Қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құруға бағыт
21.08.2013 4107
ХХ ғасырдың. 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.

ХХ ғасырдың  80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің “қайта құру” бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының  жаңа басшылығының жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның алғашқы төрт жылында (1985-1989 жж.) жеделдету концепциясын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нәтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар – академик-экономист А.Г. Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай құрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді.

Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың толық қанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, заводтар мен фабрикалар алаңында, темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты.

Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады.

Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді.

Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз әскерін Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейіқаза тауып, 393-і мүгедек болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан бастады.

«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері  мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты.

ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық  табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.

Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.

Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық даму бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы қанағаттандырды. Бірақта «қайта құруға» сай жүзеге асырыла бастаған косметикалық реформалар республика басшылығын ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады.Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында “Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты.  Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді. Бейбіт шеруді басып-жаншу кезінде тәртіп сақтау органдары заңдылықты өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді пайдаланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын тезірек шығару жөнінде қысым жасады.

1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті “Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы” арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.

Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік (Экстремист – шектен шыққан көзқарасты жақтаушы) пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп айыптауға дейін барды.

Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының қатаң және валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге асырылды, мәдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғарғы оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын проценттік үлесіне сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін фондыларды азайту нәтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама берілді.

Осылайша «қайта құрудың» алғашқы кезеңінің нәтижелері экономиканы және қоғамдық-саяси өмірді жоғарыдан жүзеге асырылған жеңіл-желпі шаралармен реформалау мүмкін еместігін айдан-айқын көрсетті. 1988 жылдан бастап Коммунистік партия тарапына сындар айтылып, жаңа қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. 1987 жылы тамызда тұңғыш тәуелсіз ұйым - әлеуметтік-экологиялық «инициатива» бірлестігі құрылып, ол өзінің алдына соғысқа қарсы тұру, экологияны, бейбітшілікті қорғау, қоғамды демократияландыру мақсатын қойды. Жұмысшы қозғалысы да елеулі саяси күшке айналды. Оның қатарында Қарағанды көмір бассейнінің шахтерлары ерекше роль атқарды. 1989 жылы Жаңаөзендегі оқиға әлеуметтік-экономикалық саладағы көкейтесті мәселелерді көтерді.

Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында халықтың азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Қоғамда орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті. Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.

Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан әрі тереңдеп өрістеуі кеңестердің қызметінен айқын көріне бастады. “Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!” деген ұран жанданды. Бұл мәселені бастапқы кезде кеңестерге партия басшылығын күшейту арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеме шықпады. Өйткені, компартияның қызметінде елеулі кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан, 1987 жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық және селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасында КСРО Ғылым Академиясы әлеуметтану институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тәртіпті мақұлдады. Өйткені, көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын анықтауға, онымен еңбекшілерді жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.

1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе – халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған “КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы” және “КСРО халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты.

Толғағы жеткен мәселелерді өзі шешуге республиканың құқылы болуы Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын түзетуге мүмкіндік туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40-жылдары және 50-жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды.

«Қайта құрудың» екінші кезеңі 1989 ж. көктемдегі сайлауға байланысты басталды. Сайлау науқаны кезінде нарықтық экономикаға және меншікке көшу үшін, ұлттық республикалар мен аймақтардың құқығын кеңейту үшін белсенді күрес басталды. Демократиялық процесстердің даму барысында көрнекті рөл атқарған 1989 ж. наурыз айында өткен КСРО халық депутаттарының І съезі болды. Осы съезде Г.В. Колбин одақтық халық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, Мәскеуге кетті. Оның орнына осы жылғы шілдеде Н.Ә. Назарбаев сайланды.

Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды. 1989 ж. ақпандағы республика жұртшылығының жиынында тұңғыш «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О. Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады. Одақтық үкімет Семей полигонындағы жарылысты азайтуға мәжбүр болып, 1989 ж. полигонда жоспарланған 18 жарылыстың 11-ін тоқтатты. «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы бойынша 1990 ж. мамырда Алматыда әлемдегі барлық антиядролық қозғалыстардың барлық ядролық державаларда қаруды сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жігерін біріктіру мақсатында «Дүние жүзінің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген халықаралық конгресс өтті.

Елдегі жүріп жатқан саяси реформаның екінші кезеңі – республикаларды, өлкелерді, облыстарды, қалаларды, аудандар мен округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы негізгі мақсат – бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлерде де көтеру болатын. Оны тәжірибе жүзінде іске асыру үшін партия комитеттерің бірінші хатшылары халық депутаттары Кеңесінің төрағаларына ұсынылды. Бірақ мұндай өзгеріс барлық жерлерде бірдей міндетті еместігі айтылды. Міне, осының нәтижесінде 1990 жылғы жергілікті кеңестер сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық және аудандық Кеңестерге кандидаттар бөлек-бөлек сайланды.

Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Н.Ә.Назарбаевтың президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мәселелерді шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді. Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы комиссия құрды.

Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында әрбір адамның бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстанның саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едәуір кеңейтіп, республиканы мекендейтін барлық ұлттар өкілдерінің талап-тілегіне жауап беретін еді. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген “Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын” 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды.

Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты мақсаты – республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. Сондай-ақ, партия қоғамдағы жеке меншікті мойындады және өзінің қызметінде кәсіпкерлікті қолдап отыруды көздеді.

1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада “Алаш”, “Желтоқсан”, т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-ші – 80-ші жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен ұстап тұрған кеңестік тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша болуы мүмкін де емес еді. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді “жаңарту” әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.