Мемлекеттік тәуелсіздікті жариялау
12.10.2013 4892
1991 жылдың көктемінде Одақ пен егеменді республикалар арасындағы қарым-қатынастар жаңа сатыға көтерілді.

1991 жылғы тамыз «бүлігі» және КСРО-ның ыдырауы. 1991 жылдың көктемінде Одақ пен егеменді республикалар арасындағы қарым-қатынастар жаңа сатыға көтерілді. Одақтас республикалардың егемендікке деген жаппай ұмтылысы — 1991 жылдың сәуірінен маусымына дейін Мәскеу түбіндегі Ново-Огареводағы президент резиденциясында одақтас республика басшыларының бірнеше дүркін бас қосуларына алып келді.

Ново-Огоревада 1991 жылы 23 сәуірде РКФСР, Украина, Қазақстан, Белоруссия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары кездесіп, нәтижесінде «9+1» деп аталатын жаңа Одақтық шарт дайындалды. Бұл Одақ енді Кеңестік Егеменді Республикалар Одағы деп аталатын болды (КСРО-ның тоғыз Одақтас республикасы мен КСРО Президенті). Тоғыз сағаттық келіссөздерден кейін, елдегі жағдайды тұрақтандыруға шұғыл шара қолдану және дағдарысты еңсеру туралы мәлімдемеге қол қойылды. Құжатта мемлекеттердің егемендігі, Одақтық өкімет орындарының қайта сайлануы мен Одақтық жаңа Конституцияның қабылдану қажеттілігі айтылды. Мәлімдеменің мәтінінде болашақ Одақ турасында «КСРО» деген түсінік аталынбады. КСРО-ның тағдыры туралы 17 наурыздағы референдумда азаматтардын көпшілігі Одақты сақтап қалу жөнінде өз пікірін білдірсе, екінші жағынан республика басшылары, бірінші кезекте Б.Н. Ельцин, Одақтың арқасында өз ұстанымын күшейтуге тырысты. Осындай күрделі жағдайда М.С. Горбачев жаңа Одактық шарт жасауға талпынды. Сөйтіп, тұжырымдар мен мүдделерді үйлестіру мәселесі төңірегінде қарама-қайшылықты үдеріс басталды.

1991 жылы 12 маусымда Ресей Президенті болып Б.Н. Ельцин сайланды. Бұл — Мәскеуде қос өкіметтілік ахуалын бұрынғыдан да шиеленістіре түсті. 17-маусымда елде қатты пікірталас тудырған, қайта өңделген шарт жобасы одақтас республикаларға таратылды. 29 маусымда М.С.Горбачевтің Н.Ә. Назарбаев және Б.Н. Ельцинмен құпия кездесуі барысында жаңа Одақтық шарттың кезекті талқылануы өтті. Бұл кездесуде шартқа 20 тамызда қол қою туралы және жаңа басшылықтың құрамы жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Егемен Мемлекеттер Одағының Премьер-министрі қызметі Н.Ә. Назарбаевқа, Президент қызметі М.С.Горбачевке ұсынылды. Б.Н. Ельциннің пікірінше, бұл келісімнің мазмұны 1991 жылғы тамыз бүлігіне түрткі болды. Жаз бойы тайталасушы күштер (бұрынғы Одақ пен жаңа Одақты жақтаушылар) бір-бірінің ісін аңдып, өздеріне Одақтас іздеп және халықаралық қауымдастықтың көзқарасын да анықтауға тырысты. Осындай қайшылықты жағдайдағы М.С. Горбачевтің іс-қимылы да оның қарсыластарын 1964 жылы Н.С.Хрущевты орнынан алғандай, мемлекеттік төңкеріс жасау жобасына итермеледі. 1991 жылдың 19 тамызына қараған түні — КСРО Президенті М.С. Горбачев Қырымдағы Фороста демалыста жүрген жерінде биліктен кетті.

1991 жылы 19 тамызда Кеңес Одағының радиостанциялары КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер министрі В.С. Павлов және КСРО Қорғаныс Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары О.Д. Бакланов қол қойған мәлімдемені жария етті. Мәлімдемеде КСРО Президенті М.С.Горбачевтің денсаулығына байланысты өз міндеттерін атқара алмайтындығынан, бұл қызметтің КСРО вице-президенті Г.И. Янаевқа өтетіндігі туралы айтылды. Елді басқару және төтенше жағдай тәртібін тиімді жүзеге асыру үшін құрамына жоғарыда аталғандардан басқа КСРО МХК төрағасы В.И. Крючков, КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО Қорғаныс министрі Д.Т. Язов т.б. кірген 8 адамнан тұратын төтенше жағдай жөніндегі КСРО Мемлекеттік комитеті құрылды.

КСРО Президенті қызметін атқарушы Г.И. Янаев мемлекеттер мен үкімет басшыларына және БҰҰ Бас хатшысына үндеу жолдап, төтенше жағдайдын елде 6 айға енгізілетіні туралы мәлімдеді. БҰҰ тарапынан тиісті түсінікпен қарауға шақырды. ТЖМҚ-нын №1 қаулысы бойынша негізінде саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі тоқтатылды. Митинг, шеруге шығу, ереуіл жасауға тыйым салынды. Бұқаралық ақпарат құралдарына қатаң бақылау орнатылды. Астық жинау науқанына кәсіпорын және ұйымдардың жұмысшылары мен қызметшілері, студенттер. әскери қызметкерлер т.б. жұмылдырылды

19 тамызда бірқатар жарлықтар шықты. №2 қаулысында демократия мен прогреске айрықша ықылас көрсеткен «Комсомольская Правда», «Московские новости» газеттерінің басылуына тыйым салынып, «Известия», «Труд», «Рабочая жизнь» басылымдарын шығаруды шектеді. Мәскеуге әскер мен бронетехника кіргізілді. Өзінің мәні жағынан ТЖМК мемлекеттік төңкеріске талпыныс еді. Осыған байланысты М.С. Горбачев бейтарап саясат ұстанып. оқиғалардың одан әрі қалай өрбитінін күтті. Бірақ жанжалдасушы екі жақтың қайсысы жеңсе де, оның елдің шынайы көшбасшысы ретінде саяси карьерасын жалғастыру мүмкіндігі жоғалған еді.

ТЖМК барлық республикалардың президенттеріне «КОКП ОК Саяси бюросы мәлімдемесінің» жобасын таратты, онда төтенше жағдай енгізудің себептері айтылды. Қазақстан халқы Мәскеудегі тамыз төңкерісіне әртүрлі көзқараста болды. Елдегі «бүлікшілерді» жақтаушылар арасында қазақстандықтар да бар еді. ТЖМК шешімдерін орындау үшін көптеген облыстарда жұмыс топтарының құрылуы соны айғақтайды. «Кейбір шенеуніктер кабинеттерінен М.Горбачевтің суретін алып тастап жатты. Әлдекімдер бүгінде басқаша сөйлегенмен, шын жағдайдың сол кезде тап осылай болғаны рас».

Халықтың басым көпшілігі құрылған комитетті қолдамады. «Азат», «Желтоқсан», «Қазақстанның социал-демократиялық партиясы» ТЖМК-ны қабылдаған жоқ және тұрғындарды оның жарлықтарына бағынбауға шақырды. 19 тамызда Президент Резиденциясында министрлер, әскерилер, кеңес қызметкерлері мен Қазақстан Компартиясы ОК басшыларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Н.Ә.Назарбаев жиналғандардан бұл жағдайда не істеу керектігін сұрады.

Түрлі ұсыныстар айтылды. Қазақстан Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы В.Г. Ануфриев бірнеше рет сөз сөйлеп, ТЖМК-ны қолдауды жақтады. Мәжіліс барысында жұмыс комиссиясы құрылды. Осы күні кешке қарай Н.Ә. Назарбаев қазақ теледидары арқылы алдында сөз сөйледі. «Еліміз үшін аса бір жауапты сағатта, — деді ол өз сөзінде. — Сіздерді тыныштық пен сабыр сақтауға шақырамын». Қазақстан Президенті республика егемендігін нығайту саясатына, демократия ұстанымдарына. КСРО-ның біртұтастығын сақтауға жақтастығын танытты. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев елде төтенше жағдай енгізу, тек КСРО Жоғары Кеңесі мен Одақтас республикалардың келісімімен ғана, құқықтық негізде жүзеге асырылуы тиіс екендігі туралы мәлімдеме жасады. Сонымен бірге бұрынғы Ново-Огарево келісіміне қол коюға шақырды. Бірақ бүлікшілер әрекеті мүмкіндік бермеді.

Президенттің бұл үндеуі республика тұрғындарын тыныштандырды. Бұл кезде Мәскеуде жағдай аса ауырлап, шиелінісе түсті. Мыңдаған адамдар халық аузында «Ақ үй» атанған — РКФСР Жоғарғы Кеңесі ғимаратын қоршап алып, Мәскеуге кіргізілген танк, бронетранспортерлерді жібермеді. ТЖМК-ға қарсылық тобын Ресей Президенті Б. Ельцин, вице-президент А. Руцкой, РКФСР ЖоғарғыКеңесі төрағасы міндетін атқарушы Р.И. Хасбулатов, Ленинград мэрі А. Собчак басқарды. Солдаттар арасына үгітшілер жіберілді. «Ақ үйді» қорғаушылар оны берік қамалға айналдыруға кірісті.

20 тамызда да қауіп бұлты сейілмеді. Бұл күні Н.Ә. Назарбаев жаңадан мәлімдеме жасады. Президент елде тыныштықты сақтау мен ұстамдылық қажеттігін, сондай-ақ, Қазақстанда төтенше жағдай енгізілмейтіндігін, үш адам құрған комитеттің ешқандай заңға, Конституцияға сәйкес келмейтіндігін және оны ешкімнің қолдамайтынын ашық айтты. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 21 тамыздағы санында Н.Назарбаевтың: «...Біз халыққа жағдайдан шығудың қандай жолын ұсына аламыз? Оның тек конституциялық негізде ғана мүмкін болатынына сенемін. Егер біз заңсыздықтың қиралаң жолымен одан әрі жүре беретін болсақ, халық оны бізге кешірмейді. Ең алдымен ел үшін осынау қиын-қыстау күндерде М.С. Горбачевтің өзінің пікірін естігіміз келеді, ол өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыра алмайтын күйде екенін тікелей қуаттауға тиіс... Кейінге қалдыруға төзбейтін тағы бір аса маңызды проблема — сегіз республиканың парламенттері мақұлдаған Одақтық шартқа қол қою», — деген мәлімдемесі жарияланды. Н.Ә. Назарбаев Мәскеуде қантөгісті болдырмау мақсатында тамыздың 20—21 күндері батыл мәлімдемелер жасады. Жалпы одақтық ТАСС агенттігіне ақпарат көзін емін-еркін таратуға тосқауыл қойылған болатын. Дегенмен, 20 тамыз күні кеште АҚШ ресми түрде хабар таратып, онда Н.Ә. Назарбаевтың ойланып шешілген ТЖМК-ні қолдаудан бас тарту және күштердің арасалмағындағы басымдықты демократияның пайдасына шешу ұстанымын мәлімдеді.

АҚШ Президенті Джордж Буш ресми мәлімдеме жасап, онда КСРО-дағы конституциялық басқаруды қалпына келтіру бағытындағы РКФСР Президенті Б. Ельциннің әрекеттерін толығымен қолдайтынын айрықша атап өтті. Еуропалық Экономиканың Кеңесінің өкілдері М.С. Горбачевтің қайтып оралуын талап етіп, орындалмаған жағдайда Кеңес КСРО-ға берілетін көмектің елеулі бөлшегін тоқтатып тастау қаупі барын білдірді. ТЖМК-нің құрылуына Саддам Хусейн (Ирак) және кейбір шарттармен Қытай келісті.

Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комитеті (ТЖМК) мүшелерінің КСРО халықтары арасынан кең қолдау табуға деген үміті ақталмады. Оларды жоғары шендегі әскерилер мен партиялық номенклатураның шағын бөлігі, соның ішінде Қазақстандағы партия басшыларының аз ғана тобы қолдады. ТЖМК шегінуге мәжбүр болды.

Н.Ә. Назарбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің төтенше мәжілісін шақыру туралы ұсыныс жасады. Онда КСРО Президентін сайлаудың нақты күнін белгілеу мен Одақтық шартқа дереу қол қоюға шақырды. Елбасы республикадағы күрделі ахуалды, тұрғындардын көңіл күйін ескерді. Сол күндері тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік дау-жанжалдарды болдырмау басты мақсат болды. Бұл мақсат толығымен орындалды. Егемендік туралы Декларация мен Қазақ КСР Конституциясына сәйкес өкімет билігі тұтастай кеңес ұйымдарының қолында болды. Президент Қазақстанда орналасқан Қарулы күштердің бөлімдері мен жеке құрамын, МҚК мен КСРО Ішкі істер министрлігін конституциялық нормаларға адал болуға шақырды. Ол егемендікті нығайтуға. демократиялық қағидаларды берік ұстануға. Одақты сақтауға, реформаларды онан әрі жалғастыруға ерекше мән берді.

21 тамыз күні Ресей үкіметінің жіберген ұшағымен М.С. Горбачев Қырымнан Мәскеуге кайтып келді. Демократиялық күштердің басымдылығы жағдайында ТЖМК-нің әскери күш қолдануға батылдығы жетпеді. Әскерлер казармаларына қайтарылды. Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті сәтсіз аяқталды. ТЖМК-нің басшылары тұткындалып, істері сотқа берілді. Бүлікшілердің жеңілуіне бұқара халықтың қолдамауы, Ресей басшылығының табанды қарсылығы, сондай-ақ, одақтас республикалар басшыларының ішкі мәселелерді жаңаша тұрғыда шешуге деген ықыластары себеп болды. Әскери күштердің Ресей басшылығына көрсеткен қолдауының да маңызы зор болды. Б.Н. Ельцин 23 - тамыз күні өзінің жарлығымен КОКП-ның қызметін тоқтатты, ал 6 — қарашадағы Жарлығымен мемлекетті басқару құрылымындағы билік партиясы ретінде, компартияның қызметіне тыйым салынды. ТЖМК бүлігінің басылуы, кеңестік саяси жүйенің «орталық — республикалар» «жоғарғы билігінің» дағдарысын көрсетті. Бұл бұрынғы жүйенін «өзегін» құраған және КОКП мен МҚК сияқты өкімет билігінің серіктігін қолында ұстаған кұрылымның күйреуімен байланысты еді. Бүлік басылған соң, тамыздың 24-і күні республиканың Жоғары Кеңесі «Ағымдағы кезеңді бағалау және егемендікті нығайтуға байланысты шаралар туралы» қаулы қабылдады. Президент «тамыз төңкерісін» қолдаған азаматтарға кешіріммен және түсінушілікпен қарады. Қазақстанда тамыз оқиғаларына байланысты ешқандай сот та, саяси істер де қозғалған жоқ. Бірақ «тамыз бүлігі» республика басшыларын бұдан әрі жауапкершілікті өз мойнына алудын қажеттілігіне көзін жеткізді.

Тамыз оқиғаларынан соң тағы да жүз күн М.С. Горбачев КСРО-ның шартты түрде Президенті болып қала бергенімен, ештеңе өзгерте алмады. М.Горбачевтің сөз жүзіңдегі демократиялық қағидасы бұрынғы саяси жүйенің сақталып қалған қайшылықтарын шешпеді. М.С. Горбачев пен Б.Н.Ельциннің жеке келіспеушілігі жағдайды ушықтыра түсті.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 1991 жылдың тамыз айында өзінің КОКП ОК Саяси Бюросы құрамынан шығатынын мәлімдеді. Осы жылдың тамыз айында Семей ядролық полигонында болды. Сынақ аймағынан келген соң парламенттің арнайы сессиясын шакырып, жарты ғасырлық тарихы бар Семей полигонын жабу мәселесін қызу талқыға салды. Алғашқы құпиясыздандырылған мәліметтерде полигондағы жарылыстардың жалпы зарядтық күші, Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2.5 мың есе қуатты екендігі айтылады. Сессияның соңғы күні, яғни 29 тамыз күні Президент полигонды жабу туралы мәлімдеме жасады. Қазақстан осындай қару түрлерін өндіретін және сынайтын бүтіндей бір индустрияға ие бола тұра, әлемдегі төртінші арсенал деген қаһарлы дәрежеден өз еркімен бас тартқан бірінші мемлекет болды. Бұл — КСРО-ның бұрынғы басшылығының келісімінсіз жасалды. Ұлт мұратына қызмет етудің жарқын да жасампаз көріністерінің бірі болды.

1991 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан Компартиясының төтенше және кезектен тыс съезі өтіп, онда Қазақстан Компартиясын тарату және жаңа партия құру туралы шешім қабылданды. Делегаттар арасында партияның атауы туралы өткір пікір сайыс туып, бірнеше атау ұсынылды. Делегаттардың көпшілігі «социалистік» атауын қалады. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның халық бірлігі партиясы» атауын ұсынды, бірақ ол депутаттар тарапынан қолдау таппады. Жаңа құрылған партия Қазақстанның Социалистік партиясы (ҚСП) деп аталды. 90-жылдардың бірінші жартысында ҚСП ең ірі партия болып, онын қатарына әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған 47 мың адам кірді. Баспасөз органы «Республика» және «Сүхбат» газеттері еді. 1991 жылдың күзінде Компартия мүшелерінің бір бөлігі Қазақстанның Халықтық Конгресс партиясы қатарына өтті. Осы партияға еліміз бен шет елдерге танымал ақын, әрі қоғам қайраткері О.Сүлейменов пен М.Шаханов ұйытқы болды. Партияның негізгі міндеті парламенттік әдістерді пайдалана отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын онан әрі дамыту болатын.

Әкімшілік, экономикалық, иерархиялық және басқа байланыстар әлсірей берді. 90-жылдары КСРО-ның дағдарысын әлемдік қауымдастық жіті қадағалап отырды. Сингапурдың негізін салушы, әрі оны отыз жылдан сәл астам уақыт ішінде дамыған мемлекет қатарына жеткізген Ли Куан Ю 1991 жылы мамыр айында Алматыға бейресми салармен келген еді. Ол өзінің оқыған дәрісінде коммунизмнің ешқандай болашағы жоқ екендігін дәлелдеп. КСРО-ның сөзсіз құлайтындығын, Қазақстанның болашағының зор екендігін мәлімдеді.

1991 жылы 8 желтоқсанда Ресей басшысы Б.Ельцин, Украина басшысы Л. Кравчук, Белоруссия басшысы С. Шушкевич Беловежьеде «Вискули» үкімет резиденциясында кездесіп, КСРО-ның құрылуы туралы 1922 жылдың 30 желтоқсанындағы шартты бұзу жөніндегі келісімге қол қойды. Нәтижесінде КСРО халықаралық құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде күшін жойды. Құжатта: «КСРО халықаралық саяси құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде өзінің өмір сүруін тоқтатты», — деп жазылды. Сол жылдың 13 желтоксанында Ашхабадта өткен Орта Азия және Қазақстан Республикасы басшыларының кездесуі «Беловежье келісімін» қолдады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы келісімге қол жеткізді.

Сонымен, 1990—1991 жылдардағы егемендік үдерісі Беловежье келісімімен бекітілді. Бұл келісімнің қорытындылары туралы ең алдымен, АҚШ Президентіне хабарланды, ал КСРО Президенті М.Горбачев болса бұл біткен іс туралы екінші болып естіді. Сол кезеңдегі тарихи оқиғалардын куәсі болған Н.Ә,. Назарбаев былай деп еске алады: «Ертеңіне М. Горбачев, Б. Ельцин және мен — үшеуден-үшеу бас қостық. Б.Ельцин Беловежьеде қабылданған шешімдерді егжей-тегжейлі баяндап берді. М.Горбачев пен Б.Ельцин арасында екі сағат бойына Беловежье шешімінің мән-мағынасы бойынша, жүйке шымырлағандай қызу әңгіме болды. Мен олардың екеуінің әнгімелерін тыңдап отырдым. Ел үшін және бір қазанға бастарын сыйғыза алмаған екі лидер үшін өкініш сезімі билейтін». Кеңес Одағының тарихы осылай аяқталды. М.Горбачев КСРО Президентінің өкілеттілігін тапсырды және 1991 жылы 25 желтоқсан күні Кремльдегі орнын Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцинге беруте амалсыз көнді. Бұл өмір шындығы, уақыт талабы еді. Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен «тамыз бүлігі» 1991 жылдың қазанына қарай КСРО құрамында болған одақтас республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылдың желтоқсанынан жартылай президенттік республиканың алғашқы қадамдары басталды.

Президенттік басқару формасының «институционалдық» кезеңі 1990 жылдың сәуірінен 1991 жылдық желтоқсаны аралығын қамтиды. 1991 жылы 1 желтоксанда өткен бүкілхалықтық сайлауда Қазақстанның Президенті болып Н.Ә. Назарбаев сайланды. Сайлауға қатыскан халықтың 98,78%-ы Н.Ә. Назарбаевқа дауыс берді. «Социалистік» кезеңнің аяқталуы, мемлекет атауын өзгертуді талап етті. 10 желтоқсан күні Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы заң қабылданды. 1991 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласындағы Республика алаңында — Президентті ұлықтау рәсімі өтті.

Н.Ә. Назарбаев көпұлтты республикамызға адал қызмет етуге, Конституциясын құрметтеп, халықтың құқығы мен бостандығына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің міндетін адал атқаруға ант берді, мінбеге жақындап, Конституция мен мемлекеттік егемендік Декларациясына қолын қойып тұрып, анттың мәтінін қазақ және орыс тілдерінде қабылдады. Залда салтанатты түрде Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындалды. Президент шығып сөйлегеннен кейін, сахнаға республиканың халық ақыны Ш. Әбенов, республиканың халық жазушысы Д.Ф. Снегин, КСРО халық депутаты И. Қожахметов, КСРО халық әртісі Қ.Х. Қожамияров, КСРО еңбегі сіңген жаттықтырушысы Э.Ф. Айрих сынды елге қадірлі ақсақалдар шығып, барлығының атынан Ш. Әбенов Президентке бата берді. Ұлттық оюмен өрнектелген шапан, бас киім және көне белбеу тарту етті.

1991 жылдың 16 желтоксанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазакстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңның 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.

Бастауын мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдаудан алатын Конституциялық Заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық. билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидаттар көрініс тапты. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Тәуелсіздік туралы Занның негізгі мәні 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресінін заңды қорытындысы болды.

Заңның екінші тарауында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына, шыққан тегі, әлеуметтік және дүние-мүліктік жағдайына, тұрған жеріне қарамастан құқығы мен міндеткерліктерін бірдей пайдаланатындығы атап көрсетілген. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы мәселе екінші тараудың 7-бабында карастырылып.

Қазақстан Республикасындағы көші-қон үдерісін реттеу, жаппай саяси қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру және басқа адамгершілік нормалары бұзылған кезде ел аумағынан кетуге мәжбүр болған адамдарға және олардың ұрпақтарына, бұрынғы көршілес кеңестік республикалар аймағында тұратын қазақтардың қайта оралуына жағдай жасау туралы айтылады. Қазақстанда тұратын қазақ ұлтының және басқа ұлт өкілдерінің дәстүрі мен тілін, ұлттық құндылығын сақтау, мәдениетін өркендету мен дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып дәйектелді. Сонымен қатар, мемлекет елімізден тыс аймақтарда тұратын қазақтарды, олардың ұлттық-мәдени, тілдік және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, олар азаматтары болып табылатын мемлекеттермен келісім негізіңде қорғауға және қамқорлыққа алынды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары үшінші тарауда анықталғандай, бөліну қағидаларына қарай заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып құрылып, іс жүзіне асырылады. Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Республикасы Президентінің халықтың атынан сөйлеуге құқығы бар. Заң шығарушы билік Қазақстан Республикасыны Жоғарғы Кеңесі тарапынан жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Елбасы және атқарушы билігі Президент, сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Жоғарғы төрелік соты жүргізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық соты — Конституиияны сотпен қорғаудың ең жоғарғы органы болып табылады.

Төртінші тарауда Республика мемлекеттік тәуелсіздігінін экономикалық негіздеріне анықтама берілген. Тәуелсіздік мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктің барлық түрлерінің көпқырлылығы мен тендігіне негізделетін дербес экономикалық жүйенің болатындығы жан-жақты атап көрсетілген еді.

Жер мен оның қойнауы. су, әуе кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи байлықтары, экономикалық және ғылыми-техникалық мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

Бесінші тарауда Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтық мүшесі болып жарияланғаны айқындалады. Ол халыкаралық құқықтық субъектісі болып табылады, дипломатиялық және консулдық өкілдермен алмасады, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне кіре алады және олардың қызметіне қатынасады. Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық мәселелерді өз бетінше шешеді.

Алтыншы тарауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігін қорғау мәселесі сөз етіледі. Өз тәуелеіздігін және аумақтық тұтастығын сақтау мақсатында, республика өзінің Қарулы Күштерін құру құқығына ие болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Елтаңба, Ту. Әнұран. Астанасы — Атматы қаласы. Осы Заң Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болды.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылдануы жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін бекітті. Оған — 16 желтоқсанда қол қойылуы, 1986 жылғы оқиғалардан кейінгі Қазақстанда демократиялық үдерістің сабақтастығын дәлелдеп, елдегі өзгерістердің бастамасы болды. Сонымен бірге шынайы егемендікті жариялап, сыртқы әлемнің елімізді тануына қол жеткізілді.

Конституциялық Заң Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерімен шекара мәселесін толығымен реттеуге көмектесті. Ол Еуразия кеңістігіндегі сенімділік саясатының, серіктестіктің және тұрақтылықтың негізін қалады. Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасьгаың тәуелсіздік күні ретінде танылды. Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия елі бірінші болып таныды. Сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және тағы басқа ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шетелдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Алматыға шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап мемлекетаралық және үкімет аралық келісімшарттарға қол қою жүзеге асырылды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алдына үлкен келелі міндеттер қойылды. Олар елдің ішкі жағдайында Егемен Қазақстан мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, жоспарларды іске асыру, елдің ішінде көп ұлтты халықтардың бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттер — оның бүкіл дүниежүзі елдерімен байланыстарын одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болғызбау. Халықтың ерік-жігері тек осындай аса маңызды міндеттерді іске асыруға бағытталды. Ұлттық мұрат — мүдде алдығақты.

Дерек көзі «Қазіргі Қазақстан тарихы» Алматы «Раритет», 2010ж. 120-128 беттер. Б.Ғ. Аяған, Х.М. Әбжанов, Д.А. Махат

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.