«Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» дерегінің жалпы құрылымы
18.10.2013 1991
Екі ғасырдың тоғысындағы бүкіл қазақ қоғамының шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, географиялық орналасуы мен рулық-тайпалық құрылымынан құнды-құнды мәліметтер беретін жазба деректің түрі.

1896-1903 жылдар аралығында  Қазақстанға жүргізілген Ф.А. Щербина экспедициясы нәтижесінде жинақталған «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» жарыққа 13 том ретінде шықты. 12 том экспедицияның зерттеген 12 оязына арналған: Ақмола облысының Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Омбы, Петропавл; Семей облысының Павлодар, Қарқаралы, Семей, Зайсан, Өскемен; Торғай облысының Ақтөбе және Қостанай. 13-інші том барлық 12 ояз бойынша бюджеттік зерттеу мәліметтерінің жинағын көрсетеді. Сондықтан да ең алдымен бұл деректің ішкі құрылымы, жариялау, баспаға дайындау мәселесіндегі атқарылған істерге  талдау жасаудың маңызы зор деп есептейміз. Томдарды басып шығаруда экспедиция басшылары біршама қиыншылықтарға кездесті: типографиялық базаның жоқтығы, қаржы жетіспеушілігі, біліктілігі жоғары мамандардың жетіспеушілігі т.б. Дегенмен ең маңызды материалдарды талдаудағы болса да, сол секілді жарыққа шығаруда да қиыншылық тудырған жағдай – экспедиция жұмысының практикалық міндеттерге тәуелділігі – яғни қоныс аударушылар үшін жаңа бос жерлерді табу мақсаты. Әрине, бірінші кезекте том мәтіндерінің жерге орналастыру чиновниктеріне қажетті бөлімдерін талдау және баспаға дайындау жүргізілді. Бұл ең алдымен статистикалық кестелермен оған ескертулер және рулық схемалар болды. Бұл материалдар экспедиция тағайындаған қауымның пайдалануындағы жерлердің шекарасын көрсетіп “артық жерлерді” көрсетуге мүмкіндік берді. Сондықтан 1-інші  томмен жұмыс жасау барысында (Ақмола облысының Көкшетау оязы) алдымен «Ақмола облысының жерге орналастыру партиясының чиновниктерінің жұмысы үшін талап етілген алдын ала дайындалған статистикалық кестелер басылды» - деп жазады Ф.А. Щербина. «Бұл экспедиция зерттеулерін жариялау тәртібі, қоныс аудару учаскелерін негіздеу ісінің ағымдық қажеттіліктеріне байланысты, басқа барлық ояздар үшін де тағайындалды», - деп мәлімдейді өз жазбаларында экспедиция басшысы. Жерге орналастыру партиялары үшін табылған мәліметтерді дайындау барысында экспедицияның ағымдық жұмысы кешенді болды, сондықтан көп жағдайда уақыт тапшылығына байланысты бағдарлама бойынша жүргізілу керек нағыз қажетті еңбек талдаусыз да қалып отырды [1, 105-107 бб] .

 Деректің жалпы құрылымы бастапқы экспедицияның бағдарламасында қарастырылған мәселелерге сай келгенімен, әр облыс пен ояздың өзіне тән ерекшелігіне сай деректің құрылымы өзгеріске ұшырап отырды. Мәселен, қажетті жағдайларда жаңа кестелер қосылып немесе мәтінде бұрын қаралмаған тақырыптар да әр өлкенің өзгешелігіне сай дерекке қосылып отырған.

Басылымның құрылымына талдау жасау әр томдағы бар мәліметтердің арасындағы нақтылы айырмашылықтарды анықтауға негіз болады. «Мәліметтердегі...» 12 томның әрқайсысында бір оязға сипаттау бар. Сондықтан бірегей құрылымда, ХІІІ том бюджеттік сипаттауға арналған және тіптен бөлек принципте құрылған. Томдардың құрылымы зерттеліп отырған ояздың ерекшелігіне байланысты кейде өзгеріске ие болған. Дегенмен, мұның бәрі әр томға қажетті қаңқаға байланысты құрылған. Мысалға алып қарағанда әр том негізгі екі бөліктен құрылған: мәтіндік (жалпы) және кестелер. Оның алдында «Алғысөз» бар.

«Алғысөз» (ХІІ-V томдарда-«кіріспе») томның маңызды құрамдас бөлігі және барлық томдарда бар. Бірақ әр томда өзіндік сипатта. Егер 1-ші томда, мысалы, «Алғысөз» көлемі жағынан үлкен болып нақтылы оязды зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне толық түсіндірме жасаса, ал ХІІ томда «Алғысөз»-қысқаша бір бетке ғана жазылған және сондай да бір құнды ақпарат қамтылмаған. Мұндай айырмашылық басқа да томдарда бар. Бұл кей жағдайда әртүрлі авторлардың әр томға алғысөз жазуымен де түсіндіріледі. Негізінен алғысөзді экспедицияның басшысы жазған, ал басшылардың өзгеруіне орай алғысөздің авторы да өзгерген. «Алғысөздің» басты құндылығы ояздың ерекшелігіне қатысты зерттеудің әдістемесін анықтаудағы өзгерісті көрсетуінде. Ереже бойынша «Алғысөзде» экспедицияның құрамындағы нақтылы оязды, зерттеуге қатысқан қызметкерлер тізімі, экспедиция басшысы көрсетіліп, сол сияқты томның мәтінін жазудағы әр автордың қатысын анықтауға қажетті мәліметтер де берілу қажет болды. Өкінішке орай, мұндай толыққанды «Алғысөзді» тек I, V, VII, Х томдарға қатысты айтуға болады [2, 3-5 б] .

Томның жалпы немесе мәтіндік бөлігі өз мазмұны бойынша әр қилы жоспарда. Томдағы бұл бөлімдер де әр түрлі авторлардың қолымен жазылған. Жалпы бөлімде, бірінші кезекте ояздың шаруашылық суреттемесі мен ерекшелігі көрсетілген. Жерді пайдалану формасы, жер шаруашылығы мен мал шаруашылығын сипаттау барлық томдарға тән. Ояздың шаруашылық ерекшеліктерін анықтау негізгі бөлімде орын алған (VIII-ші том) немесе шаруашылықтың салаларын сипаттаумен бірге болып, әрине авторға байланысты болды. Бұл көпшілік томдарға тән. Ояздың шаруашылығына талдау жасауда маңызды орынды жерді жалға алу мәселесі алады. VI, IX, XI томдарда кәсіпшілік пен жерді жалға алуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл осы мәселеге ерекше көңіл бөлген Л.К. Чермактың томдардағы мәтінді жазуымен түсіндіріледі. IV том да Л.К. Чермактың редакциялауымен жазылған. Кәсіпшілікті сипаттау жерді жалға алуға қарағанда аз жазылған. Мәтіннің жалпы бөлімде бұлай жазылуының себебін Семей облысының Павлодар оязының ерекшелігімен түсіндіруге болады, себебі жерді арендалау бұл аймақта кең тарады. Бұл мәтінді жазған И.Ф. Гусев болғанмен, Л.К. Чермактың тапсырмасымен жазылғандығы көрінеді. Шаруашылықтың кәсіпшілік деп аталатын саласына авторлардың көзқарасының әр түрлі болғандығын және оның мәтіннің құрылымына қалай әсер еткендігін келесі мысалдан көруімізге болады. Ф.А. Щербина жазған І том мәтінінде кәсіпшілік жер шаруашылығы деген мақаламен біріктірілген, яғни оған маңызды роль берілмеген. Қазақ шаруашылығының негізгі сипатын анықтаудағы авторлардың көзқарасы негізгі бөлімдегі берілген мәліметтердің құрылымын анықтады, сол сияқты шаруашылықтың әр саласын сипаттауға арналған мәтіннің көлемін де көрсетті [3, 12-15 б] .

Статистиктер мал шаруашылығына қазақ шаруашылығындағы маңызды сала ретінде қарады. Шаруашылықтың бұл саласына сипаттама берген кезде зерттеушілер отардың құрамын анықтауға тырысып, малдың бұл түрінің шаруашылықта басым болуының себептерін іздестірді. Мысалы, Ақмола облысының Атбасар оязын 1897 жылы экспедицияның екінші жылы зерттегенде бұл ояздың шаруашылығында түйенің негізгі орын алғандығы белгілі болған. Бұл бірнеше себептермен түсіндірілді, оның ішінде ең алдымен Атбасар оязының табиғи жағдайымен Көкшетау оязын зерттегенде отардағы түйе малының санын анықтауға бағдарламада аз орын берілді, ал Атбасар оязын зерттегеннен кейін статистиктердің кейбір аудандарда түйе малының шаруашылықта құнының ірі қара малға қарағанда жоғары екеніне көздері жетті. Сондықтан түйе малын есепке алып, оның шаруашылықтағы үлес салмағын анықтап алғаннан кейін Ақмола облысының Ақмола оязын, Семей облысының Павлодар оязын, Торғай облысының Қостанай оязын, Семей облысының Қарқаралы оязын зерттеген кезде оған ерекше көңіл бөлінген (III, IV, V, VI) [1, 88 б] .

Жер шаруашылығын суреттеу мал шаруашылығы секілді әр томда кездеседі. Жер шаруашылығы, отырықшылық барлық ояздарда бірдей дамымаса да, экспедиция қызметкерлерінің тарапынан мал шаруашылығын қарастырғандай дәйекті зерттеуге ие болды. Олардың пікірі бойынша отырықшылық қазақтар үшін мал шаруашылығына қарағанда перспективті іс деп есептелді. Ең алдымен, статистиктер ояздағы ең алғашқы жер өңдеудің қалыптасуынан басталған кезеңнен тарихын қарауды жөн деп есептеді. Олар жер шаруашылығымен, отырықшылықпен айналысудың қазақтар үшін тұрақты норма ма, әлде қашан да басқаша сипатта болды ма деген мәселені анықтауға тырысты. Мұнымен қоса, олар егістіктен алынған өніммен олардағы бар мал санының арасында өзара байланыс бар ма деген мәселеге көңіл аударды. Жер шаруашылығының жағдайын анықтау маңызды орынға ие болды. Еңбек құралдары, өнімнің сорттары, жұмыстың маусымдық айналымы, табиғи жағдайлар, бұл істегі қиыншылықтар-мұның бәрі экспедиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады. Тек ғылыми мақсат қана емес, практикалық мақсат та басшылыққа алынды. Тек осындай жолмен, олардың есептеуі бойынша, орыс шаруаларын қоныс аударуға арналған аудандардың жер шаруашылығын жүргізудің тиімділігін анықтауға болды. Сирек кездессе де статистиктер бау-бақша өсіру мәселесіне арналған сұрақтарды да қамтуға тырысты. Бұл арада ормандар мен оған жақын жатқан шабындық алқаптар да суреттелді. Келесі міндетті түрде жалпы бөлімде қарастырылған әр томға қатысты сұрақ жерді пайдалануды сипаттау болды. Бұл сұраққа экспедиция қызметкерлерінің еңбектерінде көп көңіл бөлінгендігі көпшілікке мәлім. Бұл мәселені теориялық тұрғыдан ой елегінен өткізуге тырысып, өткен дәуірдегі және өзге халықтардағы жерді пайдаланудың ережелерімен қатарласа қарастырған. Өз бағдарламаларында қарастырғандай статистиктер қазақ қоғамындағы жерді пайдаланудың ережелерін көрсететін мәліметтерді практикада жинақтады. Олар жерді иемденудің маңызды формасын тағайындады. Жалпы пайдаланатын жайылымдық, шабындық, қыстаулық т.б. жер аудандарына көп көңіл бөлінді. Келесі жағынан олар ауылдың қарамағындағы жерді пайдаланудың аудандарын нақтылы анықтауға тырысты, бірақ бұл көп жетістіктерге әкелмеді, себебі шекара ұғымы қашанда тұрақты болмады. Дегенмен зерттеушілер жерді бөлуге негіз боларлық сұрақтарға ерекше зейін қойды. Бұл көп жағдайда өзен аңғарларымен, тау шатқалдарымен, шұңқырлармен есептелді, тіпті шекара шартты түрде де көрсетілді. Экспедиция қызметкерлерінің өздері зерттеген аудандардағы жерді пайдалану мәселелеріне қатысты үлкен жұмыс атқарғандығын айтуымыз керек. Далалық өлкенің әр түрлі ояздарына жүргізілген жұмыстар барысында кейбір қауымдарда «қой-бөліктер» деп аталатын қой малын қыста ұстауға арналған тиімді орындардың бар екендігіне көп көңіл бөлді [1, 91 б] .

І томның жалпы бөлімінде «зерттеу кезінде кездескен қиыншылықтар», «жұмыс бағдарламалары және ұйымдастыру», «бюджеті мен сұраныстары» деп аталатын бөлімдер бар екенін көрсетуіміз керек. Өзге томдарда кездеспейтін, осы І томда ғана бар бұл бөлімдердің болуын түсіндіруге болады. Алғашқы том аз зерттелген проблемаға арналған үлкен басылымды ашты. Сондықтан экспедицияның өзі жөнінде, оның құрылу тарихы мен зерттеуші аймағы жөнінде алдын-ала мәлімдемелердің болуы қажетті жағдайдан туындалды [2, 18-25 б] .

Барлық томдарда (І томнан басқа) қазақ шаруашылығына қажетті шөптің есебі берілген. Шөп есебі әр томда әр жерде көрсетілген: IV, VII, Х томдарда жалпы бөлімде, ал қалғандарында (ІІІ, 2-бөлім, ХІ, ІІ) «Арнайы бөлім» деп аталатын бөлімге енгізілген Омбы облысының Петропавл оязына арналған ХІІ томында шабындық нормалар «Арнайы бөлімге» енгізіліп, оған 20 беттік мәтін берілген. Осы томда басқа томдарға енгізілмеген «Қысқы малды ұстауға арналған арнайы санақ мәліметтердің нұсқасы» деп аталатын кесте енгізілген. Қазақ шаруашылығына қатысты шөп нормаларын анықтауға деген экспедиция қызметкерлерінің ерекше назарын олардың анықтау әдістемесінің жергілікті әкімшілік тарапынан, сол сияқты басқа да ғалым-статистердің тарапынан сынға ұшырауымен түсіндіруге болады. Сондықтан экспедиция қызметі бұл мәселеге қатысты кең түсіндірме жасауды қажет деп тапты.

«Мәліметтер» жаратылыстану ғылымының облыстарындағы мамандар үшін қызықты болып табылатын мәліметтерді де қамтыған. Бұл ең алдымен, әр томда бар оязды геоботаникалық суреттеу мәселесіндегі топыраққа, өсімдікке, суды пайдалануға, климаттық жағдайға  т.б. сұрақтарға қатысты. І томда зерттеліп отырған ауданның табиғи жағдайын игеруге байланысты экспедиция жұмысын толықтыру үшін арнайы гидротехникалық есептен үзінді берілген. Осыған қарап та экспедиция қызметінің жүргізілген зерттеулерді толыққанды етуге тырысқандығын көруімізге болады. Экспедицияда геоботаник мамандар жұмыс жасады. Экспедиция қызметі үшін мұндай суреттеулер ояздың бөлінуіне негіз болған жайылымдық аудандарды сипаттау үшін қажет болды. Әр томда аудандарды табиғи-тарихи суреттеу бар. Том соңында әдетте бұл ауданның картасы берілген.

“Аудандар мен ондағы артық жерлердің кестесі” деп аталатын кесте міндетті түрде әр томда  бар, бұл барлық томдағы мәліметтер біріктіріліп экспедиция жұмысының негізгі қорытындысын көрсетеді, яғни артық жерлер тағайындалады. Бұл кесте «Түсіндірме жазбамен» бекітілген. Оны әдетте экспедиция меңгерушілері жазып, қазақ шаруашылығына қажетті нормасын тағайындауға түсіндірме жасап, жер параметрін есептеп көрсетеді. Негізінен алып қарағанда «Материалдардағы...» қарастырылған бөлімдер осылар. Осындай жолмен, «Материалдардың...» мәтіндік бөлімі әр томға қатысты өзіндік сипатта. Бұл айырмашылық қарастырып отырған ояздың ерекшелігін және мәтіннің авторына да байланысты. Мәтіндік бөлім алынған мәліметтерге қажетті түсініктеме бере алатындықтан томдағы кестелерге талдау жасауда жоғарғы мәнге ие [1, 92-94 б] .

«Материалдардағы...» келесі құрылымдық бөлім-кестелер. Кестелер әр томда, міндетті түрде ауылдық, қауымдық, аудандық кестелер деп берілген және бұл кестелер жылқы малының санын есепке ала отырып шаруашылықты топтаған статистикалық мәліметтерді қамтиды. Мұнымен қоса, томдарда әр түрлі спецификалық кестелер де бар. Әрбір мұндай кесте анықталған практикалық міндеттерден туындалған. Ф.А. Щербинаның сөзі бойынша ««Материалдар...» «жерге қатысты шаруашылықтың практикалық қажеттілігін көрсететін басылым» болып табылады.

«Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» дерегінің екінші бөлігі кестелерден тұрады деп жоғарыда атап көрсеттік. Кестелер әр томда міндетті түрде кездеседі. Сонымен қатар әр бір зерттелген ояздың өзіндік ерекшелігіне сай басқа да кестелер қосылып отырған. Олардың бірқатарын төмендегі 1-ші кестеден көруге болады.

Кесте №1. Деректегі статистикалық кестелердің түрлері

Кестелердің түрлері

Кестелердің ерекшеліктері мен онда сақталған мәліметтер

1.

Ауылдық кесте

Әр болыс бойынша ауылдардың, қыстаулардың атауы, сол жерлерге қашаннан бері қоныстанған, ру басшыларының аты, тұрғындар (әйелдер, ерлер) саны, тұғын үйлер саны, шаруашылықтар, мал шаруашылығы (жылқы, сиыр, түйе, қой-ешкі) мен егін егетін жерлер мен дақылдар туралы статистикалық мәліметтер сақталған.

2.

Қауымдық кесте

Қауымға кіретін ауылдардың шаруашылығы, мал, жер өңдеу, аренда, тұрғындар саны туралы статистикалық мәліметтер

3.

Аймақтық кесте

Тұрғындардың жас ерекшелігіне байланысты саны, сауаттылар, оқып жүргендер саны, мал шаруашылығы мен жер өңдеу туралы статистикалық мәліметтер

4.

Шаруашылығы жөніндегі кесте

Шаруашылық топтар, олардың жалпы саны, жалдамалы жұмысшылар, мал шаруашылығы, қажетті сүт, жүн, ет, ұн мөлшері, жер өңдейтін құралдар саны, қолөнер туралы мәліметтер

5.

Ояздардың ерекшелігіне сай жасалған кестелер; қосымша, жалпы мәліметтер

Әр зерттеліп жатқан ояздың спецификалық ерекшелігіне сай жасалған кестелер

6.

Ру-тайпалардың кестесі: а) Зерттеліп жатқан ояздарға көшіп келетін қазақ руларының кестесі; б) ояздағы жергілікті ру-тайпаларының кестесі

а) Зерттеліп жатқан ояздарға көшіп келетін ру-тайпалардың атаулары мен олардың шежіресі беріледі;

б) Ояздың әр болысы ауылдарында орналасқан ру-тайпалардың атаулардың шежіресі беріледі;

Бұл кестелер жер өлшеушілер мен статистиктердің белгілі бір практикалық міндеттерін жүзеге асырудағы қажеттіліктерінен туындалған. Сондықтан деректе бір-біріне ұқсамайтын кестелер де кездеседі [5, 9-10 бб] .

Негізінен кестелерде статистикалық материалдар сақталған. «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» дерегінде кездесетін карталардың деректік мағынасы өте зор. Олар тарихи деректердің ішінде ерекше, әрі әлі де зерттелмеген дерек түріне жатады. Оған бөлек аймақтар мен облыстар, ояздар, қалалар және белгілі бір территорияның картасы жатқызылады. Қазақ жерлерін зерттеген экспедиция мүшелерінің ішінде арнайы ояздар мен болыстарды картаға түсірген топографтар болды. Бұл экспедицияда олардың ролі өте зор еді. Деректегі карталарды 1) рулардың орналасу картасы; 2) ояздардың жалпы картасы; 3) зерттеліп жатқан ояздағы болыстар мен ауылдардың картасы деп бөліп қарастыруға болады. Қазақстанның сол кезеңдегі территориялық бөліністі, ру-тайпалардың қоныстанған жерлерін анықтау үшін бұл карталардың маңызы зор. Ол туралы экспедиция басшысы Ф.А. Щербина «До работь экспедиціи также не существовало никакихь матеріаловь по этому предмету. Схематическія чертежи площади фактическаго киргизскаго землепользованія и во многихь случаях болье или менье точное нанесеніе такихь площадей на карты Военно-топографическаго Отдела дали возможность какь для приблизительнаго исчисленія распределенный между отдельными общинами земли, так и для правильной пастоновки дальнейщихь работь землеустройтельныхь чиновь вь этомь направленіи»,- деген болатын. Бұл картаны және ру-тайпалардың кестесін Ә.Н. Бөкейхан жасаған болатын [5, 12-13 бб] .

Ауылдық кестедегі статистикалық мәліметтер шаруашылық санын, тұрғылықты халық санын, әр ауылдағы мал санын көрсету үшін қажет болып арнайы графалардан орын алды. Кестеде ауылдың орналасқан жері жөнінде, ауыл ақсақалдарының аты, тегі, жазылған, көрші елді-мекендермен, сауда пунктері мен ояздық қала арасындағы арақашықтық жөнінде мәліметтер де бар. Осы жерде ауылдың негізі қаланған мерзім, қыстау қарамағындағы су көздері көрсетіледі. Келесі бағана тұрғылықты халыққа арналған және ауылдағы шаруашылық санын көрсетеді. Бұл бағана жыныстық-жастық топтарды көрсететін бөлікке бөлінген. Мысалы, І томда бұл бағана тек бір «жұмыс жасындағылар» деп берілсе, қалған томдарда жасқа бөлу тиянақты көрсетілген. Мысалы, ІІ, VII,VIII, IX, X, XI томдарда «жұмыс жасындағылар (еркектер үшін 18-60 жас, әйелдер үшін 16-55) деп берілген және «жартылай жұмыс жасы» (еркектер үшін 14-17 және 60-тан жоғары, әйелдер үшін 14-15 және 55-тен жоғары деп берілген). Бұдан кейін тұрғылықты жай-киіз үй, жертөле, ағаш баспаналар жөнінде мәліметтер кездеседі.

Келесі бағанада ауыл экономикасы жөнінде мәліметтер бар. Ең алдымен бұл бағана мал шаруашылығы жөнінде және мал түріне байланысты өзге бағаналарға бөлінген. Бұл барлық томдарда кездеседі және жылқы, ірі қара мал, түйе, қой, ешкі деп көрсеткен. Малдың барлық түрі жасына қарай берілген себебі статистиктерге бұл барлық малды бір бірлікке аудару қажет болды. Мал шаруашылығы жөніндегі кестеге «Малды бағу» «Мал бағушылар мен жұмыскерлерді жалдау» (тек І томда «Мал бағушыларды жалдау» деп көрсеткен). «Сүт және жүн үшін өзгенің малын пайдалану» деген бағаналар қосылған. Бұл бағананы жазу зерттеу барысына байланысты қалыптасқан.

Жұмыстың жүргізілу барысында қазақ шаруашылығы жөнінде түсінік кеңейген сайын жер шаруашылығына қатысты бағаналар көбейтілді. Егер 1-ші томда қарапайым «Егін себу» бағанасы екі бөлікке ғана бөлінсе: егін себу шаруашылығының саны, егін себудегі десятина саны, ал ІІ томда бұл жерге қанша жыл егін салынды; алқаптан қыстауға дейінгі арақашықтық; ауылдағы орақ, соқа т.б. құралдардың саны; егін себудің әдістері-өз күшімен бе, әлде аралас па деген мәліметтер қосылған [1, 95-96 б] .

Келесі әр томда кездескен міндетті кесте-бұл «Статистикалық мәліметтерге арналған қауымдық кесте». Бұл кестедегі бағаналар ауылдық кестені қайталайды. Ауылдық кестедегідей бұған «Тұрғындар», «Құрылыс», «Кәсіпшілік», «Мал шаруашылығы», «Малды бағу», «Жалдамалы мал бағушылар мен өзге жұмыскерлер» деген бағаналар енген. Әр бағананың өзі көп жағдайда кішкене бағаналарға бөлінген. Жалпы жерді қауымдық пайдалану тәртібін сипаттау үшін жаңа бағаналар қатары да қосылған. Бұл әсіресе «жерді пайдалану»-бағанасы, қысқы қыстаудың күзгі жер жайылымы күзеудің ауданын десятинамен көрсетуге арналған. Шаруашылыққа арналған әр адамның жан басына шаққандағы малдық жайылымның есебі. Мал шаруашылығы жөніндегі барлық мәліметтер «Жылқы малына қатысты мал саны» деп аталатын кестеге шоғырландырылған. Барлық қауым мүшелерін мал санына қатысты топтастыру көрсеткіші үлкен қызығушылық туғызады. Бұл арнайы бағанада келесі шаруашылықтың бірден-бірге сатыланушылығы (градация) бар; жылқы малының; 2-ден 5-ке дейінгі жылқысы бар; 6-дан 10-ға дейінгі; 11-ден 25-ке дейінгі; 26-дан 50, 51-ден 100; 100-ден асқан. Тек І, ІІ, ІІІ, VI, ХІ томдарда топтау 101-ден-300-ге дейінгі жылқыға жеткізілген. Бұл Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қостанай, Омбы ояздары бойынша томдарда 100-ден 300-ге дейінгі жылқы малын есептеген топтау бай шаруашылықты топтастыруға мүмкіндік туғызған. Көптеген бай шаруашылықтың мың басқа дейін отары болғаны белгілі. “100 жылқыдан астам” бағанасы қауымдық кестеде қазақ қоғамының шаруашылық жағдайының шынайы бейнесін бүркемелеген [6, 18 б] .

 Ауылдық кестедегідей, қауымдық кестеде қазақ ауылындағы эксплуатацияның түрі мен көлемін саралауға мүмкіндік беретін бағаналар бар. Бұл «Малды бағу», «Жалдамалы мал бағушылар мен жұмыскерлер» бағанасында кездесетін мәліметтер. Ауылдық кестедегідей өзгерістерге ұшыраған. «Пішен шабу» бағанасы ауылдық кестедегіні қайталап сәйкестендірілген. Тек өзгеріс толықтыруларда, мысалы қауымдық кестеде пішен шабуға дейінгі аралық (барлық томдарда), шөпті жинау әдісі (ІІ, ІІІ, IV, V, VI томдарда кездеспейді) бағаналары бар. Қауымдық кестеге қарап пішен шабумен айналысатын шаруашылықтың жалпы санын анықтап және жиналған көпене саны жөнінде мәлімет алуға болады. Қауымдық кестедегі жер өңдеуге арналған бағана нышаны ауылдық кестедегіге қарағанда қарапайым. Тек V томда жер шаруашылығы дамыған Қостанай оязы суреттелгенде қосымша бағана енгізілген, онда соқа мен тырма, малалаудың шаруашылықтағы саны енгізілген. VI томда «Егін себу десятинасының саны» бағанасын «Сұлы пұтымен есептегендегі егін себу көлемі» бағанасына алмастырылған. Мұндай атау «Материалдардың...» өзге бөлігінде кездеспейді [1, 99 б] .

Қауымдық кестеде ауылдық кестеде кездеспейтін бағаналар бар. Бұл жерді арендалау, шөпті шабу, есептесу, көшіп-қону жөніндегі бағаналар. Дегенмен олар үнемі кездеспейді.

«Жерді жалға алу» кестесі жайылымдық жерді және шөпті шабуға арналған жерді жалға алуды екі жақты қарастырған (шаруашылық саны мен десятина санына сәйкес). І томда мұнымен қоса, «Шөп шабуды тапсыру» бағанасы кездеседі. Ол «Шаруашылық саны» және «Шөп көпенесі» деп аталатын бағаналарға бөлінген. Сол сияқты тек осы І томдағы қауымдық кестеде «Төлем төлеу» бағанасы енгізілген. Онда түтін салығы, облыстық земстволық жинақ, земстволық тәуелділік (барлығы сом, тиын есебімен) есептелген. ІІ томнан бастап кестелерде көшіп қону жөніндегі бағаналар кездеседі. Ол статистиктерге шаруашылық ауыл мен қауымды топтастыру үшін қажет болды. Мұндай топтастыруға негіз болған нышан ол бірлесіп көшіп қону мен белгілі бір территорияны қысқы жайылым (қыстау) үшін бірлесе пайдалану болды. Бұл арада міндетті түрде қыстаудың территориясында болған күндер мен одан тыс мерзімдегі күндер есепке алынды. IV, V, VI томдардан басқа жеке томдарда барлық көшіп қону жолын шақырыммен есептеген бағаналар; қыстаудан шыққананнан оған қайтып келгенде дейінгі тұрақтар; жолға кеткен күндерді есептеп көрсеткен бағаналар кездеседі.

«Кестелерге қажетті түсініктемелер» немесе «Кестелерге ескертулер» (ауылдық және қауымдық) А.А. Кауфманның көрсетуі бойынша «Зерттеу жазбаларының шынайы төзімділігін» көрсетеді. Мәтінге оларды енгізудің өзіндік себептері болды: жерді бөлуші партиялардың қызметкерлері экспедиция соңынан жүріп, олар тағайындаған артық жерлерді планшетке яғни бетіне сызба сызатын қағаз керілген кішігірім тақтаға енгізді, және бұл кестелерге статистиктердің мәтіндік түсініктеме, нақтылы түсінікті болу үшін ескерту жасауын қажет етті. Олар үшін арнайы келесі пунктерді қамтыған бағдарлама жасалды.

1. Қыстау маңындағы жайылым. Топтың өз ішінде бөлу (жеке қыстаудың ішінде өзінің қой бөліктері, яғни қыстаудан бөлек қой жайылымы бар, жоқ екенін анықтау). Жайылымды пайдалану дәрежесі: оның құнды, маңызды бөлігі; көп пайдаланатын ерекше маңыздысы. Су көздері, көшіп-қону жолы, малды қабылдау, айдау. Жайылымдық жерді арендаға беру. Көршілермен болған дау себептері.

2. Шөп шабу, пішен ору. Оның сипаттамасы, орналасуы. Малды шөппен азықтандыру мерзімі. Ескі шөптің қалғаны бар ма? Шабындық жерлерді тапсыру.

3. Айдалған жер. Егістік. Олардың орналасуы (қыстау ішіндегі территорияда ма, әлде маңында ма). Суландырылған жайылым. Жайылымды тапсыру.

Бұл бағдарлама қауымдық кестеге ескерту жасау үшін құрастырылғаны көрініп тұр. Осындай статистер жинаған нақтылы материалдарды чиновниктер пайдаланып, қауымдық бланктерден таңдап алып, жекеленген қауым құрамын зерттеп, олардың жерді пайдалану ауданын есептеген. Әсіресе бұл қауымнан «артық жерлер» қиып алынған кезде және жергілікті тұрғындармен конфликт-қайшылық туындалған кезде қажет болды. Нақтылы материал қауымдық кестені қарастырған кезде өте құнды болып есептелді [7, 72-77 б] .

Үшінші міндетті кесте «Жылқы малы бойынша әр томға енген шаруашылықты топтауға арналған статистикалық мәліметтердің аудандық кестесі». Бұл кестенің негізіне экспедицияның зерттеуіндегі әр оязды ауданға бөлу алынған, ол жердің сапасына қарай анықталған. Аудандық топтық кестелер әр өлке бойынша әр түрлі мүліктік топтарды анықтауға мүмкіндік туғызады. Бұл арада тағы да бұған дейінгі кестелерде болған: «Тұрғылықты халық», «Тұрғын үй», «Жалдамалы жұмыскер», «Мал», «Жайылымдық жерлер», «Шабындық жерлер», «Кәсіпшілік» бағаналары орын алған, тек көптеген басқа, жаңа ұсақ сипатталған нышандарға ие болған. Жаңа бағана ет пен ұнды пайдалану мөлшеріне арналған.

Осы үш негізгі кестеде-ауылдық, қауымдық және аудандық, экспедиция мүшелері әр ауданның орта шаруашылығына қажетті жерді пайдалану нормасын есептеп шығарды. Сондықтан әр томда «Аудандар мен артық жерлердің кестесі» берілген. Бұл кішігірім кестелерде жер нормалары, жалпы жер аудандары мен артық жерлер немесе жайылымның жетіспеушілігі көрсетілген. Бұл міндетті кестелермен қоса, әр томда ерекше кестелер бар.

Кейінгі жылдары осы тақырыппен айналысып жүрген зерттеушілердің бірі Н.Тасилова осы мәселеге қатысты өз ойын былай деп тұжырымдайды: «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» ең алдымен екі ғасырдың тоғысындағы бүкіл қазақ қоғамының шаруашылық, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан, географиялық орналасуы мен рулық-тайпалық құрылымынан құнды-құнды мәліметтер беретін жазба деректің түрі. Көптеген зерттеушілер бұл деректің мәліметтерін өз еңбектерінде кеңінен пайдаланады, бірақ та әлі күнге дейін экспедиция материалдары кешенді түрде деректанулық талдаудан өткен жоқ. Сондықтан да, «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...»  мәліметтерін деректанулық сыннан өткізудің маңызы аса зор екендігін атап өтуіміз қажет» [5, 9-10 бб].

Автор Н.Тасилова бұл деректің ерекшелігі мен құндылығына байланысты мынандай пікір білдіреді: «Біріншіден, Қазақстан жерін зеттеу экспедициясы жұмысын аяқтамай-ақ, бүкіл материалдар сұрыпталып, жүйеленіп кітап болып басылып шығуында. Яғни, дерек сол кезеңнен алшақтамайды; екіншіден, бұл деректің материалдарын кітап етіп құрастырып, баспаға даярлаған авторлардың өздері сол экспедицияның бел ортасында жүріп, басынан соңына дейін қатысқан білімі жоғары зерттеушілер болған. Ол деректің объективтілігін жоғарылатады; үшіншіден, дерек басылып шыққаннан кейін қайта өңделмеген, басылмаған. Демек дерек бұрмалаушылыққа ұшырамай, түпнұсқа күйінде жетуімен де ерекшеленеді [5, 9 б].

Автордың зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты пікірін қолдай отырып мынандай қорытынды жасауға болады: «Материалдардың...» барлық басылымы өз негізінде мәтіндік, кестелік бөлімде болсын бір текті құрылымда. Зерттеудегі әдіс-тәсілдердің өзгерісіне сай және жекеленген ояздың өзіндік ерекшелігіне байланысты барлық томдарда өзіндік өзгертулер орын алып, жаңа мәтіндер мен кестелер енгізілген. Сондықтан басылымның І томы көп жағдайда өзгелерінен бөлектеу. Осы ерекшелікті және ұқсастықтарды есепке алған кезде басылымның томдарын салыстыруға толық негіз бар.

«Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» арнайы ғылыми түрде зерттелмеген үлкен деректер кешенін құрайды. Оларды жүйелеп, деректанулық талдаудан өткізіп, практика жүзінде пайдаланудың маңызы аса зор.

Әдебиеттер тізімі

1.  Волкова Т.П. Материалы по киргизскому (казахскому) землепользованию, собранные и разработанные экспедицией цо исследованию степных областей. Дисс. канд. ист. наук. - М., 1982. -170 с.

2.  Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей.Акмолинская обл. Кокчетавский уезд. –Т. І. –Воронеж, 1898.- 860 с.

3.  Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей под руководством Ф.А.Щербины. Семипалатинская область. Павлодарский уезд. –Т. ІҮ. –Воронеж, 1903.- 762 с.

4.  Портреты. Степь глазами извне. От Геродота до Гумбольдта. Авторс. колл: А.Х. Касымжанов и др. –Алматы: Эверо, 2000. -148 с.

5.  Тасилова Н. «Материалы по киргизскому землепользованию» дерегінің ішкі құрылымы мен сақталу формасы.// ҚазҰУ хабаршысы: Қазақ университеті. Тарих сериясы, №4 (43). 2006 ж. -9-13 бб.

6.  Очерки экономической истории Казахской ССР (1860-1970 гг.). –Алма-Ата: Казахстан, 1974.-382 с.

7.  Кауфман А.А. Переселенцы-арендаторы Тургайской области. 2-я часть отчета старшего производителя работ Кауфмана по командировке в Тургайскую область. – Спб: Типография Безобразова, 1897. -287 с.


Амрина Минар Сапарқызы 

т.ғ.к., аға оқытушы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ.

 Өскембаев Қанат Садуақасұлы

 т.ғ.к., доцент Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды қ.

amrina.minar@mail.ru