Бөлісу:
XVIII ғасырдың аяғы – XIX ғасырдың басында Кіші жүздегі қазақ халқының едәуір бөлігі Жайық пен Еділ өзендерінің төменгі ағыстарының аралығына көшіп барып, 1801 жылы Ішкі яғни Бөкей (алғашқы ханы Бөкейдің есімімен) хандығын құрды. Хандықтың құрылуының негізгі себебі отаршылдық саясаттың күшеюі салдарынан көптеген көшпелі ру - тайпалардың бұрынғы көшіп - қонып жүретін қоныстарының тарылуынан деп есептеу керек [1, 234-235 бб.].
XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында билік құрған Айшуақ ханның кезінде жекелеген рулар мен хандық таққа таласқан сұлтандар арасындағы тартыстар Кіші жүз аймағынан жеке хандық Бөкей ордасының пайда болуына әкеліп соқтырды. 1801 жылдың 11 наурызындағы патша жарлығына сәйкес Кіші жүздегі хан кеңесіне төрағалық еткен Нұралы ханның ұлы Бөкей сұлтан бастаған қазақтар Оралдың ішкі жағына өтіп, Нарынқұмды мекендей бастайды [2, 231 – 232 бб.].
1801 жылдың 11 наурызында Астрахан әскери губернаторы Кнорингке патша I Павелдан келген бұйрықта Нұралы ханның ұлы Бөкей сұлтан және оның халқына «Еділ мен Жайықтың аралығында мәңгілік көшіп қонуға, қысқы уақытта қолайлы орманды жерлерден қоныстанатын жер алуға, қырғыз-қайсақтардың Кіші жүз Ордасының хан кеңесінде төрағалық етуші Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанды өзіме ықыласпен қабылдаймын. Қай жерді қаласа, сонда көшуге рұқсат етемін және менің мархабатымның белгісі ретінде оның мойнына қара лентаға байланған менің суретім бар алтын медаль тағуды тағайындаймын…» деген сөздер арналған. Ордада қалыптасқан саяси жағдайды ескере білген патша үкіметі жаңадан сайланған ханның қауіпсіздігіне байланысты аталған жарлықта «...Астрахан казак полкінен оның қасына (Бөкей сұлтанға – Н.Э.) жүз адам казакты тағайындаймын…» деп хан жанына қарауыл бекітеді [3, 571-572 бб.].
Аталмыш жарлықтың негізінде Бөкей сұлтан өзінің қасына ерген қазақтармен Еділ мен Жайықтың аралығындағы Астрахан даласына өтті. Олар Нарынқұм және Торғын өзеніне дейінгі далаға қоныстанды. Қысқы уақытта хандыққа Үлкен және Кіші өзендер, Қамыс - Самара өзендері мен Каспий теңізі бойымен қоныстануға рұқсат берілді.
Бірақ Бөкей хандығының бұл жерлерді пайдалану мерзімі, патша айтқандай, «мәңгілік» болған жоқ. Бұл жайында Орынбор Шекара комиссиясының шенеунігі Ларионов Шекара комиссиясы төрағасына жіберген «Бөкей хандығының жағдайы туралы» рапортында былай мәлімдейді: «Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін Орал әскері қазақтарды Үлкен және Кіші өзендер мен Қамыс-Самара өзендеріне өткізген жоқ, көп ұзамай бұл жерлерде қауіпсіздік түрінде Үлкен өзеннен Кіші өзенге форпостар көшірілді: біреуі Қамыс - Самара өзенінің маңайына, төртеуі Кіші өзеннің өзіне. Сонымен қатар дәл осындай қырғыз халқына деген қысымшыл, орынсыз әрекеттер Каспий теңізі жағалауындағы княз Юсупов пен графиня Безбородко иеліктері басшылары жағынан да көрсетілді» [4, 232 б.].
«Ішкі жаққа» өткен Бөкей сұлтан және маңайындағы қазақтарға жер мәселесі бойынша келтірілген тапшылықтар мұнымен тоқтатыла қойған жоқ. 1803 жылдың 12 маусымында шығарылған жаңа жарлық қалмақтар (Астрахан губерниясында бұрыннан сақталып қалған, Царицын жерінен, Волга, Сарп, Сал, Манычу, Куме өзендері бойымен Каспий теңізіне дейінгі жерлерді қоныстанған) мен қазақтар арасына шекара орнатты. Бөкей ордасы қазақтары үшін шекара Ақтөбе өзені, ал қалмақтар жері үшін Жайық өзені болып бекітілді» [5, 654 б.]. Ал 1806 жылдың 19 мамырында бекітілген «Көшіп - қонып жүрген халықтарға жер бөлу туралы» Ереже қазақтар мен кундров татарлары арасында шекара белгіледі. Татарларға Сасықкөл өзенінен Ащылұқ, Ақтөбе өзендерімен Каспий теңізі жағалауынан Телепнев ватагасына (тобырларына) дейінгі жерлер беріліп, ал Бөкей сұлтан бастаған қазақтарға Үлкен өзенінен Боғды тауларына дейінгі, одан Чапчагай тауы арқылы Каспий теңізіндегі кундров татарлары орналасқан Тудацкий немесе Телепнев ватагасына дейінгі» жерлерде көшіп қону рұқсаты берілді [4, 232 б.].
Бұған қоса Жайық жағалауына орыс шаруалары, ал Ақтөбе аудандарында астрахан кордондары орналасқандығын ескерсек, Еділ мен Жайық өзендері арасы Бөкей сұлтан қазақтарының толық иелігіне берілмегендігі айқын көзге түседі. Дегенмен, ресми құжаттарда «Ішкі орда» деген атқа ие болған Бөкей ордасы барлық жағынан Астрахан, Саратов, Орынбор губернияларының жерлерімен Жайық бойындағы бекіністі әскери шеппен, солтүстік Каспий өңірі бойындағы балық кәсіпшілігі аймағымен шектесіп жатты. Оның аумағы шығыстан батысқа қарай 350 шақырым және солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерді алып жатты [1, 238 б.].
Патша үкіметі саясаты елдің саяси жағдайын әлеуметтік-экономикалық жағдаймен ұштастыра білді. 1808 жылдың 17 маусымындағы патша I Александрдің «О переходе степных киргизов на внутреннюю сторону Урала и о подчинении Киргиз - Кайсацкой Меньшой орды Букей султана с народом его Оренбургской Пограничной Комиссии» [4, 175 б.] атты жарлығы, бір жағынан, Кіші жүз қазақтарының қысқы уақытта «Ішкі» жерлерге қоныстану мәселесін қайта қолға алып Нарынқұмға көшуге рұқсат бергенімен, екінші жағынан қысқы уақытта Нарынқұмға қоныстанушы қазақтарды Бөкей сұлтан және оның халқына, яғни Ішкі ордаға тәуелді етіп, Кіші жүз қазақтарының арасына іріткі салып, бір - біріне қарсылық туғызудың әрекеті еді [6, 435 - 438 бб.]. Ал Шекара комиссиясын Император негізгі әскери - отарлық мекеме ретінде қарастырып, оған өлкеде тыныштық орнатады деген үлкен үміт артқан еді [7, 199 б.].
Жарлық бес бөлімнен және императордың бұл жарлықты шығаруға негіз болған себептерді баяндаған кіріспе бөлімнен тұрды. Кіріспе бөлім үш бөлімшеден құралды. Сонымен қатар Император бекітілген құжатта «К предупреждению на будущее время безпорядков, от Киргизцев доселе произходивших, я признал нужным постановить следующие правила» деп оның негізгі шығу себебін де ашып көрсетеді [6, 199 б.]. Шын мәнісінде бұл Жантөре ханды биліктен, ал Бөкей сұлтанды көшпелілердің жерді пайдалануды бақылаудан алыстатуды білдірді.
1808 жылдың 17 маусымында бекітілген жаңа Ережеге сәйкес Кіші жүз қазақтарына қысқы уақытта Оралдың ішкі жағына өтіп малын тебіндетіп жаю үшін, оның түріне және санына байланысты төлем ақы мөлшерлері орнатылды. Бөкей хан Орынбор Шекара комиссиясына да бағынышты болды [6, 435 б.]. Бекітілген «Ережеде» қазақтар қонысының орналасу жері және мерзімінің тәртібі орнатылды. Бұл тәртіп «Дала қазақтарының Оралдың ішкі жағына өтуі туралы» деп аталатын бірінші бөлімде орын алды. Онда, «Қазақтардың малмен бірге Жайықтың оң жағына, яғни Астрахан губерниясындағы Нарынқұмға көшу, Жайық өзенін мұз басқаннан кейін ғана рұқсат етілді. Мұз қатқанша барлық қазақтар Орал өзеніне жіберілмейді» - деп шешілді. Бұл жерде дала қазақтарының жағдайының ауырлағандығын көреміз. Себебі ауа-райына байланысты мұз бір уақытта қатпайтын еді. Бұнымен қоса «Ереженің» екінші бөлімінде «Нарынқұмнан қайту мерзімі әр жылдың наурыз айы» деп бекітілді [6, 436 б.]. Ал мұнда қатаң бекітілген тәртіптерді уақытында орындау мүмкін емес еді, бір уақытта жаппай көшіп-қону тәртібі тіпті, ойға сыймайтын жағдай еді. Сонымен қатар «Ережеде» Оралдың оң жақ жағалауына өту белгіленген жерлермен шектелді. Яғни Нарынқұмға өту үшін Жайық өзені бойындағы мына үш жерлерді ғана мекендеу бекітілді. Олар Антоновка және Котельный форпостыларының, Индерск тауларының бекіністері мен Гребенщикова форпостысының, Баксай және Сорочиковск бекіністерінің аралары еді. Жайықтың басқа жерлеріне мал жіберуге тыйым салынды [5, 436 б.].
1805 - 1817 жылдар аралығында Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы қызметін атқарған генерал - майор А.С. Тарарыкиннің шеп бойындағы командирлерге қазақтарды Жайыққа өткізу кезінде: «...чтобы степные киргизы не имели ни малейшего сообщения с киргизцами султана Бокея и прочими народами, живущими на внутренней стороне, и не осмеливались бы делать грабежей под опасением строжайшего поступления по законам....» [8, 186 - 186 а.п.] деп берген бұйрығы Орынбор Шекара комиссиясының Жайық өзенінен өткен қазақтар мен Бөкей сұлтанның қол астындағы қазақтар арасында қақтығыстардың туындануынан қауіптенгендігін көрсетеді. Ереженің «Қазақтардың ішкі жаққа өткізу түрі туралы» деп бекітілген екінші бөлімінде қазақтар Оралдың ішкі жағына қысқы уақытта малын тебіндетіп жаюға өту үшін Орынбор Шекара комиссиясымен берілетін арнаулы билеттер алуға міндетті болған. Билеттер белгіленген ақысы төленгеннен кейін ғана Орынбор Шекара комиссиясымен сұлтандар мен рубасыларға ғана табыс етілді. Бұл жүйенің тәртібі бойынша, алынған билеттер Нарынқұмға өтерден бұрын жергілікті басшыларға көрсетіліп, наурыз айында, яғни артқа қайтар уақытында билеттер басқармалармен қайта жиналып алынып, Шекара комиссиясына хабарландыру қағаздарымен жіберіліп отырды. Сонымен бірге Жайыққа көшіп келген қазақтар тыныш болу үшін Шекара комиссиясы әр рудың ауқатты да, құрметтілерінің ішінен төрт адамды аманат ретінде алып отыру көзделді [6, 436 б.]. Мысалы, Кіші жүздегі аманат сарайында болғандардың бірі сұлтан Өзбекғали болды [8, 34 п.].
Ереженің «Бөкей сұлтан туралы» деп аталатын бесінші бөліміне ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Ережеде 1801 жылдың 11 наурызында патша I Павелдің Астрахан әскери губернаторы Кнорингке жіберілген бұйрығына үлкен өзгерістер енгізді. Мұнда Бөкей сұлтанды бар мал - жанымен Орынбор Шекара комиссиясына бағындыру мақсаты көзделді. Бөкей сұлтан және оның халқына Нарынқұмда көшіп-қонуға арнаулы тыйымдар салынды (көшіп - қону тек дала қазақтары жоқ аудандарда ғана рұқсат етілді), билеттік алымдар енгізілді. Бөкей сұлтан және оның халқына еш жеңілдіктер берілмеді. Олар Кіші жүздің басқа руларымен бірдей бір тәртіпке бағынуға мәжбүр болды. Басқару жүйесінде Бөкей сұлтан мен оның ел-жұртына енді екі жаққа есепті болды. Бірі, Астрахан губерниялық басшылығына, екіншісі Орынбор Шекара комиссиясына.
Шын мәнінде Ереже тәртібі дұрыс орындалмады. Дала қазақтарының Бөкей сұлтан мен оның еліне келтірген зәбірлері еш қанағаттандырусыз қалдырылды. Осылайша патша үкіметі Кіші жүз қазақтары арасында өзара келіспеушіліктер туғызып отырды. 1801 жылдағы «Ережеде» Жайық өзенінің оң жақ жағалауына өту Шекара комиссиясының санкциясынан басқа Бөкей сұлтанның «куәлік беруі» арқылы жүзеге асырылса, кейін оған тыйым салынды. Енді Жайықтың оң жақ жағалауына өту тек қана Орынбор Шекара комиссиясымен берілген билеттерімен жүзеге асырыла бастады [6, 437 б.].
Бөкей ордасының құрылғаннан бергі алғашқы он жылдығында Еділ мен Жайықтың арасында жайылымдық жерлерді пайдалануда көршілес жұрттардың арасында дұшпандық қатынастар аңғарылмайды, бірақ XIX ғасырдың бас кезіне Үлкен өзен бойына казак кордондары салына бастады. Оның нәтижесінде 1813 жылы барлық Кіші өзен жері басып алынды [1, 294 б.]. Жаңадан пайда болған бекіністер шебі «Жаңаөзен» және «Қамыс-Самара» деген атқа ие болды. Бұл шеп дала көшпелілерінен сақтық үшін салынды деп есептелді. Осы уақыттан бастап Бөкей сұлтан және оның ел - жұртына қысқы уақытта Қамыс - Самараға қоныстануға тыйым салынды.
1806 жылдың 19 мамырындағы «Көшіп-қонып жүрген халықтарға жер бөлу Ережесіне» сәйкес Астраханда «көшіп - қонып жүрген халықтарға жер бөліп беру» ісімен айналысатын арнайы комиссия құрылады. Бірақ аталған комиссия өз ісінде тек қана қалмақтарға жер бөліп берумен айналысып, қазақтарға қатысты 1828 жылға дейін еш бір ұйғарым, шешімдер жасамады [4, 232 б.]. Сондықтан да ордалықтардың қысқы уақыттағы қонысына көрсетілетін қысымдар туралы хабарларды Бөкей ордасын Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін басқарған Шығай сұлтанның Орынбор әскери губернаторына, Астрахан губерниялық басшылығы мен Орынбор Шекара комиссиясына жіберілген хаттарынан көре аламыз.
1818 жылдың 22 мамырында Астрахан губерниялық басшылығы мен Орынбор Шекара комиссиясына жіберілген құжатта жер өлшеуші Федоровтың Бөкей қазақтары мен кундров татарлары арасындағы жайылымдарға меже орнату кезінде дала құдықтарын бөлу мәселесі дауға айналады. Даудың нәтижесінде Чапчағай тауынан жоғары орналасқан құдықтар қазақтарға, ал Чапчағай тауынан төмен теңізге дейінгі жерлер татарларға берілумен тынады. Жердің межелей бөлу нәтижесіне көңілі толмаған Шығай сұлтан 1819 жылдың 15 тамызында Орынбор әскери губернаторы П.К. Эссенге арызданады. Арызда жер өлшеуші Федоровтың кундров татарларының пайдасына жерді әділетсіз бөлгендігі жайында және қазақтардың Орал казак әскерлерінің 1806 жылы бекітілген Ережеге қарамастан Үлкен өзен жерлерін тартып алғандығы келтіріледі [9, 277 - 288 бб.]. Арыздың негізінде арнаулы комиссияның қатысуымен межелеу жұмыстары қайта жүргізіліп, даулы жерлер бөкей қазақтары мен кундров татарларының арасында қайта бөлініп, 1825 жылы қазақтарға 42 635 десятина 800 сажен, ал татарларға 40 151 десятина 800 сажен жер беріледі [9, 284-285 бб.].
1822 жылы жер өлшеуші Петухов, сұлтан Шығаев және старшина Кожаев жердің шешуші межелей бөлуін өткізеді. Бөлудің нәтижесінде Бөкей хандығының жаңа шекарасы белгілі болады: ол батысында Боғды тауынан Саратов губерниясының шекарасына дейін, бұл жерден Эльтон көліне дейін, Кіші өзен көлінің оң жақ жағалауынан Қамыс - Самара көлдеріне дейін, шығысында Каспий теңізінің солтүстік жағалауына жағалай, батысқа қарай Телепнев ватагасынан Ханский, Абрамов, Бушнев хуторлары арқылы Басқұншак және Эльтон өзендеріне дейін. Сонымен қатар Ішкі орда қазақтары Каспий теңізінің жағалауында 208 шақырым, жағалаудың ішкі жағына қарай 10 - 15 шақырым жерді алып жатқан княз Юсупов пен граф А.А. Безбородко иеліктерінен жерді жалға алып отырды [4, 228 б.].
1827 жылғы 20 наурызда Орынбор әскери губернаторы П.К. Эссеннің өкімімен Бөкей хандығы қазақтарына өз еріктерімен «ішкі жаққа» өтуге тыйым салынады. Бұл өкімді қадағалау Орал әскери кеңсесіне міндеттеледі. Сонымен қатар қазақтардың ішкі жаққа өтуі кезінде қазақтар арасынан Орал казактарына қарсы шыққандардың барлығы Орынбор Шекара комиссиясы сотына табыс етілетін болды [4, 225 б.]. Бұл ұйғарым Бөкей қазақтары мен Орал казактары арасында Үлкен және Кіші өзендер мен Қамыс-Самара жерлері үшін шешілмей жатқан тартыстарды одан әрі ушықтыра түсті. Орал казактары аталған жерлерден қазақтарды мақсатты түрде ығыстыра бастайды. Бұл жағдай 1828 жылы Орынбор шекара комиссиясының шенеунігі Ларионовтың Бөкей хандығына жасалған іс - сапарының қорытындысында сипатталған. Онда қазақтарға жер мәселесінде қысым көрсетіліп отырғандығы жайында мәліметтер келтіріледі [4, 233 б.].
Шекара комиссиясында сарай кеңесші қызметін атқарған Ларионов Комиссия төрағасы Г.Ф. Генске жолдаған Бөкей хандығы жайында арнайы рапортында Ішкі ордада тұрып жатқан халықтың жер тапшылығы азабын тартып жатқанын былай мәлімдейді: «земли, занимаемые киргизами, могут только быть удобными для одного кочевого народа, ибо ни лесу строевого, ни проточных речек, где бы вода была пресна, нет, даже трудно отыскать и ручейка, в коем бы вода была не соленая, кроме Малого и Большого Узеня, да и в них вода не совсем пресна, а в Малом Узене во время лета нельзя пить ее без крайней необходимости.... Земли сии определены: с одной стороны – с Саратовской губ., с другой – с землями уральского войска, с третьей – с Астраханской губ. и с четвертой - с владельческими дачами по Каспийскому морю» [4, 230 б.].
Бұл айтылғаннан, біріншіден, қазақтардың Торғын өзенінен Саратов губерниясына дейінгі бұрынғы қоныстанған жерлерінен айырылғанын, екіншіден, Орал казактарының Үлкен және Кіші Өзенмен, Қамыс - Самара жерлерінен ығыстырылып отырғанын, үшіншіден, Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді князь Юсупов пен граф Безбородконың мұрагерлерінің қолында болғанын көрсетеді. Бұл қазақ халқының, әсіресе қысқы қоныстану жерлерінен үлкен тапшылық көргендігін білдіреді.
Қазақтардың қоныстан тарлық көріп отырғанын шешу мақсатында сол жылғы үкіметтің шешімімен қазақтарға Үлкен және Кіші өзендер арасындағы жайылымдар және Қамыс - Самара өзендері беріледі. Бірақ Орал казактары бұл жерлерді өздерінің ежелгі мекеніміз деп есептеп, қазақтарға деген қысымдарын тоқтатпайды.
