ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы халық ағарту ісі: тарихи зерттеулердің теориялық-методологиялық мəселелері
18.06.2014 4685
Бүгінгі таңда елімізде отандық тарих ғылымы алдына елеулі міндеттер жүктеліп отырғаны аян.

Бүгінгі таңда елімізде отандық тарих ғылымы алдына елеулі міндеттер жүктеліп отырғаны аян. Мұны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Жолдауындағы мынандай пікірден-де, аңғаруға болады: «Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана — Мəңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек» [1, 21].

Ғылыми білім ауқымының кеңейіп, онда шынайылықтың көрініс табу-деңгейі арта түскен сайын ғалымдар жаңа білімге қол жеткізуге мүмкін деген əдістер мен тəсілдерді талдауға жəне негіздеуге талпыныс қарқынын күшейте түседі. Жаңа ғылыми білімді алудың тəсілдерін зерделеуді ғылым методологиясы жүзеге асырады [2, 7–8]. Сондай-ақ ол танымның одан əрі дамуына жол ашып, оның ауқымының кеңеюіне қызмет етеді. Таным білімді игерумен сипатталатын рухани əрекет болғандықтан, ол аяқталған нəтиже түрінде емес, шынайылық сипатқа ие анағұрлым толық, əрі терең білімге ұмтыла түсетін үдеріс іспеттес. Ол адамның шығармашылық ізденісімен тығыз байланыс та дамып, оның қоғамдық, тарихи үдерістегі өз орнын айқындауына ықпал етеді. Сонымен бірге таным мен методология өзара байланыста дамиды. Ғылыми танымның жетілуімен бірге жаңа білімге жетуге жол көрсететін ұстанымдар, тұжырымдамалар мен теориялар қалыптасады немесе оларға деген көзқарас өзгеріске түседі. Бұл, əрине, тарих ғылымына, оның жекелеген проблемаларын зерделеуге, соның ішінде патшалық Ресейдің үстемдігі дəуіріндегі қазақтар арасындағы халық ағарту ісіне-де қатысты.

Көрнекті неміс философы Карл Ясперстің пайымдауынша, тарих тұжырымдамасының міндеті бүгінгі дəуірді түсінуге ықпал етумен қатар, ондағы орнымызды көрсету болып табылады [3, 99]. Бірақ осы міндетті атқарады деп түрлі кезеңдерде ұсынылған бірқатар тұжырымдамалар таным ауқымының кеңеюіне сəйкес теріске-де шығарылады. Мұндай жағдай ғылыми таным методологиясын зерттеуші Г. И. Рузавиннің пікірінше, ғылым саласындағы алға басудың, теория мен зерттеу тəсілдерінің жетіліп жатқандығының көрінісі болып саналады [2, 28].

Түрлі кезеңдерде ұсынылған теориялар мен тұжырымдамалар теріске шығарылмай немесе жетілдірілмей қалмайды. Бұған таяу уақыттарға дейін еліміздегі тарих ғылымында үстемдік құрып келген маркстік-лениндік ілімге негізделген ұстанымның қалыптасу, даму жəне құлдырау кезеңдерін бастан кешуі дəлел бола алады.

Марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ кеңестік тарих ғылымының методологиялық базасы ретінде саналып, ол марксшіл тарихшылардың буржуазиялық тарихшылардан аражігін ажыратып алуға қызмет етті [4, 8]. Маркстік-лениндік ілімге сəйкес дүниежүзілік тарихи үдеріс қоғамдық-экономикалық формациялардың бірінен соң бірінің алмасуы түрінде түсіндірілді. Формациялық ұстанымның тарихи үдерісті зерттеудегі бірден-бір ұстаным ретінде кеңестік тарих ғылымында орнығып, өзге теорияларды теріске шығаруы елдегі ғылыми танымның ауқымына жəне тарихи білім беру жүйесіне өз нұқсанын тигізді. Өткен дəуірдегі тарихи құбылыстарды бір қалыпқа салған маркстік-лениндік ілімге негіз делген методология зерттеушілерге қандай да бір елдің жəне халықтың тарихи дамуындағы өзгешелік пен күрделілікке баса назар аударттырмай, тап күресіне ерекше көңіл бөлдіріп, революциялық дамуды абсолюттендіріп, дамудағы эволюциялық үдерістің маңызына мəн беруді екінші кезекке ығыстыртты. Соның салдарынан тарих ғылымындағы көптеген мəселелер зерттеу аясынан тыс қалды. Формациялық ұстаным зерттеушілерге социализм құрудың теориясы мен практикасы аясынан жəне осыған орайластыра жасалған білім беру мен тəрбиелеу жүйесі арнасынан шығуға мүмкіндік бермеді [5, 3]. Соған сəйкес Орталық Азия халықтары арасындағы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ға сыр бас кезіндегі, ағартушылық феодалдық даму сатысындағы халықтардың қарабайыр, ағартушылығы түрінде ғана түсіндіріліп, олардың 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан ахуалға орай «капитализмге соқпай, социалистік құрылысқа көшуі» барынша дəріптелді.

Қатаң идеологияландырылып, қызыл империя саясатының қызметшісіне айналдырылған кеңестік тарих ғылымы маркстік-лениндік ілімдегі тап күресі теориясы мен интернационализм ұстанымын басшылыққа алып, ұлттық мүддені ескермеді. Мұндай ұстаным Ресей империясының жаулап алған Орталық Азия халықтарының Кеңес Одағы құрамында болуын «ірі жетістік» ретінде дəріптеуге ыңғайлы болатын. Соған орай патша өкіметінің отарлық саясаты империя құрамына енген халықтарға «зор қасірет» емес, керісінше оларға «болар-болмас қасірет» əкелген болып шықты. Бұл өз кезегінде ұлттық мүддені қорғау мақсатында қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тəжік, қарақалпақ халықтары өкілдерінің өткен дəуірлерде бірлесе, ағартушылық жұмысын жүргізуге əрекет етуге талпынысын назардан тыс қалдыруға əкеліп соқтырды. Сондай-ақ осы мəселе ғылыми əдебиеттерде айтыла қалғандай жайт болса, оны ұлтшылдықтың, түрікшілдіктің көрінісі ретінде бағалау орын алды. Соның салдарынан түркістандық ұлттық саяси элитасы өкілдерінің ХХ ғасыр басында атқарған қоғамдық-саяси, ағартушылық қызметі объективті бағаға ие бола алмады. Кеңестік тарих ғылымы түркі халықтарын бір-бірінен алшақтата көрсетуге тырысты. Кеңестік тарих ғылымындағы осындай ұстанымның астарын Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде былайша негіз деп көрсеткен болатын: «Мемлекеттік саясаттың мүддесіне қызмет ететін тарихтың барлығы секілді, кеңестік тарихта да қазақтардың, қырғыздардың, өзбектердің, түрікмендердің тарихын бір-бі рінен алшақтатып, оқшауландыра қарау əдетке айналған-ды. Олай болатын себебі, Кеңес мемлекетінің басшылығы Орта Азиядағы жаңа буын өкілдерінің өздерін өзгелерге ешқандай қатысы жоқ жеке халық деп ойлауына ұмтылды. Москвадағы өкіметке Орталық Азиядағы бытыраңқылық тиімді болды. Сондықтан, ол осы халықтарды дамудың əртүр лі жолдарына салып, бір-біріне қарсы болуын көздеді» [6, 259–260].

Кеңес Одағының ыдырап, оның құрамындағы республикалардың өз тəуелсіздігінің жариялауымен посткеңестік республикалардың тарих ғылымында оң өзгерістер бой көрсетті. Ондай өзгерістер қатарына тап күресі теориясына негізделген формациялық ұстанымның отандық тарих ғылымындағы монополиялық жағдайынан арылуын жатқызуға болады. Бүгінгі таңда тарихшылар жаңа əдістік көзқарастарды қалыптастыруға, тарихи үдерісті оның өзі қандай болса, сол күйінде өзара байланысты, тұтастықпен ұласқан даму қалпында көруге талпынуда. Уа қыт өткен сайын отандық жəне посткеңестік тарих ғылымында өркениеттілік ұстаным перспективалы ұстаным ретінде орнығуда.

Түрлі тарихи кезеңдерде Ф.Вольтер, Дж. Вико, О.Шпенглер, А. Дж. Тойнби, Ф.Бродель, С. Е. Десницкий, Н. Я. Данилевский, М.Вебер, Л. Н. Гумилев, С.Хантингтон секілді т.б. ғалымдар дамытуға үлес қосқан өркениеттілік ұстаным бүгінгі таңда формациялық ұстанымды алмастыра алатын, əрі, ағартушылық пен тəрбиелеу функцияларын атқаратын жəне ұлттық тарихты зерттеу мен ұлттық идеяның орнығуына қызмет ететін əмбебап парадигма ретінде санала бастады [7, 39]. Бұл ұстанымның патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындағы қазақтар арасындағы халық ағарту ісінің қыр-сырын терең түсінуге септігін тигізетіндігіне күмəн келтіруге болмайды.

Өркениеттілік ұстаным марксизмнен əлдеқайда бұрын өмірге келіп, үздіксіз жетілу үстінде болды. Бұл үдеріс əлі күнге өз жалғасын табуда. Дегенмен, осы ұстаным аясында еуроцентристік көзқарас та бой көрсетпей қалмады. Мəселен, ХVIII-ХІХ ғасырлардағы еуропалық ағартушылар арасында көшпелі немесе дала өркениеті өкілдерін отырықшы өмір салт пен мəдениеттің жауы, «жабайылар» ретінде көрсе ту, еуропалықтардың Шығысты жаулауларының «объек тивті» екенін негіздеуге тырысу, Еуропаның Шығыстағы үстемдігін негіздеу е еуроцентристік идеяларды методологиялық тірек ретінде пайдалану орын алды. Кейіннен мұндай еуроцентристік тұжырымдаманы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірқатары пайдаланып, Ресейдің Орталық Азиядағы эк пансиялық саясатын «орыстардың өркениеттік миссиясы» ретінде дəлелдемек болды. Мұндай көзқарасты жақтаушы орыс зерттеушілері Орталық Азиядағы отарлық билік орындарының жергілік ті халықты еуропалық өркениетпен «байланыстырушы көпір» қызметін атқара тындығын дəлелдеуге тырысып, ұлыдержавалық мүддені жоғары қой ды. Əрине, мұндай көзқарас тұрғысында Орталық Азия халық тарының арасында жүргізілген, ағартушылық «төменгі даму сатысындағы, кенжелеп қалған өркениеттегі халықтардың ағартушылығы» түрінде түсіндірілді. Ал жергілікті халық өкілдерінің патшалық Ресейдің отарлық саясатына бірлесе қарсылық көрсету əрекеті «озық өркениетті» қабылдауға наразылық, «тағылық сарқын шақтары» ретінде бағаланды. Сондықтан да еуроцентристік көзқарас шынайылықты көрсетпейді, керісінше, бір халықтың екінші халыққа, яғни еуропалықтардың үстемдігін, ақтауға бағытталған ұстаным деп бағалануы тиіс. Мұндай көзқарас тарихи үдерісті шынайы тұрғыда түсіндіре алмайтындығын кезінде көрнекті тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаев өз еңбегін-де айта келіп, А.Тойнби, О.Шпенглер секілді ғалымдардың түркі халықтарын өркениетсіз халық етіп көрсету əрекеттерін сынға алған болатын [8, 14-б].

Тарихи зерттеулердің теориялық-методологиялық мəселелеріне байланысты еңбек жазған ғалым Л. Р. Хут өркениет теориясы қазіргі заманда өз дамуының жоғары сатысына көтеріліп, онда өркениетті əлеуметтік-мəдени құрылым ретінде пайымдаушылық белең алғанын, бұл теорияның аясында тарихи жадты түлету, тарихи үрдісті гуманистік тұрғыда əрі эволюциялық сабақтастықта қарастыру жүзеге асатындығын айтып, тарихи ой-пікір тарихында əлемдік-тарихи жəне мəдени-тарихи тұжырымдамалар өміршеңдік танытып отырғанын атап көрсетеді. Оның пікірінше, əлемдік-тарихи тұжырымдама халықтар тарихын про грес тік дамудың бірегей үрдісі ретінде қарастырады, ал мəдени-тарихи тұжырымдама еуропалық емес халықтардың артта қалушылығы немесе тоқыраушылығы дегенді қолдамай, əрбір мəдени аймаққа өзіндік даму жолы тəн екенін негіздейді [9, 54].

ХІХ екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың да, ағартушылығы мəселесіне қатысты орын алған тарихи құбылыстар мен оқиғалардың астарын терең түсініп, дұрыс пайымдауда мəдени-тарихи тұжырымдамасының орны ерекше. Бұл тұжырымдамаға сəйкес əлеуметтік-мəдени, психологиялық, этникалық факторлардың өзара ықпалдастығына, олардың қоғамдық дамудағы орнына жəне Орталық Азия халықтарының ағартушылықтағы өзара байланыстарының өрбуіне əсері-деңгейіне назар аударылады. Сонымен қатар бұл тұжырымдамада Орталық Азия халықтарының бірегей өркениет өкілдері екені жəне кез келген өркениеттің əлеуметтік-мəдени құрылым ретінде өзіндік рухани, ел билеу, тіршілік ету, адамдар арасындағы өзара қатынас, ел аралық байланыс мəдениетіне ие болатыны ескеріледі. Бірақ бұл əлемдік-тарихи тұжырымдамасы екі халық арасындағы байланыстарды ашып көрсетуде дəрменсіз дегенді білдірмейді. Əлемдік-тарихи тұжырымдамасының арнасында Орталық Азия халықтары арасындағы байланыстар желісін əлемдік тарихтың, Шығыс əлемі, Ислам əлемі тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға жол ашыла түсетіндігінде назарда ұстаған абзал. Сондай-ақ бұл тұжырымдама Түркістан халықтарының ағартушылықтағы байланысының сипаты мен өрбу қарқынына əсер еткен сырт қы факторларды бағамдауға мүмкіндік береді.

Өркениеттілік ұстаным тарихи зерттеулер методологиясының тарихилық принципімен-де үйлесімділік табады. Бұл принцип ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Германияда интеллектуалды, ағым ре тінде бой көрсетіп, кейіннен бүкіл Батысқа тарады. Сол кезде Берлин университетінің профессоры Леопальд фон Ранке тарихилық принципін жақтаушылардың ең ірі өкілі ретінде танылған-ды. Ол тарихшының басты міндеті өткен дəуірдің менталитетіне үңіліп, сол дəуірдің адамдары басқаша емес, неге дəл солай əрекет еткенін айқындауы керек, сонда тарихи шындық бұрмаланбайды деп санады. Оның ізбасарының бірі И. Г. Дройзен болса, бұл пікірді дамыта отырып, тарихилық принцип өткен дəуір туралы тура түсінік қалыптастырумен бірге қоғамның əрі қарай қандай жолмен жүру керектігіне бағыт бере алады, тарихи зерттеудегі қателік əйтеуір бір қоғам дамуына кері əсерін тигізбей қоймайды деген тұжырым жасаған болатын [10, 82].

И. Г. Дройзен осындай пікірі арқылы өзін өркениеттілік ұстанымды жақтайтынын жəне оны формациялық ұстанымға балама ретінде ұсынатынын байқатумен қатар, ол тарихтың басты мақсаты танымның тарихи заңдылықтары мен тарихи білім-деңгейін айқындау екенін көрсеткен еді [11, 138].

Тарихилық принципін жақтаушылар тарих тарихи сананы қалыпта тыратындығын негіздеді. Олар тарих ғылым ретінде тарихи сананы жаңғыртуға жəне өткен дəуірдегі тарихи оқиғалар мен құбылыстар жайлы түсінігіміздің шынайы болуына қызмет етуі тиіс деп есептеді. Сондай-ақ олар белгілі бір проблеманы зерттеу барысында өткен дəуір мен өз заманының айырмашылығын көре білу керектігін, объектіні қоршаған ортасынан бөліп алмай онымен контекстте қарастыру қажеттігін жəне тарихи құбылыс басқа оқиғалармен диалектикалық байланыста, əрі үрдіс ретінде көрсетілуі тиістігін қолдады [12, 9–10]. Ұсынылған осы қағидалар бойынша ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтар арасындағы халық ағарту ісінің ерекшеліктерін тарихи оқиғалармен тығыз байланыста қарастырып, оның өрбу ерекшелігін шынайы түрде көрсетуге мүмкіндік аламыз. Бұл ретте қазақтар арасындағы мұсылмандық мектептер мен медреселердің халық а білім берудегі рөлі, оған отарлық биліктің тосқауыл қою мақсатын да орыстандыру міндетін жүзеге асыратын орыс-түзем мектептерін ашуы, мұсылмандық білім беру ошақтарына жаңа серпін берген жəдидтік, ағымның қалыптасуы секілді үдерістерге назар аударылады. Сонымен қатар қазақтар арасындағы халық ағарту ісінде өзіндік орындары бар Ы.Алтынсарин, Н. И. Ильминский, Н. П. Остроумов, И.Гаспринский секілді т.б. қайраткерлердің тұлғалық келбетіне көңіл бөлінеді.

Отарлық кезеңдегі халық ағарту ісі тарихын зерттеу барысында қазақтарға өзінің ағартушылық идеяларымен ықпал еткен өзге халықтардың да қайраткерлерінің ұстанымдарына да баға бере кеткен жөн. Мəселен, татар халқының Ш.Маржани, И.Гаспринский, өзбек халқының М.Бехбудий, Мүнауар Қари, қырғыз халқының И.Арабаев секілді қайраткерлерінің халық ағарту ісіне байланысты ұстанымдары басты назарда ұсталғаны жөн.

Белгілі шығыстанушы Н. И. Конрад əр халықтың тарихы əрқашан да көршілерінің тарихымен тығыз байланыста болатындығын, мұндай байланыс аумақтық, өңірлік-деңгейде əрқашан да болатындығын негіздеп көрсеткен-ді [13, 17]. Халықтар арасындағы өзара, ағартушылыққа орай туындаған байланыстар үрдісі көптеген адамдар мен жеке тұлғалардың тағдырына жəне мүдделеріне əсер еткен оқиғалар мен құбылыстардың жиынтығы іспеттес. Оның өрбу қарқыны мен сипатына жеке тұлғалардың белгілі бір мүддені қорғау жолындағы əрекеттерімен қатар өзге бір көршілес елдердің саяси ұстанымдарындағы ерекшеліктер мен геосаяси ахуалдағы өзгерістер-де өз əсерін тигізбей қоймайды. Мұның өзінен халықтар арасындағы, ағартушылық байланыстар тарихын зерттеудің көп қырлы екені, аңғарыла түседі. Осындай жайтты ескере отырып, тарих методологиясын зерттеуші ғалым В. Ф. Коломийцев халықтар арасындағы қарым-қатынасқа орай қалыптасқан тұжырымдамалар мəселесіне байланысты жазылған еңбегінде əлемдік саясат жанжалдар мен ымырашылдықтың қосындысы екенін алға тартқан болатын. Ол халықтар арасынағы байланыстарды қарастыруға қатысты жанжалдар мен ынтымақтастық тұжырымдамалары барын атап көрсетеді [14, 81–82]. Бұл тұжырымдамалардың қарастырып отыр ған мəселеге, Орталық Азия халықтары арасында орын алған жанжалдар жəне өзара келісімдер мен ынтымақтастық жайттарын зерделеуге-де өзіндік қатысы бар. Алайда осы тұрғыда халықтар арасындағы қатынас ты қарастыруда ымыраға келушілікке, гуманистік саясатты қолдаушылыққа жəне өзара ынтымақтастыққа мəн беру жөніндегі тарих философиясын зерттеуші, немістің көрнекті ғалымы Э.Трёльчтің пікірінде [15, 646–647, 687] ескерусіз қалдыруға болмайды. Осы қағидаларға сəйкес патшалық Ресейдің үстемдігі тұсында қазақтардың би лік орындары ашқан орыс-түзем мектептеріне бастапқыда қарсылық танытып, олар ға балаларын оқытуға бермеуге тырысуының астарын шынайы түсіндіруге болады. Сонымен қатар тоқыраушылыққа ұшырауға мұсылмандық білім беру орындарына туыстас татар халқы арасында ХІХ ғасырдың соңына қарай қалыптасқан жəдидтік жаңа серпін беруінің астары, аңғарыла түседі. Мұның өзін белгілі дəрежеде ынтымақтастық тұжырымдамасымен үйлесімділік табатын гуманизм тұжырымдамасының талаптарына сай келеді деуге болады.

Бүгінгі таңда қоғамның, күллі ғаламның мүддесі үшін мемлекеттердің ішкі-сыртқы саясаттарында гуманизм идеяларын басшылыққа алу, халықтар арасындағы қарым-қатынаста гуманизм қағидаттарына жүгінуді жүзеге асыру маңызға ие. Гуманизм — адамгершілікті, адамға сүйіспеншілік идеясын білдіретін көзқарастар жүйесі ретінде адамзаттың еркіндігі мен теңдігін ардақтайды жəне əрбір жеке тұлғаның ар-намысын құрметтейді. Гуманизм тек дүниетанымдық тұжырымдама ғана емес, ол əрі экономикалық, əлеуметтік жəне қоғамдық-саяси қатынастарды қамтитын практикалық өмірдің үлкен бір бөлігі. Ол экономикалық, саяси жəне мəдени өмірдің тұтастығын, адамзат бұл дүниенің жоғары құндылығы екендігін дəріптейді [15, 190]. Тарихтан адамзат тəлім алғанда одан ең бастысы адамгершіліктің мəңгілік құндылытарына жетудің жолын, аңғаруы тиіс [17, 9]. Қазақтар арасында отарлық кезеңдегі халық ағарту ісі тарихын зерттегенде-де гуманизм принциптеріне назар аударылуы тиіс. Бұл ретте сол тұстағы Алаш қозғалысы қайраткерлерінің халық ағарту ісіне, əйел теңдігіне, дінге байланысты ой-пікірлері басты назарда ұсталғаны дұрыс. Сондай-ақ «Айқап» журналы мен «Қазақ" газеті беттерінде адамгершіліктің насихатталуына баса мəн беру керек.

Тарихи білім саласына гуманистік мазмұн беру мəселесі тарихшылардың «Анналдар» мектебі өкілдеріне-де тəн еді. Бұл мектептің бастау көзінде тұрған француз ғалымдары — Л.Февр мен М.Блок тарихты қазіргі қоғам өмірімен байланыстыру, ғылыми айналымға бұрын қосылған деректерді жаңаша пайымдап оқу, зерттеулердің дəстүрлі емес əдістерін қолдану мəселелерін көтерді. Олар 1929 жылы негізін қалаған «Анналдар» атты басылым алғашқы санынан-ақ тарихты зерттеуді кең ауқымда жүргізуді, онда қоғамдық пəндер арасындағы байланысты нығайтуға үндеді. «Анналдар мектебінің" ғалымдары тарихтың мазмұндылығын арттыруға, «барлығын қамтитын (жаһандық) тарих» арнасында тарих ғылымының методологиясын жетілдіре түсуге ерекше мəн беріп, өткен дəуірлерді тарихи проблемалар түрінде қарастыруды, деректерге сыни тұрғыда қарауды ұсынып, салыстырмалы-тарихи əдісті зерттеулердегі нəтижелі əдіс ретінде санады [18, 226–227]. «Анналдар» мектебі өкілдерінің ұстанымы ХІХ ғасырдың ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтар арасындағы, ағартушылықтың өрбуіне, білім беру ісінің ерекшеліктерін проблема ретінде қарастырылуына, оның мазмұндылығының артуына, бұрындары бұрмаланып түсіндіріліп келген оқиғалар мен құбылыстардың шынайы тұрғыда жазылуына кең жол аша түседі.

Ғылыми таным методологиясын зерттеуші ғалымдар деректік материалдарға негізделген дəйектемені жасалған тұжырымдарға көз жеткізудің методологиясы ретінде қарастыруды ұсынуда. Сондай-ақ олар дəйектеменің фактілік (айғақтық) жəне логикалық аспектілері белгілі бір тұжырымдама бойынша жасалған тұжырымның сенімділік көрсеткіші деп санайды [19, 78–79]. Осындай пікір негізінде отарлық дəуірдегі қазақ халқы арасындағы білім беру ісі тарихына қатысты тың деректік мəліметті жаңа тұжырымдар жасауға алып келеді деп те есептеуге болады. Ол үшін мұрағаттық құжаттар мен басылымдардың материалдарымен қатар, Түркістан өлкесі халықтарының ауыз əдебиеті үлгілерінде жəне сол тарихи кезеңнің куəгерлері қалдырған қол жазбаларда сақталып қалған мəліметтерді кең көлемде ғылыми айналымға тартқан абзал. Осындай шара жүзеге асырылған жағдайда ғана патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайындағы халық ағарту ісінің тарихын жазу дəйекті болмақ.
Жалпы қорыта айтқанда, қазақ халқының арасында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығындағы халық ағарту ісінің өрбуін ғылыми айналымға деректерді талдай отырып, молынан енгізу арқылы, ол үдерісті өркениеттілік ұстаным мен тарихилық принципі негізінде, сондай-ақ гуманизм, ынтымақтастық жəне мəдени-тарихи тұжырымдамалары тұрғысынан қарастырудың маңызы зор деуге болады.

Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқы на Жолдауы. «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». Алматы, 2014. 40 б.
2. Рузавин Г. И. Методология научного познания. М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2005. 287 с.
3. Ясперс К. Смысл и назначение истории. М.: Политиздат, 1991. 527 с.
4. Пронштейн А.П., Данилевский И. Н. Вопросы теории и методики историчес кого исследования. М.: Высшая школа, 1986. 208 с.
5. Поляков Ю. А. Как отразить многомерность истории? // Новая и новейшая история. 2003. № 4. С. 3–10.
6. Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999. 296 б.
7. Андреев И. Л. Осторожно с «часами» истории (методологические проблемы цивилизационного процесса) // Вопросы философии. 1998. № 9. С. 38–47.
8. Қозыбаев М.Қ. Өркениет жəне ұлт. Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001. 369 б.
9. Хут Л. Р. Новистика: вопросы теории. М.: Изд-во Московского педагогического университета, 2003. 328 с.
10. Кириленко Е. И. Традицияисторико-методологических исследований в немецком либеральном историзме // Методологические и историографические вопросы исторической науки / отв. ред. Б. Г. Могильницкий. Томск: Изд-во ТГУ, 1992. 129 с.
11. Алимгазинов К. Ш. История и ее рефлексия на источниковедческую кон-
цепцию И. Г. Дройзена // Отан тарихы. 2007. № 3. С. 134–146.
12. Джуманалиев А. Д. Методология исторической науки и некоторые проблемы историографии Кыргызстана ХХ века // Вопросы истории Кыргызстана. 2006. № 4. С. 7–21.
13. Конрад В. И. Запад и Восток. М.: Главная редакция восточной литературы, 1972. 496 с.
14. Коломийцев В.Ф. О некоторых концепциях международных отношений // Государство и право. М.: Наука, 1994. № 12. С. 81–88.
15. Трёльч Э. Историзм и его проблемы / пер. с немецкого. М.: Юрист, 1994. 719 с.
16. Сенявский А. С. Теоретические проблемы исторической науки // Новая и новейшая история. 2002. № 2. С. 183–193.
17. Басовская Н. И. Цель истории — история. М.: РГГУ, 2002. 536 с.
18 Репина Л.П., Зверева В.В., Парамонова М. Ю. История исторического знания. М.: Дрофа, 2004. 288 с.
19. Герасимова И.А., Новоселова М. М. Аргументация как методология убеж-
дения // Вопросы философии. 2003. № 10. С. 72–84.

Мағрипа Жолсейтова

Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к., Түркістан қ.