Жарқын бағдар
21.08.2017 2488
Ғаламзаттың ХХІ ғасыры қоңырауын соғып, жаһанның кеудесінен түлеп ұшуға дайын тұрғанда ХХІ-ді адамзат кешегі дүлей ғасырларда қалған аласапыран, тоқыраулардан ада, адам баласы үшін тым бөлек ғасырнама, жаңа заман деп үміттене күтті.

Кіріспе

Ғаламзаттың ХХІ ғасыры қоңырауын соғып, жаһанның кеудесінен түлеп ұшуға дайын тұрғанда ХХІ-ді адамзат кешегі дүлей ғасырларда қалған аласапыран, тоқыраулардан ада, адам баласы үшін тым бөлек ғасырнама, жаңа заман деп үміттене күтті. Шындығында тарыдай айналған жұмыр жерге жылыстай енген ХХІ ғасыр оның екі аяқты тұрғындарының дара үмітін толыққанды ақтай ма, жоқ әлде таптай ма, оған бірақ төреші иелік ете алады – уақыт. Бұл ғасырда дәуірлеген сайын өзінше сілкініс жасауда, ғылыми техникалық прогресстің сойылын соғып, «мен» деген идеялардың ұшпағын тудыруда. Ол – жаһандану. Адамзат көз ілеспес ғарыш жылдамдығымен дамып келеді. Дегенмен, артына қарайламай, тарихына үңілмей, ертеңін болжау күлкілі ғой. Кешегі ХХ ғасыр адамзат тарихының талай дүрбелеңі мен дүмпуінің, үдерісінің куәгері. Соның бірі идеялар. Идея демекші ХХ ғасыр ғалымдар тарапынан көп тармақты идеялар туындап, қылаң берген ғылымның өзгеше даму кезеңі болды. Кейбір идеялар философиялық ой түйін болып орнықты, кейбіреуі суға сіңген құмдай жым-жылас жоғалды. Енді бір идеялар дәл адамдардай қудалауға ұшырап, кейіннен жарқ етті. Біздің талқыламақ идеямыз соңғысына жатады. Ол кешегі орыс ғалымдары Савицкий, Трубецкой негізін қалаған, кейіннен 90-шы жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тың бастамасымен қайта дәуірлеген – еуразияшылдық.

1921 жылы 3 маусымда Софияда орыс эмигранттарының діни-философиялық үйірмесінің мәжілісінде Н.С. Трубецкой мен П.Н. Савицкий негізін қалаған және марксизм мен социалистік құрылыстың жаңа еуразияшылдық бағыты өмірге келді. [1] Дәл осы идеяны қуаттап жазылған алғашқы тарихи еңбектерде бұл идея түпкілікті түрде, нақты мағынасында толық ашылмады. Көбіне көп идея саяси тұрғыда көлеңкеленіп, жаңыла бастады. «Еуразия» ұғымының мәні толық мағынасын аша алмады. Еуразия доктринасы көлбеу саясатшыл тұжырымға айналып кете барды. Мысалы, Трубецкойдың 1920 жылы жарық көрген «Еуропа және адамзат» еңбегінде еуропацентризмді сынаудан бастап, Ресейдің Еуразия құрлығындағы рөлін жоғалтпау туралы ойларға жиі орала берді. Бұдан әрі бұл идеяны қуаттаушы ғалым В.И. Ламанский 1892 жылы жазылған «Азиялық-Еуропалық материктің үш әлемі» атты еңбегінде Трубецкойдың ойын барынша қуаттады, Еуразия құрлығындағы Ресейдің тарихи рөлін ерекше етіп көрсетуді басты мақсат тұтты.  Бірақ кешегі классикалық бағыттағы ғалымдар  руханияттың биік болуын басты мақсат етіп қоюының астарында үлкен гуманистік ойлар жатыр еді.

Еуразия – жер құрылығындағы ең үлкен және халқы ең көп тығыз қоныстанған материк. Әлем өркениетінде көш бастап тұрған елдердің көбі, ғаламдық маңызы бар мегаполистерде осы құрылықта орналасқан. Еуропа мен Азияның өзіне тән болмыстағы өмір сүру салты болса да, жаһанды жалпағынан алып жатқан құрлықта өз мәдениеті, тілі, дінімен ерекшеленетін ұлттардың бүгінде тұтастық пен береке-бірлікте өмір сүруі үлкен идеалға лайықталған. Бірақ кейде өрескел түсініктер Еуропа мен Азия халықтарының біртұтас өмір сүруін, бір-бірімен тәжірибе алмасып, өзара достық қатынастар құруын әр ұлттың өзіне тән этникалық болмысының жоғалып кету қаупіне балайды. Осы орайда еуразияшылдық идея тұрғысында көп еңбек сіңірген Л.Н. Гумилевтің «суперэтнос» ұғымы ойға оралады. Кешегі классикалық еуразияшылдық идея өкілдері еуразияшылдық «мемлекет алдында бас июшілік емес, ең бірінші кезекте руханият алдында бас ию» деген айрықша түсініктері Л.Н. Гумилевтің «көп халықты ұлт» яғни «суперэтнос» бір-бірін даралап сыйлайтын, құрамындағы әр халықтың құқығы мен бостандығын бағалайтын идеяның үддесіне сыяды. «Еуразияшылдық – үлкен құбылыс метафорасы» мақаласында Еуразияшылдық идея Шығыс пен Батыстың қуаттарының бірігуі деп көрсетіледі. Философиялық тұрғыдан алғанда бұл пікір қуатталады. Бұдан туатын ой еуразияшылдық идеяның ең басты миссиясы – бірлік. Еуразия құрлығында өмір сүріп жатқан ұлттардың өзара бірлігі. Бірақ бұл өзгелерден бөліну, я болмаса тысқары болу деген жалаң түсінік емес. Бұл өзара жалпы бауырластықтан жалпы ғаламшарлық бауырластыққа табан тірейтін тұрлаулы ой.

Ал бастысы қазіргі алпауыт заманда ғаламды жайлаған проблемалар толастар емес. Адамзаттың өз қолыменжасаған табиғатқа қастандығын айтпағанда, жекелеген мемлекеттердегі мәселелер ауыз су, электр энергиясы, кедейшілік, аштық, діни қақтығыстардың әлі де сын сағаты соғып тұр. Міне мұндай алпауыт мәселелерді шешу жолында еуразияшылдық идеяның алып қосары бары ақиқат. Біз жоғарыда кешегі классикалық еуразияшыл ғалымдардың идеясын сөз етіп, сәл-пәл талдау жасадық. Ал мына аталған проблемаларды шешуде әрі ерек ойлауда, Еуразия құрлығында тың бастамалар жасақтауда  неоеуразияшылдық идеяны жалғастырған  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тың бастамалары ғалам үшін де үлкен маңызға иеболды. Осы орайда елбасының аталған уақыт аралығында көреген  көзқарастарымен жобаланған негізгі идеяларына тоқталып өтсек.

Н.Ә. Назарбаевтың Еуразиялық бастамасы ТМД аймағы үшін жаңашыл жоба болып табылады. Еуразиялық бастама сол жылдардағы қиындықтардың алдын алуға бағытталып, стратегиялық негізге ие болды. Елбасының «Мемлекеттердің Еуразия одағын құру жөніндегі» жобасы 1994 жылы 3 маусымда ТМД-ға қатысушы мемлекет басшыларына жіберіліп, оның нәтижесі 6 маусымда қазақстандық, ал 8 маусымда ресейлік баспасөзде жарияланды. Жобаның тұжырымдамалық кіріспесі маңызды мәнге ие, онда (наурыз айындағы сөйлеген сөзінде де) көрсетілгеніндей, ТМД елдерінің дамуы екі үдеріспен анықталады: бір жағынан, «ұлттық мемлекеттіліктің одан әрі қалыптасуымен», сондай-ақ, екінші жағынан – «ықпалдасумен». ТМД елдерінің басты мәселесі – қабылданған шешімдердің орындалмауында деп Н.Ә. Назарбаев атап көрсетті. Осыдан келіп, «барлық қатысушы мемлекеттер тарапынан бірлесіп қабылданған міндеттемелердің сақталуына кепілдік беретін, ықпалдастықтың жаңа деңгейіне көшу» қажеттілігі туралы қорытынды жасалады.  [2] Осылай тың бастама жасаған Н.Әбішұлы одан әрі де бұл идеяны дамытты. 1995 жылы қазанда «Россия» газетіне берген сұхбатында елбасы «Еуразияда бірқатар елдер бар – «Солтүстікте Ресейден бастап, оңтүстікте Үндістанға дейін», әзірге олар «Шығысқа да, Батысқа да жатпайды» дей келе, бұл кеңістікті «аңдысын аңду белбеуі» деп атады.[3] Дәл сол жылы баспасөз Н. Назарбаевты жаңа заманға жаңа көзқарастармен келген «еуразиялықтың идеологы » деп атады. Н.Әбішұлы еуразияшылдық идеяны кең тұрғыда талдау жасап, оны терең сүзгілеуден өткізді. Еуразия құрлығындағы көп проблемаларға баса назар аударып, идеяны жүзеге асырмас бұрын оны нақты талдаудан өткізіп алу керектігін қаперінде ұстады. Мәселен, 1996 жылы жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» еңбегінде Н. Назарбаев ТМД елдерінің арасындағы қарым-қатынас, ықпалдастық туралы тереңнен ой қозғады. Еуразияшылдық идеяны тұтас құрлыққа ұсына келе елбасы Қазақстанның көздеген мақсат-мүдделерін айқындап, оны тасада қалдырмады. Еуразияшылдық идеяның басы-қасында қазақ елінің орны айқын болу керектігін де атап көрсетті. Мәселен, елдің басты нышаны ретінде қар барысын таңдай келе Азиялық жолбарыс тұқымдас бола тұра, Қазақстан Барысының «өзіндік ерекшелігі бар» деп атап көрсетіп, Қазақстанның «еуразиялық ел» ретінде әмбебап орнығуын қолға алды. Елбасының еуразияшылдық идеясы ғаламда бірінші кезекте үлкен ғылыми процесс ретінде орнықса, екінші кезекте барша Еуразия құрлығы үшін пайдаға асқан ықпалды идеяға айналды. Н.Назарбаевтың еуразияшылдық идеясы негізінде:

Еуразиялық Одақ құру туралы бастама Кедендік Одақ құру Еуразиялық Экономикалық қауымдастықтың құрылуы Орталық Азиялық ынтымақтастық ұйымының құрылуы Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы келесімге қол жеткізу Жаңа Астанада еуразияшылдық идея негізінде құрылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бой көтеруі Университеттердің еуразиялық қауымдастығы Ғалымдардың еуразиялық клубы Жоғары технологиялардың халықаралық орталығы құрылып, аталған жобалар жүзеге асырылып, бүгінде жемісін беріп жатыр.  Соның бірқатарына тоқталып, саралап көрсек. 2000 жылы Бішкекте Кедендік одаққа кіретін Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстанның мемлекетаралық кеңесінде жаңа халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың құрылуы тың бастама болды. Бүгінде ЕурАзЭҚ-тың жасап жатқан тың жобаларынан өзге, бірқатар елдердегі экономикалық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндігі молынан жетіп тұр. Тек экономика саласында емес мәдениет, өркениетті дамытуда да бұл жобаның берері бар. Мәселен, жыл сайынғы Еуразия кинофестивальдері, жастар форумдары, ғылыми конференциялар дәл осы одақтың тікелей қаржыландыруымен және бастамаларымен жүзеге асып келеді. Жоғарыда аталған университеттердің еуразиялық қауымдастығы ЖОО арасында студенттерге шет елде білімін жетілдіруге, өзін кәсіби маман ретінде сынап көруіне, университеттер арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасап отыр. Ғалымдардың еуразиялық клубы қарқынды жұмыс жасап, ғылыми техникалық прогресс заманында тың бағыттарымен оза шапса, жоғары технологиялардың халықаралық орталығы бүгінде ғылым мен білімнің кеңістігінде көп жетістіктерге жетті.

Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен толық еркін сауда режимін, ортақ кедендік тариф қалыптастыру және тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесін тіркеуді аяқтау, капитал қозғалысының еркіндігін қамтамасыз ету, жалпы қаржы нарығын жасау, ЕурАзЭҚ шеңберінде бірыңғай валютаға көшу үшін принциптері мен шарттарын үйлестіру, тауарлар мен қызметтерді сауда үшін ортақ ережелер құру және олардың ішкі нарыққа қол жеткізу,кедендік реттеудің бірыңғайланған ортақ жүйесін құру сынды миссияларға құрылған Кеден Одағы 2010 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап үш ел - Ресей, Бе­ларусь Қазақстан үшін бірыңғай кедендік тариф ретінде күшіне енді.Елбасының бұл бастамасы еуразияшылдық идеясының қуатталғанының үлкен дәлелі болды. Одаққа бірігудің негізгі мәні одақ­қа мүше мемлекеттер ішін­де­гі кедендік тосқауылдардың бол­мауында және кез келген сыртқы та­уарға, оның қай елге тасы­мал­данатынына және ортақ ше­карадан қай жерде өткеніне қара­мастан бірыңғай кедендік та­­лапты қалыптастыру мақсаты көзделді. Ендігі жоспар біртұтас көліктік, энер­гетикалық, ақпараттық ке­ңістік құрылуы тиіс, интег­ра­циялық процестер жеделдетіледі, то­лыққанды жалпы рынок қа­лыптасады, ұлттық экономикалар біртұтас кешенге бірігеді. Елдер әлеу­меттік-экономикалық да­мудың ортақ мақсаттарына ке­ліседі, уағдаласқан құрылымдық, ин­новациялық, сыртқы эко­но­микалық және әлеуметтік сая­сат­ты қалыптастырады. [5] Мұның нәтижесі қазіргі уақытта айқындалып келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлының еуразияшылдық идеясының өміршеңдігінің тағы бір көрінісі негізінде бой көтерген, бүгінде елімізге білікті мамандарды түлетіп ұшырған, талай жастың асқақ арман, мұратын үкілеткен елордадағы ең еңселі оқу орыны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Құрылғанына 20 жыл толғанын атап өткен білім ордасы аталған жылдарда көп жетістіктерге жетті. СНГ елдері ішінде көшбастап тұрған жоғары оқу орны атануы мұның үлкен дәлелі. Елбасы жаңа елордада жаңа еңселі оқу орнын құру туралы идеясын 1996 жылдың мамырында жүзеге асырды. Ол кезде Астана қала болып құрылып, елорда дәрежесін алмаған еді. Дегенмен Н. Назарбаевтың көрегендігімен бой көтерген жоғары оқу орны Еуразия кіндігі атанған Астана қаласын үлкен ғылыми ортаға айналды. Шетелдік ғалымдар, білімге құныққандардың көбі аталған оқу орнына ағылды. Назарбаевтың еуразияшылдық идеясының жанданғаны сонша аталған оқу орны кешегі Еуразия тарихын зерттеген, еуразияшылдық идеяның көрнекті өкілі Л.Н. Гумилевтің атын иемденді. 2002 жылы университет қабырғасынан Л.Н. Гумилев мұражайы ашылды. Бұл да үлкен тарихи маңызға ие оқиға болды. ТМД елдерінде теңдесі жоқ университет құрған Елбасы білімге ұмтылған қазақ жастарына үлкен жағдай жасады. Алдыңғы технологиялармен жабдықталған білім ордасы жоғары дәрежеде білім беріп қана қоймай, көп іс-шараларды ұйымдастырушы, еуразиялық кеңістіктегі ғылым мен білімнің қара шаңырағына айналды. Бұған жыл сайын университет қабырғасында өтетін әлем ғалымдарының басын қосатын ғылыми конференциялар, байқаулар, жобалар дәлел бола алады. Бұған қоса М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің бөлімшесі ЕҰУ-нің негізінде қарқынды әрі жемісті жұмыс жасап келеді. Өзім осы білім ордасында білім алғанымды  әрдайым мақтан тұтамын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев бізге яғни жастарға сенім артып, асқақ армандарымыздың шыңына жетуге мол мүмкіндік беруде. «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деген Елбасының сөзі болашақ ел тізгіні біз сияқты біліммен қаруланған ел ертеңі үшін талмай күресетін, адал жастарда екеніне дәлел. Бұл бізді бірінші кезекте қанаттандырады. Тың бастамалар я өміршең  идеялар бір адамның ғана емес тұтас ұлттың тіпті алпауыт құрлықтың өзіне төңкеріс жасауға бейім жаңа заманның көшінен қалыспай оның әрдайым қанатын қатайтып алға сүйрейтін сәулелі бағдаршам іспетті. Болашаққа алыстан көз тастаған сайын алмағайып заманды, тым бөлек дамыған қоғамды көреміз. Жаһандану қоғамына еніп қатардан қалмай өмір сүру үшін де тұғыры нық жоспарлар, ғалам үшін маңызды идеялар керек-ақ.Дәл сондай бағдарлы ерек ой еуразияшылдық идеясы гуманизмнің үлгісін құрған, бүгінде әлемдік маңызға ие көп процестерді жасақтаған тың бастама ғана емес ықпалды жаһандық үдеріске айналды. Еуразияшылдық идеяның тұғырын нықтап оны қалтықсыз жүзеге асырған Н.Назарбаев бүгінде тәуелсіз Қазақстанды әлемдік аренада «еуразияшылдық ұлт» ретінде таныта білді. Тәуелсіздіктің сарабдал жылдарында еліміз талай ғаламдық шараларда көш бастады, әлемдік проблемаларды шешуде де тәуелсіз Қазақстанның ықпалы басым. Бүгінде еңсесін тіктеген егемен еліміз тек береке мен бірліктің символы ғана емес, Еуразия құрлығында жанданған еуразияшылдық идеяның объективті үлгісі сынды.

 

 

Сабина САЙЛАУБАЙ,

Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі

Пайдаланылған әдебиеттер:

Назарбаев Н. Ә. Қазақстан-2030: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы.-Алматы, 1997. Назарбаев Н. Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы: «Атамұра», 2003. Wikipedia – ашық энциклопедия