Қазақ-поляк байланыстарына Құнанбай қажы әулетінің негізінде шолу
26.06.2014 2599
Отандық тарихнамада қазақ-поляк байланыстарына қатысты арналып жазылған зерттеу еңбектері баршылық

Отандық тарихнамада қазақ-поляк байланыстарына қатысты арналып жазылған зерттеу еңбектері баршылық. Советтік кезеңде қазақ-поляк байланыстарының тарихы мәселесі бойынша Ғ. Сапарғалиев, В. Дьяков, В. Галиев, Ф. Стеклова сынды ғалым-зерттеушілер қалам тартты. Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бері-де бірқатар іргелі зерттеу еңбектер жарық көріп, олардың арасында «Аманат журналы кітапханасы» сериясымен басылған Р. Бадовскидің «Польские певцы Казахстана» [1] және А. Янушкевичтің қайта басылған «Дневники и письма путешествия по казахским степям» атты зерттеу еңбектерін жеке атап өтуге болады. Аталған еңбектер бүгінгі таңда отандық тарих ғылымының жаңа бағыттарының біріне айналып отырған қазақ халқының ХІХ-ХХІ ғасырлар аралығында поляк халқымен саяси-экономикалық және мәдени-рухани байланыстар тарихын жан-жақты әрі кешенді түрде зерттеу бағытында негіз бола алатыны сөзсіз.

Қазақстан мен Польша республикалары ортақ географиялық шекараларға ие болмағандықтан, ХІХ ғасырда екі халық өкілдері арасында орын алған көпқырлы қатынастар негізінен патшалық Ресейдің отарлық дәуірінде өрбіді. Алып империяның құрамында отарлық жағдайда күн кешкен қос халықтың байланыстары ең алдымен ұлт-азаттық қозғалыстар аясын қамтып, Сібір мен Қазақстан аудандарына жер аударылған поляк тұрғындары есебінен жүзеге асты.

Мақаланың арқауы ретінде Құнанбай әулетінің таңдалып алынуына төмендегідей себептер өз септігін тигізді: біріншіден, Құнанбай әулетінен ұлт зиялыларының қатарын толықтырған жарқын өкілдер шықты; екіншіден, Қазақстанның солтүстік-шығысында беделі жоғары болып, ел билеген Құнанбай әулетінің өкілдері сол уақытта Семейге саяси жер аударылған поляк зиялыларымен өзара тығыз қарым-қатынастарды орнатты; үшіншіден, бұл екі жақ арасындағы қатынастардың орын алуы мен дамуы, олардың сипаты тарихнамада өз көрінісін тауып, тарихи дерек көзі ретінде сақталған.

Мақаланы жазу барысында Орта жүздің беделді билерінің бірі, Тобықты руының болысы Құнанбай Өскенбайұлы және замандасы айдаудағы поляк зиялысы Адольф Янушкевичтің, сондай-ақ Абай Құнанбайұлы мен губерниялық статистикалық комитеттің қызметкері, дарынды зерттеуші Северин Гросстың арасында қарым-қатынастар жан-жақты ашылып, зерттелінеді.

Поляк халқының белгілі қоғам ойшылы әрі, ақыны Адам Мицкевичпен достық қатынаста болған, жас жағынан Құнанбаймен шамалас Адольф 1803 жылы Ресей империясының Минск губерниясында орташа дәулетті Михал және Текла Янушкевичтердің дворян отбасында дүниеге келген. Анасы жағынан Речь Посполитаяның әскери және саяси қайраткері, поляк халқының ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Тадеуш Костюшконың туысы (туған қарындасының шөбересі) Адольфтың балалық және жастық шағы Польшаның тарихындағы күрделі де саяси дүрбелеңдерге толы кезеңге тұспа-тұс келді. ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде Австрия, Пруссия және Ресей империялары арасында бөлініске салынған Польша біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатып, саяси сахнадан жоғалған еді. Бірақ Наполеон әскерлерінің шығысқа жылжуы поляк халқының тәуелсіздікке деген үмітін оятып, нәтижесінде 1807-1815 жылдар арасында өмір сүрген, ішкі саясатында тәуелсіз – Варшава герцогтығы құрылды. Наполеон жорығы жеңіліске ұшыраған соң кінәздіктің үлкен бөлігі Польша корольдігі деген атаумен Ресейдің қарамағына көшірілсе, қалған едәуір бөлігі бұрынғы басқыншылар Австрия мен Пруссияның арасында бөлініске салынды. Осылайша қысқа мерзімдік саяси дербестігінен айырылған поляк халқы жат жерлік өктемдікке қарсы бағытталған жанкешті азаттық күресін жүргізіп, оның шарықтау шегі 1830-1831 жылдарға тұспа-тұс келген болатын.

Жоғарыда аталған саяси оқиғалар жас Адольфтың болашақ қайраткер ретінде қалыптасуына, оның өмірлік бағыттары мен азаматтық позициясының орнығуына айтарлықтай ықпал етті. Поляк халқының саяси теңсіздік пен құқықсыздық жағдайында күн кешкенін көріп есейген Адольф ұлт-азаттық қозғалысқа өз еркімен қосылып, атасы Т. Костюшконың салып кеткен сара жолының жалғастырушысына айналады.

1821-1823 жылдары Вилен (Вильнюс) университетінің филология факультетінде білім алған Адольф Янушкевич революциялық идеяларды бойына сіңіріп, сол уақытта Еуропадағы етек жайып келе жатқан [2] революциялық қозғалыстарға қолдау білдіріп, филореттер құпия ұйымының жұмысына белсенді түрде араласа бастайды.

1830 жылы Польшаға қайтып оралған Адольф Янушкевич Ресей империясының Польша корольдігі территориясындағы өктемдігіне қарсы бағытталған «қараша көтерілісіне» қатысып, ұрыстардың бірінде жарақат алып, тұтқынға түседі. 1832 жылы А. Янушкевич сот шешімімен дарға асу арқылы өлім жазасына кесілгенімен, артынан бұл шешім – дворяндық атақты айырумен және мүлікті тәркілеумен Сібірге мәңгі жер аудару шешімімен ауыстырылады [3].

1833-1835 жылдар аралығын алдымен Тобольскіде, артынан Есілде айдауда өткізген А. Янушкевич өз үйін саяси жер аударылғандардың бас қосатын жеріне айналдырып, Густав Зелинский және А.И. Одоевскиймен (1836 жылдан бастап) достық қарым-қатынас орнатады. Отанында қалған туыстары арқылы А. Янушкевич мерзімді баспасөзді тұрақты алдыртып, поляк және еуропалық әдеби өмірінен хабардар болып тұрады. 1841 жылдың тамызынан бастап Омбы қаласында тұрақтаған А. Янушкевич соңынан Омбыға (1841-1853 жж.) қоныс аударған кезеңде жастық желеңнен арылған, өткен өмірінен бай тәжірибе жинақтаған, болашағын бағдарлаған қырықтың қырқасына шыққан поляк азаматы болатын.

Омбыдағы жергілікті отарлық әкімшілік А. Янушкевичке коллеждік тіркеуші (регистратор) шенін беріп, мемлекеттік қызметпен айналысуға рұқсат еткен соң, 1842 жылдан бастап ол Сібір қазақтарының шекаралық басқармасында қызмет ете бастайды.

1845 жылы мамырда Ұлы жүздің құрамына кірген барлық рулардың беделді би мен сұлтандары Ресей бодандығын қабылдауға ерік білдіреді [4]. Ұлы жүз қазақтарының бұл өтінішін патша үкіметі тек келесі жылы, яғни 1846 жылы 23 маусымда қанағаттандырып, өз қол астына кіріп отырған ұлы жүз қазақтарының жағдайын анықтау үшін арнайы комиссия құрады. Бұл комиссияның құрамына қазақтардың тілін меңгеріп, олардың тұрмыс-салтымен жақын танысқан поляк азаматтары А. Янушкевич пен В. Ивашкевич кіргізіліп, Сібір қазақтары шекаралық басқарманың басшысы генерал-майор Н. Вишневский жетекшілік жүргізген экспедицияның құрамында Жетісу өңіріне аттанады.

1846 жылы маусымда 100-ге тарта қаруланған казактармен күшейтілген генерал-майор Н. Вишневскийдің экспедициясы Жетісуға келіп, 19 маусымда Ойжайлау деген жерде Ұлы жүз қазақтарының билеушілерімен жиын өткізеді [5]. Орыстардың Жетісу өңіріне тереңдеп енуінің нәтижесінде орын алған бұл сапар ғалым-зерттеушілерге А. Янушкевичтің алғашында Варшава мен Берлин [6] қалаларында жарық көрген, артынан 1966 жылы ғалым Ф. Стекловамен аударылып, басылып шыққан «Қазақ даласына саяхаттан хаттар мен күнделіктер» атты еңбегінен [7] жақсы таныс.

Еңбекте сол уақытта Ұлы жүздің ру-тайпаларын билеген белді сұлтан мен билердің аттары жиі кездесіп, негізгі кейіпкерлердің қатарында Құнанбай болыстың есімі [8] де жиі ұшырасады. А. Янушкевич еңбегінде Құнанбайға қатысты келтірілген мәліметтер негіз ретінде ала отырып, бұрын асыра қатал және бірбеткей болып суреттелген Құнанбайды замандасының естеліктері арқылы жаңа қырынан танып ашуға болады. А. Янушкевич пен Құнанбайдың арасында бетпе-бет кездесулер 1846 жылы маусымның алғашқы жартысынан тамыздың екінші жартысына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында экспедиция құрамында қызмет еткен А. Янушкевич артынан өз еңбегінде қазақ би-сұлтандарына сипаттама беріп, олардың қатарында Абайдың әкесін Құнанбайды да, біздің пікірімізше идеологиялық кемшіліктерге қарамастан дәл суреттеген. А. Янушкевичтің бұл мәліметтері көпшілікке бұрын тек Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты роман-эпопеясында сомдалған Кұнанбай бейнесін салыстырмалы түрде танып білуге мүмкіндік беретіні айқын.

Орыс экспедициясының бағыты сол тұстағы отарлық биліктің тірегі, Қытай мен Орталық Азия, Батыс Сібір аралығындағы ірі сауда орталығы – Семей қаласы арқылы өткен. Семейдің сол кездегі қалпы туралы бірқатар қызықты да құнды мәліметтер поляк авторының еңбегінде келесідей көрініс тапқан: «Жоңғарлардың ескі бекінісінің орнында қайта салынған бүгінгі Семейдің 7 мыңға жуық тұрғыны бар, әсіресе татарлар, ташкенттіктер мен бұқарлықтар көптеп саналады. Сондықтан тек бір шіркеу, тиісінше алты немесе жеті мешіт бар. Қырғыз (қазақ) тілі барлық орындарда дерлік қолданылады. Тіпті ресей өкілдерінің нәзік жандылары да біздің әйелдердің французша сөйлегені секілді ол тілде еркін сөйлейді» [9].

28 мамырда экспедиция Құнанбай болысына жақын орналасқан Аягөз бекінісіне келіп тұрақтайды. Нақ осы Аягөзде А. Янушкевич пен Құнанбай алғаш бетпе-бет кездескен болатын. Осы жайында А. Янушкевич былай деп жазған: «Бұл Ташкент – бұқар-қырғыз істері маған өз тайпаластары арасында үлкен ықпалға ие, даладағы барлық тайпаларға жарық берген қос жұлдыздай екі тұлғаны тануға мүмкіндік берді. Саған Барақ сұлтан мен Құнанбай би туралы бірнеше сөз айтайын.

Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан аздап үлкенірек, ол да даланың үлкен атақтыларының бірі. Қарапайым қырғыздың (қазақтың) ұлы, табиғатынан жоғарғы, ақыл-ойға, таңқаларлық есте сақтау мен шешендік қабілеті, іскер, өз тайпаластарының қамын ойлаушы, дала заңы мен құран аяттарының және қазақтарға қатысты орыс жарғыларының білгірі, сатылмайтын әділқазы әрі үлгілі мұсылман қарапайым Құнанбай өзін пайғамбар даңқына бөлегендей еді, себебі ең бір шалғай ауылдардан одан кеңес сұрай жас та, кәрі-де, жарлы мен бай да келіп жататын.

Қуатты Тобықты руының сеніміне бөленіп, болыс болып сайланған ол өз ісін сирек кездесерлік жасампаздықпен әрі қайратты орындайды, ал оның әрбір бұйрығы бас шұлғи орындалады. Бұрынырақта ол көрікті кісі болған, қазір оның жүзінде бірнеше жыл бұрын өзін көрге алып кетпек болған қара шешектің іздері қалған…. Арқалана айтқан әр сөзі барысында ол тыңдаушыларды өзінің сұрқысызданған өңін ұмытуға мәжбүр етеді.

Сол бір қатерлі аурудың қатал салдары әрдайым оның ерен еңбегі мен маңызын айқындайтын жерлестерінің ыстық естелік әңгімелерімен қолдауын оятады. Ол дәулеттілердің әділетсіздігі мен қысымына қарсы қалқан болды» [10].

Егер де Адольф Янушкевичтің жоғары білімге ие, Ресей империясының жарияланған заңдарынан хабардар, озық ойлы тұлға екендігін ескеретін болсақ, оның «білімсіз Құнанбайға» қатысты берген сипаттамасына жете назар аударуға тұрады.

Құнанбайдың А. Янушкевич және оның қазақтармен түрлі байланыстар жасап мол тәжірибе жинақтап үлгерген отандасы В. Ивашкевич қатынасқан экспедицияға өзіне қарасты болған жерлер арқылы Жетісуға қарай жол көрсетіп, Ұлы жүз жеріне дейін барғаны мәлім. Жол бойы оның экспедиция мүшелерімен әңгімелесіп, өзара пікір алысқандығы күмән тудырмайды. Бұған А. Янушкевичтің Лепсі, аңғарынан өтіп, Тянь-Шаньға кезіккен кезде Құнанбайдың айтқан сөзін келтіргендігі дәлел бола алады: «Генерал Құнанбайдан оған Алатау қалай ұнайтындығын сұрағанда, ол: «О, құдай! Сен қалай орнатқансың! Биік тауда адамдар суықтан жан тапсырса, етегінде ыстықтан құрғағандай екен», – деп жауап берген» [11].

Ұлы жүз жеріне бағытталған экспедициядан қайтып оралған Адольф Янушкевич қазақ тілі мен дәстүрінің білгірі В. Ивашкевичпен біріге отырып орта жүз жерінде халық пен мал санағын жүргізу жұмыстарына қатысу себебінен қазақ даласында біраз уақыт кідіріп қалған болатын. Бұл жағдай поляк азаматтарына бос уақытында жергілікті қазақтармен жақынырақ танысуға, олардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, бай халық ауыз әдебиетінің туындыларымен танып білуге мүмкіндік берді.

А. Янушкевич күнделік жазбаларында, Құнанбай қазір ауыр іш ауруына шалдыққан ұлын (1845 жылы туылған Абай болса керек) қара ешкіні сойып, оған май жағып ішті орау арқылы емдеуде, әлгі май денеге сіңеді. Менің баланы неге бақсыға алып бармадың деген сұрағыма, ол олардың дәрі-дәрмегіне онша сенбеймін деп жауап қайтарғандығы туралы айтылған [12].

Сонымен қатар, А. Янушкевичтің еңбегі арқылы Құнанбайдың өлкенің жер жағдайы мен тарихын, рулар шежіресін жетік білгендігіне көз жеткіземіз. Құнанбайдың айтуынша, Арғынның Тобықты атты ұлы болған… Мұнда Шыңғысханның қыстауы болған және оған дәлел жақсы жүріспен бір күндік жерде оның атасының (Ырғызбайдың болса керек) айтуынша, жерден шығып тұрған сегіз қайың тіреулері бірақ опырыла бастаған, аңыз бойынша жойқын қиратушының әр жорығы алдында сиынатын құпия бөлмесі орналасқан хан Шыңғыс немесе шыңғыс тауы бар [13].

Жоғарыда атап өтілген мәліметтермен қоса күнделікте түркілер тарихына, Жүсіп пайғамбарға, Алашаханға, Тобықты шежіресіне қатысты көптеген қызықты, ақпаратты кезіктіруге болады.

Құнанбай заманы халық жаппай қағаз бен баспасөзге жүгінбегендіктен шешендік өнердің, қара қылды қақ жарған даңқты билердің уақыты болғандығы анық. Байланыс құралдары жеткілікті дамымаған қоғамда әр басқарушы болыстың тұрмыстық мәселелерін шешу үшін үнемі ат үстінде жүргендігі де белгілі. Оған А. Янушкевичтің естеліктері дерек бола алады: «Құнанбай – бұл қосылмаған кезде тоқтайтын сөйлеу машинасы. Оянысымен өзінің қызыл тілін іске қосып, ұйқыға кеткенге дейін тынбай сөйлейді. Әр минут сайын оған кеңес сұрай қырғыздар келеді, ал ол… әр үш сөзге шариғаттан дәлел келтіреді, оның есте сақтауы адам таң қалғандай, барлық өкімдер мен бұйрықтарды кітаптан оқығандай келтіреді» [14].

Бірнеше ай бойы қазақ халқының тыныс-тіршілігімен, тұрмысымен етене танысқан А. Янушкевич: «Мен қырғыздардың ақыл-ой мүмкіндіктерінің үлкен екендігіне көз жеткізе түсудемін. Қандай жеңіл тіл десеңізші! Әр адам өз ісін түсіндіріп, қарсыластың уәждерін шеберлікпен сынайды. Тіпті балалардың танымы да өте тез дамып, жетіледі» [15], – деп жазып кеткен.

Жергілікті қазақтарды өмір салтын зерттеумен айналысқан поляқ зиялылары қарапайым қазақ халқының тұрмыс жағдайының қаншалықты ауыр екендігіне көз жеткізіп, төмендегідей ұсыныстарды алға тартқан:
1. Елді жинақы басқаруға қатысты;
2. Әр болыста «қан, ағызу» мен «дәке таңудан» өзге көп білетін, білімді фельдшер болуы керектігін, сонда елді жайлаған жұқпалы аурулардың азаятындығын әрі бақыланатындығын;
3. Қырғыздың (қазақтың) басты байлығы төрт түлік малы болғандықтан әр болысқа таза қанды түліктердің қажеттігін;
4. Сот жүргізудің сол кезеңдегідей билердің қолында қалуы қажет екендігін ұсынады.
Әрине мұндай ұсыныстардың шын жаны ашыған адамдардың ғана аузынан шықса керек!

А. Янушкевич отарлық билік органдары шенеуніктерінің қызметтерін қатаң сынның астына алды: «…Шынында да, қандай ғана шенеуніктер мұнда болмаған десейші! Нағыз тонаушылар, барымташылар! Менің қолым арқылы көп істер өтті, мен олардың не істегеніне көз жеткіздім! Қазақша «сан» (санақ мағынасында) деп аталатын алғашқы санақтарын естігенде менің жүрегім қалай ауырды десеңізші!» [16].

Өз бастауын маусым айында алған сапардан А. Янушкевич Омбы қаласына 1846 жылы қазан-қараша айларында ғана қайтып оралады. Саналы ғұмырының жиырма бес жылын Сібірде өткізген А. Янушкевич 1856 жылы маусым айында Нижний Тагилден шығып, сол жылы шілдеде туған топырағына қайта аяқ басады. Дегенмен, поляк зиялының қуанышы көпке созылмады, айдауда жүріп тағдырдың тәлкегіне түсіп, талай қиындықтарды бастан өткізген А. Янушкевич өкпе ауырына (туберкулез) шалдығып, 1857 жылы көз жұмады.

А. Янушкевич Құнанбайдың замандасы болса, Абай Құнанбайұлымен де поляк халқының саяси айдаудағы біртуар перзенттері тығыз қарым-қатынаста болғандықтарын білеміз және ол туралы мәліметтер тарихи әдебиетте сақталынып, біздің зерттеумізге арқау бола алды.

1861 жылы император Николай І қайтыс болғаннан кейін Польшадағы отарлық билікке қарсы күрес жаңа қарқын алып, азаттық қозғалысы екі жауласушы жаққа: «қызылдарға» (демократтар мен социалистер) және «ақтарға» (ақсүйектер мен дворяндар) бөлді. Отар аймақта орын алып отырған бас көтерілерді басу үшін патша үкіметі 1861 жылы күзде әскери жағдай енгізді. Көтеріліс басып-жаншылған соң Польшада патша үкіметі басқарудың әскери режимін орнатып, көтеріліске қатынасқан поляк азаматтарын жаппай қуғындауға көшеді. Соның нәтижесінде, 1861–1863 жылдардағы көтеріліске қатысқандықтары үшін сотталған поляктар Сібірге жер аударылып, олардың бір тобы Семей облысында салынған сібір қорғаныс шебі батальондарының қарауына аттандырылады. 1863 жылдың соңына қарай Семей облысының әскери губернаторы батальондардағы поляктар санының күн санап артып отырғандығына айрықша көңіл аударады [17].

1866 жылы Ішкі істер министрлігі саяси жер аударылған поляктардың Батыс Сібірдегі орныққан тұрақтарын анықтап, оларға бақылау жүргізу ісін полиция және күзет орындарының қызметкерлеріне тапсырды. Төменде патшамен бекітілген тұрақтардың тізімі берілген (кестеден зерттеуге қажетті Семей облысы ғана екшеп алынды) [18].

Қалалар

Айдаудағы поляктар саны

Бақылауға жұмылдырылған төменгі шенділердің саны

Семей

65

14

Өскемен

30

6

Жалпы

95

20

1884 жылы Қазақстанның қалаларында (Петропавл, Атбасар, Ақмола, Семей, Өскемен, Павлодар, Зайсан) 3-5 жыл мерзімге дейін жер аударылған 20-дан астам поляк азаматтары өз жазаларын өтеумен болды. Осы саяси жер аударылған поляк зиялыларының ішінде Абай Құнанбаевпен жақын достық байланыс орнатқан Северин Гросс еді.

1858 жылы дәулетті дворян отбасында дүниеге келген Северин Гросс, 1877 жылы Петербург университетін құқық кандидаты шенімен тәмамдағаннан кейін біраз уақыт бойы Варшава сақтандыру қоғамының агенті болып қызмет істейді. 1880 жылы Вильнодағы социалистік үйірменің (гмин) жұмысына қатысады. 1881 жылы С. Гросс тұтқындалынып, Виленск цитаделіне қамалады. Виленск гминасының ісі бойынша сотты болып, 1882 жылы қаңтарда полицияның қырағы бақылауымен Батыс Сібірдің шалғай аудандарына жер аударылады.

Тобыл губерниясына қарасты Есілге орналастырылған С. Гросс 1882 жылы әкімшілік жағынан жер аударылған Анна Скалацкаяға үйленіп, 1883 жылы әйелінің ауыр науқастануына байланысты Семейде өмір сүруге рұқсат алады [19]. Семейде С. Гросс радикалды бағыттағы саяси жер аударылғандардың қатарына кіріп, олардың құрамында А. Блэктен өзге Н.Я. Коншин, Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополов, Л.А. Леонтьев, П.Д. Лобановский сынды саяси айдаудағылар болды.

Семей қаласында С. Гросс ерікті жалдамалы ретінде алдымен облыстық басқармада, артынан Семей уездік судья кеңсесінде қызмет етеді. Сонымен қатар С. Гросс ресми түрде А. Блэк және Л. Леонтьевпен бірге губерниялық статистикалық комитетте де жұмыс істейді [20] .

Өз кезегінде Абай Құнанбайұлының жоғарыда есімдері аталған саяси жер аударылғандардың көпшілігімен жақсы таныс, сұхбаттас болғандығы көпшілікке мәлім. Сол кезеңдегі Семей және ондағы саяси жер аударылғандардың жай-күйі туралы қызықты мәліметтерді америкалық танымал журналист Джордж Кенанның «Сибирь и ссылка» атты танымал еңбегінен ала аламыз. Ол өз еңбегін жазу барысында өңірге сапар шегіп Семей қаласына төмендегідей сипаттама берген: «Ертістің оң жағасында орналасқан Семей қаласының тұрғындары негізінен орыстардан, татарлар мен қазақтардан құралып, саны 15 мың. Семейде облыстық басқарма орналасып, Ташкент пен Орталық Азияға апаратын керуен жолдарында тұрғандықтан саудада үлкен маңызға ие. Облыстың сипаты далалық, себебі 547 мың тұрғынның 497 мыңы көшпелілер» [21].

Қазіргі өлшемдермен салыстыруға келмейтін сол кезеңдегі Семейдің өз зиялы қауымының болғандығы сөзсіз және олардың негізін саяси жер аударылғандар, жергілікті шенеуніктер мен мұғалімдер құраған болатын. Сол уақыттағы басқару аппараты жоғарғы білімді әрі сауатты мамандардан мұқтаж болып, саяси жер аударылғандарды мемлекеттік қызметке тартты.

1883 жылы Семейдің статистикалық комитетінде жаңа кітапхана ашылды. Бұған бірнеше алғышарттар негіз болды: ең алдымен ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Ертіс бойының мәдени өмірінде Семейдің рөлі өсе түсті. Қайта құрылған кітапхананың қоры бай жинақтармен және түрлі сыйлықтардың есебінен молайды. Кітапхана ашылу бастамасын Е. Михаэлис, А. Блэк, С. Гросс сынды саяси жер аударылғандар көтерген болатын [22].

Кітапхананың алғашқы каталогы 45 мерзімдік басылымдар мен 174 атаулы түрлі туындылардан тұрды. 1884 ж. кітапханашы И. Зверьев екінші жүйелік каталогты баспаға берді. Ол 602 атаулы 944 томнан және 54 газет пен журналдардан құралды. Каталог «Семипалатинские областные ведомости» газетінде толықтай бетінде жарық көрді [23].

Күн өткен сайын кітап қоры молая түскен кітапхана озық ойлы тұрғындардың және саяси жер аударылғандардың жиі бас қосу орнына айналды. Олардың қатарынан қазақтың ұлы, ағартушысы Абай Құнанбайұлы орын алып, бүгінде бұл деректермен дәйектелген тарихи факт.

Осы ретте Джон Кенанның келтірген мәліметтері қызығушылық тудырады: «Мен губернатор үйінен оның кеңесі бойынша қаланың ортасында орналасқан антропологиялық мұражай мен сыйымды оқитын орны бар көптеген орыс газеттері мен журналдары және шамамен мың томдай тамаша кітаптар жинағы бар көпшілік кітапханасына келдім. Ғылыми туындылар мен саяси экономика бойынша еңбектер жетіп артылатындықтан таңдау мүмкіндігі оны негіздеушілер мен оқырмандарға бас идіреді. Олар менде Семей туралы осыған дейін көргендерім мен есіткендерімнен жоғары пікірді қалыптастыра алды.

Менің жергілікті кітапхана туралы бірнеше сұрақтарыма жауап берген Г. Леонтьев оның саяси жер аударылғандарды ғана рахатқа бөлеп қоймай, сонымен бірге жергілікті тұрғындардың, «тіпті қырғыздардың да» танымын кеңейтетінін мәлімдеді… Мен осында Бокль, Милль мен Дрэпперді оқитын бір ғалым қазақты білемін деді. Джордж еңбегіне сәйкес «Бокль мен Дрэпперді оқитын қарт қазақ» дей таңданысын жасырмаған студентке Леонтьев «Иә, иә!» деп жауап қатады.

Мен оны алғаш кезіктіргенде индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіріп беруімді сұрап мені қатты таңдандырды, бірақ соңынан оның ағылшын фәлсафашыларын зерттеп жүргенін, аттары аталғандардың орысша аудармаларын оқығандығын білдім.

Сонда студент «Сіз оның оқығандарын толық түсінді деп ойлайсыз ба?» деп сұрағанда «Мен одан Дрэппердің «Еуропадағы өркениет тарихы» бойынша екі күн бойы емтихан алдым және үлкен таным иесін кезіктіргенімді ашық мойындауға тиіспін» [24].

Жоғарыдан Петербург университетінің түлегі, жоғары білімді Г. Леонтьевтің сөздеріне сәйкес сол жылдары Абайдың күрделі ойлы, ағылшын фәлсафашыларын зерттеумен айналысқандығына көз жеткіземіз. Абайдың жекелеген сұрақтарына саяси айдаудағылардың жауап бергендігін, тиісінше пікір алмасулары арқылы екі тарапта бірін-бірі идеологиялық жағынан байыта түскендіктері сөзсіз. Оған С. Гросс қызметі мысал бола алады. Семейдегі губерниялық статистикалық комитетте қызмет жасап жүрген С. Гросс пен оның серігі А. Блэкті Джордж Кеннан Үлбіде кезіктіреді. Өз көрген білгендерін Кеннан еңбегінде сөз еткен: «Үлбіде өзге саяси айдаудағылармен бірге Саратовтық заңгер-студент Александр Блэк, Апполон Карелин, шығу тегі Ковналық заңгер-студент Северин Гросс және Варшавалық доктор Витерто болды» [25].

«Арада бір сағат өтпестен саяси жер аударылғандар Блэк пен Гросс маған келді, – деп жалғастырады Дж. Кенан, – С. Гросс – келбетті қою қоңыр түсті мұрты мен сақалы бар, көкөзді, дұрыс біткен келісті жүзді жасы отыздар шамасындағы ер адам. Ол қызықты әрі жанды сөйлейтін, даусы жағымды әрі жұмсақ еді, әңгіме барысында оны қандай да бір жайт қызықтырса көзін кеңірек ашатын әдеті бар. Екеуі де университет курсын тәмамдаған, француз және неміс тілдерінде сөйлейтін… Екеуі де саяси экономикаға ерекше қызығады екен, тұтас алғанда екеуін-де ғалымдарға теңеуге болатындай» [26].

Ресми түрде Гросс Леонтьев және Блэкпен бірге губернияның статистикалық комитетінде жұмыс жасағанымен, одан өзге уездік судья П. Е. Маковецкий оларды жүргізіліп жатқан істер бойынша қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеуге жұмылдырды.

Өзі заңгер болғандықтан Гросс қазақтың дәстүрлі құқығын зерттеуге құлшына кірісті. С. Гроссқа дейін қазақтың дәстүрлі құқығына қатысты бірнеше еңбектер басылғанымен тарихпен байланыстырылып кешенді жасалған зерттеулер жоққа тән еді.

Уездік судьяның кеңсесінде қызмет жасай жүріп С. Гросс, соңынан Омбыда басылған «Қырғыздардың заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар» еңбегін даярлады. Мұқабасында материалдар П. Маковецкий редакциясымен даярланғандығы берілгенімен еңбек авторы көрсетілмеген. Бұл жағдай ең алдымен материалдар әкімшіліктің шешімімен даярланғандықтан онда «саяси қылмыскердің» есімі тұруы мүмкін еместігімен түсіндіріледі. Замандастары бірауыздан материалдардың авторы С. Гросс болғандығын еш күмәнсіз растайды [27].

С. Гросс қазақтың дәстүрлі құқығын оның тарихи дамуы незігінде зерттеуге бел буды. Ол жекелеген құқық институттарының ежелден қалыптасуын назарға ала отырып, оларға орыс заңнамасының алып келген өзгерістерін анықтауды мақсат етіп қойды. Мұндай әдіс табысты болып Гросстың еңбегі замандастары тарапынан әділ-де жоғары бағасын алды.

ХІХ ғ. соңындағы қазақтың дәстүрлі құқығын танымал зерттеушісінің бірі, Түркістан генерал-губернаторлығына басшылық еткен Н. И. Гродеков өзінің 1889 жылы жарық көрген «Киргизы и каракиргизы Сыр-Дариньской области. Том І. Юридический быт» атты еңбегінің алғысөзінде С. Гросстың жасаған зерттеулеріне төмендегідей жоғары баға берген: «Қазақтардың дәстүрлі құқығы бойынша соңғы зерттеу еңбектерінің бірін Семей облыстық статистика комитеті даярлап, Омбы қаласында 1886 жылы «Қырғыздардың заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар (Материалдық құқық)» атымен жарыққа шығарды. Бұл еңбекті даярлаған статистикалық комитеттің мүшесі П. Е. Маковецкиймен билердің нақты шешімдерін зерттеу мақсатында қазақ даласында жүргізілген ауызша сұраулар әдісімен толықтырылған әрі өңделген.

П. Маковецкий еңбегі қазақтардың дәстүрлі құқықтары бойынша көлемді еңбек болып табылып, онда салт-дәстүрлердің шығу тарихы, шариғат пен орыс заңдарының ықпалы берілген, сонымен қатар кітапта салт-дәстүрлердің өңірлер мен нақты жағдайлар бойынша нұсқалары жинақталынып, сарапталынып, түсіндірмелер жасалынған» [28].

Ескі еңбектер мен түрлі авторлар деректеріне сараптама жасай отырып, шын мәнінде еңбектің С. Гросс қолымен жазылғанына көз жеткізе аламыз. Бұл қорытындыға келуге төмендегідей негіздер бар:

1. С. Гросстың үлгілі мұсылман, шариғат пен орыс заңдарының білгірі А. Құнанбайұлымен достық байланыста болып, тиісінше Абайдың оған зерттеу жұмысында қол ұшын созған. Дәлелін Ғ. Сапарғалиев пен В. Дьяковтың еңбегінен таба аламыз: «Онымен (Абай Құнанбайұлы) Гросс достық қарым-қатынас орнатты. Оған қоса деректер көрсеткендей Гросс Абай ауылы – Шыңғыс болысына барып, онда бір айдай уақыт өткізген» [29].

2. «С. Гросс «Қазақтардың заң жөніндегі әдет-ғұрпын үйренуге арналған материалдар» еңбегін жазу барысында Семей уезінде Шыңғыс болысына баруға рұқсат алғаны жөнінде мұрағат материалдары сақталынған. Ол жоғарыда аталған жұмысқа деректер жинау мақсатымен қазақтың әдет-ғұрып заңнамасын Абаймен қарым-қатынас жасап, кеңесіп отырған» деген Л.М. Әуезованың берген мәліметі [30] біздің пікірдің дұрыстығын тағы да бір рет дәлелдей түсіреді.

3. Өз ісі мен жұмысы қауырт әрі негізгі уақытын Семей қаласында өткізген П. Маковецкийдің кешенді зерттеу еңбегін жазумен айналысуы екіталай, оның үстіне оның қазақтың дәстүрлі құқығын жетік білмегені-де белгілі. Қалай болғанда да бұл мәселенің түп-төркіні ашық күйінде қалып, одан арғы кешенді тарихи зерттеуді қажет ететіні түсінікті.

4. 1887 ж. қаңтарында С. Гросс жаза мерзімін өтеп болған соң, бақылаудан алынып, Семейден Ковно қаласына аттанып кетеді.

Абай Құнанбайұлы мен Северин Гросс байланыстарын сараптай келе оның қос тұлға үшін де ізсіз өтпегендігін бірден байқаймыз. Егер де С. Гросс Абайды батыс мәдениеті мен ғылымына еліктірсе, Абай өз досын Шығыспен, соның ішінде туған халқының тарихы мен мәдениетіне, тілі мен дәстүрлеріне баурағаны айқын.

Жандос Қарынбаев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Аймақтану кафедрасының аға оқытушысы

«Қазақстан мұрағаттары» журналы, 2011 жылғы №4.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Рышард Бадовски. Польские певцы Казахстана. Алматы: МКА, 2005;
2. 1820-1821 жылдары әрекет еткен Вилен университеті студенттерінің астыртын патриоттық бірлестігі
3. Сапаргалиев Г.С., Дьяков В. А. Общественно-политическая деятельность ссыльных поляков в дореволюционном Казахстане. – Алматы: Наука, 1971. – С. 57;
4. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). И-374-қ. 1-т. 1023-іс. 9-10-пп.
5. Макшеев А. И. Исторический обзор Туркестана и наступательного движе-ния в него русских. Санкт-Петербург, 1890, сс. 188-203; Адольф Янушкевич. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. – Алматы: МКА, 2005. – С. 18;
6. Januszkiewicz A. Żywot, i Listy ze Stepów Kirgizkich. — Berlin, Ksiеgarnia B. Behr’a, 1875;
7. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. Перевод с польского на русский язык Ф. Стекловой. Алма-Ата, Казахстан, 1966;
8. ҚРОММ. И-374-қ. 1-т. 4488-іс. 396-397-пп.
9. Адольф Янушкевич. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. – Алматы: МКА, 2005. – С. 49;
10. Сонда. 57-58, 88-89 беттер;
11. Сонда. 107 б.;
12. Сонда. 164 б.;
13. Сонда. 165 б.;
14. Сонда;
115. Сонда. 193 б.;
16. Сапаргалиев Г.С., Дьяков В. А. Общественно-политическая деятельность ссыльных поляков В дореволюционном Казахстане. – Алматы: Наука, 1971. – С.192;
17. Сонда. 12 б.;
18. Сонда. 16 б.;
19. Сонда. 217 б.;
20. Сонда. 219 б.;
21. Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. – Санкт-Петербург, 1906. – С. 82;
22. Галиев В.З Библиотечное дело В Казахстане. Вторая половина ХІХ – начало ХХ веков. Алматы, 1998, с. 48;
23. Сонда. 49 б.;
24. Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. – Санкт-Петербург, 1906, сс. 83-84, 101-102;
25. Сонда. 119 б.;
26. Сонда. 120 б.;
27. Сапаргалиев Г.С., Дьяков В. А. Общественно-политическая деятельность ссыльных поляков В дореволюционном Казахстане. Алматы: Наука, 1971, с. 220;
28. Гродеков Н. И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. – Ташкент, 1889. – С. 4;
29. Сапаргалиев Г.С., Дьяков В. А. Общественно-политическая деятельность ссыльных поляков В дореволюционном Казахстане. – Алматы: Наука, 1971. – С. 219;
30. Толығырақ қараңыз: Ауезова Л. Н. Исторические основы эпопеи «Путь Абая». – Алматы, 1969.