ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ өмірі туралы фотодеректер
26.06.2014 5846
Тарих білімі мен ғылымы кеңістігін кеңейту оның деректемелік базасымен байланысты екендігі белгілі.

Тарих білімі мен ғылымы кеңістігін кеңейту оның деректемелік базасымен байланысты екендігі белгілі. Қазақ тарихы мен мәдениетінің қазынасын жинақтау мемлекеттік саясатқа айналғаны да айқын. «Мәдени мұра», «Асыл мұра» мемлекеттік бағдарламалары осыған дәлел. Дереккөздердің көбеюі тарихи зерттеудің сапасын арттыруға, түрлі бағыттағы ізденістер жүргізуге мүмкіндік береді. ХХ ғасырдың екінші жартысынан гуманитарлық ғылымдарда «антропологизациялану» (адамға бет бұру) тенденциясы анық сезіледі. Бұл тенденция, әсіресе, кеше тоталитарлық және авторитарлық жүйеде өмір сүрген біз сияқты мемлекеттердің саяси-идеологиялық бояуда жазылған ресми тарихын қарапайым қоғам мүшелерінің тарихымен толықтыру мақсатында өзекті. Қарапайым адам тарихын жазу оның тұтас тарихи портретін жасаудан тұрады. Әлеуметтік ғылымдар бұл портретті күнделікті өмір негізінен іздейді. Осыған орай «күнделіктілік тарихы» немесе «күнделікті өмір тарихы» деген ұғымдар айналымға енді.

Қазір де шетелдік тарих ғылымы күнделікті тарих деректерінің қатарында бейнелік деректерді — сурет, гравюра, фотосуреттер, фильмдер (деректі және көркем), теледидарлық бағдарламаларкелтіреді. Бейнелік деректердің арасында фотосуреттерге кеңірек тоқталсақ.

Қарапайым жұмысшы өмірін неғұрлым боямасыз анық беретін дерек, тарихи дерек фотосуреттер болып табылатыны анық. Фотосуреттің атқаратын негізгі қызметтерін Р. Чалфен былай деп қорытындылайды: құжаттау (белгілі бір материалға түсіру арқылы көрініс не бейнені дерекке айналдыру), есте сақтату, мәдениетті әлеуметтендіру (мәдени ақпаратты тарату, яғни қоғамдық нормалар мен құндылықтарды көрсету жолымен әлеуметтік топтараралық сабақтастыққа жету) [1]. Осы қызметтердің арасында көп айтылатыны фотосуреттің есте сақтату қызметі. Жеке адамның, отбасының, ұжымның есте ұсталатын жағдайларының кілті не орны деп айтуға боларлық. Яғни, фотосурет арқылы адам және қоғам тарихын көре аламыз.

Негізгі фотоқұжаттар қоры Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбасы мұрағатында сақтаулы. Осы мұрағат қорындағы фотоқұжаттардың басым бөлігін тұрмыстық және көріністік суреттер құрайды. Олардың сол заманның құжаттық куәгерлері ретіндегі маңызы күннен күнге артып келеді. Мұрағат қорларында сақтаулы осындай фотодеректердің саны – 250 000. Олардың арасында айналымда жүрген және әлі белгілі бола қоймаған фотосуреттер бар.

Сонымен қатар, фотоқорлар мұражайларда да баршылық. Мәселен, Орталық мемлекеттік мұражайда 80 000 сурет экспонаттары бар екендігі көрсетіледі.

Өнер зерттеушілері Қазақстандағы фотосурет тарихын нақты бір жылмен байланыстыра қарастырады. Олар 1854 жылы белгісіз автор түсірген Семейде айдауда жүрген жазушы Ф. Достоевский мен қазақ ғалым-этнографы Ш. Уәлихановтардың портреті Қазақстан тарихына қатысты ең алғаш түсірілген фотосурет деседі. Реті келгенде фотосурет тарихына тоқтала кетсек, шамамен Х ғ. араб ғалымы Альхазен алғаш жасаған обскура камерасы тек ХVI ғасырда ғана Европада пайдаланыла бастаған.1822 жылы французЖозеф Ньепс алғаш рет суреттік бейне түсірген. Бұл сурет біздің күндерге дейін сақталмағандықтан, тарихтағы тұңғыш фотосурет 1826 жылы түсірілген «терезеден көрген көрініс» деп есептеледі. Ал «фотография» терминін 1839 жылы ағылшын астрономы Джон Гершель және неміс астрономы Иоганн фон Медлер айналымға енгізген.

Қазақ даласына ХІХ ғасырдың екінші жартысында келген шетел саяхатшылары мен зерттеушілерінің қазақ даласы мен халқының тұрмысы туралы түсірген суреттері кездесе бастайды. Олардың бірқатары жинақтар ретінде белгілі. Сондай ірі жинақтың бірі 1200-ге жуық суреттер енген «Түркістан альбомы». Бұл альбомды 1871-1872 жылдары Түркістан генерал-губернаторының тапсырмасымен шығыстанушы А.Л. Кун жинақтағаны тарихтан анық. Аталмыш көптомдық жинақта Түркістан өлкесі халқының тұрмысы мен мәдениеті көрініс тапқан. Бұл суреттерді фотографтар тобы түсірген. Өкінішке орай, олар туралы нақты мәліметтер жоқтың қасы. (Жинаққа енген фотоматериалдардың ішінен іріктелген Қазақстан тарихына қатысты суреттерден 2005 жылы альбом шықты).

Қазақстан тарихы туралы фотоқұжаттардың келесі бір жинағы 1874 жылы жарық көрген – «Батыс Сібірдің көріністері мен түрлері». Бұл альбомның авторы өлке губернаторының әйелі Л.К. Полторацкая деп есептеледі. Қазақ даласын зерттеуге келген экспедициялар материалдары арасында да осындай этнографиялық фотодеректер бар. Бұл альбомдардың барлығы – қазақ даласы мен оның халқының жалпы тұрмыс-тіршілігі және сол кездегі күнделікті өмірінің құнды деректері.

Қазақ даласы туралы бағалы этнографиялық суреттер жасауға үлес қосқан жеке авторлардың бірқатары белгілі. Олардың арасында елімізде айдауда болған поляк Константин де Лазари коллекциясын (коллекция 2000 жылы Лодзи көрмесінде көрсетілді), Жетісу өлкесіндегі патша әкімшілігінің шенеуніктерінің бірі болған Н.Н. Пантусов коллекциясындағы 200-ден астам фотоматериалдарды (ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының қорында сақтаулы) атап өтуге болады.

ХХ ғасыр басында тұрмыстық фотосуреттер пайда бола бастады. Мұндай материалдарды біз 1873 жылы Верныйда ашылған С.А. Лейбин ательесінің және 1903 жылы Павлодарда ашылған Д. Багаев студиясының жұмыстарынан ала аламыз. Д. Багаевтың фотосуреттері біздің тақырыбымыз бойынша негізгі деректердің қатарын құрды. ХХ ғ. 20-30 жылдары Д. Багаевтың Павлодар және Солтүстік Қазақстан өлкесі бойынша тұрмыстық суреттерінде, А. Ионовтың Жетісу өңірі, оның табиғаты мен халқы туралы фотодеректерінде көрінеді.

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары туралы фотодеректер негізінен еңбекшілердің (жұмысшы, шаруа) тұрмысы мен мәдениеті, қазақ тұрмысы, ірі каналдар салу, Түрксіб, ұжымдастыру, индустрияландыру, білім беру, қоғамдық-саяси өмір, үгіт және насихат, демонстрациялар, мәдениет және социалистік құрылыс және т.б. қамтиды. Жеке қорларда да құнды фотодеректер жинақталған. Мұрағат қорлары қазірде шет елдерден алып келінген материалдармен толығып жатыр. Қолданысқа бұрын жабық болып келген тақырыптар бойынша деректер ұсынылады. Мысалы, репрессия тақырыбы, ашаршылық тақырыбы. Тұрмыстық фотодеректер қарапайым адамдардың әдетті өмірін, күнделікті тіршілігінің бір сәтін анықтауға мүмкіндік береді.

Мына фотодеректер [2] қазақтардың ұлттық тұрмысы туралы мәлімет береді.

Киіз басу. 1920 ж.КФҚДЖ ОММ. №2-66336.

Қазақ әйелдері астықты өңдеуде. 1928 ж. КФҚДЖ ОММ. №2-57439.

Қазақ арбасы. Репродукция. 1927 ж. КФҚДЖ ОММ. №2-39116

Қалада тұратын қазақ отбасы. ХІХ ғасырдың аяғы. КФҚДЖ ОММ. №2-2-104251.

Бөлімде қазақ тұрмысына байланысты 50-ге жуық фотодеректер пайдаланылды. Ол фотосуреттерде үй іші интерьері, ауыл өміріне енген түрлі жаңалықтар (патефон, радио және т.б.), отбасылық суреттер мен отбасылық өмір көріністері (балаларды сабаққа дайындау, бірге ас ішу және т.б.) бар. Заман табы да олардан анық білінеді. Мысалы, төрге ілінген көсем портреті және сол сияқтылар. Қолданылған фотоқұжаттар барлығы дерлік мұндай ғылыми айналыста болмаған материалдар. Әсіресе, қазақтардың тұрмысына байланысты деректер қатары.

Атап кететін тағы бір мәселе тұрмыстық тақырыптағы бай материалдарды жеке қорлардан табуға болады. Соның бірі фотограф әрі өлкетанушы Д.П. Багаевтың (1884-1958) фотодеректер коллекциясы. Д. Багаев - Солтүстік Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған, өмір бойы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген, көптеген палеонтологиялық және этнографиялық экспедицияларға қатысқан адам. Кейін өзі негізін қаласқан Павлодардағы облыстық өлкетану мұражайының алғашқы директоры болған. Онда Д.П. Багаев жинаған материалдар қойылған. Ол «фотосурет – ермек емес, фотосурет дегеніміз ғылым да, өнер де, уақыт куәгері де» деген. Багаев осы пікірін өз жұмыстарында анық дәлелдеген. Ол қазақ ауылдарын көп аралап, тұрмыстық суреттер түсірген. Мысалы, төмендегі суреттерде [3] диірмен тартқан бала, қазан басындағы әйел бейнеленген. Бұл материалдар қазақтың күнделікті өмірінің бояуын ашуға, тұрмыстық жағдайын көзбен толық сурет еріп көруге мүмкіндік береді. Бұл фотоқұжаттардың тағы бір құндылығы ол дәстүрлі қазақ тұрмысына европалық мәдениет элементтерінің ене бастағанын анық көрсете білген. Кеңестік биліктің тұрмысты саясаттандыруға көшкен шаралары: митингтер, астық тиеген арба керуендері, ұран ұстаған қарапайым адамдар. Мұндай көріністер жиі кездеседі. Төмендегі фотосурет жаңа және дәстүрлі өмірдің түйісуін – сары даланың ғасырлық көлігі түйе мен жаңа ғасыр көлігі темір жолдар – білдіретін осындай символдық сурет. 

Қорыта айтсақ, отандық тарихтың бетіне рең беретін фотоқұжаттар, қарапайым адамдардың әдетті тіршілігін анықтау үшін де маңызды. Соңғы жылдардағы ғылыми ізденістер фотоқұжаттарды, соның ішінде жеке қорларда жатқан фотоқұжаттарды да зерттеу жұмысы маңызды екенін көрсетеді. Тарихшылар фотоқұжаттарды көбіне иллюстрациялық материал ретінде ғана қолданады, дерек ретінде оны зерттемейді. Ал қорларда жинақталған фотоқұжаттар әлі де өз зерттеушісін күтуде.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Барт Р. Фотографическое сообщение // Барт Р. Система моды. Статьи по семиотике культуры. М.: Издательство им. Сабашниковых, 2003. Сс. 378-392;

2.  Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағаты;

3.  Интернет-материалдар.

Шолпан Нұрман, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты