақсат қойған іске арнаған оның өмірі мен қызметі  үнемі тынымсыз еңбек, алға ұмтылушылық пен нәтижелі істер баспалдағымен өсуден тұрады.

Ол1939 жылғы сталиндік алапатты дәуірдегі бұрынғы Одақты, соның ішінде  бүкіл Қазақстанды жайлаған  жеке басқа табыну мен асыра сілтеудің барлық зардаптарын басынан кешірген,  халықты қырғынға ұшыратқан қолдан жасалған аштық пен  жоқшылықтан енді ес жия бастаған  Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы қарапайым көпбалалы еңбек адамының  жанұясында өмірге келді. Сайлаухан Аухадиевтің ес білген уақыты одан арғы Ұлы Отан соғысының қиын күндерімен жалғасты. Әкесі ерте қайтыс болған ол балалық шағынан үйдегі бес балаға қамқорлық жасап, анасына қолқанат бола білді. Осы уақыттағы орын алған барша  қиындыққа дес бермей, мектепте де өзінің алғырлығы, білімге деген құштарлығымен ерекшеленді. 

Орта мектепті үздік бітіре сала Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтына  оқуға түсіп,  оның студенті атанды. Онда да алға қояр мақсаткерлігі, мамандық алуға деген құмарлығы мен талапшылдығының нәтижесінде институтты агрономия мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтады. Ғылымға деген қаншама құштарлығы болғанымен, еріксізден анасына, іні - қарындастарына тірек болу ойымен қайтадан туған ауылына келіп, оның ауыл шаруашылығындағы жауапты да, нәтижелі еңбегі бастау алады.

Аталған институтты аяқтаған 1963 жылы ол өзінің туып өскен Күршім ауданындағы Қалғұтты  кеңшарына бас агрономдық қызметке орналасты. Осында ол қуаңшылықты өңірдегі суармалы егістіктің өнімін молайту жолдарын іздестіріп, шөлейт жерлерге арналған жаңа астық тұқымын қалыптастыру, суарудың озық технологиясын енгізу шараларымен белсене айналысып, бірнеше жылдың ішінде жақсы нәтижелерге қол  жеткізді. Егін шаруашылығының өнімділігіне жауапты мамандардың біліктілігін арттырудың озық  жолдарын іздестірді. Осындай істерімен алғашқы қызметінен бастап ортасына белгілі бола бастады. 1970 жылы Үлкен Нарын ауданындағы астық өндірумен айналысатын Ленин атындағы ірі ұжымшарғабас агрономдық қызметке шақырылып, мұнда жас маман өзінің барша ұйымдастырушылық қабілетін одан ары көрсете алды. Аталған ұжымшардың белгілі жетекшісі, Қазақстандағы Ауыл шаруашылығын ұйымдастырудың айтулы шебері, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың ақыл-кеңесін тыңдап, басқару тәжірибесін зерделей отыра  ұжымшардағы егін шаруашылығын жер жағдайының ерекшелігіне  сай ұйымдастырып, оның өнімділігін арттыруда  елеулі табыстарға қол жеткізді. Оның атқарып отырған осындай оңды істері  аудан көлеміне белгілі болды.Осы мерзімде Ленин атындағы  кеңшар аудан, облыс деңгейінен асып, аймақтық, тіпті республикалық әртүрлі  ауылдық өндірістің әр салаларын, соның ішінде егін шаруашылығын ұйымдастырушылары мен мамандарының  тәжірибе алмасу  орнына  айналды.  Кеңшар аталған уақытта мемлекетке астық тапсырудың жылдық жоспарын әрдайым орындауға жетісті. Жоғары да сапалы өнім алудың озық әдістері мен тәжірибелері өмірге келді.Жүзеге асырылған істерінің бағасындай, 1973 жылдан бастап бес  жыл бойы Сайлаухан Әбілханұлы бұған дейін қызмет етіп келген Ленин атындағы ұжымшарға төрағалық етті. Оның егін шаруашылығымен қатар ауылшаруашылығының барлық салаларын басқаруды күн талабына сай жолға қоюдағы  жаңашылдығы мен осы мақсаттағы атқарған істері аудан шеңберінен шығып, Шығыс Қазақстан облысында өзіндік бағасын ала бастады.

1978 жылы Сайлаухан Әбілханұлы  облыс, республика басшылығының  шешімімен Марқакөл ауданындағы үлкен шаруашылық-Боран кеңшарына директор болып тағайындалды. Мұнда қызмет атқарған екі жылда ол кеңшар жұмысын талап деңгейінде ұйымдастырумен қатар, ауыл тұрғындарына әлеуметтік жағдай жасау, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларының дамуына жүйелі түрде жетекшілік жасап, қамқорлық көрсетті. Тұрғындар арасында сыйластық, құрмет пен шынайы беделге ие болды.

Оның ауылшаруашылығының білгір ұйымдастырушысы, еңбек адамдарының жанашыры, жастардың, соның ішінде жас мамандардың нағыз тәрбиешісі ретіндегі толығынан көрінуі 1980 жылдың қазан айынан территориясының басым бөлегі  Қытай Халық Республикасымен шектесетін, жерінің көлемі жағынан шағын Еуропалық елдермен теңесетін, тұрғындарының түгелге жуығын  қазақтар құрайтын, өткені өнегелі тарихқа толы Тарбағатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне сайлануымен  одан ары жалғастырылды.

Ауданның  жері жартылай қуаңшылықты, табиғаты қатал болғандықтан негізінен төрт түлікті мал шаруашылығымен айналысатын. Сол жылдары көктем мерзіміндегі төлімен есептегенде қойдың саны бір миллиоға жуықтайтын республикамыздағы ірі мал өсіретін аймақ еді. Аудан шаруашылығыон кеңшар мен балық өндірумен айналысатын одақтық деңгейдегі  Зайсан балық өндіру комбинатынан  тұрды. Бұлармен қатар Зайсан көлі жағалауына орналасқан Тұғыл қонысында ет комбинаты және көптеген өндіріс орындары жұмыс істеді. Осы уақыттағы аудан халқының саны 50 мыңнан асатын.  Аудан территориясына енетін Шілікті жазығындағы әлемге белгілі болған  халқымыздың көне кезеңінің бағалы  ескерткішіне айналған сақ дәуірінің  тарихи обалары сол уақыттағы халықаралық, одақтық  деңгейлердегі ғылыми экспедициялардың  зерттеу нысанына айналып, ауданның есімін бар тарапқа айшықтай түсті. 

Аудандағы халыққа білім беру, денсаулық сақтау, мәдени мекемелер де  тұрғындарға қызмет етудің үлкен саласына айналып, жаңа басшыдан үнемі қамқорлық пен қолдауды  қажет етті.

Осында қызметке келген алғашқы күннен Сайлаухан Әбілханұлы ауданның экономикасының тұрақты деңгейде дамуына, өнім  түрлерінің молаюы мен сапасының артуына, солардың ішіндегі маңыздысы-мал шаруашылығындағы әр түліктің тұқымын асылдандыру,   өнім алу ісін барынша механикаландыру,  қысқы мал азығының берік қоры жасау, мамандардың біліктілігі мен іске деген жауаптылықтарын арттыру, кәсіби шеберліктерін жоғарылату, жастарды ауылшаруашылығына тарту ісіне белсенділікпен кірісті. Егін шаруашылығындағы суландыру жүйелерін жаңарту, тұрақты өнім беретін қосымша егістік жерлерді анықтау, осы арқылы шаруашылықтардағы  егістік көлемін біртіндеп молайтуға  назар аударды. Жер жағдайының қуаңшылығына қарамастан өңірдегі бау-бақша егісінің көлемін арттырып, алынатын өнімнің бағалылығын қамтамасыз ету де оның мақсатына кірді.

Нәтижесінде 1980 жылдардың ортасынан-ақ аудан кеңшарларында   мал шаруашылығынан алынатын өнімінің біртіндеп өсуін қамтамасыз ету, малдың санын өз төлі есебінен арттыру, оның жоғары сұрыптық құрамын қамтамасыз ету, малды тұрақты негізде бордақылау арқылы сапалы ет дайындау, мал тұқымын асылдандыру, т.б. бағыттарда   жоспарлы да жүйелі істер атқарыла бастады. Мал азығын дайындаудың сандық көрсеткіштерін молайтумен қатар оның сапалылығына жетісу басты назарға алынып, нәтижелілігімен айқындала түсті. Соның ішінде шаруашылықтарда көпжылдық шөпті мүмкіндігінше  молынан  өсіріп, дайындауға қол жеткізіле бастады. Ал мұның өзі қысы қатал аудан шаруашылықтарындағы мал басын барынша аман сақтауға оңды әсер  етті.  Жиі қайталанатын қуаңшылық жылдарына қарамастан  мемлекетке астық тапсыру жоспарының   үнемі орындалуы іске асырылды. Ауданның денсаулық, білім беру орындарын  көкөніспен өз күшімен қамтамасыз ету іске асырылды. Осындай атқарылған жұмыстар Тарбағатай ауданын облыстағы  алдыңғы деңгейдегі ауылшаруашылықты аудандар қатарына қосты.

Сайлаухан Әбілханұлы бұл мерзімде өңірдің қабілетті жастарын жоғары оқу орындарында арнайы жолдамалар арқылы дайындап, туған жерінде еңбек етулерін де назарында ұстады.Жоғары оқу орындарынаяқтаған мамандарды жұмысқа орналастыру, оларға мүмкіндігінше тұрмыстық, т.б. жағдайлар жасау, қызмет баспалдақтарымен өсіру оның маман дайындаудағы бастамашылдығының негізіне айналды. Көптеген жас мамандар аудандық деңгейдегі партия, кеңес, шаруашылдық, білім беру салаларындағы  қызметтерге тартылды. Сайлаухан Әбілханұлы осындай жұмыстарға тартып, үлкен жолға салған азаматтардың  көпшілігі аудандық, облыстық,  кейбіреулері республикалық дәрежедегі   мемлекеттік және шаруашылық салаларындағы жауапты істерді ойдағыдай атқарды және атқарып келеді.  Олардың қатарына өздерінің алғашқы  еңбек жолдарын шаруашылық мамандары, жетекшілері, тағы да басқа салаларда бастап,  қабілеттерін көрсете білген, одан ары  аудан жетекшілері, Шығыс Қазақстан облыстық деңгейінде басшылық жұмыстар  атқарған  Түсіпбеков Түсіпхан, Мұхаметжанов Манарбек, Іргебаев Тұрсынхан, Құнапиянов Бақытхан, тағы да басқалары бар. Бұл азаматтардың барлығы   Сайлаухан Әбілханұлының есімін әрқашан құрметпен жадында сақтап келеді.   

Сайлаухан Әбілханұлы Тарбағатай ауданының мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының дамуына жүйелі түрде  көңіл бөлді. Мысалы  оның бастамасымен барлық кеңшар орталықтарында сол заманның талабына сай мәдени-демалыс-спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Жыл  сайын ауыл жастарының спорттың  әр түрлері бойынша аудандық біріншілігі кезегімен кеңшар орталықтарында өткізу қолға алынды. Аудан орталығында   қысқы уақытта бұқаралық “Шаңғы” жарысын өткізу қалыптасқан дәстүр болып енді. Осы арқылы тұрғындар арасындағы спорттың бұқаралығын іске асыру қамтамасыз етілді. Осындай игі істердің нәтижесіндей, 1989 жылғы Шығыс Қазақстан облыстық жазғы спорт ойындары аудан орталығы Ақжар ауылында өткізіліп, оны дайындау шараларына  аудан тұрғындары бір кісідей белсенділік көрсете білді.

Аудан орталығы Ақжар ауылындағы орталық демалыс паркі Кеңес халықтарының фашистік Германияға қарсы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында толығымен жаңартылып, танымастай өзгертілді. Бұл жаңғырту жұмысына барлық аудан шаруашылықтары мен тұрғындары тартылып, ол тіпті сол кездегі қалалық парктерден кем емес деңгейге жеткізілді. Кейін бұл демалыс ПаркіҰлы Жеңістің 40 жылдығы атауын алды. Былай қарағанда аса елеулі емес, алайда жергілікті халыққа жаңалық болып табылған бір оқиға- Сайлаухан Әбілханұлы Тарбағатай өңірінде өспейді деп есептелетін шыршаны арнайы алдыра отыра  алғаш рет аудандық партия комитеті үйінің алдына егуді ұйымдастырып, олар ойдағыдай жерсініп, ғимараттың алдын көркейтіп жібергені әркімнің есінде.

Осы жылдары аудан орталығы Ақжар ауылының  көшелері жөнделді, жарықтандырылып,  әсемделе түсті.  Кеңшарлардағы  мәдениет орталықтарының аудандық конкурстарын өткізу тұрақтылықпен іске асырылды. Аталған жылдары ауданнан сыртқа, соның ішінде қалаларға  қоныс аудару көлемі барынша азайды. Аудан халқының саны артты. Әртүрлі жоғары, арнаулы орта оқу орындарын аяқтаған жас мамандардың туған жерге қайту деңгейі молайды.

Сайлаухан Әбілханұлы  сексенінші жылдардың соңынан әрбір ауылдарда, аудан орталығында  Ұлтымыздың Ұлы мерекесі “Наурыз Мейрамын” қайтадан жаңғыртып, өткізуге жетекшілік көтеріп, оның жүйелі түрде мерекеленуін үнемі назарда ұстады.

Ол сонымен қатар осы мерзімдегі аудан жастары арасындағы  “Cалауатты өмір салтын”енгізу ісіне  де жетекшілік танытып,  сол уақыттағы жаңалық болып табылатын “Ішімдіксіз үйлену тойларын” ұйымдастыру қамтамасыз етілді.    

Сайлаухан Әбілханұлын осындай ұйымдастырушылық қабілеттерімен қатар, өзіне туа біткен қарапайымдылық, мәдениеттілік, қызметтестеріне деген түсіністік, ізеттік пен пікірлестік  қасиеттер ерекшеледі. Оның   қандай жағдайда болмасын ешкімге қатты дауыс көтеріп сөйлемейтіндігін, әр мәселені сабырмен, ақылдаса отыра шешетіндігін онымен бірге қызмет атқарғандардың барлығы ризалықпен еске алады.

Тарбағатай ауданында қызмет атқарған жылдары ол  бір аймақтың жетекшілігінен асып, облыстық, республикалық дәрежедегібасшы, қоғам қайраткеріне дейін көтерілді. Атап айтқанда  алты рет аудандық, төрт рет облыстық Кеңестің,  1987 жылы  11- шақырылған  ҚКСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.  КОКП Бүкілодақтық ХІХ конференциясының, Қазақстан Коммунисстік партиясы  ХҮ,ХҮІ,ХҮІІ сьездерінің делегаты болды. Көптеген мемлекеттік ордендер мен медальдардың иегері атанды.

Міне осылай ол қысқа мерзімде-ақ Тарбағатай ауданының даму тарихында үлкен із қалдырып, оның  халқының арасында зор беделге ие болды. Оны ауданның кез –келген тұрғыны, шаруашылық жетекшілері шынайы құрметтеп, бағалай білді. Қызметі жоғарылап, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығына басшылық жасайтын хатшылығына сайланғанда, тарбағатайлықтар  қимастықпен шығарып салды.

КОКП тарағанға дейінгі екі жыл көлемінде облыстық партия комитетінің хатшылығы қызметінде ауылшаруашылығы кәсіпорындарындағы шаруашылық есепті енгізу, олардың  табиғат жағдайларына қолайлы және өздеріне пайдалы өндіріспен айналысуларына деген қажеттіліктерін іс жүзіне асыруларына деген ұмтылыстарына түсіністікпен қарап, оның келелігі  мен маңыздылығын дәлелдеу жолында көптеген істер тындырды. Кеңшарлардың мемлекетке ауылшаруашылығы шикізатын ғана өткізулерінің тиімсіздігін дәлелдеп, оларды өздерінде өңдеп, сұранысқа ие тамақ өнімдерін дайындауға және оны  кең мөлшерде сатылымға   шығаруларына  мұрындық  болды. Оның ауылшаруашылығын жаңа уақытқа сұранысына сай ұйымдастырудағы осындай жаңа  бастамалары да ауылшаруашылығы кәсіпорындары жетекшілері мен қызметкерлерінен  қолдау тапты. Нәтижесінде бұл  жұмыстарды өмірге енгізуде де көптеген тиімді істер атқарылды. Атап айтқанда пайдалы бастаманы қолдап, іс барысына енгізген көптеген шаруашылықтар еліміздегі нарықтың алғашқы кезіндегі жаппай дағдарысқа ойдағыдай төтеп бере білді.

Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардан бастап Шығыс Қазақстан өңірі экономикасын  жаңа талап негізінде көтеруге  де айтарлықтай үлес қосты. Атап айтқанда 1992-1994 жылдары  Шығыс Қазақстан облыстық Монополияға қарсы Комитетінің басшысы, 1995-2007 жылдары аралығында  Шығыс Қазақстан облыстық Астық инспекция Басқармасының бастығы, одан ары Қазақстан Республикасы  Ауылшаруашылығы министрлігінің облыстық, аумақтық басқармасының  астық және  тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы  болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі 2007-2010 жылдары республикалық “Альянс-Полис”сақтандыру серіктестігінің өсімдік шаруашылығы бойынша  Шығыс Қазақстан аумағының  менеджері қызметтерін атқарды. Бұл қызметтерде де ол іске деген жауапкершілігі, барынша ұйымдастырушылық, жаңашылдық қабілеттерін көрсетіп, нәтижелі істерге қол жеткізе  алды.

Қорыта айтқанда, барлық саналы ғұмырын туған  өлкесінің  игілігіне, осы арқылы  Қазақстанның өркендеуіне арнаған Сайлаухан Әбілханұлының өмірі мен қызметі ұрпағына  үлгі деп айтуға толық негіз бар.

Яғни, “Әрбір аймақтағы, әрбір ауылдағы елді  қоныстың,  ауылдың, таудың, өзеннің  тарихын,  сол жерлердегі  әдет  ғұрыптарды  қайта жаңғыртып, жазып  алса ... Осының барлығы  жиналып келгенде,  біздің  тарихи зердеміз болып шығады”[3], – деген қағидалық сөз саналы ғұмырындағы қызметі арқылы  Еліміздің  Шығыс аймағының  даму тарихында өзіндік із қалдырған Сайлаухан Әбілханұлының есіміне де арналғандай

                                                                    ӘДЕБИЕТТЕР

1. Н.Ә.Назарбаев Н.Ә. “Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар”//Егемен Қазақстан,12 сәуір 2017

2. Назарбаев Н.Ә. Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын. //Егемен Қазақстан, 1998 жыл,16 қаңтар

3.Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 2003, 278 б.

Қарасаев Ғ.М.,

т.ғ.д.,, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты,  

Нұр-Сұлтан қаласы