Бөлісу:
Х-ХІІ ғасырдағы Дешті-Қыпшақ даласының ру-тайпалары, олардың атаулары М.Қашғари (1029 ж.т.), ан-Нувайри (т.ж. белгісіз — 1331), ибн-Халдун (1332–1406), Бейбарс ад-Дауадар (т.ж. белгісіз -1325) еңбектерінен белгілі. Олар: 1) Токсаба (Тоқсоба), 2) Сате (Йета), 3) Бурджоглы (Бозжоргалы), 4) Анжугали (Анджоглы), 5) Дурут, (Турут), 6) Барулы (Бурлы, Елбурли), 7) Жузнен (Джузнан, Джерсан), 8) Қараберикты (Караберикли, Кадкаберкли, Карабароглы), 9) Қотан (Котян, Кунун) 10) Карабароглы (Калабаалы), 11) Хангули (Кангуоглы, Кангароглы, Канааралы), 12) Куман (Коман, Кун). Қыпшақ даласы екіге бөлінген, Батыс Қыпшақтары, Шығыс Қыпшақтары — орталықтағы шекара Еділ өзені болып есептеледі. Батыс Қыпшақтары, Еділден батысқа қарай, Венгрияға дейін жайлаған. Оларды Тоқсоба (Токсобичи) әулеті билеген. Шығыс Қыпшақтары Еділден шығысқа қарай, Алтай тауларына дейін мекендеген. Бұл аймақты Елбөрілі әулеті билеген.
Тайпа атауларының морфемикалық құрылымына келсек, орыс жылнамаларында, мысалы: Бурдж-оглы — «Бурчевичи», Токсоба — «Токсобичи» т.б. деп жазылады. Сондықтан, Қыпшақ тайпаларының атауындағы, «-оглы», «-ев», «-вич» дегендерді алып тастауға тура келеді. Көбіне — «лы», «-ты», «-ты», «-шы» түріндегі қосымшалар қазіргі қазақ ру-тайпаларында сақталып қалған: Шанышқылы, Шапырашты, Қаңлы, Сіргелі, Ошақты, Тобықты, Қанжығалы, Шұбыртпалы, Тарақты, Жағалбайлы, Балталы, Бағаналы, Терістаңбалы, Көкжарлы, Болатшы, Ашамайлы, Жаңбыршы т.б.
«Селенга жазуындағы» («Мойын Чор» жазуы) кездесетін Түрік-Қыбчак» сөзін кейбір ғалымдар «Құнчак» деп те оқиды [1]. «Түрік-Қыпшақтар» (жазба бойынша: «Түрік-Қыбчақтар елу жыл бойы билеп тұрды») билік жүргізген кезең — Білге қағанның Көк Түріктер мемлекеті. Көне Түркі жазбаларының өзінде, «Түрік-Қыбчақ" халқы Түрік-Сір халқы деп жазылады. Яғни, Қыбчақ деген сөз бен «Сір» (Сир) деген бір сөз. Сондықтан, тарихта Көк Түріктер мемлекетін, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктердің мемлекетін мемлекетін — Қыпшақ қағандығы (Кипчакский каганат) және Сир қағандығы (Сирский каганат) деп те атай береді [2]. Екі атаудың арасында қайшылық жоқ. Қыпшақтар (Түрік сір халқы) көне Қытай жазбаларында «Сеянто» деп аталады. Қытайлар екі тайпаны айтып отыр деп түсінеді: «Се» — Сір (Түрік-Қыбчақтар), «Янто» — тағы да бір тайпаның аты. Көне Түркі жазуларда, үтір, сызықша сияқты тыныс белгі таңбалары болмағандықтан қате оқылған. «Түрік-Қыбчақ" деген — «Түрік және Қыпшақ" халқы, «Түрік-Сір» халқы — «Түрік және Сір» халқы деп оқылып келді. Бұлай оқу дұрыс емес, қазіргі тілге келтірсек, «Түрік-Қыбчақтар» деген — Қыпшақ Түріктер (Қыпшақ Түркілері), «Түрік-сір» — «Сір Түріктер», бұл екеуі бір халық болатын. «Түрік-Қыбчақ" деген сөзді «Түрік-Құнчақ" деп оқығанда да қайшылық байқалмайды. ««Құнчақ" сөзі арабтар қолданған «Қыбчақ" сөзінің түркілік айтылуының негізгі болып шығады. Онда «Құнчақ" сөзі екі бөліктен тұрады «Құн-чақ». «Бұндағы -чақ" жұрнағы: құлын-шақ, келін-шек, Сарай-шық. Қыпшақтарды Венгрлер неге сол заманда «Кун» деп атағаны да түсінікті болады. Венгрлер Қыпшақтарды «Кун», Византиялықтар «Коман», Орыстар «Половцы» деп атаған, Еділ бойындағы «Басқұншақ" көлінің атауы және Орыстың «Игорь полкі туралы жырындағы» Қыпшақ ханының «Кончак» аталатыны осыған мегзейді. «Селенга жазуының" өшіп қалған тұсының осыдан («Қыбчақ" немесе «Құнчақ«) басқаша оқылу нұсқасы жоқ. Бұл халықты «Қыпшақ" деп, даласын «Дешті Қыпшақ" деп арабтар мен парсылар атаған. Көне Түркі ескерткіштерінде «Түрік Сір бұдұн», Қытай жазбаларында «Сеянто» (иероглифтің оқылуы) деп жазылған. Түркітануда Түркия ғалымдарының ықпалымен «Сеянто» — «Сир-Тардуш» болып оқылып келген еді, көне Түркі ескерткіштерін зерттеуші Қ.Сартқожа оны «Сір алты» (алты алаш) деп оқыған, Ашина сөзін — «аспан» (тохар тілі арқылы), «ашидэ» сөзін «айдаһар» (парсы тілі арқылы) деп түсіндіреді [3].
Ру-тайпалар атауы мен адам есімдеріне қарасақ, «Елбурли», «Бурджоглы», «Карабароглы», «Кончак», «Боняк» — Қыпшақтарда «Бөрі» (Көк Бөрі) тотемінің кең таралғанын, аңғаруға болады. Қыпшақтар Көк Түріктердің (Сирский каганат) ұрпақтары болса, Көк түріктерді билеген «Ашина» әулетінің атауын түсіндіруде «Чино» монғолша «қасқыр», «бөрі» сөзі екені немесе «Асина» сөзі тохар тілінде «аспан», «көк» дегенді білдіретіні айтылады. Шығыс Қыпшақтарының билеушілері Елбөрілі әулетінің атауы сол «Ашина» сөзінің түркіше айтылғаны деп түсінуге болады. Қазақтағы «Алшын» («Қызыл қасқыр» деп түсіндіріледі), «Алаш» («Лашын» деп түсіндіріледі) атаулары сол «Ашина» — «Елбурли» атауының бір нұсқасы бола ма. Шындығында, «Алшын» сөзін Рашид-ад-диннің «алчи татар» сөзінен шығаруы [4] дұрыс болатын. Тек кейін бұл сөздің «алты татар» деп түсіндірілуі дұрыс емес еді, шындығында «Алчи» (Алчин — Алшын) сөзі «алдыңғы» деген сөзден шыққан болатын, өзі тек жауынгерлік ұғым — «алдыңғылар» (алдыңғы қатарда соғысатындар, шолғыншылар). Мысалы, «Арғын» (Артқы) атауы — «артқы шептегі әскерлер» деген мағынадан шыққан. Бұл оңай түсініледі: «Қазақ" (ел шетін қорғаушылар, еркін адамдар), «Жоңғар» (әскердің оң қанаты) деген халық атаулары да жауынгерлік ұғымдар. Соғыс даласында ғана қолданылатын жауынгерлік ұғым, түсініктер көшпенді тайпаларда кейін ру-тайпа, халық атауларына айналып кеткен.
Кіші жүздің өзінде Алшын деген жеке ру жоқ, «Алаша» (бұл ру түрікменде-де бар) және «Алтын» деген ру бар. Қазақ шежірелерінде Түрікмендер-де «Алты алаш» халқына жатады. Қазір «Алты алаш» шежірелік түсінігін анықтаса, оның түрлі нұсқалары бар, солардың ішінде, Ақселеу Сейдімбеков «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінде қазақ шежірелеріне, көне жыр-дастандарына сүйеніп, белгілеген нұсқасы: 1) Қазақ (Ақарыс, Жанарыс Бекарыс), 2) Созақ (Қарақалпақ пен, Ноғай), 3) Сейілхан (Түрікмен), 4) Жайылхан (Башқұрттар мен Татарлар) 5) Сақыпжан (Қырғыздар), Майқы (Өзбек) [5]. Соның ішінде Қазақ пен Созақ және Майқы — өзара, Сейілхан мен Жайылхан — өзара туыс болады. Қазақ шежіресі қазаққа туыс халықтарды дәл анықтаған: Қарақалпақ, Ноғайлы, Өзбек Қыпшақтары (көшпелі өзбектер). Бұл жердегі «алты Алаш» түсінігі Ұрыс ханның Ақ Ордасының халықтарын көрсетеді. Сарттардан (Ұйғыр мен Өзбектен) басқа Орталық Азиялық түркі халықтары туыс ретінде көрсетілген. Алшындарды бір кезде Ашина әулеті билеген деп түсінуге-де болады: Қарлұқтарды, Түргештерді, Хазарияны, Қараханды, Қыпшақтарды Ашина әулеті билегені сияқты. Ал Башқұрттарда Көне Қыпшақтың бұл тайпасының аты сол күйінде сақталған — «Елбөрлі», «Бөрлі» деп аталатын тайпалар бар. «Ашина» мен «Алшын», «Алты Алаш» және «Алаша хан» сөздерін тікелей байланыстыру құп емес. «Алаш» сөзі монғол-қалмақша «қанішер, баскесер, қарақшы» деген сөз, яғни «Қазақ" деген сөздің монғолша, қалмақша тікелей аудармасы ғана екеніне көз жеткізу оңай. Монғол-қалмақтар көне Түркіше ру-тайпа атауларын өз тілдеріне тікелей аударып алып отырған. Мысалы, Секиз-окуз — «Найман», Токуз-окуз — «Үйсін», Йети-Окуз немесе Жетіру — «Дулат», ал Табын — монғол-қалмақша «бес» деген, Дүрмен (Дүрмен-Барлас) — «төрт» деген сөзінен шыққан.
Тағы бір билеуші тайпа, бұл жолы Батыс Қыпшақтардың билеуші әулеті Тоқсоба (орыс жылнамаларында «Токсобичи») жөнінде тоқталсақ, бұл ру Қазақтың Кіші жүзінде және Қарақалпақта сақталған. Қазақтың Кіші жүзіндегі Байұлы Байбақты руының бір атасы (бөлімі) Тоқсоба деп аталады. Қарақалпақта «Тоқсоба!» бірқатар рулардың ұраны. Сол Байбақты руының бір атасы — «Қынық" деп аталады. Бұл — Оғыздардың әлемге белгілі тайпасы. «Тоқсоба» тайпасы атауының мағынасына келсек, «тоқшылық, молшылық" («Тукак», «Тоқай» түркі халықтарындағы адам есімдері) сөзінен шыққан. Қазақ хандары шыққан Тоқай Темір әулетінің, Кіші Жүз Беріштің құрамында «Қаратоқай» деп аталатын бөлімінің атауы да соған сабақтас.
Қыпшақтардың тайпасы «Йета» (Ибн Халдунда бұл тайпа — Сета) жөнінде. Бұл, әрине, «Жеті» деген сөз. Яғни жеті тайпадан құралған бірлестікті айтып отыр. «Жеті» деген атауға үш халық (одақ, бірлестік) таласа алады: Башқұрттар (олар өздерін «Йети эль») деп атайды. Еділ деген сөз осы «Йети эль» атауынан шыққан. Атилла (Еділ патша) есімі-де сол сөзден қойылған, бұл Гун әміршісінің бүркеншік мадақтау есімі, яғни Еділ патша «Жеті жұрттың билеушісі» деген мағынада қолданылған. Бұндай ұлықтау есімі көшпенділерде кең таралған: Шыңғысханның шын есімі — Тэмуджин, Қазақ хандығының негізін қалаған Әз-Жәнібек ханның шын есімі — Абу Саид (Әбусағит). Ал Алтын Орданың Бату ханы — Ер Сайын (Сайын хан) деп аталған, Ал Әбілмансұр — Абылай аталып кеткен. «Йета» тайпасының атауына Дулат тайпасы таласа алады, Дулат (Дулоо) — монғол-қалмақтың «жеті» деген сөзінен шыққан. Алайда Йети-Окуз халқы (Дулаттар) туралы бұл төңіректе айтылмайды. Қазіргі Ұлы жүздегі Дулаттар болса, («Доғлат», «Дуклат» деп жазылады) Рашид-ад-дин бойынша Монғол тайпасы. Анығы — Шығыс Қыпшақтарының Йета (Жеті) тайпасын Кіші жүздегі «Жетіру» атты рулар бірлестігі деп анықтау. Бұл рулық бірлестік негізінен Батыс Қазақстан (Орал) облысында тұрады. Ал өздерін «Йети эль» деп атайтын Башқұрт пен өздерін «Алаш халқы» деп атайтын Қазақтың ру-тайпалық туыстығына ешкім-де таласпайды. Қазіргі Башқұрт халқында «Қазақ" деп аталатын 27 ру-тайпа бар. Бөлімдері әр басқа қазақтар — 27 түрлі қазақ. Еділ мен Жайық өлкесі-де соған сәйкес, жыраулар поэзиясында (Қазтуған, Шалкиіз, Мұрат Мөңкеұлы) „Жеті жұрт келіп, жеті жүрт кеткен жер, жеті жұртым көшкен жер“ деп жырланады. Жетірудың құрамындағы Рамадан руының ұраны „Дулат!“ болып шыға келгенде, тағы да „Дулат“ (монғол-қалмақша — „жеті ру“) сөзінен қашып құтылмайтынымыз да белгілі болады. Сол сияқты Еділ мен Жайықтан кетіп, Еділ Бұлғариясының (қазіргі Татарстан) негізін салған Котрак-каған және Дунай Булгариясының (қазіргі Болгария) негізін салған Аспарух патша да осы „Дуло“ (Дулат) тайпасынан шыққандығы белгілі. Дуло әулеті — ұлы жүздегі Дулат емес.
Қыпшақтарының тайпасы „Анджугали“ (Анжуоглы) туралы айтайық. Түркітанушы, тарихшы ғалым, ежелгі көшпенділер тарихын зерттеуші А. Н. Аристов: „Анжугали“ („Анджуоглы“) тайпасы дегеніміз Арғынның құрамындағы Қанжығалы тайпасы» — деп анықтаған болатын [6]. Бұл тұжырымға қарсы уәж айтылған емес. Тайпа атауына келсек, Анжи (Анжуоглы) — құмық тілінде асыл тастың атауы. Қазақшасы — «Інжу». «Қанжығалы» ру атауының «Қанжыға» сөзіне ұқсастығы тек сырттай ғана, «Кобяк», «Кобук» сөзінің Тобықты, «Учоқ», «Учоқлы» сөзінің «Ошақты», Оғыздардың «Ак коюнлы», «Кара коюнлы» тайпаларының қазақтың Дулат руында «Ақойлы», «Қарақойлы» болып жүргеніндей. «Анжу» сөзін «Інжу» сөзінен шығуы бұлыңғыр. Қыпшақтарының «Анжигали» тайпасының атауы «Қанжығалы» атауына мегзесе, сол Қанжығалы руы — қазіргі, Ноғайлы халқындағы ірі рулардың бірі.
Қыпшақтардың келесі тайпасы, Кангуолглы (Хангули, Кангароглы) атауына түркітанушылар арасында пікірлер қайшылығы туған емес, бұл «Қаңлы мемлекеті», «Қаңлы-Қыпшақ" деген атау Көне Түркі дәуірінен қазіргі кезге дейін айтылып келеді. Қаңлылар Сыр бойын жайлаған. Көне Қытай жазбаларында «Кангюй», ал Көне Парсы жазбаларында: «Кангха» деп аталады. «Оғыз-наме» мен Рашид-ад динде «Қаңлы бек» деп антропоним ретінде аталады. Ол «Қаңғылы» (алғаш рет арбаны ойлап тапқан халық) деген сөзден шыққан деп түсіндіреді. Алайда, ешбір көне шежіреде, сол «Оғыз-наменің" өзінде-де Қыпшақ бек, Қаңлы бек, Қалаш (Алаш) бекті неге Оғыздарға туыстық жағынан қоспайтыны түсініксіз болып келеді. „Оғыздар“ шынында да сақ тайпаларына қатысты, ал Қаңлы-Қыпшақтар ғұн тайпаларына қатысты болғандықтан шығар.
Шығыс Қыпшақтарының келесі, алтыншы тайпасы болатын „Дурут“ (Турут) тайпасы жөніндегі пікірлерді айтсақ. Бұл да санның атауы — төрт (дурт) деген сөз. Яғни, Төрт тайпалы халықтың немесе осыған ұқсас болатын атауды иемдеген ру бірлестігін айтып отыр. Н. А. Аристов бұл тайпаның атауына қарап: „Дурут“ тайпасы дегеніміз — Қазақтың Орта жүзіндегі Төртауыл тайпалар бірлестігі» деп анықтаған. Ол Арғынның құрамындағы Төртауылды айтып отыр. «Төртауыл» (төртуыл) атауымен Қазақта төрт түрлі ру аталады. 1) Шежірелерден бастасақ, Шәкәрім Арғындардың Төртауыл тайпасы туралы былай деп жазады: «Ақжолдың бәйбішесінен Қарақожа, тоқалынан — Сомдық, мұның екі баласы — Саржетім, Шақшақ. Бұлардың нәсілі „Тоқал Арғын“ атанады. Қарақожаның бәйбішесінен баласы — Мейрам және Момын деген тоқалынан үш баласы — Қарасопы, Кенжесопы, Басентиін. Мейрамның бәйбішеден төрт баласы — Қуандық, Сүйіндік, Бегіндік, Кегіндік. Мейрамның тоқалынан -Болат, Қуандықтың төрт баласы — Алтай, Қарпық, Темеш, Беруші: Сүйіндіктің нағыз үш баласы -Жанболды, Құлболды, Орманшы және асыранды баласы — Қаржас. Осы төртеуінің нәсілі „Төртауыл“ атанды» [7,26–27]. 2) «Төртауыл» (төртуыл) атанатын ру Ұлы жүздегі Ошақтыда бар: Ошақты руы алты атадан тұрады: Байлы (Байназар), Қоңыр (Қойназар), Аталық (Бекназар), Тасжүрек (Ақназар). Байлы төрт атаға бөлінеді: Сүзік (Созақ), Байсары, Қасқа, Қабыл. Қоңыр руы төрт тармақ: Шуылдақ, Алданар, Жамантымақ, Түлкіші. Аталық атасынан: Орақ (Төртауыл, Қарсақ), Жалмәмбет (Берді, Сүгір, Төбет, Тас). Көп аталы Тасжүрек он екіге тарайды: Қосаң, Солақай, Сейіт, Тоқтыауыл, Қараман, Келмембет, Бөлек, Тас, Тілеу, Қайқы, Таз, Кенже. 3) Енді Найманның құрамындағы «Төртуыл» туралы: терістаңбалы, сарыжомарт (ергенекті найман), төлегетай деген рулар бірлестіктері тарайды. Терістаңбалыдан: мәмбет, рысқұл; cарыжомарттан: балталы, бағаналы, көкжарлы, бура-найман, қаратай; төлегетайдан: қаракерей, мұрын, төртуыл, матай, аталық (кенже), садыр. 4) Шәкәрім өз шежіресінде ежелгі Дешті-Қыпшақ тайпаларын көрсеткен, ол тізімді Шәкәрім Н. А. Аристов және А. И. Левшин еңбектерінен алған болуы керек. Шәкәрімде Қыпшақтардың «дурут» тайпасы «дурткара» деп беріледі. Қыпшақтар туралы көне жылнамаларда «Дурут» тайпасы бұлай аталмайды. Төртқара тайпасы Кіші жүздегі алты рулы Әлім бірлестігіне кіреді, таңбасы — крест. Төртқара руынан Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би сияқты тарихқа әйгілі тұлғалар шыққан. Қазақтағы крест таңбалы рулар: Ұлы жүзде — Сарыүйсін, Орта жүзде Керей, Кіші жүзде Кете мен Төртқара. Дешті-Қыпшақтың «Дурут» тайпасына оралсақ, Дүрбін (дүрмен) руының атауы да осы «Төрт» сөзінен (монғол-қалмақша «Дурбаан», «Дөрвн») шыққан. Алайда, Дүрмен «таза монғол» тайпасына жататындықтан, Қыпшақ даласының «Дурут» руына қатысы жоқ болуы керек. Сөйтіп, ежелгі Қыпшақ даласының көне жазбаларда кездесетін «Дурут» тайпасына Арғын «Төртауыл», Найман «Төртуыл» және Ошақты «Төртауыл», Кіші жүздегі «Төртқара» руларының қатысы бар. Осылардың ішіндегі Қазақ Төртуылдары (Төртауыл) бір-біріне туыс болып шығуы да мүмкін. Яғни, көне «Дурут» біртұтас болса да, кейін әр түрлі руға бөлініп түскен-де, шежіре құрастырғанда, әрқайсысын өз руындағы аталардан таратқан.
Қыпшақ хандығындағы атау «Куман», Византия өзімен көршілес (Еділден Дунайға дейінгі аймақ) қыпшақтарды «Куман» деп атаған, Венгрлер «Кун», Орыстар «Половцы» деп атаған. Осы үш атауды салыстырып талдап көрейік: 1) Дұрыс атауын Венгрлер айтып отыр, «Кун» деген — Қыпшақ халқының сол кездегі «Құншақ" атауы. Онда «-шақ" деген кішірейту жұрнағы емес, «Құншақ« — «Бөрі» атауының бір нұсқасы: «Қаншық». Орыстың «Игорь полкі туралы жырында» Қыпшақтардың ханы да Кончак (Бөрі Ене — яғни, Қаншық) деп аталады. «Гзак» (яғни Қазақ) атты да қаған болған. Сол сияқты «Кобяк» — төбет, «Боняк» — Мойнақ. «Игорь Полкі туралы жырда» мынадай жолдар бар: «Игорьдің соңынан Гзак қасқырша қуа жөнелді, оның артынан Кончак ілесті». Киев Русінің князі Игорь Святославаичтың жеңіліп қашқан жауынгерлерін Гзак хан осылай артынан қалмай қуып соғысып жеңеді. Қыпшақтың тағы бір ханы Кончак болса, Гзакқа көмектеседі. Бұл жерде орыс жырындағы: «қасқырша қуа жөнелді» деген сөзге мән беру керек. Гзак хан мен әскерлерін қасқырға теңегеніне қарап («Гзакъ бѣжитъ сѣрымъ влъкомъ, Кончакъ ему слѣдъ), тарихта: «Гзак — Бурчевич Ордасының ханы» деген қорытынды жасаған. Сөйлемді олай түсіну қате: «Гзак — бөрілі байрағымен арттарынан қуды» ,- деп оқылуы тиіс еді. Ал Венгрлер Қыпшақтарды «Гундер» деп, немесе оның ұрпақтары деп түсініп отыр. 2) Ал Орыстар «Половцы» деп атаған, бұл сөздің мағынасы «Сарылар». Орыстар Қыпшақтарды «Сары түсті» деп отырған жоқ, олар Қыпшақтардың өз атауын орысшаға аударып алып отыр. Қыпшақтар өздерін Сарылар деп атаған. Сарыарқа (Қыпшақ қырқалары), Сарытау (Қыпшақ таулары — Орал таулары, яғни орысша — Саратов), Сырдария (Қыпшақ өзені). Қыпшақтарды сол замандағы Орта Азия мен парсы тарихшы-жылнамашылары «Шари» (Сары) деп атайды. Орыс жылнамалары бойынша, Гзак — Беглюк Бурнович ханның баласы («Бурнович» — «Бөрі» атауын иемденген әулет), ал Кончак — Атрак ханның баласы, Шаруканның немересі, яғни Сары (Қыпшақ) хандарының әулетінен шыққан. 3) Византиялықтар Қыпшақтарды Куман (Коман) деп атаған. Бұл — осы аймақтағы тайпалардың дәл өзінің атауы. Орыстың оңтүстік даласы қазір осы тайпаның атауымен «Кубань» деп аталады. Орыстар кейін Алтайдағы Түркі халқын «Кумандинцы» деп атады, яғни өз бұл жолы атауымен атады, ол халық қазір бар, өздерін «қуманды, қубанды, қууандығ" деп атайды. Яғни, «Куман» деген, тарихта жазатындай «Құман» (не сөз екені белгісіз) емес, ол — Арғынның Қуандық руы.
Шығыс Қыпшақтардың тағы бір тайпасы — Бурдж-оглы. Орыс жылнамаларында «Бурчевичи» деп аталады. Бұл «бөрі» сөзінен шыққан атау. Салыстыру үшін алсақ, Башқұрт халқының екі үлкен руы Тамян (қазақта «Тама») және Бурзян (қазақта «Беріш») деп аталады. «Башқұрттың Бурзян руы қазақтың Беріші болмас» ,- деп айтуға да болар еді. Алайда, Башқұртың Бурзян руы «Байулу-Бурзян» (қазақта Байұлы Беріш), «Ногайулы-Бурзян» (Ноғайлы Беріш) болып бөлінетінгесін, оның да Беріш руы екені мойындалады. Башқұрттың «Сальйут» рулар бірлестігінің құрамында да бар. Бұл бірлестік, «таза монғолдық" болатын «Салджиут» атты тайпасынан шыққандығы даусыз. Оғыздарда бұл әулет Салжұқ (Сельджук) деп аталады. Монғолдардың (Ергенекон халқы) бөрісі — Арлан бөрі, ал Көк Түріктердің бөрісі — Қаншық қасқыр («Бөрі Ене»). Аңыз бойынша Ашиналардың түп атасын қаншық қасқыр асырап алған. Башқұрттағы Байулу-Бурзян руының құрамында «Бэрсе» (тағы да Беріш) деп аталатын бөлім-де бар. «Бурджян» деген тайпа атауы Ұлы Бұлғар қағандығы тайпасы ретінде Византия жазбаларында аталады. Бурдж тайпасы, Еділ бойына Қыпшақтардан бұрын келген болуы ықтимал. Ал Қыпшақтар Екінші Түрік қағандығы құлағасын, 745-ші жылдан кейін келген. Ал бөрінің басы салынған туды Еуропалықтар алғаш рет қашан көрді. Бірінші Түрік қағандығының қалың қолы Қырым түбегі мен Қап тауына 568-ші жылы шабуылдаған. Осы жылдары Алтайдан «бөрілі байрақ көтерген» ру-тайпалар бұл өңірге қаптап келді. Бурдж-огылы (Бурчевичи) тайпасының өңірге келуі осы кезеңде болуы мүмкін: Қыпшақ даласындағы «Бурдж» деген тайпалар одағы — Бурджан (Беріш). Мысалы, араб ғалымдары Бейбарыс сұлттаның рулық тегін «Мин Бурдж» деп жазады. «Мин» (Минг) тайпасы Шайбани әулетімен бірге Өзбектерге қосылған, ал Бурдж (Беріш) тайпасы Башқұрт пен Қазаққа бөлініп түскен.
Әдебиеттер тізімі:
1. Бекжан О. Көктүрік қағанаты // «Жалын», 2010, № 12, 74–80 б.б.
2. Кляшторный С. Г. Кипчаки в рунических памятниках // Türcologica, 1986. К восьмидесятилетию
академика А. Н. Кононова. Л.: 1986. С. 153–164.
3. Каржаубай С. Обьединенный каганат тюрков (по материалам рунических надписей) Астана, 2002,
С.97–99, 178.
4. Рашид ад дин. Сборник летописей, М-Л., 1952.
5. Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зерттеу. Астана: Фолиант, 2008. 728 б.
6. Аристов Н. А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей я сведения об их
численности // Живая старина. Год шестой. СПб., 1896. Вып. 3 — 4.
7. Құдайбердіұлы Шәкәрім. Түрік қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. А., 2004.
Аташев С.М.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті,
E-mail: serikat@mail.ru
Бөлісу: