Тарихтың ақиқатына жету үшін әділеттік керек
25.02.2014 2961
Қалың оқырманы бар «Қазақ әдебиеті» газетіне арқау болған тақырыптардың бірі «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» атты жинаққа қатысты мәселелер

ТАРИХТЫҢ АҚИҚАТЫНА ЖЕТУ ҮШІН ӘДІЛЕТТІК КЕРЕК

Қалың оқырманы бар «Қазақ әдебиеті» газетіне арқау болған тақырыптардың бірі «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» атты жинаққа қатысты мәселелер (27.09.2013ж.; 13.12.2013ж.). Бұл қуантарлық жәйт. Олай дейтініміз осы жинақ материалдарының өлі күйінде жатпай, бүгінгі ұрпаққа жетуінде деп ойлаймыз.

Өкінішке орай әлі күнге дейін өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы репрессиялардың ұйытқысы  болған «халық» көсемі Иосиф Сталин мен оның жақтастарын қорғаушлар бар екен. Олар жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де, «біртұтас» кеңес халқын (оның ішінде қазақтар да бар) қорғаудың орнына сол баяғы «ескі» сарынға салып, «большевизм», «сталинизм», «коммунизм» ұрандарын қайта жаңғыртып отыр. Біз Ұлы жеңісте И.Сталиннің рөлін бұрынғыша асқақтатып, ал қарапайым жауынгердің рөлін төмендетуге бейім тұрсақ, кім болғанымыз? Тарихқа тар таптық «партиялық-кеңестік» сыңаржақтылықтан гөрі, тарихи танымдық өрісі кең жалпыадамзаттық, өркенниеттік көзқарастар тұрғысынан қарағанымыз жөн шығар.  

Академик Мәлік-Хайдар Асылбеков пен оны жақтаушысы Ғаббас Қабышұлының Ұлы Отан соғысына қатысты менің көзқарасыма қабақ шытып, ұнатпай қалуының бір себебі - жинақтың алғы сөзіндегі мынадай қорытынды екен: «Талдау нәтижелері көрсеткендей, біздіңше «екі жақ та, яғни Германия да, Кеңес Одағы да соғысқа белсенді түрде дайындалған. И.Сталин және оның жақтастары экономиканы милитаризациялауды күшейту арқылы А.Гитлерді алдап соқпақшы болды. Алайда, Гитлер большевиктердың көсемдерінің алдын орағытып кетті». Бұндай тұжырым тарихи шындықты «бұрмалайтын» болып шықты.

Одан әрі қарай «Молотов-Риббентроп пактісі Кеңес Одағы үшін зиянды болды,  үшіншіден соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн И.Сталин Кремльден көрінбеді, төртіншіден У.Черчилльдің бұл соғыстағы рөлі өте жоғары болды» деген ой-қорытындыны аяусыз сынайды. Неге екені түсініксіз, мақала авторы бұл ойлардың ресейлік ғалымдардың еңбектерінен алынғанын алға тартады. Ал мен керемет «құпия ашып берейін». Бұл жинақта ресейлік, ағылшындық, германдық, голландық тарихшылар мен соғысқа қатысқан генерал, офицер, қатардағы қарапайым жауынгерлердің естеліктері кеңінен пайдаланылды, көбі орыс және қазақ тілдеріне аударылған. Осындай еңбектер жеке кітапханамның қорында, Институт кітапханасы мен кітап дүкендерінде де толып тұр. Сосын қазақ тілінде шыққан академик Манаш Қозыбаев, Төлеу Құлбаев, Амантай Кәкен, Сағындық Кенжебаев т.б. сияқты ғалымдардың еңбектерін оқып, өз ойларымды қорытқан едім.   

«Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, қазіргі БАҚ материалдарын қарап отырсаңыз, кейбір авторлар баяғы үйреншікті әдеттерін қоймаған. Мысалы, солардың көбі кітапты көзімен көріп, қолымен ұстамаса да, пікір білдіріп жатады. Тіпті, кейбіреуі сырттан «ауызша» айтылған ақпаратпен де жаза салады. Солардың бірі Ғаббас Қабышұлы. Бұл жағдайкітаптан мүлдем бейхабар болса да, авторын бірден сотқа беретін «социалистік қоғамды», сол сияқты «Мен Пастернакты оқығам жоқ, бірақ ол кінәлі» деп, атойлап үкім шығарушыларды еріксіз еске түсіреді.  

***

Біз, Германияның аты шулы рейхсканцлері Адольф Гитлерді ақтаудан аулақпыз. Иә, ол сөз жоқ агрессор, фашист, диктатор. Сонымен бірге әлем халықтарының 80 %-ын қамтыған Екінші дүние жүзілік соғыстың екінші кезеңінде (22.06.1941) Кеңес Одағына қарсы соғыс ашқан қанышер ретінде тарихта қалды.

Ал, осы Ұлы Отан соғысында И.Сталин, В.Молотов сияқты кеңестік-партиялық басшылар өздерінің саяси қателерінің кесірінен, кеңес халқын қырып алды. Оған соғыстың алдында болған ашаршылықты, саяси репрессияларды, партиялық кадрлардың әлсіздігін, әскери мамандардың жетіспеушілігін қосыңыз. Мына нақты деректерге көңіл аударайық.

1937-1938 жылдары, небәрі 15 айдың ішінде КСРО бойынша 1,5 млн. адам тұтқындалып, оның жартысы атылған (Қараңыз.: Петров Н., Янсен М. «Сталинский питомец» - Николай Ежов. – М., 2008. – 447 с. – 5 бет). Ал Николо Верттің 2006 жылы Мәскеуден шыққан «История Советского государства» атты еңбегінде «1939-1940 жылдары түрмелер мен концлагерлердегі тұтқындардың саны 3,5 млн.-нан 10 млн.-ға дейін жеткені» жазылады. Міне, Кеңес Одағы фашистік Германияға қарсы соғысқа осындай жағдайда кірісті. Басқаша айтқанда, КСРО соғысқа дайын болмай шықты.

Енді не істеу керек?.. «Халық» көсемі ақылға сыйымсыз айла-тәсілдерге көшті. Соның бірі экономиканы милитаризациялауды күшейту арқылы А.Гитлердің алдың орап кету болды. Бірақ, А.Гитлердің айласы одан да асып түсті. Бұл саяси ойында кім жеңді, кім жеңілді?.. Өзіңіз сараптай беріңіз...  И. Сталин соғыс кезінде елді фашизмге қарсы ұйымдастыра білді, ол арнайы мемлекеттік қорғаныс комитетін басқарғаны туралы айтып жүрміз. Бірақ соғысқа қатысты көптеген құжаттар мен материалдардың ішінде Германия Сыртқы істер министрі И.Риббентроп пен КСРО Сыртқы істер министрі В.Молотовтың арасында жасалған құпия хаттамаларды атап айтуға болады. Олардың осы келісімге қол қойған кезі туралы фото да жеткілікті. Мұндай құпия келісімдер болмаса, екі ел арасында Польша бөліске салынбас еді, Батыс Украина мен Батыс Белоруссия КСРО-ға қосылмас еді. Осы келісім бойынша жүздеген неміс дивизиялары Буг өзенінің арғы жағына орналасты. (Буг өзенінің аумағы Есіл, Іле өзендерімен шамалас). Сөйтіп, 1941 жылдың маусым айында қаптаған неміс әскерлері КСРО-ның шекарасына жақындап, қолсозым жерде тұрды.

  Келесі мәселе - кеңестік тарихнамада атақты «үштіктің» (Ф.Рузвельт, У.Черчилль, И.Сталин) бірі саналатын Уинстон Черчилльдің тарихи рөлінің біржақты көрсетілуі дер едік. Шындығына келгенде, ағылшын Премьер-министрі А.Гитлердің басқыншылық саясатын алғаш әшкерелеген саясаткер болды және И.Сталинге «Гитлердің соғыс ашатынын» алдын-ала ескертіп, сақтыққа шақырған. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан, У.Черчилльдің Үндеуі жинаққа енгізілді.

Кемінде 28 млн. адамын жоғалтқан КСРО–мен салыстырғанда, Ұлыбританияда бас-аяғы 326 000 әскер, 70 000 адам шығыны болған. Тағы бір мәселе, Германия қанша тырысқанмен, Ұлыбританияға аяқ баса алмады. Неге?.. Өйткені, бастапқы кезден-ақ ағылшындардың стратегиясы мықты болды, басшылығы дұрыс болжам жасап, көрегенділік танытты. Ал КСРО-ға келсек, оның территориясында неміс әскерлері 1944 жылдың күзіне дейін үстемдік құрды. Адамзат тарихында бұрын-соңды мұндай (28 млн.) адам шығыны болған емес! Жалпы КСРО тарихында адам факторы шет қалды, есесіне партия мен оның көсемдерін дәріптеу басым болғаны белгілі.

КСРО 1929 жылғы «Соғыс тұтқындары ұстау тәртібі» туралы Женева конвенциясына қол қоюдан неге бас тартты?.. Өйткені, кеңестік  басшылардың көбін адамгершіліктен жұрдай, моральдық жағынан азып-тозған адамдар құрады. Олар «большевизм» мен «мемлекеттік терроризмнің» жаппай қырып-жоюдың негізін салды. Сондай-ақ, олар миллиондаған қазақты аштыққа ұшыратып, ұлттық интеллигенция өкілдерін ату жазасына кесті емес пе?..

Өкінішке орай кеңестік тарихнама бізге тұтқынға түскен КСРО азаматарын «опасыздар», «сатқындар» деп үйретті. КСРО-да адам құқықтары тапталды. Жау тұтқынынан арып-ашып елге жеткен қазақ тұтқындары өз елінде «жығылған үстіне жұдырықтың» күйін кешті. Ал өркениетті Ұлыбританияда гуманизм салтанат құрды. Мұнда әскери тұтқындар заңмен қорғалды, ағылшын үкіметі адам факторын бірінші кезекке шығарды. Олар үшін әрбір ағылшын жауынгерінің өмірі қымбат болды. Тіпті «Қызыл крест» арқылы әскери тұтқындардың жағдайын бақылап отырды.

Осы сияқты құжаттар көпшілік қауым үшін қызықты, әрі тың материал деп есептейміз. Ұлыбританияның Премьер-министрі У.Черчилльдің мемлекеттік қызметте ең алдымен ағылшындардың мүддесін қорғауы, адам факторына үлкен мән беруі, тіпті саяси одақтастарына жанашырлық танытуы коммунистік басшылыққа үлгі боларлық іс-әрекет дер едік.

  Осыларды ашық айтсақ, «құлдық психологияда» қалған адамдарды үркітіп аламыз. Кеңестік биліктің соғыс кезіндегі жүйесіз әрекеттерін жасырғанмен не пайда? Бұл біздің «патриоттығымызға» еш нұқсан келтірмейді.

Қазақ тұтқындарының тағдыр-тауқыметі Айткеш Толғанбаевтың «Исповедь судьбы жестокой», Сүлеймен Бекеновтің «Қазақ тұтқыны», Хамза Абдуллиннің естеліктері шынайы жазылған. «Қазақ тұтқынын» кезінде көмектесіп шығарған едім. Жалпы  біздің буын өкілдері соғыстың тарихын бір адамдай біледі.

  Соғыстың басталғанын алғашқылардың бірі болып естіген У.Черчилль, көп кешікпей «Би-Би-Си» арқылы баршаға Үндеу жариялайды. Онда «Нацистскому режиму присущи худшие черты коммунизма. У него нет никаких устоев и принципов, кроме алчности и стремления к расовому господству. По всей жестокости и яростной агрессивности он превосходит все формы человеческой испорченности. За последнее 25 лет никто не был более последовательным противником коммунизма, чем я. Я не возьму обратно ни одного слова, которое я сказал о нем. Но все это бледнеет перед развертывающимся сейчас зрелищем. Прошлое с его преступлениями, безумствами и трагедиями исчезает. Я вижу русских солдат, стоящих на пороге своей родной земли, охраняющих поля, которые их отцы обрабатывали с незапамятных времен. Я вижу их охраняющими свои дома, где их матери и жены молятся – да, ибо бывают времена, когда молятся все, - о безопасности своих близких, о возвращении своего кормильца, своего защитника и опоры. Я вижу десятки тысяч русских деревень, где средства к существованию с таким трудом вырываются у земли, но где существуют исконные человеческие радости, где смеются девушки и играют дети. Я вижу, как на все это надвигается гнусная нацистская военная  машина с ее щеголеватыми, бряцающими шпорами прусскими офицерами, с ее искусными агентами, только что усмирившими и связавшими по рукам и ногам десяток стран. Я вижу также серую вымуштрованную послушную массу свирепой гуннской солдатни, надвигающейся подобно тучам ползущей саранчи.

Я должен заявить о решении Правительства Его Величества, и уверен, что с этим решением согласятся в свое время великие доминионы, ибо мы должны высказаться сразу же, без единого дня задержки. Я должен сделать заявление, но можете ли вы сомневаться в том, какова будет наша политика? У нас лишь одна-единственная неизменная цель. Мы полны решимости уничтожить Гитлера и все следы нацистского режима. Ничто не сможет отвратить нас от этого, ничто. Мы никогда не станем договариваться, мы никогда не вступим в переговоры с Гитлером или с кем-либо из его шайки. Мы будем сражаться с ним на суше, мы будем сражаться с ним на море, мы будем сражаться с ним в воздухе, пока, с божьей помощью, не избавим землю от самой тени его и не освободим народы от его ига. Любой человек или государство, которые борются против нацизма, получат нашу помощь. Любой человек или государство, которые идут с Гитлером, - наши враги … Такова наша политика, таково наше заявление. Отсюда следует, что мы окажем России и русскому народу всю помощь, какую только сможем. Мы обратимся ко всем нашим друзьям и союзникам во всех частях света с призывом придерживаться такого же курса и проводить его так же стойко и неуклонно до конца, как это будем делать мы…» делінген.

Иә, У.Черчилль басқалардай емес, сөзінде тұрды. Көп ұзамай антифашистік одақ құрылады. Болгария, Түркия, Швеция, Испания сияқты Германияның одақтастарына қысым көрсету арқылы олардың агрессиялық пиғылдарын бәсеңдетті. Француз, поляк, Голландия т.б. мемлекеттеріне көмек көрсетті. Сосын Ұлыбритания АҚШ-пен бірігіп, Кеңес Одағы жағына шықты, Қызыл әскерге материалдық және моралдық көмек (ленд-лиз) беріп отырды.

Жазушы ағамыз Ғаббас Қабышұлы өзінің мақаласында тарихшыларға белгілі мәліметтерді тізбектеп шығыпты. Мысалы майданда қанша дивизияның болғанын, қанша батырдың шыққанын жазған. Ондай деректер біздің жинақта да молынан берілген. Одан да біз соғыстың шығу тарихына үңілейік.

1939 жылы КСРО Сыртқы істер министрі В. Молотов Адольф Гитлермен де кездескен. Бұл туралы Габриэль Городецкийдің еңбегінде былай жазылған: «Гитлер встретил Молотова нацистским салютом. Гитлер был на удивлении приветлив и дружелюбен... он стремился завоевать личное расположение Молотова». (Қараңыз.: Роковой самообман: Сталин и нападение Германии на Советский Союз. - М., 2008, 96-бет). 

1941 жылғы маусымның 21-нен 22-не қараған күні В.Молотовқа Германияның елшісі В.Шуленбург соғыстың басталғаны туралы айтқан кезде, ол: «Для чего Германия заключала пакт о ненападений, когда так легко его порвала?» деп, уәжін айтқан. Бұл тарихи факт

Аталған жинақта «Молотов – Риббентроп пактісінің» Кеңес Одағына зиянды болғаны, ел басына күн туғанда И.Сталиннің Кремльден бой тасалағаны, (оны кезінде Н.С.Хрущев та айтқан), бұл соғыста И.Сталинмен салыстырғанда Ұлыбританияның Премьер Министрі Уинстон Черчилльдің рөлі өте жоғары болғаны» туралы батыстық және кеңестік тарихнамаға (оның ішінде қазақстандық тарихнама да бар) негізделген жаңа көзқарастар берілген болатын. Мысалы, И.Сталинге байланысты тарихшы Н.Верттің «История Советского государства» атты еңбегінде: «Германское нашествие - в этом единодушны все свидетельства, казалось полностью лишило Сталина воли и дееспособности. Лишь через 12 дней, 3 июля он оказался в состоянии выступить с Обращением к народу, на целую неделю даже имя исчезло с газетных полос» - деп, анық жазды (Қараңыз.: Н.Верт. История Советского государства.-М.,2006. -560 б).

.

***

  Кез келген соғыстың тарихында негізгі күштер 3 топқа бөлінеді:

  Бірінші топ – қарапайым халық, қатардағы жауынгерлер мен төменгі шенді офицерлер;

  Екінші топ – әскери офицерлер, жоғары шенді генералдар мен маршалдар;

Үшінші топ - саяси қайраткерлер мен дипломаттардан тұрады. Ал соғыс ашу немесе оның алдын алу осы үшінші топтың үлесіне тиеді.

  Осылардың ішінде бірінші топтағы адамдар көп шығынға ұшырайды. Қазақстандық әскерлердің барлығы дерлік (!) осы топқа кірді. Ұрыс даласындағы қан майданда жаумен бетпе-бет шайқасқан екі дивизия командирі, полковник Бауыржан Момышұлы мен генерал Сабыр Рахымов  болды. Олар қарапайым майдангер ретінде соғысты, қиян-кескі ұрыс даласында қан кешті. Ал КСРО-ның Бас қолбасшы И.Сталин ше?.. Тарихи құжаттардың көбінде оның майданда мүлдем болмағаны айтылады. Кейбір кітаптарда «бір рет барыпты-мыс». Бірақ, мұндай дерек көздері  өте аз.

***

Статистикалық мәліметтер бойынша 1941 жылдың 22 маусымынан бастап қараша айына дейін (небәрі 4 айдың ішінде) 3 миллион 900 мың жауынгер (кейбір деректерде одан да көп) Германияның концлагерлеріне тұтқынға түскен? (!). Әскери тұтқындардың көптігі сонша, Германия үкіметі оларды сыйдыратын жер таппаған.

Сол сияқты Ресейдің едәуір аймақтары, мыңдаған қалалар мен деревнялар, Балтық жағалауындағы республикалар, Украина, Белоруссия, Молдавия, Қырым жерлері Германия әскерінің қол астында қалды. Ресми мәліметтер бойынша соғыс кезінде 1710 қала мен поселкелер, 70 000 деревня мен селолар қирады, 25 млн. адам үйсіз-күйсіз босып кетті. Ленинград қоршауда қалды, Сталинград, Киев, Минск сияқты қалалары талқандалды.

Миллиондаға адам соғыс майданында қаза тапты. Менің естуімше, соғысқа аттанған М-Х. Асылбектің әкесі де қайтып оралмаған. Сұрапыл соғыс қаншама отбасын шайқалтты десеңізші?!. Небәрі 20-30 түтіні бар менің ауылым – Ақтастан 58 адам майданға аттаныпты, солардың 16-ы ғана тірі келген. Бұл соғыс әкемнің туған бауыры Қасымды да жұлып әкетті, артында үш баласы аңырап қалды. Қайран біздің аналар арды ойлаған, бар өмірін соғысқа кеткен азаматын күтумен өткізді, қаншамасы зар илеп қалды. Сонда біздің әкелеріміз, миллиондаған қарапайым халық не үшін, кім үшін құрбан болды?! Неге Сіз жетім болып өстіңіз?.. Сіз осы сұраққа жауап іздеп көрдіңіз  бе?..

Неге біздің азат еліміздің аға буын ғалымдары, «халық көсемі» И.Сталиннің «Краткий курс ВКП (б)» атты шындыққа жанаспайтын кітабын Құрандай қастерлейді? Неге біз, қираған мемлекеттің, КСРО –ның аңыз-ертегілерімен шырмалып жүре беруіміз керек?! Меніңше, бұл әртүрлі ғылыми көзқарастар. Әйтпесе, арамызда бөлісе алмайтындай ортақ ешнәрсе жоқ, ал тарих ешкімнің меншігі емес. Тоқ етері, осының бәрі бір-біріне кереғар ғылыми көзқарастарда болып тұр-ау деп ойлаймын.   

***

Бұл соғыста Германия 7 млн., КСРО 28 млн. адамынан айрылды. Айырмасы жер мен көктей болды. КСРО-дағы адам шығыны неге 20 млн.-ға көп болды? Демографтар тарихтың осы жағын неге қарастырмайды?

  Жоғарыда айтылғандай, Кеңес үкіметі «Риббентроп-Молотов» пактісіне имандай сеніп, бейқам күйде отырды емес пе? Әлде, шынымен алданып қалды ма?

Әрине, соғысқа қатысты пікір қайшылығының болуы, заңды құбылыс. Бұл түптеп келгенде «ескі» мен «жаңа» көзқарастардың бір-бірімен қабыспауынан туындап отыр. Ал біздің тұжырым мынадай – тарих үшін идеология емес, адам факторы маңызды. Тіпті, қазіргі мемлекеттік идеология да осыған негізделеді.

  Қалай десек те, қазақ жауынгерлері туралы жинақ материалдарының қоғамға бір пайдасы тиер деген үміттеміз. Ол жинақ 2010 жылы шыққан. Өйткені, жинақ материалдары жауынгердің хаттары мен естеліктеріне, соғыс жылдарындағы газет тігінділеріне негізделген, жаңа деректермен құнды. Қорытындылай келе, Ұлы Отан соғысында партиялық басшылық адам факторын алға шығару керек еді, бізде бәрі керісінше болды.

***

Келесі мәселе - қазақ жауынгерлерінің, жалпы қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы туралы. Тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың зерттеулерінде «Ұлы Отан соғысына Орта Азия республикаларынан 3 миллионнан астам адам алынса, оның 1 млн. 366 мыңы қазақстандықтар болған, соның ішінде 18 бен 50 жас аралығындағы ер азаматтардың үлесі 70%-ды құраған. Ал Қазақстан бойынша соғысқа қатысқандар еңбек (трудовая) армиясын қосқанда, жалпы халықтың 26%-ын құраған. Бұл көрсеткіш Германияда 12% болған. 26% бен 12%!  (Қараңыз: Қазақстан в Великой Отечественной войне 1941-1945 годов. Сб. докладов и выступлений на международной научной конференций, посвященной 55 – летию Победы над фашистской Германий. Алматы, 21 апреля 2000 г. – 49-50 беттер).

Бұған ресейлік тарихшылар басқа деректерді келтіреді. Сондықтан біздің алдағы міндетіміз соғысқа қатысқан қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтардың санын анықтау, қаза тапқандар мен елге оралғандар санын нақтылау болып табылады. Статистикалық мәліметтерде соғыста қаза тапқан қазақтар туралы 130 000, кейбіреуінде 400 000 адам делінген. Ал 7 жыл соғысқан Ұлыбританияда 326 000 адам құрбан болған. Басқаша айтсақ, саны аз қазақ бұл соғыста Ұлыбритания халқымен теңескен.

Бұл соғыста Бас қолбасшынының жеке басын емес, қарапайым жауынгерлердің тағдырына алаңдауымыз керек, Әрине, сұрақ көп, ал нақты жауап өте аз. Сондықтан әртүрлі жанрдағы еңбектерді, мейлі ол мемуар бола ма, монография бола ма, жинақ бола ма шығара беру керек. Соғысқа қатысты деректер неғұрлым көп болса, тарихы соғұрлым терең жазылады. Сондықтан біз бүкіл әлемді шарпыған екінші дүние жүзілік соғысқа кінәлі «көсемдерді» емес, қатардағы қарапайым қазақ жауынгерлерін жоқтаймыз (іздейміз) және оларды барынша қорғаймыз.  

***

Соғыс жеңіспен аяқталды. КСРО халқымен бірге қазақтар да зардап шекті. Ал содан кейін не болды... қазақтың сол ерлігі бағаланды ма?! Жоқ.  Соғыс аяқтала салысымен, ұлттық интеллигенцияны қудалау қайта басталды, адам құқықтары тағы да тапталды. Қазақтың біртуар нар тұлғалары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі тағдыры баршаға аян. Ұлттың шынайы тарихын жазам деп, ғылымда қудаланған Ермұхан Бекмаханов ше? Осылайша, И.Сталиннің ізбасарлары қазақты мәңгүртке айналдырғысы келді емес пе?.. Одан кейін кеңес үкіметі тың игеруді сылтауратып, миллиондаған өзге ұлт өкілдерін Қазақстанға қоныстандырды емес пе?.. Осы ма ерліктің қайтқаны?!

***

Ұлы Отан соғысы туралы айтқанда, біз билік пен халықтың ерлігін ажырата білуіміз керек. Бұл соғыста билік жеңген жоқ, халықтың рухы жеңді.

Тағы бір маңызды мәселе - соғыстың алдында әртүрлі себептермен елден тысқары аймақтарға қоныс аударған отандастарымыздың тағдыры. Бүгінде Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Ресейде көптеген қандастарымыз тұрады. Мысалы, Ресейдің Түмен облысындағы ағайындардың тағдыры қандай? Сол сияқты Мәскеу шайқасы кезінде құрамында қазақтар болған Сібірлік дивизия туралы зерттеулер жоқтың қасы. Олар панфиловшылармен бірге соғысты. Ресей қазақтарының тарихын зерттейтын профессор Зиябек Қабылдиновтың айтуынша, соғыс кезіндегі шетел қазақтарының тарихы назардан тыс қалған, мақсатты зерттеу жобаларына енбей қалған. Өткен жылы тарихшылар қауымының күшімен даярланған «Халық тарих толқынында» атты бағдарлама жобасына «Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан» тақырыбы арнайы енгізілді. Бұл соғыс тарихының «ақтаңдақ» беттерін қайта зерделеуге мол мүмкіндік береді. Енді біз бар күшімізді соғыстың ақиқатын ашуға салуымыз керек. Айтпақшы, академик  М.-Х.Асылбек бұрын коммунизмге жедел жеткізетін теміржолдар туралы жазған болатын. Ал қазір шәкірттерімен қосылып, демографиямен (халықтану) айналысады. Ендеше осы соғыс қырғынынан қазақтан кеткен боздақтарды анықтап бергені жөн болар еді.

  * * *

  Біз үшін тарихшы аға буын өкілдерінің өмір жолы өте қызық. Себебі, олар Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, П.Галузоның қатысуымен өткен талай-талай пікір-таластардың куәгерлері болған. Сондықтан олар естеліктер жазып, қызықты оқиғаларды жастарға әңгімелеп берсе, қандай жарасымды. Артынан ерген інілерінің кем-кетігі болса, түзетуге тырысса, шынайы тарихымыз жазылады. Әрине, күндіз-түні қағаз жазып, «қайтсем елге пайдам тиер екен» деп жүрген ағаларымыз да баршылық. Мысалы, тәуелсіздік жылдарында тарихи тақырыптарға қалам тартып, көзге түскен Қойшығара Салғараұлы («Көне түркілер»), Әнес Сарай («Ноғайлы»), Қажығали Мұқаметқали («Тар кезең»), Медеу Сәрсекенің («Қаныш Сәтпаев», «Евней Бөкетов», «Ермұхан Бекмаханов»)  еңбектерін ерекше атауға болады.

* * *

  Түптеп келгенде осы әңгіменің бәрі мынадан шығып отыр. 2010 жылы жас ғалымдардың басын біріктірген «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» атты көлемді жинақты екі тілде дайындап, баспадан шығарды. Ал оған жетекшілік жасап, редакциясын басқарған және алғы сөзін жазған мен едім. Өкінішке орай бюджеті көтермей, кітап ақ-қара түсті болып шықты.

Пікір жазушыларға айтайын дегенім, оқығасын басынан аяғына дейін дұрыстап оқу керек қой. Бұл жинақты дайындаған «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы», Мемлекет тарихы институты емес. Заңды тұлға ретінде Лига мен Институттың арасы жер мен көктей, екі түрлі нәрсе. Мемлекет тарихы институты кітап шығара алмайды, тек ұжымдық авторлар құрамында болып, атқарған жұмысына қарай қаламақысын алады.  

Сосын жан-жақты сыналған осы еңбек арнайы зерттеу немесе монография емес, бар болғаны жинақ қана. Жинақтың аты жинақ емес пе?.. Онда мұрағат құжаттары мен баспасөз материалдары (интервью, естелік, баяндама үзінділері) көбірек қамтылады. Ол түсінікті де. Ал осы жинақты ҚР ҰҒА –ның академигі көз майын тауысып, егжей-тегжейлі оқып шыққан. Сонда академик атағы бар адамға алтын уақытын сарп етіп, оқитын басқа тарихи кітаптар мен монографиялар табылмай қалған ба?... Егер осы бір жинақ Отандық тарих ғылымын түбегейлі өзгертетін болса, маған содан асқан бақыт болмас еді?!  

P.S. Айтпақшы, мен кезінде ресейлік қоғам қайраткері А.Солженицынның «Как нам обустроить Россию» деген мақаласына орай екі тілде жауап жазған едім. Сол кезде республика көлемінде жанашырлық танытып, үн қатқан аталмыш «патриоттар» туралы естіген жоқпыз.

Мемлекет тарихы институтының директоры

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Бүркітбай АЯҒАН


Дерек көзі «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ газеті», №7 (3379) 14.02.2014 ж.

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.