Арқайым. Бағзы Түркілер дүниеге әкелген өркениет ошағы
08.01.2020 5698
ХХ ғасырдың ең басты да маңызды жаңалығы – Арқайым!

Арқайымның  ашылуы

ХХ ғасырдың ең басты да маңызды жаңалығы – Арқайым!
Арқайым 1987 жылдың жазында, Су шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша Қараған алқабының (Ресей, Челябинск обл.) табанын су қоймасына айналдыру жобаланған кезде ашылған болатын. Геннадий Зданович бастаған Челябинск мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы су астында қалмақшы жерлерді алдын ала зерттеуге келген кезде плотинаның құрылысы басталып та кеткен, үш миллион сомның ақшасы игеріліп қойған еді. Экспедицияның бір тобы Үлкен Қараған мен Өтеген (Утяканга) өзендері аумағын зерттей бастады. Археологтар арасындағы бір бала (дала жұмыстарына оқушы балалар да тартылған болатын) кенеттен қорғанның құланды қалдықтарын таптым дейді. «Шіркіннің тапқышын-ай, кімнің жаңалық ашқысы келмейді!?» деп алғашында келеке қылғандар оның көрсеткен жеріне келгенде, ауыздары ашылып, сілейіп тұрып қалды: қалайша көне бекіністі тұрақтың анық білініп жатқан қирандыларына ешқайсысы назар аудармаған! Осыған жетеқабыл дәл осындай адам тұрағын Сынтасты өзенінің жанынан Г.Здановичтің өзі де тауып, сенсациялық жаңалық жұртқа жария болды.

Арқайымның әуе кеңістігінен қара­ғандағы көрінісі кісіні еріксіз таң­дандырады: төменде мөрге, дөңгелекке ұқсас қала сұлбасы айқын көрінеді.

Бұл қала жұртына ат қойып, айдар тағар кезде «Арқайым» атауы таңдалды, өйткені жақын маңда осы аттас тау бар-тұғын. Аяқасты табылған бұл олжа шынында да баға жетпес құндылық: адам баласы тиіспеген, табиғат стихиясына ұшырамаған, бұзылмай, толық қалпын­да сақталған қала – андронов қала мәдениетінің ғажайып бір иллюстрациясы болатын. Арқайым – ғалымдарды Оңтүстік Орал мен Қазақстанның қола ғасыр тарихына, жалпы Тұран тарихына жаңаша қарауға мәжбүрлеген көне заманның ғажайып бірегей жәдігері, әлем мәдениетінің теңдессіз ескерткіші.

Ғылымдағы қола ғасыры туралы бұрынғы қалыптасқан пікір мынадай-тұғын: қола дәуірінде (ал бұл б.з.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтар емес, ІІ-І мыңжылдық қана) Оңтүстік Орал мен Қазақстанды андронов мәдениетіне тән (Енисей өзені жағалауындағы Андроново деревнясы маңынан алғаш рет осы мәдениет сілемдері табылған болатын) деп танылған тайпалар жайлаған. Ол тайпалар ұлан-байтақ кеңістікті: батыстан шығысқа – Оралдан Алтайға дейінгі, солтүстіктен оңтүстікке – орманды өлкенің оңтүстік шекарасынан Орта Азияға дейінгі аумақты қамтыған. Олар аңшы, балықшы және малшылар еді, жылқы, ірі қара, ұсақ мал бақты және жер өңдеумен де айналысты. Өте жұпыны тірлік кешті, бір-бірінен біршама қашықта орналасқан жер кепелерде үлкен-үлкен үйелмендер болып тұрып жатты. Кейде бастары бірігіп, қоныстар құрды, бірақ олары ешбір жөн-жобасыз, бей-берекет, қалай болса солай салына салған тұрақтар еді. Бір сөзбен айтқанда, өте артта қалған, архаикалық қоғам-тұғын. Мұны біз мектеп партасында-ақ танып-білгенбіз: ұлан-асыр дала, жартылай жабайы тайпалар…
Алайда 1960 жылдардың соңынан бастап археологтар Оңтүстік Орал мен Солтүстік Қазақстанның далалық өңірлерінен кездейсоқ, әйтсе де адам таңғаларлық заттар таба бастады. Мәселен, әдемі қыш ыдыстың сынықтары, кейде мүлтіксіз, шебер өңделген тас бұйымдары да кездесіп отыр­ды, ғалымдар олардың қай уақытта, қандай құрал, тәсілдермен өңделгенін нақтылай алмай, қиналды.

1968-69 жылдары археологтар Петропавловск түбінде, Есіл жағасында андронов мәдениеті деуге келмейтін тым күрделі және өзгешеліктерге бай жерлеу орнын, қорғаныс жалдары мен ор қалдықтарын тапты. Бір қызығы, олар уақыты жағынан анық-қанық андронов мәдениетінен көп бұрынғы кезеңге сәйкес келетін. Мұнан кейін Тобыл өзені жағалауында, Қостанай және Қорған облыстарында да жаңа тұрақтар табылды. Сонымен бірге қандай да бір жазу нобайына ұқсайтын беймәлім таңбалары бар дөңгеленген, жалпақ қыш пен тастан жасалған заттар ұшырасты.

1972-76 және 1983-85 жылдары профессорлар В.Ф.Генинг пен Г.Б.Здановичтің басшылығымен Орал және Челябинск университеттерінің экспедициялары ашқан Сынтасты ескерткіші, адам тұрақтары мен кісі жерленген обалар нағыз жаңалық болды. Қорғаныс орындарының қирандылары орлар мен саз балшықты қабырғалар еді, олардың ар жағында ошақтары мен құдықтары бар кісі тұратын құрылыстар орналасқан. Бұл әскери бекініс мақсатында тұрғызылған құрылыстар өте күрделі. Оларда жаңбыр суларын жинайтын және ағызатын жүйелер жұмыс істеп тұрған. Жерлеу қуыстарында жүздеген қыш ыдыстар, қола жорық балталары, найза ұштары, пышақтар мен қанжарлар, әшекей заттар, еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, жүген-саймандар, ең бастысы – жорық арбасының дөңгелегі табылды.

Десек те, бұл алғашқы кезекте табыл­ған заттар уақыт зардабын әбден тартқан еді әрі олар фрагмент, бөлшектер ғана болатын. Мекеннің орталық бөлігі әбден қирап, бүлінген. Және Сынтастыдағы қазбалар да археологтарға тұрақтың кіндік тұсы туралы ешбір мәлімет бере алмады, ол да қатты бүлініп, толықтай талқандалған. Онда орталық алаң болды ма, қоғамдық ғимараттар, ғибадатханалар салында ма? – бұл сұраққа жауап алу мүмкін болмады.

Проф. Г.Б.Зданович былай дейді: «Әрине, мекеннің жанындағы «Үлкен Сынтасты обасы» атанған төбе (қазіргі биіктігі 4,5 м, диаметрі 100 м-ден астам) қомақты, үйіндінің қимасынан ағаштың, қамыстың және үйілген топырақтың қат-қат болып келген қабаттары анық байқалады. Бұл «қырыққабат пирогтың» әр жерінде үлкен-үлкен саз балшықтан соғылған берік қабырғаның сұлбасы да кездеседі. Монолитті қабырғадағы жасанды тесіктер, сондай-ақ құрылыс орталығындағы шағын күмбезді мола біздің алдымызда жай мола-оба ғана емес, Месопотамидің атақты зиккураттарын еске түсіретін кешенді храм екендігінде күмән жоқ.

Тек қазба жұмыстарының екінші жылы ғана біз дәстүрлі емес құрылыс машығымен салынған, шеңбер типтес жоспарланған, өңделмеген (шикі) архитектурамен беттескенімізді түсіндік. Кезінде бұл жаңалық еліміздің археолог­тары арасында сенсация және… се­німсіздік туғызды. Олар біздің бағзы қала Сынтастыны қайта қалпына келтіруімізге қызыға әрі түсіністікпен қарады. Біз ұсынған шеңберленіп біткен мықты сыртқы және ішкі қорғаныс қабырғалар, тұрғын үйлерінің гүлжапырақ пошымында болып орналасуы түрінде қайта қалпына келтірген реконструкциямыз мүлдем ақылға сыйымсыз, фантастикалық болып көрінді.
Міне, әйтеуір ең соңында біз өзіміз де Сынтастының сол «фантастикалық» қайта қалпына келтірілген жобасын ұшақтың иллюминаторынан алғаш рет «Арқайым дөңгелегі» түрінде көргенде, көңіліміз орнына түсіп, оның шын мәнінде осындай болғанына көзіміз жетті» (Зданович Г. За две тысячи лет до Трои//«Вокруг света» журналы, 1989, №3, 39-б.).

Мұның бәрі Ежелгі Қазақстан ау­мағындағы қола ғасырының жергілікті мәдениеті төмен деңгейде болған еді деген дәстүрлі түсінікке мүлдем жанаспайтын еді.

Қалалардың жанында, ондаған метр­ден бір шақырымға дейінгі аралықта әдетте некрополь (мола) орналасқан. «Қалалар елін» сондай-ақ көне некропольдер елі деп де атауға болады. «Қалалар елінің» бекіністі орталығы бірден-ақ зираттармен, обалармен және жерлеу-храм кешендерімен жалғасып, толыға береді. Олар күрделі, көбінше монументалды жерлеу құрылыстарымен, жерлеу инвентарының байлығымен және аста-төк құрбан шалумен ерекшеленеді.

«Қалалар елі»

Арқайым ғалымдарды қатты ойландырды: мүмкін бұл көне қалалар жалғыз емес шығар? Зерттеу жұмысына олар космостық және аэрофото суретке түсіру мамандарын тартты. Сол кезде ғалымдар Орал тауының шығыс беткейін жағалай 400 шақырымға жуық қашықтыққа созылған көптеген бекіністі орталықтарды көрді. Төрттаған шартарапта: солтүстікте Ой (Уй) өзені, оңтүстікте Жітіқара қаласы, батыста Орал өзені, шығыста Тобыл өзеніне дейін 22 қала орны және олардың маңындағы оба-молалар мен шағын қоныстар табылды.
Ғылым әлемінде бұл сенсациялық жаңалық «Қалалар елі», ал оған тән мәдениет «Арқайым-сынтасты мәдение­ті» (б.з.д. ІV-ІІ мыңжылдық) деп аталды. Арқайым-сынтас мәдениеті андронов мәдениетінің (б.з.д. ІІ-І мыңжылдық) алдында дүниеге келген.

Арқайым-сынтасты типті ескерт­кіштер Оңтүстік Орал, Батыс Сібірдің оңтүстігі, Батыс, Солтүстік және Ор­талық Қазақстанның көп бөлігінде орналасқан. Олардың зерттелгендерінің арасында Оңтүстік Зауральедегі Кулевчи ІІІ және Солтүстік Қазақстандағы Сынтасты айрықша маңызды объектілер болып табылады.

Бүгінгі таңда олардың арасында жан-жақты зерттелгені Арқайым қала­сы болып отыр. Сынтасты қаласына қарағанда ол баз қалпында, идеалды жағдайда сақталған. Оның жалпы ауданы – 20 мың шаршы метр.

Бұл қалалар елі не өзі? Оның бірегейлігі сол, мұндағы әрбір қоныс әрі қала, әрі қамал, әрі храм, әрі обсерватория, әрі өндірістік металлургиялық орталық десек болады.

Әрбір қала алдын ала ойластырыл­ған жоспар бойынша салынған, әуелі тұрғылықты жер нақты белгіленіп, межеленген, тіптен болашақ қаланың макет-жобасы да қолдарында болған.

Олардың жобалауы да әртүрлі, бірі иілген, бірі шеңбер типтес не шартарап, квадратты құраған. Қалалардың арасы 40-70 км, бұл – жүк артқан салт аттының бір күндік жолы. Қала айналасына оның 2000-3000 тұрғынын азық-түлікпен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ететін ауылдар орналасқан.

Арқайым – ең алдымен, алдырмас бекініс, қамал. Әуеден бақылап ұшып өткенде бірінің ішіне бірі кіріккен қос мықты қорғаныс қабырғасын көреміз, қираған тұрғын үйлер орны, орталық алаң және 4 қақпа ап-айқын көрінеді. Ішкі қабырғаның диаметрі – 85 м. ал сыртқы қабырға – 143-145 м. Сыртқы қабырғаның қалыңдығы 4-5 м. онда арнайы қорғаныс тесіктері мен мұнара бар, биіктігі – 3,5-5 м. Бекініс қабырға­сы ірі-ірі саз балшықты блоктардан тұрғызылған және аракідік таспен (Аланд, Ольгин тастары) қапталған. Қала ені 7 м. тереңдігі 1,5-2,5 м. ормен мықтылап құрсауланған. Ордың ішкі жағы ағашпен, шикі кірпішпен қаланған не балшықпен сыланған тоқыма талдармен мықталган.

Айналдыра қазылған ор қамал қа­бырғасын қорғауды жеңілдетіп, оның биіктігін зорайта түседі. Цитадельдің жасырын кіріп-шығар бір құпия есігі бар, ал нағыз кіріп-шығар қақпалары да көрер көзден жасырын ұсталады. Жау қалаға кірген күннің өзінде ішкі сақина-бекініске тап болады, үш жағынан бірдей атылған жебеден бас көтере алмай қалады.

Бұл орайда проф. Г.Б.Зданович былай деп атап көрсетеді: «Қамалдың қақпасын және су көздерін қорғап тұрған контрфорстың, мұнараның және басқа құрылыстардың болуы әскери бекініс жүйесінің (фортификацияның) жет­кілікті дәрежеде дамығандығын және ерекше бірегейлігін көрсетеді» (Аркаим. Исследования, поиски, открытия. Научный редактор Г.Зданович. Челябинск,1995, 22-б.).

Ғалым барлық фортификациялық жүйенің далалық сипатын ашады, сол себепті де арқайым-сынтасты мәдениеті жергілікті жағдайда қалыптасқандығын дәлелдейді. Оның жазуынша: «Мекен шеңбер түзе қорғану мақсатында, ешбір стратегиялық мақсатта жергілікті жердің ерекшеліктерін ескерместен орныққан». Бұл тақылеттес қорғаныс жүйесі тек қана жер бетіндегі рельефі әлсіз айшықталған далалық, орманды-далалық зонада ғана қалыптаса алады деуге болады. Бұған құрылыс материалдарының таңдалуы да, яки жұмсақ, жабысқақ топырақты пайдалану, тасты мүлдем қолданбастан ағашты жарату да дәлел бола түседі («Аркаим»… Челябинск,1995, 30-б.).

Арқайым тек бекініс-қорған емес, адамның тіршілігіне қажетті барлық жағдай жасалған тұрғын-жай қала. Қала шеңбер формасында бол­ғандықтан арқайымдықтар трапеция типтес ғимараттарда тұрды. Әрбір тұрғын-жайдың ауданы 100 шаршы м.-ден180 шаршы метрге дейін болды. Дөңгелектің шабақтары сияқты тарамдалған қабырғалар тұрғын үй шеңберін секторларға бөледі, осылайша кейбір үйлердің қабырғасы ортақ болып келеді. Шамамен қалада 60-тай үй-жай бар, оның 35-і сыртқы шеңберге, ал ішкі шеңберге 25 үй орналасқан. Әрбір үйдің түпкі жағында азық-түлік пен отын-су сақтайтын қойма-жертөлелер қазылған. Әрбір үйде бір-екі не үш құдық болады, оның бірі – ауыз-су үшін, ал енді бірі шаруашылық қажетіне пайдаланыл­ған. Басқа қиын-қыстау күн түскенде мұндағы тұрғындар үйлерінен шықпай, айлап өмір сүре алған.
 

Ғ.ӘНЕС