Казактардың шектен шыққандығы жайында Шекара комиссиясы төрағаларының ішінде қазақтар тағдырына немқұрайлықпен қараған Г.Ф. Генс тарапынан Орынбор әскери губернаторына жіберген хатта айтылады. Ол 1827-1829 жылдар аралығындағы Бөкей ордасында тәртіпсіздіктердің барлығы казактар жағынан болды деп хабарлайды. Г.Ф. Генс аталмыш хатында: «егерде қазақтар алып жатқан жерлерінен бас тартса және ол жерлер олардың (казактардың – Н.Э.) жағына өтсе, оларға (қазақтарға – Н.Э.) жан басына салық төлейміз, рекруттар қатарына аламыз » [4, 238 б.] - деп, казактардың қазақтар арасында ірткі салып жүргенін мәлімдейді.
Бларамбергтің статистикалық мағлұматына сүйенсек XIX ғасырдың 40 жылдары Бөкей хандығының территориясының жалпы көлемі 51 мың шаршы шақырымға жетті, оның ішінде 15 мың шаршы сор жерлері, ал 36 мың шаршы шақырымы жайылымдық жерлер болды. Шекарасы: солтүстігінде Эльтон көлінен Кіші Өзеннің оң жағалауында жатқан Мерекей жеріне дейін, одан оның ағысымен Қамыс - Самара көліне дейін; шығысында Қамыс - Самара көлдерінен Құрхайға дейін, Құрхай марцосын Каспий теңізімен қосатын меже жүргізіліп, ол Сарышығынақ, Күшөтер - Шағыл, Ирча - Құм, Ай – Шағыл құмдарынан, Кукертлы немесе Жүзқұдық жерінен және Төртшағыл жерлерінен өтті; онтүстігінде Каспий теңізінің сол жағалауымен оның үзінді қазындыларымен; батысында Телепнев кордонынан Боғды және Басқұншақ көлдеріне дейін, Ус - Кентер, Жидекұл, Ингель - Ульгун, Шошқалы, Кинджагара жерлері арқылы Боғды тауының солтүстігіне қарай бұрып, Ханский, Абрамов, Бушнев және тұзды Батпақсор хуторлары арқылы Эльтон көліне дейін жеткен деп көрсетілген [10, 3 б.].
1846 жылдың 21 қаңтарынан бастап Бөкей ордасына өз бақылауын күшейту үшін Орынбор Шекара комиссиясы Уақытша Кеңес құрады. Оның алғашқы басшысы ретінде статтық кеңесші Плотников сайланды. Кеңес өз ісін 1858 жылдың 24 қаңтарына дейін жалғастырды. Уақытша кеңестің шешімімен Бөкей ордасы 7 бөлікке бөлінді: Прикаспийский - 1, Прикаспийский - 2, Камыш - Самарск, Нарынск, Калмыцк, Таловск және Торгунск [2, 236-237 бб.].
Уақытша кеңес Бөкей ордасындағы жалпы халықтың және мал басының санына қарай әр отбасына салатын салық мөлшерін белгілеуді қолға алады. Сол себептен Комиссия өз тарапынан ордаға арнайы санақ жүргізушілерді жіберіп отырды. Солардың бірі Жәңгір хан жанындағы пристав титулярлық кеңесшісі Г.С. Карелин, 1847 жылы ерекше тапсырмалар шенеунігі И.Ф. Бларамберг жіберілді. Осы кеңес мәліметімен әр түрлі ведомстволардың есебіне жүгінсек, Бөкей ордасында адам саны шамамен 14000 отбасы немесе 70000 адам деп көрсетілді. Ал, мал саны малдың шығынымен (сатылған, пайдаланылған, өлген) мына көлемде болған: жылқы малы – 497 818, ірі қара – 173 213, түйе – 92 643, қой – 4 843 389, ешкі – 651 300 [4, 186 б.].
Білім беру ісінде Шекаралық комиссия бұл аймақта еуропалық үлгідегі мектептептерді ашуға мүмкіндік береді. Жәңгір хан 1841 жылы Бөкей ордасында бастауыш мектеп ашты. Мектептің негізін салушы Жәңгір Бөкейұлы өз кезеңінің жоғарғы білімді адамдарының бірі болған. Араб, парсы, неміс және орыс тілін еркін меңгерген билеуші, қазақ ақсүйектерінің балаларын орыс басқару әкімшілігіне тартып, оларды Орынбордағы Неплюев училищесіне, Орман институтына, Азаматтық инженерлер училищесіне, Петербург кадет корпусына, Қазан университетінде білім алуға бағыттап отырды [11, 78 б.].
Жәңгір хан өзінің мектеп ашу мақсатын Орынбор Шекара комиссиясына былай деп түсіндірген еді: «Жас қазақтардың оқу орындарына түсуі үшін, мен өз Ордамда училище ашуды жөн деп таптым. Ондағы мақсат - тәрбиеленушілерді орыс, араб, парсы және қазақ тілдерінде оқу және жазуға, грамматиканы, математика бастамаларын, география және мұсылман заңдарын үйрету» [12, 142 б.]. Бұл мектепте Жәңгір ханның шақыруымен атақты, білікті мамандар қызмет еткен.
Бөкей ордасының салық жүйесі қоғамдық жағдайларға байланысты ерекшелігімен қалыптасқан, басқа ешбір салық жүйелерімен теңеспейтін, өзінің аналогын таптырмайтын сала еді. Ішкі орданың салық көзі мал саны болып табылды. Зекет пен соғым түріндегі салықтар исламдық діни және дәстүрлі қазақ қоғамына тән негізде қалыптасты. Осындай салық жүйесін жүзеге асырған Жәңгір хан өз қол астына қарайтын хандықта әрбір рудағы мал санын жыл сайын жергілікті рубасшылар мен старшындар арқылы есепке алып отырды. Салық мөлшерін хан түрлі жағдайға байланысты өз еркімен белгіледі. Мысалы, жұт етек алған жерлерді жайлаған белгілі бір руға салық төлеу азайтылып отырды. Ақшалай жинауға мүмкіндік болмаған кездері Орда ханы оны натуралды түрде жинауға рұқсат берді [13, 60 п.]. Зекет көктемгі жәрмеңке уақытында жиналса, ал одан толық түрде жиналмаған салық қалдығын күзгі жәрмеңке кезінде жинау іске асты. Сондай - ақ соғым да осы күзгі мезгілде төленді.
Осылайша Бөкей ордасында өз жұмысын бір қалыпта жүргізе білген Шекара комиссиясы Уақытша кеңес құзырлығына Ішкі орда халқын бақылауда ұстап, салық көлемін уақытында жинап отыруды жүктеді. Уақытша кеңес жәрмеңке ашу арқылы, мал санын қадағалап қазынаға едәуір пайда түсірді.
пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін // Бес томдық. Алматы: Атамұра, 2002, 3 Т., 765 б.;
2. Добросмыслов А.И. Тургайская область. Исторический очерк. Тверь: Типография Радионова, 1902, Тт.1-3,вып.1, 523 с.;
3. Полное собрание законов Российской империи (ПСЗРИ) с 1649 года. Типография II Отделения собственной Его императорского величества канцелярии, 1830, Т.26, 875 с.;
4. Казахско-русские отношения в XVIII- XIX вв. (1771-1867 годы). Сборник документов и материалов. Алматы: Наука, 1964, 460 с.;
5. ПСЗРИ. Санкт-Петербург, 1830, Т.25, 654 с.;
6. ПСЗРИ. Санкт-Петербург, 1830, Т.30, 1404 с.;
7. Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств в XVIII– первой четверти XIXвв. Хан Айшуак (1719-1810). Алматы: Жеті жарғы, 2001, Т.2, 254 с.;
8. Орталық мемлекеттік мұрағат. 4-қор, 1-тіз., 215-іс, 313-п.;
9. Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.).Москва-Ленинград, 1940, Т.4, 543 с.;
10. Бларамберг И.Ф. Военно-статистическое обозрение земли киргиз-кайсаков Внутренней (Букеевской) и зауральской (Малой) орды Оренбургского ведомства. Санкт-Петербург, 1842, 104 с.;
11. Карпык Аль-Халел. Белая кость прошлого. Наши современники. Алматы: Дәуір, 1994, 304 с.;
12. Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство. Алма-Ата: Наука, 1982, 172 с.;
13. ОММ. 4-қор, 1-тіз., 6101-іс.
Эльмира Наурызбаева, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институтының аға оқытушысы
Бөлісу: