Жаһандану және жаңа ұрпақ: мүмкіндіктер
28.11.2019 8013

    Заманауи кезеңдегі Қазақстандық дамудың  «Назарбаев моделін» әлем жұртшылығы, тиімді ойластырылған мақсатты міндеттерге шиеленіссіз жету тәсілі, қазақстанның басты жетістігінің мәні ретінде көрініс тапқан, болжампаздық модель тұрғысында танып отыр. Расында, кезінде Д. Эйзенхаур пайым жасағандай Қазақстан «жоспарға емес, жоспарлауға» мән беріп келеді [1]. Ол қоғам және оның құрылымын реформалау аралығын, сол сияқты сыртқы саяси бағыттар аралығын (ТМД, батыс және шығыс) және ішкі саясатты дамытуда да (қаталдық пен заңның үстемдігі мен либерализм арасын), экономика саласында да (шикізат өндіруді арттыру мен дамуды әртараптандырудың арасын), діни нанымдар аралығын (ислам мен христиан), тілдік орта аралықтарын тепе-тең ұстау принциптері арқылы жүзеге асырылды. Осылайша, Қазақстан уақыт сынынан өтіп келеді.

           Жаһандану және көші-қон. 1990 жылдары тұрғындар көші-қоны бүкіл ТМД мемлекеттері аймағында ерекше құбылысқа айналды. Қазақстанға қатысты айтатын болсақ біреулер жаппай көшіп жатса, сырттан қандастар жаппай көшіп келіп жатты. Дәл осы уақытта билік қоғамды біріктіру және қирап жатқан экономиканы қалпына келтіру мақсатында шаралар қабылдады [2]. Дәл осы шешімдер жаһандану деген аждаһаның аузынан алып қалды десе де болады. Негізінде жаһандануды екі жағынан қарастыруға болады. Біріншісі, адами құндылықтарға қарсы жасалатын келеңсіздіктерге негізделген (адами дәстүрден тыс) өзгерістерге қатысты. Екіншісі, адамзаттың эволюциялық дамуымен орайлас жасалынатын түрлі ғылыми-технологиялық өзгерістерді адам пайдасына бейімдей, тиімді қолдану. Соңғы онжылдықтарда жаһандану ұғымы ғылыми айналымда және сараптамалық жұмыстарда кең ауқымда пайдаланылып жүр.

         Француз ғалымы Фернан Бродельдің 1979 жылы жарық көрген «Материалдық өркениет: экономика және капитализм» еңбегінде бұл ұғымның бастау көзін ХV ғасырда пайда болғанын дәйектейді. Негізінен француз ойшылдары «жаһандану» мен «мондиализация» түсінігін қатар пайдаланады. 2002 жылы Парижде 300 термин енгізілген «Мондиализация  сөздігі» шыққан. Француз сарапшыларының пікірінше «мондиализация» экономиканы, саясатты, тұтыну, құқық, мәдениет және басқа саланы қамтитын, интернационализацияның соңы. Оның қалыптасуы 1970-1980 жылдарға жатады. Ал, «жаһандану» мондиализацияның екінші кезеңі, яғни өндіріс пен ақпараттандыру саласында дүниежүзілік трансұлттық жүйенің құрылуы. 2003 жылы Парижде даярланған «Жаһандану және әлемдік басқару» ұжымдық еңбекте жаһандануға тән белгілерді айқындайды. Олар: ұлттық экономика ашықтығы; тікелей шетелдік инвестицияның өсуі; қаржылық жаһандану және капиталдың халықаралық қозғалысының жеделдеуі; экономиканың жаңа секторларында халықаралық бәсекенің кеңеюі; жаһандану үрдістері қамтыған елдер арасында бәсекенің өсуі. Жалпы кең ауқымды талдаулар жаһанданудың дамып отыратын үрдісі және біртіндеп уақыт өткен сайын өңін өзгертіп отыратын әлеуметтік құбылыс кешені ретінде қарастырады. Жаһанданудық екі жақты қасиеті бар. Ол қабылданған шешімдерге орай, бірде мемлекеттің әлсіреуіне, енді бірде күшею көрінісін беруі мүмкін. Катрин Винталь де Венден пайымынша Еуропалық мемлекеттерде көші-қонға бақылау мемлекет тарапынан емес, үкіметаралық және мемлекетаралық деңгейде іске асырылады. Әсіресе 1980 жылдардан бастап Батысқа қарай жылжыған Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Балқан, Таяу және Орта Шығыс, Кариб аймағы босқындарының саны өсті. Көші-қонның трансұлттық, (Қытай, Румыния, Балкан, Батыс Африка) астыртын бағыттары пайда болды. Оған қоса, Шығыстан Батыс Еуропаға, Оңтүстік-Солтүстік, Оңтүстік-Оңтүстік мерзімдік көші-қон бағыты кеңейе түсті. Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропалық-Жерорта теңізі аймағы, Солтүстік Еуропаға, Еуропалық одаққа еңбек ресурстарының еркін қозғалысы да орын алды. Қазіргі дүниежүзілік көші-қонның осал тұсы, қоныс аударушылар (босқындар) шыққан ел мен оларды қабылдаған ел арасындағы өзарабайланыстың болмауы  (Швециядағы ирандықтар, Германиядағы румындар, Канададағы вьетнамдықтар).  

         Иммигранттардың арасында әйелдердің (әсіресе, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядан шыққан) басымдылығы. ХХI ғасырдың басында Еуропа мен Жапон елдеріндегі көші-қон, тұрғындардың кәріленуі мен еңбек ресурстары тапшылығын болдырмауға әсерін тигізді. Көші-қон легі отбасымен бірігу мақсатында және жылдан-жылға босқындар мен еңбек мигранттары құрамында жылдан-жылға жоғары біліктілер саны артуда. Жаңа ғасыр басында негізінен босқындардың басым бөлігін қабылдаған елдер: Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Нидерланды, Бельгия. АҚШ мен Германия. Бұлар әлі де эмигранттарды қабылдаушы елдер қатарында. Дегенмен осы елдер мерзімдік көші-қонды басымдыққа қойғысы келеді. 2003 жылы мигранттардың 90 пайызы, әлемнің 55 елінде орналасқан [3].

        Соңғы уақытта көші-қон үрдісінің өсуіне не себеп? Соңғы онжылдықтарда әлемде экономикалық, мәдени, отбасылық байланыс трансұлттық жүйесінің қалыптасуына орай,  мемлекеттердің дәстүрлі қоғамдық құрылымы өзгерістерге ұшырауда. Көп мәселелер ынтымақтастық пен серіктестік қатынастар сипатында шешілуде. ТМД аймағындағы көші-қон үрдістеріне тән ерекшеліктер бар. Көші-қон легінде білім алуға құлшыныс жасағандар, белгілі кәсіпке немесе қызмет көрсету салаларындағы жұмысшылар қатысады. Әрине мигранттар белсенді қозғалысқа бейімделеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін өзге елдің тілдерін меңгеруге құлшынады.  Әлем халықтарының бір-бірімен кіріге түсуі қазіргі кезеңде ағылшын тіліне деген қажеттіліктің артуынан көрініс табады. Жекелеген мемлекеттерде көші-қон саясатының жүйелі жүргізілмеуі нәтижесінде, отбасы институтының бұзылуы, ақыл-ой иелерінің сыртқа кетуі, кәсіби мамандардың жетіспеушілігін тудыруы, тұрғындардың әлеуметтік қорғалмуы, салт-дәстүрден алшақтау мүмкіндігін молайтады. Дамушы елдерде индустриалды-инновациялық үрдістерге бой алған сайын, ал дамыған елдердегі еңбек өндірісі жоғарлаған сайын еңбек ресурстарына сұранысы өсетіндігі белгілі. Сондықтан да дүниежүзілік көші-қон географиясының ауқымы кеңеюде. Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптер трансшекаралық, жаһандық сипат алуда [4]. Қазақстанда 2001 жылдан бастап халықтың ұдайы өсуі қарқын алып, тұрғындардың жастық-жыныстық құрылымының алға жылжуымен, саны да өсе түсті. Ел экономикасының инновациялық бағыт алуымен, тұрғындардың интеллектуалды-шығармашылық әлеуеті арта түсті. Яғни, сапалы өсімге жол ашылды. Оған негіз болатын негізгі факторлар: адам ресурстары сапасына қатысты жаңа талаптардың күшеюі, адамдардың өмір сүру деңгейлерінің көтерілуі, медицина мен денсаулық сақау салаларында соңғы технологиялық жетістіктердің тікелей әсері, өмір сүрудің орташа ұзақтығы уақытының ұлғаюы, балалар (нәрестелер) өлімінің төмендеуі, тұрғындар сапасының демографиялық деңгейі болып табылады. Халықтың ұдайы өсу үрдісінде тек ұрпақтар алмасып қана қоймайды, сол сияқты тұрғындардың жаңа әлеуметтік-демографиялық құрылымының қалыптасуы жүреді. Жаңа ғасырдың басында Қазақстандағы тұрақтылық пен даму үрдісінің құндылықтары тиімділігін, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Кеңес сияқты шешуші халықаралық ұйымдар жоғары бағалады. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ елі жалпыұлттық бірлік пен келісім үлгісін көрсете білді. 2008 жылдың қазан айында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылдануымен, Ассамблея саяси және қоғамдық өмірдің толыққанды субъектісі болды. Жаңа ғасыр басында этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі әлемнің көптеген ел үшін тартымды әрі пайдалы бола алатын қазақстандық жаңалық деп танылды [5].

             Көші-қон легіндегі жаңа ұрпақ. Әрбір  ұрпақтың білімі мен   мәдениеті, кәсіби-біліктілігі, жастық-жыныстық құрамы сияқты сипатымен ерекшеленетіні белгілі. Тұрғындар көші-қонының оң айырымы, көші-қон үрдістерін тиімді басқару, елдің демографиялық көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, сырттан білікті мамандардың келуіне де ықпалын тигізеді. Осындай оң өзгерістер негізінде 2010 жылы Қазақстанда тұрғындар көші-қоны оң айырымды көрсетті. Негізінен ТМД елдерімен көші-қон алмасуы жүрді. Қазақстанда өзінің ұлтына қатысты бір-ақ рет өзгеріс енгізуге құқылы. Әдетте, ата-аналарының ұлтына сәйкес таңдау құқы беріліп, ол төлқұжат пен жеке куәлікке жазылады. Жекелеген жағдайларда (анасы мен әкесі екі ұлттан болса) баланың өзі  шешім қабылдайды. Дау туған жағдайда, тек сот тәртібімен оның қай ұлтқа жататындығы шешіледі. Тұрғындардың құжаттағы қай ұлтқа жататындығы тармағын  өзгерту, әсіресе кеңестік кезеңде күштеп көшірілгендерге қатысты туындалды. Оған қатысты 1994 жылдың 20 науырызындағы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес анықтама беріледі. 2014 жылы Ішкі істер Министрлігінің мәліметі бойынша, осындай өзінің ұлттық шығу тегін өзгертуге байланысты 1736 құжат берілген.

             2015 жылдың 29 маусымдағы Статистика агенттігінің есебі бойынша халық саны 17 026 802 адамды құрады. 2014 жылдың 1 ақпанымен салыстырғанда 1,5% өсім берді. Оның ішінде тұрғындардың табиғи өсімі 2014 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 1%-ға өскен. Сол сияқты тұрақты тұруға көшіп келген адамдар саны көбейген, яғни 1730 адам. Сыртқа (негізінен ТМД елдеріне) бағытталған мигранттар саны – 1589 адамды құрады. Пайызға шаққанда келгендер мен кеткендер, тиісінше 89,5% и 89,0%. Бұл мезгілде аймақаралық көші-қон артты. Әсіресе көші-қонның оң айырымы Алматы, Астана, Ақмола, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан байқалды. Республика ішінде қоныс аударушылар саны 1,4%-ға өсті. Аймақаралық орналасуда тұрғындар көші-қонының оң айырымы Астана және Алматы қалаларында, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе облыстарында байқалды. 2009-2010 жылдары көші-қон легі құрылымында негізінен республикаға келген мигранттар ішінде қазақтар (тиісінше, 70,4% және 73,0%) басым түсті. Осыған орай мынадай мысал келтіруге болады. Германия ІІМ ақпараты бойынша 2015 жылы посткеңестік кеңістіктегі елдерден ФРГ-ға 3,5 млн. немістер көшіп барған және олар ФРГ тұрғындарының 4%-ын құраған [6]. Бұған 2013 жылғы билік органдарының отбасы мүшелері бір бірімен қосылу мақсатындағы қоныс аударуға түсіністікпен қарап, оларға берілген мүмкіндіктің де әсері болуы керек.

              Осы тұста айта кету керек, кейбір сарапшылар тарапынан эмиграциялық үрдістердің негізгі себебін кедейшілік пен тұрмыстық ұлтшылдыққа әкеліп таңатыны бар. Қазіргі кезеңде баспасөз беттерінен тұрмыстық ұлтшылдықтың кедейшілік салдарынан пайда болатыны жөніндегі пайымдарды кездестіруге болады. Оны мынандай факторларға негіздейді: 2017 жылдың алты айында Қазақстанның 16 аймағының төртеуінде ғана көші-қон оң айырым берген. Республикаға келгендерден гөрі, кеткендердің басымдығы (тиісінше, 8,7 мың; 15,1 мың адам) және  біліктілік әлеуеті төмен жұмыс күшінің қабылданатыны алға тартылады. Енді бұған қысқаша талдау жүргізсек. 2017 жылдың басында сыртқа кеткен - 28 150 адам қай өңір тұрғындары еді? - деген заңды сұрақ туады. Ол - Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары және Алматы қаласы тұрғындары болатын. Оның этностық құрамы орыстар (20 464), немістер (2 331), украиндықтар (1 839), қазақтар (1 043) және татарлардан (697) құралған болатын. Алыс шетелге 2 860 адам, қалғаны ТМД елдеріне кеткен. Эмигранттардың еңбекке қабілетті 68%-ы алдын ала тұрақты тұратын мекендерін таңдап көшкендер. Олардың құрамының 25,7%-ы 15 жасқа дейінгілерді, 6,3%-ы зейнет жасындағыларды құрады [7].

         Эмигранттардың басым бөлігі тарихи отанына көшті. Олардың құрамында инженер, экономист, педагог, медицина, заң, сәулет-құрылыс саласының мамандары.  Ең басым бөлігі техникалық мамандық алғандар (4 816 адам). Көріп отырғандарыңыздай эмиграциялық үрдіске кедейшілік те, тұрмыстық ұлтшылдықтың да қатысы көрініс беріп тұрған жоқ. Мигранттар жоғары білім алған мамандық иелері және өздеріне сенімді деп пайымдауға болады. Қазақстанда жеткілікті бәсекеге қабілетті (басым бөлігі материалдық) әлеует жинап көшкендер. Бұл жерде ел ішінен түрлі бағдарламалар мен жобалар және білім алу мақсатында, біліктілігін жетілдіру бойынша кеткен адамдар санын жіті қарастыру керек. Әрине жоғары білікті мамандардың біліктілігіне сай жалақы беру және құрмет көрсету абзал. Оны жергілікті органдардан бастап жоғарғы билік құзыры негізге алмаса болмайды. 2017 жылы тарихи отанына 5,2 мың қазақ оралса, елден тыс 613 қазақ қоныс аударған [8].

          Республика ішіндегі көші-қон үрдістерінде ең осал жағы, ауылдан қалаға қозғалған тұрғындар мәселесі. Қала өміріне бейімделуіне негізгі кедергілер: тұрғын үй, қалалық тіркеуге тұру, жұмысқа орналасу мәселелері, мигранттардың сұраныстағы мамандықтарға сай біліктілік әлеуетінің сәйкессіздігі, күнделікті тіршілігіне қаржыларының жеткіліксіздігі. Сол сияқты республикада шетелдік еңбек күшін пайдалануға ресми рұқсат болса да, шетелдік мигранттардың басым бөлігі бейресми жолмен жұмысқа орналасады. Мигранттар заңсыз орналасқандықтан, тиісінше заңсыздықтарға да жол берілетіні түсінікті. Қазақстандағы экономикалық дағдарыс мезгілінде шетелден еңбек күшін тарту артқандығын аңғаруға болады.

        2001-2011 жылдар аралығында экономикалық белсенді тұрғындарға жататын шетелдік жұмысшы күшін тарту бойынша квота саны өсті. «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясында, ішкі мигранттардың қалалық жерлерге орналасу мүмкіндігі қарастырылған. 2011 жылдың 2 ақпанындағы ҚР Үкіметінің қаулысымен квотаны анықтау, жұмыс берушілердің ҚР-на шетелдік жұмысшы күшін тарту шарттары мен тәртібі туралы Ережесіне өзгерістер енгізілді. Мұнда жұмыс берушілерге қатысты шарттар қатталды.ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша 2011 жылдың 1 қаңтарында тұрғындар саны, 2010 жылмен салыстырғанда 1,5% өсім беріп, 16,4 млн. адамды құрады. 2012 жылдың 28 желтоқсанында республикада он бір миллионыншы қазақ дүниеге келді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданынан Мұхтар Абдрахим болатын. 2013 жылдың 1 сәуірінде Статистика мәліметі бойынша жалпы тұрғындар саны 16 967 мың адамды құрады. Оның құрамында қазақтар - 65,2%, орыстар -21,8%, өзбектер - 3%, украиндар – 1,8%, ұйғырлар – 1,4%, татарлар – 1,2%, немістер – 1,1% және өзге де этностар – 4,5% құрады.

          Президент Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы бес институционалдық реформа аясындағы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» іске асыруға бағытталған «Көші-қон және тұрғындарды еңбекпен қамту мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актыларына өзгерістер мен қосымша енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Мұнда жоғары білікті шетелдік мамандарды ел экономикасына тарту жағдайлары және көші-қон саласындағы саясатты одан әрі жетілдіру қарастырылған. Заңда көші-қон саясатының құқықтық және ұйымдастыру негіздерін жетілдіру бекітілді. Сол сияқты шетелден келіп ҚР ЖОО-да білім алып жүрген этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу құқы жеңілдетілген тәртіппен қарастырылды. Этникалық қазақтарды ЖОО-ғы, кәсіби білім беру мекемелеріндегі жатақханаларға оларды уақытша тіркеу құқын беру тәртібі бекітілді. Оралмандарға және олардың отбасына жәрдемақы төлеу тәртібін облыстардың, республикалық мәндегі қалалардың және Астана әкімшілігі бекітетіндігі туралы өзгерістер енгізілді [9].

           Тұрғындардың қартаю деңгейі және табиғи өсім. 2015-2016 жылдары әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 26 азамат тиесілі болған (индекс – 25,9). Дегенмен 2009-2014 жылдары бұл көрсеткіш 28,3-тен 25,7-ге дейін төмендегені байқалады. Алайда, 2016 жылы туу коэффициенті әрбір 1000 адамға шаққанда республиканың 16 аймағының тек 5-уінде ғана өсім берген. Ауылдық жерлерге қарағанда қалалық тұрғындардың кәрілену көрсеткіштері жоғары болғанмен, кәрілену деңгейі ауылдық жермен салыстырғанда төмендегені байқалған. Ең жоғары көрсеткіш 100 балаға шаққанда кәрілену индексі Солтүстік Қазақстан облысы қалаларында 62,2 құрады, ал кәріленудің ең төменгі деңгейі 100 адамға шаққанда (0-15 жастағылар), 65 жастан асқандар саны - 14 адамды құраған. Осы көрсеткіш бойынша Алматы қаласында – 37 адамды құрады. Астана қаласында 2016 жылдың қорытындысы бойынша кәрілену индексі – 15,6 адамды құрады. Республиканың ауылдық жердеріндегі тұрғындардың кәрілену көрсеткіші сәл де болса артып келеді. Бұл әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының ауылдық жерлері. Салыстырмалы түрде Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының ауылдық тұрғындары арасында кәрілену индексі төмен (тиісінше, 100 балаға шаққанда 10, 12, 15,8 егде кісі) [10]. Бұл 2016 жылдың басында 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13%-ға, яғни 36,1 мың адамға артты. Тиісінше, ауылдық тұрғындар 7% өсімді, яғни  28,9 мың адам санының өсімін құрады. Республиканың барлық аймақтарындағы тұрғындардың табиғи өсім үрдісі көрініс тапты. Әсіресе, 2016 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша табиғи өсім берген аймақтар:  Оңтүстік Қазақстан облысы (17,7 мың адам) және Алматы облысы (8,9 мың адам), Астана қаласы (5,8 мың адам) [11].

         Тұрғындар санымен салыстырғанда табиғи өсім бойынша аймақтарда көш бастап тұрған Маңғыстау облысы және Астана (мың адамға шаққанда орташа есеппен 6,6 адам), одан кейін Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Алматы облыстары және басқа. Алматы қаласының тұрғындары ішкі көші-қон есебінен өсіп отыр. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік беріп отыр. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Бұл Үкіметтің міндетті орындауға тиісті құзырлы мәселесі. Бүгінгі күні жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту қолға алынуда [12].

       2016 жылдың маусым айының аяғында өткізілген Үкімет отырысының мәліметі бойынша республикада «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзе­ге асы­ру аясында біраз инфроқұрылымдық жобалар  толықтай іске қосылмаса да, 167 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болып, жұ­мыс істеуге жәрдем алған [13].

          Жаһандық өзгерістер «кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдыру» әркімнің және жеке мемлекеттердің өз қолында екенін дәйектеуде. Қазақстан халқы өз отанын әлемдегі  алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосу мүддесін көздеп отыр. Бұл - дәстүрлі даму салаларына серпін беру және индустрияның өңдеуші секторын қалыптастыру арқылы, ғылымға негізделген тұрақты дамуға қол жеткізу. Алайда, бүгінгі әлеуметтік төңкеріс дәуіріндегі әрбір тұрғынның қарым-қабілетінің, қоғамның даму әлеуетіне әсерін тигізетіні айқын. Қандай да бір өзгерістер адами құндылықтар мен мүмкіндіктерді барынша ескергенде ғана тиімді болып табылады. Ірі жаңа технологиялық жобалардың нәтижелері, тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер етеді. Жаңарған елдің, жаңғырған әлеуетті ұрпағы өсіп жетіледі.

 

Пайдаланған дерек көздері:

Қасымбеков М.Б., Темирболат Б.Б., Шаймергенов Т.Т. Модель Назарбаева. Известная история в новом прочтении.-Астана: Издательство «Деловой Мир Астана», 2016.-С.158 Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017.-77б. 1.http://magazines.russ.ru/vestnik/2004/12/my5.html27.11.2013; Dictionnaire de la Mondialisation. Paris, 2001. P. 210.; Р. 14-19. Ульмасова Р.У. Глобализация миграции: вызовы и угрозы. //http:www.raspp.ru.[27.11.2013] Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік дәуірі.-Астана, 2017.-260 бет.  В Германии вновь растет число переселенцев из Казахстана. // «NewTimes.kz». https://news.mail.ru/society/24413564.; http://e-history.kz/ru/contents/view/898 https://news.mail.ru/society/31843697/?frommail=1[4.12.2017] https://365info.kz/2017/08/emigratsiya-rastet-iz-za-bednosti-i-bytovogo-natsionalizma. https://news.mail.ru/politics/24067737/frommail=1 Население Казахстана стареет — исследование. https://news.mail.ru/society/31551284[6.11.2017] https://news.mail.ru/society.25825870/ [19.05.2016] Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарабаевтың Қазақстан халқына 2018 жылғы Жолдауы. // www.akorda.kz [10.01.2018] https://egemen.kz/2016/06/29/48969 [07.07.2016].

 

Құндызай ЕРІМБЕТОВА

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері