Бөлісу:
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек
Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Білім және ғылым
министрлігіне орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында өлкетану
курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасауды тапсыратынын атап көрсеткен-ді. Бұл
тапсырманы жүзеге асыру тарихшылар қауымына да үлкен міндет жүктейді. Мұндай
міндеттің бірі өткен дәуірлерде орын алған оқиғалар мен құбылыстардың аймақтық
ерекшеліктерін шынайы тұрғыда бағамдау болып табылады. Жекелеген өңірлердің
тарихына байланысты зерттеулер Өлкетану курстарының мазмұнына, сапалық
деңгейіне оң ықпалын тигізеді. Сондықтан да аймақтар мен өңірлердің тарихына
қатысты зерттеу жұмыстарын қарқынды түрде жүргізе түскеніміз абзал. Осыған орай
ХХ ғасыр басында патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына наразылық түрінде
өрбіген қарсыластықтың Жетісу өңіріндегі ерекшеліктерін ашып көрсету де өзіндік
маңызға ие деп санауға болады.
Өткен ғасырдың бас кезінде Жетісу патшалық Ресейдің Орталық Азиядағы отарлық аймақтарының бірі ретінде саналып, тұтасымен дерлік Түркістан генерал-губернаторлығының Жетісу облыстық басқару жүйесі құрамында болды. Верный, Лепсі, Жаркент, Пішпек және Пржевальск уездерінен тұратын Жетісу облысы патшалық Ресейдің ұзақ жылдар бойы жүргізген отаршылдық саясатының нәтижесінде көпэтностық өңірге айналып, оның жергілікті тұрғындары саналатын – қазақтар мен қырғыздар отаршылдық саясаттың тауқыметін бірге тартты. Олардың отаршылдық саясатқа қарсы наразылықтарының өрістеуіне империяда туындаған оқиғалар өз әсерін тигізбей қоймады. Сондай оқиғалардың алғашқылары қатарына 1904 жылы басталған орыс-жапон соғысын да жатқызуға болады. Сол кезде Полиция департаментіне келіп түскен мәліметтерде қазақтар мен қырғыздардың ғана емес, империядағы өзге де түркі-мұсылман халықтарының дүрлігіп, үкімет тәртібіне қарсылық көрсетуі екпін ала түскені және олардың арасында жапондықтардың «Азия – азиялықтар үшін» деген ұраны кең етек ала бастағаны жайлы хабарланып жатты.
Қалыптасқан осындай ахуал жағдайында Түркістан өлкесіндегі отарлық билік орындары жергілікті халықтың көңіл-күйіне жіті бақылау орнатуды күшейтіп, Жапониямен соғыстың барысы қазақтарға, қырғыздарға, өзбектерге және түрікмендерге қалайша ықпал етіп жатқаны жайлы мәліметтер жинауға кірісті. Мұны жүзеге асыруды әрбір уез бастықтары өзінің басты міндетінің бірі ретінде санады.
Татарстандық зерттеуші Р.Б. Гайнетдиновтың келтірген мәліметтеріне қарағанда, Жапония патшалық Ресеймен соғысқа кірісер алдында түркі-мұсылман халықтарының орыс үстемдігіне қарсы екенін ескерусіз қалдырмай, оны өз мүддесіне сай пайдалануға 1902 жылдан бастап кірісіп, бірқатар татар буржуазиясы өкілдерімен байланыс орнатып, солар арқылы ұлттық езгідегі халықтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тырысқан және мұсылмандардың ілтипатына бөлену үшін Токио қаласында мұсылман мешітін тұрғызып, бұл шараны түрлі басылымдар арқылы кеңінен жарнамалаған.
Орыс-жапон соғысы барысында патша үкіметі жапондық жансыздардың Түркістан өлкесіне еніп кетуінен қатаң сақтанып, бұл жөнінде өлкелік әкімшілікке арнайы нұсқау жөнелтті. 1904 жылы қыркүйекте жіберілген бұл нұсқауда орыс әскерлерінің соғыс майданында тауып жатқан жеңілістері жайынан Жетісу өңіріндегі қазақтар мен қырғыздардың қалайша хабардар болып жатқанын тексеру керектігі де аталып көрсетілді. Патша үкіметі Жетісудың жергілікті халқының орыс әскерлерінің майдандағы сәтсіздіктерін жылы қабылдауын өңірге Шығыс Түркістаннан енген жапондық жансыздардың әрекетімен байланыстырып, оларды іздестірумен әлекке түсті. Патшалық Ресейдің Құлжадағы консулдығы Шығыс Түркістанда жапондық жансыздар орналасуы ықтимал екенін ескеріп, Қытай жеріне Түркістан өлкесінен келген қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр халықтарының өкілдеріне бақылау орнатып, олардың соңынан өз тыңшыларын қояды. Сол тыңшылар арқылы алынған мәліметтерді консулдық қызметкерлері тиесілі Ресей билік орындарына жөнелтіп жатты. Осындай мәліметтердің бірінде консулдықтың Ферғана өңіріндегі Ош, Әндіжан және Қоқан қалаларында және оған іргелес Жетісу өңірінде орыс билігіне қарсы «бүлік» әзірленіп жатқанын, сондай-ақ бұл «бүлікке» өңірдің қырғыз, өзбек, қазақ тұрғындарын тегіс тарту жолында бір иманның жұмыс жүргізіп жатқанын анықтағаны айтылады.
Шығыс Түркістандағы консулдықтан келіп түскен мәліметке орай Әділет министрлігінің тапсырмасы бойынша Түркістан өлкесіндегі билік орны Ферғана өңіріне арнайы тексеру жұмысын жүргізу үшін Ташкент сот палатасының прокурорын жібереді. Ол өңірге келгеннен соң жергілікті халық арасында 1898 жылы Әндіжанда болған оқиға секілді «бүлік» ұйымдастырылып жатыр, мұндай «бүлік» Ресейдің Жапониямен соғысып жатқан кезінде сәтті болмақ деген қауесеттің кең тарағанына көз жеткізгенін және тыңшылар арқылы Әндіжан уезіндегі Базар-Қорған елдімекеніне таяу жерде орналасқан қырғыздардың мундуз руының өкілі Мәулен Сағынбаев деген адамның 8 мыңнан астам қырғыз бен қазақты көтеріліске бастап шығуы мүмкін деген мәлімет алғанын жеделхат арқылы Әділет министрлігіне хабарлайды.
Алайда отарлық билік орындары күткендей Түркістан өлкесіндегі қырғыздар мен қазақтар ашық көтеріліске шыға қоймады. Бірақ та олар өздерін ұлттық езгіге түсірген Ресейге Жапониямен соғыста қолдау көрсетуге қарсы екенін ашық танытты және отаршылдық саясатты өршіте түскен патша өкіметінің Жапониямен соғыста жеңіліс табуын жақтады. Мұны жетісулық қырғыз қайраткері Б. Солтоноевтың орыс-жапон соғысы кезіндегі халықтың көңіл-күйі жайлы былай деп жазғанынан да аңғаруға болады: «Орыс-жапон соғысы тұсында отаршылдардың жәбір-жапасына шыдай алмаған халық отарлаушылардың жеңілісін тілеп отырды. Кейбір кісілер жапондықтар құрметіне жаңа дүниеге келген сәбилеріне «Жапония» деген есім де берді».
Жергілікті әкімшілік орындары орыс-жапон соғысы кезінде өздерін отаншыл рухта көрсетіп қалуға тырысады, майданда жараланғандарға жәрдем ретінде жергілікті халықтан ақша жинады, күшпен алынған мұндай жәрдемдер халықтың ашу-ызасын туғызады. «Орыстандыру саясатының тәжірибесіне қаныққан қазақтар, – деп жазды Ә. Бөкейханов, – жақсының бәрі исламнан тыс болуы мүмкін емес деп ұғынып, жапондықтар мұсылман екен, олармен қазақтардың туыстық байланысы бар екен деген лақапқа сенді».
Орыс-жапон соғысы барысында Жетісу өңірінде «орыс қаруының күшіне» күмән келтірушілік ахуал орын алды. Мұны билік орындары: «Орыс-жапон соғысындағы сәтсіздік қырғыздардың алдында орыс билігі қадірінің төмендеуіне алып келді. Қырғыздар бұрын ойлағанымыздай орыстар соншалықты күшті емес екен деген пікірде», – деп мойындады. Осы мәліметтің өзі патшалық Ресейдің жапондықтармен соғыста жеңіліс табуы шет аймақтардағы отарлық жүйесінің беделіне өзіндік нұқсанын тигізгендігін көрсетеді және көрнекті татар қайраткері Г. Исхакидің «жапондықтардың тамаша жеңісі мен орыс қаруының моральдық, әрі күші жағынан жеңіліс табуынан Ресей түркілері ұлттық-саяси мәселені шеше алатын мүмкіндігін аңғарды» деген пікірін нақтылай түседі.
Ұлттық-саяси мәселені шешу жолындағы жетісулық қазақ және қырғыз ұлттық-саяси элитасы өкілдерінің бірлескен әрекеттері бірінші орыс революциясы тұсында және одан кейінгі кезеңде айқын көрініс берді. Мұндай әрекеттер көп жағдайда қазақтар мен қырғыздар іргелес орналасқан өңірлерде орын алды.
1905 жылы қаңтарда Ресей астанасы Петербургте орын алған қанды жексенбі оқиғасынан кейін бүкіл империя революция жалыны құрсауына енді. «Қанды жексенбі» оқиғасы империядағы түркі-мұсылман халықтарын бейжай қалдырмады. Патша өкіметінің халықтың бейбіт шеруін жауыздықпен басып-жаншуы түркі-мұсылман халықтары арасында кешірілмес күнә ретінде айыпталып жатты. Басталған революцияның өршуін әлсірету мақсатында ІІ Николай 18 ақпанда «Халықтан сайланған» адамдарды заңдық жобаларды әзірлеуге және талқылауға қатыстыру туралы Ішкі істер министрі А.Г. Булыгин әзірлеген рескриптке қол қойды. Либералды топтар бұл рескриптті «арғы жағынан жарқын болашақтың мүмкіндіктері көрініп тұр» деп мәлімдеп, оны зор қуанышпен қарсы алды.
Аталмыш құжатпен бірге жеке адамдар мен ұжымдарды халықтың әл-ауқатын жетілдіре түсуге үндейтін құжат та өмірге келді. Мұның артынша 17 сәуірде дін еркіндігі жөніндегі патша жарлығы шықты. Бұл құжаттар түркі-мұсылман халықтарының саяси өмірге құлшына араласуына өзіндік серпін берді. Сол тұстағы империяның шет аймақтарынан орталық билік орындарына ұлттық-саяси мәселеге қатысты петициялар (арыз-тілек) жолдау қарқын алды. Зерттеуші К. Залевскийдің пікірінше, бұл езгідегі ұлттардың азаттық қозғалысының бір қыры ретінде танылды.
1905 – 1906 жылдары империядағы түркі-мұсылман халықтары атынан орталық билік орындарына 500-ден астам петиция жолданды. Сол петициялардың бірі Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының атынан Министрлер комитетінің төрағасы, граф М.Ю. Виттеге жіберілді. Петицияны жолдауды ұйымдастыруда белгілі қырғыз манабы Шабдан Жантаев белсенділік танытты. Соған орай ол петиция ғылыми әдебиеттерде «Шабдан Жантаевтың петициясы» деп те аталады.
Аталмыш петицияның орыс тіліндегі нұсқасы Ш. Жантаевтың ұсынысы бойынша Пішпек уезінің Талқан болыстығының тұрғыны Ахметбек Қойбағаров тарапынан қағазға түсірілді және оның
1905 жылдың маусым айында М.Ю. Виттеге жолданады. 11 тармақтан тұратын бұл петицияның алғашқы 6 тармағы дін мәселесіне арналды. Дін мәселесіне орай петицияда Түркістан өлкесі қырғыздары мен Жетісу облысы қазақтарына өз алдына бөлек діни басқарма (мүфтилік) ашу, мүфти мен имамдардың мұсылмандар тарапынан сайлануы, өңірдегі мұсылмандардың некесі мен отбасына қатысты істер Шариғат бойынша шешілуі, мұсылмандар білім алатын мектептер мен медреселердің мүфтилік қарамағында болуы, мүфтилікке вакуфтық иеліктің берілуі және оның земстволық салық есебінен қаржыландырылуы қажет деп көрсетілді.
Петицияның 7-тармағында 1905 жылы 18-ақпандағы император жарлығына сәйкес заң жобаларын талқылау, оны қабылдайтын жиынға, яғни Мемлекеттік думаға қазақтар мен қырғыздарға өз өкілдерін сайлауға тосқауыл қоймау мәселесі талап етілді.
Қазақ және қырғыз тілдерінде газет-журналдардың, кітаптардың шығарылуына рұқсат берілуі керектігі петицияның 8-тармағында көтеріліп, бұл мәселенің рухани дамудағы орны баса ескертілді.
Қазақтар мен қырғыздардың жылжымайтын мүлік алуына және таңдаған мамандығы бойынша қызмет етуіне билік орындары тарапынан кедергілер қойылуына наразылық петицияның 9-тармағында көтерілді. Осы тармақта қазақтар мен қырғыздарға бұл мәселе бойынша
қойылатын шектеушіліктердің алынып тасталуы талап етілді. Петицияның 10-тармағында үкімет тарапынан ашылған оқу орындарында, атап айтқанда, гимназияларда білім алып жатқан қырғыз және қазақ жастарына христиандық ілім негіздері оқытылмай, оның орнына мұсылмандық ілімнен дәріс оқытылуы керектігі сұралды. Жер мәселесі петицияның соңғы 11-тармағында көтеріліп, орыс шаруаларының қоныс аударылуы доғарылсын деген талап қойылды. Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының петициясында дін мәселесінің бірінші кезекке қойылуы өлкедегі мұсылмандардың діни істерінің діни басқармаға қаратылмай, оның отаршылдық әкімшіліктің қарамағында болуына байланысты туындаған еді. 1905 жылы көктемде Министрлер комитеті жанында құрылған Ерекше комиссияға Түркістан өлкесіндегі мұсылмандардың діни басқармасын, мүфтилігін құру туралы заң жобасын әзірлеу тапсырылғанды. Бұл өз кезегінде өлкедегі қазақтар мен қырғыздардың аталмыш заң жобасының тез арада әзірленіп, қабылдануына ықпал етсек деген ниетін күшейте түсті.
Петицияда қазақтар мен қырғыздарға алдағы уақытта құрылуы тиіс Мемлекеттік думаға депутат сайлауға және депутат ретінде сайлануға шектеу қойылмауын талап етудің өзіндік себебі бар еді. Ондай себептің қатарына отарлық билік орындарының Түркістан өлкесінің жергілікі халықтарын Мемлекеттік думаға сайлауға қатысуына құлықсыздық танытуын жатқызуға болады. Тіпті, Мемлекеттік думаға сайлау ережесін дайындау үшін Министрлер комитеті жанынан құрылған Ерекше комиссияның мүшелері арасында Түркістан өлкесінің жергілікті тұрғындарын Мемлекеттік думаға қатыстырудың қажеті де жоқ, өйткені олардың даму деңгейі төмен, әлі заң шығару ісіне даяр емес деген пікір орын алғанды. Петициядан осындай пікірдің күш алып, қазақтар мен қырғыздар Мемлекеттік дума жұмысынан тыс қалуы мүмкін деген алаңдаушылықтың болғаны аңғарылады.
Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элита өкілдерін Ресей империясының қол астындағы өзге халықтар тілінде, соның ішінде татар тілінде де түрлі мерзімді басылымдардың жарық көруі толғандырмай қоймады. Сол тұста Ресейде татар тілінде 33 мерзімді басылым (21 газет пен 12 журнал) шығып тұрған. Мұның өзі петицияда көрсетілген қазақ және қырғыз тілдерінде газет-журналдардың шығарылуына рұқсат берілуі жөнінде талап пісіп жетілген мәселе екенін аңғартады. Петицияда бүркемеленген орыстандыру саясатына, отарлық билік орындарының түрлі тәсілдер арқылы қазақтармен қырғыздарды болыстық деңгейден жоғары лауазымға тартпауына және орыс шаруаларын қоныс аудару арқылы патша өкіметінің жергілікті халыққа жерсіз қалу қаупін төндіргеніне қарсылық таныту екі халықтың ұлттық еркіндікке талпынысының көрінісі еді.
Бірінші орыс революциясының бастапқы кезінде Ресейдің орталық аудандарында өршіген шаруалар көтерілісін басу үшін патша өкіметі Орталық Азияда жер кесу жұмыстарын қауырт жүргізіп, ол жерлерге орыс шаруаларын шұғыл түрде қоныс аударта бастады. 1906 жылға қарай Жетісу облысына 40 мың орыс шаруасы қоныстандырылды. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтардың өз жерінде жер тапшылығын тартуына әкеліп соғып, патша өкіметінің аграрлық саясатына қарсы олардың күресінің екпін алуын күшейтті. Т. Седельников 1907 жылы жарық көрген еңбегінде сол тұстағы қазақтар мен қырғыздардың жер үшін күресі «халық өседі, жер өспейді» деген принцип тұрғысында жүріп жатқанын атап көрсеткен-ді.
1905 жылдың алғашқы жартысында Жетісу облысының қазақтары мен қырғыздарының орыс шаруаларының қоныс аударуына қарсылықтары жер кесу жұмыстарын жүргізушілерге қоқан-лоқы көрсетулерінен байқалды. Соған орай Түркістан генерал-губернаторы мұндай толқудың кең етек алып кетуінен сескеніп, Петербургтегі орталық билік орындарына былай деп жазды: «Жергілікті түземдіктер арасында мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштыққа қарсы үгіт табысты болуы мүмкін. Өйткені, олардың ішінде орыс үстемдігіне мойынұсынғысы келмейтіндер мен азаттыққа жетуді аңсайтындар әлі күнге баршылық». Жер мәселесіне байланысты Жетісу өңірінде орын алған толқулар жөніндегі хабарлар өлкелік отарлық билік орынына жиі түсіп жатты. Түркістан генерал – губернаторы Жетісу облыстық әскери-губернаторына: «Маған келіп түскен мәліметтер бойынша қырғыз тұрғындары арасында соңғы уақытта үкіметтік тәртіпке қарсы бағытталған толқулар байқалып жатқан көрінеді. ... Уездік бастықтар мен бөлімшелік приставтарға көшпенділерге мұқият қадағалау орнатуды тапсырыңыз. Көшпенділер арасында сенімсіздік туғызатын адамдар байқала қалса, ондайларды аластауға шара қолданыңыз», – деп жазды.
Жетісу облыстық әкімшілігінің жергілікті халықтың толқуларына тосқауыл қоюға деген талпынысына қарамастан, «үкіметтік тәртіпке» қарсы бағытталған үгіт-насихат жұмыстары тиыла қоймады. Әскери министрлікке Түркістан өлкесінен келіп түскен мәлімдемелерге қарағанда, Жаркент, Верный және Пішпек уездерінде қолға қару алып, билік орындарына ашық қарсылық көрсетуге үндеушілер саны күннен күнге арта түскен.
Қалыптасқан мұндай ахуал жағдайында Түркістан генерал-губернаторы Жетісу облыстық әскери-губернаторына: «Сіз тез арада түрлі үгіт-насихаттың тиылуына тегеурінді шара қолданыңыз. ... Егер де қандай да бір ереуіл немесе тәртіпсіздік бой көрсете қалса, ондайды тез арада қару күшімен басып тастаңыз», – деген нұсқау берді.
Қазақтар мен қырғыздардың Түркістан өлкесіндегі орыс тұрғындарын өз жерлерінен ығыстырып тастау мақсатында оларға қауіп төндіріп тұрғаны жайлы отарлық билік орындарына мәліметтер ағылумен болды. Бірінші орыс революциясының Түркістан өлкесіндегі жергілікті халыққа тигізген ықпалы туралы еңбек жазған Е. Федоровтың көрсетуінше, сол кезенде өлкенің көшпенді халықтары арасына жасырын түрде қару таратылып жатқаны жөнінде мәлімет алған билік орындары 1898 жылғы Әндіжан оқиғасы қайталанғалы жатыр, егер ол қайталана қалса, оған өлкедегі қазақтар, өзбектер және қырғыздар тегіс тартылуы мүмкін деп қауіптенген.
Жергілікті тұрғындар арасында қарудың таратылуы жайлы мәліметті тексеру және табылған қаруды тәркілеу ісіне уездік приставтар жұмылдырды. Осындай тексерулер барысында өлкедегі өзге ұлт өкілдерінен тұратын революцияшыл топтардың да көтеріліс ұйымдастыру мақсатында жергілікті халықтың қарулануына мүдделік танытқаны айқындалды. Мәселен, Верныйдағы жасырын үйірмеге жетекшілік етіп, Пішпек және өзге де Жетісу өңіріндегі қалалардағы революцияшыл пиғылдағыларға өз ықпалын жүргізген Л.Н. Руммадан жергілікті халық арасына тарату үшін деп жасырған бірнеше винтовка мен бір жәшік оқ-дәрі тәркіленген.
Сол тұста қазақтар мен қырғыздардың қоғамдық-саяси өміріне өлкеде қайрымдылық көрсету мақсатында Верный, Пішпек, Әулиета секілді тағы басқа қалаларда бой көтерген «Гап» немесе «Машраб» деп аталатын мұсылмандық үйірмелер де өз ықпалын тигізді. Полиция департаментінің Түркістан аудандық күзет бөліміне тыңшылар арқылы келіп түскен мәліметтердің бірінде аталмыш үйірмелер жайлы былай делінген: «Жетісу, Ферғана және басқа да облыстарда «Гап», әрі «Машраб» деп аталатын үйірмелер бар. Верныйда мұндай үйірмелер оннан астам. «Машрабқа» ұлтына, жасына, кәсібіне қарай кем дегенде 17-20 адам тартылады. Үйірме мүшелері апта сайын 20 тиыннан жарна төлейді.
... Әр жексенбіде үйірме мүшелері жиналып, үйірменің атқарар жұмыстарын талқылайды».
Патша үкіметі мұсылмандық үйірмелер жергілікті халықтар арасында орыс билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізуде, өңірдегі қазақтар мен қырғыздардың толқуларына түрткі болуда деп олардың қызметін тыңшылар арқылы бақылауға алды. Тыңшылардың жеткізуі арқылы Верныйдағы Жәбек Нығматуллин, Рахманқұл Әбдірахманов, Гаппаржан Мақсұмов деген адамдар кірген «Машраб» үйірмесінің жиынында патша өкіметінің жүргізіп отырған саясаты, әсіресе Жетісуға орыс шаруаларының қоныс аударылуы, қазақтар мен қырғыздардың иелігінен орыс шаруаларына деп кесіліп алынып жатқан жер мәселесі және орыстандыру мен шоқындыру
бағытындағы үкіметтік шаралардың барысы жиі талқыланатыны жайлы билік орындары хабардар болды. Соған орай үйірменің жетекшісі Ж. Нығматуллин жергілікті билік орнының шешімімен өкіметке қарсы әрекет жасауда деген айыппен тұтқындалып, абақтыға жабылды.
«Машраб» үйірмелері арқылы қазақтар мен қырғыздар арасына Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының саяси күштерін біріктіру жолында, олардың мүддесін қорғайтын «Ресей мұсылмандары одағы» атты саяси партия құру жолында «Тәржіман» газетінің редакторы И. Гаспринскийдің, татар халқының көрнекті қайраткерлері Ю. Акчура мен Ә. Ибрагимовтың және әзербайжан халқының қайраткері Ә. Топчибашевтің ұйымдастырып жатқан іс-шаралары туралы мәліметтер кеңінен тарады. Мұндай мәліметтер алған өңірдің қазақтары мен қырғыздары жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа тартыла бастады. Мәселен, 1906 жылы тамыздың 16-21 аралығында Нижний Новгород қаласында 800-ге жуық делегаттың қатысуымен өткен бүкілресейлік үшінші мұсылман съезіне Жетісу облысының қазақтары мен қырғыздарының өкілдері жіберілді. Съезге Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздары атынан екі өкіл қатысты. Оның бірі кезінде Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының орталық билік орындарына жолдаған петициясын әзірлеуге қатысқан қырғыз А. Қойбағаров, ал екіншісі Пішпек уезінің қазағы Ы. Дауылбаев еді.
«Ресей мұсылмандары одағы» атты саяси партияның бағдарламасы мен жарғысын бекітіп, оның 15 мүшеден тұратын Орталық комитетін сайлап, Түркістан өлкесі мұсылмандарына өз алдына бөлек мүфтилік ашылсын, мұсылмандардың діни істеріне билік орындары қол сұқпасын деген қаулылар қабылдаған бүкілресейлік мұсылман съезіне Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздары атынан халық ағарту ісін ретке келтіру керектігі жөнінде жедел хат жіберіліп, бұл туралы делегаттар Халық ағарту министріне ұсыныс түсірсін деген өтініш те білдірілген болатын.
Делегаттар Жетісу қазақтары мен қырғыздарының өтініші орынды екенін білдіріп, Халық ағарту министрлігінің 1870 жылы 31 наурызда бекіткен ережесіне сәйкес мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті етілуін, гимназиялар мен орыс-түзем мектептеріндегі оқу ісінің орыстандыру саясатымен ұштастырылуын айыптай отырып, мұсылман балалары үшін барлық елді мекендерде мектептер ашылсын, оқу араб әліпбиі негізінде ана тілінде жүргізілсін, мұсылман мектептерінде бірегей оқу бағдарламасы болсын, түркі-мұсылман халықтары бірлігін арттыра түсу мақсатында «ортақ түрік тілі» оқытылсын деген мазмұндағы қаулы қабылдап, оны Халық ағарту министрі атына жолдады.
Бүкілресейлік үшінші мұсылман съезінің өткізілуімен түркі-мұсылман халықтарының саяси өмірі жандана түсті. Осы оқиғадан соң қазақтар мен қырғыздардың ғана емес, өзге де түркі-мұсылман халықтарының өзара байланыстары нығайып, бірлескен саяси іс-шараларды өткізуі жиілей түскенінен билік орындары секем ала бастады. «1906 жылы Нижний Новгородта өткен бүкілресейлік мұсылман съезі орыс мұсылмандарын ағартуда үлкен рөл атқарды. ... Сол съездің нәтежесінде ағартушылық бағыттағы мұсылмандық қоғамдық ұйымдар көптеп ашылуда, мұсылмандардың білімін көтеруге деп қаржы жинау жаппай етек алуда және мұсылмандық баспасөздердің таралуы қарқын алды. Башқұрттар, ноғайлар, қырғыздар және т.б. бірлесе әрекет етудің нәтижелі екенін аңғарды», –деп мойындады сол кезде Түркістан өлкесінің полиция басқармасының бастығы.
Бірінші және екінші Мемлекеттік думалардың жұмысы кезінде ондағы мұсылман фракциясына Түркістан өлкесінің қазақтары мен қырғыздары үлкен үміт артып, оған жер мәселесі туралы бірлескен шағымдар түсіруді жиілете түсті. Мұндай жағдай Түркістан генерал-губернаторының көрсетуінше, өлкеде орыс элементтерінің көбейіп, олардың мемлекеттің тірегіне айналуына белгілі дәрежеде кедергі келтірген. Сол себепті Түркістан генерал-губернаторы Қоныс аудару басқармасының бастығы
А.В. Самсоновқа мәлімдеме жолдап, Жетісу облысындағы қырғыздар мен қазақтарды алаңдатып отырған ахуалды сейілтуді жергілікті қоныс аудару мекемелерінің қызметкерлеріне жүктеуді өтінген.
Екінші Мемлекеттік думаға депутат сайлау барысында да Жетісудағы қазақ және қырғыз халықтарының белсенді өкілдері ұйымшылдық танытып, думаға депутаттыққа көрнекті қазақ қайраткері М. Тынышбаевты сайлады. Патша өкіметі Түркістан өлкесіндегі қазақтар менқырғыздардың «үкіметтік тәртіпке» қарсы әрекеттеріне тосқауыл қоюды 1907 жылы 3-ші маусымдағы патша жарлығынан кейін күшейте түсті. Столыпиндік реакция кезінде жер кесу жұмыстарына қарсылық танытқан қазақ және қырғыз қауымдары қуғындалып, олардың жерін тартып алу ашық жүргізіле бастады. Өз жерлерінен ығыстырылған қазақ-қырғыз қауымдарының арасында Қытай жеріне көшіп кетуге талпынушылық байқалды. Мәселен, 1911 жылы Пішпек пен Верный уездерінен 9 қазақ-қырғыз болыстықтары Шығыс Түркістанға көшуге әрекеттеніп, онда өз өкілдерін жіберіп, Қытай азаматтығын қабылдауға тілек білдірген. Бірақ та Қытайдың билік орындары көшіп келуші қазақтар мен қырғыздарды қабылдаудан бас тартқан.
Жандармдық басқарманың нұсқауы бойынша жалпыресейлік мұсылмандық қозғалысқа атсалысқандар да құғындауға түсті. Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздары атынан бүкіл ресейлік үшінші мұсылман съезіне қатысқан А. Қойбағаров пен Ы. Дауылбаевтың үстінен мемлекеттік тәртіпке қауіпті адамдар ретінде қылмыстық іс қозғалды. А. Қойбағаровты абақтыға жабу мақсатында оны
1910 жылы Пішпек қаласының Папановский деген мировой судьясына қастандық жасады деп айыптады. Ал Ы. Дауылбаевтың іс-қимылдары қатаң бақылауға алынып, оны абақтыға отырғызуға себептер қарастырылды.
Столыпиндік реакция кезінде қуғын-сүргіннің күшейе түскеніне қарамастан, қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдері арасындағы байланыс үзілмей, олардың бірлесе отаршылдық саясатқа қарсы әрекет етулері жалғаса берді. Оған 1910 жылы 21-ші қазанда қазақ және қырғыз ұлттық саяси элита өкілдерінің қатысуымен өткен Ұзынағаш съезі дәлел бола алады.
Жетісу облысына қарасты қазақтар мен қырғыздардың өкілдері бас қосқан бұл съезд Верныйға таяу жердегі Ұзынағаш елді мекені маныңда өтуіне байланысты жандармерия құжаттарында Ұзынағаш съезі деп аталды. Сондай-ақ ол құжаттарда съезді ұйымдастырушылар ретінде көрнекті қазақ қайраткері Барлыбек Сыртановтың, әйгілі қазақ шешені, Верный уезіне қарасты Қалғұты болыстығының бұрынғы басқарушысы, прапорщик Ноғайбай Дәулетбақовтың, сол тұстағы қырғыздардың көшбасшысы ретінде танылған Шабдан Жантаев пен Дүр Сауранбаевтың есімдері аталады.
Съез жасырын түрде ұйымдастырылып, Жетісу облысы әкімшілігінің орыс әскерлерінің Ұзынағаш түбінде қоқандық әскерді жеңуіне 50 жыл толуына орай жасаған салтанатты іс-шарасы кезінде өткізілген. Бұл салтанатты жиынға қазақтар мен қырғыздардың танымал өкілдері де шақырылған болатын. Салтанатты жиын аяқталған соң қазақ-қырғыз қайраткерлері Ұзынағаш маңындағы үйдің бірінде жиналып, съез өткізеді.
Ұзынағаш съезіне қатысушылар патша өкіметінің отаршылдық саясатының қазақтар мен қырғыздарға тигізіп жатқан ауыртпалықтарын айыптап, бірінші кезекте орыс шаруаларының өңірге қоныс аударылуын доғару жолдарын қарастыру керек деген ұйғарымға келеді. Съезде Жетісу облысына орыс қоныс аударушыларын орналастыруды және оларға деп жер кесуді доғарту туралы патшаға өтініш түсірту керек, ол үшін Петербургке арнайы делегация жіберілсін, делегацияға кететін шығынды жабу үшін әр болыстықтан ақша жиналсын, делегация мүшелері Бұқар әмірінен патшаның қабылдауына кіруге көмек көрсетуді сұрасын деген шешімдер қабылданды. Съезге қатысушылар Петербургке баратын делегация құрамына кімдердің енуі керек деген мәселені де қарастырып, оның құрамы екі адамнан – Б. Сыртанов пен Д. Сауранбаевтан тұрсын деп шешті.
Ұзынағаш съезі және оның шешімдері жайлы билік орындары кешірек болса да тыңшылар арқылы хабардар болды. Жетісу облысының әскери губернаторы қайткенде де қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдерінің съез шешімдерін орындау жолындағы әрекеттеріне тосқауыл қоюды қарастырып, Жаркент, Верный, Лепсі, Пішпек және Пржевальск уездерінің басшыларына өз уездерінде Б. Сыртанов пен Д. Сауранбаевтың Петербургке баруына деп ақша жинау ісіне жол бермеу керектігін ескертумен болды. Ал уездік приставтарға кімдердің ақша жинау ісімен айналысып жүргенін, съездің шешімдерін қазақтар мен қырғыздар қалай қабылдап жатқанын және съезге кімдердің қатысқанын анықтауды тапсырды.
Отарлық билік орындары қазақ және қырғыз депутациясын Петербургке аттандырмауға
бар күшін салды. Бұған қарамастан Жетісу облысындағы қазақ және қырғыз болыстықтары уездік басшылыққа білдірместен депутацияға арнап ақша жинау ісін жалғастыра берді. Әрбір болыстықтан 200 сом көлемінде ақша жиналды. Осындай жиналған ақшаның көлемі облыс бойынша 5 000 сом болған.
Қазақ және қырғыз қауымдары арасында Ұзынағаш съезінің шешімдерін насихаттап, оның маңызын түсіндіруге әкімшілік орындарында тілмаштық қызмет атқарып жүрген ұлттық саяси элита өкілдері де атсалысты. Патша өкіметінің «Қара» деп аталатын бүркеншік есімдегі тыңшысының жандармерияғаберген мәлімдемесінде Жетісу облысындағы қырғыздар мен қазақтардың саяси қозғалысына орта дәрежелі білім алып, әкімшілік орындарында төменгі дәрежедегі қызмет атқарып жатқан Тымбай Серікбаев, Найзабек Тулин, Дүр Сауранбаев, Мәмбетәлі Мұраталин, Ибраһим Жайнақов, Ешмұхамед Абылайханов секілді қазақ-қырғыз халқының зиялы қауым өкілдері жетекшілік етіп жүргені атап көрсетілген. Сондай-ақ мұрағат құжаттарында аталмыш қайраткерлерге Б. Сыртановтың нұсқау беріп отыратыны жайлы да мәліметтер бар. Олардың бірінде Б. Сыртановтың Жетісу қазақтары мен қырғыздардың саяси өмірінің ұйытқысы болуымен қатар Ұзынағаш съезінің шешімдерін насихаттау мақсатында Лепсі, Қапал, Пржевальск, Пішпек уездерін аралап, Пішпек қаласынан Петербургке аттанғандығы айтылады.
Билік орындарының назарына ілігіп қалмау мақсатында Петербургқа Д. Сауранбаев араға біраз уақыт салып, Б. Сыртановтан кейін аттануы тиіс болды. Бірақ та көп ұзамай билік орындарына
Д. Сауранбаевтың Петербургке жүргелі тұрғаны белгілі болып қалып, ол сапарға шықпай Пішпекте қалып қояды.
Қазақ және қырғыз ұлттық саяси элитасы өкілдері патша өкіметінің отарлық саясатына бірлесе қарсылық көрсетудің жолдарын қарастыруда съез өткерудің қиындықтарын да ескерді. Сондықтан да мұндай мәселелерді талқылауға ыңғайлы жағдайды пайдалануға тырысты. Мәселен, 1911 жылы маусымда Н. Дәулетбақовқа Қордай өңірінде ас берілгенде оған келген қазақтар мен қырғыздардың бас көтерер азаматтары отарлық билік жағдайында жергілікті халықтың құқықтарын қорғау жолын талқылап, бұл істе бірлесе әрекет етуге уағдаласқан. Н. Дәулетбақовтың асына қатысқандардың ішінде Жетісу өңіріне кеңінен танымал мынандай қайраткерлер болған: Пішпек уезінің Тынай болыстығынан
Д. Сауранбаев, Шабдан Жантаевтың ұлы Мокуш, Верный уезінің Шамалған болыстығынан М. Измаилов, Үлкен Алматы болыстығынан Б. Әшекеев, Қордай болыстығынан Е. Базаров, Бәйтік болыстығынан
Ә. Байсалов, Шу болыстығынан Ә. Қозыбеков, Шығыс Қастек болыстығынан Ш. Құдайбергенов, Ботбай болыстығынан Ө. Танкин.
Мұндай бас қосулар кезінде Ұзынағаш съезінің шешімі бойынша Петербургке Жетісу қазақтары мен қырғыздарының атынан патшаға өтініш білдіру арқылы олардың жер мәселесінен туындаған мұңын жеткізуге талпынған Б. Сыртанов әрекетінің сәтсіздікпен аяқталуының себептері де талқыланып, ендігі жерде ресейлік өзге түркі-мұсылман халықтарымен бірлесе әрекет ету қажеттіктері де қарастырылғанды. Сондай-ақ Н. Дәулетбақовтың асына жиналғандар арасында М. Дулатовтың
1909 жылы Уфа қаласында жарық көріп, 1910 жылы екінші рет басылып шыққан әйгілі «Оян, қазақ» атты шығармасы да насихатталған болатын.
М. Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасы сол кезде Верныйдағы Ахмет-Кәрім Зейнуллиннің кітап дүкені арқылы өңірдегі зиялы оқырмандар арасына кеңінен таралған. Бұл жөнінде көрнекті тарихшы-ғалым К. Нұрпейісов былай деп жазады: «1910-1911 жылдары Алматыда «Оян, қазақты» оқып, ондағы өлеңдерді жаттап алып халыққа таратушылардың қатарында Жетісудағы белгілі тілмәш, жергілікті патша әкімшілігіне жақын жүретін Қойсерке Тоқсанбаевтың, Қалмұхамед Қадырбаевтың, Мырзахан Төлебаевтың, Түленбек Теміровтың т.б. адамдардың есімдері аталады. Мұндай адамдар Қазақстанның басқа аудандарында да аз кездеспеген. Жоғарыда айтылғаннан мынандай қорытынды жасауға болады. Біріншіден, 1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ» Қазақстанның барлық аймақтарына кеңінен тараған, оған кітаптың қазақ өлкесінің алыс өңірі Алматыға дейін жетіп, жергілікті кітап дүкені арқылы оқырмандарға таралғандығы дәлел. Екіншіден, Қазақстанның Жетісу өңірі сияқты басқа аймақтарында айтарлықтай зиялы қауым болған. Осы қауым «Оян, қазақты» өздері ғана оқумен шектелмей, оның мазмұнын халық арасында мүмкіншіліктері жеткенше кеңінен насихаттаған. Үшіншіден, «Оян, қазақтағы» жалпы демократиялық талап-тілектер жергілікті халық ішінде отаршылдыққа қарсы саяси хал-ахуал қалыптастыруға қызмет еткен. Сондықтан да патша әкімшілігі ол кітапты патшалық тәртіп үшін зиянды шығарма деп бағалап, оны тұтқындаған».
Патша өкіметінің отарлық саясатын әшкерелеуімен, сынауымен ерекшеленетін М. Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасы Жетісу өңірінің қазақтары арасында ғана емес, қырғыздар арасында да құрметке ие болды. Верныйдағы тілмәш И. Жайнақовтың атсалысуымен «Оян, қазақ» Пішпек уезіне жеткізілген. Онда бұл шығарманы Пішпек уезі басқармасының хатшысы Тымбай Серікбаев қабылдап алып, оны бірқатар болыс басшыларына үлестіріп беріп, оларға шығарма мазмұнын қырғыздар арасында кеңінен насихаттауды тапсырған. Бұдан хабардар болған жандармерия тыңшысы өлкелік билік орнына «империядағы көшпелі халықтың қазіргі уақыттағы жалпы жағдайын баяндайтын және оларды патша өкіметінен құтылуға үгіттейтін» шығарма қырғыздар арасына да тарады деген мәлімдеме жөнелтті.
М. Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасымен Пішпек уезінің қырғыздары ғана емес, өзге өңірлердің де, соның ішінде Ферғана өңірі қырғыздары да танысты. Бұған 1912 жылы 18-ші наурызда «Қаршыға» деген бүркеншік есімдегі тыңшының Түркістан аудандық күзет бөліміне Әндіжан қаласында уез бастығының тілмәші Ибрагимнің ұлы Исаның 7 дана «Оян, қазақ!» шығармасын алғанын, оның бұл шығарманы Ферғана өңірі қырғыздарына таратып бергенін, Исаға бұл шығарманы Верный қаласының Мірқасым Сүлейменов деген тұрғыны жіберіп тұратынын хабарлауы дәлел бола алады.
Түркістан өлкесінде «Оян, қазақтың» таралуына отарлық билік орындары жол бермеу үшін оны ұлттық саяси элита өкілдерінен тәркілеу шарасын жүзеге асыруды қолға алды. Осы мақсатта Б. Сыртанов, Д. Сауранбаев секілді тағы басқа қазақ және қырғыз қайраткерлерінің үйлеріне тінту жүргізілді. Мұндай тінту шаралары билік орындары күткендей нәтиже бере қоймады. Дегенмен осы жерде жандармерия адамдарының Б. Сыртановтың үйінде тінту барысында билік орындарын қызықтырарлықтай материалдар тапқанын айта кеткен жөн. Ол материалдардың қатарында Жетісу облысы қазақтары мен қырғыздарының толқуы себептеріне қатысты Б. Сыртановтың Түркістан генерал-губернаторы мен әскери министр атына жолдаған мәтінінің көшірмесі, сондай-ақ қазақтардың жер мәселесіне байланысты Б. Қаратаевтың Ә. Бөкейхановқа жолдаған хатының көшірмесі бар еді.
Мұрағат құжаттарынан патша өкіметінің жалдамалы жандайшаптары қазақ қайраткерлерінің іс-әрекеттерінен «күдікті жәйттар» іздестіріп, бұл жайлы жандармерияға мәлімдемелерді үзбей түсіріп отырғандығы аңғарылады. Түркістан аудандық күзет бөліміне «Қара» деген бүркеншік есімді тыңшының жолдаған сондай бір мәлімдемесінде былай делінген болатын: «Жетісу облысының білімді, әрі құрметті қазақтары Б. Сыртановтың, И. Жайнақовтың, Е. Абылайхановтың және бірқатар тілмәштардың басшылығымен Жетісудың ғана емес, бүкіл Түркістан өлкесінің қазақтары мен қырғыздарын тығырықтан шығарамыз деп оларды басшылыққа қарсы қоюда. Орыс үкіметі тарапынан болатын көмектен күдерін үзген қазақтар Е. Абылайханов пен тілмәш Жайнақов арқылы Түрік сұлтанымен және Бұқар әмірімен астыртын байланыс орнатуға көшті. Осыдан екі жыл бұрын Меккеден білімдар бір араб келіп, ол Сұлтан мен Әмір үкіметтерімен байланыс орнатудың жолдарын көрсетіп берді. Оның айтуынша, дұрыс байланыс орнатылған жағдайда Сұлтан мен Әмір орыс үкіметінен Түркістан өлкесі мұсылмандары құқықтарының тапталмауын талап ететін көрінеді».
Осы мәлімдемедегі айтылғандарды тексеру үшін жандармдық басқарма Б. Сыртановтан жауап алады. Ол өз жауабында араб діндарының Жетісу өңірінде ислам дінін уағыздаумен шектеліп, оның ешқандай да саясат ісіне араласпағанын, қазақтар мен қырғыздардың толқуларының астары жер мәселесімен және Түркістан мұсылмандарының діни басқармасы болмауымен байланысты екенін айтқан. Сондай-ақ, Б. Сыртанов жауап алу барысында егер де Түркістан өлкесі мұсылмандарына мүфтилік ашылмайтын болса Жетісу облысының қазақтары мен қырғыздары Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстары мен Ішкі Бөкей Ордасы қазақтарымен бірге Орынбор мүфтилігіне қосылуға ұмтылатынын мәлімдеген.
Б. Сыртановтың мұндай жауабына қарамастан, Түркістан өлкесіндегі отарлық билік орындары қазақтар мен қырғыздардың толқуының себептерін Түркия жансыздарының «панисламдық» идеологияны насихаттауымен байланыстырды. Өйткені, Балқан соғысы кезінде Түркиядағы «Иттихид вә тәрраки» (Бірлік және прогресс) ұйымынан Түркістан мұсылмандары арасына эмиссарлар жіберіліп жатқаны, олардың жергілікті халықты орыс үстемдігіне қарсы бас көтертуді мақсат тұтатыны туралы хабарлар Полиция департаментіне жиі келіп түсетін. Сол кезде патшалық Ресейдің азиялық иелігіндегі түркі-мұсылман халықтары арасында түрікшілдік және исламшылдық бағытындағы үгіт-насихатты жүргізуді жастүріктердің жетекшілерінің бірі Әнуар паша жақтады [36, с.435]. Негізінде Түркістан өлкесі мұсылмандарына «Иттихад вә тәрраки» ұйымы ғана емес, Түркиядағы өзге де ұйымдар өз ықпалын тигізуге тырысқан еді. Сондай ұйымдардың бірі 1910 жылы Стамбұлда құрылған «Тараф-ул-муслимин» (Мұсылмандарды өзара таныстыру) атты ұйым болатын. Бұл ұйым Түркияға эмиграцияға кеткен көрнекті татар қайраткері Ә.Ибрагимовтің жетекшілік етуімен құрылған-ды.
«Тараф-ул-муслимин» ұйымы Ресей империясындағы қазақ, қырғыз, өзбек, татар секілді т.б. түркі-мұсылман халықтарын азаттық қозғалыста бірлестіруді мақсат тұтып, өзінің басылымдарын Түркістан өлкесіне де таратты. Сондай басылымдардың бірінде Түркістан өлкесіндегі
ахуалға арналған материал жарияланып, онда былай делінді: «Бұрын Исламның қасиетті орны саналған Түркістан өлкесі бүгін де қаратүнекте, оның мұсылман тұрғындары езгіге түсіп тапталған. Түркістандықтардың мұндай ахуалы біздің көзімізге жас ұялатады».
Балқан соғысы кезінде Түркістан өлкесіндегі қазақтар мен қырғыздар арасында Түркияны қолдауға үндейтін мынандай мазмұндағы үнпарақтар да тараған: «Мұсылмандар біздің өміріміздің тірегі Түркияекенін ескеріңіздер. Егер біз бұрынғыдай жалқаулыққа бой алдырып, нақтылы іске бармасақ, дініміз жоғалып, жауларымыздың тұтқынына айналамыз. Ақша жоғалса, қайта табылады, ал дін жоғалса, қайта табылмайды. Қараңыздар, орыстар Болгария мен Сербияға және Черногорияға көмегін аямай, дәрі-дәрмектерін жөнелтуде, тіпті, ерікті қарулы жасақтарын аттандыруда. Мұндай істі неге бізге де жүзеге асырмасқа. Патшаға ешнәрсе бермесек бермейік, бірақ мұсылман бауырларымызға көмек көрсетейік!».
Верный уезіндегі ротмистр Железняков сол кездегі қазақтар мен қырғыздардың түріктерге іш тартатындығын мәлімдей отырып, Түркістан аудандық күзет бөліміне былай деп хабарлайды: «Манап Қарымбай Қанаткатиев Түркиядан хат алды. Ол хатта Қанаткатиевтан Түркиядағы орыс әскерлерінің жағдайы және мұсылмандардың қалай өмір сүріп жатқаны туралы сұрастырылып, түрікістандық мұсылмандар түріктерге көмек көрсететін болса, онда түріктер соғыста жеңіске жеткен жағдайда Түркістан генерал-губернаторлығы аумағында жеке мұсылман мемлекетін құруға көмек көрсететіні айтылған. Хаттағы мұндай ұсынысқа орай Қанаткатиев болыс басқарушысы Б. Магуевпен және тағы да басқалармен астыртын жиналыс өткізген. Жиналыста түріктер сұраған мәліметтерді беру және оларға қолдау көрсетуге шешім қабылданды».
Түркияға көмек көрсету мақсатында қазақтар мен қырғыздар арасында ақша жинастыру шаралары жүрген. Мұндай шараны Тоқмақта бір діндар жүзеге асырған. Верный уезінің қазақтары Түркия үшін деп 10 мың сом жинап, бұл іске ұйытқы болған Меккеден келген діндарларды полициядан тасалап баққан.
Түркістан өлкесіне Түркиядан келген тыңшылар, үгіт-насихат жүргізушілер, Меккеден келген діндарлар Түркияны қолдауға, оған сенім артуға, жылу жинауға, Түркияның төңірегінде топтасуға шақырып жатты. Жетісулық қазақтар мен қырғыздар және басқа мұсылмандар оларға мол қаражат жинап беріп, аса құпия түрде келесі өңірге аттандырып салып отырған.
Мұны Түркістан өлкесіндегі отарлық билік орындары аңғармай қалмады. Соған орай Түркістан генерал-губернаторы Н. Гродеков орыс армиясының бас штабына өлкеге түрік азаматтарының келіп-кетуі орыс үкіметінің мүддесіне қайшы келеді деп хабарлаған болатын.
«Соңғы кезде, – деп хабарлайды Верный қаласындағы іздестіру бөлімінің меңгерушісі, – Түркістан өлкесіне мұсылмандар арасына үгіт-насихат таратушы ара ағайындар – ауғандар, парсылар және түріктердің өлкеге құпия түрде келуі жиілеп кетті... Олар мұсылмандардың діни көңіл-күйін қозғап, Иранды, Түркияны мысалға келтіре отырып, басқа мемлекетті құру керектігіне сендіреді».
Осындай жағдайда «Айқап» журналы төңірегінде топтасқан Б. Қаратаев пен М. Сералин бастаған қазақ зиялыларының қырғыз қайраткерлерімен байланыста болып, өзара хат алысып тұрғаны жандармерия құжаттарында айтылады. Бірақ оларда қазақ қайраткерлерінің қырғыздардың қандай бас көтерер азаматтарымен байланыста болғаны айтылмай, «пішпектіктер» деп көрсетіледі. Сол құжаттарға қарағанда, Б. Қаратаев пен М. Сералиннің пішпектіктерге жолдаған хаттарының бірінің мазмұны жандармерияның «Қара» деген бүркеншік есімдегі тыңшысына мәлім болған көрінеді.
Бұл жайлы Түркістан аудандық күзет бөлімінде 1912 жылы сәуірде толтырылған іс-қағазда былай делініп көрсетіледі: «Қызметкер «Қара» хабарлайды ... Қаратаев пен Сералин пішпектіктерге Бұқар әмірі арқылы Түрік сұлтанымен байланыс орнатылғаны және сұлтанның егер Ресей Қытаймен немесе басқа мемлекетпен соғыса қалса діндестеріне көмек беруге уәде еткені жайлы жазған».
«Айқап» журналының редакторы М. Сералиннің Жетісу өңіріне жолдаған әрбір хатының мазмұнын жандармерия білуге аса «ынталылық» танытты. Бұл жөнінде Верныйдағы іздестіру бөлімінің меңгерушісі Полиция департаментіне хабарлай отырып, 1912 жылы 21 сәуірде М. Сералиннің
И. Жайнақовқа реніш білдіріп, қысқа қайырған хатты жолдағанын мәлімдеді. Ол хаттың мазмұны мынандай еді: «Бұрын келісілген шешімдер ешкімге де мәлім болмауы тиіс еді. Алайда бұл біреулерге белгілі болған секілді. Бәлкім бұған мен кінәлі шығармын. Егер бұған сен кінәлі болсаң, сен мұндай қателікті еш жібермеуге тиісті едің».
Полиция департаменті М. Сералиннің бұл хатының мазмұнына күдіктеніп, оны Жетісу өңіріндегі қазақтар мен қырғыздарды қандай да бір іс-шара төңірегіне топтастырмақшы деп топшылады. Осы себепті Полиция департаменті Орынбор губерниялық жандарм басқармасы мен Түркістан аудандық күзет бөліміне М. Сералиннің араласуы мүмкін адамдары жайлы мәлімет жинауды және олардың соңынан қатаң бақылау орнатуды тапсырды.
Бұл істі тез арада орындауға талпынған Түркістан аудандық күзет бөлімі көп ұзамай Пішпек уезіндегі қырғыздардың және өзге де түркі-мұсылман халықтарының қоғамдық-саяси өміріне қатысты Полиция департаментіне мынандай мазмұндағы мәлімдеме жолдады: «Пішпекте адвокат АхметбекҚойбағаров, көпес Ысқақ Дауылбаев, Сейіткәрім Мырзабаев, бұрынғы тілмәш Найзабек Тулин, Талқан болыстығында Ахмет Құдайбергенов, Тоқмақтың тұрғыны Ташмұхамед Бикаев Оренбург пен Троицкіден үкіметтің көшпелі халықтан жер кесіп алуын ашық айыптайтын мақалалар жариялауымен танылған «Айқап», «Ақмолла» және «Вакыт» секілді мұсылмандық басылымдарды алып тұрады. Бұл басылымдардағы жағымсыз мақалалардың авторлары – Орынбордағы Қаратаев пен Троицкідегі Сералин. ...Тыңшылардың айтуынша, Орынбор мен Троицкіден алынған басылымдар жасырын түрде Пішпектегі «Машраб» үйірмесінде оқылатын көрінеді. Басылымдардағы жағымсыз мақалаларды насихаттауда Қойбағаров белсенділік танытады. Жоғарыда аталған Пішпек тұрғындарын және Құдайбергенов пен Бикаевті Орынбордағы Қаратаевпен, Троицкідегі Сералинмен хат жазысып тұрады деп сезіктенуге болады».
Осы жерде «Айқап» журналының редакторы М. Сералинге қырғыз халқының көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы Ишаналы Арабаев жақсы таныс болғанын да айта кеткен жөн. Уфадағы «Ғалия» медресесінде М. Жұмабаев, Б. Майлин секілді қазақ жастарымен бірге білім алған И. Арабаев
«Айқап» журналының оқырманы ғана болып қойған жоқ, оның беттерінде өз мақаласын да жариялап, автор ретінде қазақ оқырмандарымен ой бөлісуге ұмтылды. «Айқап» журналының
1912 жылғы алғашқы екі нөмірінде оның халық ағарту ісі мәселесіне және қазақ-қырғыз халқының тарихына қатысты ой қозғаған «Орынбордан Ташкентке дейін» деп аталатын мақаласы жарияланған болатын.
Полиция департаменті үкіметке «жағымсыз» мақалалар жариялайды, орыс үстемдігіне қарсы қырғыздарды қазақтармен бірлесе әрекет етуге үндейді деп бағалаған «Айқап» журналы редакциясына қырғыздардан түрлі хаттар жолданып, оларда қырғыздардың арасында болып жатқан елеулі оқиғалар хабарланып тұрды. Мәселен, журналдың 1911 жылғы санында Пішпек уезіндегі қырғыздардың беделді өкілі Қанат қажының медресе салдырып, жергілікті жастардың жаңа оқу әдісімен (жәдидтік) білім алуына қолдау көрсетіп, Уфадағы «Ғалия» медресесіне қырғыз балаларын жіберіп жатқаны және Шабдан Жантаевтың 15 мың сомға мешіт салдырып, оның жанынан мектеп ашқаны хабарланды.
Халық арасында «Шабдания» мектебі деп аталған, Ш. Жантаев салдырған мешіт жанында ашылған оқу орнында татар мұғалімдерімен бірге Орал облысына қарасты Темір уезіндегі Ембі болыстығының Нұртілеу Молдағазин деген деген қазағы да ұстаздық етіп, ондағы қырғыз балаларына жәдидше білім беру ісімен айналысқан.
Мұның өзі ХХ ғасыр басында екпін алған жәдидтік қозғалыс арнасына қазақтардың да тартылып, бұл қозғалыстың алдына қойған мақсатын жүзеге асыруға араласқанын айғақтайды. Өзбекстандық зерттеуші Х.Д. Садықовтың көрсетуінше, жәдидтердің қызметінің негізгі бағыты жаңа оқу әдісіндегі жәдидтік мектептер арқылы ұлттық рух пен сана-сезімді көтеру болған.
Ш. Жантаевтың жаңа оқу әдісіндегі оқу орнын ашуын Қапалда осындай «Мамания» мектебін ашқан Тұрысбек және Есенқұл Мамановтар халық арасындағы игілікті істің жарқын көрінісі деп бағалады. «Мамания» мектебінде көрнекті қазақ қайраткері Ғабдолғазиз Мұсағалиев меңгеруші болып қызмет етті, әрі «Ислам тарихы» және «Түрік-татар тарихы» пәндерінен дәріс берді. Қазандағы Апанаев медресесінде және Каирдағы әл-Қаһир университетінде білім алған Ғ. Мұсағалиев «Айқап» журналының тұрақты авторы болуымен қатар бұл журналды Жетісудағы қазақтар мен қырғыздар арасында насихаттаушы ретінде де танылды.
1912 жылы 6 сәуірде қазақтар арасында барынша танымал, қазақтың талай игі жақсыларымен достық қарым-қатынаста болған, қазақтар мен қырғыздардың азаттық қозғалыстағы байланыстарында өзіндік орны бар әйгілі Ш. Жантаев дүниеден өтті. Верныйдан Ы. Жайнақов, Қапалдан Есенқұл Маманов Ш. Жантаевтың қазасына орай оның балаларына жеделхат арқылы көңіл білдірді. Осы жылы қазанда Ш. Жантаевқа ас берілгенде жоғарыда аталған қазақ қайраткерлерімен бірге ақындар –
Ж. Жабаев пен К. Әзірбаев та қатысады. Ас кезінде жиналған 60 мың сомның біраз бөлігін
Ш. Жантаевтың балалары жандармерия тыңшыларының мәлімдеуінше, Жетісудағы қазақ-қырғыздардың орыс үстемдігіне қарсы әрекеттеріне қолдау көрсетуге жұмсауға тырысқан. Алайда бұл әрекет Ш. Жантаевтың Сарыбағыш болыстығын басқарушы баласы – Мокуштың адам өлтірді деген жаламен тұтқындалып, үстінен қылмыстық іс қозғалуына орай жүзеге асырылмай қалады.
1913 жылдың ақпан айынан Орынбор қаласында алаш қозғалысының қайраткерлері
А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов және М. Дулатов тың жетекшілік етуімен жарық көріп, қазақ халқының сол тұстағы жалпыұлттық мәселелерін көтерген «Қазақ» газеті де қырғыздар арасында танымал басылымға айналды. 1913 жылы тек қана Оштағы почта-телеграф конторасы 73 түрлі атаудағы газет пен
36
журнал алып тұрған. Олардың арасында татар тіліндегі «Вакыт», «Кояш», «Юлдуз» секілді газеттермен бірге «Қазақ» газеті де болған. «Қазақ» газеті редакциясының көрсетуінше, 1913 жылы газеттің жаздырып алынатын 3007 данасының 157-сі Жетісу облысының үлесіне тиесілі болған. Бұның өзі қазақтар мен қырғыздар іргелес орналасқан өңірлерде «Қазақ» газетінің едәуір тарағанын аңғарта түседі.
«Қазақ» газетін насихаттауға және оны шығаруға деп қаржы жинастыру ісіне «Ғалия» медресесінде оқып жүрген бір топ қазақ жастарымен бірге И. Арабаев та белсене араласты.
А. Байтұрсыновпен тығыз байланыс орнатқан И. Арабаев оның ықпалымен «Қазақ» газеті авторларының біріне айналып, газетке «Қырғыз» деген бүркеншік атпен мақалалар жариялап тұрды.
И. Арабаевтың 1912 жылы Орынбордағы «Вакыт» баспаханасында «Жазу өрнектері» және қазақ ағартушысы Хафиз Сәрсекеевпен бірге Уфадағы «Шарқ» баспаханасында «Әліппе, яки төте оқу» атты оқулықтарды шығаруына да А. Байтұрсыновтың ықпалы болған. Бастауыш мектептерде білім алатын қазақ және қырғыз балаларына арналған аталмыш оқулықтардың жазылуы барысында
А. Байтұрсыновтың «Оқу құралы» атты әліппесі басшылыққа алынды.
Сөйтіп, ХХ ғасырдың бас кезінде Жетісудың жергілікті халықтары саналған қазақтар мен қырғыздардың саяси белсенділігі арта түсті. Олар патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсыластық танытуда өзара байланыстарын нығайта беру керектігін айқын сезінді. Екі халықтың азаттық жолындағы күрестегі өзара байланыстары 1916 жылғы дүрбелеңде де байқалмай қалмады. Мұның өзі жеке зерттеуге арқау бола алады.
Бөлісу: