Бөлісу:
Генри Киссинджер АҚШ президенті Ричард Никсонның заманында алдымен Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесші, соңыра Мемлекеттік хатшы болған.
Бұл қызметті ол президент Джеральд Форд кезінде де жалғастырды. Сыртқы саясат сардары әрі әлемге әйгілі ғалымның 2012 жылы «On China» («Қытай туралы») атты көлемді монографиясы жарық көрді. Бұл туынды, өзінің аты айтып тұрғандай, 4000 жылдық тарихы бар Қытай өркениетінің қыр-сыры мен сол өркениеттің мыңдаған жылдар бойы өзге елдермен қалыптастырған саяси-дипломатиялық және сауда-экономикалық ұстанымдары мен бүгінгі ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған.
АҚШ-тың сыртқы саясаты мен дипломатиясына ерте араласқан Генри Киссинджер Қытайға о баста президент Никсонның арнайы тапсырмасымен аттанса, соңғы 40 жыл ішінде 50-ден астам сапар шегіп, құпиясы мол Аспанасты елінің сырт көзге бірден шалына бермейтін құндылықтарын жан-жақты таразылай келе, оның ХХI ғасыр әлемінде өте маңызды рөл атқаратынына титтей де күмән келтірмейді. Сұңғыла саясаткер әрі дипломат, сонымен қатар, Қытайдың тарихи-мәдени ұстанымдары мен сол елдің Мао Цзэдуннен бері қарай тұтқасын ұстап келген басшыларының өзге елдермен қарым-қатынас жасаудағы сан қилы дипломатиялық әдіс-айлалары мен олардың, әсіресе, бейбітшілік пен соғыс және халықаралық тәртіпке қатысты концептуалдық көзқарастарын Батыс өркениетіне тән төл сипаттармен салыстыра отырып, Қытай халқының ұстамдылығына, ізеттілігіне, отбасы құндылықтары мен мәдениетіне тәнті болғандығын ерекше атайды және мына бір ерекшеліктерге назар аударады.
Біріншіден, автор осыдан 40 жыл бұрынғы Қытай мен бүгінгі Қытай арасының жер мен көктей екеніне ерекше мән беріп, бұл мемлекеттің экономикалық тұрғыдан аса ірі державаға айналғандығын және бүгінгі таңдағы жаһандық саяси тәртіптің қалыптасуына орасан зор ықпал етіп отырғанын тілге тиек етеді. Сонымен қатар, автор АҚШ-тың екінші дүниежүзілік соғыстан бергі заманда қырғи-қабақ соғыс жүргізуден алдына жан салмай келгенін де жасырмайды. Солай бола тұрғанмен, дипломат ғалым Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың әлемдік бейбітшілік пен планета тыныс-тіршілігінің ең түйінді өзегіне айналғанына да ерекше мән береді.
Екіншіден, жоғарыда аталған туындысында автор АҚШ-тың тізгінін ұстаған Ричард Никсоннан бергі 8 президенті мен Қытайды соңғы 40 жыл ішінде басқарған көшбасшыларының екі ел арасындағы нәзік қарым-қатынастарды, олардың о бастағы айтарлықтай айырмашылықтарына қарамастан, асқан шеберлікпен жүргізіп, екі жақтың тарихи мұралары мен ішкі ұстанымдарының әлгі қарым-қатынастарға бөгет болуына еш жол бермегенін де тілге тиек етеді.
Ашығын айту керек, аталмыш қатынастардың өте күрделі болғаны еш күмән тудырмаса керек. Себебі, екі қоғамның өзіне тән түбегейлі ерекшеліктері мен қалыптасқан тарихи және саяси-мәдени ұстанымдарының қай кезде де кесе-көлденеңдеп, алдан шыға беретінін заңды құбылыс деп қабылдаған жөн.
Үшіншіден, АҚШ өз құндылықтарын бүкіл әлемге таңуды бұрын да, бүгін де өзінің басты міндеті деп санап келсе, Қытайдың негізгі ерекшелігі оның сан ғасырлар бойы қалыптасқан терең мәдениетімен тікелей байланысты. Мұны Генри Киссинджер мүлтіксіз дөп басқан. Мәселен, Қытай қай заманда да ешкімді өз дінін қабылдауға мәжбүрлемеген және өз институттарын да өзгелерге телімеген. Бірақ солай бола тұра, Қытайға тән басты сипат сол, ол өзін о бастан-ақ әлемнің орталық патшалығының мұрагері деп есептеген. Сондықтан да өзге мәдениет өкілдерін варварларға теңеген.
Төртіншіден, Қытайдың жоғарыдағылардан туындайтын және бір қағидасына да Генри Киссинджер үлкен мән береді. Ол қағида мынаған саяды: «Сыртқа қашқандардың соңынан қума, өз бетімен келіп қосыламын дегендердің бетінен қақпа».
Бесіншіден, Қытай халқы өз императорларын әлімсақтан бері пір тұтқан және ол тұлғаларды Құдайдың өкілі деп санаған. Сондықтан да шетелдіктерден әлгі қағиданы дәл солай қастерлеуді талап еткен. Егер шетелдіктер императормен кездесуді мұрат тұтса, олар да жергілікті халық секілді императордың аяғына жығылуға тиісті болған. Егер бұл шарт орындалмаса, бөтен елдің өкілдері мен дипломаттарын императорға жақындатпаған.
Дәл осы тұста: «Өзгелерге дәл сондай биіктен қарайтындай, Қытай соншама кім еді?» дейтін ойға қонымды сұрақтың туындауы заңды. Әйтсе де әлгі сұраққа жауапты алыстан іздеудің де қажеті жоқ сияқты.
Айтса айтқандай-ақ, әліптің артын бақсақ, соңғы 20 ғасырдың 18 ғасырының ішінде Қытай экономикалық қуаты жағынан болсын, жер көлемі жағынан болсын, халқының саны жағынан болсын әлемнің ең қауқарлы мемлекеті болғаны көзге ұрып тұр. Шындығында да, Қытай, әлемнің ішкі өнімі тұрғысынан, Батыстың кез келген мемлекетінен оқ бойы озық болған. Генри Киссинджер келтірген деректерге қарағанда, 1820 жылдары бір Қытайдың өзі ғана әлемдік ішкі өнімнің 30 пайыздан астамына иелік еткен. Салыстырмалы түрде бұл көрсеткіш сол замандағы Батыс Еуропа мен Шығыс Еуропа және Америка Құрама Штаттарының жиынтық ішкі өнімдерінен де асып түскен.
Қытай өркениетінің мызғымастай мықты болуының тағы бір алғышарты осы елдің ұлы ойшылы Конфуцийдің рухани мұраларымен тікелей байланысты екені де күмән тудырмайды. Жинақтап айтқанда, ұлы философ өз ұрпақтарының рақымшылдық пен жанашырлыққа, білім мен ілімге, шыншылдық пен турашылдыққа, тазалық пен пәктікке, ізгілік пен әділеттілікке, еркіндік пен теңдікке, толып жатқан басқа да құнды қасиеттерге деген құштарлықтарының, ең алдымен, білім мен білікке деген сүйіспеншіліктеріне өрілмесе, бос дүние болып қалатынын ескерткен және ең бастысы, әр адам өмірдегі өз орнын білуге тиісті екенін өсиет етіп қалдырған.
Халықаралық қатынастар тұрғысынан келгенде де, Генри Киссинджер Батыс әлемінде қалыптасқан дипломатия мен Қытайдың сыртқы саясаты арасында жер мен көктей айырмашылықтың бар екенін бірден аңғарған. Себебі, империялық Қытай о баста басқа елдермен дипломатиялық байланыс орнатып, шет елдерде тұрақты елшіліктер ұстауға мүлде құлықты болмаған. Себебі, әлемде өзіне тең келетін өзге өркениет пен мәдениет бар деген түсінік ешуақытта да Қытайдың қаперінде болмаған. Сондықтан да, өзгелерден өзін әрқашан биік қойып, келімсектерді шекара түбінен ғана қарсы алып, тиісті сый-сияпатын жасап, сол жерден тезірек қайтарып жіберуге тырысқан.
Ресми Қытай жазбаларында көрсетілгендей, шетел өкілдері император сарайына мемлекет істеріне араласу немесе келіссөздер жүргізу үшін емес, керісінше, императорға мойынсұну үшін, яғни оған тағзым етіп қайту үшін ғана келеді деген түсінік берік орын алған. Сондықтан, Генри Киссинджер айтпақшы, император басқа мемлекеттердің басшыларын келіссөз жүргізу үшін емес, керісінше, тек өз билігіне «бас ұрып» келгені үшін ғана қабылдап, өздерімен ала келген сый-сияпаттарына сай жоралғы жасап, шығарып салатын болған.
Халықаралық қатынастар саласында Қытайға тән және бір ерекше сипат өзінің солтүстігі мен батысындағы жапсарлас жатқан Маньчжур, Моңғол, Ұйғыр, Тибет, сол сияқты оңтүстігіндегі Вьетнам мен солтүстік шығысындағы Корея сияқты мемлекеттердің жерлерін басып алуға ешуақытта талпынбаған. Есесіне, олармен сауда-саттықты күшейтіп, прагматизмге негізделген нәзік саясат ұстанып, өзінің олардан әлдеқайда тегеурінді екенін сездіріп, жұмсақ күшпен ғана тізгіндеп отырған.
Осы айтылғанның бұлтартпас дәлеліндей, Генри Киссинджер Қытайды билеген Хань династиясы заманында елдің солтүстік батыс шекарасына қауіп төндірген көршілес тайпаны ауыздықтау үшін билік басындағылардың қолданған бес айласын көлденең тартады. Олардың түйіні мынаған саяды: «Біріншіден, жаудың жанарын алу қажет. Ол үшін оларға көздің жауын алатын киімдер кигізіп, сәнді күймелерді сыйға тарту ету керек. Екіншіден, жаудың аузын алу қажет. Ол үшін олардың аузына дәмді тамақ тосу лазым. Үшіншіден, жаудың құлағын алу шарт. Ол үшін оларды құлақтан кіріп бойды алатын сазды музыкаға бөлеп, әйелдермен арбау қажет. Төртіншіден, жаудың құлқынын алу керек. Ол үшін оларды еңсесі биік үйлерге орналастырып, астыққа толы қамбалар мен жалшылар сыйлау қажет. Ең соңында жаудың санасын алу керек. Ол үшін император келімсектерге өз қолымен ас беріп, шарап ішкізсе жеткілікті.»
Әрине, тілге тиек ететін немесе назар аударатын мұндай дүниелер Генри Киссинджердің туындысында жетіп артылады. Бірақ олардың бәрін тізіп шығу бір мақаланың аясында мүмкін емес екені де түсінікті. Алайда монографиямен түгел танысқан оқырманның тек қана Қытай емес, сонымен қатар Америка Құрама Штаттарының қыр-сырымен де жете танысуына толық мүмкіндігі бар.
Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Бөлісу: