Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының бастауында
05.09.2013 3805
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет басшылығы алдында сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын толыққанды дипломатиялык қызмет құрудың күрделі міндеті тұрды.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып нығаюында сыртқы саясат маңызды рөл атқарады. Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет басшылығы алдында сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын толыққанды дипломатиялык қызмет құрудың күрделі міндеті тұрды.

Кеңестік дәуірде Қазақ КСР-інде Сыртқы істер министрлігі болғанымен бұл саяси ведомство қызметкерлерінің саны аз және оның өкілеттігі мен функциялары шектеулі болатын. Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі дипломатиядан алыс қызметпен шұғылданатын. Халықаралық қатынастар саласының білгір мамандары саусақпен санарлықтай ғана еді. Қазақстанның дербес сыртқы саясат жүргізуді айқындайтын тұжырымдамасы да, шетелдерде дипломатиялық мекемелері де болған жоқ. Сыртқы саяси қызметтегі дәстүріміз тым жұтаң болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы айларында Қазақстанды санаулы мемлекеттер ғана таныды. Әлем мемлекеттерінің бірқатары Қазақстанды КСРО шеңберінен жаңа шыққан, болашақтағы дамуының бағыт-бағдары белгісіз, қуатты ядролық қаруы бар, алдағы уақытта мемлекет болып қалу-қалмауы белгісіз мұсылман елі ретінде қабылдады. Сондықтан республиканың сыртқы саясатын тездетіп қалыптастырмайтын болса халықаралық деңгейдегі мүдделерімізге орасан нұқсан келуі мүмкіндігі белгілі болды.

Жаңа еңсе көтерген еліміздің сын сағаттагы сыртқы саяси ахуалын Президент Н.Ә. Назарбаев: «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бәрі де оңай көрінетін. Әсіресе сыртқы саясатымыздың келешегі еш күмән туғызбайтын. Егемендігімізді жарияласақ болды, күллі әлем есігін алдымыздан айқара ашып салады деп ойлайтынбыз. Бүгін көзіміз жетіп отыр: бәрі өздігінен бола салмайды екен; жеңіл ештеңе жоқ екен», - деп еске алады.

Тәуелсіз елдің сыртқы саяси ведомствосын қайта құру Президент Н.Ә. Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүргізілді. Осы жолда «Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы», халықаралық құқық, Қазақстан Республикасының заңдары т.б. құжаттар зерттеліп сараланды.

Қысқа мерзімде сыртқы саясат ведомствосының заңнамалық құжаттары жасалды. 1992 жылы 2 шілдеде «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасы елшілігі туралы», «Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Өкілінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» Президенттің Жарлығы шықты. Осы құжаттарға сәйкес 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Коллегиясы туралы Ереже қабылданды. Министрлікте басшылық қызметкерлерден және тәжірибелі дипломаттардан кеңесші рөл атқаратын 17 адамнан тұратын Коллегия құрылады.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болу құрметі Төлеутай Сүлейменовке бұйырды. Осы уақыттың қарсаңында сыртқы саяси ведомствоның құрамы небәрі 17 адам болатын. Министрлік басшылығы алдымен Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары туралы Тұжырымдама жасады. Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының тұжырымдамасын әзірлеуде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбаев елеулі көмек көрсетеді. Осы құжат министрліктің 1992-1993 жылдардағы қызметінің негізіне алынды.

Сыртқы істер министрлігі Парламенттің тиісті комитеттерінің басшылары Жабайхан Әбділдинмен және Шәріп Омаровпен өзара тығыз іс-қимыл жасап жұмыс істеді. Осы бірлескен жұмыстың маңызды бір нәтижесі Қазақстан тарихында тұңғыш рет Дипломатиялық қызмет туралы - заңның қабылдануы болды.

Сыртқы істер министрлігі құрылымдық жағынан орталық аппарат жэне шетелдік өкілдіктер болып бөлінді. Құрылымға сэйкес министрдің тиісті орынбасарлары жетекшілік ететін департаменттер мен басқармалар, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшілер тобы құрылды. Бұл бөлімшелер министрлік қызметінің белгілі бір бағыттары үшін, соның ішінде ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимылдар, шет мемлекеттермен екі жақты ынтымақтастық, жалпы еуропалық ынтымақтастық, көп жақты ынтымақтастық, халықаралық-құқықтық мәселелер, консулдық және хаттамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, кадрлар, қаржылық, шаруашылық қызмет көрсету, сондай-ақ шетелдік дипломатиялық корпус, т.б. үшін жауап беретін болды.

1992 жылдың алғашқы айлары Қазақстанның жас дипломатиясының басшылық буынының жасақталуы сияқты оқиғамен байланысты болды. С. Құрманғожин министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Министрдің орынбасарлары С. Батыршаұлы Таяу және Орта Шығыс басқармасына жэне халықаралық-экономикалық байланыстар жұмысын үйлестіру, Қ. Тоқаев Азия басқармасы және баспа, ақпарат, халықаралык ұйымдармен байланыс жұмыстарын үйлестірумен айналысты. Министрліктегі Америка және Еуропа басқармасына В.Х.Ғизатов, Азия басқармасына Х.Р. Омаров, Таяу жэне Орта Шығыс басқармасына Н.Ж. Дәненов, ТМД басқармасына И.М. Аманғалиев жетекшілік етті. Б.К. Нұрғалиев, Б.Ш. Тұрарбеков, А.Е. Қожақов, А.О. Шәкіров министрдің бұйрықтарымен тиісті бөлімшелердің басшылары етіп тағайындалды.

Министрлік басшылығы Президент Әкімшілігімен, Үкімет Аппаратымен, Парламент комитеттерімен, сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асыруға қатысы бар министрліктермен және ведомстволармен өзара іскерлік байланыстарды жолға қоюға күш салды. Сыртқы саяси ведомствоның жұмысын ұйымдастыруда сол жылдары Президент Әкімшілігінің басшысы болған Н. Әбіқаев, Мемлекеттік кеңесші Төлеген Жүкеев, Президент Әкімшілігінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі Ғани Қасымов және оның орынбасары Әркен Ахметов, Үкімет Аппаратының Сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі Сержан Қанапиянов үлкен көмек көрсетті.

1992 жылғы Үкіметтің қаулысына сәйкес министрліктің орталық аппаратына кезең-кезеңмен 476 қызметкер қабылдау көзделді. Мәселен, 1992 жылы 190 адам, ал 1993 жылы - 197. Министрдің 5 орынбасары болатын болды. Қызметтік оклад, дипломатиялық дәрежелер үшін қосымша ақы төлеу көзделді.

Сыртқы саясатты жүзеге асыратын негізгі тұлга дипломаттар болғандықтан бұл кезеңде республиканың кәсіби дипломатиясын жасақтау мәселесі өткір қойылды. Сыртқы саясат ведомствосын халықаралық қатынастар саласынын мамандарымен жедел түрде қамтамасыз ету, жұмыстың тиісті учаскесіне басшылар іріктеу қажеттігі туындады. Ең қиыны ол кезде Қазақстанда дипломаттар даярлайтын бірде-бір мамандандырылған оқу орнының жоқтығы еді.

Тәуелсіз елдің Түңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, шетелдік миссияларында жұмыс істеген қазақстандық дипломаттарды және бұрынғы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің күш-жігерін біріктіру туралы шешім қабылдайды. Қажет болғанда жұмыс тәжірибесі мол бұрынғы партия-кеңес қызметкерлерін осы салаға тарту да көзделді.

Соның нәтижесінде Қазақстанға сырттан 12 тәжірибелі дипломаттар оралды. Олардың қатарында С. Құрманғожин, Қ. Тоқаев, С. Батыршаұлы, В.Х. Ғизатов, Х.Р. Омаров, Н.Ж. Даненов, И.М. Аманғалиев сияқты кәсіби дипломаттар еліне қызмет етуге келді.

Министрлік бос қызмет орындарын уақытша толтыру үшін елімізде осы салада жұмыс істеуге жарайтын білімі мен қабілеті бар Қазақстан азаматтары үшін республикалық конкурс жариялайды. Сыртқы істер министрлігіне кадрлар қабылдау үшін тәжірибелі дипломат, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары С. Құрманғожин жетекшілік еткен қабылдау комиссиясы құрылып жұмыс жасады. Жедел түрде кадрлық және тіл комиссиялары құрылды, олардын құрамына кеңестік дипломатияның тамаша мектебінен өткен тәжірибелі қызметкерлер кірді. Тәжірибелі дипломаттар министрліктің орталық аппаратындағы бос қызмет орнына үміткер әрбір кандидатпен іс жүзінде күн сайын жеке-жеке әңгіме өткізіп отырды. Үміткерлердің жеке істерін мүқият, ерекше талаппен қарап, тілдік және кәсіптік даярлығын, зиялылық деңгейін тексерді.

Үміткерлерге жоғары білімі туралы дипломының болуы, бір шет тілін білуі және жұмыс өтілінің болуы сияқты талаптар қойылды. Әңгімелесу бір шет, қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Үміткерлер қатарында ғылым докторлары мен кандидаттары, жоғары оқу орындарының оқытушылары және ғылыми қызметкерлер болды. Жарты жылда министрлікке 187 адам жұмысқа қабылданды.

Тәуелсіздіктің алғашқы екі жылында шетелдерде Қазақстанның 17 елшілігі ашылды. Кәсіби дипломаттардың тапшылығынан шет елдерге елшілік қызметке түрлі қызметтерде әбден ысылган, көпшілікке белгілі мемлекет, партия және қоғам қайраткерлері, ғалымдар жіберілді. Мәдениет министрі Қанат Саудабаев Түркияға, Экономика министрі Тілеухан Қабдірахманов Францияға, Талдықорған облысының әкімі Сағымбай Тұрсынов Германияға, ақын Мүхтар Шаханов Қырғызстанға, мемлекет қайреткері Мырзатай Жолдасбеков Иранға, ғалым Мұрат Әуезов Қытайға, өндіріс саласының маманы Әкім Жаңбыршин АҚШ-қа, бұрынғы кеңес кызметкері Ю.А.Клочков Украинаға, Сайлау Батыршаұлы Өзбекстанға, Ибрагим Аманғалиев Әзірбайжанға, бұрынғы партия қызметкері В.Б. Темірбаев Ресей Федерациясына, Болатхан Тайжан Египетке, өндіріс маманы, әрі ғалым Әуесхан Қырбасов Бельгияға, Сәлім Құрманғожин Венғрияға, ғалым Мұхамеджан Исаев Үндістанға елшілер етіп жіберілді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшілерінің қатарында С. Батыршаұлы, Б. Тайжанов, С. Құрманғожин және И. Аманғалиев қана арнайы дипломатиялық білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандар болды.

Мұндай саяси тағайындаулар негізінен елдің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының алғашқы кезеңіне сәйкес келді және өзін ақтады.

Белгілі дипломат Қ. Тоқаевтың пікірінше қазақстандық дипломатияға қатысты саяси тағайындаулар негізінен елдің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының бірінші кезеңіне сәйкес келдіру.

Президент бұрын Қазак КСР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған А.Х. Арыстанбекованы 1991 жылы 20-шы желтоқсанда Нью-Иоркке Қазақстанды БҰҰ-на қабылдау мәселесімен айналысу үшін жібереді. Президент БҰҰ-ның кеңестік өкілдік құрамында Қазақстан өкілі болып бару туралы ұсынысты 1991 жылы қазан айында, әлі тәуелсіздік алмаған кезде айтады. Елбасы «Біз үшін БҰҰ-мен байланыс орнату ауадай қажет», - деп тапсырады. А.Арыстанбекова КСРО тарамай тұрганда БҰҰ жанындағы КСРО Тұрақты Өкілдігінің аға кеңесшісі және Қазақ КСР-нің өкілі ретінде тағайындалды. Елбасы А.Х. Арыстанбекованың тағайындалағанын егемен Қазақстанның сыртқы саяси байланыстарды дербес жүргізе бастағанының мысалы ретінде келтірді.

Таңдаудың А.Х. Арыстанбековаға түскен себебі, ол екі жылдай Сыртқы істер министрлігін басқарған және 1990 жылы қыркүйек-қараша айларында БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған болатын. Ол БҰҰ-ның қызметкерлерімен жақсы таныс болатын. Ақмарал Арыстанбекова мемлекет басшысы тапсырған жауапты тапсырманы абыроймен орындап шықты.

1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның 168-ші мүшесі болып қабылданды. Республикамыз үшін бұл тарихи күн саналады. Әлем мемлекеттері Қазақ мемлекетін ресми түрде таныды. Қазақстанның туы алғаш рет БҰҰ-ның алдында желбіреді. Қазақстан Республикасы БҰҰ-на кіруі туралы ресми шешім қабылданғаннан кейін екі ай өткен соң Президент Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігін ашу туралы шешім қабылдады. Ақмарал Арыстанбекова 1992 жылы 15 сәуірде, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болып тағайындалды, ол тәуелсіз Қазақстанның шет елдегі тұңғыш елшісі болды. БҰҰ-ға мүше бола отырып Қазақстан барлық халықаралық істерге толыққанды араласу құқығына ие болады.

Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігі алғашқы жылдары 5-ақ адамнан құралды. А.Х. Арыстанбекованың деректеріне қарағанда шағын топ осы халықаралық ұйымның қарарларының талқылауларына қалмай қатысып, пікірін білдіріп солардың бәрінің дауыс беруіне қатысқан БҰҰ-на мүше 20-25 мемлекеттің қатарында тұрған. ТМД елдерінен бұл құрметті тізімде Ресей мен Қазақстан ғана болды. Тұрақты өкілдік басшысы 1990 жылдардың ортасына дейін БҰҰ-да талқыланған ең өзекті мәселелер бойынша орташа есеппен сессия сайын 25 рет сөз сөйлейтін. Осылай қазақ дипломаттары өз елін БҰҰ-да танытып, беделін көтеруге үлестерін қосады. Өкілдіктің қалыптасып белсенді жұмыс істеуіне БҰҰ-ғы алғашқы қазақстандық дипломаттар - М.Х. Сыздықов, Е.Ә. Ыдырысов, М.А. Смағұлов елеулі үлес қосады.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-шы сессиясына қатысып Азиядағы өзара ықпал және сенім шаралары жөніндегі Кеңес шақыру инициативасын ұсынып, ол БҰҰ-ның көптеген мүше мемлекеттері тарапынан қолдау тапты. Бұл ұйым кейін Қазақстанның бастамасымен Алматыда құрылды. Сөйтіп біздің еліміз Орталық Азия аймағында халықаралық қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылықты ұстап тұруға өзінің нақты қосқан үлесімен танылды. Бұл ұйым қазір аймақтаға ең беделді халықаралық ұйым ретінде белгілі.

Бастапқы кезде Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар мен басқа елдердегі мүдделерін Ресейдің дипломатиялық өкілдіктері арқылы қорғады.

Сыртқы істер министрлігінің территориялық бөлімдердің қызметкерлері жекелеген елдермен қатынасты назарда ұстау, министрлік басшылығына жекелеген елдермен қарым-қатынас жасау туралы ұсыныстар әзірлеу және аймақтық проблемаларды зерттеу мәселелерімен шұғылданды. Сонымен қатар, жекелеген елдер туралы мәліметтер жинау, анықтамалық материалдар әзірлеу, шетелдегі елшіліктерімізбен тұрақты байланыста болу, Қазақстанда тіркелген шетел дипломаттарымен байланыс жасау мәселелерімен айналысты.

Қабілетті жас дипломаттар шетелдердегі дипломатиялық академияларға және жоғары оқу орындарына оқуға, білімдерін жетілдіруге жіберілді. Вена дипломатиялық академиясында - 2, ГФР Дипломатиялық академиясының Берлин бөлімінде - 3, Ресей дипломатиялық академиясында - 3 қызметкер дайындықтан өтті. Кейіннен бірқатары Үндістан, Пәкістан, Голландия және басқа елдердін дипломаттар даярлайтын оқу орындарында қысқа мерзімді дайындықтан өтті.

КСРО-ның ыдырауы салдарынан барлық экономикалық байланыстарымыз үзіліп, ауыр экономикалық дағдарысқа тап болған Қазақстанға шетел инвестициясын тарту үшін, ең алдымен, екі жақты дипломатиялық қатынас орнату қажеттігі көрінді. Қазақстанмен ықпалдастыққа ынталы мемлекеттермен қарым-қатынастың құқықтық негізін жасау керек болды. Мемлекет басшылары қол қойған халықаралық қатынастарымыздың негізі жайындағы келісім-шарт, инвестиңияны қорғау, оларға екі бірдей салық салмау, саудада қолайлы жағдай туғызу т.б. хақында үкіметаралық шарттарға отыру, тағы сондай құжаттар алмасу керек болды.

Алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шет елдерде мекемелерінің жоқтығын ескере отырып, әлемдік аренада тәуелсіз Қазақстанның толық ауқымдағы таныстырылу рәсімі Президенттің және үкімет делегацияларының шет елдерге ресми сапарларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің тек алғашқы екі жылында ғана Қазақстан Президенті әлемнің 19 еліне ресми сапар жасады, халықаралық 11 бас қосуға қатысты. Осы қатарда әлемнің жетекші елдеріне - Австрияға, Ұлыбританияға. АҚШ-қа, ГФР-ге, Францияға, Жапонияға, сондай-ақ Үндістанға, Пәкістанға. Қытайға және басқа елдерге сапармен бару стратегиялық әріптестікті орнату тұрғысынан неғұрлым маңызды оқиғалар болды.

Сонымен 1991-1992 жылдары Қазақстан дипломатиясы өзінің қалыптасуынын алғашқы кезеңін бастан өткізді. Елбасының тікелей араласуымен және қадағалауымен Сыртқы істер министрлігін қалыптастырудың құқықтық, әлеуметтік-саяси және ұйымдастыру-кадр мәселелері оң шешімін тапты.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер, 1996. - 272 бет.

2. Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. - Алматы: ҒӘ Пбк «ОАІЖАК», 2002. - 568 бет.

3. Курмангужин С.А. 45 лет на дипломатической службе. - Алматы: ИД «Жібек жолы», 2003. - 320 с.

4. Арыстанбекова А.Х. Қазақстан және Ұлттар Ұйымы. - Алматы: Дайк- Прессс, 2002. - 432 бет.

5. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 5 томдық. 5-том. - Алматы: «Атамұра». 2010. - 688 бет.

Сейітқали Жахияұлы ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты