Қазақстанда ХХ ғасырда өткен халық санақтары
05.09.2013 3418

1917 ж. ауыл шаруашылығы санағы болды. Санақ 1917 ж. тамыз айында басталып, кей жерлерде 1918 ж. қаңтарына дейін созылды. 1917 ж. ауыл шаруашылығы санағы Түркістан жерін толық қамтығанымен, Қазақстанның басқа жерлерінде толықтай  жүргізіле алмады. Мұнда халық саны, кәсібі, мамандықтарына байланысты мәліметтер болды.

Алғашқы кеңестік халық санағы 1920 ж. жүргізілді. Азамат соғысы аяқталмағандықтан, Қазақстанның бірқатар жері санаққа ілінбей қалды. Санақ кеңестік билік орнаған аумақтың 72%-ын ғана қамтыды. 1920 ж. 28 тамызда өткізілген санақ соғыс коммунизмі мен большевиктік террор жағдайында жүрді. 1920 ж. бір мезгілде ауыл шаруашылық санағы да жүрді.

1923 ж. 15 наурызында қалалар мен қалалық елді мекендерде халық санағы және бір мезгілде өнеркәсіп орындары мен сауда кәсіпорындарының санағы жүрді.

Халықтың саны жасына, жынысына қарай есептеліп, кәсібі мен жеке шаруашылығы саналды. Санақ жаңа экономикалық саясаттың жүргізілуіне орай өткізілді. Салғырттың орнына салық алуға байланысты ірі және кіші мемлекеттік кәсіпорындар және жеке коммерциялық мекемелердің мемлекетке төлер салығын реттеу үшін де қажет болды. КСРО-ның құрылуы, кеңес өкіметінің бекуі, жаңа экономикалық саясат жылдарында өткізілген бұл санаққа Қазақстанның қалалары толық қамтылды деуге болмайды. Бұл кезеңде статистикалық жұмыс жолға қойылған. Санақ материалдарын өңдеу мәселесімен білікті адамдар айналысты. Санақ материалдары халықтың саны, қалалардағы орналасуы, айналысатын кәсібі бойынша мәліметтер береді. Бірақ, Орал облысының Форт Урицкий және Орынбор губерниясында болған Торғай қалалары көлік жолының қолайсыздығынан 1923 ж. санаққа енбей қалды.

1920 ж. да 1923 ж. да қазақ жерлері Түркістан АКСР мен Қазақ АКСР құрамында бөлек басқарылғандықтан, мәліметтері де жеке республикалар негізінде жинақталды. Санақ материалдарын пайдаланарда Түркістан АКСР құрамындағы Сырдария мен Жетісу облыстарының құрамындағы қазақ жерлерін бөліп алып қарастыру керек. Сонымен бірге, осы жылдары статистикалық жұмыстың жолға қойылғандығының арқасында бірнеше статистикалық жинақтар да жарияланды.

1925 ж. бастап жаңа санақты даярлау және өткізу мәселесі қарастырыла бастады. Статистикалық мекемелер жүйесінде қайта құрулар жүрді. 1920-жж. ортасынан бастап губерниялық статистикалық бюролар Қазақ Орталық статистикалық Басқармасының жүйесіне кіргізілді. Санақ мәселесімен Қазақ ОСБ-ның демография бөлімі айналысты.

Кеңестік екінші, бірақ алғашқы Бүкілодақтық халық санағы 1926 ж. өткізілді. Санақта қарастырылған сұрақтар 1920 ж. санақтың сұрақтарына ұқсас болды: халықты жынысына, жасына, ұлтына, ана тіліне, туған жеріне қарай сипаттады. Санақта жұмыссыздық, оның ұзақтығы, жауап берушінің қосалқы жұмысы, оның әлеуметтік тегі, мамандығы мен жұмыс орны туралы сұрақтар да болды. 1926 ж. санақты жүргізудің әдістемесі ерекше тәптіштеліп, жан-жақты ойластыра даярланды. Санақтың сұрақтарына, соның ішінде көші-қонға қатысты сұрақтарға жауапты жинау әдістемесі жетік ойластырыла өткізілді. Өзінің әдіснамасы мен ұйымдастырылуы жағынан бұл санақта халықты есептеудің әлемдік академиялық және тәжірбиелік жетістіктері қолданылды. Санақ бағдарламасын даярлау мен санақты өткізу жұмысын Сорбонна (Париж) университетін бітірген математик, әрі ММУ-дің медициналық факультетінде оқыған медик О.А. Квиткин басқарды. 1926 ж. санақтың материалдары толығымен жарияланды. 53 томнан тұратын санақ материалдары 1927-1933 жж. аралығында жарық көрді. Қазақстанға қатысты 8-том 1928 ж. басып шығарылды. Санақ материалдарын өңдеу, оны жариялау мерзімі сол жылдарға сай өте тиімді деп есептеледі. Материалдардың көптүрлілігі мен бай мазмұнына орай 1926 ж. материалдарының жинақтарына КСРО бойынша сол кездегі есеппен тең келетін статистикалық жинақ жоқ. Санақ бағдарламасында көші-қонға байланысты 6 және 7 сұрақтар белгіленді: 6. Туылған жерің осы жер ма жоқ па? 6а. Жоқ десең, онда қай жерде? 7. Бұл жерде қанша жыл тұрасың?

Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, 1926 ж. санақта көші-қоншылар саны кемітіп көрсетілген. Ж.А. Зайончковскаяның пікірінше, мәселенің бұлайша қойылысы халықты сырттан келгендер және жергілікті деген екі топқа бөледі. Бірақ, ол көшіп-қонғандар немесе көшіп-қонбағандар деп бөле алмайды. Егер келгендерді көші-қоншылар десек, онда жергілікті халықты көшіп-қонбайды деп айта алмаймыз. Себебі тұрғылықты халықтың ішінде туған жерінен кетіп және қайтып оралғандардың болмауы мүмкін емес. Ал, 1926 ж. санаққа дейін соғыс, 1916 ж. Ұлт азаттық көтеріліс, ашаршылықтар мен құлдыраулар болып, қазақ халқының өз туған жерлерін тастап кетіп, қайта оралғандары да бар. Сондықтан №6-шы және №7 сұрақтар көші-қоншылардың санын нақты көрсетпейді деген ұғыммен келісуге болады. Соған қарамастан, бұл санақтың материалдарын анағұрлым толық деп айтуға болады. Санақтың жалпыодақтық бағдарламасына қосымша Қазақстандағы шаруашылықтарға қатысты қосымша сұрақ қойылды. Ол қазақ халқын толық есептеуге арналған бақылау қағазы болды. Бұл формулярдың санақтың сапалы өткізілуіне көмегі тиді. Сонымен бірге бұл санақтың бағдарламасына, ұйымдастырылуына және өндірісіне коммунистік партиялық номенклатура ешбір кері әсерін тигізе алмады.

1927 ж. Екінші қазақстандық статистикалық конференция Қазақ ОСБ санақ бөлімінің меңгерушісі Н. Крутилинаның баяндамасына орай жасалған резолюциясында санақ халықты толық қамтыды деп атап көрсетті. Бірақ, санақ кезінде ілінбей қалып, санаққа кірмеген адамдар да болды. Соған орай, қазақстандық тарихшылар М.Х. Асылбеков пен Ә. Ғали 1926 ж. санаққа халықтың 4-5%-ілінбей қалды деп есептесе, демограф М.Б. Тәтімов 6-7%-дай деп есептейді. Ал, 1937 ж. санақ жүрген кездегі статистердің есептеуі бойынша, 1% халық есепке алынбай қалған.

Келесі санақ 1932 ж. бастап өткізілу қажеттілігі айтыла бастаған, 1935 ж. және 1936 ж. өткізілмекші болып, соңында 1937 ж. 6 қаңтарда өткен бір күндік санақ. Бес жыл бойы дайындалған 1937 ж. санақты даярлау мен өткізуге  О.А. Квиткин, Л.С. Брандгендлер, М.В. Курман, И.А. Кровальдың еңбегі ерекше сіңді. Бұл санақ тарихта «атылған санақ» деп аталған, нәтижесі Сталин мен оның айналасындағыларды қанағаттандырмағандықтан қате деп табылып, ұйымдастырушылары «халық жаулары» аталып репрессияға ұшыраған санақ. Алғашқы екі бесжылдықтағы кеңес өкіметінің жеңісін көрсетуге тиісті болған санақ материалдары КСРО-дағы халық санының өспегенін, соның ішінде Украина мен Қазақстандағы халықтың күрт кемігенін айғақтап, тоталитарлық жүйенің қателіктерін көрсетері анық болғандықтан, сол жылдың қыркүйек айында «дұрыс жүргізілмеген, санақты жүргізуге жауапты адамдары шпиондар» деп бағаланып, жазалауға ұшыраған. 1934 ж. ақпан айында өткен БК(б)П ХVII съезінде 1933 ж. соңында КСРО-дағы халық саны 168 млн деп көрсеткен болатын. 1937 ж. қарай халық саны өседі деп күтілді. Мемжоспардың алдын ала есебі бойынша 1937 ж. халық саны 180,7 млн болуы керек еді. 1936 ж. ХШЕОБ бастығы И.А. Кравальдың нақтыландырылған есебі бойынша 1937 ж. басына қарай халық саны 170-172 млн болады деп көрсетілді. Бірақ, 1937 ж. 25 қаңтарда И.А. Кравальдың Сталин мен Молотовқа санақтың алғашқы нәтижелері жайлы берген есебі халықтың санының алдыңғы есептерде асыра көрсеткенін анықтады (санақта ІІХК контингенті бөлек есептелінді). 1937 ж. санақтың алғашқы қорытындыларын беруге тиісті уақыт өтіп бара жатқандықтан, И.А. Краваль 1937 ж. 14 наурызда берген есебінде 165,7 млн деген санды қате деп есептейтінін айтады. Сол есепке берілген қосымшалар ішінде КСРО бойынша ер адам, әйелдер бойынша нақты есептелінген сандар берілген. Ол бойынша КСРО халқы 162 млн болды деп көрсетіледі.

Осы санақтың бағдарламасы, оның нәтижелері билік басындағыларға ұнамады. Сонымен бірге, тұрақты мекендейтін жерлерінен 1-2 күнге кеткен адамдардың есептелінбей қалған жағдайлары да кездесті. Санақты жүргізу туралы нұсқау-ережеде бұл жайт анық көрсетілмеген, кәсіптер сөздігін жасағанда кемшіліктер жіберілген және т.б. себептермен санаққа халық түгел ілінбей қалды деп есептелініп, оны ұйымдастырушылар санақ жұмысының жүргізілуіне дұшпандық пиғылмен қатысты деген себептермен сол жылдың  25 кыркүйегінде ХКК-нің арнайы Қаулысы бойынша ХШЕОБ статистикалық ғылымның қарапайым негіздері мен үкімет нұсқауларын және т.б. бұрмалады, сондықтан санақ материалдары қате деп жарияланды. «Есепшіге арналған кітапша» да зиянкес деп жарияланды. Себебі онда алдын-ала жазылған парақшаларға, 5-не 6-на қараған түнгі 12.00-ге дейін кеткендер немесе өлгендер сызылып тасталуы керек деп жазылған еді. Нақ осы жазу, одан кейін ол адамдардың ешбір жерде тіркелмеуі мүмкіндігінен зиянкестік қате деп көрсетілді.

Санақ Украина мен Қазақстандағы 1929-1933 жж. ашаршылықтан адамдардың қырылғанын, сыртқа кеткенінен кемігенін растады. 1937 ж. қаңтар айында-ақ, санақтың материалдарын реттеу шаралары қолданыла бастады деуге болады. «Санақ қағазында дұрыс жазылмай қалған болуы керек, сондықтан сіздерге жіберілген мәліметтердегі адамдарды ірі елді мекендерге қосыңыздар» деген нұсқаулар республикаға түсе бастайды. Тексерулер көбейді. Қазақстандағы санақтың дұрыс жүргізілген-жүргізілмегенін тексерген И.Д. Верменичевтің бригадасы (репрессияланған И.А. Кравальдың орнына тағайындалған) халық саны ерекше кеміген аудандарды таңдап алды. Тексерулер, мысалы, Ақмола ауданы бойынша 0,12% мен 0,44% аралығында санаққа енбей қалғандарды анықтады. Санаққа енбей қалғандарды анықтаған комиссия 23 аудандағы әрбір жағдайды қатаң тексергенімен, 1937 ж. санақта халық 0,99%-ға дейін ғана кем есептелінген деп қорытындылады. Бұл 1937 ж. санақ мәліметтерінің дәл екендігін көрсетеді. Бірақ, И.Д. Верменичев Халық бақылау комитеті төрағасының орынбасарына жазған баяндамасында алынған нәтижелерді көтере көрсетіп, Қазақстан бойынша 4,7%-ға кем есептелінген деп жібереді. Осыдан кейін халқы кеміген республикаларға қосымша санақ қағаздары жіберіліп, адамдар саны өсіріледі.

1-кестеде 1937 ж. санақтың алғашқы қорытындылары мен кейіннен, арнайы контингенттер мен қосалқы сандарды қосу арқылы адам санын көтерген 1937 ж. санақ материалдары бойынша Қазақстан халқының саны туралы мәлімет келтіріледі. 1926 ж. санақпен салыстырғанда, қайта есептелінбеген кездегі 1937 ж. санақ материалдары бойынша Қазақстан халқы 958,4 мың адамға кемігені көрінеді. Көп ұзамай арнайы санақ қағаздарын жіберу арқылы халқы көп кеміген республикаға 400 мың адам санын қосқаннан кейін 1926-1937 жж. санақтар арасында Қазақстан халқы 558,4 мың адамға кеміген болып шықты. Бірақ, халқы өскен басқа республикалармен салыстырғанда (Украинадан басқа) халқының кемігені жасырыла алмады.

Кесте 1 – 1926-1937 жж. Қазақстан халқы санындағы өзгерістер

1937 ж. санақтың құжаттары құпияландырылып, негізгі бөлігі жойылып жіберілді. 1937 ж. санақтың материалдарын жоғалтқандар, мәліметтерін пайдаланғандар жазаланды. Материалдары да «сотталды». Есептелінбей қалғандар санын мейлінше өсіре отырып, КСРО халқы 168,5 млн адам деп саналды. 1939 ж. санақ өткізілгеннен кейін 1937 ж. санақтың дұрыс-дұрыс емес екендігін ешкім қайта іздемеді.

1938 ж. үлкен тазалау жүрді: ХШЕОБ бастығы И.А. Краваль мен 1937 ж. санақ бюросының бастығы О.А. Квиткин атылды, Қазақ ХШЕБ бастығы  М.С. Саматов репрессияланып, орнына И.П. Тейтельбаум тағайындалады. Көп ұзамай, 1938 ж. 22 қарашада И.П. Тейтельбаум да орнынан алынып, Қазақ ХШЕБ бастығы болып, П.М. Дунаев бекітіледі. Санақ қағаздары өзгертілді: ұлттық белгісі оңайлатылды, сауаттылығы графасы сауатты адамдар көп болатындай өзгертілді, діни сенімі деген сұрақ алынып тасталынды және т.б.

Санақты жүргізу барысында да «халық жаулары» жазаланып отырылды. Мысалы, Алматы облысы атқару комитетінің орынбасары Сүлейменов облыстың ұлттық аудандарынан шаруашылық-мәдени жағдайы мен колхоздардың ұлттық құрамы жайлы мағлұмат сұратқаны және оған жіберген жауаптардың ішінде 1937 ж. санақтың мәліметтері болғандығы үшін орнынан алынып, жазаланады. Сонымен бірге, қате деп жарияланып, оны ұйымдастыруға, өткізуге қатысқан адамдардың көпшілігі репрессияға ұшырап, мәліметтері жарияланбақ түгіл, жойылып, шағын бөлігі сақталынған 1937 ж. санақтың мұрағаттары құндылығын жоғалтпақ емес.

1939 ж. санақ 17-24 қаңтар аралығында өткізілді. Санақ қағазында 16 сұрақ болды. 1939 ж. санақ 1937 ж. санақтың мәліметтерін жоққа шығармады. 1939 ж. санақтың негізгі қорытындысы тез жарияланғанымен, негізгі санақ қорытындылары, 7 томға дайындаған материалдары құпияландырып, жарияланбай қалды. 1939 ж. халық санағының материалдары КСРО ыдырағаннан кейін жарық көре бастады. РМЭМ-де сақталудағы 1937 ж. және 1939 ж. Бүкілодақтық халық санақтары материалдарының ішіндегі Қазақстанға қатысты бөлігі академик М.Х. Асылбеков бастаған ғалымдардың ізденісі арқасында жинақталып, жариялана бастады.

1959 ж. тағы да халық санағы өтті. 1926 ж. және 1939 ж. санақ материалдары 1959 ж. әкімшілік-аумақтық бірліктер негізіне сай қайта есептелінді. 1950-жж. дейін статистикалық мәліметтердің негізгі дені көбінесе қызмет бабында пайдаланылып, көп жариялана қоймады. Сондықтан, мұрағат құжаттарында сақталған санақ мәліметтерін тарихи айналымға ендіру қажет. 1926 ж. санақта көші-қон жайлы азды-көптi мәлiметтер кездеседi дедік. 1926 ж. соң 1970 ж. санаққа дейінгі ешбір санаққа көші-қон жайлы сұрақтар енгізілмеді. Ұлы Отан соғысы мен 1930-40 жж. қуғын-сүргіннің шынайы бет пердесін ашып беретін болғандықтан, 1949 ж. өткізілмекші болған санақ мәселесі де жылы жабылып қойды. Көші-қон үдерістерiн зерттеу мемлекеттiң жоспарлы ұйымдары мен органдарына ерекше бағалы болып табылмайды деп шешiлгендiктен санақтарға енгiзiлмеді. Келгендер мен кеткендер туралы мәлiметтер статистикалық басқармаларда 1953 ж. берi ғана жинала бастады. Көші-қон туралы бөлiм 1970 ж. санаққа енгiзiлдi.

1970 ж. халық санағы 15-22 қаңтар аралығында 8 күн бойы жүрді. 1939 ж. және 1959 ж. санақтармен салыстыру үшін санақ қаңтар айының ортасында өткізілді. Халық тұратын жеріне байланысты тіркелді. 1970 ж. санақта барлық тұрғындар үшін 11 сұрақ және халықтың 25%-н қамтыған қосымша 7 сұрақ болды. 1970 ж. санақ соңғы екі жыл көлемінде тұратын жерін өзгерткендер жайлы ғана мәліметтер енгізілді.

1979 ж. және 1989 ж. Бүкілодақтық халық санақтарының материалдары да жұмыста қолданылған деректер болып табылады. 1979 ж. санақта көші-қоншылар туралы «осы елді мекенде тұру ұзақтығы» деген бір ғана сұрақ бар. 1989 ж. санақта көші-қон қатысты осындай және оны айқындаушы қосымша үш сұрақ енгізілді: «осы елді мекенде тұру ұзақтығы: а) туылғаннан бері тұрып келеді ма, егер жоқ болса, онда ә) қай елді мекеннен келді, б) босқын ба әлде мәжбүрлі қоныс аударушы ма?».

1999 ж. өткізілген Қазақстан Республикасының алғашқы ұлттық санағында көші-қон мәселесіне 17 сұрақ арналды. Санақ мәліметтері 1989-1999 жж. арасындағы халықтың көші-қон қозғалысын талдауда маңызды дерек болып табылады. Мәліметтері «Миграция населения. Итоги переписи населения  1999 г.» жинағында жарияланған.

А.И. Құдайбергенова – т.ғ.д., доцент