Ораз Қиқымұлы Жандосовтың қоғамдық-саяси қызметі
05.09.2013 2460
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында  «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен тоғысқан зерде  сабағы ұмыт болған жоқ» - [1] деп атап көрсеткендей болашақ ұрпақ  өткен тарихымызды зерделеп,  тағлым алуы үшін  сол кезеңде өмір сүріп, елі, жері үшін аянбай еңбек еткен тұлғаларымызды естен шығармаған жөн. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан тарихының қайшылықтарға толы күрделі кезең. Жиырма жылға жуық Қазақстан мен Түркістан аймағының қоғамдық-саяси, ғылыми ағартушылық мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған ірі мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың есімі КСРО-ның Қазақстан мен Орта Азия аймағында белгілі болды.

«Ораз Жандосов ірі мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар  Қазақстан мен Түркістанның  әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің тарихын зерттеуші, шешен, әрі публицист, ұлт мәселесі мен аграрлық шаруашылық мәселесінің де білгірі болды» – деп атап көрсетеді академик К.Нұрпейіс «Ұлы тұлғалар» атты кітабында [2].

Тарихи құжаттарға көз жіберсек, Ораз Қиқымұлы Жандосов 20 жылға жуық (1917-1938 жж.) Қазақстан мен Түркістанның кеңестік-партиялық органдарында үлкен жауапкершілікті талап ететін жоғарғы қызметтер атқарғаны белгілі. Соның ішінде 20-шы жылдардың бас кезіндегі жер-су реформасын дайындау мен жүзеге асыру, бұқаралық шаруалар ұйымдарының («Қырғыз кедей шаруалары мен батрактарының одағы», «Қосшы» одағының» т.б.) құрылуы мен нығаюына, ұлтаралық қатынастарды,  ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешуде зор еңбек сіңірді, Жетісу облысы ревкомының төрағасы, сонымен қатар  «Қосшы» одағының облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Мемлекеттік және саяси қайраткер ретінде О.Жандосов  өзінің тәжірибесінде  Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық, саяси жобаларды іске асыруда  оның өзіндік ерекшеліктерін ескеру қажеттігі принципін ұстанды.

ХХ ғасырдың 20-жылдары Қазақстанның  әртүрлі аудандрында, ең алдымен, Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс аудандарында «Қырғыз (қазақ) шаруалары мен батрактарының одағы», «Шаруа», «Диқандар мен чайрикерлер» одағы сияқты бұқаралық шаруалар ұйымдары пайда болды.  Алайда олар  нашар ұйымдастырылған, нақты ережелері мен ұстанымдары болмағандықтан шаруалардың тұрмыс-тіршілігіне араласып, нақты мәселелерді шеше алмады. Азамат соғысының аяқталуы және  ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды түбегейлі өзгерту қажеттігі кедей шаруалар мен батрақтардың біріккен одағын құру үрдісін жеделдете түсті.

1920 жылы қазанда  Ташкентте өткен  Түркістан Коммунистік партиясының V съезі күн тәртібіндегі басқа мәселелермен қатар шаруаларды ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударды. Съездің резолюциясында  «дихандар одағын» (кейіннен «Қосшы» одағын) құру қажет деп  танылды.

1921 жылғы 20-31 қаңтарда  Әулие-атада қазіргі (Тараз) өткен Түркреспубликаның қазақ-қырғыз шаруаларының бірінші съезі басқа да маңызды мәселелермен қатар қазақ-қырғыз шаруаларын ұйымдастыру мәселесін арнайы қарастырды. Съез қазақ кедей-шаруаларының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттай келе,  Түркістан қырғыз тұрғындары арасында қырғыз кедейлері мен батрақтарының одағын құру туралы қаулы қабылдады.  1921 жылғы  20 наурызда Ташкент қаласына «Ақжол» газетінің редакторына жолдаған жеделхатында Облыстық ревкомның төрағасы, қырғыз кедейлері мен батрактарының одағының облыстық бюросының төрағасы  Ораз Жандосов  13-20 сәуір аралығында  Жетісу аймағы көлемінде  қырғыз кедейлері мен батрақтарының одағын  құру мен нығайту апталығының өтетіні, жергілікті жерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін «Ақжол» газетінің кезекті нөмірлерін осы мәселеге арнап, Жетісу өңіріне жіберулерін сұрайды [3]. Осы құжат Ораз Жандосовтың қырғыз кедей шаруалары мен батрақтарының одағын құруда ат салысқанын, аянбай еңбек еткеніндігінің дәлелі болады.

1921 ж. 21 ақпанында  кедей-шаруалар одағының бір айлық жұмысын қорытындылай отырып, Түркістан коммунистік партиясының орталық комитеті  жері аз және мүлдем жері жоқ дихандары одағының Ережесін бекітіп, оны «Қосшы» одағы деп атауға ұйғарды. Осылайша бүкіл Түркістан АКСР-і мен Қазақстанның оңтүстігінде шаруаларды ұйымдастыру, біріктіру үрдісі мынадай жолдан өтті:  кедейлер комитеті – кедейлер одағы – шаруалар одағы – еңбекші дихандар мен шаруалар одағы – Қосшы одағы /4/. 1921 жылдың жазына қарай  90 мың адамның басын біріктірген одақтың 6 мыңға жуық ұялары болды [4].

1921 жылы  2-10 желтоқсанда Ташкенде өткен «Қосшы» одағының  Бүкілтүркістандық І съезі одақты ұйымдастыру мен Түркреспубликасының халық шаруашылығын қалпына келтірудегі оның мақсаты мен міндеттерін анықтауда маңызды рөл атқарды.  1922 жылғы 15-наурызда Түркістан ОАК-і (ТурЦИК) «Қосшы» одағының мазмұны мен мәнін ашып көрсеткен Ережені бекітті. Ережеде «Қосшы» одағының  саяси және экономикалық міндеттері анықталып, нақтыланды. Олар: көшпенді халық арасында кедейлердің азаматтық құқығын қорғау, батрақтар мен орта шаруаны кеңестік құрылысқа тарту, жер мен суды пайдалануда ұлттық теңсіздікпен күресу, жергілікті халықтар мен кірмелер арасында достық қарым-қатынастар орнату,  жерді қоғамдасып өңдеу мен еңбек артельдерін ұйымдастыру, ал экономикалық міндеттер – аграрлық реформаларды жүзеге асыруда белсенділік таныту, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін,  мәдениетін және одақ мүшелерінің таптық сана-сезімін көтеру, еңбектің ұжымдық түрін дамыту, кедейлердің шаруашылығын кооперативке араластыру т.б. [5].

Жетісу мен Сырдария облыстарында  «Қосшы» одағының ұялары пайда бола бастады. Түркреспубликада, ең алдымен Жетісу облысында,  Қосшы одағының ұйымдарын құруда  Ораз Жандосов, Ж.Бәрібаев, А.Розыбакиев т.б. көп күш жұмсады. 1921 ж. көктеміне қарай Жетісу облысында  Қосшы одағының 18 мың мүшесі бар 100-ге жуық ұяшықтары болып, Сырдария облысында олардың саны 15 мың адамға жетті. 1924 ж. көктеміне қарай Жетісу мен Сырдария облыстарын қосқанда Түркреспубликаның барлық облыстарында Қосшы одағының  210919 мүшесі болды [6].

Одақ бастапқы кездегі алдына қойған мақсаттарын орындады, 1921 жылы Жетісуда өткен жер-су реформасы орыс шаруаларымен жері жоқ дихандар мен егіншілердің татулық пен бірлікте өмір сүруіне негіз болды. Бірақ  1921 жылы Жетісуда жүргізілген жер-су реформасы барысында көптеген қателіктер болды. 1922 жылы Жетісуда жер-су реформасын жүргізу жөнінде Жетісу облыстық атқару комитетінің №21 бұйрығы шықты. Жетісудағы жер-су реформасын дайындау мен жүргізуде, жергілікті халықты жерге орналастыруда, жер мен суды пайдалануда отаршылдықтың қалдықтарын жоюда, көпұлтты Жетісу жеріндегі ұлтаралық татулық пен бірлікті орнатуда  Ораз Жандосов шыдамдылықпен белсенді рөл атқарды. 1922 жылғы жер-су реформасын жүргізудегі жетістіктер тікелей «Қосшы» одағының қызметімен байланысты. Жетісудағы алдыңғы қатарлы бұқаралық ұйымы «Қосшы» одағы үшін  жер-су реформасын жүргізу шешуші сын болды. Бұл одақ  ұйымдасуы жағынан, ауыл мен село, қыстақтардағы сол кезеңнің талаптарына сай, нағыз қажетті еңбекшілердің біртұтас одағы болды.  Өткен жылғы реформа кезінде өз қажеттіліктері үшін орта шаруалардың да мал-мүлкін, жерін,  құрал-саймандарын бөліп алуға  тырысса, биылғы жылы «Қосшы» одағы ұйымдасқан түрде жер-су реформасын жүргізуге ат салысуы тиіс. «Қосшы» одағы жерге орналастыру комиссияларына  1916 жылдан кейін көшіп-қонуға, суды пайдалануға, мал жаюға кедергі болған өздігінен құрылған селолар мен хуторлар туралы, бір уезден екінші уезге өз еркімен көшіп кеткен, өздігінен қоныстанған шаруашылықтар туралы, жер-су реформасын жүргізуге қарсылық көрсеткен, құрал саймандарын тығып отырған шаруашылықтар туралы мәліметтер беріп отыруды тапсырды. «Жер-су реформасы  жергілікті халық пен орыс халқының ұлттық бірлігі нәтижесінде ғана жетістіктерге жетеді. Өз жеке басының мүддесін көздеп, ұлтаралық, руаралық араздық туғызатындар «Қосшы» одағы қатарынан аластатылуын қадағалау қажет. Биылғы жер-су реформасын жүргізу кезінде «Қосшы» одағының ұйымдары бір-бірімен тығыз байланыста, бірлікте ұйымдасқан түрде болуы тиіс», – деп жазды. Қосшы одағының Жетісу облыстық комитетінің төрағасы О.Жандосов [7].

 Мәдени құрылыс мәселелері О.Жандосовтың алдына мектепте білім беру ісін ұйымдастыру, ауыл мектептерін  ашу, сауатсыздықты жою сияқты мақсат қойды.

Бұқаралық шаруалар ұйымдарының мәдени құрылыстағы қызметі сан қырлы болды. «Қосшы» одағы мектеп жасындағы балаларды есепке алып, оларды оқуға тартуға тырысты, мектептерді жөндеуден өткізу және жаңа мектептер салу, мектептерді және мектеп мұғалімдерін отынмен қамтамасыз ету, мәдени-ағарту іс-шараларына арнап салғырттар жинау олардың міндетінде болды. Жетісу мен Сырдария облыстарында «Қосшы» одағының мүшелерінің арасында сауатсыздықты жою ісіне зор көңіл бөлінді.  1924 ж. 5 наурызда «Ақжол» газетінде жарияланған «Жизнь союза Кошчи» атты мақалада  Жетісу облысындағы «Қосшы» одағының  мәдени және шаруашылық құрылыстағы қызметі туралы айтылады. «Жаркент уезіндегі «Қосшы» одағының қатарында 1252 мүшесі бар, оның 379-ы сауатсыз, олар үшін екі мектеп және 17 сауатсыздықты жою пункттері ашылғанын хабарлайды. Осындай жағдайлар Жетісу облысының басқа да уездерінде байқалған» [8].

 20-жылдардың бас кезіндегі ашаршылық мәдени құрылыстың дамунына  зиянын тигізді. Ашаршылықтың зардаптары, әсіресе,  мектеп ісін алға қоюда зор кедергі келтірді, мұғалімдердің тұрмысы қиындады. Осы қиындықтарды жеңуде бұқаралық шаруалар ұйымдары үлкен көмек көрсетті. Олар өз қаражаттарына оқытушыларға жалақы төлеп, азық-түлік алып, мектепті отынмен қамтамасыз етті. 1921ж. 21 шілдедегі  ҚазАКСР-нің ОАК қаулысына сәйкес  16-дан 50 жасқа дейінгі сауатты қазақтардың бәрі сауатсыздықты жою ісіне тартылды.

1923 ж. 8-13 маусым аралығында Пішпек қаласында «Қосшы» одағының Жетісу облыстық Ш съезі өтті.  Бұл съезде одақтың үш жылда атқарған жұмысы қорытындыланды. «Қосшы» одағының Жетісу облыстық комитетінің төрағасы О.Жандосов съездің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Отаршылдық саясатты ұстанған патша үкіметі  халық байлығын шикізат ретінде сорды.  Осының нәтижесінде езілген халық экономикалық жағынан нашарлады, кедейлікке тап болып, тіпті өлім халіне жетті.  Ұлттық теңсіздікті 1917-1918 жж. жоюдың орнына біз ол жұмысқа 1921 ж. кірістік, ауыл мен селоларда таптық жіктелу мәселесін бірден алға қоюдың орнына оған да 1921 ж. кірістік. Дегенмен, 1921 жылдан бастап жүргізген жұмыстарымыз нәтижесіз болған жоқ. Көп мәселелер шешілді, таптық жіктелу мәселесінде көптеген нәтижеге қол жеткіздік.  «Қосшы» одағы қолдан жасалған,- кездейсоқ ұйым емес, «Қосшы» одағы еңбекшілердің жер үшін күресі негізінде пайда болды. Бұл біздің жұмысымыздағы ірі жетістік» - деп атап өтті [9]. Сонымен қатар атқарылмаған жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде жер-су реформасын жүргізу кезіндегі кемшіліктер, таптық жіктелу мәселелері, т.б. мәселелер талданды. Біздің негізгі мақсатымыз тек бүгінгі қажеттіліктерімізді ғана өтеу емес, кедей шаруалардың тұрмыс жағдайын нығайту - деп атап көрсетті. Осы шараларды іске асыруда, жіберілген кемшіліктерді жоюда жаңа жолдарды іздестірді. 

О.Жандосов Жетісу облыстық «Қосшы» одағының съезінен «Жетісу облысындағы кеңестік кұрылыстың дамуы туралы ойлар» атты мақаласында жаңа жағдайға байланысты Қосшы одағы туралы пікірін жазады:  «Қосшы» одағы  жолдастық кооперативтер ауыл мен селолардағы еңбекші бұқара мен кедейлер қоғамы болып қайта құрылуы керек.  Бұлай болмаса, ол өзінің қызметіне шынайы негіз таба алмайды, оның ыдырауы сөзсіз. Алайда, бұл қайта құрылу барысында  кеңестік қоғамның дәстүрлерін насиғаттауды сақтап қалуы тиіс.  Керісінше, «Қосшы» одағы кеңестік және мәдени құрылыстың базасы болып қалуы керек.

Шаруашылықты кооперативтендіруде «Қосшы» одағының мүшелерін отырықшы егіншілікке көшу барысында құрал-сайманмен қамтамасыз ету,  несие алуда, салық төлеуде әртүрлі жеңілдіктер беру, т.б. мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.Қосшы одағының қызметін жандандыруда материалдық базаны нығайту қажет» - деп жазды [10].

20-жылдардың бірінші жартысында Қазақстанның оңтүстік облыстарында, кейіннен басқа да аудандарда ауыл мен селолардағы мектептердің материалдық-шаруашылық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыратын  мектеп-шаруашылық кеңестері пайда бола бастады. Осындай мектеп-шаруашылық кеңестерінің құрылуы мен қызметіне бұқаралық шаруалар ұйымдары, соның ішінде, «Қосшы» одағы  ат салысты. Мектеп-шаруашылық кеңестері Түркреспубликаның Халық Комиссарлар Кеңесінің  1921 ж. 21-қазандағы «Мектептер мен басқа да мәдени-ағарту мекемелерін қамтамасыз етуді жақсарту» туралы қаулысына сай  ауылдар мен селоларда, қыстақтарда қоғамдық бастама ретінде құрылды. Мектеп-шаруашылық кеңестерінің құрамына:  Кеңестердің болыстық атқару комитетінің төрағасы, Қосшы одағының болыстық комитетінің төрағасы, болыстық комитеттің жауапты хатшысы жергілікті халықтың екі өкілі және бір мектеп  мұғалімі кірді.

Ораз Жандосов «Қосшы» одағын басқару барысында әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Әсіресе, Түркістан Республикасы сияқты оңтүстікте қалыптасқан өзіндік ерекшелігі бар өңірде әйелдер мәселесі қайшылықтарға толы болды. О.Жандосов қазақ әйелдерінің тағдырына байланысты  олардың құқықтарын қорғауда, білім алуына, сауатты болуына байланысты көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Жергілікті жерлердегі қоғамдық ұйымдарға әйелдерді тарту, конференциялар мен съез материалдарымен таныстыру, сайлауға қатысуға мүмкіншілік туғызу, кеңестік құрылысқа әйелдерді қатыстыру сияқты мәселелерді алға қойды.

1926 жылғы 26 қаңтарда  Жетісу губерниясының Талдықорған уезінде  қазақ әйелдерінің жиналысы болып, «Қосшы» одағының мүшесі Жанғұлов баяндама жасады. Бұл баяндамада қазақ әйелдерінің материалдық жағдайының ауыр екенін атап өтті [11].

20-жылдардың бірінші  жартысында  мәдени-саяси ағартушылық жұмыстарын жүргізуде Қазақ АКСР-нің қызыл керуендерінің жұмысын атап өту керек. Жергілікті жерлердегі қызыл керуендердің қызметін ұйымдастыруда «Қосшы» одағы да қатысты. Ауыл еңбекшілерінің саяси белсенділігін арттыруда Қазалы уезінің «Қосшы» одағы көп жұмыс атқарды. 1925 ж. 5 маусымда «Қосшы» одағының 4 жылдығына байланысты  Қазалы және оның маңайындағы ауылдарда салтанатты жиындар өткізілді. Қала саябағында безендірілген 12 қазақ үй тігіліп, 1000-нан аса одақ мүшелері шақырылды Сонымен қатар басқа да мәдени шаралар: жәрмеңкелер, мұсылмандық мейрамдар өткізіліп отырды [12].

 «Қосшы» одағының әрі қарай дамып, қызмет етуі үшін одақта мәдени және шаруашылық жұмыстарын жүргізуді бетке алу керек. «Қосшы» одағы ауылдағы кеңестік құрылыстың  ауқымды негізі бола алатынына күмән жоқ» [13] - деп атап көрсетті О.Жандосов.

Қорыта айтқанда, шаруалардың бұқаралық ұйымдары, соның ішінде «Қосшы» одағы 20-жылдардағы Қазақстанның ауыл мен селоларының қоғамдық-саяси өмірінде, атап айтқанда, ауыл мен село еңбеккерлерінің арасында  әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени шараларды іске асыруда  маңызды рөл атқарды.

«Қосшы» одағы ауыл тұрғындарының әртүрлі топтарының,  сонымен қатар  еңбекшілер мен мемлекет арасында экономикалық қарым-қатынасты реттеп отырды. Жаңа экономикалық саясатқа өту жағдайында еңбекші шаруаларды әлеуметтік және құқықтық қорғауда мол тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибе қазіргі кезеңде де, болашақта да маңыздылығын жоймайды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Н.Ә.Назарбаев. Тарих толқынында . Алматы.Атамұра  1999, 175-бет.

2. К.Нұрпейіс. Ұлы тұлғалар. Алматы, 2007, 268- бет.

3. Ураз Джандосоы. Документы и публикации (1918-1937 гг.) в двух томах. Т.1. Док.№39, стр. 81.

4.Советское строительство в аулаз и селах Семиречья. Сб.документов и материалов. Часть1. 1967. С 140.

5. Советское строительство в аулах и селах Семиречья. Сб.документов и материалов. Часть1. 1967. С 140.

6. Давлет-Юсупов М.Х. Союз Кошчи и его роль в укреплении Советской власти в в Туркестане (1919-1924гг.). Ташкент. 1956. С.31

7. АОММ. Қ.489. Жазба 1. Іс 508. 36-37 бб. «Письмо Укомам союза «Кошчи».

8.Сборник важнейших декретов, постановлений и распоряжений правительства ТАССР за 1917-1922 гг. Ташкент, 1925. С.147-149.

9. Ақжол, 1924. 5 марта, 12 июня. Ташкент, 1925, 5 апреля.

10.АОММ. Қ.670. Жазба 1. Іс 240. 4-6 бб. Из стенограммы Ш Джетысуйского областного съезда союза «Кошчи». 8-13 июня 1923 г.

11.Туркестанская правда. 1923, 26,27, 28 июня..

12.ҚР ПМ, қ. 295, тізбе 1, іс 118, парақ 78.

13. «Ақжол» 1924, 12 25 июня.   

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент  Г.Ж.  Өскембаева.

 «Тарих және тарихи тұлғалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Алматы: ҚазмемҚызПУ, 16 наурыз 2010 ж. – 74-77-бб.